ОБСӨЖ №5
-
Сабақтың тақырыбы: Қоғамның саяси жүйесі.
-
Сабақтың жоспары:
1. Саяси жүйенің шешетін негізгі меселелері.
2. Саяси жүйе құрылымы мен түрлері
3. Саяси жүйенің түрлері.
-
Теориялық мәліметтер
1.»Жүйе» ұғымын XX ғасырдың 20 жылдары ғылыми айналымға алғаш енгізген неміс биологы Л.Фон Борталанфи (1901-1972). Ол бұл терминді клетканың сыртқы ортамен алмасу процесін көрсету үшін пайдаланды. Ғалым жүйеге өзара байланыста болатын элементтердің біртұтас жиынтығы ретінде қарады. Жүйенің бір элементі өзгеріске ұшыраса, барлық тұтастық өзгереді. Жүйе сыртқы дабылдарға және ішкі элементтерінің талаптарына жауап қайтару арқасында дамиды.
Кейін жүйелік тәсіл қоғамдық ғылымдарға пайдаланыла бастады. Социологияда қоғамды жүйелік түрде талдаған – Т. Парсонс. Ол қоғамды өзара байланыста болатын 4 жүйешіктен (экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани) тұрады деді. Жүйшіктің әрқайсысы белгілі бір қызметті атқарады, іштен және сырттан түсетін талаптарға құлақ асып, жауап қайтарады. Олар қосылып жалпы қоғамның өмір сүруін қамтамасыз етеді.
Саяси жүйе теориясының пайда болғанына көп уақыт болған жоқ. Оны XX ғасырдың 50 жылдарында Американың саясаттанушысы Давид Истон ойлап тапты. Ол саяси жүйенің қызмет ету тетіктерін былай сипаттайды. Саяси жүйе сыртқы ортамен «кіріс», «шығыс» принциптері арқылы байланысады.
«Кірістің» 2 түрі бар: талап және қолдау. Талапты халықтың билік органдарына қоғамдағы құндылықтардың, қазына мен қаржының, қоғамдық қордың әділетті, дұрыс немесе әділетсіз, бұрыс бөлінуі туралы пікірі, билік органдарына үндеуі деуге болады. Ол қоғамда белгілі бір қажеттіліктің , мұқтаждықтың бар екендігін білдіреді және әр түрлі болады. Мысалы, еңбекақыны көтеру, жұмыс күнін қысқарту, әлеуметтік салаға қаржыны көбейту, білім алу мүмкіндігін қорғау және т.б. Мұндай талаптар көбейіп, оларға билік органдары назар аудармаса, саяси жүйе әлсірейді.
Қолдау қоғам мүшелерінің саяси жүйеге ниеттестігін, адалдығын, саяси институттарға сенетіндігін білдіреді. Ол үстемдік етіп отырған саяси жүйені күшейтеді. Қолдауға , мысалы, салықты дер кезінде төлеу, әскерлік міндетті атқару, ұлтжандылық білдіру, сайлауға белсене қатысу , қабылданған шешімдерді , заңдарды уақытында бұлжытпай орындау және т.б. жатады.
Халықтың әр түрлі жіктерінен түскен талаптарға саяси жүйе қандай типке жатуына байланысты әр түрлі қарайды. Мысалы, антидемок-ратиялық, тоталитарлық саяси жүйе адамдардың талап- тілектеріне билікке көрсетілген наразылық ретінде қарайды. Сондықтан олардың әділдігіне сенімсіздік білдіріп, әр түрлі айла- тәсілмен басып- жаншуға тырысады. Демократиялық, конституциялық саяси жүйе халықтың мұқтаждығына, тілек- талаптарына жауап беруді, оларды мүмкіндігінше анағаттандыруды өз қызметін атқару деп түсінеді.
Шығыс- саяси жүйе жұмысының нәтижесі. Онда саяси жүйе түскен талап- тілектерге сәйкес саяси шешімдер қабылдайды, оларды жүзеге асыру жоспары қарастырылады. Оны халықтың талап- тілектеріне жауап деп түсінуге болады. Мысалы, шығысқа қабылданып жатқан заңдарды, атқарушы биліктің қаулыларын, соттардың шешімдерін және т.б. жатқызуға болады. Саяси жүйе орасан зор әлеуметтік мәлімет, хабарламаларды қарастырып, оларды нақтылы шешімдерге айналдыра-ды. Олар жаңа талаптарды тудыруы мүмкін. Сөйтіп «кіріс» пен »шығыс» әрдайым бір- біріне әсер етіп отырады. Саяси өмірдегі бұл кері байланыс қабылданған шешімдердің дұрыстығын тексеру, оларды түзету қателерді жою, қолдауды ұйымдастыру үшін үлкен маңызы бар. Кері байланыстың бұрын таңдалған бағыттан бас тартып, басқа бағдар алуға, жаңа мақсат қойып, оған жету жолын таңдауға да мәні зор.
Егер билік басындағылар қоғам мүшелерінің талаптарын тыңдамаса, оның шешімдері қолдау таппайды. Егер талаптар шамадан тыс көп болмаса және «кіріс» пен « шығыстың» әрекеттері дер кезінде өзара үйлестіріліп отырса, саяси жүйе тиянақ қызмет атқарады.
Д.Истонның идеяларын Г. Алмонд одан әрі дамытты. XXғ. 50-60 жылдары көптеген бұрын отаршылдықта болған Африка, Латын Аерикасы елдері егемендігін алып жаңа даму жолына түскен. Олардың біразы батыс саяси жүйесін қыбылдады. Алайда ол келеңсіз зардаптарға әкелді. Д. Истон соны зерттеді. Батыс елдерінің саяси институттары бөтен әлеуметтік- экономикалық және мәдени- діни ортада өзінің көптеген қызметтерін ойдағыдай атқара алмады. Ең алдымен қоғамның тұрақты дамуына қол жетпеді. Мұндай тәжірибені сараптау негізінде салыстырмалы зерттеулер дами бастады. Оған Д. Истон басшылық етті.
Ол саяси жүйеге рөлдер мен олардың өзара қатынасының жиынтығы ретінде қарады. Олар үкіметтік институттар арқылы ғана емес, басқа да саяси астары бар құрылымдар арқылы да жүзеге асырылады. Бұл құрылымдарды талдағанда ол 2 деңгейді- институционалдық және бағдарлық - баса айтты.
Егер біріншісі мемлекеттік және мемлекеттік емес институттарды зерттеуге көңіл бөлсе, екіншісі саяси мәдениетті құрайтын саяси құрылымды зерделеді. Құрылым деп Д. Истон өзара байланысты рөлдер жиынтығын түсінді.
Саяси жүйенің өзіндік мүмкіндіктері де бар. Д.Истон мен Г. Алмонд (1911 жылы туған) олардың төрт түрін көрсетеді: 1) топтар мен жеке адамдардың жүріс- тұрысын басқаруға байланысты реттеу мүмкіндігі; 2) қызмет етуіне қажетті экономикалық және басқа қорларды табуға байланысты қысымдық мүмкіндігі; 3) қорларды , игіліктерді, қызметті, үздік (озаттық) белгілерді және т.с.с. бөлу және қайта бөлу мүмкіндігі. Үндістан саясатшысы П. Шарон бұл төртеуіне бесіншісін- ішкі жағдайын басқара алатын өзін- өзі реттеу мүмкіндігін қосады. Осының бәрі, сайып келгенде, үстемдік етіп отырған қоғамның біртұтас өзін- өзі басқаратын әлеуметтік организм ретінде қызмет етуін қамтамасыз етуі керек.
Саяси жүйе өмендегідей қызметтерді атқарады:
1. Белгілі бір әлеуметтік топтың немесе көпшілік халықтың саяси билігін қамтамасыз ету. Ол биліктің тәртіпке келтірілген, ережелерде, қалыптарда бекітілген, яғни институтционалданған түрі. Сондықтан ол конститутцияға негізделген жалпыға міндетті заңдар шығарады. Сол арқылы қоғамда тәртіп орнайды. Егер оны бұзушылар болса, оларға тиісті шара қолданылады.
2. Саяси жүйе қоғамдық қатынастарды реттейді, жекелеген әлеуметтік топтар немесе көпшілік халықтың мақсат- мүддесіне сәйкес адамдардың тіршілік әрекетінің әр түрлі салаларын басқарады. Ол әлеуметтік институттар қызметінің мақсаттарын айқындайды, солардың негізінде оларды орындаудың саяси жобаларын жасайды.
3. Саяси жүйе қоғамда жинақтаушылық, топтастырушылық қызметті атқарады. Ол ортақ әлеуметтік- саяси мақсаттар мен құндылықтардың айналасында барлық әлеуметтік топтар, таптар, жіктердің белгілі бір бірлестігін қамтамасыз етеді.
4. Экономиканың қалыпты жұмыс істеп, прогресті дамуына қажетті саяси жағдай жасау. Мысалы, саяси жүйе өндіріс құралдарына меншік түрлерін құқықтық тұрғыдан бекітеді, қаржы жүйесін реттейді, салық саясатын жүргізеді.
5. Қоғамды, оның мүшелерін ішкі және сыртқы бүліндіргіш әрекеттерден қорғау. Мысалы, ұйымдасқан қылмыс, сыртқы агрессиядан (әскери, экономикалық, информациялық) және т.с.с.
Сонымен, қоғамның саяси жүйесі деп билік жүргізіп, қоғамда тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін, әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы саяси өзара қатынастарды реттейтін ұйымдар мен мекемелердің жиынтығын айтады. Бұл жүйе саяси деп аталады.Себебі мемлекеттік істер алға қойған мақсатты, амал- әдістерді, оларға жету жолдарын қамтитын арнайы жете зерттелген шаралар, саяси бағыт арқылы жүзеге асырады. Сонымен қатар оны жүйе дейді. Өйткені оған мемлекеттен басқа мемлекеттік билікке ықпал ету үшін басқалар мен бәсекеге түсетін, одақтарға кіретін, мәмілеге келетін мемлекеттік емес көптеген ұйымдар да кіреді. Бұл саяси қатынастардың күрделі көрінісі жүйелілікті, тұтастықты білдіреді.
2. Зерттеушілер саяси жүйенің мынадай негізгі төрт бөлігін атайды: 1) саяси институттар ; 2) саяси ережелер; 4) саяси мәдениет. Соларға қысқаша сипаттама берелік.
Саяси институттарға (ұйымдар, мекемелер) мемлекет, саяси партиялар, кәсіподақтар, коорперативтік, жастар, әйелдер, т.б. ұйымдар мен бірлестіктер жатады. Бұл ұйымдардың бәрі таптық, топтық, ұлттық, жыныстық, кәсіби, жас мөлшеріне қарай және т.с.с. байланысты пайда болатын көптеген әлеуметтік мақсат мүдделерді білдіріп, қорғау үшін құрылады.
Солардың ішіндегі ең негізгісі- мемлекет. Ол қоғамда белгілі бір тәртіпті орнатады, оны басқарады, экономикалық және әлеуметтік құрылымын қорғайды. Ол үшін мемлекеттің арнайы аппараты, еріксіз көндіретін күштеу, зорлау органдары (әскер, сот, полиция, милиция және т.т) болады. Солардың көмегімен ол адамдардың жүріс- тұрыс, іс-әрекетін реттейді. Мемлекет қоғам атынан оның ішкі және сыртқы саясатын атқара алады.
Мемлекеттік емес ұйымдардың арасында қазіргі қоғамның саяси өмірінде ең үлкен рөл атқаратындар- саяси партиялар. Олар мемлекеттік билікті жүзеге асыруға, саяси жүйені, идеологиялар мен доктриналарды, қоғамдық пікірді, саяси сана мен мәдениетті қалыптастыруға ат салысады.
Қоғамның ең бұқаралық ұйымына кәсіптік одақтар жатады. Олардың ықпалы әр елде әр түрлі. Біздің елімізде олар халық шаруашылығын өркендетудің маңызды міндеттерін шешуге қатысады. Еңбекшілердің заңды талаптарын қорғайды, еңбек заңдарының қатаң сақталуын қадағалайды. Олардың денсалығын сақтауға, мәдени тұрмыстық қажетін өтеуге қамқорлық жасайды. Тұрғын үйлерді бөлу, балабақшасына орналастыру, мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстарын басқарады. Қазір оның ықпалы төмендеп кетті.
Қоғамның саяси жүйсіне діни ұйымдар да кіреді. Олардың рөлі, әсіресе, феодалдық қоғамда зор болды. Ол кезде олар ақсүйектер билігін де өздеріне қаратқысы келді. Сондықтан олар мемлекеттік билікпен қатар өздерінің заң шығарушы, атқарушы, сот билігін де құрды. Олардың ішіндегі ең озбыры католик шіркеуінің XIII ғасырда өздеріне қарсыларды ерекше қатал қудалаған сот, полиция ұйымы- инквизиция еді. Олар 5 миллионға жуық адамды қуғын – сүргінге салып, біразын тірідей отқа жағып жіберді. Капитализм кезінде дін орындары-ның әсері әлдеқайда бәсеңдеді, бірақ саяси өмірде ықпалын тоқтатқан жоқ. Бұрынғы Кеңестер Одағы кезінде олар қатты қудаланған болатын. Қазіргі кезде жағдай өзгерді. Қайткен күнде де соңында миллиондаған дінге сенушілері бар ұйыммен санаспауға болмайды.
Жоғарыда көрсетілген ұйымдардың ішінде мемлекет пен саяси партиялардың саяси жүйеге тікелей қатынасы бар. Кәсіподақтар мен шіркеудің тура болмағанмен жанама қатынасын байқаймыз. Олардың қатарына жастар одағын, еңбек ұжымдарын, кооперативтерді жатқызуға болады. Солармен қатар биліктен алшақ, ұйымдар бар. Оларға жазушылар, суретшілер, композиторлар одағы, ғылыми- техникалық қоғамдар, көптеген ерікті, спорт, мәдени және т.б. ұйымдар жатады.
Қоғамдық жүйенің екінші бөлігін саяси қатынастар құрайды. Оған таптардың, этникалық бірлестіктердің, тұлғалар мен қоғамның, азамет пен мемлекеттің арасындағы қатынастар кіреді. Олардың басқа (экономикалық, ұлттық, діни, отбасылық және т.с.с.) қатынастардан айырмашылығы мұнда олардың саяси және мемлекеттік билікке қатынасы көрініс береді.
Саяси жүйенің үшінші бөлігі болып саяси ережелер (нормалар) есептеледі. Олар саяси институттардың өзара бірлесіп әрекет етуін қамтамасыз етеді және саяси жүйенің ережелік негізін құрайды. Олардың ішіндегі ең маңыздысына Конституция және соған сүйенетін заңдар мен басқа нормативтік актілер жатады. Оларға белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін мемлекет тарапынан шаралар қолданылады. Сонымен қатар саяси қызметті атқару үшін қоғамдық ұйымдар жасаған және солардың ішіндегі қатынастарды реттеуге арналған ережелердің де маңызы зор. Оларға ең алдымен сол ұйымдардың жарғылық ережелері жатады.
Саяси жүйенің төртінші белгісі саяси мәдениет. Ол саяси сана мен іс- әрекетте, саяси көзқарастарда, идеяларда, теорияларда, саяси тұғырнамаларда, бағдарламаларда, шешімдерде, саяси ережелерге қатынаста көрініс табады. Саяси мәдениеттің реттеушілік қызметі адамдардың іс-әрекетіне және олардың ұйымдарына ететін әсерінен білінеді. Сонымен бірге бұрынғы және қазіргі саяси жүйе және оның элементтеріне, саяси қызметкерлер, басқару аппаратының лауазымды адамдарына, саяси- басқару шешімдерін дайындау және қабылдау процесіне және т.б. ықпал еруінен де байқалады.
Саяси жүйенің көрсетілген бұл төрт бөлігі үздіксіз дамып отырады. Олар өзеріне тән арнайы әдіс - тәсілдерді пайдалана отырып, белгілі бір мақсаттар мен қызметтерді атқарады. Олар бір- бірімен тығыз байланыста болады.
Саяси жүйенің басты қызметі- қазына, байлықты бөлу саласына бақылау жасау. Олардың дұрыс бөлінбеуі ел ішінде әр түрлі әлеуметтік топтар арасында алакөздік, дау- дамай тудыруы мүмкін. Саяси жүйе оған жібермей, қайшылықтарды қиюластырып, келістіріп, шиеленістерді өршітпей, өрбітпей, жан- жақты бітістіріп отырғанда ғана өз рөлін ойдағыдай атқарады.
Cаяси жүйе қоғамдық өмірдің барлық салаларының дамуына бағыт беріп, ықпал етеді, оларды басқарады. Қоғам дамуының мақсатын дамуының мақсатын айқындайды. Мақсатына байланысты саясат экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ұлттық, ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Әдетте, мақсаттарды саяси партиялар зерттеп дайындайды. Парламенттік сайлауда жеңген партияның саяси бағыты мемлекеттің еріксіз мәжбүр ететін күштеріне (әсер, милиция) сүйеніп жалпыға міндетті мемлекеттік жарлық сипатын алады. Мемлекеттік басқару органдары қоғамды қабылдаған шешімдерді орындауға жұмылдырады, қоғамдық процестерге әсер ететін негізгі тетікке айналады.
Біз осыған дейін бір мемлекеттің ішіндегі саяси жүйе туралы сөз еттік. Сонымен қатар саяси жүйе дүниежүзілік (БҰҰ), аймақтық (Еуропалық одақ, НАТО және т.б.), екі жақты («Шығыс пен Батыс» қатынастары) болуы да мүмкін.
3.Саяси жүйенің жіктелуі жөнінде ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Олар бұл мәселеге әр жақтан қарайды, әр түрлі өлшемді (критерийді) пайдаланады. Мысалы, марксизм формациялық көзқарасты басшылыққа алып (өндіріс тәсілінің және қоғамның таптық құрылымы-ның өзгешеліктеріне қарай) оны құлдық, феодалдық, капиталистік және коммунистік саяси жүйе деп бөледі.
Ал У. Ростоу және т.б. « экономикалық өсу сатысы» деген тұжы-рымдаманы алға тартады. Олардың ойынша, адамзаттың даму тарихы мынадай бес сатыдан тұрады: 1) дәстүрлі қоғам; 2) өтпелі қоғам;3) алға басу(жылжу) қоғамы;4) индустриалдық және 5) индустрияланғаннан кейінгі ( постиндустриалдық) қоғам. Бірінші сатыға алғашқы қауымдық, рулық және феодалдық қоғамның бір бөлігін, екінші сатыға өндірістік революцияны, үшіншісіне 70-80 жылдардағы капитализмді жатқызады. Бұлайша сатыға бөлудің өлшемі ретінде техникалық даму деңгейін алады. Марксизмнің басшылыққа алатын өндірістік қатынастарымен олар санаспайды.
Саяси жүйені оның саяси тәртібіне (режиміне) қарай тоталитарлық, авторитарлық, демократиялық деп бөледі.Мұнда топтастырудың негізіне билік, тұлға және қоғам арасындағы өзара іс- әрекеттің сипаты мен тәсілі негізге алынады. Тоталитарлық саяси жүйеде жеке адам мен қоғам толығымен билікке бағынады. Мемлекет қоғамдық өмірдің барлық саласын өзінің бақылауына алады. Авторитарлық саяси жүйеде билік басындағы жеке адам немесе адамдар тобы шексіз билікке ие болады. Парламент, оппозициялық партиялар болғанымен олардың ықпалы шамалы келеді. Мемлекеттің сайланбалы органдары, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктері шектеледі. Демократиялық тәртіпте тұлға құқығы биік тұрады, билік жұмысын қоғам бақылауға алады. Онда биліктің өкілдік органдары жалпыға бірдей сайлау арқылы халық сайлайды, азаматтарға саяси құқықтар мен еркіндіктер беріледі, елде заңдылық билейді.
Француз саясаттанушысы Ж. Блондель саяси жүйені басқарудың мазмұны мен түрлеріне сай оны 5 түрге бөледі: 1) либералдық демокра-тия. Ол саяси, мемлекеттік шешімдерді қабылдағанда меншікке иелік етуі, жекешілдік, еркіндік сияқты құндылықтарды басшылыққа алады;2) коммунистік жүйе. Ол әлеуметтік игілікті тең бөлуге бағдар ұстайды;3) дәстүрлі саяси жүйе. Ол ат төбеліндей ақсүйектердің саяси және экономикалық үстемдігіне негізделеді; 4) дамып келе жатқан елдерде қалыптаса бастаған саяси жүйе. Онда авторитарлық басқару белең алады; 5) авторитарлық- консервативтік жүйе. Онда әлеуметтік және экономи-калық теңсіздік сақталады, халықтың саяси билікке қатысуына шек қойылады.
Батыс саясаттанушыларының арасында саяси мәдениеттің жағ-дайына қарай, құндылықтар жүйесінің негізінде саяси жүйені жіктеудің төмендегідей 4 түрі кең тараған: ағылшын- аммерикалық, құрылықтық- еуропалық, индустрияланбаған немесе жарым- жартылай индустриялан-ған, тоталитарлық.
Саяси жүйенің ағылшын- америкалық түрі ондағы саяси мәде-ниеттің біріңғайлылығымен , бірлестілігімен сипатталады. Бұл елдерде мемлекеттің алдына қойған саяси мақсат мұратын және оған жетудің жолдарымен әдіс- тәсілдерін халықтың бәрі қолдайды. Ол мәдениет еркіндік, қауіпсіздік, тиімді есепқорлық, пысықтық, ұқыптылық сияқты либералдық құндылықтарға негізделеді. Билік тармақталған, ол толығы-мен жүзеге асады. Мұндай жүйе тұрақты және тиімді қызмет атқарады. Оған АҚШ-ты, Англия, Австралия, Канаданы жатқызуға болады.
Құрылықтық ( континенталдық)-еуропалық саяси жүйенің саяси мәдениеті,ұстанатын құндылықтары әр түрлі келеді. Онда ескі мәдениеттің жұрнақтары мен жаңа мәдениет астарласып жатады. Алайда оның бәрінің либералдық құндылықтарға, заңдылыққа сүйенген ортақ негізі бар. Сондықтан олар өзара келісім тауып, жымдасып жатады.
Индустрияланбаған немесе жарым-жартылай индустрияланған саяси жүйеге аралас мәдениет тән. Онда батыстың құндылықтары, этникалық салт- дәстүрлер, діни әдет- ғұрыптар шоғырланған. Құрылықтық-еуропалық саяси жүйемен салыстырғанда онда ортақ негіз жоқ. Заң шығарушы, атқарушы, сот биліктері жете тармақталмаған. Олар бірінің ісіне бірі араласа береді. Бұл елдерде авторитарлық тәртіп, күшке сүйену бой алған. Бұған Азия, Африка, Латын Америкасының көптеген елдері жатады.
Тоталитарлық жүйеде саяси мәдениеттің таптық сипаты бар. Сырттай қарағанда ол біртектес сияқты. Оның құндылықтарын қоғамның барлық мүшелері мойындайды. Бірақ оны еріксіз жасайды. Билеуші партия саяси жүйенің барлық элементерінің іс- әрекетіне бақылау жасайды.
Саяси жүйені жіктеудің тағы басқа да түрлері бар. Ол мәселенің көпқырлылығын көрсетеді. Сондықтан саяси жүйені топтастырғанда әр түрлі өлшемді, белгілерді, тәсілдерді басшылыққа ала отырып қарастырған жөн.
-
Бақылау сұрақтары:
-
«Жүйе» ұғымын XX ғ. 20 ж. ғылыми айналымға енгізген неміс биологы Л. Фон Борталанфи кім болды?
-
Қоғамды жүйелік түрде алғаш талдаған ғалым?
-
Саяси жүйе теориясы қашан пайда болды?
-
Саяси жүйенің қызметтері?
-
Саяси жүйенің негізгі төрт бөлігі?
-
Саяси жүйенің жіктелуі жөніндегі ғылымдардың пікірі?
-
Батыс саясаттанушыларының саяси жүйені жіктеуі?
-
Студенттің үй тапсырмасы:
Конспект
-
Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы:
Сұрақтарға жауап беру
Тест
Глоссарий
7. СӨЖ тапсырмасы: Мемлекеттік құрылым түрлері: унитарлы,
мемлекет, федерация, конфедерация.
Достарыңызбен бөлісу: |