Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары 3 мамыр 2013 жыл



бет12/37
Дата25.02.2016
өлшемі2.73 Mb.
#22230
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   37

Қыз құйған шай


Бұдан тәтті не бар дейсіз әлемде,
Бұдан ащы не бар дейсіз әлемде,
Тәттілігі: сол қызға бір тік қарауға бата алмау, 
ащылығы: шешесінің болатыны қаталдау.

Әкесін де тағдыр тағы жасапты ғой қатты ғып – 


Қой, қой достым, біле білсең мұның өзі тәттілік. 

...Қыз құйған шай – 


одан ащы не болады, білмедім, 
Қыз құйған шай – 
одан тәтті не болады, білмедім. 
Ащылығы – тым ертерек әке болып қалғаным, 
Тәттілігі – айлар бойы аялайтын арманым [5, 124].

Өлеңдегі қарама-қарсы ұғымдар салыстыру мағынасымен ерекшеленеді. Синтаксистік параллелизмді еске салатын бұл туындыдағы поэтикалық анафора («қыз құйған шай») қарама-қарсы мәндегі сөздердің («тәтті», ащы») «поэтикалық» болмысының өзегіне алынған. «Екі өмірлік аспектіні бір мезгілде бойға сыйдыру, түнсіз күн болмасындай, олардың өзара тәуелділігін ұғыну» [1, 434] – диадалық табиғатты айқындайтын осы сипат мысалға алынған өлеңде қарама-қарсы екі ұғымның үйлесуі арқылы аңғарылады. Ащы мен тәтті ұғымын тұтастырып, бір «тіннің» бойына біріктіріп тұрған лирикалық қаһарманның көңіл күйі, сезімі қайшылықтың үндесуін, кереғар ұғымдардың тұтасуын танытады. Қарама-қайшы ұғым мен болмыстың бір-біріне әрекеті негізінде тіршілік тыныс алады. Жұмекеннің «Бетпақ даладағы шоқ гүл» өлеңінде осы ой поэтикалық тұспалмен аңғартылады. Бетпақ далаға шырай берген жалғыз шоқ гүл қарт даланың көңілі қалмасын деп берілген тіршілік сыйы іспеттес. Адамның жігерін де, сезімін де құм қылатын даладағы аңызақ жел – табиғаттың қаталдығын, сұрықсыздығын ал, дөңде тұрған жалғыз шоқ гүл – керісінше, табиғаттың мейірімі мен сұлулығын танытатын суреттер. Өлеңнің финалындағы:

Құм ағысын қақ айырып екіге 

Қызыл шоқ гүл тағдырымен тұр ойнап, 

Бедірейген бетпақ дала бетіне 

Ойнап шыққан қызыл қандай бір оймақ... [5, 215] –

деген жолдар қарама-қайшы құбылыстардың күресі мен бірлігі заңдылығына нұсқайды. Яғни, тіршіліктің нәр алар қуат көздері осы қарама-қайшылық екенін тұспалдайды. Екі жақтылыққа негізделген диадалық оксюморон тәсілі «Қыз құйған шай» өлеңіндегі көңіл күй құбылысы, сезім тартысын бейнелеуден «Бетпақ даладағы шоқ гүл» өлеңінде табиғаттағы қарама-қарсы ұғымдардың тұтасуы түріне көшкен.

Осындай бейнелеу тәсілі Ф.Оңғарсынованың «Мен саған ғашық емес ем» өлеңіне де тән. Қайшылықтан туындаған күрес лирикалық кейіпкердің шынайы тілегін екінші, яғни қарама-қарсы аңғарыммен жеткізеді. Ғашықтық сезім «ғашық еместік» ұғыммен «айшықталады»:

Сен үшін сонау алыстардағы елес ем,

Осынша мені арман қып келдің неге сен.

«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді сезуші едің ғой» демесең,

Мен саған ғашық емес ем [6, 146].

Көріп отырғанымыздай, бұл өлеңде «екінші үн» бар. «Екінші үннің» иесі – сезім әуенін жеткізуші. Сол «үн иесінің» сөздерінің тасасынан лирикалық кейіпкердің сезімі көрініс береді. «Екінші үн» туралы айтылған соң музыка теориясына қатысты айтылатын «обертон» ұғымына қатысты сөз қозғау жөн сияқты. Негізгі үнге қосымша реңк, айрықша мағына үстейтін обертон [9, 245] мына өлеңде лирикалық кейіпкердің «ішкі дауысына» сарын қосып, қайшы ұғымдардың «бірлігін» аңғартуға қызмет еткен.

Жан әлеміндегі ширыққан тартысты жеткізудегі диадалық тәсіл ақынның келесі бір «Телефон шыр етеді...» өлеңінің соңғы шумағындағы

Телефон, шыңғырсаң да,

Көтермеймін енді мен – қылғын, сарна!

Жүрегіме тыныштық бермей қойды-ау,

Төбесінен бір қойып сындырсам ба?!

Әне тағы... сені ме!

Қоңыр дауыс!

Трубканы сүйіп мен тұрдым сонда, -

деген жолдарға тән.

Осындай ішкі тілек пен ниетті оған қарама-қайшы мәндегі ұғыммен «бүркемелеу», «ішкі дауысты» екінші бір үнмен «көмкеру» Е.Раушановтың «Жолданбаған хат» өлеңіне тән поэтикалық тәсіл. Редифті ұйқас үлгісімен туындаған бұл өлеңнің көркемдік құрылымына назар аударайық:

Дәл осылай болатынын сезгем мен

Ғұмырым.

Сен кеткеннен ештеңе жоқ өзгерген,

Тірімін [7, 182].

Лирикалық қаһарманның екінші жанға үн қатуы Фариза өлеңіндегідей, мүлде кереғар сипатта. Жан дүниесін астан-кестен еткен «ғашық жанға» деген өкпе-наз лирикалық «меннің» ширығуына, сол арқылы жұбаныш табуына негіз болған. Жүрек қалауына қарсылық келесі шумақтағы

Іздемеймін жалғыздықтан торықсам,

Ұмтыламын өрге кіл.

Басымды изеп өте шығам жолықсаң,

Көр де тұр, –

деген жолдардан айқын аңғарылады. Алайда, бұл шын сөз, ақтық шешім емес. Іздейтін, торығатын хал басқаша, қарама-қарсы мәндегі сөздермен айшықталған.

Сені аңсаймын, сен туралы ойланам,

Өтірік ал, алдадым.

Керек емес, хат жазбай-ақ қой маған,

Телефон да шалмағын [7, 182].

Осы шумақтағы бірінші тармақ шынайы сезімді паш етсе, екінші, үшінші, төртінші тармақтар бірінші тармаққа кереғар түрде айтылғанымен, сондағы ойды тереңдетіп, толастамас сезімді бейнелейді. Оған дәлел соңғы шумақта түйінделген ой:

Сөйлейді аспан қара жаңбыр тілімен,

Сол Алматы, сол өзен.

Ағыл-тегіл жылайды, рас, түнімен

Терезем [7, 182].

Лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалыс, ширыққан сезім табиғатқа көшіріліп, «аспанның қара жаңбыр тілімен сөйлеуімен», терезесінің «түні бойы ағыл-тегіл жылауымен» тұспалданады. Екіге жарылған кейіпкердің ойы мен сезімі осылайша «бірігеді».

Е.Раушановтың тағы бір өлеңі «Өзім шөлдегем жоқ, жүрегім шөлдеді» деп аталады. Бұл өлеңде де кейіпкер жанындағы екіұдайлылық табиғат құбылысының араласауы арқылы аңғарылады. Өлеңде көркемдік деталь қызметін атқарған бұлт лирикалық кейіпкердің анаға деген сағынышын арқалаған. Ақын тілінде «менің бұлтым» деп «меншіктелуінің» мәні осында.

Бір бұлт бар,

менің бұлтым – сол бұлт.

Қабір жаққа бірге барып менімен,

Тұрады ылғи, байғұс, шаршап-болдырып [7, 178].

Ана қабірінің басына барып, мұңайған кейіпкердің сырт болмысы мен ішкі дүниесі қарама-қайшы қалыпта көрінеді. Ішке тұнған шерді тарқату, өксіп-өксіп жылау әрекетінің барлығы бұлтқа телінеді.

– Мама, – деймін, – бәрі жақсы,

дін аман.

Жылама деп айтып ең ғой,

жыламан...
Білем, енді оралмайды бал күнім,

Менің бұлтым тежеп әрең жаңбырын,

Аулақ барып,

ішкі шерін тарқатып,

Өксіп-өксіп жылайды бір зарлығым [7, 179].

Ішкі жан дүниесіндегі құбылысқа сырт «пішінін» қарсы қойған лирикалық кейіпкердің жан диалектикасы, жүрегін қозғаған мұң өз болмысынан «аулақтатылып», бұлт арқылы аңғартылады. Бақилық болған анамен тілдескен лиралық кейіпкер анасы айтқан ұстамдылықты «бетперде» еткенімен, сағыныш тербеген жан әлемін оған көндіре алмайды. Сондықтан да

...Мен шыдаймын,

шыдай берем,

шыдағам,

Бұлт қой анау жылаған... –

деп, шыдамын да, онымен тайталасқан егілу сезімін де өлеңнің бойына сыйдырып, өзінің бар болмысымен «айқара ашылады».

Екіұдай сезім мен халді қатар алу арқылы адам жанының шынайы табиғатын, жүрек қалауы мен сезім халін танытуда «бір тұлғаға» бірікен «қос тұлға» архетипінің «алтын өзекке» айналуы поэтикалық туындылар арқылы көрінгені мәлім. Бір адамның бойында «өмір сүретін» екіұдайлылық, екі түрлі ой, екі түрлі сезім, айналып келіп, бірігеді, тұтасады. Бір арнада тоғысады. Сол тұтасудан түрлі поэтикалық образдар мен тәсілдер, әсерлі де бейнелі оралымдар, стилистикалық айшықтар түзіледі. Қазақ поэзиясында мифологиялық-симолдық диада «қайнар көз» болған ондай сипатты өлеңдер көптеп саналады.

Ежелгі дүниетанымдағы екі жақтылықтың, қарама-қарсы мәндегі екі сипаттың, ұғымның бір тұлғаға бірігуін меңзейтін диада көркемдік ойлау жүйесінде, әдеби дамуда жаңғырып, қуатты да өміршең поэтикалық тәсілдердің қалыптасып, дамуына негіз болуда. Мифологиялық диададан бастау алып, көркемдік ойлау жүйесінде қарама-қайшылықты тұтастырудың түрлі амал-тәсілдері бірін бірі қайталамайтын сан қилы ізденістерге бастағанына талдау нысанына алынған туындылар мысал. Түрлі әдеби терминдер мен тәсілдерге сәуле түсірген екіұдайлықтың бірігуін меңзейтін танымның көркемдік дәстүрде жаңғыруын поэтикалық диада деп атау, осы ұғымды тереңірек және жан-жақты қарастырып, тұжырымдар жасау қажет деп білеміз.
Әдебиеттер тізімі
1. Дороти Норман. Мифологиядағы символизм. Кітапта: Әлемдік мәденитеттану ой-санасы. Он томдық. 2-том. Мифология. Құрылымы мен рәміздері. –А.: Жазушы, 2005. –568 б.

2. Большой энциклопедический словарь. http://dic.academic.ru/dic.nsf

3. Бөкей О. Біздің жақта қыс ұзақ. – А.: 1984. – 325 б.

4. Оксюморон в литературе // http://skazanul.ru/slova/oksyumoron-literature-nazvaniya

5. Нәжімеденов Ж. Толық шығармалар жинағы. 1-том. Өлеңдер мен поэмалар. – А.: Қазығұрт, 2012. – 488 б.

6. Оңғарсынова Ф. Он томдық шығармалар жинағы. 5 том. –Аст., 2004. –312 б.

7. Раушанов Е. Бозаңға біткен боз жусан. Өлеңдер мен поэмалар. – А.: Раритет, 2006. – 384 б.

8. Энциклопедия искусства. Под общ. Ред. Г.К.Шалабаевой. –А., 2010. – 432 с.




Жыраулар поэзиясы – хандық дәуір айнасы
А.Д.Әлтай,

ф.ғ.д., доцент

Қазақстан, Астана
Жыраулар поэзиясы – қазақ мәдениетіне ғана тән бірегей тарихи-мәдени құбылыс. Бірегей құбылыс болатын себебі – дүние жұртының арғы-бергі тарихында қазақ жыраулары мен олардың жыр-толғауларына дәлме-дәл сәйкес келетін әдеби шығармашылық иелері де, шығармалар да кезікпейді. Ал жыраулар поэзиясының өзімен дәуірлес өзге елдер әдебиетіндегі үлгілерден бөлек арна түзе, өзіне ғана тән мазмұнмен және өзіне ғана тән пішінмен тарих сахнасына шығуының сыры оның қазақ топырағында тарихи оқиғалармен, тарихи жағдайлармен орайласа тууында жатыр.

Жыраулар поэзиясының ХV-ХVIII ғасырларда қанат жая дамуының ең негізгі себебі – жыраулардың дербес елде өмір сүріп, өз елінің тағдырына, болашағына қатысты ойларын ашық айтуға мүмкіндік алуында жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, жырауларды өз елінің арман-аңсарын, мақсат-мұратын жырлаған, халқының өмір салтын, тірлік-тынысын боямасыз бейнелеген еркін ойлы шығармашылық иелері ретінде тану абзал.

Әлбетте, қазақ жыраулары тарихи-мәдени құбылыс ретінде бір ғана жыл аясында пайда бола қалмағаны анық. Жыраулар поэзиясының кемелдене өркендеу дәуірі ХV-ХVIII ғасырларға тән болғанымен, оның алғашқы бастаулары ХV ғасырға дейінгі жылдарда жатқаны және жаңа тұрпатты поэзияның ізашар өкілдері есімдері бүгінгі ұрпаққа аңыз болып жеткен шешендер мен алғашқы жыраулар болғаны шүбәсіз. Аңызбен астасып кеткен тұлғалар арасынан өмірде болғандығы күмән келтірмейтін жырау – Сыпыра Сұрғалтайұлы. Себебі халыққа кеңінен таралған эпостық жырларда, сондай-ақ кейінгі жыраулардың жыр-толғауларында Сыпыра жыраудың есімі аталып қана қоймай, оның өзі өмірде болған адам ретінде бейнеленеді. Сонымен қатар, оның бүгінге дейін жеткен жыр-толғаулары да Сыпыра жыраудың тарихи тұлға екенін дәйектей түседі.

Осы жағдайларға қарасақ, жыраулар поэзиясының өзіндік үрдіс-үлгісі ХV ғасырдан бұрын, яғни Сыпыра Сұрғалтайұлымен қатар жасаған жыраулардың шығармаларында қалыптаса бастағанына ден қоюға болады. Егер жыраулар поэзиясының Қазақ хандығы тарих сахнасына шықпай тұрып пайда бола бастағанына ден қойсақ, онда қазақ халқының ұлт ретінде ұйыса бастауын да ХV ғасырға дейінгі кезеңнен іздеу орайлы болмақ. Өйткені қандай да бір ұлттың жеке ұлт екендігін айғақтайтын факторлардың бірі сол ұлттың өзіне ғана тән тілі, мәдениеті екендігі белгілі. Ал жыраулар поэзиясының Қазақ хандығына дейін де көрініс беруі Әбілқайыр ханның билігі аясында тірлік етіп жатқан сан түрлі жұрт арасынан белгілі бір рулар мен тайпалардың өмір салты, мақсат-мұраты тұрғысынан бір арнада тоғыса бастағанын танытады. Демек, қазақ халқы ХV ғасырға дейін-ақ жеке ұлт ретінде ұйысып, мақсат-мүддесі мен өмір салты ортақ жұрт ретінде тірлік ете бастаған. Ал 1456 жылы дербес Қазақ хандығының құрылуы – сол ортақ мақсаттың тарихи шешім табуы [1]. Бұл ойдың шындықтан алшақ кетпейтінін Сыпыра жыраудың толғауынан алынған сөздер де тиянақтай түседі:



...Мен дүниеге келгенде

Әділетсіз хан көрдім,

Сауға болған дұшпанға

Есепсіз жүрген мал көрдім.

Алла тағала әмбеге

Бөліп берген ырысты.

Соның үшін, хан ием,

Көксемегей ұрысты.

Бейнетпен мал жинаған

Мәртебесі мол болар.

Бейнетқордың малы өсер,

Тама-тама көл болар.

Момын елдің жаны өсер,

Ақырында ел болар.

Жанжалкеш ел жауласып,

Жұрт арасы қан болар.

Қара жермен тең болар.

Ұрысты онша көксеме,

Етек тарылып жең болар.

Бағы тайса еліңнің,

Қақаған қыс болса да,

Мұз айырылып сең болар.

Момын елге тимегін,

Кеуілінде мұңлы шер болар.

Ерегісіп қоймасаң,

Ызалы ел бірігіп,

Қылыш алып қолына,

Қатыны да ер болар,

Сеніменен тең болар.

Күшейіп кетіп ел сенен,

Етек-жеңің сел болар.

Толғаудан ұзақтау үзінді алып отырған себебіміз – Сыпыра жырау өмір сүрген жылдардағы ел тірлігінің қандай сипатта болғанына, елдің нені көксегеніне ой көзін жүгірту. Үзіндідегі «Мен дүниеге келгенде...» деп басталатын тармақтан «Етек тарылып жең болар» деген тармаққа дейінгі аралықта айтылған мазмұнға қарасақ, ел билеген әміршінің халыққа тізе батырған өктемдігін, ұрыс-жанжалға құмарлығын, соның салдарынан ел ішінде берекесіздік орын алғанын аңғарамыз. Осыдан кейінгі толғау жолдары берекесіз тірліктен қажыған елдің ырзықты-несібелі өмір сүруді арман еткенін аңдатады. Ел көңілінде басқаша өмір үрдісін орнықтыруға мүдделі ниет туа бастағанын төмендегі жолдар әсіресе анық көрсетеді:



...Ызалы ел бірігіп,

Қылыш алып қолына,

Қатыны да ер болар,

Сеніменен тең болар.

Күшейіп кетіп ел сенен,

Етек-жеңің сел болар.

Демек, 1456 жылы дербес Қазақ хандығының құрылуы – ызалы елдің бірігіп, өзінің дербес өмір салтын түзуге деген ұмтылысының жемісі. Ал жырау айтып отырған «ызалы ел» – өктем ханның тізесі батқан рулар мен тайпалар. Осы жағдайларға ден қойсақ, дербес Қазақ хандығының сүйегін құраған жұрт осы «ызалы ел» екенін бағамдаймыз.

Ал әділетсіз хан билігінен әбден қажыған «ызалы елдің» ортақ мұратқа жұмылып, дербес ел ретінде өмір сүруге талпынуына ықпал еткен, басқаша айтқанда, «әділетсіз хан» билігі астында «кеуілі мұңлы шерге» толған «момын елдің» тәуелсіз жаңа мемлекет құруға мүдделі болуына идеологиялық негіз салғандар сол елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жыраулар болғаны анық.

Тарих сахнасына жаңа мемлекет – Қазақ елінің шығуына идеологиялық негіз дайындаған алғашқы жыраулардың көпшілігінің есімдері де, халықты жаңаша өмір сүруге үндеген шығармалары да бүгінде белгісіз. Әдебиет зерттеуші ғалымдардың мұрағат құжаттарынан, ел арасында айтылып жүрген ауызекі әңгімелер мен аңыздардан тірнектеп жинаған еңбектерінің арқасында Қазақ хандығына дейін жасаған жекелеген жыраулардың аты-жөндері, жыр-толғауларының үзінді-үзіктері белгілі болды. Мұндай сөз иелерінің қатарында Сыпыра Сұрғалтайұлынан басқа, Кетбұғы, Жұмақұл сияқты жыраулар аталады [2]. Сондай-ақ, Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезеңде өмір сүріп, ел жадында сөз қалдырған жыраулардың бірі Қодан-тайшы екендігі де анық. Оның өз баласы Дайырқожа өліміне байланысты айтқан жыры бүгінде көкірегі ашық жұрттың бәріне белгілі.

Дербес Қазақ хандығына дейінгі кезеңде өмір сүрген жыраулар мұрасынан осы уақытқа дейін сақталып жеткен Сыпыра жырау мен Қодан-тайшы сөздерін хандық дәуірдегі жыраулар шығармаларымен салыстыра қарасақ, жыраулық поэзия дәстүрінің ілкі нышандары арғы жылдарда жатқанын қапысыз түсінеміз. Себебі жыраулар поэзиясының ізашарлары мен сол поэзияны көркемдік кемелдікке жеткізген тұлғалар еншісіндегі шығармалардың сыртқы пішінінде, яғни ырғақ, буын, бунақ, интонация сияқты элементтерде айырмашылық мүлдем жоқ. Ал көркемдік мазмұн тұрғысынан келгенде, алғашқы жыраулар поэзиясында белгіленген көркемдік бағдар кейінгі толқында жан-жақты тармақталып, кеңінен өрістегенін байқаймыз [3]. Шығармашылық даму жолында мұндай өзгерістердің болуы – заңды жәйт. Өйткені – дербес Қазақ хандығына дейінгі өмір мен дербес ел өмірінде айырмашылықтар бар. Міне, сол айырмашылықтар өмір бейнесі – поэзияда көрініс тапқан.

Демек, поэтикалық көркемдік үлгісі Сыпыра, Кетбұғы, Жұмақұл, Қодан-тайшы шығармаларында жатқан ХV-ХVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы – хандық дәуірдегі ел өмірінің көркем бейнесі. Олай болса, жыраулар поэзиясында өз дәуіріндегі ел өмірі қалай бейнеленген? Бұл сұрақтарға жауап іздеу жыраулар поэзиясындағы көркемдік мазмұн мәселесін зерделеуге жетелейді. Ал көркемдік мазмұн – әдеби шығармалардың оқиға желісін, тақырып, идеясын сөз етумен шектелмейтін поэтикалық мәселе. Бұл тұста назар аударуды қажетсінетін көптеген көркемдік сипаттар бар. Солардың бірі – көркемдік әдіс, ағым-бағыттар және солардың жетекші мән иеленуіне себепкер болған жағдайлар.

Жыраулар поэзиясы – реалистік және романтикалық көркемдік әдістерді тел тоғыстырған әдеби құбылыс. Аталмыш екі әдістің жыраулар шығармашылығында өзара ұштаса көрініс табуының негізгі екі себебі бар. Оның бірі – өздерінің жыр-толғауларына арқау еткен мәселені жыраулардың өмірлік шындықтан алуы және сол шындықты халық көңіліне ұялайтындай мазмұнда шынайы жырлауға ұмтылуы болса, екінші себебі, – яғни романтикалық әдістің көрінуі, – жыраулардың шығармашылық ұстанымының халықтық арман-мұраттардан өріс алуында жатыр. Дәл осы романтикалық әдіске ден қоюшылық, әсіресе, қазақ жұртының дербес ел болуға бет түзеген кезеңінде өмір сүрген жыраулар поэзиясына етене болып келеді. Оның сыры өз билігін өз қолына алып, өзінің жаңа мемлекетін құруға ұмтылған халықтың романтикалық сезімге толы асқақ арманымен байланысты. Жалпы, мұндай жағдай жаңа өмір құруға ұмтылған кез келген халықтың тарихына тән көрініс болып келетіні белгілі. Осындай халықтық романтика жыраулар поэзиясына да әсер еткені анық.

Осы орайда ескеру абзал, романтикалық әдістің негізгі ерекшеліктерінің бірі суреттеген жәйтті я асқақтата, я құлдырата жеткізуі болып келеді. Нақтылай айтқанда, романтизмге бағдар ұстанған шығармашылық иесі абзал сезімдерді, игілікті іс-әрекеттерді асқақтата көрсетсе, соған керісінше, қайғылы жағдайды, келеңсіз мінез-құлықтарды, ұнамсыз жәйттерді мейлінше құлдырата ұсынатыны белгілі. Мысал үшін ХV ғасыр жырауларының төмендегі жолдарына зейін салып көрелік. Ата жұрт – Еділдің суретін Қазтуған жырау былайша асқақтатса:



...Салп-салпыншақ анау үш өзен –

Салуалы менің ордам қонған жер,

Жабағылы жас тайлақ

Жардай атан болған жер,

Жатып қалған бір тоқты

Жайылып мың қой болған жер;

Жарлысы мен байы тең,

Жары менен сайы тең,

Ботташығы бұзаудай,

Боз сазаны бұзаудай...

Қайран менің Еділім!.

Шалкиіз жырау толғауында Орманбет биден айырылған елдің қайғысы былайша бейнеленеді:



Орманбет би өлген күн –

Он сан ноғай бүлген күн;

Жез қарғылы құба арлан

Жетіп түлкі ала алмай,

Жалған аңын ала алмай,

Қорашыл төбет болған күн;

Оң қанатын теріс соғып,

Лашын құс қу ала алмай қалған күн...

Дәуірлес қос жыраудың бірі Еділдің қайырлы қоныс ретіндегі қадірін, енді бірі Орманбет бидің қалың елдің тұтастығына сызат түсіруге жол бермеген қасиетін өмірлік реалиялардан асыра, романтикалық мәнерде бейнелесе, оның сыры ата жұрт – Еділ мен қабырғалы елді әділ төрелігіне ұйытқан Орманбет биді халықтың қастер тұта бағалауында жатыр.

Ата жұрттан да, аталы сөз иесінен де айырылып, көңіліне алаң қонақтаған ел дербес хандық құрып, өз тізгінін өз қолына алған тұста көңіліне сенім ұялап, рухы асқақтай, мінезі айбындана танылады. Міне, ел көңіліндегі дәл осы ахуал жыраулар поэзиясынан айқын көрініс тапқан. Қазақ хандығының алғашқы дәуіріндегі жыраулардың жыр-толғауларында өр рух, асқақ сезімнің көл-көсір шалқып-тасып жатуының сыры – сонда. Демек, қазақ жырауларының поэзиясындағы романтика – көркемдік әдіс қана емес, сол дәуірдегі қазақ баласының қай-қайсына да тән болған асқақ рухтың көрінісі, қазақ баласының ішкі болмысындағы алуан-алуан сезім күйлерінің бейнеленуі, яғни жаңа мұраттар мен ұлы мақсаттарға ұмтылған елдің тұтастай өмірінде жетекші мән иеленген халықтық романтиканың поэзия тілімен сөйлеуі. Бұл тұрғыдан келгенде, жыраулар поэзиясы – қазақ баласының болмысына ежелден етене өр мінездің айнасы.

Ал, жүрегінде ұлы армандар атойлаған елдің баласы – ер, мінезі өр келетіні мәлім. Ұлы армандар жолында ол өлімнен де сескенбейді. Асқақ рухты елдің баласы ажалдың өзін таңдайды. Оның:



«...Оқ қылқандай шаншылса,

Қан жусандай егілсе,

Аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес!» (Доспамбет жырау) – деп тілек етуі де сондықтан.

Дербес хандық құрып, мерейі тасыған елдің көңіл ауанына тән болған осы іспетті романтикалық өрлік ХV-ХVІ ғасырларда жасаған жыраулар поэзиясында басымдық иеленсе, содан кейінгі дәуірлерде жыр туындатқан жырауларда реалистік бояу маңыз ала бастайды. Мәселен, ХVІІ ғасырдағы жыраулар поэзиясының өзінде алдыңғы дәуірлерде жасаған жыраулар поэзиясына тән болған романтикалық бояу азая береді. Оның есесіне, өмірлік шындықты тануға мүмкіндік беретін суреттер мен бейнелеу тәсілдері бел ала түседі. Мәселен, Жиембет жырау шығармаларынан оның өз өмірінің көріністерін танысақ, Марғасқа жырау сөзінен Есім хан мен Тұрсын ханға байланысты оқиғаларды, сол оқиғаларға себеп болған жағдайларды, соңғы шешімін аңдай аламыз. Аталмыш жыраулардың туындыларынан осы іспетті жәйттердің анық танылуының сыры олардың шығармашылығында реалистік әдістің жетекші орын алуына қатысты. Алғашында романтикалық әдіспен тоғыса көрінген реализм ХVІІІ ғасырдағы жыраулар үшін негізгі көркемдік әдіске айналды. Бұл тұста тіпті дидактикалық жыр-толғаулардың өзінде реалистік бейнелер маңызды роль иеленді. Мысалға жүгінелік:



«Жақын жерден шөп жесе,

Жердің сәнін кетірер.

Ағайынның аразы

Елдің сәнін кетірер.

Абысынның аразы

Ауыл сәнін кетірер» (Бұқар жырау).

Толғау ел мен жердің берекесі кетпеу үшін қандай әрекеттер мен қылықтардан аулақ болу қажеттігін өсиет ететін дидактикалық мазмұнға құрылған. Мақсат – тағылымды ой-идея ұсыну. Дегенмен, осы толғаудан романтикалық идеал бейнелер де, суреттеулер де ұшыраспайды, есесіне, кәдімгі өмір шындығына сүйенген ой түйіндері алға тартылған.

Тіпті, жыр-толғауларынан асқақ болмысы, романтикаға құштарлығы сезілетін Ақтамберді жыраудың өзі романтикалық идеал – армандарға бой алдырмайды. Оның романтикалық арманының өзі реалистік мұраттардан, сол мұраттарды бейнелейтін реалистік көріністерден жинақтала келіп, алға тартылады. Жыраудың романтикалық арманы бейнеленетін туындысы – «Күлдір-күлдір кісінетіп...» деп басталатын толғауы.

Тұтастай алғанда көңілді романтикалық сезім күйлеріне бөлейтін осы толғауда өмірлік шындықтан алшақ кетіп, идеал арманнан алынған бірде-бір сурет, бірде-бір көрініс жоқ. Мәселен, төмендегі үзіндіні алып көрелік:



«...Пышақтан малым кетпесе,

Қазаным оттан түспесе,

Ауылдан топыр үзілмей,

Ошақтың оты өшпесе,

Май жемесе қонағым,

Қан жемесе барағым,

Он кісіге жараса

Бір кісіге арнап тартқан табағым!..»

Байқалып тұрғандай, жыраудың арманы асқақ. Алайда бұл арманды өмірлік шындықтан алшақ жатыр деуге келмейді. Себебі – ел ішінде береке тұнып, ниет түзелсе, жырау арманының қай-қайсы да орындалуы әбден ықтимал. Ал бұл арманның идеал өмір секілді сезілуінің өзі өмірлік шындықтан туып жатыр. Бұл тұстағы өмірлік шындық – қарама-қайшылықтарға толы адам болмысы.

Осы орайда «ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясында реалистік әдістің жетекші роль иеленуінің сыры неде?» деген сұрақтың тууы заңды.

ХV-ХVІ ғасырларда романтикалық әдістің басымдық танытуы дербес мемлекет құруға ұмтылған халықтың асқақ арманымен байланысты екенін жоғарыда айтқан едік. Ал ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар – Қазақ хандығының іргесі бекіп, тіршілік ету кеңістігі, яғни мемлекеттік территориясы біршама тұрақтала айқындалған дәуір. Осыған орай, қазақ жерінде қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесін тиянақтай орнықтыруға ұмтылыс басталды. Бұл жағдай қазақ қоғамының қандай сипатта өркендеуі қажеттігін белгілеуді талап етті. Осы қажеттілік сол уақыттағы қазақ қоғамының жай-күйін нақтылай тануға себепкер болды. Әрине, мұндай әрекеттердің арнайы қаулы қабылданып, сол қаулы аясында жасалмағаны түсінікті. Дегенмен, сол дәуірдегі ел көсемдері, яғни ел тізгінін ұстағандар мен жалпы қоғамдық санаға ықпал ете алатын күштер өз тұсындағы әлеуметтің тірлік-тынысын зерделей танып, сол негізде қазақ қоғамын нығайтуға жол ашатын әрекеттер жасау қажеттілігін іштей сезінгені және сол бағытта әрқайсысы қал-қадерінше әрекеттер жасағаны анық. Ал хандық дәуірдегі қазақ қоғамының санасына аса ықпалды күштер жыраулар мен би-шешендер болғаны және олардың өз қабілеті мен мүмкіндігін өз елін өркендетуге жұмсағаны даусыз.

Ел тірлігін, қоғам тынысын нақтылай тануға ұмтылыс өмір шындығына үңілуге бастамақ. Ал жыраулар шығармашылық әрекет иелері болғандықтан, олар өздерінің танып-таразылаған жәйттерін жыр-толғауларында бейнелейтіні түсінікті. Демек, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар елдің арман-аңсарларынан гөрі, өмір салтына, тіршілік сипатына баса назар аударды және аңдап-аңғарғандарын шынайы бейнелеу арқылы қазақ қоғамын жақсы мен жаманды таразылай бағалап, жақсылыққа бағыт ала дамуға жетеледі [4]. Осы дәуірдегі жыраулар поэзиясында реализмнің басымдық танытуының себебі де сондықтан. Бұл тұрғыдан келгенде, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ жыраулары – өмір шындығына бағдар ұстанған шығармашылық тұлғалар, әрі сол шындық негізінде қоғамды жетілдіруге қызмет еткен ойшыл қайраткерлер.

Бұл пікірге дәйек болар сөз үлгілері қазақ жырауларының қай-қайсынан да табылады. Мәселен, Бұқар жырау ұлағатына қарайық:



«...Ер жігіттің қадірін

Ағайын білмес, жат білер.

Қойға қошқар құт болса,

Қозы құрттан өлмейді.

Қой бітерде қотаншы ит

Бөріге қой бермейді.

Ауылда адам бар болса,

Ауыл ала болмайды.

Ел иесі құт болса,

Халқы ала болмайды...»

Осы мәтінде жырау айтып тұрған жәйттің бәрі – өмір шындығы. Жыраудың сол шындықты көрсетудегі мақсаты – елге құт қонақтату. Ал елге құт дару үшін ел ішінде алауыздық болмау керек, алауыздық болмау үшін ел иесі әділ болуы керек. Толғаудан танылған осы сипаттарды ескерсек және күнделікті өмірінде жыраудың өзі сол мақсатқа қызмет қылғанын ойға алсақ, сондай-ақ, бұл қасиеттің жалғыз Бұқарға ғана емес, барша қазақ жырауларына тән болғанын ойда ұстасақ, жыраулардың сөзі мен ісі бір арнада тоғысқан қайраткер тұлғалар болғанын анық бағамдаймыз.

Шығармашылық әрекетінде де, азаматтық әрекетінде де халықтық мұратқа қызмет етуді көздеген жыраулардың осы мақсат жолындағы басты құралы жыр-толғаулар болса, ықпалды әдеби тәсілдерінің бірі дидактика болды.

Жыраулар поэзиясындағы дидактика – өзімен-өзі оқшау жатқан өнегелі сөз, тағылымды ой-идея емес, жыраулар ұстанған көркемдік әдістердің талабына лайықтала, жыраудың азаматтық көзқарасынан өріс ала көрінетін көркем идеялар жиынтығы [5]. Жыраулар дидактикасынан ел болу, өмір мәні, адам жаратылысы, замана жайы тәрізді сан қилы мәселелерге арналған жүлге-жүлге ой-идеяларды молынан ұшырастыруға болады және бұл идеялар түрлі дәуірлерде әлеумет түсінігіне лайықтала жаңғырып, жаңара көрініп отырады. Мәселен, жыраулар жиі назар аударатын адам болмысындағы қасиеттердің бірі – жақсылық пен жамандық жайы болса, бұл мәселе ХVІ ғасырдағы Шалкиіз толғауында:



«Жақсының жақсылығы сол болар –

Жаманменен бас қосып,

Сөйлемекке ар етер;

Жаманның жамандығы сол болар –

Сөйлесе дәйім бетін қара етер...» – деген мазмұнда жырланса, ХVІІІ ғасыр жырауы Ақтамберді осы мәселені:

«...Білімді туған жақсылар

Аз да болса, көппен тең.

Жақсысы кеткен ауылдың

Артынан жақсы шықпаса,

Өртеніп кеткен жермен тең...» – деп толғайды.

Қос жыраудың айтар ойы үндес болса да, көркемдік мақсатта айырмашылық бар. Оның себебі жыраулар өмір сүрген дәуірдегі әлеуметтің таным-түсінігінен туындап жатыр. Нақтылай айтқанда, Шалкиіз дәуірі үшін болмыс-бітімі бөлекше жаралған ерекше тұлғаны аңсау, соның жолына еру маңызды болса, Ақтамберді дәуіріндегі жұрт ақыл-парасатымен елді ұйытып, берекеге бастайтын тұлғаны көксейді. Белгілі бір дәуірге тән таным-түсініктегі сәл ғана айырмашылықтың өзі шығармашылық иелерінің көзқарасына, соған орай олардың көркемдік әдістеріне әсер ететінін және жыраулардың өз дәуіріндегі халық санасындағы құбылыстарды бейнелегенін осы мысалдан да байқауға болады.

Қазақ жыраулар поэзиясының хандық дәуірдегі ел өмірінің көркем бейнесі болып табылатынын дәйектейтін сипаттардың бірі – жыр-толғаулардың кейіпкерлері мен қаһармандары. Жыраулардың негізгі қаһармандары – ел, ел билеген хандар және қол бастаған батырлар. Хандар мен батырлардың жыраулар поэзиясында маңызды орын иеленуі де замана тынысымен тікелей байланысты. Ел ішіндегі береке мен жердің бүтіндігіне алаң жыраулар елге тұтқа тұлғалардың ұсақ-ұлаң кемшіліктерінің өзі ел тағдырында зор маңыз алатынын анық түсінетіндіктен, өз қаһармандарының жақсы әрекеттерін халыққа өнеге ете, асқақтата жырласа, көңілге кірбің түсіретін мінездерін аяусыз сынайды және мұндай шығармашылық мінез:

«Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып, қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай

Елеуреп неге сөйлейсің?!» – деп айбындана сөйлейтін Асан қайғыдан бастап, бір сәт астамшылыққа бой алдырған ханды:

«Ай, Абылай, Абылай,

Сен мен көргенде

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің,

Әбілмәмбет патшаға

Қызметкер болып тұр едің...» – деп сабасына түсіретін Бұқар жырауға дейінгі аралықта бұлжымас дәстүрге айналған тағылымды жол сияқты көрінеді.

Жыраулар поэзиясы өз дәуіріндегі ел өмірінің көркем бейнесі болып табылатынын жыр-толғауларда суреттелетін кейіпкерлер мен қаһармандардың іс-әрекеттері, мінез-құлықтары да айқын танытады. Мәселен, ХV ғасырдағы Асан қайғының:



«...Арасынан қытай, орыстың

Қорған сап, тыныш жатырсың,

Өзің – Жәнібек, елден асқан батырсың!

Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,

Желмай мініп жер шалсам,

Тапқан жерге ел көшір...» – деп келетін толғау жолдарынан өз батырлығына сенген Жәнібек ханның қытай мен орыстан төнуі ықтимал қатерді аңдамай, бір сәт қамсыздыққа бой алдырғанын, оның бұл қылығы ел көңіліне алаң кіргізгенін көрсек, ХVІІ ғасырдағы Жиембет жырлары Есім хан тұсында ел арасында берік тәртіп орныққанын аңдатады. Ал Ақтамберді, Үмбетей, Бұқарлардың жыр-толғауларынан ХVІІІ ғасырдағы ел өмірінің түрлі көріністерімен қатар, жекелеген адамдардың ұнамды-ұнамсыз іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын көреміз және сол әрекеттердің арғы астарына дендей көз салар болсақ, ел тірлігіндегі жақсылы-жаманды оқиғаларды, әртүрлі әлеуметтік қарым-қатынастарды аңғарамыз.

Ал жыраулар поэзиясында ел өмірінің алуан мазмұнда көрініс табуы және солардың бәрінде береке-бірлікті ұлағат етуге бағдар ұсталуы – жыраулардың өз дәуіріндегі өмір шындығын алға тарта отырып, елді жақсылыққа бастауды мақсат тұтқан және сол мақсат жолында қызмет қылған қайраткер тұлғалар болғандығының айқын айғағы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет