Әдебиеттер тізімі:
1. Байтұрсынұлы Ахмет. Алты томдық шығармалар жинағы. Алматы. Ел шежіре,
2013.1 том. 384 б.
2. З.Қабдолов. Ахаңның әдеби қисындары.\\ Көзқарас. Алматы. Рауан. 1996. б.
3. З.Ахметов. Бүкіл қазақ «Ахаң» деген. // Ұлттың ұлы ұстазы. Алматы, 2001.
4. М.М.Бахтин. Эстетика словесного творчества.Москва1986.357с. М.М.Бахтин.
Вопросы литературы и эстетики.Москва, 1975. 369с.
5. А.С.Ісімақова. Алаш әдебиеттануы. Алматы, Қазақ энциклопедиясы, 2017. 480 б.
:119-125. 138-143 бб.
АЛАШ ЗИЯЛЫСЫ СМАҒҰЛ САДУАҚАСҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ
Абильдина Айгул Нағашыбаевна
оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты
Аннотация. В статье подробно рассказывается о литературном наследии видного
представителя казахской литературы начала ХХ века Смагула Садвакасулы. В своем
произведении С. Садвакасулы описывает рассказы и повести, показывает структуру и героев
повествования, приводит мнения ученых.
Abstract. The article describes in detail the literary heritage of a prominent representative of
Kazakh literature of the early 20th century, Smagul Sadvakasuly. In his work S. Sadvakasuly,
describes his stories and novels, shows the structure and characters of the story, sites the opinions of
scientists.
26
Ключевые слова. Казахская литература, общественный деятель, литературное
наследие, герой рассказа, объемное произведение, структура произведения.
Keywords: Kazakh literature, public figure, literary heritage, hero of the story, voluminous
work, structure of the work.
Смағұл Садуақасұлы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің
көрнекті өкілі. Қазақ әдебиеттану ғылымы кеңестік билік тұсында өз
нысанасын негізінен саяси идеология өлшемімен қарады. Кез келген мұра
таптық қалыпқа салынып, социалистік мұраттарға қатысы барлығы, әлде
жоқтығы жағынан қарастырылды. Сөйтіп, әдебиетімізде ақтаңдақтар кеңістігі
ұлғая берді. Білім-ілім тұрғысынан келгенде бұл қазақ әдебиетану ғылымының
әлем мойындайтын іргелі ғылым болуына бөгет жасады.
Рухани өмірімізде ақиқат, шындық, иман түпкілікті әділқазы болып
орныққан соңғы жылдардың ішінде жүріп өткен жолымыз ақыл таразысына
салынды. Коммунистік партияның билігі тұсындағы бар олқылық-кемшілігіміз,
қателігіміз кеңінен сөз етіле бастады. Әдебиет пен мәдениет тарихынан әдейілеп
аты өшірілген Ә.Бөкейхан, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, А.Байтұрсынұлы,
М.Шоқай, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Қожанұлы,
Қ.Кемеңгерұлы сынды ұлт қайраткерлерінің есімі қайта аталып, олардың
шығармашылығы ғылым нысанасына ілінді.
Кеңестік ресми тарих елемей келген алаш арыстарының бірі, ірі қоғам
қайраткері, әдебиетші, көсемсөзші Смағұл Садуақасұлының қайраткерлік
еңбегі, шығармашылығы кеңес дәуірінде қалыптасқан таным кесірінен арнайы
зерттелінген емес.
Қайраткер С.Садуақасұлының есімі өткен ғасырдың 20-жылдары
қарастырған ғылыми еңбектерде тым үстірт айтылды. Жазушының 1922 жылы
баспа жүзін көрген «Аптономиа» әңгімесіне 20-жылдардағы қоғамдық-саяси
шындық арқау болған. Онда 1920 жылы автономияға қол жеткізген қазақ
халқының бұл өзгерісті қалайша қабылдағаны көркем тілмен жеткізіледі.
«Аптономиа» әңгімесінің негізгі идеясы - елдің мұраты. Шығармадағы
бейнелер жүйесі осы идеяны ашуға қызмет етеді. Сондай-ақ бояуы қанық осы
бейнелер жүйесі арқылы оқушы сол кездегі қазақ қоғамында болған бүтін
тарихи шындық болмысын бажайлайды.
С.Садуақасұлының ғылыми айналымға әлі түспеген «Өртең» атты
шығармасы - лирикалық әңгіме. Онда сюжет немесе оқиға желісі жоқ. Әңгімеге
жазушының отаны туралы тебіренісі, жерімен, елімен іштей сырла-суы,
мұңдасуы айна-қатесіз түскен. Біздіңше, «Өртең» әңгімесінің тууы «Өртең»
газетінің жарық көруімен, жаңа заманға еріксіз тап болған алаш зиялыларының
тынысы - «Жас азамат» мүшелерінің соны қауымдастық идеясы төңірегіне
топтасуымен байланысты. Жастардың мақсаты санадағы шірік қауды өртеп,
өртең шығару еді. «Өртеңде» сюжет болмағанымен, қазақтың кешесін, бүгінін,
ертеңін ой таразысымен бағамдаған, ұлттың ұтқаны мен ұтылғанын, озық
қасиеті мен мінезіндегі кемшілігін табиғат бейнесімен астастырып,
көркемдікпен көмкерген ерекше мазмұн бар.
27
С.Садуақасұлының «Салмақбай, Мақамбет» атты әңгімесінде төңкерістен
кейінгі қазақ оқығандары, олардың екі айрылған көзқарастары сөз болады.
Әңгіме кейіпкері екі-ақ жан. Олар - Салмақбай мен Мақамбет. Уақыт - қым-
қуыт төңкерістен кейінгі кез. Кеңістік -оқығандардың басын қосқан саяси
сапырылыстарға толы қала. Әңгімеде атыс та, шабыс та жоқ. Бірақ тартыс бар.
Ол - көзқарас, дүниетаным арасындағы тартыс. Тартыс жай көр-жер туралы
емес, руханияттың қасиетті мәселесі ұлт тағдыры хақында. Мақамбет «жер
жүзінің төңкерісі үшін қазақты құрбан қылуға» бар, ал Салмақбай «дүниенің
жұмағы болса, сол жұмаққа қазақ та барсын, неміс те барсын» деген пікірде.
Жазушы оқушыға «Әне - ұлт мәселесі туралы екі көзқарас. Таласты көзқарас.
Қайсысынікі жөн?» дегендей, әңгіме аяғын екі оқығанның тіл қатпай,
уһілеуімен бітіреді.
С.Садуақасұлы - 20-жылдары көлемді прозалық шығармалар жазып,
бағын сынаған жазушы. Хронологиялық жағынан жазушы повестен бұрын
роман жазуға кіріскен. Мұны М.Әуезов мұражайынан табылып отырған
«Сәрсенбек» романының қолжазбасы дәлелдейді. Автор шығарманы жазуды
бастаған уақытын «1922 жыл, 21 қараша» деп көрсетіпті.
«Сәрсенбек» - 1916 жыл оқиғасын арқау еткен қазақ әдебиетіндегі
алғашқы тарихи-көркем романның бірі. Аталған туындының неліктен роман
жанрына жататынын үш дәлелмен анықтай аламыз. Біріншіден, «Сәрсенбек» -
қазақ әдебиетінде роман жанрының енді дүниеге келген кезінде туған күрделі
шығарма. Екіншіден, роман талабына сай «Сәрсенбекте» үш желі қатар
тартылып отырады. Олар: көтерілісшілердің күрес барысы; қаладағы оқығандар
тіршілігі; Күлпашқа қатысты оқиғалар, яғни қала мен ауыл арасындағы бөгет-
бөгесіндердің қалпы.
Ғалым Р.Бердібаев: «Тарихи оқиғаларды тізе беру де, тарихты ұмытып,
қиял күшіне ғана сүйенушілік те шығарманы біржақты етпек»,- дейді. Осы
тұрғыдан қарағанда С.Садуақасұлы тізгінді тең ұстағаны аңғарылады.
Көтерілістің болғаны рас, оған Амантай сынды азаматтардың жетекшілік
еткені, толқынға Жұпар секілді қыз баласының қатысқаны, оқыған зиялы
қауымның (романдағы Асқар, Бұқарбай, Қоңырбай, т. б.) көтеріліске қарсы
болғаны шындық. Ал Сәрсенбек - автор қиялынан туған қаһарман. Біздіңше,
жазушыны Алаш Орданың жеңіске жете алмағандығы, ұлтқа тәуелсіздік
бұйырмағандығы қатты толғандырған. Смағұл енді: «Бәлкім, қазақ оқығандары
16-жыл оқиғасына белсене араласып, күресті басқарып, жүйелеу керек пе еді?
Сонда мүмкін алаш жұрты бір ту астына жиналып, саяси сапырылыстар
тұсында тәуелсіздікке қол жеткізер ме еді?» деген пікірге келген тәрізді.
Сонымен кейіпкер Сәрсенбек - жазушының осы идеясын жеткізу үшін өмірге
келген бейне. Шығармада Сәрсенбектің ойынан кетпейтін, оған қуат дарытатын
Абылайхан, Кенесары елестері де жазушы көздеген идеядан туындайды.
Жанрын Ахмет Байтұрсынұлы «Ұзақ әңгіме» (повесть) деп анықтаған
С.Садуақасұлының «Салмақбай, Сағындық» атты шығармасы кезінде журналға
да басылған, кітап болып та шыққан. Повесте жазушы исі қазақ тұрмысына
жаңа ене бастаған шаруашылық түрінің адамдардың қалыптасып қалған ой-
түсінігіне жасаған әсер-ықпалын суреттей отырып, «ауылға келген тосын
28
жаңалықты кім қалай қабылдады?» деген сұрақ төңірегінде кейіпкерлер
психологиясындағы жаңа дәуір тудырған өзгерістерді жеткізбек болған.
Шығармада «тап тартысы» жоқ, дүниетанымдағы текетірес бар. Повесте
эпизодтық кейіпкерлерді бейнелері арқылы жазушы сол кездегі қазақ
ауылының жай-күйін, адам-дардың наным-түсінігін, қаланың далаға, даланың
қалаға деген көзқарасын шебер жеткізе алған. Рас «Салмақбай, Сағындық»
повесі туған кезде қазақ әдебиетінің проза жанры көркемдік талапқа толық
жауап бере алмады. Әйтсе де, көркемдікті, шеберлікті меңгеруге деген
талпыныс байқалады. Айталық, аталған шығармадағы жазушының кейіпкер
бейнесін сомдаудағы ізденістері, фәлсафалық ой-толғамдар айтуы, көркемдегіш
құралдарды туынды мұратына сай жұмсай алғандығы, туындының бітімін
біршама дұрыс орайластырғаны - ескеруге тұрарлық жайттар.
С.Садуақасұлының 1927 жылы жазған енді бір повесі - «Күміс қоңырау»
20-жылдардағы әдебиетке құбылыс болып енді. «Күміс қоңырау» әлеуметтік-
психологиялық повесть. Қоғам тап-тапқа, жік-жікке бөлінген дәуірде
дүниетанымда қарама-қарсылық молынан туындады.
Жазушы С.Садуақасұлы осы қылаңдаған құбылыстың сырына үңілді.
Оны зерделеу үстінде тұтас бір буынның тағдырын барлап, өз тарапынан адам
мен қоғамның сәйкестікте жетілуінің жолдарын қарастырды.
Шығарма Қошқарбай, Сейілбек, Сәлима, Нағима сынды замандас
жастардың бір-біріне жазған хаттарынан тұрады. Он хат арқылы осы төрт
кейіпкердің тек өзара сезімі ғана емес, қоршаған орта, қоғам, қазақ қалпы
туралы көзқарасы, толғанысы көрінеді. Күміс қоңырау - арбаға жегілген аттың
қамытына тағатын әшекей. Ол - жылтырақ нәрсе. Көлік қоңырау болмаса да
жүреді. Повесте жазушы оқыған азамат қоғамның жылтырауық әшекейі
болмай, қозғаушы күші болу керек дегенді айтады.
ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ зиялыларының көрнекті
өкілдерінің бірі, қоғам қайраткері, жазушы, әдебиетші Смағұл Садуақасұлы.
Алаш зиялысы С.Садуақасұлының есімі өткен ғасырдың 20-жылдары
қарастырған ғылыми еңбектерде тым үстірт айтылды. Келешекте
С.Садуақасұлының әдеби мұрасы насихатталса демекпін.
Достарыңызбен бөлісу: |