Гуманитарлық білім” факультеті «География және қоғамдық пәндер» кафедрасы



бет12/30
Дата14.06.2016
өлшемі1.76 Mb.
#136023
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   30

ОБСӨЖ №12



1.Сабақтың тақырыбы: Саяси әлеуметтану.

2.Сабақтың жоспары:

1. Саяси әлеуметтанудың мақсаты.

2. Адам өзінің әлеуметтануына әсері.

3. Саяси әлеуметтанудың құрылымы.


3.Теориялық мәліметтер:

1. Адамдар туғаннан саяси сауатты, саяси өмірге бейімделіп тумайды. Олар біртіндеп, өмір бойы саяси білімін кеңейтеді, толықтырады. Саяси мәдениеттің үлгілері бір дәуірден екінші дәуірге мұра ретінде қалып, соңғы ұрпақ алдыңғы ұрпақтың үлгі өнегесінен үйреніп отырады. Мұндай процесті ғылым тілінде саяси әлеуметтену дейді.

«Әлеуметтену» деген ұғымды XIX ғ. Аяғында Америка әлеумет-танушысы Ф. Гидденс және француз әлеуметтанушысы және психологі Г. Тар ғылыми айналымға енгізді. Олар әлеуметтену деп тұлғаның әлеуметтік ортаға байланысты қалыптасуын айтты.

Ресей саясаттанушысы Е.Б. Шестопал саяси әлеуметтену деп тұлғаның саяси санасы мен іс- әрекетінің қалыптасу, саяси рөлдерді қабылдау және орындау, саяси белсенділік таныту процесінің барлық жиынтығын айтады.

Саяси әлеуметтену мәселесі XX ғасырдың 50 жылдары кеңінен көте-рілді. Оған себеп болған Батыс саяси жүйесінің дәстүрлі институттарының дағдарысқа түсуі еді. Бұл кезде сыбайластық жемқорлық көбейді, нәсілдік кемсітушілік әлі жойыла қоймаған, саяси билік адамдардың қажеттілік-терін қанағаттандырмады. Сондықтан билік институттарына сенімсіздік көбейді, саяси абсинтеизм (саясатқа селқос қарау), билікке жаппай қарсы шығу және т.б. көбейді. XX ғ. 60 жылдары дамыған хиппилер қозғалысын алайық. Оған ірі саясаткерлердің, бизнесмен, заңгерлер сияқты ауқатты отбасыларының балалыр қатысты. Олар жеке адамның өзін- өзі толық көрсетуіне жағдай жасалмағандығы, адамдар арасында теңсіздіктің, алалаушы-лықтар бар екендігіне сол кездегі қоғамдық тәртіпті кінәлады. Сондықтан қоғамдағы әлеуметтік тәртіпке қарсы шықты. Ғалымдар бұл құбылыстың себептері мен сырын ашу үшін зерттеулер жүргізді. Сөйтіп саяси әлеуметтену мәселесі бұл кезде күн тәрібіне қатты қойылды.

Саяси әлеуметтену процесі үш негізгі мәселені шешуге бағытталады:

- қоғамның жаңа мүшелеріне саяси мәдениеттің және саяси сананың негізгі элементтерін жеткізу;

- қоғам мүшелеріне қажетті саяси тәжірибе алуға, саяси іс- әрекет етуге және шығармашылық жасауына қолайлы жағдай жасау;

- саяси мәдениеттің элементтерін өзгерту.

Адамның саяси әлеуметтенуі үздіксіз өмір бойы жалғасады. Әлеуметтік – саяси тәжірибе жинақтауына қарай оның саяси белсенділігінің түрі әрқашан өзгеріп немесе бекіп отырады.

Сонымен саяси әлеуметтену деп адамның саяси ілімдерді, ережелерді, құндылықтарды бойына сіңіріп, оларды өзінің рухани ішкі дүниесіне айналдырып, сол арқылы өзінің саяси санасы мен мәдениетін қалып-тастыру, саяси іс- әрекетке дайындалу процесін айтады. Саяси әлеуметтену барысында адам қоғамның толыққанды мүшесі боларлық саяси ереже-лерді, салт- дәстүрлерді, білімді меңгереді.



2. Саяси әлеуметтену саяси тәжірибені ашық және қосалқы түрінде жүргізуі мүмкін. Ашық түріне мәліметтерді, сезімді, құндылықтарды тікелей беру жатады. Мысалы, қоғамдық пәндерді оқыту арқылы жастарды оқытып үйрету. Қосалқы түрінде саяси емес ережелерді саяси қатынастарға телу жатады. Мысалы, балалардың саяси билікке қатынасы жас кезінен (демократиялық тәсілмен, қатаң жазалау арқылы мәселені шешу әдісімен немесе саясатқа селқос қараушылық) қалыптасуы мүмкін.

Саяси әлеуметтену институттарына мыналар жатады: отбасы, білім жүйесі, ақпарат құралдары, мемлекет, партия, діни ұйымдар және жеке саяси оқиғалар.

Саяси әлеуметтену ең алғаш отбасынан басталады. Америка ғалымдары Д. Истон мен Дж. Деннис 12 мың Америка балаларын сұрақ- жауап арқылы зерттеген. Соның нәтижесінде оларың саяси әлеуметтенуінің 4 кезеңін көрсетеді: 1) саясаттану, яғни балдырғанның ата-ана билігінен де жоғары саяси билік барын ұғынуы; 2) жекелеу. Мұнда бала саяси билікті президент, полицейский тұлғасы арқылы жекелеп сезінуі; 3) дәріптеу, яғни саяси қай- раткерлерге тек жақсы қаиеттерді таңу; 4) институционалдандыру, саяси билікті жеке тұлғалар арқылы емес, иесіз институтар арқылы (партия, сот, парламент, әскер және т.б.) қабылдау.

Сонымен, адам жас кезінен әлеуметтене бастайды. Бала биліктің не екенін түсінеді. Үйде ол әкесі немесе шешесі, бала бақшада тәрбиеші, мек-тепте мұғалім арқылы әлеуметтену. Ол дау- жанжалдың қалай шешлетінін байқайды, бағыну немесе бағынбауға үйренеді.

Қазақтар «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деп тегін айтпаған, үйде қалыптасқан көзқарас көбіне өмір бойына жадында қалады.

Саяси әлеуметтенудің келесі сатысы – мектеп. Бұл кезде жалпыға бірдей негізгі саяси қазыналар мен көзқарастарды оқушылар оқып біледі, алғашқы әлеуметтік тәжірибелер алады. Жастар ұйымдарына қатыса бастайды. Д. Истон мен Дж.Деннис зерттеген 12000 оқушының 95 % -ы «Америка- әлемдегі ең таңдаулы ел», «Америка жалауы- дүниедегі ең жақсы жалау» деген тұжырымдаманы мақұлдаған. Өйткені мұғалімдердің 99%-ы оқушыларға күнде америка жалауын көрсетсе, 91% - ы ол туға берілгенді-гін дәлелдеуді талап етіпті, 60 % -ы «Тамаша Америка» деген отан сүйгіш әнді орындатып отырған.

Саяси әлеуметтенудің келесі кезеңі 16-40 жастар аралығы. 16 жастан адам сайлауға қатыса бастайды, азамат атанады, іс- әрекетіне толық жауап береді. Көбісі жоғары оқу орнына түсіп, терең саяси білім алады. Саяси партияларға мүше болулары да мүмкін. Жастардың әлеуметтік мәртебесі өзгереді.

Саяси әлеуметтенудің келесі кезеңі 40-60 жастардағы аралық. Бұл- адамның есейген шағы. Адамдардың саяси іс- әрекетіне өмір тәжірибесі, балалары мен немерелері, тұрақты көзқарастары әсер етеді.

Ең соңында зейнеткерлердің саяси әлеуметтенуі. Олардың кейбіреу-лері қолдары босаған соң саяси мәселелермен белсенді айналыса бастайды. Қайсы бірі қоғамдық өмірге аз да болса қатысқанына риза болады, көңіліне медет табады.

Саяси әлеуметтену институттарына, жоғарыда атап көсетілгендей, отбасы, білім жүйесі, сонымен қатар мемлекет, партия, діни ұйымдар жатады. Кейде оған жеке саяси оқиғалар да қатты әсер етуі мүмкін. Мысалы, 1986ж. Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының саяси санасына сілкініс жасап, көп нәрсеге көздерін ашып тастады.

Саяси әлеуметтенуге ақпарат құралдары көп ықпал жасайды. Баспасөз, радио теледидар, кино адамға тікелей ықпал етеді және саяси құндылық-тарға деген қатынасын қалыптастырады, бір идеялды негіздеп, қорғап, екіншісіне тойтарыс береді, адамзаттың ғасырлар бойы қалыптастырған қазыналары, алдыңғы ұрпақтың саяси тәжірибесін соңғы ұрпаққа жеткізіп, саяси тұлғаны тәрбиелейді.

3. Адамдардың саясатқа араласуы мен оған етер әсері әр түрлі келеді. Сондықтан ғалымдар саяси әлеуметтенуді мынадай типтерге бөледі: үйлесімді, гегемонистік, плюралистік, дау- жанжалдық.

Саяси әлеуметтенудің үйлесімді түрі адам мен билік институттарының арасында адам сияқты қолайлы психологиялық қатынастар қалыптасқанда пайда болады. Мұнда құқықтық тәртіп орындарына , мемлекетке, өзінің азаматтық міндеттеріне құрметпен қарайды. Жеке адам мен билік орган-дары арасында сыйластық, туындаған саяси мәселелерді өзара келісім арқылы шешетін жағдай қалыптасады. Бұл үшін әдетте мәдени біртектес орта, дамыған демократиялық дәстүр, азаматтық қоғам болуы керек. Мысалы, мұндайға АҚШ, Ұлыбритания елдерін жатқызуға болады.

Саяси әлеуметтенудің гегемонистік түрі өзінің саяси және әлеуметтік жүйесінен басқа жүйелерге жат көзбен қарап, оларды жақтырмайды. Мұнда саяси әлеуметтену бір таптық, діннің немесе идеологияның негізінде қалып-тасады. Саяси әлеуметтенудің бұл түрі жабық саяси жүйеге тән. Мысалы, оған бұрынғы КСРО-ны, қазіргі Солтүстік Кореяны жатқызуға болады.

Саяси әлеуметтенудің плюралистік түрінде адам басқа азаматтардың, олардың құқығы мен еркіндігін, теңдігін мойындайды, құрметтейді. Мұнда өзінің бұрынғы саяси көзқарасын өзгертіп, басқа саяси құндылықтарды басшылыққа алуы әбден мүмкін. Оған Еуропа Одағы елдері мысал бола алады.

Саяси әлеуметтенудің дау- жанжалды түрі топаралық күрес, қарама- қайшы мүдделер негізінде қаланады. Мысалы, Ауғанстан елін алсақ, онда пұштындар, өзбектер, тәжіктер және т.б. әрқайсысы өз салт- дәстүрлерін, өз ұлтының құндылықтарын жоғары қойып, әр түрлі тайпалардың бастары бірікпеуде. Соның негізінде әлсін әлі дау- жанжал туып, ел ішінде кикілжің көбеюде. Саяси әлеуметтенудің типтерін қарастырғаннан кейін біздің қазіргі Қазақстан Республикасының азаматтарының саяси әлеуметтенуін қай типке жатқызуға болады деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Оның басын ашып айту әзір қиын. Өйткені біз өтпелі кезеңде тұрамыз. Бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі гегемонистік саяси әлеуметтенудің түрінен бас тарттық. Ал дәстүрлі либералдық құндылықтарды игергеніміз жоқ, олар бойымызға сіңген жоқ. Оған көше қою да оңай шаруа емес. Себебі көптеген отбасылар жұмыссыздықтың көбеюіне байланысты күнделікті күн көрістің қамымен жүр. Балаларды саяси әлеуметтендіру тұрсын, жалпыға бірдей оқу орнына беру кейбір отбасына оңайға түспеуде. Бұынғы жастар ұйымы (октябряттар, пионерлер, комсомол) өз жұмыстарын тоқтатты. Олардың орнын басарлық ұйымдар әлі туа қойған жоқ. Көппартиялықтың аты бар да, заты шамалы. Сайлау кезінде болмаса, саяси әлеуметтендірумен жүйелі шұғылданып жатқан олар жоқ. Нарықтық экономика кезінде ақпарат құралдары қаржы-ның тапшылығынан жарнамаларды жариялауға көбірек көңіл бөлуде.

Сайып келгенде, қазіргі саяси әлеуметтену процесінде 2 түрлі үрдісті байқаймыз. Біріншіден қоғамның дмократиялануы, хылықтың саяси іске араласуына мүмкіндіктің молаюы. Екінші жағынан көпшілік халықтың тұрмысы төмендеп, жұмыссыздық көбейіп, саясатқа селқос қараушылықтың өрістеуі.



4.Бақылау сұрақтары:

1. Адамдардың саяси әлеуметтену процесі.

2. Саяси әлеуметтену институттары.

3. Саяси әлеуметтенудің бірінші сатысы- отбасы.

4. Саяси әлеуметтенудің екінші сатысы- мектеп.

5. Саяси әлеуметтенудің үшінші сатысы- 16-40 жас аралық

6. Саяси әлеуметтенудің төртінші сатысы – 40-60 жас аралық

7. Адамдардың саясатқа араласуы мен оған әсер етуі.

8. Саяси әлеуметтенудің түрлері.
5.Студенттің үй тапсырмасы:

Конспект


6.Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы:

Сұрақтарға жауап беру

Тест

Глоссарий


7.СӨЖ тапсырмасы: Қазақстандық саяси мәдениеттің ерекшеліктері



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   30




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет