Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары 3 мамыр 2013 жыл



бет17/37
Дата25.02.2016
өлшемі2.73 Mb.
#22230
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   37

Әдебиеттер тізімі


  1. Древние тюрки. В 2-х кн. Кн. 2 / Л.Н. Гумилев; сост. А.И.Куркчи.- М.: Институт ДИ-ДИК, 1999.- 480с.

  2. М.Жармұхамедов «Көненің көзі» - Алматы «Санат» 1996 ж 54 б.

  3. Ә. Марғұлан «Ежелгі жыр – аңыздар» - Алматы: 1985 ж.

  4. Келімбетов Н. Ежелгі әдеби жәдігерліктер. Астана: Фолиант, 2004. 408

  5. Литература древнего Востока. Иран. Индия. Китай. Москва: МГУ, 1984. 350 с.

  6. Бичурин Н. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена, т. 3. М.-Л., 1953.

  7. Мифология. Алматы: Жазушы, 1988. 1-том, 288 б.

  8. Оғызнаме. Мұхаббатнаме. Алматы: Ғылым, 1986. 208 б.

  9. Лұғатнаме-е Деһхода. Тегеран. Данешгаһ-е Теһран, 1994. 4-том, 886 б. Ипак йули афсоналори. Тошкент: Фан, 1993. 211 б.


Қазақ әдебиетіндегі Кенесары хан бейнесі
Л.А.Серғазы,

ф.ғ.к., доцент,

Н.О.Рахметкалиева,

оқытушы

Қазақстан, Астана
Кенесары ханның өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Фольклорда да, жазба әдебиетте де Кенесары бейнесін сомдауға қалам тартқан жазушылар аз болған жоқ. Фольклорда Кенесары тек өз бойына ғана тән (стиль, өмірбаянының жеке сарындары, тұлғаның ерекшеліктері, “өзіндік” іс-әрекеттері) және оны сыртқы саясатқа қарсы күресуші ұлттық батырлардың белгілі қатарына қосуға мүмкіндік беретін типологиялық қасиеттерді біріктіреді.

Кенесары туралы ауыз әдебиеті шығармалары көпжақтылығымен және саяси-тақырыптық байлығымен ерекшеленеді. Кенесары – Наурызбай бастаған ұлт-азаттық көтеріліске байланысты поэзиялық шығармаларды былайша топтастыруға болады:

1. Тарихи поэмалар: Нысанбай – “Кенесары – Наурызбай”, Көкбай – “Абылай – Кенесары”, С.Керімбеков – “Кенесары батыр”, О.Шипин – “Кенесары мен Наурызбайдың Адырлы мен Байтақ қалаларын алуы”, Н.Ахметбеков – “Кенесары – Саржан”, “Сары Кене” (“Жасауыл қырғыны”).

2. Лирикалық поэмалар: “Наурызбай – Қаншайым”, “Наурызбай – Фатима” (авторы белгісіз).

3. Туған жермен қоштасу өлеңдері: “Кенесарының Көкшетауға қоныс аударуы, бұған Досқожаның айтқан өлеңі”.

4. Жоқтау өлеңі: “Нысанбайдың Кенесары мен Наурызбайға арнаған жоқтауы”, “Наурызбайдың Саржанды жоқтауы”.

5. Ауызша поэтикалық арнау: “Кенесарының Балғожа биге хаты”, “Балғожа бидің Кенесарыға жауабы”.

6. Толғау: Д.Әлімбаев – “Кенесары”, М.Ж.Көпеев – “Сарыарқа кімдікі?”

Бұл шығармалардың мазмұны көркем ойды кеңінен қолданып, өмірді типтенген жалпыламада суреттей отырып, 1837-1847 жылдардағы көтерілістің әртүрлі оқиғалары мен кезеңдерін қамтиды. Басты кейіпкер бейнесі нақты және толық көрініс табады.

Кенесары көтерілісі халық санасында талай өлең-жырлардың, ауыз әңгімелердің өзегі болып келді. Ондай туындылар, сөз жоқ, тарихи оқиғалардың дәл көшірмесі емес, сол оқиғалардың, дәуірдің халық ұғымындағы бейнесі, халықтың берген өз бағасы. Алдымен ескертетін жағдай – Кенесары және оның батырлары туралы айтылатын жырлар мен әңгімелер бір мезгілде пайда болмаған. Бұған қоса әңгіме, жыр шығарушылардың бәрі өз заманының саяси, тарихи шындығын толық түсінген деп те айтуға болмайды.

Кейбір ақын-жыршылар бастан аяқ көтеріліске қатысып, оның ыстық-суығын өз басынан кешірсе (Нысанбай жырау), енді бір тобы естігендерін жырға қосқан. Келесі ақындар Кенесары көтерілісіне, оның басшысына жалпы дәуір тұрғысынан, бүкіл халық тағдырының ауқымынан қарай алмаған. Қалай болғанда да, сол мұраларды жарыққа шығару, тарихи зердеден өткізіп, саралау – бүгінгі күннің парызы.

Кенесары мен көтеріліске шыққан батырлар туралы жырлардың біразының авторлары ел жадында сақталған. Олардың қатарында Нысанбай, Досқожа, Күдері, Көкбай тағы басқа ақындар айрықша орын алады. Бұлардың жырлары ауызша дәстүрдің үлгісінде шығарылып, ел арасында ұзақ жылдар бойы төгілте жырланып келген.

Кенесары туралы айтылатын жырлардың ішінде тарихи және көркемдік маңызы зор бір шығарма – Досқожа ақынның Кенесарыға жермен қоштасып айтқан жыры. Досқожа жырының ерекшелігі – сол кездегі қазақ халқын патша үкіметінің қоныстан қууын, жерінен айырылып, мекенсіз аңша босқан халықтың зарын айтуы.

Кенесары – Наурызбай туралы айтылатын күрделі шығармалардың біреуі – “Наурызбай – Қаншайым” поэмасы. Поэманың басында Абылай хан, Қасым төре туралы қысқаша айта келеді де, Кенесарының хан болған кезін сипаттайды. Поэманың басында Наурызбай жаңа ғана жігіт боп атқа мініп, жаңа ғана қол бастауға даярланып жүрген жас батыр болып сипатталады. Поэмада Наурызбайдың бір барымтаға аттануы, сол барымтада көрсеткен қайраты мен ерлігі айтылады.

“Наурызбай – Қаншайым” поэмасының ХІХ ғасыр әдебиетінде ерекше маңызы бар. “Бұл ең алдымен (сюжет, композиция) адам образын жасау жағынан төрт аяғын түгел басқан, ақынның алған темасы түр жағынан да, мазмұн жағынан да аяқталған, шын мағынасындағы көркемдік шығарма: шын мағынасындағы поэма” 1, 157.

“Наурызбай – Қаншайым” поэмасын шығарған ақын ел аузында халық қамқоры боп сипатталатын Наурызбайдың адамгершілігін, ерлігін суреттейді. Тілеуқабақтың көп жылқысын Наурызбайдың естуі, оны барымталап алмақ боп аттануы, жылқының алынуы, Қаншайым мен Наурызбайдың бірін-бірі сүйіп қосылуы және осы сүйіспеншілік екі жағының да ерлігімен, бірін-бірі зор істерде сынауымен көрсетіледі.

Кенесарының ақылдылығын, адамдық қасиеттерді бағалай білетіндігін көрсететін бір поэма – М.Сералиннің “Топжарған” поэмасы. Поэмада Кенесарыны елдің жақсы азаматының пана көретіндігі, Кенесарының ақылдылығы, басқа рудан келген жігіттің ерлігі, оның атының жүйріктігі көркем берілген.

Нысанбай ақын “Кенесары – Наурызбай” жырында ұлт-азаттық көтерілістің өзекті арнасын ауқымды қамтиды. Кенесары, Наурызбай ерлігін бұрынғы жырының дәстүрінде бейнелей келіп, онымен бірге өз заманының шындығын, бүкіл халықты күйзелткен оқиғаларды қиюластырған. “Нысанбайдың бұл поэмасының бір зор қасиеті – эпикалық оқиғаға ақын лирика дәнін тамаша еге білген. Поэмада оқушының жан жүйесін босататын, ойын тербететін лирикалық мотивтер көп. Бұл поэмамен Нысанбай ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының арасында төрден орын алады” 1, 163.

Нысанбай жыры мен Әуезов пьесасы бір тақырыпқа жазылған шығарма болғандықтан, бас қаһармандардан өзге ортақ кейіпкерлер, ортақ желілі ұқсастықтар бар. Пьесада да, жырда да қырғыз батыры Кәрібоз айрықша батылдығымен, елдік намысқа өртенген ашу-ызасымен көрінеді. Мұндай ұқсастық Кенесарының соңғы шайқастарының суреттелуінде мол. Ержанның тұтқынға түсуі, Наурызбайдың шайқас үстіндегі ерен жаугерлігі, дулаттардың сатқындығы, ақырғы сын сәттегі опасыздық, бөліне жарылу екі шығармада да қатар алынады.

"Әуезов пьесасына тарихи негіз болған Нысанбай жырында Кенесарыға ерген қолдың әдіс-айласы, Кененің ақылдылығы, Ағыбайдың әдісқойлығы мақталады. Бір жақты кетпей қырғыз жағының да ерлік қайратын, әдіс-айласын толық баяндап отырады" 2, 56. Бұл арада М.Әуезов пен Нысанбай жырау көзқарастары бірыңғайлылығы байқалады. Нысанбай жырау “Кенесары – Наурызбай” дастанында:

“Кенесары ер болды,

Ел ішінде бір болды.

Қашқан, босқан жиылып,

Өз алдына қол болды…

Ақылменен іс қылмай,

Ақырында қор болды.

Қырғызға барып қырылып,

Ит пен құсқа жем болды” 3, 17, – дегені белгілі.

Қырғызбен жауласуда қырғыз халқының айыпты емес екендігін, аздаған манаптардың қарсылық қылығына бола Кененің жалпы қырғыз еліне, әсіресе бейкүнә халыққа жәбір көрсеткенін Нысанбай ақын:

“Қол алдында жүр екен,

Қырғыздың бір данасы.

Наурызбайға кез болып,

Тұра қалды жанаса.

Кәрібоз деген кісі екен,

Ер Қанайдың баласы.

Кәрібоз сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Ей, Наурызбай, ер төрем,

Қарайып жүрмін қаныма!

… Не жазығым бар еді,

Кенесары ханыңа?

… Бұрыннан-соңнан бар ма еді,

Елшіге ниет өлімді?

Жаманқарамды өлтіріп,

Бір сындырдың белімді…

Не себептен хан Кене,

Қырғызға мұнша өшікті?

Есіркесең болмай ма,

Жолыңда жатқан бесікті” 3, 33-34 – деп, Кәрібоз айтқан ғып сипаттайды. Ақынның Кенесары мен Наурызбайды аса ардақтайтынын, оларды қазақ халқының қамқоры көріп, жанындай сүйетіндігін, елінің тұлғасы көретіндігін, аттарын ерекше қадірлейтіндігін оның жоқтауынан көруге болады.

Ел аузында сақталған әңгімелерде қолға түскен Кенесары мен Наурызбайды қырғыздардың ауыр азаппен өлтіргені айтылады. Екі шығарманы салыстыра отырып, негізгі ұқсастықтарға тоқталсақ, олар мыналар: тарихи деректерді таңдауы (Кенесарының қырғызға қарсы жорықтарын бейнелеуі, Кенесары өлімі, Кенесары әскерлерінің қырғыздарға көрсеткен қатыгездігі); жеке эпизодтар (Кенесарының қырғыз елшісімен келіссөзі жырдағы Кәрібоз – Наурызбай айтысына сәйкес келеді); Кенесарының қырғызға қарсы соғысына автордың көзқарасы.

Нысанбай ақын Кенесары мен Наурызбайдың жау қолына түсуін ғана айтып, одан арғы жақта не болғанына тоқталмайды. Бірден оларды жоқтауға кіріседі. Арада қаншама уақыт өткеннен кейін жарық көрген Әуезовтің “Хан Кенесі” де Нысанбай жырындағыдай Кененің қолға түсуімен аяқталады.

Пьесадағы Нысанбай ақын да тарихтан белгілі адам. Ақынның былайғы тірлігінен мәлімет аз. Дегенмен “Кенесары – Наурызбай” жыры арқылы халыққа аты жақсы таныс ақын пьесада да сол ыңғайда көрінеді. Азаттық қозғалысының жаршысы, белсенді қатысушысы. Халықты жалынды сөзбен үйіріп, Кенесары мен Наурызбайдың айбынын асырушысы. Пьесадағы автордың Нысанбай атынан айтқызатын төкпе жырда көтеріліс рухы, от-жалыны бар. Оның өлеңдері өз кезегінде сахнаға ойнақылық, қызу қан, көтеріңкі леп әкеліп, автор идеясын, бас кейіпкердің негізгі сипатын, алдына қойған мақсат-мүддесін ашуда белсенді қызмет атқарды.

“Кенесары” (Иманжан нұсқасы), “Кенесары – Саржан” поэмалары батырлар жырының дәстүрімен өмірбаяндық, шежірелік уақиғаларға тізбектей құрылған. “Кенесары – Саржан” жырында ертегілік сарын да жоқ емес.

Үстіміздегі ғасырдың елуінші жылдарынан бастап Кенесары атын атауға болмайтын ресми қаулылар қабылданғаннан кейін Кенесары көтерілісіне қырын қараған аңыз, әңгімелер дүниеге келді.

Н.Ахметбековтің “Жасауыл қырғыны” – саясат ағымына қарай жазылған осындай шығармалардың бірі. Хан Кененің ішкі саясаты мен бейбіт халыққа жасаған қиянаты сонау 1950 жылдардың ресми идеологиялық бағыттарынан бастау алды. Кенесары бейнесі халық шығармашылығында “Кенеке”, “Кене”, “Хан Кене”, “Кенехан” деген сияқты жай және жылы есімдермен аталады.

Аты аңызға айналған хан өмірі мен әрекеті туралы шығарма жазу сөз шеберлерінің қиялын ұзақ уақыт бойы мазалады. Оның халық ақындарын шабыттандыратын бейнесі жазушылар мен ақындардың ынталы назарын аударды және осы уақытқа дейін аударып келеді. Жылдан жылға шеберлік пен толысудың әр деңгейіндегі Кенесары тұлғасы барлық алдыңғы әдеби жанрларда іске асып келеді. Мысалы, Ә.Бөкейхановтың “Кенесары” өлеңінде, М.Сералиннің “Топжарған”, І.Жансүгіровтің “Күйші”, М.Жұмабаевтың “Оқжетпестің қиясында”, “Ертегі” поэмаларында, Қ.Бекхожиннің “Батыр Науан” поэмасында, М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясында, І.Есенберлиннің “Қаһар” романында көрінеді. Кенесары туралы көркем шығармаларға тарихи-биографиялық очерк жанрында жазылған шығармаларды (А.Кенесарин – “Кенесары мен Садық сұлтандар”), күнделік түріндегі (А.Янушкевич – “Күнделіктер мен хаттар”) шығармалар немесе мемуарларды (К.Барон – “Қырғыз тұтқынындағы төрт ай”, А.Орлов – “Орыс әйелі Кенесарыда қонақта”) жатқызуға болады. Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс жаңғырығы Г.Шевченконың “Құдай есігінің алдында сокира жатты…” деген өлеңінде көрініс тапты және Ж.Верннің “Патша жаушысы” атты романында да суреттелген.

Бір шығармаларда Кенесары әңгіменің орталық кейіпкері (М.Жұмабаев поэмалары, М.Әуезов трагедиясы, І.Есенберлин романы) ретінде суреттеледі. Оларда Кенесары бейнесінің тұтастығы мен көркемдік шыншылдығы және нанымдылығы ерекшеленеді. Басқаларда ол эпизодтық бейне болып кетеді. Мұндай кездерде Кенесары бейнесі бірбеткей айбынды билеушінің жалпылық типі ретінде көрінеді (М.Сералин, І.Жансүгіров поэмалары, Дубинскийдің повесі). Жиырмасыншы жылдарда сотқар және аянышты хан бейнесі жеңеді, елуінші жылдарда билеуші бейнесі, алпысыншы жылдарда осы екі бастаманың қорытындысы көрсетіледі. Осыған байланысты әдеби Кенесарыда әртүрлі қарама-қарсы, кейде тұлғаның бірін-бірі жоққа шығаратын жанашырлық пен өзімшілдік, мейірімділік пен қатыгездік, көсем данышпандығы мен саясатшы болжамсыздығы, ерлік пен жүрексіздік сияқты қырлары танылады.

І.Жансүгіров Кенесары тақырыбында «Күйші» дастанын жазғандығын айттық. Бұл дастанға Кенесарының Жетісу өлкесіне ауған кезіндегі оқиға өзек болған. Дастанның бір жерінде Кененің екі-ақ жолмен берілген :

Жанжалды үй арасы ұшасынып,

Арыстан отыр төрде тісі ақсиып, - деген портреті бар.



Үй арасы дегені қазақ арасы, ал дастандағы Кенесарының арман-мұраты одан әлдеқайда биікті қамтып жатқандығы дастанда тамаша бейнеленген. І.Жансүгіровтен кейін Қ.Бекхожин «Батыр Науан» поэмасын жазды. Бірақ, Кенесарыға қарсы науқан қайта басталған кезеңге тап келіп, Бопай қыз ерлігін жырлаған М.Хакімжанованың «Мәншүк» поэмасымен бірге саяси сынға ұшырап, бұл туындыларды басуға да, таратуға да тыйым салынды.

Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қазақ жерінде үш жүздің халқын түгелге жуық қамтыған және ұзақ уақыт бойы жүргізілген көтеріліс еді. Сондықтан бұл тарихи оқиға туралы да, Кенесары хандай тарихи тұлға туралы да әдеби туындыларды зерттеп, зерделеу әлі де талай ғылыми ізденісті қажет етеді.
Әдебиеттер тізімі


  1. Мұқанов С. Кенесары, Наурызбай туралы // Жұлдыз, 1991, №6, Б. 148-163.

  2. Нұрғали Р. Драма өнері. –А., 2001, 480 б.

  3. Хан Кене. Тарихи толғамдар мен пьеса, дастандар. –А., 1993, 448 б.



Ғ.Мүсірепов драматургиясындағы фольклоризм
Г.С.Обаева,

аға оқытушы

Қазақстан, Ақтөбе
Суреткер таланты оның әдебиетте салған соны соқпағымен анықталады. Қайталамайтын және қайталанбайтын туынды мәңгілік болмақ. Әдебиеттің табиғатының өзі қайталауды қаламайды. Жазушы өзгенің шындық туралы ойына қанағаттанбай тұрып-ақ, өзі таныған ақиқат өмірдің бейнесін жасайды. Бұл бейне неғұрлым шынайы болған сайын, соғұрлым тереңге бойлайды. Осылайша, оның әдебиеттің терең тамырын дөп баса отырып, халықтығының көзі ашыла түспек. Суреткер шығармашылығының халықтығы туралы сұрақ оның фольклормен байланысын талдамай шешілмейді. Фольклор – көне дүниенің тамырымен тығыз байланысқан ортақ шығармашылық. Қазіргі қаламгерлер баяндаудың тұрмыстық сипатын айқындай түсу үшін фольклорлық сарындарды жиі қолданады. Фольклор мен әдебиет екеуі де тілдің ұлттық байлығының негізінде қалыптасып, дамиды, олардың тақырыптары халқымыздың тарихи және әлеуметтік өмірімен, тұрмысымен, еңбегімен байланысты. Фольклорда да, әдебиетте де, көп жағдайда, бір-біріне ұқсас поэтикалық және прозаикалық жанрлар туып, поэтикалық өнердің небір түрлері қалыптасып, одан сайын дамып жатады. Сондықтан да фольклор мен әдебиеттің шығармашылық байланысы, олардың үнемі болып тұратын идеялық-көркемдік әсер-ықпалы өте заңды құбылыс.

Міне, жазушы Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығындағы фольклорлық дәстүрлерді зерделегенде, алдымен, оның шығармашылық лабораториясындағы тақырыптық ерекшелікті баса айтар едік. Оның сөз өнеріне қызығушылығы туралы Н.Ғабдуллин де былай деп баяндайды: «Ғабит әдебиетке бала кезінен іңкәр болады, халықтың сан ғасырлар бойы сақталған асыл қазынасы – ауыз әдебиетін еліге тыңдап, көкейге ұялата береді. Егделерден естіген, қиял тербетер ғажайып ертегілерді, қызық оқиғалы қисса-жырларды жадына тоқып, жұртқа қызыға әңгімелеп беруді дағды етеді» [1,5]. Түптеп келгенде, Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы фольклоризмнің қанықтығы үшін негізгі алғышарттар өзінен-өзі осылайша жасалды. Алғашқы әңгімесінен бастап қаламы шыңдала түскен жазушының шын таланты драматургия саласындағы еңбектерінен анық танылды. Мүсіреповке шейін қазақ драматургиясының алғашқы пердесін ашқан Мұхтар Әуезов болатын. 1917 жылы жазылған «Еңлік-Кебек» пьесасы алғаш сол жылдың мамыр айында Ойқұдық жайлауында Абайдың аяулы жары Әйгерімнің сегіз қанат үйінде қойылған. Оған дейін қазақ әдебиетінде драматургия жанрының түндігі ашылмаған еді. Өзі дүние жүзілік драматургияны жетік білген талантты жас ел аузындағы әңгімені тұңғыш рет пьесаға айналдырады. Болашақ ұлы жазушы өзіндік сарабдал санасымен, тың түйсігімен болса да қазақ драматургиясының алтын құндағы халық әдебиеті екенін өте жақсы сезінген. Осылайша, ел аузында осыған дейін кең таралған аңыздар мен дастандарға сүйене отырып, фольклордың драмаға қажетті барлық қасиеттерін шебер пайдаланады. Фольклордың белгілі жанрларындағы, яғни шешендік сөз, терме-толғау, салт өлеңдері, мақал-мәтелдер т.б. үлгілеріндегі тамаша ой мен сөз құдіретінің мол байлығын қалай пайдалану керектігін Әуезов осы трагедиясы арқылы көрсеткен болатын. «Ұлттық топыраққа драматургиялық дәстүрдің жоқтығына қарамай, басқа елдер әдебиетінен үйрене отырып, Әуезов жанр шарттарына толық жауап бере алатын трагедия жасады. Сюжеттік желінің тартылуы, композициялық құрылыстың архитектоникасы драма заңдылықтарын жақсы білгендігін көрсетеді»,-деген Р.Нұрғалидың пікірі де біздің ойымызға дәлел [2, 29]. Жазушы өз жаза отырып, өзге қаламдастарын халықтың аңыз-ертегілерін, жыр-дастандарын пайдалануға шақырды. Сөйтіп, қазақ әдебиетіндегі соны соқпақты сала отырып, нағыз рухани құндылық халық әдебиетінде жатқанын, бар ескімізді жаңашылдықпен жаңғыртпай жаңаның сара жол таппайтынын баса айтты. Қай кезде де фольклор драматургияның қалыптасуына, дамуына да үлкен маңызға ие. Ол таусылмайтын кен ғана емес, драма жанрындағы жаңалықтың қайнар көзі де. Фольклорлық дәстүр әрқандай биік шыңға көтерілген әйгілі классик-драматургтердің қай-қайсысының да осы дәрежеге жетуіне себепші екендігі белгілі. Драматургия жанрына халықтық жырлар, эпостық шығармалардың дәстүрін игеру өте қиын шаруы. Мұның күрделілігі ауыз әдебиеті жанры тек ауызша тыңдарманға арналған дүние, оны сахна тіліне аудару көп тәжірибені қажет етеді. Эпостың құрылымында драмалық элементтер болғанымен драмалық шығарма емес. Эпостың драмадан ерекшелігі – эпостың көлемі кең, уақыт кеңістігі мен оқиғаны қамтуда кейіпкерлер саны шексіз, сонымен бірге бір оқиғадан екінші оқиғаға ауысу өте шапшаң, жедел болады. Драма сахналық жанр болғандықтан бұл әдістердің ешқайсысын пайдалана алмайды. Өйткені мұндағы кеңістік пен уақыт шектеулі. Драманың осы ерекшеліктері драматургтің оқиғаға материал таңдап, талдауында үлкен жауапкершіліктің болуын талап етеді. Осы жауапкершілік жүгін молынан көтерген М.Әуезов тәжірибесі әдебиетке келгеніне аса көп болмаса да, өзіндік даралығын көрсетіп қалған жазушы Ғабит Мүсіреповке де үлгі болды. 1925 жылы жарияланған ең алғашқы әңгімесінен 1934 жылы алғашқы «Қыз Жібек» драмасы жазылған уақыттың ішінде Ғабит жазушы ретінде қалыптасып, күрделі драматургия жанрының теориялық мәселелерін де игеріп үлгереді. Оның фольклоризмінің аса құндылығы оның осы фольклордың төл туындысына иек артуымен одан әрі асқақтай түспек. Драматург классикалық эпосты классикалық драмаға айналдырды. Әрине, драмаға аяқ баспастан бұрын жазушы проза жанрында қаламын ұштап алды. Сол прозалық шығармаларының өзінен драматургияға тән шиеленіскен тартыс, қимыл-әрекет, кейіпкерлердің түрлі диалогы т.б. белгілердің болуынан оның сол жанрға икемділігі байқалып та қалды. 1934 жылы халықтық жырдың негізінде әуелі музыкалы драма деген атпен туып, кейін операның либреттосына айналған «Қыз Жібек» пьесасы, одан кейін 1939 жылы нағыз классикалық драмаға айналған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» трагедиясы жазылды. Мүсірепов М.Әуезовтен кейін фольклорға ерекше ден қойып, халықтың алтын қорында, жадында сақталған жырларды өзінің драмалық шығармаларына арқау етіп, шебер пайдаланған жазушы ретінде әдебиет тарихында қалды. Фольклорға сын көзбен қарап, ескінің бәрін іске алғысыз қылып, барымызды жоқ қылуға тырысқан солақай саясат өткен ғасырдың орта тұсында тіпті өршігенге ұқсайды. Оны жазушының 1959 жылы әдебиет мәселесіне байланысты жасаған бір баяндамасындағы мына пікірлерден аңғарамыз: «Сонау отызыншы жылдары ескілікпен екі арамыз тап қазіргісіндей алшақ емес еді. Ескілік етегін жинап, тайып тұру былай тұрсын, қайта тамыры терең, азу тісі балғадай қабырғасы бүтін тұрған шағында халықтың рухани қазынасын исі жаңаның бәріне қарсы жұмсай бастаған соң, біз сол асыл қаруды жұлып алып, сүртіп, тазартып, жаңартып, халықтың өз қолына ұстатуға ұмтылдық» деген екен [3, 464]. Осы өзі айтқан мақсат үдесінен жазушының өзі шыға білді. Өзіне дейінгі М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясынан бастау алған, яғни эпикалық тақырыпты бүгінгі әдебиеттің жоғары жанрында сөйлету себептерін аңғартады. Халқымыздың сан ғасырлық ақыл-ой жемісінің дүниесін халықтың өзіне жаңа заманның дәстүріне лайықтап ұсынуы мақсатты әрекет болатын.

Жазушының фольклорға бет бұруының себебін анықтауда тікелей фольклорлық туындыны қаламгерлік айналымға түсіргендігінің куәсі болған осы драмаларын айтпасқа болмайды. Осы орайда классикалық эпосты классикалық драмаға айналдырудағы шеберлік сырын айқындау әрқашан да артық емес. Фольклор мұрасы әдебиеттің мұрасына айналып, жазба әдебиеттің «қазанында қайнаған» уақытта сол өзі игілігіне айналып отырған әдебиеттің шарттарын басты теориялық қазық ететіні белгілі. Ендеше драма жазба әдебиеттің туындысы десек, жазушы мұнда да түпкі негізден әрі аса алмайды. Оның бұл жағдайда арқа сүйейтін негізі – фольклорлық дәстүрлер. Осыған дейінгі әңгіме-новеллаларындағы ширыққан оқиғалар, кейіпкерлер даралығы, өткір сөз қағысулар драмаға әбден сұранып тұрғандай еді дедік. Қаншама жылдар фольклор мен ауыз әдебиеті ескілік сарқыншағы деп таптық тұрғыдан бағаланып, шетқақпай көріп келген тұста кемеңгер жазушы сол фольклордың нағыз классикалық туындыларына жол тартты. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек» сияқты бүкіл халықтың сүйіктісіне айналған, тіпті әлем әдебиетінде классикалық эпостар қатарынан саналатын асыл маржандарымызды жазушы талғаммен таңдап алып, оның эпостық дәстүрін сақтай отырып, өзгеше стильде жаңаша түр беріп, халқының өзіне қайтарып бере білді. Олар жаңа әдебиеттің өшпес қазынасына қосылып, классикалық драма ретінде мәңгілік екінші ғұмырын бастады. Кеңестік дәуірде ұлы қаламгерлеріміздің шығармаларынан фольклорға қатысты деректер іздеу немесе оның көрінісін баяндау оңай болған жоқ. Қайта ондай талпыныс жасағандарға «классикалық шығармадан фольклор үлгісін іздеудің қажеті қанша?» деген қиқар сұрақ қойылып, талайлардың маңдайы тасқа соғылып жататын. Бұның бәрі фольклортану ғылымының әлі де кенжелеп қалуынан, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің байланыс бірлігін түсінбеуден туған кемшілік қана емес, ұлт басына бодандық ноқтасын кигізуден пайда болған келеңсіздік еді. Дәл сол шақта халық қазынасының мазмұнын байытып, ұсынуды батыл айтқан жазушылардың бірі де, бірегейі – Мүсірепов болатын. Ел арасында ұлттың мақтанышы болған асқақ шығармаларға дақ түскен шақта Әуезов, Мүсірепов т.б. қаламгерлер ежелден келе жатқан батырлық, ғашықтық жырларды драмаға айналдырып, хас шеберліктің шынайы үлгісін жасады.

Алғашқы «Қыз Жібек» пьесасын жазушының үйрену кезіндегі, ауыз әдебиеті тақырыбынан алып, реалистік шығарма жасау жолындағы алғашқы қадамы дер едік. Бұл пьеса әуелде музыкалық драма деген атпен туып, кейін операның либреттосына айналған туынды. Жазушы жырдың халыққа ең танымал нұсқасын таңдап алып, ондағы әмеңгерлік сарынды алып тастап, асыл адамгершілікті асқақтата дәріптейтін, махаббат бостандығын көтеретін идеясын тереңдете түскен. Жазушының драматургия жанрына келуіне осы сияқты қаламгерлік шеберлік мектебінен өтуі себеп болғаны сөзсіз. Ал драматургиямыздың тарихи даму жолында өзгеше өріс болған туынды - «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» пьесасы. Дүние жүзіне даңқы жайылған ғашықтар туралы бұл эпос туралы көп жазылды. Тіпті эпостың бір данасы Пушкиннің үйінен табылғанын кезінде Г.Потанин жазған. Тіпті орыс жазушыларының да назарын аударған бұл дастаннан сахналық трагедия жазу міндетін Ғабит Мүсірепов мойнына алды. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» драмасына эпикалық аңыздауға құрылған жырды арқау етіп ала отырып, драматург бұрынғы және қазіргі өмір шындығын нанымды бейнелей алды. Өткен замандар қойнауынан қазып алып, оны көркемдік жағынан қорытып, феодалдық-патриархалдық қазақ қоғамы туралы күрделі реалистік туындыны дүниеге әкелді.

Жазушының драматургия жанрындағы бет алысы фольклорлық тақырыпты арқау етуінен басталуының өзі оның кейінгі шығармашылығындағы орын алған фольклорлық негіздің нық басталуына куә болады. Енді осы фольклорлық туындыны жазба әдебиеттің кәдесіне жаратуда жазушы қандай фольклорлық дәстүрлерді негізге алды дегенді саралап көрейік. Алдымен, драмадағы фольклорлық сарын, алдымен, көркем әдебиеттің үш тегінен тарап, өзектесіп жатқандығын байқаймыз. Әдебиеттің эпос, лирика, драма-сынды үш тегіне тән дәстүрлер пьесаның өн бойында тұнып тұр. Эпостық дәстүр – эпикалық шығармалардың басты өзегі. Оларда өмір шындығы көркем тұлғалардың бойына жинақталып, солардың басында болатын қым-қуыт оқиғалар толқыны арқылы ашылады.Фольклордың төл мұрасы лиро-эпостық жырдың негізгі мазмұндық дәстүрін үзбей, басты желі етіп ала отырып, эпостық баянның өзіндік үлгісін жасайды. Ел аузында аңыз боп тараған жырдың түрлі нұсқаларын елеп-екшей отырып, көркемдеп қаға білген. Жырдың драмалық шешім табуында Жантық, Жарқын сияқты образдардың енгізілуі де жазушының ескі әдебиетіміздің тұнық бұлағын қана ішіп, жақсы дәстүрлерін игере білгендігі. Халқымыздың бүкіл арман-тілегіне негіз болған қиял дүниесі небір ертегі, аңыз, жырларды дүниеге әкелген ғой. Сол кең ойлылық драматург қаламын кең тыныс беріп, эпостық сарынның жаңа түрге ие болуына мол мүмкіндік жасаған.

Пьеса басындағы Қарабайдың: «Қарабайдікі дегенге бұл жұрттың қызықпайтыны болсайшы! Тек талап алайын деп отыр... Түс көрсе, менің жылқымнан басқаны көруді қойыпты бұл ел!» [4, 10] деген сөзінен бастап-ақ күллі қара ниет, жамандық атаулының символы болған образдың бұдан арғы характер даралығын әп дегеннен тануға болады. Түс жору – сонау ата-бабамыздан бастап бүгінге шейін жалғасып келе жатқан көне дәстүріміздің бірі. Қазақ көрген түсіне үлкен мән берген. Қолынан келгенше жақсылыққа жоруға тырысқан. Егер жамандықтың белгісіндей хабары болса, «түс-түлкінің боғы» деп көңіл жұбатқан. Осы дәстүрді Ғабит драманың басталуында-ақ Қарабай мен Жантық диалогы арқылы, пьесаның өн бойына өзек болатын қара ниетті жауыздықты байқату үшін шебер қолданған. Жантық бейнесі – бүкіл қазақ әдебиетіндегі арамдық, сұмдықтың символы. Қарабай көрген түсін айтып, жоруын өтінгенде Жантық одан сайын қара аспанды төндіріп, жамандыққа жори түседі. Міне, осы сәттен бастап өрбіп, өрши түсетін аярлық пен жауыздықты шағын ғана диалогтар арқылы драматург жігі білінбейтін шеберлік жібімен өрген. Жалпы, фольклорлық шығармалардағы қаһарманның түс көру мотиві ертеден келе жатқан тұрақты құбылыс. Драмадағы Қарабайдың түсі оның өңінде ойлаған ойларының немесе істерінің белгілі бір шамада өзгеріске ұшыраған түрі. Белгілі ғалым Г.Пірәлиева: «Түс – ішкі монологтың бір элементі, яғни кейіпкердің көңіл-күйін, санасындағы үздіксіз жүріп жатқан процестің бір сәтін бейнелейтін көркемдік тәсілдің бірі» [5, 194-195] десе, «Түс көру мотиві бүкіл әлем халықтарына тән және оның атқаратын қызметі әр қилы, алдағаны болжау кейіпкерді сақтандыру, кейіпкерге көмек беру, адамдарды белгілі іс-әрекетке шақыру», – дейді өз зерттеуінде Ыбыраев [6, 151]. Халық сенiмiнде түс көру үлкен орын алатынын аңғарамыз. Алдағы оқиғаны, адам тағдырын көрген түс арқылы болжап бiлуге болады деген сенiм мифтiк танымнан туындаған. Сол сияқты, Төлегеннің Ақ Жайықтан еліне қайтар мезгілінде Жібектің жайсыз түс көріп шошынуынан, түбінде сол түстің расқа айналуын баяндаған тұстар да әсем, ажарлы берілген. Ауылынан ата-анасының айтқан уақытында, қасына нөкер ертіп кетпей, Жібекке берген уәдесінен кешікпеу үшін асығып, жалғыз, жасырын аттанған Төлегеннің інісі Сансызбаймен қоштасуынан осындай қауіптің сарыны сезіледі. Қособаның түбінде Бекежан бастаған алпыс қарақшының қолынан мерт болу әлгі түстің “құдіретін” дәлелденгендей ұғым береді. 

Ал лирикалық толғаныс –«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» драмасында басы ашық тұрған мәселе. Лирика –нәзік сезімнің, жан-дүниеде болып жатқан көңіл-күй тебіреністердің көрінісі болғандықтан, кейіпкердің рухани әлемін барлауға, оның ішкі дүниесін танытуға мол мүмкіндік беретін жанр. Сол сияқты аталған драмада екі жастың бір-біріне деген ынтық сезімі, олардың алғаш аттарын естіген, одан кейін кездескен, тіпті мәңгілік ажырасқанға дейінгі барлық сәттері – тұнып тұрған лиризм. Ал драмаға Жарқын секілді ақынжанды адам образының енгізілуі мұндағы лирикалық толғаныс әсерін күшейте түскендей. Жырдың халықтық нұсқасында Жарқын образы болмағанмен, драмаға негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде енгізіп, өзіндік характерімен даралауы драматургтың тамаша идеялық-көркемдік шешімі деп білеміз. Драмада Қодар бастаған тоқсан сері Баянға сырттай таласып, өзді-өзі қызыл кеңірдек, ұр да жық болып жатқанда Жарқын қыз сәлемін жеткізіп:

Құзғын болса, қайтер еді? Өлімтікке үймелер еді

Жапалақ болса, қайтер еді? Жарбаңдап түнде ұшар еді



Ал, жігіт болса, қайтер еді? Оны жігіттердің өзі шешсін деді, -дейді [4, 15]. Осы мысалдағы Баянның көкейдегі сөзін жеріне жеткізе айтып, мірдің оғындай нысанаға дөп тигізген Жарқын сөзі ұйқасқа құрылып, өзгеше лирикалық түр беріп тұр. Жарқын Баян ойын түйсігі барлар түсіне алатындай тұспалмен жеткізеді. Ал тұспалдап сөйлеу – халқымыздың сөз құдіретінің, ой даралығының бірден-бір көрінісі. Осы екі дәстүрді драматург шебер байланыстырған. Мұнан басқа да Жарқынның драмадағы көрінетін тұстары лирикалық толғаныспен ұштасып жатады. «Қарағым-ай, самал жел Баян жақтан соқпағанда, жарық жұлдыз Баян жақтан шықпағанда дей бергенімде, баланың екі қолы мойныма оралып та қалған екен... – Баян дедің бе, Баян дедің бе, жарқыным! Тағы бір айтшы! Ай мен Күн! Көк аспан, жасыл дүние, куә болыңдар! Мына жігіт «Баян» деді, «Баян» деді. О, жасаған, алдай көрме, Баян деген басқа біреудің аты болып шыға көрмесін! –деп екі қолын көкке көтерді...» деп Жарқынның тебірене сөйлеп баяндаған Қозыны көрген сәтінің өзі - өзгеше бір сурет. Ақбас жотаның аясында, табиғаттың мамыражай, нәуетек, тамаша бір сәтін қызықтап жатқан кезі – фольклорда кейіпкерлердің табиғатпен астасқан көңіл-күй толғаныстарын еске түсіреді. Кейіпкердің жан- дүниесін, ішкі көңіл-күйін суреттеуде табиғат құбылысын параллель көрсету тәсілі халық жырларында тұнып тұр. Өмір бойы табиғат аясында көше жүріп тіршілік еткен қазақ баласы табиғатқа аса жақын болды. Сондықтан да ата-бабаларымыз ән-ыжрға, шынайы сезімге бейім болғандай. Жоғарыда көрсетілгендей, лирикалық толғаныстар, ерекше тебіреністі күйден туған халдер драманың оқиғалар желісін үзбей, өріліп отырған. Халық тілінің дәстүрін тамаша игерген Мүсірепов сол халықтың төл туындысын жазба әдебиеттің классикалық туындысына айналдыруда мінін бұзбай, сөзбен сурет салады. Жырдағы сюжет пен драмадағы сюжеттің ара-жігінде айырма жоқтай, халық эпосының құнарлы қазынасымен одан сайын тұшынтады.

Осы сияқты лирикалық толғаныс сезімдер, кейіпкерлердің жан-дүниесіндегі тебіреністер драманың барлық оқиғалар желісінде үзілмей кең өріс алып жатады. Әсіресе, Қозы мен Баянның ыстық сүйіспеншілігімен өрілетін нәзік сезім иірімдері... Анасы Мақпалдың қос құлынын қосуға жазбаған тағдырына налып, күңіреніп отырған кезінің үстінен шыққан Қозы: «Жасырмашы, жан анам! Бүгін жер бетінде жалғыз-ақ ауыз сөз жүр! Ол – Баян! Жел Баян деп ызыңдайды, көл Баян деп теңселеді, өзен Баян деп ағады, Тау Баян деп күңіренеді, көк Баян деп күрсінеді! Анам Баян деп мұңаяды). Енді тек жөн сілтеуің ғана қалды, сілтеші, жан ана!» [4, 21], - деп толғанады. Осы үзіндідегі кейіпкердің ынтызар көңілі, күдік пен үмітке толы сезімі табиғат құбылыстарының түрлі күйлерімен үндесе беріледі. Бұл тегін емес. Ықылым заманнан бері келе жатқан мәңгілік тақырып – махаббат тақырыбы аңыз боп бүгінгі әдебиетке дейін жалғасын тапты. Аңызға айналған махаббат сезімінің алдында әлемнің құпия күштерінің өзі дәрменсіз. Халықтың санасымен бірге сіңіскен мифологиялық ұғымдар жазушыға әбден таныс, оған қанымен бірге сіңген. Сондықтан да кейіпкерінің асқақ махаббатқа толы көңіл-күйі табиғаттың өзімен қатар беріледі, яғни мифтік санамен астастырылған. Мифтік сана ерте кезең адамдарының өзін қоршаған айнала туралы көзқарас-түсініктерінің жиынтығын құрайды. Санасы сәби шақтағы адам баласының қоршаған әлемнің құпия сырларын өзінше түсінуі, әр құбылыстың жаны бар деп қабылдап, соған сенуі түрлі мифологиялық әңгімелерді туғызғаны белгілі. Табиғаттың түрлі стихиялық күштерімен күресуде өздерін әлсіз санаған алғашқы қауым адамдары олар туралы әртүрлі нанымдар туғызған. Табиғат құбылыстары туралы наным-сенімдер жиынтығын ғылымда анимизм деп атайды. «Анимизм латынның «жан» деген сөзінен шыққан. Бұл наным бойынша, алғашқы қауымның адамы бүкіл табиғаттың, табиғи құбылыстардың, тіпті әрбір заттың жаны бар деп сенген. Осының әсерінен оларда адамға тән өмір, қасиет бар деп сенген, яғни адам өзін табиғаттан бөлмеген» [7,5]. Осылайша мифологиялық сарындарды образды суреттеу жүйесінде жазушы-драматург тамаша қолдана біледі. Бұлайша суреттеу – Ғ.Мүсірепов драмасында жиі қолданылатын фольклорлық дәстүр. Мысалы: «.. Бәрі қызығуға жаралған! Аямапты бергенде!... Қияда көрсең, қыран дерсің, қалыңда көрсең, жолбарыс дерсің, асқар көрсең, биігі дерсің, өз қасыңда бала дерсің, жібек жал арғымақ – Қозы Көрпешті тауып қайттым!»– деп Баян сүйсіне толғанады [4,30]. Осы монологтан табиғаттың төл перзенттеріне телінген Қозының біліктілігін, жүректілігін, көрерге көз керек сымбатын танимыз. Осы сияқты кейіпкерлерінің ішкі сезім иірімдерін бір сәт те бәсеңдетпей кең көлемде суреттеп бере білуі – жазушының халық фольклорының эпостық қана емес, лирикалық дәстүрі мен әдіс-тәсілдерін жете меңгеріп, шебер пайдалана білгендігінің нәтижесі. Жалпы, кейіпкердің жан-дүниесін, ішкі көңіл-күйін суреттеуде табиғат құбылысын параллель көрсету тәсілі ұлттық дәстүрмен сусындаған қай қаламгердің шығармасына да тән құбылыс. Мұндай мысалдар драманың тереңіне бойлап, тұнық та көркем тіліне қаныға түскен сайын көз сүріндіреді. Қарапайым, жадағай бір сөз жоқ. Әр сөзі үлкен ойға, терең сезімге құрылған. Оқырманның түгел ойы мен жан-дүниесін баурап алатын күшті лиризм драмадағы фольклорлық дәстүрлердің соңы емес.

Жалпы, драмалық шығармалар бастан-аяқ кейіпкерлер сөзінен тұратыны белгілі. Драмадағы бүкіл қимыл-әрекет, тартыс тікелей кейіпкерлердің диалогы, монологы арқылы көрінеді. Сондықтан сөздің қызметі сол драманың бүкіл идеясын ашуда орасан. Сол заңдылық, сол дәстүр Мүсірепов драмаларында шеберлікпен сақталған.

Сонымен, эпостық баяндау, лирикалық толғаныс, драмалық тартыс сияқты фольклор мен әдебиеттің үш тегінің сарыны Мүсірепов драмасындағы фольклорлық дәстүрлердің негізгі өзегі. Драматург халық аузындағы лиро-эпостық жырды арқау етіп ала отырып, өзгеше сапада, тарихи, қоғамдық мәнін таптық жағынан айқындай отырып жаңаша шешеді. Эпостан классикалық драманың биігіне сапар шекті. Зұлымдық пен махаббат арасындағы бітіспес тартыстың сырын ашатын бұл трагедия драматургия саласындағы Ғ.Мүсірепов талантының шарықтай түскенін көрсетті. Халықтық жырды жазба әдебиеттің игілігіне жарату арқылы драматург рухани дүниемізге М.Әуезов салған ізбен үлкен леп қосты. Бұрын тек ауызша таралған жырмен ғана таныс халықтың эпос кейіпкерлерін тікелей іс-әрекет аясында көрсетіп, олардың бүкіл бітім-болмысын, характерін жайып салды. Драмалық шығарманың халыққа жетімділігінің, әсерлілігінің бір сыры оқиғаның қызу тартысқа құрылып, оқиғаға қатысатын адамдардың сөзі мен ісі арқылы көрерменнің көз алдына шындықты қолма-қол көрсететіндігінде екені белгілі. Фольклордың төл туындысының жазба әдебиеттің игілігіне айналғаны Ғ.Мүсіреповтің асыл мұраға деген адалдығы, халқы алдындағы перзенттік парызын өтегені деп санасақ, оның сол драманың өн бойындағы фольклорлық дәстүрлерді өзіндік шеберлік жібімен өргені заңды құбылыс.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет