Әдебиеттер тізімі
1. Момышұлы Б. Көптомдық шығармалар жинағы. – А.: Өнер, 2009 ж.
2. Момышұлы Б. Момышұлының жазбалары // ҚР ОММ Қор 1432, тізім 1, іс 5-18.
И.Гаспринский және қазақ қаламгерлері арасындағы
әдеби байланыс
О.Б.Сүлейменов,
магистрант
Қазақстан, Астана
Ел мен елдің, соның ішінде түркі халықтарының арасындағы тарихи, мәдени, әдеби достық жолдары, байланыстары ешқашан үзілмек емес. Достықты, тамырластықты насихаттау, зерттеу үлкен міндеттердің бірі болып қала береді.
Түркі әлемінің бай да, асыл рухани-мәдени мұраларын түгел қамтып, жаңғыртып, жаңалап, қалпына келтіру, ұрпаққа оның тұтастығын, ауқымдылығын, мән-мәнісін таныту, паш ету бүгінгі түркі қауымының ХХІ ғасырда алдында тұрған ең абзал парыздарының бірі болмақшы.
Отаршылдық езгіден құтылу жолын іздеген түрікшілдік идеяны уағыздаған қайраткерлер қатары дүниеге келіп, барлық түркі мұсылмандарын азаттық жолына шақырды. Түрікшілдік қозғалыстың белді қайраткерлерінің қатарына қырым және қазан татар ұлттарының азаматтары С.Мақсұдов, Ғ.Исхаков, М.Бигиев, Ә.Топшыбашев түрік бірлігі мен исламдық ынтымақтастықтың идеологиясы негізінде азаттық күресте түркі-мұсылман халықтарының саяси күштерін тұтас бір майданға біріктіруді көздеді.
Түрікшілдіктің көш басында Қырым топырағында дүниеге келген, Мәскеудегі кадет корпусында білім алып, Еуропа мен мұсылман елдерінде болып Шығыс мәселесімен жете танысқан И.Гаспринский тұрды.
И.Гаспринский Ресей мұсылмандарының өзге жұрт мәдениетінен төмендігін, бұлай бола берсе жоғалатынын біліп, оның себебін іздеген.
Ол үшін:
1. Балаларды бастауыш мектепте оқыту, мектептерді заманға муафақ тәртібіне салу, сол тәртіпті Ресейде жалпы мұсылман мектептеріне жүргізу;
2. Ресейдегі түрік қауымдарының ортасында бәріне ортақ түсінікті әдеби тіл тудыру, Еуропа өнер-білімін медреселерде сол ортақ тілмен оқыту;
3. Пақырлық себебінен оқусыз, білімсіз, өнерсіз қалуы мүмкін болған нашарларға қарасып, оларды да оқудан, өнер-білімнен махрұм етпес үшін «Жамиған хабарие»-лар, «Жәрдем жамиатларын» ашу керек (1,360) деп ойлайды.
Ұлттық езгіден шығудың бірден-бір жолы ұлтшылдық деп шешкен Гаспринский алдымен мектепті түзеп, ұлтшылдық тәрбиесін мектептен бастау керектігіне және түрік тілі мәселесіне баса назар аударады.
Түркі тілдес мұсылман халықтарының мәдени бірігуіне алдымен араб алфавитін түркі халықтарының тіліне лайықтап, дыбыстың естілу ерекшеліктеріне сәйкес бір ізге түсірілген жазу «усул жәдитке» көшуді ұсынады.
Алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы ол туралы: «Бұл жүйе «усул жәдит» деп аталады (усул ‒ әдіс деген сөз). Қырымдағы Бақшасарайдың Зинджирлы медресесінде басталған осы жаңаша оқыту әдісі санаулы жылдарда Ресейдің күллі мұсылман аймағына, тіпті шетел ‒ Үндістанға дейін тарайды», - дейді (2,55).
И.Гаспринскийдің туындылары зерттеліп қаралғанда, үш негізгі тақырып назарға түседі. Бұлар батыстың жаңа және пайдалы пікірлерін үйреніп, мұсылман әлеміне тарату, білім жүйесін жаңа әдістерге орай жаңалау және Османлы түрікшесінің бүкіл түркі әлемінде түсінікті болатындай ортақ әдеби тіл болуын қамдау. Ол өмірі бойы Османлы түрікшесінің барша түрік түсінетін ортақ әдеби тіл ретінде қабылданып, қолданылуы үшін жұмыстанды. Бірақ оның қалағаны шетелдік сөздермен араласқан османлыша емес, халық жақсы түсінетін және шет тіл сөздерінен тазаланған османлы түрікшесі болатын.
Оның ыдыраған түрік халықтарын жақындастыру үшін ойластырған құралы жоғарыда айтқанымыздай ортақ әдеби тіл болатын. Осы жолда көп күш жұмсалды. Алайда, ортақ әдеби тіл үшін Қырым татар тілін таңдауы дұрыс емес болатын.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының бұрыннан қолданып келе жатқан араб әріпті әліпбиді ана тіліміздің табиғатына сәйкестендіріп, жаңа әдіс құрған кезінде оған қарсы шыққандар аз болған жоқ. Әртүрлі зиялылар арасында да пікір қайшылықтары болды. Ж.Шияшев «Айқап» журналында «Бірге қозғалайық» деген тақырыпта мақала жариялайды (3,106). Бұл мақалада Ахмет Байтұрсынұлының татарлардың жол көрсетушілігін қабылдағысы келмегенін және бүкіл түрік халықтары үшін ортақ тіл ұсынысынан қашып, қазақ халқын бөлек ұстағысы келгенін жазды. Бұған А.Байтұрсынұлы былай деп жауап береді: «Түрік тілінің бәріне қомуми емле болу керек десек, түріктің қай баласында азбаған тұнық тіл, түзу емле қазақта боларға тиісті. Неге десек: ата кәсібін тастамай істеп келе жатқан – қазақ. Басқа жұртқа араласпай, өз алдына оңаша, оқшау жүрген – қазақ. Жат жазудың ыңғайына қарап, басқалардан тілін бұзуға, арасына жазу жайылмаған түрік баласы – қазақ...
Егер де Гаспринскийдің сөзін тірілтеміз десек, ұлығ іс үшін ұсақ намысты қойып, түріктің тұнық тілін, түзу емлесін алу керек. Азбаған асыл тілден емле шығарып, соған қарап басқа емлелерді түзету керек.
Ақтығында айтатыным: бұл күнде жазылып жатқан кітаптарда, газеттерде, журналдарда қазақ тілінде болсын, татар тілінде болсын анықталған қағидалы емле деп айтуға да жол жоқ. Тұтынып жүрген емлеміз сап түзеген солдаттардай болғанша, мұндай сөзді қозғау түзелуімізге себеп болады», - дейді [4,247-251].
Исмаил Гаспринский 1883 жылдан бастап өзі түзген әліпби негізінде «Тілде, істе, пікірде бірлік» деген ұранмен «Тәржіман» газетін шығарып, мұсылман халықтарын саяси оянуға шақырады.
Ол туралы Ә.Бөкейхан: «Исмайыл мырза «Тәржіман»-ды өзі жазған, баспаханада харіпті өзі тізген, мәшинәда өзі басқан, газетаны өзі бүктеген, шаһардағы алушыларға өзі үлестірген. Сөйтіп бейнеттеніп жүріп «Тәржіман»-ның бір жағын орысша, бір жағын түрікше толтырып, жеті сайын шығарып, таратып тұрған», – деп [1,363-364] оның газетті оңайшылықпен шығармағанын, газет шығару үшін қанша бейнеттенгенін атап өтеді.
Баспа үйін ашу, қағаз бен сия сатып алу, мақала жазу, газетті басу бір басына жүктеледі. «Тәржіман» бастапқыда аптасына бір рет шықса, кейіннен күн сайын шыға бастайды. Газет шыға бастаған кезде көпшілікті қызықтыратын, өзекті мәселелерді терең талдап, халыққа жариялап отырады. Ақиқатты бұлтартпасыз жазатын және халықты ойлануға шақыратын газет үкімет жауаптыларына ұнай қоймайды. Баспа үйі мен басушыны тексерулер, жазалау, тінтулер болады. Бірақ, бұлар Исмаил мырзаны тоқтата алған жоқ, қайта жігерін жанып, күшіне күш қосты.
Исмаил мырзаның бір ерекшелігі оның бірнеше тілді меңгергендігі болып табылады. Барлық түрік тілдерімен қатар орыс және француз тілін де жетік білетін.
Бірнеше тілден аударып «Тәржіманда» жариялаған бірқатар хабарлары арқылы бұлай жасай алмаған бауырларына көп көмек тигізді. Қазан төңкерісіне дейін «Тәржіман» секілді ұзақ мерзім, яғни 33 жыл бойы басылған басқа түрік-мұсылман газеті жоқ. Газет барлығы 35 жыл басылды, бұл жылдары түрік жұртына қызмет етті.
«И.Гаспринский «Тәржіман» газетінің 1913 жылғы №218 санында «Білесіздер, топырақ - Алла емес, бірақ Алланың жаратқан нәрсесінің ең оңдысы, ең қадірлісі, жанға саясы, жұртқа панасы. Адам мақұлықтардың құрметтісі, артығы дейсіздер. Құдай тағала адамды алтыннан жаратқан жоқ, баяғы жақынға сая, жұртқа пана болған топырақтан жаратты. Алтын да топырақтың құтымен болған нәрсе. Жанға құт беретін, ғұмырға берекет беретін, арысаң ат, ашықсаң тамақ болатын ТОПЫРАҚ, ТОПЫРАҚ және ТОПЫРАҚ! Айтып-айтып келіп, мынаны айтамын, шырақтарым. Бақ болсын, бақша болсын, қара болсын, тақыр болсын, тас болсын, қолыңа тиген топырақтан айырылма! Мойындарыңдағы парыз осы!» деп жерінен айрыла бастаған қазақ, қырғыз, башқұрт бауырларына қарата айтты» деп жазады А.Мектептегі «Түркістан» газетіндегі мақаласында [5].
Бұл жан айқай жайлы Сұлтанмахмұт Торайғырұлы «Суыққа тоңып ыстыққа піскен, ащы-тұщыны ішкен дегендей көпті көрген қариямыз «Тәржіман» ақсақал 1331-інші номерінде жерді шарт жүгініп қолындағы мойыл таяғыменен жерді сабап, «Қазақ, қырғыз, башқұрттар-ау. Топырақ. Топырақ. Топырақ» деп сақалынан суы сорғалап бай-байлап отыр» [6,136] деп оның сөздерінің қазақ ақсақалдарына ұқсамайтындығын, құрметке бөлену үшін айтылған жалаң, екіжүзді, бос сөздер еместігін, қолымен ұстап, көзімен көрген және басынан өткізген ащы тәжірибемен, ашына айтылған сөзге ұқсайтындығын қазаққа тағы да қайталап айтып жеткізеді.
Түркі халықтарының тағдыры, тілі, діні, салт-дәстүрі, тарихы, ауыз әдебиеті, аңыздары, мақалдары, ойшылдары, хандары және батырлары газеттің қозғаған маңызды мәселелері болып табылады. Бұл мәселелердің көпшілігінің қазірдің өзінде маңызын жоғалтпағанын және өзектілігін білеміз. Кедергі қойылғанына қарамастан «Тәржіман» қазақ халқының мәдениеті мен тарихымен де айналысты.
«Біздің Қырым жақта екі түрлі халық бар болатын. Біразы көшпенді еді. Солар жүз жылдың ішінде тарих бетінен жоғалып кетті. Ал, егін, бақшамен күн көріс жасағандар сақталып қалып, олардың сандары арта түсті.
Құдайға шүкіршілік, Торғай қырғыздарының ішінде егін ісімен айналыса бастағандар көп. Сырдария уәләяты, Ташкент және Шымкент қалалары қазақтарының арасында да бұл іс қолға алына бастады. Қырғыз-қазақ бауырларымыз әрдайым аман-саулықта болсын» деп [7,360] егіншілікпен айналысып, отырықшылыққа бет бұрған қазақ халқының ісіне қуанады.
Сонымен қатар қазақтардың жер мәселесіне бей-жай қарамай, өз ойын білдіреді: «Қырғыздардың өздерінен артылған жерлері бар болса және мемлекет істері үшін керек болса артық жер алынсын, көшіп келушілерге берілсін, алайда алынған жерлердің әділетті түрде құны төленсін, бұл қаражат қырғыз-қазақтардың түрлі қажеттіліктеріне, ғылым мен мәдениетті таратуға, балалар үйі мен ауруханалар салуға жұмсалуы керек.
Егер қырғыз-қазақтардың ешқандай жері болмай, барлық жердің мемлекеттікі екендігі анықталса да қырғыздарды ренжітуге болмайтындықтан оларға қажетті жерді және өзен жағалауларын көшіп келушілерге бермеу керек. Өйткені, қырғыздар да осы отанның ұрпағы. Солай емес пе?» [7,366-367].
Исмаил мырза 1914 жылы 24 қыркүйекте қайтыс болған кезінде бүкіл мұсылман әлемі, әсіресе түрік халықтары қатты қайғырып, аза тұтты. Бұл қайғылы хабарға қазақ халқы да қатты қамықты. Мұны қазақ қаламгерлерінің жазған қазанамаларынан байқауға болады.
Мұхамеджан Сералин оның қайтыс болғанын естіген кездегі сезімін былай жеткізді: «Осы сентябрь жұлдызының 11-і, бейсенбі күні Бақшасарай шаһарында бүкіл мұсылман дүниясында аты мәшһүр «Тәржіман» газетасының басқарушысы һәм бастырушысы И.Гаспринский 65 жасында қайтып, жұма күні 12 сентябрьде көр иесі болды. 35 жылдан бермен қарай бүкіл Русие мұсылмандарына жолбасшы болып, ғылым шырағын қолына алып, жұрттың жүрер жолын жарық қылып келе жатқан бір данамыздан, бір маңғаз серкемізден айрылдық. Күні кеше жұрт қамы үшін қайғырып жүрген бір Асан қайғымыз арамыздан жоғалды. Күні кеше бар еді, бүгін жоқ болды, топырақ астына кірді. Бұл өлім – жуырда орны толмастай бір өлім» [8,73-74].
Ал, алаш қайраткерлерінің бірі Хайретдин Болғанбай «Исмағилбек Ғаспринскийдің жылы» атты мақаласында «Жылдар түгіл, ғасырлар өтсе де ұлт баласының жүрегінен жойылмайтын бір қазаға біздің Русиядағы түрік тұқымы душар болды. Сол күні ұлтымыздың кемеңгер атасы, көсемі, ардақты Исмағилбек біздің арамыздан мәңгілік жайына қайтты. Неше миллиондаған түрік балаларын артына жетім қалдырды. Бұл хабардың Русиядағы бүкіл түрік-татар жұртына қаншалық батқаны уақытында матбуғат жүзінде жайылған қайғылы мақалалардан көруге болады. Русияның һәр тарапына газета басқармаларына келген сансыз телегірем бұл қазаның жалпы болғанын көрсетті. Мызғымас атамыздан айырылдық, қайыспас қорғанымыз құлады деп көздің жасын көл қылып жазған мақалалармен матбуғат жүзі толды» [9,64] деп жазады.
Исмаил Гаспринскийді қазақ қайраткерлері өздеріне ұстаз тұтты. Шәкәрім Құдайбердиев оны өзіне ұстаз тұтқанын «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегінде «Алдында өткен, тәрбиесін көрген Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» газетінің иесі Ысмағұлбек Гаспринский десем бек дұрыс. Анықтық үшін сол кісінің газетін оқып, бек көп пайдаландым. Алла екі дүниеде мақсатына жеткізсін, әмин» [10, 46] деп атап өтсе, М.Сералин «Русие қол астына қараған 20 миллион мұсылмандардың оқымыстыларының барлығына Гаспринский ұстаз еді. Барлығы да ол марқұмды білуші еді, сүюші еді, сыйлаушы еді... Біздер Исмағилбек арқасында өзімізді тани бастадық, дүнияда қандай ғылым, қандай хабар барлығын көре бастадық, бұрынғы өтіп кеткен аталарымыздың қандай хабарлы екендігін біле бастадық. Жеңіл тәртіппенен оқытудың пайдалы екендігіне өзіміздің ана тіліміз сүйкімсіз тіл емес, ең қадірлі тіл екендігін білдік. Тілсіз жұрт жансыз жұрт секілді екендігін аңғардық, біз бұрын жансыз өлі кеуде едік, Гаспринский бізге жан бітірді, өлі денеге рух кіргізді» [8,74-75] деп оның есімінің қазақ халқы үшін қаншалықты қымбат екендігін жазады.
Әдебиеттер тізімі
1. Бөкейхан Ә. Шығармаларының 7 томдық толық жинағы. – Аст.: Сарыарқа, 2010. – 560 б. – V том.
2. Қамзабекұлы Д. Алаштың рухани тұғыры. –Аст.: Ел-шежіре, 2008. – 360 б.
3. «Айқап». Алматы: Қазақ энциклопедиясы. – 1995. 366 б.
4. Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. 4-том. –А.: Алаш, 2006. – 320 б;
5. «Түркістан» газеті. 2002 жыл, 4 сәуір.
6. Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том. – А.: Ғылым, 1993. 200 б.
7. Исмаил бей Гаспыралының мұраты, еңбектері, ақыл-кеңесі мен жаңалықтары. Дайындаған: Сабри Арыкан. ІІ том. Стамбұл қ., Түрік әлемін зерттеу қоры, 2011 ж. – 434 б.
8. Сералин М. Мақалалары, публицистикалық шығармалары, поэмалары және аудармалары. –Аст.: Аударма, 2002. -335 б.
9. Болғанбай Х. Иман күші. –А.: Арыс, 2009. -288 б.
10. Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. –А.: Қазақстан: Сана, 1991. -80 б.
Б.Соқпақбаев прозасындағы сюжет пен
композиция үйлесімі
Н.Зұлхайдарқызы,
магистрант
Қазақстан, Астана
Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің өсу, өркендеу жолына көз салар болсақ оның қазіргідей шырқау биікке шығуына небір ғажап таланттар ат салысқанын көреміз. Әрқайсысы өзінің шама-шарқынша туған әдебиетіміздің көп қырлы, көп сырлы, кемпірқосақтай алуан түрлі әсем бояулы болуына үлес қосыпты. Бұл ғасырда халқымыз басынан кешкен әрбір кезең хатталып көркем әдебиеттің бетіне түсіп балталасаң өшпейтін елдік шежіре жасалған. Нағыз ерек таланттар қаламынан туған шығармалар өз халқымыздың ғана емес, әлем халықтарының да рухани сусынын қандырар баршаға ортақ асыл қазынаға айналған.
Сондай асыл қазынамыздың бірі Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары. Өзіндік сырлы бояуы бар шуақты шыншыл шығармашылық. Балаларға деп жазып, балалар жазушысы атанып, ал шындығына келгенде шығармаларын жас пен кәрінің бәрі бірдей сүйіп оқитын, қалың оқырманның махаббатына бөленген шын мәніндегі халықтық жазушы.
Б.Соқпақбаевтың жастық шағы қиындыққа толы, қайғы-қасіреттері көп болғанымен ол шығармашылық қадамын бірден сәтті бастаған, жолы болған жазушы. Талай рет арқасына өмірдің ащы «таяғы» аяусыз тиді. Сонда да өмірге деген «оптимисттік» көзқарасын еш жоғалтпаған. Керісінше, сол көрген қиыншылықтарынан ұмтылмас сабақ алып, болашаққа нық сеніммен қараған. Жігерлі, өмірдің болмашы ғана қиындығына сағы сынбайтын, қайсар әрі өжет болып өседі. Кейіннен есейгенде сол «балалық шағын ұрлаған» заманды қағаз бетіне түсіреді. Әрине, сол шығармаларында басты кейіпкер, өмірге құштар жан -жазушының өзі. Ол көптеген туындыларына өз балалық шағын арқау етіп отырған. «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүруге жаны қас жазушы өз шығармаларында оқырман қауымды өмірді сүюге, тағдыр ауыртпалығына мойынсұнбауға, төзімділікке шақырады.
Алғашқы кітабының жарыққа шыққаны жайлы Бердібек Соқпақбаевтың еске алған сөзін айтар болсақ: "Баспаның директоры аты республикаға белгілі ақын еді. Ол мені студент кезімнен білетін. Бұрынғы жылы институттың мен басқаратын әдебиет үйірмесінде біз онымен мықтап тұрып дауласып, кездесу кешін өткізбенбіз. Бірге суретке түскенбіз. Соның бәрі ол кісінің есінде екен. Жастарға қамқоршыл мінезімен ол мені өте жылы қарсы алды. Баспаға қатысты шаруаларымды ешқандай әуре-сарсанға салмай тындырып берді", - дейді.
Бұрымындай қыздардың
Ағасың әсем өріліп,
Төсінде ойнап құздардың,
Күмістей жалт-жұлт көрініп.
Соқса да дауыл бұлқынып,
Басса да құлап зіл жартас.
Жай түссе де тас жарып,
Күлкіңді сенің тыя алмас [3,5] – осындай жыр шумақтарымен Б.Соқпақбаев әдебиет әлемінің табалдырығынан аттаған еді. Әдебиетке құштар, жазушы болуды армандаған балғын жас осылайша өз күшін ең әуелі поэзияда байқап, сөз қасиетін, сөз қадірін поэзия безбенімен өлшеуді үйренді. "Бұлақ" атты жинақ жазушының алдағы шығармашылық ғұмырының бағдарламасы іспетті болатын. "Төсінде ойнап құздардың күмістей жалт-жұлт көрініп" - Соқпақбаев шығармашылығының бар сипат, қасиеттерінің анықтамасын осынау жолдарда алдын ала өзі айтып кеткендей. Көркемдік биігінен ойнақтап көрінетін оның тамаша повестері, күмістей жалт-жұлт еткен мөлдір таза әшекейлі тілі шығармадан шығармаға шыңдалып, шымырланып, шеберлене берді.
Б.Соқпақбаевтың осындай артына өшпес із қалдырған шоқтығы биік шығармалардың бірі - "Менің атым - Қожа" повесі. Ол - қазақ балалар әдебиетінің үлкен бір белесі. Халықтың, жас оқырмандардың шынайы ықыласына бөленген сәтті туынды.
"Менің атым - Қожаның" көркемдік ерекшелігіне тоқталсақ, алдымен назар аударатынымыз құрылымының тосындығы, өзгешелігі. Көркем шығарма құрылымы сөз болғанда, әңгіме сюжет пен композиция туралы болатыны белгілі. "Дүниеге келген әрбір туындының көркемдігі мен құндылығы осы екеуінің бірлігі арқылы анықталады. Сюжет нақтылы көрінісін композициядан тапса, іс әрекет ізімен шығарма құрылысының жасалатыны да анық.
Повесте оқиғалар жүйесі мектеп оқушысы Қожа Қадыров төңірегінде өрбиді. Шығармада оның іс-әрекеті, мінез-құлқының қалыптасуы, арман-тілегі, басқалармен қарым - қатынасы суреттеледі.
Повесть әрқайсысына тақырып қойылып, нанымды, әсерлі оқиғаларға құрылған 27 тараудан тұрады. Шығарманың жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі романның әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді беріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді еріксіз еске түсіреді. Мәселен, В.Скоттың "Айвенгосын", немесе Ж.Верннің "Дәрігер Окстың тәжірибесіндегі" әрбір тараудың басындағы мазмұнның қысқаша баяндалып кету нұсқасы өз дәрежесінде шығарманы өте ұтымды және қызғылықты етіп көрсеткені анық.
Жазушының өзі көрсеткендей "Менің атым - Қожа" мен М.Твеннің "Том Сойерін" салыстырып қарай бастасақ, тараулардың қысқалығы, автордың айтайын деген ойын тым ауырлатппай, жеңіл елгезек тілмен алып кетуі сияқы ұқсастықтарды табуға болады. Жазушының шынайы өмірден алынған қызықты хикаялары жоғарыдағыдай өмірі өлмес нұсқалармен әбзелденген. Алайда, бұл еліктеу дәрежесінде қалып қоймаған, қазақ топырағының шындығынан барып туындаған талантты шығарма. "Осындай шығарма қазақ балаларына да керек" деген мақсаттан барып туындаған дүние болса керек.
"Композиция құрамына сюжеттің кезеңдері ғана емес, сюжеттен тыс нәрселер де кіретіні белгілі. Солардың бірі - пролог - көркем шығармаға кіріспелердің бір түрі" [2, 55] екенін ескерсек, повестегі "Кіріспе орнына" деген тарау пролог іспетті. "Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шындықты айтып отырмын - әттең жазушы болсам деген арман менің көкейіме ерте ұялады. Үшінші-төртінші кластарда оқып жүргеннің өзінде-ақ ақындық даңқым мектептен асып, бүкіл ауданға жайылды..." [1,5]. Бұл - кейіпкер Қожаның сөзі. Повестің кіріспесі дәл осылай басталады. Өз арман-тілегі туралы аздап сыр ашқан автор "өтірік ештеңе қоспаймын" деп уәде береді. Уәдесін орындайды да. "Кіріспе орнына" деген тараудың басты міндетінің өзі - шығарманың нанымды шығуына қызмет ету болса керек. Шығармадағы оқиғалар бас кейіпкер атынан, яғни бірінші жақтан баяндалады. Жазушының өз сөзімен айтсақ бұл тәсіл "... өмір құбылыстарын - жақсы мен жаманды, ақ пен қараны бала көзімен көру, бала түйсігімен түсінуден туындайды".
Бұл айтқандарымыз - повестің бірден көзге түскен композияциялық ерекшелігі. Ол ерекшеліктер жазушының кейіннен жарық көрген, автобиографиялық туындысы болып саналатын "Балалық шаққа саяхат" повесінде де өз көрінісін тапқан. Сюжеттің басталуы оның кіріспесі іспетті: мұнда әдеби қаһармандар өзара қарым-қатынасқа көшпес бұрынғы хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны суреттеледі. Сюжеттік даму Қожаның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына, іс-әрекетіне негізделген 4 тараудағы Майқанованың өзінен үлгерімі төмен, сыпсық Жантасқа жолдама беріп, Қожаға бермеуі оның теріс жолға түсуіне себеп болады. Қарап отырсақ, педагогикалық қызметтегі объективтік бағалаудың сәл сәтке болса да әлсіреуі - бала тәрбиесіне әсер етеді екен.
Егер сюжеттің негізі тартыс болса, Қожа мен Майқанова арасындағы психологиялық тартыс сюжетті өрістетудің тәсілі тәрізді. Пионер лагеріне жолдама ала алмай қалған Қожа жайлауға мамасына жүрмекші болады. Колхоз атын ұрлап мінуге келгенде, Сұлтанмен кездеседі... Одан әрі шығарма сюжеті ширақ өрбіп дамиды. М.Горькийдің анықтауы бойынша, шығарманың тартымды, әсерлі болуы оның сюжетінің жатық, ширақ шығуына байланысты.
Жалпы, Б.Соқпақбаев шығарма сюжетін қаһармандар характерлерінің қақтығысы, конфликт арқылы өрбітеді. Сюжет - әрбір қаламгер жаңадан жасайтын дүние, ол бір туған соң әсте қайталанбаса керек.
Тамаша құрылған сюжет пен композиция қаламгердің айтайын деген идеясына, образдың жан - жақты көрініп, өсу логикасына қызмет етеді. Ондаған кейіпкерлерге, сан түрлі оқиғалар мен неше алуан суреттеу құралдарына тиісті орын тауып, өмірлік жағынан нанымды етіп шығаруы, сөз зергерінің шын мәніндегі шеберлігін аңғартады.
Бердібек Соқпақбаев - қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің де өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушыларымыздың бірі еді. Жасынан өмір талқысын көп көрген адамның өмірбаяндық деректері оның шығармаларына арқау болды. Ұрпаққа деген басты шығармаларды жазып, оқырмандарынан лайықты бағасын алған бақытты жазушы.
Адам үшін өмірдегі ең қымбат бала болғандықтан, әдебиеттегі ең құрметті - балалар әдебиеті. Барлық еңбек, барлық өнер құрметті болғанмен, балаларға арналғаннан асары жоқ. Ал, сол қызметті балалардың өздері жоғары бағаласа, өнер адамы үшін одан үлкен бақыт бола бермес.
Тағы бір айта кететін жайт. Бердібек Соқпақбаев шығармаларына тән, ортақ белгі – бірінші жақтан баяндалатындығы. Бұл стильді жазушы саналы түрде таңдап алғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, балаларға арналғандықтан сенімді болу керек. Тілге жеңіл, түсінуге оңай болса... деген сияқты біз айтпаған тағы да қаншама қасиетті қоса келгенде ең оңтайлысы – осы. Авторлық «Мен» жеке тұлға ретінде қай шығармасында да қарапайым адам. Жұрттан асқан ерлігі, елден асқан ақылы да көрінбейді. Бірақ оқушыны бірден-ақ баурап алады. Шығарманың мықтылығын – «енді не болар екен дегізсе...» деп бағалап жатамыз кейде. Бердібек Соқпақбаевтың ерекшелігі осы сөзді көп айтқызбайды. Бірақ оқи бересіз, құныға бересіз. Шиеленісіп жатқан сюжет те жоқ. Дегенмен, жібермейді бір күш. Себебі, Бердібек Соқпақбаев алдымен оқушының санасына орнығып, өзі оқушыға, оқушы оған айналып кетеді.
«Менің атым Қожа» шығармасында «Повестің бірінші тарауын осымен доғарамын да, келесі тарауға көшемін», – дейді автор шығарманың ішінде. Кәдімгі автор ретінде айта салады. Оқиғалардан бөліп алып. Бірақ осы бір жол оқырманға автор Бердібек емес, Қожа болып әсер етеді. Қожа осы қазір, қасыңда отырып жазып отырғандай. Тақ бір повесть жазу оп-оңай шаруа сықылды. Міне, автор осы тұстан бастап толықтай сіздің құрдасыңыз. Бала. Ал, сіз шығарманың басында-ақ авторға айналып кеткенсіз. Қараңыз, Қожа өз атына риза емес. Дәл осы тұста сіз де өз атыңыз жайлы бір ойлап өтесіз. Келесі сәтте мына бір үзінді:
«Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлықтардың ат қоюы қызық болады екен. Бала бес-алты жасқа толғанша оның тәуелді аты болмайды. «Ортаншым», «кенжем», «сүйіктім», «жұпарым» деген секілді шартты атаумен атап жүреді. Ал есі кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таңдап алады. Міне, әділдік деген. Осы дұрыс емес пе?» [1, 8].
Дұрыс, әрине. Бұл сіздің ішкі ойыңыз. Іле, «егер бізде де осылай болса, мен өзіме қандай ат қояр едім», – деп кәдімгідей ойлана бастайсыз. Ал, енді сіз автормен бір адамсыз. Ол не айтса да сіз көнесіз. Қаратай жаман ба? Жаман! Майқанова ше? Ол да! Жантас? Атай көрме!..
Қаратай неге жаман? Ересек адамның көзқарасымен, табиғат заңын негізге алып ойланып көрсеңіз, Қаратайдың түк кінәсі жоқ. Әйелі өлген. Енді күйеуі жоқ Миллатқа «екі жарты – бір бүтін» туралы ұсыныс айтып жүрген адам. «Жол ортасында атың, жер ортасында қатының өлмесін» деген қазақтың даналығын есіңе алсаң, тіпті жаның ашып кететін-ақ кейіпкер. Оны жек көрінішті қылатындай артық оқиға да жоқ повесте. Бар болғаны Қожаның анасына сөз салып жүр. Жоқ, сіз бәрібір қарсысыз. Өйткені, сіз Қожасыз. Сіздің шешеңізге көз салуға ешбір көлденең еркектің қақы жоқ. Болды!
Бала оқырманның санасына қалай жол табу керегін Бердібек мықты меңгерген жазушы. Баяғыда ұмыт болған, тіпті, елесі де қалмаған бала кездегі «ақымақ» армандарды қайта тірілтіп, көз алдыңызға қаз-қалпында тарта салғанда, «осыны қалай ұмытпай жүр екен?» – деп таңдай қағасыз.
Достарыңызбен бөлісу: |