Әкімшілік құқық бұзушылық туралы



бет54/54
Дата14.06.2016
өлшемі3.01 Mb.
#134285
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   54

              мәжбүрлеп орындату
      1. Айыппұл салу туралы қаулыны сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында, Қазақстан Республикасының ақша төлемі және аударымы және атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды тұлғаның банктік шотынан оның келісімінсіз ақша алу үшін сот орындаушысына жібереді.
      Салық қызметiнiң органдары қарайтын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша, сондай-ақ салық салу саласындағы өзге де әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл салу туралы қаулыны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен салық қызметiнiң органдары орындайды.
      2. Банк немесе банк операцияларының өзге де түрлерін жүзеге асыратын ұйым айыппұл сомасын белгіленген тәртіппен бюджетке аударуға міндетті.
      3. Заңды тұлғаның шоттарында ақша болмаған жағдайда сот орындаушысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес борышкерге тиесілі басқа мүліктен өндіріп алады.
      Ескерту. 709-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.12.26 N 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
       709-1-бап. Айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп
                    орындатуға жіберудің тәртібі
      1. Айыппұл салу туралы қаулы сот орындаушыларына айыппұл салу туралы қаулыны ерікті түрде орындау мерзімі аяқталғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде жіберіледі.
      Айыппұл салу туралы қаулы немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама сот орындаушысына жіберілген кезде оған айыппұл сомасының мемлекет кірісіне түспегені туралы мәліметтер қоса беріледі.
      2. Осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып мәжбүрлеп орындатуға жіберілген айыппұл салу туралы қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама әкімшілік жазаны қолданған мемлекеттік органға қайтарылады.
      3. Айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы әкімшілік жаза қолданған органға қайтару олардың кемшіліктерін жоя отырып, қайтадан мәжбүрлеп орындатуға жіберу үшін кедергі болмайды.
      Ескерту. 709-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.01.20. N 123 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен, жаңа  редакцияда - ҚР 2010.04.02 N 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі), өзгерістер енгізілді -  2011.07.21 № 467-IV (2011.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
       710-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде
               алынатын айыппұл салу туралы қаулыны орындау
      1. Жеке адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жерде айыппұл алу үшiн оған қатаң қаржылық есеп беру құжаты болып табылатын, белгiленген үлгiдегi түбiртек берiледi. Түбiртекте берiлген күнi, жаза қолданған лауазымды адамның қызметi, аты-жөнi, әкiмшiлiк жауапқа тартылған адамның кiм екенi туралы мәлiметтер, осы Кодекстiң аталған құқық бұзушылық үшiн жауапкершiлiгi көзделетiн бабы, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған орын мен уақыт, салынған әкiмшiлiк айыппұлдың сомасы көрсетiледi. Түбiртекке жаза қолданған лауазымды адам, ал түбiршiкке жаза қолданған лауазымды адам мен әкiмшiлiк жауапқа тартылған адам қол қояды.
      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде айыппұл төленбеген жағдайда iс жүргiзу осы Кодексте көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
      710-1-бап. Әкімшілік жазалардың жекелеген түрлерін
                  орындау тәртібі
      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық қызметінің органы жіберген (тапсырған) салық органына келу туралы алынған хабардар ету және (немесе) хабарлама негізінде құқық бұзушылықты жасау фактісін мойындаған және айыппұлды төлеумен келіскен тұлға хабардар ету немесе хабарлама алынған (тапсырылған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде айыппұлды төлейді.
      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар сонымен қатар олардың берілген күні, жаза қолданған лауазымды тұлғаның лауазымы, тегі, аты-жөні туралы мәліметтерді, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға, осы Кодекстің осы құқық бұзушылық үшін жауаптылық көздейтін бабы, әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалу уақыты мен орны, әкімшілік айыппұлдың сомасы, айыппұлды төлеу үшін деректемелер туралы мәліметтерді қамтиды.
      3. Осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 710-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.12.26 N 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      711-бап. Айыппұл салу туралы қаулының орындалуы бойынша
               iс жүргiзудiң аяқталуы
      Айыппұл салу туралы айыппұл жазасы толық жүргiзiлген қаулы оның орындалғаны туралы белгi қойылып, қаулыны шығарған органға (лауазымды адамға) қайтарылады.
      712-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы не
                нысанасы болған затты өтемiн төлеп алу туралы
                қаулының орындалуы
      1. Судьяның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған затты өтемiн төлеп алып қою туралы қаулысын заңдарда көзделген тәртiппен сот орындаушысы, ал судьяның қару мен жауынгерлiк оқ-дәрiнi, арнаулы жедел-iздестiру iс-шараларын жүргiзуге арналған арнаулы техникалық құралдарды және ақпарат қорғаудың криптографиялық құралдарын өтемiн төлеп алып қою туралы қаулысын iшкi iстер органы орындайды.
      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған өтемiн төлеп алынған затты сату заңдарда белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      3. Өтемiн төлеп алынған затты сатудан түскен сома осы Кодекстiң 49-бабына сәйкес бұрынғы меншiк иесiне алып қойылған затты сату жөнiндегi шығындар шегерiлiп берiледi.
      Ескерту. 712-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 314 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
       713-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасаудың құралы не
                нысанасы болған затты тәркiлеу туралы қаулының
                орындалуы
      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау салдарынан алынған кiрiстердi (дивидендтердi), ақша мен бағалы қағаздарды тәркiлеу туралы судьяның қаулысын заңдарда көзделген тәртiппен - сот орындаушысы, ал қаруды, жауынгерлiк оқ-дәрiнi, арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар мен ақпарат қорғаудың криптографиялық құралдарын және есiрткi заттарын тәркiлеудi iшкi iстер органы орындайды.
      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған тәркiленген затты сату немесе одан әрi пайдалану Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
      Ескерту. 713-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.06.22. N 147 , 2007.07.27. N 314 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
       714-бап. Арнаулы құқықтан айыру туралы қаулыны
               орындайтын органдар
      1. Тракторларды, өздiгiнен жүретiн машиналарды, техниканың басқа да түрлерiн қоспағанда, судьяның көлiк құралдарын жүргiзу құқығынан айыру туралы қаулыны iшкi iстер органдарының лауазымды адамдары орындайды.
      2. Судьяның тракторды, өздiгiнен жүретiн машинаны немесе техниканың басқа да түрлерiн жүргiзу құқығынан айыру туралы қаулысын өздiгiнен жүретiн машиналар мен техниканың басқа да түрлерiнiң техникалық жай-күйiне мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
      3. Судьяның кемелердi, соның iшiнде шағын көлемдi кемелердi жүргiзу құқығынан айыру туралы қаулысын кемелердi, соның iшiнде шағын көлемдi кемелердi пайдалану ережелерiн сақтауға мемлекеттiк қадағалау жасауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
      4. Судьяның радиоэлектронды және жоғары жиiлiктегi құралдарды пайдалану құқығынан айыру туралы қаулысын байланысқа мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
      5. Судьяның аң аулау құқығынан айыру туралы қаулысын аң аулау ережелерiн сақтауға мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
      6. Соттың қаруды алып жүру және сақтау құқығынан айыру туралы қаулысын iшкi iстер органдарының лауазымды адамдары орындайды.
      715-бап. Арнаулы құқықтан айыру туралы қаулыны орындау
                тәртiбi
      1. Көлiк құралдарын, кемелердi немесе техниканың өзге де түрлерiн жүргiзу құқығынан айыру туралы қаулыны орындау, егер жүргiзушi, кеме жүргiзушiсi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) көлiк құралдарының, кемелердiң (соның iшiнде шағын көлемдi кемелердiң) және басқа да техниканың барлық түрлерiн жүргiзу құқығынан айырылған болса, тиiстi жүргiзушi куәлiгiн, кемелердi (соның iшiнде шағын көлемдi кемелердi) жүргiзуге құқық беретiн куәлiктi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiн алып қою арқылы жүргiзiледi.
      2. Егер жүргiзушi, кеме жүргiзушiсi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) көлiк құралдарының, кемелердiң (соның iшiнде шағын көлемдi кемелердiң), немесе өзге де техниканың барлық түрлерiн жүргiзу құқығынан айырылмаған болса, жүргiзушi куәлiгiнде шағын көлемдi кеменi жүргiзу құқығына куәлiкте немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiнде оның көлiк құралдарының, шағын көлемдi кемелердiң, өздiгiнен жүретiн құрылғылардың қай түрлерiн жүргiзу құқығынан айырылғаны атап көрсетiледi.
      3. Көлiк құралдарын немесе кеме жүргiзу құқығына куәлiктi алып қою тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      4. Көлiк құралдарын, кеменi жүргiзу құқығынан не тракторды немесе өзге де өздiгiнен жүретiн машинаны басқару құқығынан айырылған жүргiзушi (кеме жүргiзушiсi) немесе тракторшы-машинист (тракторшы) жүргiзушi куәлiгiн, кеме жүргiзу құқығына куәлiктi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiн беруден жалтарған жағдайда iшкi iстер органдары, кемелердi, соның iшiнде шағын көлемдi кемелердi пайдалану ережелерiнiң сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар, сондай-ақ өздiгiнен жүретiн машиналар мен басқа да техниканың техникалық жай-күйiне мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар белгiленген тәртiппен жүргiзушi куәлiгiн, кеме жүргiзу құқығына куәлiктi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiн алып қояды.
      5. Әкiмшiлiк жазаның осы түрi қолданылған адамға арнаулы құқығынан айыру мерзiмi өткеннен кейiн алынған құжаттар белгiленген тәртiппен қайтарылады.
      716-бап. Аң аулау құқығынан айыру туралы қаулыны
               орындау тәртiбi
      1. Аң аулау құқығынан айыру туралы қаулы аң аулау билетiн алып қою арқылы орындалады.
      2. Аң аулау құқығынан айырылған адам аң аулау билетiн беруден жалтарған жағдайда аң аулау ережелерiн сақтауға мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың аң аулау билетiн алып қоюы белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
      717-бап. Радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары
               жиiлiктегi құрылғыларды пайдалану құқығынан
               айыру туралы қаулыны орындау тәртiбi
      1. Радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиiлiктегi құрылғыларды пайдалану құқығынан айыру туралы қаулыны орындау радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиiлiктегi құрылғыларды пайдалануға арнаулы рұқсатты алып қою арқылы жүргiзiледi.
      2. Радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиiлiктегi құрылғыларды пайдалану құқығынан айырылған адам радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиiлiктегi құрылғыларды пайдалануға арнаулы рұқсатты тапсырудан жалтарған жағдайда тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiленген тәртiппен радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалануға арнаулы рұқсатты алып қоюды жүзеге асырады.
      3. Радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиiлiктегi құрылғыларды пайдалануға арнаулы рұқсатты алу тәртiбiн ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
      Ескерту. 717-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.12.05. N 506, 2006.01.20. N 123 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен.
       718-бап. Қаруды алып жүру және сақтау құқығынан айыру
               туралы қаулыны орындау тәртiбi
      Қаруды алып жүру және сақтау құқығынан айыру туралы қаулының орындалуын iшкi iстер органдары заңдарда белгiленген тәртiппен тиiстi куәлiк пен қаруды алып қою арқылы жүзеге асырады.
      719-бап. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк
               аттестатынан (куәлiгiнен) айыру не олардың
               белгiлi бiр қызмет түрiне қолданылуын тоқтата
               тұру туралы қаулыны орындау
      Жеке кәсiпкердi немесе заңды тұлғаны лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгiнен) айыру не белгiлi бiр қызмет түрiне оның қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулы осы Кодексте және лицензиялау туралы заңдарда белгiленген тәртiппен орындалады.
      720-бап. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк
               аттестатынан (куәлiгiнен) айыру не белгiлi
               бiр қызмет түрiне олардың қолданылуын тоқтата
               тұру туралы қаулыны орындайтын органдар
      Жеке кәсiпкердi немесе заңды тұлғаны лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгiнен) айыру не белгiлi бiр қызмет түрiне оның қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулыны лицензия, арнаулы рұқсат, бiлiктiлiк аттестатын (куәлiгiн) берген органдардың лауазымды адамдары орындайды.
      721-бап. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк
               аттестатынан (куәлiгiнен) айыру не белгiлi
               бiр қызмет түрiне олардың қолданылуын тоқтата
               тұру туралы қаулыны орындау тәртiбi
      1. Жеке кәсiпкердi немесе заңды тұлғаны лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгiнен) айыру туралы қаулы лицензияны, арнаулы рұқсатты, бiлiктiлiк аттестатын (куәлiгiн) алып қою арқылы орындалады.
      2. Жеке кәсiпкер немесе заңды тұлға лицензияны, арнаулы рұқсатты, бiлiктiлiк аттестатын (куәлiгiн) тапсырудан жалтарған жағдайда лицензияны, арнаулы рұқсатты, бiлiктiлiк аттестатын (куәлiгiн) берген орган лицензияны, арнаулы рұқсатты, бiлiктiлiк аттестатын (куәлiгiн) алып қою немесе белгiлi бiр қызмет түрiне олардың қолданылуын тоқтата тұру жөнiнде заңдарда көзделген шараларды қолданады.
      722-бап. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк
               аттестатынан (куәлiгiнен) айыру не белгiлi
               бiр қызмет түрiне олардың қолданылуын тоқтата
               тұру мерзiмдерiн есептеу
      1. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгiнен) айыру не белгiлi бiр қызмет түрiне олардың қолданылуын тоқтата тұру мерзiмi лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгiнен) айыру (қолданылуын тоқтата тұру) туралы қаулы заңды күшiне енген күннен бастап есептеледi.
      2. Белгiлi бiр қызмет түрiмен айналысуға лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгiнен) айыру мерзiмi бiткеннен кейiн сол әкiмшiлiк жазалау шарасы қолданылған адам заңдарда белгiленген тәртiппен лицензия алады.
      Белгiлi бiр қызмет түрiмен айналысуға лицензияның, арнаулы рұқсаттың, бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) қолданылуын тоқтата тұру мерзiмi бiткеннен кейiн, сол әкiмшiлiк жазалау шарасы қолданылған адамға одан белгiленген тәртiппен алып қойылған лицензия, арнаулы рұқсат, бiлiктiлiк аттестаты (куәлiгi) қайтарылады.
      3. Лицензияның, арнаулы рұқсаттың, бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) қолданылуы әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыда аталған күннен бастап және сонда көрсетiлген мерзiмге тоқтатыла тұрады.
      723-бап. Жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның
                қызметiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу
                туралы қаулыны орындау
      1. Заңды тұлғаның немесе жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу түрiнде әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны судья шығарады және оны шешiмнiң заңды күшiне енуi бойынша заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе жеке кәсiпкер жедел орындауға тиiс.
      2. Еңбек шарттары бойынша есеп айырысуды, өз қызметi нәтижесiнде келтiрiлген шығындардың орнын толтыруды және айыппұлдарды төлеудi қоспағанда, заңды тұлғаның және жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтата тұру кезеңiнде олардың банктiк салымдарды пайдалану құқығы тоқтатыла тұрады. Қоғамдық бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру кезеңiнде оған бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға, үгiт және насихат жүргiзуге, митингiлер, демонстрациялар және басқа да көпшiлiкке арналған шараларды өткiзуге, сайлауға қатысуға тыйым салынады. Егер қызметiн тоқтата тұру белгiленген мерзiм iшiнде қоғамдық бiрлестiк тәртiп бұзушылықты жойса, қаулыда аталған мерзiм бiткеннен кейiн қоғамдық бiрлестiк өз қызметiн қайта жалғастырады.
      3. Заңды тұлға құрылтайшысының (басқарушы органының, лауазымды адамының) немесе жеке кәсiпкердiң қызметiн тоқтата тұру не оған тыйым салу түрiндегi судья қолданған әкiмшiлiк жаза өз еркiмен орындалмаған жағдайда қаулы уәкiлеттi органның атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен орындалады.
      724-бап. Жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның
                қызметiн тоқтата тұру не оған тыйым салу
                туралы қаулыны орындау тәртiбi
      1. Уәкiлеттi лауазымды адам ұйымдардың, жекелеген өндiрiстердiң жұмысын iшiнара немесе толық тоқтата тұрады, үйлердi, ғимараттарды, жекелеген үй-жайларды, қоймаларды, электр желiлерiн, жылыту аспаптарын пайдалануға тыйым салады.
      2. Заңды тұлғаларды тiркеудi жүзеге асыратын орган заңды тұлғаның қызметiне тыйым салу (оны тарату) туралы шешiмдi алған соң, заңдарда көзделген қызметке тыйым салу (оны тарату) тәртiбiнiң сақталуын тексередi және он күн iшiнде заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылғанын тiркейдi, бұл туралы мемлекеттiк статистика саласындағы уәкілетті органға хабарланады.
      Ескерту. 724-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV Заңымен.
      725-бап. Құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулыны орындау
      1. Соттың салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулысын өзi жөнiнде осы әкiмшiлiк жаза шығарылған адам орындайды.
      2. Салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу түрiнде сот қолданған әкiмшiлiк жаза өз еркiмен орындалмаған жағдайда қаулыны уәкiлеттi орган атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен орындайды.
      726-бап. Құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулыны
               орындау жөнiндегi шығындар
      Салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу заң бұзушының есебiнен жүзеге асырылады.
      727-бап. Әкiмшiлiк қамауға алу туралы қаулыны орындау
      1. Судьяның қамауға алу туралы қаулысын заңдарда белгiленген тәртiппен iшкi iстер органдары және әскери полиция органдары орындайды.
      2. Әкiмшiлiк қамауға алынған адамдар iшкi iстер органдары белгiлейтiн орындарда күзетпен ұсталады. Әкiмшiлiк қамауға алу туралы қаулыны орындау кезiнде қамауға алынушылар жеке тексеруден өткiзiледi.
      Әскери қызметшілер әкімшілік қамауды гауптвахталарда өтейді.
      3. Әкiмшiлiк ұстау мерзiмi әкiмшiлiк қамауға алу мерзiмiне есептеледi.
      4. Әкiмшiлiк қамауға алу мерзiмiн өтеу заңдарда белгiленген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
      Ескерту. 727-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 177-IV Заңымен.
      728-бап. Әкiмшiлiк қамауға алуды өтеуден жалтарудың
               зардаптары
      1. Егер әкiмшiлiк қамауға алынған адам әкiмшiлiк қамауға алу мерзiмi бiткенге дейiн оны өтейтiн орынды өз бетiмен тастап кетсе, судьяның қаулысымен қамауда болған мерзiмi қамауға алу мерзiмiне толық немесе iшiнара есептелмеуi мүмкiн. Бұл орайда судья әкiмшiлiк қамауға алудың өтелу  мерзiмiнiң басталуын қайта белгiлейдi.
      2. Әкiмшiлiк қамауға алудың жалпы мерзiмiн отыз тәулiктен асыруға болмайды.
      729-бап. Қаулының мүлiктiк зиянды өтеу бөлiгiнде
               орындалуы
      Осы Кодекстiң 64-бабына сәйкес өндiрiлiп алынуға тиiстi мүлiктiк зиянды өтеу бөлiгiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы заңдарда белгiленген тәртiппен орындалады.
      730-бап. Қазақстан Республикасынан шетелдiктер мен
               азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен
               шығарып жiберу туралы қаулыны жүзеге асыратын
               органдар
      Қазақстан Республикасынан шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны:
      1) осы Кодекстiң 391-бабының екiншi бөлiгiнде және 391-1-бабының үшінші бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтар жасалған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметi;
      2) осы Кодекстiң 102-3, 374 (алтыншы бөлігі), 375 (үшінші, жетінші бөліктері), 380 (екінші бөлігі), 380-2 (екінші бөлігі), 394 (төртінші бөлігі), 396 (төртiншi бөлiгi) -баптарында көзделген құқық бұзушылықтар жасалған кезде iшкi iстер органдары орындайды.
      Ескерту. 730-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 276, 2007.12.19 N 11 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.10.11 № 484-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      731-бап. Қазақстан Республикасынан шетелдiктер мен
               азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен
               шығарып жiберу туралы қаулыны орындау
      1. Қазақстан Республикасынан шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындау шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды аумағына аталған адам шығарып жiберiлетiн шет мемлекет өкiметiнiң өкiлiне ресми беру не Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлетiн адамға бақылау жасалына отырып, өз бетiмен кетуi арқылы жүргiзiледi.
      2. Егер шығарып жiберiлетiн адамды шет мемлекет өкiлiне беру Қазақстан Республикасының аталған мемлекетпен шартында көзделмеген болса, шығарып жiберу Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі айқындайтын орында жүзеге асырылады.
      3. Егер шығарып жiберу Қазақстан Республикасының аталған мемлекетпен шартында көзделсе, шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу бекетiнен шығарып жiберу туралы аумағына (аумағы арқылы) аталған адам шығарып жiберiлетiн шет мемлекеттiң өкiметi хабардар етiледi.
      4. Әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы қаулыны орындау екiжақты немесе бiржақты акт түрiнде ресiмделедi.
      Ескерту. 731-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      732-бап. Жол жүрiсi ережелерiн бiлудi тексеру туралы
               қаулыны орындау
      Жол жүрiсi ережелерiн бiлудi тексеру туралы қаулыны заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi жол полициясының органдары орындайды.
      733-бап. Қаулыны медициналық сипаттағы мәжбүрлеу
               шараларын қолдану бөлiгiнде орындау тәртiбi
      Қаулыны медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану бөлiгiнде денсаулық сақтау органдарының мамандандырылған мекемелерi заңдарда белгiленген тәртiппен орындайды.
      Қазақстан Республикасының
      Президентi


© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   54




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет