Дістемелік кешені



бет49/73
Дата05.12.2022
өлшемі0.63 Mb.
#466476
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   73
tzha keshen-2022-2023

14-лекция
Көрнекті жазушы, М. Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың «Қылбұрау» («Ұлы даланың ұлы қайғысы» (2003) атты романында Қазақ елінің бірнеше ғасыр бойы Ресейдің отары болған кезеңдерінің зардаптары тақырып нысанына алынған, идеясы – ұлттық-тәуелсіздік жолындағы күрескерлік іс-әрекеттері өрістеткен қайраткерлер тұлғаларын даралау.
Романда қазақ халқының ұлттық-тәуелсіздік алуы жолындағы күрес-керлер Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Нұрдәулет Бабахановтың тарихи тұлғалары әдеби-көркем бейне деңгейінде алынған.
«Қылбұрау» романының композициясы мынадай бөлімдер мен тараулардан құралған: Бірінші бөлім: «Үміт пен үрей» (тоғыз тарау); Екінші бөлім: «Тайталас» (он бір тарау); Үшінші бөлім: «Жанталас» (он екі тарау) [164].
Роман композициясының тұтас желісіндегі оқиғалар барысында басты кейіпкер әр түрлі көлемдегі қамтылуымен ерекшеленеді. Мол қамтылғаны –Нұрдәулет.
Романдағы басты кейіпкерлердің өмір кезеңдерін эпикалық уақыт кеңістігімен қамту жүзеге асырылған. Романның алғашқы бөліміндегі тарауларда басты кейіпкерлердің өмірбаяндық деректері негізіндегі баяндалған, суреттелген жерлері шығарманың реалистік негізділігін танытады. Романның алғашқы тарауындағы кейіпкерлердің, жас бозбалалар Ахметтің, оның досы Нұрдәулеттің өзара достығын, оларды құрметтеген ата-аналарының көңіл-күй жағдайларын реалистік болмысымен көрсетеді:
«...Нұрдәулеттің жасы Ахметтен үлкендеу. Он бестен асқан кең иықты, мығым денелі Нұрдәулет жігіт көрінетін. Оның қасында Ахмет арық, үш-ақ жас кіші болса да, әлжуаз бала сияқты.
Балалар кеше келген, олардың екеуін де Бабахан әкеліп еді. Ахметті, қалыптасқан салт бойынша, үлкен той жасап, құрметті қонақ ретінде қарсы алған. Ауылдың бар ақсақалы, тіпті кәрі Жұмабайдың өзі, Бабаханға деген ежелгі өкпесін ұмытып, оған сәлем беруге келген.
...Нұрдәулет Бабаханов пен Ахмет Байтұрсынов аралас орыс-қазақ мектебінің пансионында бірге болған, екеуі елді сағынған сәттерінде, ұзақ түнде бір-біріне туған жердің сұлулығын суреттеуге жалықпайтын. Сондай күндердің бірінде әке-шешелерінен екеуін кезек-кезек бір-бірлерінің үйіне қонаққа жіберіп тұруларын өтінуге келіскен. Ахметтің әкес Байтұрсын және оның кіші інісі Ақтас Шошақов Сібірде, уезд бастығы Яковлевке бағынбағаны үшін аймақ сотының үкімімен айдауда болатын. Анасының рұқсатымен алыс Торғайдан, екі күндік жол жүріп, жол-жөнекей Жыландыдағы алыс туысқанының үйіне бір қонып, екі досты Құсұяға Бабахан алып келген» [164, 8-9 бб].
Роман композициясында Алаш көсемдерінің іс-әрекеттері саяси-әлеуметтік оқиғалар желісінде көрінеді. Романның алғашқы тарауында мінез-құлық дағдылары, көзқарастары үйлескен екі бозбаланың достық қарым-қатынастарын табиғи жағдайда сезінеміз. Екі достың Құсұя мекеніндегі Жалдама өзенінде суға түсіп, балықтарды (сазан, табан балық, шортан, алабұға, сыла, майшабақ, т.б.), аңдарды («Кенет қамыстың ар жағынан жолбарыстың қорқынышты ырылы естілді»), құстарды (Ақбас қыран, бүркіттер) көріп серуендеп жүргендегі көңіл-күйлері мен сөйлескен сөздері арқылы олардың атамекен, халық тағдыры туралы дүниетаным көзқарастарын аңғартады. Екі достың өзара пікірлесуі барысында әрқайсысының өмірлік шындыққа сәйкес көзқарастары, тереңдіктері де аңғарылады. Мысалы, бозбала Ахметтің осы өздері шомылып, демалып отырған мекенді түсінде көргенін баяндауы да әсерлі. Қазіргі өңінде көріп отырған табиғат сұлулығын өңіндегідей суретімен, қозғалыстарымен тұтастай түсінде көргендігін көзімен де, ойымен де білдіріп тұрған жас Ахметтің романтикалық-эстетикалық әсердегі көңіл-күйін жазушы оқырманның көз алдына елестеді.
«Өзеннің мүк басып балдыр өскен таяз жерінде құс қаптап жүретін. Көкқұтандар ұзын сирақтарын маңғаз басады. Бір аяған жылытып алғысы келгендей түбіттей үлпілдеген бүйірлеріне, бауырларына басып екінші аяғымен тапжылмай тұра береді. Сәлден кейін жылыған аяғымен жер басып, екінші аяғын бауырына алады. Алма-кезек аяқтарын ауыстырып, маңғаздана жүрген жүрістері сымбатты-ақ. Тұмсықтарын суға тығып, таяз жерге жүзіп келе қалған балықтарды немесе жапырақ астында тығылып отырған бақаны ұстап жейді. Кекіліктер, дуадақтар жортып жүреді, бөденелер ұшып келеді.
Әріде жағаны бойлап өскен қызанақ арасында бір аңның қозғалғаны, жүргені байқалады. Сұғанақ торғайлар мен сауысқандар еш нәрсеге көңіл аудармай, қызарған жемістерді шұқып жеп жатыр. Айналаның бәрінен керемет хош иіс мүңкіп, әсіресе жусанның иісі жан сарайыңды ашады. Жусанның дәл мұндай иісі бұл аймақта бұрындары сезілмеуші еді.
– Не деген сұлулық! Дәл осы жерді мен түсімде көргенмін. Бірақ мен содан кейін атыма міндім, ал мені аяқ асты пайда болған біреулер қап-қара, қорқынышты біреулер қуды! ... – Әрең-әрең естілердей сыбырлады Ахмет» [164, 10-11 бб].
Бұл – Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың балалық, жастық шағынан бастап өзі өмірден өткенінше ұлтшыл – Отаншыл көзқараспен өмір сүрген қайраткерлік ұстанымының да көрінісі. Бұл – сұлу табиғатының кеңістігіндегі адамдар да, аңдар да, құстар да, жұпар иісті өсімдіктері де тұтасқан ҚАЗАҚ ДАЛАСЫН – ОТАНЫН сүйген күрескердің дүниетанымы.
Романның осы жерінде досы Нұрдәулеттің аспанда қалықтап жүрген екі ақбас қыранды даланы, ұрпақтарын сақтап, желеп-жебеп жүрген ата-бабалық әруақтарға баламалап айтқанына әсерленген Ахметтің сөзі де азаматтық-күрескерлік өр рухты ұстанымды айқын танытады:
«– Иә, керемет екен! – Көңілі тасып, лепірген Ахмет басын көтерді. Оның сымбатты жүзіне ерекше бір жарық сәуле нұрын шашқандай. – Білесің бе менің де осындай қыран болып, жерімізді шайтан атаулыдан қорғағым келеді! Олар қандай сұлу, әрі күшті, еркін құстар десеңші! Менің ойымша, өміріміздегі ең басты нәрсе – еркіндік! Еркіндік ғана бақыт әкеледі! Менің әкем мен ағам Сібірде, түрмеде жатыр. Соларды босатып алсам ғой ... [164, 11-12 бб].
«... Кеше түнде мен жұлдыздарды қызықтауға далаға шықтым. Жұлдыздарға қарағанды ұнатамын! Оларға үңіліп қарасаң, шексіз көк аспанда бір түйір тарыдай көрінесің өзіңе, ал жаның соларға қарай алып ұшады!» [164, 12 б].
Өмірдегі нақты дерек бойынша, Ахметтің әкесі Байтұрсын мен ағасы Ақтас 1885 жылы уез бастығы Яковлев дегенінің халыққа жасаған озбырлық істеріне шыдамай, оған қол жұмсағандары үшін жауапқа тартылып, Сібірге 15 жылға каторгаға айдалғаны, ағасы Ерғазы да 4 айлық уақытпен түрмеге жабылған. Ахмет Байтұрсыновтың өмір жолындағы осындай деректер жазушының романындағы кейіпкер толғаныстарына арқау болғанын көреміз. Романдағы шәкірт бозбала Ахметтің өмір кезеңдеріндегі осындай тарихилықтың нақты болмысы да реалистік тұғырнама шынайылығын дәлелдейді:
«Әкесі мен туыстарының Ресей өкіметі тарапынан жапа шегуі Ахметке азаттық жолындағы күреске түсуіне ой салды. Бұл жөнінде кейін 23 жылдан соң әкесінің ізімен отарлық билікке қарсы күреске шығып, абақтыға жабылған Байтұрсынов анасына жолдаған хатында: «Оқ тиіп, би үшінде ой түсірген, Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам ...» – деп жазады. Ахметті Ерғазы Торғайдағы 2-сыныптың орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі» [142, 72 б].
Жазушы С. Досановтың осы «Қылбұрау» романындағы басты кейіпкерлер Ахметтің, Нұрдәулеттің табиғат аясындағы сұхбаттарындағы тіршілік, заман, адам, халық тағдыры хақындағы толғаныстарының осындай өмірлік шындықпен сәйкестігі айқындалады. Жазушының көркемдік шешімі кейіпкерлерінің азаматтық-күрескерлік көзқарастарын таныта алған.
Роман композициясында Әлихан Бөкейханов туралы да деректер пайдаланылған. Негізгі басты кейіпкер («Отставкадағы штаб-ротмистр») Нұрдәулет Бабахановтың «Мен онымен бірге Санкт-Петербургтегі Императорлық Орман институтында оқығанмын» [164, 124 б] деуі, орыс зиялысы Сиверцев Алексей Георгиевичпен кездескендегі әсерлі сәтті суреттеуі («Әлихан тап қазір, тап осы жерде екеуінің арасында достық көпірін орнатты, өзгелерге даналық дәрісін оқып тұрғандай еді») де [164, 124 б] Алаш көсемінің ғалымдық-ағартушылық дүниетанымының қоғамдык-әлеуметтік қайраткер-лікпен тұтасуын бағдарлайды. Кейіпкердің баяндауы аясында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қазақ халқын отырықшыландыру, егіншілікпен айналысуын дамыту, қазақ даласының мол сырлы, құнарлы әлемін сақтау, бағалау, т.б. сан алуан мәселелерді айтқанын назарға алуы да дәйекті, дәлелді.
Романның «Жанталас» бөліміндегі тарауларда саяси-әлеуметтік, қоғамдық көзқарастары айқындалған тарихи кайраткерлердің өзара сабақтасқан, ұлттық-азаттық бағдарына арналған іс-әрекеттері. Алаш қайраткерлер төңірегінде көрсету тұрғысында көркемдік шешім жасалған. Үшінші бөлімінің алтыншы тарауындағы Ахмет Байтұрсынұлының арнайы шақыртуымен оның үйіне жиналғандарды баяндауы да тарихилық пен көркемдік шешім бірлігі тоғысында жасалғанын аңғарамыз:
«Міне, осында да, Ахметтің үйінде де, Нұрдәулет қазақ буржуазиясы дегенге жататын азаматтарды көрді. Олар негізінен жастар еді. Олардың арасында Орынбордан банкир Мақсұт, Қостанайдан нотариус Асқар, Көкшетаудан баспагер Рахым, Балқаштан фармацевт Есперген, Семейден адвокат Қодар бар еді. Бұлар қазірдің өзінде дәулетті, беделді адамдар. Нұрдәулет әр түрлі жағдайлармен осылардың әрқайсысымен араласты. Ол өзінің халқының болашағын осы зиялылармен байланыстыратындықтан бұл жаңа іскер адамдарды білетініне куанды.
Белгілі ағартушылар Тұрмағамбет – Қызылордадан, Сейітқали – Оралдан. Бұлар халықтың білімін көтеруде өте көп іс тындырды. Жүздеген шәкірт тәрбиелеп, елдің әр түкпірінен бірнеше мектеп те ашты. Санкт-Петербор университеттерінің жас түлектері: Мұхамеджан Тынышбайұлы – инженер-теміржолшы, Жақып Ақпайұлы – заңгер және тарихшы, Барлық Сырттанұлы – шығыстанушы-аудармашы, Бақытжан Қаратайұлы – адвокат, Әбілқайыр ханның шөбересі. Бұл есімдер елдің аузында. Бұлар – Дала мен Еуропа тәрбиесінің озығын өз бойына сіңірген қазақ зиялыларының мақтанышы. Олардың ерекше ақсүйектік талғампаздығы мен білімділігі аңғарылып тұратын [164, 335-336 бб].


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет