Сабақтың мақсаты: Қазақ прозасындағы исламдық сарынның көрінісі, берілу шеберлігі туралы түсінік беріп, осы тақырыптағы шығармаларға талдау жасау.
Сабақ жоспары:
8.1 Қазіргі қазақ әдебиетіндегі мистикалық проза.
8.2 Қазіргі қазақ әңгімесіндегі өмір мен өлім концепті (танатологиялық сарын).
Бақылау сұрақтары:
Пайғамбарлар өмірі туралы кімнің шығармасында сөз болады?
Дін тақырыбына өзіндік көзқарасыңыз.
Ислам сарыны көрінісін Абай қалай береді?
Мұсылмандық құндылықтардың көркем прозадағы бедері кейінгі жас толқын қаламгерлердің де қуатты тегеурініне айнала бастаған сыңайлы. Ислам қағидаларындағы құндылық адамды сабырға, төзім мен қайратқа тәрбиелейді. Е.Әбікенұлының «Тақуа» атты әңгімесі. Алланың сенген құлы – Аюб пайғамбарға арналған. Аюб пайғамбар Құран Кәрімдегі тақуалықпен өмір кешіп, бүкіл ғұмырын осы Алла жолына берген тақуалық бейне. Бұл пайғамбарлардың барлығының ішіндегі Алланың ең үлкен сынынан өткен, асқан адам төзгісіз азапқа төзімділік, шыдамдылық танытқан бейне болып суреттелген. Әрине қай заманда, қай кезде болғаны белгісіз бұл аңыздың негізгі кейіпкері Аюб өмірі шығармадағы көркем шындыққа айналып отыр. Бұл шындықты берген кезде автор көркем антропологиялық әдіске жүгінген. Атап айтар болсақ, адам ағзаларының және дене мүшелерінің қиналысын суреттеу арқылы ол әр мүшенің адамның рухани рухы үшін қандай маңызды қызмет атқаратынын шеберлікпен суреттеген. Бұл жерде де автор көркемдік жатсынуға жүгініп отыр. Бір Аллаға деген сенімі күшті, кейіпкердің өз денесінен өзі жеріп, жатсынуы тек иман иесі тіл мен жүректен ғана бас тартпауы.
Бұл шығарманың ерекшелігі Аллаға деген махаббаттың, сенімнің беріктігі. Сонымен бірге Алланның рақымының кеңдігі, Әзәзілдің Ібілістің азғыруынан күштілігі суреттеледі. Осы тәрізді сюжет желісін орыс әдебиетінде И.Буниннің шығармашылығынан да кездестіреміз. Ал, Т.Ахметжанның «Нобель сыйлығы» атты повесть-хикаяты – қазақ прозасына түрлік-пошымдық ерекшелік әкелген соны туынды. Автордың шығармасына арқау етіп алып отырғаны – ар-ұят тақырыбы. Бұл тақырып – негізі кез келген әдебиетте бар және жазылып та жүрген тақырып. Дегенмен, бұл жерде суреткер бұрын-соңды жарық көрген шығармалардан бөлек жаңа пішін тауыпты. Ар-ұят періштесі жерге − адамдар ортасына адам кейпімен келеді. Бір кейіпке ену жалпы қазақ фольклорында бар әдіс. Шәкәрімнің «Алты әңгімесіндегі» сюжет желісіне ұқсас. Жазушы осы бұрыннан фольклорда бар нәрсені ары қарай дамытып, кейіпкерін жұмақтан адамзат ортасына әкеліп отыр. Бұл суреткер де прозадағы көркем антропологиялық ізденіспен көзді деталь ретінде ала отырып, сөйлесу құралына айналдырған.
Д.Досжанның «Жан тәтті» повесінде де исламдық сарын негіздері байқалады. Автор Алланың ұлылығын мінәжат жанры арқылы көрсеткісі келген. Кейіпкерлерді көзбен тілдестіру әдісін Д.Досжан да өзінің «Жан тәтті» повесінде қолданады. Жоғарыдағы көзден ерекшелік: бірін-бірі шексіз сүйген, ынтық жүректердің тілсіз көзбен тілдесуі – бұл. Қос жазушы қөзбен тілдесуді екі түрлі жағдайда алып отыр. Жемтігін құр бос жібергісі келмей қорқаулық танытқан көзден гөрі сүйгенінің құлы болуға даяр көздің суреттелуі де барлығы да ерекше авторлық танымға қызмет етіп тұр.
И.Құттықожаевтың «Тасбақаның тағдыры» атты әңгімесінде кейіпкер қиналған сәтінде өзін жаратқан иесін есіне алып, тәубесіне келеді. Автор тасбақаны көркемдік деталь ретінде ала отырып, осы тасбақаның кейіпкер тағдырына қандай қатысы барлығын шегініс жасау арқылы суреттейді.
А.Кемелбаеваның «Ғибадат» атты әңгімесі де Исламдық тақырыпқа өзіндік тұрғыдан келуімен ерекшеленеді. «Айгүл Кемелбаева қазақша жазса да, қазақ топырағының иісін шығарып тұрып жазса да, шетелдік прозаны керемет меңгергендігі байқалады. Джойс, Кафка, Прусты былай қойғанда, қазіргі модернистік, постмодернистік ортада жүрген жазушылармен таныс екендігі білінеді. Айгүл өз туындыларына саналы түрде еуропалық мифтік есімдерді де кіргізіп, отырады. Оны әңгімесінің атына қояды не әңгіменің ішінде жүреді. Бұл – эксперимент болғанымен, өте сәтті пайдаланылған амал. Өйткені, дүниежүзілік әдебиетті біле отырып, сол деңгейде ойлана отырып, қазақша стильдік тәсілдерді дүниеге әкелуде [22, 361 б].
«Асыл пана Алланың нығметтері есепсіз болатын» бұл әңгіменің лейтмотиві – осы: Аллаға мадақ пен Жаратушы Иеге деген шексіз махаббат. «Ғибадат» – адам баласының Құдайды қалай іздеп тапқаны туралы әңгіме, шынайы құлшылық, сүйіспеншілік. Мұнда ислам дінінің негізгі қағидалары сақталады. Адамзаттың жаратылысы туралы ойлар қасиетті Құранда бар шындыққа қиғаш келмейді. Мұсылман дінінде Алла Тағаланың 99 көркем есімі бар. Автор Алланы «Асылпана» деп атаса, Құрандағы сүрелердің басталуында бар сөз: аса мейірімді, рақымды Алла. Аллашылдық идеясы қалай ашылады? Қазақтың өз аңыздарынан алынған идеяны автор шебер пайдаланады. Ол – иісі мұсылманға ортақ Тажал туралы ой. Ақырзаман – азан даусы естілмегенде болады. Әңгімедегі жасөспірім қыз баланың ауылда намаз оқитын кемпір-шал азайған сайын шошынатыны туралы ой – бұл гуманизм мұраттарын биік қоятын үлкен әдебиеттің өз еншісі. Егер осы бір көркем ойдың түбін қазса, мәңгүрттікке қарама-қарсы ұлы идеяның тап өзі болып шығар еді. Бұл – кейінгі көркем прозада сирек кездесетін құбылыс. Әңгіме мәтіні тіпті діни трактатқа ұқсап тұратын тұстары мол. Автор ислам дінін шала білетіндерден емес. Себебі, діннің ғылыми негізі көркем прозада сақталады, долбар мен жаңсақтық жоқ. Адам санасы мен психологиясы туралы терең иірімдер бар. Ал, әңгіменің Құран сүрелерінің аяттарымен аяқталуы – дүниежүзілік әдебиетке тән тәсіл. Атап айтқанда, Лев Толстойдың «Воскресение» атты романында (1889-1899жж., өмірінің соңғы кезеңінде жазылған ірі шығармаларының бірі) Евангелие – Інжілмен аяқталу бар.
Достарыңызбен бөлісу: |