Әдебиеттер тізімі
1. Дәдебаев Ж. Қазiргi кезеңдегi қазақ тарихи прозасының дамуындағы М.Әуезов дәстүрi. –А.: 1981. 47 б.
2. Лизунова В. Современный казахский роман. – А.: Изд-во АН Каз ССР, 1964. -360 с.
3. Майтанов Б. Қаһарманның рухани әлемі. Зерттеулер. –А.: Жазушы, 1987. - 232 б.
4. Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. –А.: Жазушы, 1970. -330 б.
5. Мақпырұлы С. Адамтану өнері. –А.: Арыс, 2009. – 214 б.
6. Ахундов Б.А. Литературные направления и стили. –М.: Мысль, 1976. - 346 с.
Оралхан Бөкей «Құм мінезі» повесіндегі кейіпкерлер жүйесі
С.М.Дүйсенғазин,
ф.ғ.к., доцент,
А.Бейсен
4 курс студенті
Қазақстан, Астана
Оралхан Бөкей сомдаған сырлы әлем – кемелсана иесіне ғана сыры танылатын терең философиялық ойлар мен ғажайып сұлу сөздердің әлемі. Жазушының шығармалары жарық көрген сәтінен-ақ оқырмандар қауымы мен әдебиеттанушылардың қызығушылығын тудырып келеді.Ол өткен ғасырдың 60-жылдары әдебиетке келген қазақ жазушыларының ішінде табиғаты өзгеше, шығармашылығы ешкімге ұқсамайтын айрықша талантты суреткер. Ә.Кекілбаевтің сөзімен айтсақ, ол «...жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті,ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде әлемдік танымалдыққа ие болды.Алыс-жақын елдерде аты «қазақ» деген сөзбен қабаттаса айтылатын азғантай тұлғалардың біріне айналды. Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқарлы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін дешығарып үлгерді» [1,1].
Оралхан шығармаларына байланысты сыншы Т.Тоқбергенов:«Жас жазушының сөз саптауы, ой тастауы бөлек. Өзгеге көп ұқсай бермейді. Өздігімен өзгеше болып көрінгісі келеді екен. Даттарлығынан мақтарлығы басым. Қазірдің өзінде сыншы санайтындардың көбін елеңдетіп отырған жайы бар», – дейді [2,14].
Оралхан Бөкей шығармаларының тақырыбы әр алуан, баянладатын оқиғалардың ауқымы кең. Бұл мақалада қаламгердің белгілі шығармаларының бірі «Құм мінезі» повесіндегі кейіпкерлер жүйесіне тоқталмақпыз.Қаламгердің «Құм мінезі» повесіндегі кейіпкерлердің сыр-сипатын ашуға арналған жұмыстың негізгі ой өзегі-бас кейіпкер бейнесінің өсу жолын, қалыптасып жетілуін қоғам дамуымен байланыстыра түсіндіру болып табылады. Образдылық – көркем әдебиетке тән негізгі ерекшелік. Мұнда адам өмірі суреттеледі. Ол адамдардың өзара қатынасы, қоғамға,қоршаған айналаға көзқарасы арқылы көрсетіледі. Демек,әдеби бейне – адам өмірін қоршаған ортамен байланыста суреттеудің көркемдік құралы, белгілі бір ойды, идеяны ашудың жолы. Сонда әдеби кейіпкер дегеніміз – өмірлік фактілердің негізінде көркемдік бояумен белгілі бір идеяны мегзейтін адам өмірінің нақтылы,жинақталған бейнесі. Кейіпкер –әдеби туындыда өзінің шығармадағы орны мен қызметіне қарай бас кейіпкер, қосалқы кейіпкер деп бөлінеді. Көркем шығармадағы бейнелі суретке қатынасатын адамдардың бәрі де кейіпкер болады. Егер кейіпкер шығарма оқиғаларының нақ ортасында жүріп,сюжеттік оқиғалар жүйесін дамытатын болса, ондағы шиеленіскен түйіннің шешілуінде жетекші қызмет атқарып, автордың айтар идеясын аңғартса, онда ол бас кейіпкер болып саналады. Ал автордың айтар ойының ашыла түсуіне,оны толықтыруға көмек ететін кейіпкерлер қосалқы кейіпкерлер деп аталады [3,88]. Мысалы, повесте бас кейіпкер рөлінде-Бархан, қосалқы кейіпкер рөлдерінде – жары Жұмакүл, қайын атасы Егемқұл, қызы Нұргүл, озат шопан Сейітқұл, совхоз директоры Әліқұл, құдықшы үш жігіт,құдықшы Серік,т.б. суретеледі.
Образ жасауда жазушы даралау мен жинақтаудың мол тәсілдерін қолданған. Мұндай жинақты бейнелер арқылы қаламгер өмірлік шындықтың мәнді мәселелерін қамтып, ондағы сан қилы құбылыстар мен жағдайларға өзінің әділ төрелігін айтады. Бархан – повестегіоқиғаға басынан аяғына дейін қатысатын негізгі бейне, шығарманың бас кейіпкері. Оның бейнесін оқырманға таныстыруды жазушы шығарманың алғашқы сөйлемдерінен-ақ бастайды. «Күйек аяқталған соң да Барханның мазасы болмады.Адам тірлігінің ұшы-қиыры жоқ, таусылмас күйбеңі бұйдалап алып, ой мен қырға дедектеп кеп жүргені... Бархан міне қырықтың бесеуіне келді – ертеңнен қара кешке дейін тыным таппай қанша еңбектенсе де, буыны босап шаршаған да, көңіліне қаяу түсіп жалыққан да емес. Қойын қоралап,жұбайы қайнатып берген шайды терлеп-тепшіп ішіп алған соңғы бос уақыты жүйкесін тоздырады-ай...»[4,16].
Қарапайым ғана Барханның өз тіршілігіне, өз ғұмырына ғана жететін қажеттіліктен басқа, даңқ пен абыройға жеткізетін бақыт пен байлық қажет емес-ті. Алайда айналасындағы тоғышарлардың оны езге балап, әрқайсы бір басынатыны, жайдақ адамға теңеуі оны ширақтырады. Елден сауғалап жиып, сауын айтып сұраған жалған малмен өз атағын шығарғысы келген Сейітқұлдың «бас-аяғы бес-ақ жылда пайда болған ожарлығы» қанша көнбіс болса да ақыры Барханның төзімін шарт сындырады. Бархан асыраған еліктің лағын, Сейітқұлдың итінің жеп кетуіБархандыызаландырады. Жазушы оқырманды оқиғаға қызықтыру үшін кейіпкерлер арасындағы қайшылықты үсті-үстіне дамытып отырады.
Қаламгер сомдаған кейіпкерлер жөнінде академик С.Қирабаев былай деп жазады: «Оралхан геройлары – біздің бүгінгі замандастарымыз. Кәрісі бар, жасы бар – қайсысыболса да қазіргі дәуірдің азаматтық міндеттерін белсенді атқарып жүрген іс адамдары. Жазушы солардың әрекеті, мінез-құлқы, көзқарасы арқылы бүгінгі өмір шындығын, оның алуан сырларын ғана ашып қоймайды, өткенімізге де ой тоқтатып қарайды, болашағымызға да көз жібереді. Ол характерлерді шебер ашады, солардың көзқарасы, түсінігі арқылы дәуірдің өзекті проблемаларын батыл көтереді» [5,1].
О.Бөкейге әдебиеті дамыған көрші елдің сыншыары да жоғары баға береді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін орыс сыншысы Владимир Литучин мына пікіріне де назар аудара кеткенді жөн көрдік: «Бөкеевтің повесінің әуені мұңлылау, әрі мұнтаздай болып келеді. Сондықтан әсері күшті...»[1,1].
Мына бір авторлық баяндау Бархан образын аша түседі: «Барханның міндеті мен өз ісіне адал, бүлкек-бүлкек желіп, шаруасын тиянақты атқару; атақтың құрметтің аяққа тұсау, арқаға артық жүк болар байлықтың, тіпті аспандағы жұлдыздай түнде бар күндіз жоқ алдамшы бақыттың бұған бес имандық құны жоқ» [4,24]. Ал Барханның жан-жары, он бес жыл бойы отасқан әйелі Жұмакүл болса, қой аузынан шөп алмас момын, шаруасына берік тұйықтау адам. Барханмен сол он бес жылдың ішінде ешбір шәй десіп бірінің бетінен бірі алған кезі болған емес. Қандай қиын-қыстау шақта ақылмен ғана қимылдап, жұмысқа өзара үнсіз келісумен кірісетін. Жұмакүлдің әкесіЕгемқұлкөпті көрген,қарапайым қария. Барханды туған ұлынан бетер жақсы көріп, қызы Жұмакүлмен көңіл қосуын іштей көксеп жүретін. Жұмакүл мен Бархан бата сұрап келгенде көзінен жасы шығып қуанып, маңдайларынан алма кезек сүйіп «Бағың ашылсын,қос ботам!» [4,18], – деп батасын береді.
ЖазушыБарханға қарама-қарсы кейіпкер бейнесінде Сейітқұлды алған. Сейітқұл өзінен он жас кіші болса да құм санайтын қу, кеңкілдеп өтірік күліп, реті келгенде кеңірдектеп кеңістік бермей дауласатын сұм адам. Ол совхоз директорының жалған мақтауымен Бархан ала алмаған озат шопан атағын алып, екі орденмен марапаттған. Шығармада билеп-төстеуші совхоз директоры мен озат шопанның екі жақты қанауындағы еңбекші халықБархан мен әйелінің ауыр тұрмысы дәлелді деректермен шебер суреттеледі. «Талды» совхозының директоры, бөлімше басқарушысы, өркөкірек Әліқұл қысым көрсетеді. Оны қарапайым шаруа деп езгіге салады, ал оның күн сайын себепті ұрсатынын Бархан түсінбейді. Бас-аяғы бес-ақ жылда өтірік даңққа ие болған Сейітқұлды Барханға үлгі етеді. Қаламгер шығармада ол эпизодты былайша суреттейді: «Оңбайсыңдар, қыс болса мынау, тойдан құр қалғандай сықсиып келіп қалған. Сен болсаң мынау, не қораңның қиы ойылмаған,не бүтінделмеген, жағаң жайлауда,есінеп-құсынап жүргенің. Анау өзің секілді, өзің секілді деймін-ау, боғыңмен жасты Сейітқұлды қарашы. Қандай азамат,жем-шөбі мол,қорасы саңдай,алты ай қыс болса да қыстырмаймын деп отыр. Қырықтан асқанша сен қыртып, айналдырған алты жүз тұяққа ие бола алмай жүрсің, сенде жиырма жыл мал бақсаң да анау есіктей кеудеңе қадар значок те жоқ,ал қаршадай ғана Сейітқұлда бір емес,қос орден бар,осы бесжылдықтың аяғында тағы наградаға ұсынамыз»[4,24]. Осылайша Әліқұл жөн сұрап амандасудың орнына жақтырмай, бірден сүйектен өтерлік ауыр сөздерден бастайды. Оның Барханды басынуы шығармада былайша берілген:«Сен оңбайсың, – деп бастады сөзін Әліқұл. –Он жыл болды сөзін осылайша бастаудан таңған емес. – Егер сен оңды шопан болсаң, менің төбем көрінгеннен қарсы шауып,қарсы алуың керек еді. Егер сен оңсаң...»[4,24] –деп кете береді. Міне,осындай келеңсіз көріністер,зұлымдық, әділетсіздік шаруа баққан момын Барханның жанын жегідей жеді.Бірақ Бархан болса,бұған төзе біледі, тіпті Әліқұлдың бақырып-шақырған сөзін шыбын шаққан құрлы көріп,елемейтін,оған бас қатырып есіне де түсірмейтін өте сабырлы жан.Оралхан өз кейіпкерлерінің туған далаға,еліне,жұртына сүйіспеншілігін, ішкі сезім иірімдерін,оның нәзік қалтарыстарын дархан табиғаттың әсем де әсерлі суретімен сырласуды өрнектейді:«Күні кеше жер қайыстыра жартып жүрер аң-құс қайда? Бір жағы Жамбыл, бір жағы Фрунзеден келіп түні бойы машинаның жорығымен аулап құртқан.
-
Ей, Қызылқұм, баяғыдай неге көшпейсің?
-
Көше бергеннен көрген пәтуаң қане?
-
«Адамдар үшін жалғыз жұтым суыңды неге қимайсың? Қазған сайын қаша бересің?»
–«Қазір адамдардан су ғана емес, табиғаттың орман-тоғайы, аң-құсы бәрі-бәрі қашып барады.
-
Ей,Қызылқұм, сен неге күлмейсің?» -
дептабиғатпен сырласа отырып, бойын ауыр күрсініс билейді[4,632].
Бархан өзі жиі-жиі қоятын сауалдардың жауабын өзі ғана біледі. Бірақ жазушы оны тек ойлау тұрғысынан бере салмай, тілдесу тұрғысында әсерлі суреттеген.Тоқтаусыз ағын судай асылған монологтар Барханның бар табиғатын нақтылай түседі. Бір ғана Сейітқұлмен көрші бола отырып, соның өзіне жасаған озбырлығына нали жүріп, өмірдегібүкіладамзат баласына тән пендешіліктің парқына,сырына үңіледі. «Биіктен қараса не нәрсе кемшіліксіз, әдемі болып көрінеді, білем. Сондықтан байқамайды-ау» [4,26]-дейді Барханның ойы. Баяғыда әлі озат шопан болмай тұрғанда Сейітқұлдың еріншектігіне налып, «әй,інішек, ерте тұрғанның бір ісі артық деген, жайбасарды – май басар. Елгезек бол!» [4,26] –деп ақыл айтатын. Сонда Сейітқұл күліп: «Ой,отағасы десе, «асықпаған арбамен қоян алады», «жүгірген алмайды, бұйырған алады»деген нақылды қазакем бекер айтпаған»[4, 26] –дептеріс қарап ұйықтай беретін. Енді Бархан ойлап қараса Сейітқұлдың сөзінде жан бар екен. Кейіпкер ойының, ішкі монологтың автордың идеясына қаншалықты ұтымды қызмет етіп тұрғанын тануға болады. Жазушы Шерхан Мұртаза: «Аспанда ұшып бара жатқан самолетке ызадан тас лақтыру тек қана Оралханның ойына келуі мүмкін. Он мың метр биіктікте кетіп бара жатқан самолетке дені дұрыс адам тас лақтыра ма? Сөйтсе мұнда мән бар екен. Бархан үшін управляющийден бастап, зоотехник, директор, аудан,облыс,Республика, Одақ басшыларының бәрі биік. Бәрі зау биікте» [1,1]. Осы жолдар кейіпкер санасына шолу жасаған ішкі монологтың қызметін айқындап тұр. Қаламгердің шығарманы «Құм мінезі» атаған себебі-осы Қызылқұмды басып жүрген әр адамның мінезі, ой-түсінігі әр басқа екендігінде. Оралхан қандай шығарма жазып, қай кейіпкерді сомдаса да оның жан сырына үңілуге тырысады. Құмдағы мінездердің тамырын басып, психологиясын,тұрмысын, жүріс-тұрысын, ең бастысы – жанынұғынып білу – дарын иесіне ғана дарыған,сондықтан әр кейіпкерді танытудағы жазушы еңбегін, талантын дұрыс бағалауымыз керек.
Жазушының суреткерлік шеберлігі «Құм мінезі» повесіндегі кейіпкер жанының тазалығына, адалдығына нандырады.Бұл Барханның өмірге,қоғамға, дүниеге деген көзқарастарын сұңғылалықпен суреттеп,айналасындағы адамдардың ішкі ойын, пенделік осалдығын, адамдық мақсаттарын, «мына аппақ дүниенің» құпия сырларын Барханның түсінуін бейнелеуде қаламгер алымдылық танытады:
-«Осы совхоз басшылары қызық, Сейітқұлға жіберген оқушыларға маған неге көмектес демейді?»
-«Осы совхоз басшылары қызық, Сейітқұлдың шөбін жер қара, күн жылыда тартып береді, ал маған тышқан ізін салған жоқ».
-«Осы совхоз басшылары қызық,Сейітқұлға саулық қойдың ең іштісін, егіз қозылайтынын жиып бергені несі?»[4,18].
-«Осы совхоз басшылары қызық,Сейітқұлды екі күннің бірінде ауданға,облысқа,тіпті анау Алматыға машина жіберіп шақыртып жатыр, мал-жанына «сен ие бол». Ой,пәтшағарлар-ай «ие бола тұрыңыз» демейді, «ие бол!»[4,18], - деп кесіп айтады.Егер есептеп беретін есі бар адам табылса, Сейітқұлдың қойын одан гөрі мен көп бағып келемін» Осындағы «Осы совхоз басшылары қызық» дегенді бір-ақ рет айтқызуға болар еді. Кейіпкер ойының және оларға деген ызасының, ішкі қарсылығының тегеурінін арттыру үшін қайталауға жол берген. Бұл жазушының өзіне ғана тән ерекшелігі. Кейіпкер ойында жан әлемін аяусыз соққылаған сауал –жауабын іздеу бар. Өз өмірімен салыстырғанда Сейітқұл тіршілігінің көш ілгері екенін сезе тұра Бархан әсте іштарлық танытқан емес. Қайта ол туралы айтқандарға (құдықшы қазушылар, сақман қыздар) тыю салып, отыратын адалдығы басым.Қаламгер кейіпкеpлерінің барша әрекет-қимылдары қарапайым әрі иланымды.
Сыншы Ә.Меңдеке: «Оралхан Бөкей – қатпарлы, ұлтжанды,ұтқыр жазушы. Мұндай жазушыны толық ашу үшін органикалық сын қажет»-дейді[5,617].
Ал жазушы шығармаларындағы өзекті тақырып жайында академик С.Қирабаев: «Адамды ардақтау,оның ұлылығын жырлау,жалпы алғанда,Оралхан повестерінің негізгі тақырыбы десе де болады»[6,1] -деп қорытынды жасайды.
Шығармада өркөкірек Әліқұл Барханды адам құрлы көрмей, итке теңеп балағаттайды: «Әй,қара құрт шаққандай қипақтамай отыр. Сенің де сырың белгілі. Иә,бұған түктің, еш нәрсенің абсолютна нарқы жоқ, подумаешь қызықтырмайды. Рас,итке темір медальдің керегі не?» [4,28]. Онымен қоса, Әліқұл тағы да әр сөзінде Сейітқұлды мақтап, әңгіме қылады: «Мына өзіңнен он жас кіші Сейітқұлды қарашы, майға тыққан күміс қасық секілді, иненің көзінен өтердей болып, жылпылдап тұр-ау,жылпылдап тұр. Анау күні жұмысшылар комитетінің жиналысында қалай қатырып сөйлеп берді.Әй,бала,-деді Сейітқұлды сұқ саусағымен нұқи. – Сен ғой, сонда аздап бөсіңкіреп жібердің,ә...понимаешь...» [4,29]. Сейітқұлмен жарысу, өмір бақи озбайтын жарыс. Бірақ «Ерді намыс өлтіреді» дегендей, Әліқұлдың әр сөзі оның намысына тиеді. Бірақ осындай қиын тірлікті тастап кетпей төзудің өзі ерлік емес пе? Өз адамдығыңа өзің сенуіңнің өзі батырлық.Тіпті Барханның үнемі сырласып, қиналған сәтте ойын бөлісетін Қызылқұмы да оны сынайды. «Осы сәтте қатты құйын көтерілгендей болды да, жылдар бойы сіресіп жатқан Қызылқұм айдаһардай ысқырды.Иә,бүгін Қызылқұм бөтен мінез көрсетті. Неге ашуланды, ненің ырымы бұл? Үйіне сүріне-қабына балаша зыр жүгірген Бархан ашық қотанда бағана ғана бейбіт жусап жатқан отардың бірде біреуі жоқ,тақыр таза орны ғана қалғанын көрді»[4,35]. Бархан қойларын қуып жетеді. Өйткені оның тақымында азап деген арғымақ бар, майысқанымен сынбайтын Қызылқұмның өр мінезі бар, жылдар бойы тамшылап жиналып, тас тесер ашу-ызасы, айта алмаған арманды сөздері бар.
Бірақ бұл құйында Әліқұлдың жиырма бес қойы өледі, қанша мал-жаны көп болса да іші тарылып ызаланады. Қанағаттың жөнін білмейді. «Понимаешь, беда деген аяқ астынан. Бұлай боларын кім білген, үш ұйықтаса ойымызда бар ма, тәйірі? Жиырма бес қой,тфу,безобразие, ішпей-жемей!» Бірақ бар кінәні күмістей жылтылдаған,қатырып сөйлейтін озат шопаныСейітқұлға жабады: «Осы итке қаншама рет қақсадым, понимаешь, артық пысықтық маңдайға сыймайды деп... Түрмеге қамағандай, қотанның сыртын темір сыммен қоршап... Енді міне дауылға шыдай алмай, өре түрегеліп ыққан отар сым шарбаққа қыстырылып, бірінің үстіне бірі шығып,бастырылыққан да қалған. Жиырма бес саулық тіл тартпай кетті, он шақтысының кірпігі ғана қимылдап жатыр»[4,36]. Жайшылықта итке теңеп, адам құрлы көрмейтін Барханнан көмек сұрап, аянышты түрімен мақтай түседі:«-Әй, Бәке-ай, мына қарқыныңмен Сейітқұлдың бір қора қойын бір сағатта сойып шығатын түрің бар-ау! Понимаешь, - деді өзі-өзі болып тауып айтқан сөзіне насаттанғандай»[4,38]. Бұл Әліқұлдың жалған болса да Барханды ең бірінші мақтаған кезі болатын. Бәлкім, Тәңірі осы құйынды Барханның беделін шамалы болса да арттыру үшін жасағаны болар?!Үнемі аузын аштырмайтын,Әліқұлжаны қиналғанда Барханнан кеңес сұрайды. «Аузымды ашсам алқымға жармастыңыз. «Бәрібір орденге ұсынбаймын»деп қорқытқанан бұрын жұдырықтап байбалам салдыңыз... Маған сол сіз алып берген жалған атақтың бес тиынға керегі жоғын білмедіңіз»[4,39]- деп Бархан да айта алмай жүрген ойларын бір мезетте ақтарып салады. Әліқұл дұрыс жасамағанын, жеңілгенін осы сәтте мойындайды. Шығармада қаламгер бәрі бір жақсылықтың түбінде жеңіске жететіндігін насихаттайды. Бірақ Барханның нәзік жүрегі оларға көмектеуге келіседі. Жиырма бес қойды қалай қайтарып аларын білмей Әліқұлдың басы қатады. Сонда Бархан: «Дұрыстап тұрып бақшалап соялық, сосын автоклубқа тиеп, сонау Шу шаһарына аттану керек. Құмырсқаша быжынап, біреуді-біреу танымайтын қан базарда бұл қойдың, иә һарам, иә һалал өлгенін ешкім білмейді. Килосын үш сомнан, тіпті бес сомнан пышақ үстінен үлестіріп аларына кепілдік беремін»[4,41] – дейді. Бұл сөзді естіген тоғышар Әліқұл мен аяр Сейітқұл халықтың емес, өздерінің жеке бастарының қамы үшін келісе кетеді. Айтқан ақылының есесіне Барханға қысқа жететін жем-шөппен қамтамасыз етуге уәде береді. Уәде берген жем-шөпті қайдам,олар Барханды тағы талан-таражға салады. Өз күнін өзі әрең көріп жүрген Барханнан келесі жылға дейін наградаға ілігу үшін елу қозы қарызға сұратады. Бархан қатты қинала отырып елу қозыны беруге келіседі.
Қаламгер Барханның арманы мен мұратына жету үшін түс көргізу тәсілін қолдана отырып бейнелейді. Мәселен, бас кейіпкер самолетке өңінде ешқашан ұшпаса да, түсінде ол арманына жеткендей болады. Оны бейне бір зынданға қамап қойғандай, қанша құтылуға тырысса да қолынан келмейді. Осы кезде құм құдықтың сонау ернеуінен Сейітқұл мен Әліқұл сығалайды да, мұның төбесінен тас жаудырып, қарқылдап күледі екен дейді. Бір қызығы әлгі жоғарыдан зулап төмен қарай құлаған тас қаншама құлдырап, Барханның үстінен жаңбырша жауғанымен оған жетпей қояды. Осы кезде самолеттің гүрілдеген даусы естіледі. Самолеттенбір адам арқан жібереді. Қараса, әкесі болып шығады. Сонда Бархан: «Құдая, биіктен қарағандарға мен тіпті құмырсқадай болып та көрінбейді екем ғой. Бұған дейін қалай ғана байқамағанмын»[4,51] – дейді. Барханды тағы бір ой үнемі мазалайды: «Бақыт деген не өзі? Бақыт дегеніміз байлық па, әлде самолетке мініп жер шарын шыр айналып шығу ма? «Мені жұрттың бәрі біледі, мен кереметпін» дейтін шақырымпаздарға, «мені тірі жан білмейді, мен жай ғана қарапайым қойшымын» деп қарсы жар салуға халқымыз неге жоқ? Әлде менен басқа елдің бәрі «атағы, алтыны бардың кемтарлығы білінбейді», деген қағида үшін күресе ме?»[4,51]-дейді ішінен.
Зерттеуші Айгүл Рамазанова: «Оралхан Бөкеев – әлемдік әдебиеттің тың толқынының қатарында «ішкі» және «сыртқы» тақырыптарды меңгеріп,адам санасының табиғатпен екі арaдағы «қос жарылуын»(раздвоение личности) қазақ өнеріне алып келген жазушы. Жазушы адамдар арасындағы теңсіздіктің себебін, олардың бір-бірімен қоршаған ортамен қарым-қатынасы арқылы тіршілік философиясын өзінің де түсінгісі және өзгеге түсіндіргісі келеді»-деп жазады [7,1].Оралхан кейіпкерлерінің ерекшелігі – олар арманшыл,қиялшыл болумен бірге,ойшыл, мұңшыл, жан-дүниелерінде сағынышқа толы аңсау,күрсініс пен өкініш, жұмбақ сыр жатады.
Әдебиеттер тізімі
1. Кекілбаев Ә. «Өмірстанға тағы бір саяхат». –А.: Өнер, 2000
2. Тоқбергенов Т. «Қос қағыс». –А.: Жазушы, 1981
3. Сманов Б. «Кейіпкер бейнесін талдау». –А.: Рауан, 1990
4.Оралхан Бөкеев «Ән салады шағылдар»(«Құм мінезі» повесі). –А.: Жазушы, 1978
5. Кекілбаев Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. –А.: Өлке, 1999
6. Қирабаев С. «Шығармалар». –А.: Жазушы, 1992
7. Қабдолов З. «Сөз өнері». –А.: Санат, 2002
Түркі мифологиясындағы көкбөрі бейнесі
Р.Әбілхамитқызы,
ф.ғ.к., доцент
Қазақстан, Астана
«Құдай қалауындағы ел» деп аталған Түркі мемлекетінің бағзы замандардан бері атап айтсақ, руникалық жазбаларында құрылғандығы туралы мәліметтер көп. Енисей руникасында бұл мемлекет деп аталады. Бұл – көне мифологиялық цикл Түркі қағанатының мемлекеттік культінің ажырамас бөлігі. Кезінде көшпелі өмір салтын ұстанған Көк түріктің ұрпағы Монғолиядан Еуропаға дейінгі ұлан-ғайыр жерде көшіп-қонып жүріп, көптеген халықтармен араласты, олардың мәдениетін қабылдады, кейбіреулері сол халықтармен сіңісіп кетті, енді бірі отырықшылыққа бейімдесті. Тарих бетінде Түрік қағанаты деген атпен белгілі болған түркі тайпалары кейін жеке-жеке мемлекеттер құрып, өздерінің тарихы мен әдебиетін қалыптастыра бастады.
Алайда, сол түркі халықтарының мифологиясын зер салғанымызда, олардың бастау алатын бұрнағы мекені Алтай мен Сібір, Монғол жерін мекендеген түркі тайпаларының мифологиясына иек артатынымыз да тегін емес. Себебі Алтай мен Сібірді мекендеген түркі халықтарының арасында миф пен мифологиялық әңгімелер басқа түркі халықтарына қарағанда анағұрлым көп әрі өзгеріссіз таза сақталған. Ал, батыс пен батыс-оңтүстікке қарай орналасқан түркі халықтары сол жақтағы отырықшы халықтармен ертеден араласқандықтан біраз өзгеріске ұшырағанын көреміз.
Түркі-қытай ауқымында туып-өскен буддизм, ата-бабаларымыз ұстанған шаманизм, сақ, арий тайпаларынан шыққан зәрдушт діні, ислам діні, осылардың бәрі де ескі қазақ руларына өз кезінде дінмен байланысты біршама мифология әкелген.
Орта Азия, Түркия, Иран, Ауғанстан түркі халықтарының мифологиясында бір-біріне өте жақын, бір-бірін жиі қайталайтын ұқсас сюжеттер молынан кездеседі. Мұның өзі түркі халықтарының түпкі ата тегі бір жерден шыққандығын дәлелдейді. Мифологиядағы кейіпкерлердің ортақ болуын анықтау үшін сол халықтың генетикасын, ежелгі дәуірдегі наным-сенімін салыстыра қарап, айырмашылығын, басты ерекшеліктерін айта аламыз. Мифология саласының өзі – алғашқы қоғам дәуірінде өмір сүрген адамзат баласының наным-сенімдерінен бастау алған туындылар.
Зерттеу барысында түркі халықтарының мифологиясында кездесетін Көкбөрінің шығу тегіне тоқталайық.
Орталық Азия халықтарына ата-тегін білу – бағзы заманнан бері келе жатқан түркі халықтарына тән құбылыс. Олар бір аңды олар өздерінің арғы тегі деп санайды, яғни сол жануарлардан тарадық деген ұғым бар. Мәселен, тибеттіктер өздерінің ата-тегін еркек маймыл және ұрғашы ракшасадан (орман перісі) таратады; моңғолдар өздерін көк бөрі және маралдан таралдық деп санайды; телестіктер де қасқырдан және ғұн патшасының қызынан тараймыз дейді; ал түріктер – ғұн бекзадасы мен қаншық қасқырдан тарағанбыз деп келеді. Яғни көкбөріден таралдық деген пікір осы бір ататектен таратудан басталған. Мұндағы «Көк бөрі» сөзі азулы, адуынды деген мағынаны білдіреді.
Көк бөрі – түркі мифологиясындағы киелі ұғымдардың бірі. «Қасқырды түркілер «бөрі» дейді (моңғолша – шино/чинно). Көне түркілер қасқырды Көк Құрт деп те атаған. Көк дегеніміз – көк түс, көк аспан. Ал, түріктің «құрт» дегені қазақтың «құртылу» деген сөзінің түбірі. Демек, көк бөрі түркілердің тайпасын ажалдан аман алып қалған, көк аспандағы Көк Тәңірісінің өзі жіберген ерекше қасиетті жануар» [1].
М. Жармұхамедов «Оғызнама» дастанында «көк» сөзі айрықша жиі қолданылып, бір – бірінен алшақ үш түрлі мәнге ие болып тұр дейді. Олар:
А) Заттың сын – сипатын білдіретін кәдімгі «эпитет» түрінде («өң – шырыйы көк еді», «көк жарық түсті», «жарық айнадан көгілдірек», «көзі көктен көгірек», «көк бөрі», «көкжал арлан»)
Б) Белгілі бір заттың не кісінің тікелей аты («көк шатырымыз болсын», «оқты көкке атыңдар», «Көк – Оғыздың ұлының аты»)
-
В) Жаратушы, әмірі күшті Алла («көк тәңірі», «көктен көк жарық түсті», «қыз күлсе, көк тәңірі» мағынасында «тәңірі күлер еді, жыласа көк тәңірі жылар еді», «көк тәңірге мен өтемін») [2].
Қасқырдың ең басты ерекшелігі – ешқашан да үйретуге, қолға ұстауға көнбейді. Адамзат баласы сияқты үстемдіктің, баса көктеудің кез келген түріне мойынсұнбайды. Турасын айтқанда, хайуанаттардың ішінде ешкімге бас имейтін тәккаппар аң. «Қасқыр байлағанға, шошқа айдағанға көнбес» деген содан шыққан болар. Қасқырдың еркіндік сүйгіштігі, арланға тән кекшілдігі, өрлігі мен қайраты түркі халқын өздерін көкбөріден жаралдық деуіне бірден бір айғақ болды.
Түркі халықтарының генеологиялық мифологиясында халықты жау қоршауынан құтқаратын да, жорықтарда қол бастайтын да, дәрменсіз сәбилерді асырайтын да көк бөрі, не көк қаншық қасқыр деп бейнеленеді.
Түркі халықтарының мифтерінде «Көк бөрі – көк аспандағы Көк Тәңірісінің өзі жіберген, түріктер тайпасын ажалдан аман алып қалған құтқарушы, ерекше қасиетті аң...» – деген аңыз жиі ұшырасады.
Көк бөріге қатысты әңгімелер ежелгі үйсін, түркі және монғол аңыздарында кездеседі. Көк бөрі туралы аңыздардың қытай тіліндегі жылнамаларында сақталып қалған деректерде былай суреттеледі: «Бір халық жаугершілік заманда қырылған екен. Бетпақ дала ішінде аяқ – қолы шабылып жараланған он жасар бала ғана тірі қалғандығы айтылады. Ол балаға бір қаншық қасқыр жолығып, емізіп, қанын тоқтатып, жарасын жалап жазып алады.
Бала есейгенше сол қасқырмен бірге тұрған деседі. Кейін жаулар бала жігітті тауып алып, өлтіргенше буаз қасқыр Гауачан тауының терістігіндегі бір үңгірге барып жасырыныпты. Қаншық қасқыр осы үңгірде 10 бала босанады. Он ұл есейіп, үйленіп, көбейіп үлкен елге айналыпты – мыс. Он ұлының ең күштісінің Ашшина есімі олардың жалпы атына айналыпты, кейін халық үңгірге сыймайтын болған кезде Ашшинаның ұрпағы Асянь – Шад деген елбасы халықты үңгірден шығарып, олар түрік деген атпен Алтайды қоныс еткен [ 3].
Зерттеуші Н.Келімбетов бұл турасында былай дейді: «Енді «көк бөрі» аңыздарының шындығы қайсы десеңіз, б.з. V ғасырының бес жүз үйлі бөрі тайпасы Сарыжазық дейтін өз мекенінен көшіп, Алтайдың оңтүстігіне барып қоныстанады. Бұл заманымыздың 439 жылы болатын. Елді бастап барған бектің аты – Түркіт екен. «Түркіт» - «дулыға» деген сөз – күшті, ержүрек мағынасында айтылады. Түріктер сол заманда – ақ темір қорыта білген. Темірден қару – жарақ, қажетті бұйымдар жасаған. «Көк бөрі» аңызы осындай тарихи оқиғалардың елесі болуы мүмкін [4].
1968 жылы Моңғолиядағы Бұғыты деген жерден табылған ескерткішке зер салсақ, онда аяқ-қолы кесілген адамның қасында тұрған қасқырдың бейнесі бар екен. Ал ол ескерткіш – Түрік қағанатының алғашқы кезеңін бейнелейтін тақтаға соғда тілімен жазылған эпиграфиялық ескерткіш.
Қытай жылнамашылары Бей-ши және Суй-шилердің айтуынша, түріктердің арғы тегі батыс теңізінің жағалауында өмір сүрген ғұн тайпасының Ашин атты ақсүйек руынан шыққан-мыс. Бірде көрші рудың адамдары бұларды бірін қалдырмай қырып кеткен. Тек жалғыз ғана тоғыз жасар ұлдың қол-аяғын бірдей кесіп, азаппен өлсін дегендей өзін көл жағасындағы қалың қамыстың арасына тастап кетеді. Оны қаншық қасқыр тауып алып, асырап, ақырында оның балаларының анасы болады.
1.Жаулардан қашып сол бөрі Алтай тауының аяқ баспас үңгіріне
жасырынып, сол апанда он ұл табады. Ендігі бір қисында қаншық қасқыр Тұрфанның теріскейіндегі Шығыс Тянь-Шянь тауларына тығылған дейді. Сөйтіп, оның ұлдарының бәрі Тұрфанның қыздарын таңдаған. Ал Ашинның немересі сол тайпаның көсемі болған. Ашина деген сөз «мейірімді бөрі» дегенді білдіреді. Өздерінің арғы анасы Ашинаға көрсетілген құрмет-парыз ретінде олар өз руының туына бөрінің басын бейнелеген [5].
Н. Бичуриннің қытай жылнамаларынан келтірген ендігі бір аңызында Ғұн көсемінің асқан сұлу екі қызы болыпты. Мұндай сұлуларға ешқандай адам баласын лайық көрмеген көсем, олар өздерін аспан көкке арнасын деп қыздарына көк аспанмен таласқан зәулім қамал-мұнара салғызады. Төрт жылдан кейін бір қасқыр келіп қамалдың түбін қазып ішке кіріп, сонда тұра бастайды.
Көсемнің кіші қызы мұны көріп, оған төменге түсіп барғысы келеді. «Көк аспанмен байланыссын деп атамыз бізді осынау мұнараға әкелді. Ал бізге бөрі келіп тұр. Мүмкін тағдырдың сыйлаған бақыты осы болар?» Сөйтіп қыз төменге түсіп, қасқырға келеді. Оған күйеуге шығып, қасқырға ұл тауып береді. Олардың өсіп-өнген ұрпақтары түгелдей патшалықты құрайды. «Неліктен екенін қайдам, әйтеуір, мұндағы адамдар дауысын ұзақ созып, қасқырдың ұлығаны сияқты әуенге салғанды жақсы көреді» [6].
Жер шарының басқа аймақтарында да, мысалы Камчаткада да кейбір аңыздарда әйелдің бөрімен байланысы туралы айтылады. Аңызға қарағанда олардан дүниеге егіз бала келеді. Қазіргі арал тұрғындарының арғы тегі солардан тараған дейді. Көктем шыға Камчаткада олардың құрметіне үлкен мереке болады. Сабаннан бөрінің мүсінін жасап, оны айнала ән салып, би билейді. Содан соң араларындағы ең сұлу қызды таңдап алып, шартты түрде оны «бөріге» күйеуге берген тойын қызықтайды [7].
Қасқырдың құтқарушылық қызметі көне түріктердің көптеген аңыздары мен жазбаша ескерткіштерінде көрініс тапқан.
«Оғызнама» эпосында Оғыз қаған жорыққа шығар алдында өзінің тайпаластарына мынадай жалынды сөздерін арнайды: «Мен сіздердің қағандарың болдым. Қолдарыңа қалқан мен садақ алыңдар, ол сіздерге «игілік» таңбасы болсын, «Көк бөрі» ұранымыз болсын!» [8].
«Ергенекон» эпосында көк түріктер татарлардан жеңіліп, Ильханның екі ұлы – Қиян мен Ноғыздан басқаларының бәрі қырылады. Жаудан қашқан ағайындылар өз жұртынан да, жаулардан да аулақ тау арасына келіп жасырынбақ болады. Жолда оларға ұрғашы марал жолығып, оларды тау арасындағы жазыққа бастап барады. Жан-жақты жете барлаған Қиян мен Ноғыз бұл жерге өздерінен басқа жан адамның аяқ баспағанына көздері жетіп, қуанғаннан құдайға сиынып, осы жерге мекен тебеді. Содан 400 жыл бойы көк түріктер осында өніп-өседі. Жан-жағын тау қоршаған бұл жазықтың өзі де енді көк бөрілерге тарлық етеді. Сонда олар тау арасына тығылмай енді бабаларының туған жерін табуға бекінеді. Олар тау арасында адасып көп жүреді, оларды тек ғайыптан пайда болғандай көкжал бөрі ғана жолға салады.
Татар аңызы да қызықты. Ерте заманда тау мен орман арасында көшіп жүрген татарлар жаудың қоршауына тап болып, қырылуға шақ қалғанда бұларды ғайыптан пайда болған ақ қасқыр келіп құтқарады.
Хакастың «Албынжы» эпосында Ах пуур (Ақ бөрі) – Албынжы батырдың сенімді серігі болады. Алтайлықтардың «Ақ Тойчы» атты батырлық эпосында да ақ бөрі Ақ Тойчы батырдың сенімді серігі болып көрсетіледі.
Башқұрт халқының атауы да бөріге табынудан шыққан. Башқыр, Башқорт деген атау сөзбе – сөз алғанда «Бас бөрі», «Арлан бөрі», қасқыр үйірін бастап алда жүретін «Көкжал бөрі» деген ұғымды білдіреді.
Қырғыз дастарында ең даңқты батырларды «Көкжал бөрілер» деп атаған.
Қырғыздың «Манас» эпосында «Менің көк бөрі сұлтаным» деген тіркес жиі кездеседі. Манас ханның өзі туралы:
Манас білген бәрін де,
Саққұлақ көкжал бөрідей, – дейді [9]. Ең өжет, ең жүректі, ең батыл адамдарды Әзербайжандар «қасқырдың жүрегін жұтқан», «бөрінің ұлы» деп дәріптейді. Гөөк бөри деген есім мұнда кең тараған. «Қорқыт ата кітабы» дейтін атақты эпоста оның кейіпкерлерінің өмірінде қасиетті қасқырдың маңызы зор екені атап айтылған. Бөрі атаулы саха бақсылары табынатын ең қасиетті жануар. Саханың аңыз-ертегілеріндегі желеп-жебеуші рухтың тоғыз ұлы – қасқырларға ұқсас.
Жазбаша деректерге қарағанда, өздерін осы көне тотемнен шықтық деп есептейтін Половшылар – (қыпшақтар мен құмандар, яғни далалықтар) ордасы да бөріге табынған. Орданың ханы Боняктың өзі осы қасиетті табынудың бас абызы болған.
Қасқырды киелі деп табыну қазақ бақсыларының арасында да сақталған. Жебеушісін шақырып бақсылық өнерінің шыңына жеткен арпалыста көмекке көкжал бөрінің енесі қаншық қасқырды, алты қарыс аш қасқырды, азуы өткір, ашулы жас қасқырды шақырады.
Жоңғарларға қарсы жорықта даңқы шыққан Жәнібек ханның бөрі басы тігілген туы жау келердің алдында дүрілдеп, немесе ерекше дыбыс шығарып, алда болар айқасты білдіріп отырған.
Өзбектер мен түрікмендерде мен той үстінде «Гөөк бөріге» қыз ұзату салты да сол тотемге табынудан шыққан және дүниеге мықты ұрпақ келтіру мақсатын көздеген.
Қасқырдың азу тісі түріктерге тұмар болған, ал қазақтар оны малды аман сақтайды деп, жаңа қонысқа іліп қойған. Қасқырдың азуы мен тырнағын, жалы мен құйрық жүнін жас нәрестені көз тиуден сақтайды деп бесік арқасына ілген. Ол әлі күнге дейін ересектер мен балалар киімінде түрлі формада көрініс тауып жүр.
Қорыта айтқанда, түркі мифологиясы халықтың рухани әлемін танытып, жалпы адамзаттық дүниетанымның кең шеңбердегі ауқымының көрінісі ретінде ұрпақ санасына орнығып отырды. Фольклорды халықтың рухы деп танысақ, мифология – сол халық рухының тынысы. Фольклорлық жанрлардың барлығы дерлік мифтік ұғым-түсінікті өз бойына сіңіріп, тұтастай халықтық танымға негізделді. Бастапқы кезде таза түсінік күйінде болған мифтер уақыт өте келе фольклорлық шығармаларға кіріп, танымдық, идеялық-көркемдік мақсатқа қызмет етті.
Достарыңызбен бөлісу: |