Әдебиеттер тізімі
-
Әуезов.М. Әдебиет тарихы. –А., 1991.
-
Үйсін туралы зерттеу.Шыңжаң халық баспасы, 1989ж. -99 б.
-
Жанболатов.С. Елжау күнби. Күйтін, 1994. -9 б.
-
Мағауин.М. Шыңғысхан.Жұлдызжурналы. –А., 2011. 1 кітап.
-
Жанболатов.С. Елжау күнби. Күйтін.1994. -409 б.
-
Жанболатов.С. Елжау күнби. Күйтін.1994. -809 б.
Аңыздық проза жанрларындағы мифтік бейне
(Түркі халықтарының әпсаналары мен хикаяттары негізінде)
Г.С.Сағынадин,
докторант
Қазақстан, Астана
Қазақ фольклорының прозалық жанрларының қатарында әпсана мен хикаяттың орны ерекше. Ғылыми айналымда аңыз ретінде қарастырылып келген бұл жанрлар бүгінде өзіндік дара өлшемдері және құрылымдық ерекшеліктері арқылы жанрлық дифференциациядан өтті.
Әлемдік фольклорға көз тіксек, бұл ұғымдар «легенда» сөзімен сәйкес. Ғалым В.К.Соколова халықтың ауызша тараған прозалық әңгімелерін олардың тарихи мазмұнына сәйкес төмендегідей топқа бөледі:
-
Исторические предания
-
Предания легендарные
Соның ішінде легенда ұғымының ішкі құрылымына қарай 2 түрін көрсетеді. Олар: «исторические легенды религиозного содержания», «социально-утопические легенды» [1, 272] .
«Легенда» ұғымын тақырыптық, мазмұндық, сюжеттік тұрғыда жіктеп, қазақ фольклортану ғылымына жанр ретінде енгізген академик С.Қасқабасов еді. Ғалым «легенда» сөзіне «әпсана-хикаят» терминін балама етеді. Алғашқыда аңыз бен ертегі аралығындағы прозалық туындыны қосарлы термин аясында қарастырса, кейінрек қос ұғымының аражігін ажыратып, өзіндік бояу-реңкін салыстыра отырып, «әпсана» және «хикаят» деген жеке ұғымдар қалыптастырады.
«Әпсана деп кейде ертеде болған, немесе ойдан шығарылған бір оқиғаны көркемдей баяндайтын шығармаларды айтамыз. Тақырыптық және сюжеттік мазмұнына қарай қазақ әпсаналары шартты түрде тарихи-мекендік және утопиялық болып келеді.
Әпсана, әдетте, аңыз негізінде пайда болады, бірақ кейде өз бетінше де туындайды. Мәселен, өте ерте заманда туған аңыздар бірте-бірте әпсанаға айналады» [2,158].
Осындай пікір қорытқан ғалым С.Қасқабасов бұл тарихи-мекендік әпсаналардың ежелгі мифтерден тарайтынын да ескертеді. Мифтік желілердің қаһармандары көркемдік-эстетикалық процесс негізінде әпсана сюжетіне ойысып, қиял мен танымның кешенді көрінісін байқатады. Жалпы, мифтік бейнелердің аңыздық проза түрлерінің барлығында орын алуын орыс фольклорисі Э.В.Померанцеваның сөзінен байқаймыз: «...Среди жанров, для которых характерна установка на достоверность, есть такие, как, например, былички или легенды, содержания которых по существу отличается крайней фантастичностью. Героями их выступают мифические существа. Однако это не составляет принципиального отличия их от исторических преданий, повествующих о действительных событиях прошлого и реально существовавших людях» [3,280].
Әпсаналар желісінде бірде Қыдырдың (Қызырдың), бірде Бақтың көзі көрмейтін соқыр болып суреттеледі. Сондықтан наным мен сенімге берік халық Ұлыс күні шырақ жағып, Көктің қасиетті періштелерінен несібе күткен. Олардың жанары түскен адамға құт пен береке бұйырады деп иланған. Мысалы, бір әпсанада «Бақ пен Қыдыр жұбын жазбай бірге жүреді екен. Оның себебі, Бақтың екі қасы ұйысқан қабағы жүнге айналып, көзін жауып, меңіреу қараңғы қалыпта болғандықтан қарға адым жер жүре алмайды. Ал, оны жетелеп жүрген Қыдыр атаның бір бармағының сүйегі жоқ былқылдаған ет екен-мыс. Бақ Қыдырдың бармағынан тас қып ұстап жетелеп жүргендіктен «Бақ қараса – Қыдыр дарып, Бақ қарамағанға – Қыдыр дарымайды» екен. Бақтың көзі соқыр болғандықтан ол адамдарға өте сирек қарайтын себепті пенденің жұлдызы жанып, жолы ұдайы ашыла бермейтіні де содан екен»[4] делінеді.
«Қырықтың бірі Қыдыр» дейді халық. Күніге қырық адамға кезігіп сәлемдескенде соның бірі Қыдыр болуы да ықтимал. Қыдырдың бармағы сүйексіз. Сол себепті қазақ баласы бір-біріне амандасқанда қос қолын қатты қысып, ыстық қауышып, құшақтасады. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойында солай болады. Өйткені, бармағы сүйексіз былқылдаған Қыдырдың қолын сәтін салып ұстап қаламын деп те ел ырымдайды.
Түрік әпсаналарына зер салсақ, Қызыр жөнінде мынадай бір сюжетті байқаймыз: «Ертеде бір патша «Қызырды тауып, алдыма әкелген адамға қалаған дүниесін беремін» деп жар салады. Алайда ешбір адамның Қызырды таба алатындай мүмкіндігі болмайды. Сонда кедей шал ғана батылы жетіп, Қызырды әкелуге уәде береді. Өйткені Қызырды табуға қырық күн сұрап, оған қоса ішіп жейтін тамағын сұрап алады. Қызырды таппаса, басы кесіледі, алайда патшаның берген сыйы балаларына өмір бойы азық болады. Қырық бірінші күні шал патша алдына келіп, Қызырды таппағанын айтады. Ашуға булыққан патша өзінің уәзірлерінен шалға қолданар жазаны сұрайды. Сонда бірінші уәзір шалды бөлшектеп кесіп тастауды ұсынады. Екінші уәзір шалдың терісін сыпырып, оған сабан толтыру керек екенін айтады. Ал үшінші уәзір мүсәпір шалға кешіріммен қарап, оның мұндай қадамға қажеттіліктен, жоқтықтан барғанын түсіндіреді. Бұл үш уәзір өз тілектерін айтқанда, олардың қасында үнемі бір кішкентай бала «Әр нәрсе тегіне тартады» деп қайталап тұрады. Сонда патша баладан бұл сөздің мәнісін сұрайды. Бала: «Бірінші уәзірдің әкесі қасапшы болған. Сондықтан да қасапшылық танытып жатыр. Екінші уәзірдің әкесі жастық дайындайтын ісмер болған. Ал үшінші уәзір нағыз уәзірдің баласы. Өз тегін танытты. Мен бұл жерге бейшара шалды ұятқа қалдырмау үшін келдім. «Уәзір қажет болса – уәзір, Қызыр қажет болса – Қызыр» деп есіктен шығып кетеді. Бұл бала кейпіндегі Қызыр болса керек. Патша өз нөкерлерін жібергенмен, Қызырды таппайды. Сөйтіп бейшара шал патшаның байлығы мен сыйына ие болыпты [5,207].
Мұндай құбылу қасиетіне ие Қызыр бейнесінің мифологиялық сипаты түркі тілдес барша халықтар фольклорынан мол ұшырасатыны сөзсіз.
Қызыр баба адамзат баласына өңінде кездеспесе, түсінде аян арқылы көрінуі мүмкін. Тарихқа жүгінсек, Әмір Темірдің бұйрығымен XIV ғасырда Әзірет Сұлтан рухына арналып, Түркістанда архитектуралық ескерткіш орнатылғаны белгілі. Бұл жайында жергілікті халықта мынадай әпсана бар: «Қожа Ахмет Йассауи мазарын тұрғыза бастағанда, қара дауыл қабырғаларын ұшырып әкетеді. Осыдан кейін Темірдің түсіне шал (Қызыр) еніп, ол ең алдымен Ахметтің ұстазы Арыстанбабқа мазар тұрғызу жөнінде аян беріпті. Темір шалдың айтқанын екі етпей орындап, содан кейін барып қана өзі ойлаған жұмысына кіріседі»[6]. Бұлайша қасиетті әулие-әмбиелердің түске кіріп, аян беруі фольклорлық сюжеттердегі негізгі сарындардың бірі
Енді бір әпсанада: «Ертеде Бақ пен Қыдырдың тау бөктерінде келе жатқанын көрген жетім-жесір, ғаріп-кәсір, бай-манаптар барлығы ол екеуінің алдын орап, шапағат сұрапты. Көзін жабағы қасы жапқан Бақ тұқырайып тұрып, қалың қасын жалп еткізіп, басын жоғары көтеріп қалғанда, тау басындағы кемтар қызға көзі түсіпті. Қыдыр ақ таяғын қолына алып, жылап тұрған қызға қарата бір нұсқап қалыпты да екеуі де көзден ғайып болыпты. Көп өтпей әлгі қыз сауығып, күйеуге шығып, үйлі-баранды болып, басына дәулет дарып, барша мұратына жетіпті. «Бақ қараса – Қыдыр дариды » деген тәмсіл осыдан қалған екен-мыс» деп айтылады. Тағы бір сюжетте: «Қыдыр әр адамға өмірінде үш мәрте кездеседі екен.Тек сол шапағатты сәтті сезініп, тілек тілеген адамға бақ қонады екен»[4]. Кейде «Қыдыр атаның қолында қамшысы бар. Ол қасиетті қамшысын күн мен түн теңескен Ұлыстың ұлы күні көкке бір мәрте ғана көтереді. Сол сәтте күн кенет қызып, теңгедей мұз, тебінгідей тоң қалмай балқып еріп, табиғат жадырап, бусанып кетеді» [4] делінеді.
Сонымен қатар «Қыдырдың қамшысы жерге түскенде дариялардың мұзы шарт-шарт сынады» деп иланады халық. Сондықтан да ел арасында «қызыр қамшысы» деген түсінік бар. Яғни, сәуір айының орта кезінен кейін алғаш рет найзағай ойнайды, жаңбыр жауып, жер бусана бастайды. Бұл атаудың найзағайдың жарқылына байланысты қойылғаны анық.
Байқап қарасақ, жоғарыда аталған әпсаналар желісінде, халық түсінігінде Қызырдың ғажайып істерін жүзеге асырып, адамзатқа бақ пен молшылық, табиғатқа ажар беретін қасиетті таяғы немесе қамшысының рөлі ерекше. Сиқырлы таяқ пен қамшы туралы фольклортану ғылымында нендей пікірлер бар? Фольклорлық сюжеттерді дамытуда қызметі қандай? Бұл турасында орыстың атақтың фолькорисі В.Я.Пропп өзінің «Исторические корни волшебной сказки» атты еңбегінде «Волшебные дары. Волшебный предмет» атты тараушасында төмендегідей тұжырым жасайды: «Палочка создалась в результате общения человека с землей и растениями. Сказка не сохранила только одного обстоятельства: прутик срезается с живого дерева, и тогда он может оказаться волшебным, перенося чудесное свойство плодородия, обилия и жизни на того, с кем он соприкасается. По свидетельству Маннгардта, люди животные, растения в различные времена года уларяются или стегаются зеленой веткой (палочкой), чтобы стать здоровыми и сильными. Таких случаев им приводится очень много, и они ясно показывают, что здесь на ударяемого переносится жизненная сила растения» [7,196]. Ғалымның сөзі бойынша ертегі жанрындағы сиқырлы таяқтың құдіреті қиял-ғажайыптық элементтердің бірін құрап, мотивтік негіз болса, әпсана мазмұнында да көркемдік қызмет атқарады.
Өзбек фольклорында Қызыр туралы халық түсінігі утопиялық әпсаналарда сақталған. Мұндай әпсаналардың қатарында «Байсын» әпсанасы ерекше аталады. Себебі белгілі бір мекеннің таңғажайып құбылыстарға ие болуы осы Қызыр есімімен тығыз байланысты. «Қызыр өзінің кезекті бір саяхатында ауасы таза, жері шүйгін жерге тап болып, тамсанып: «Мен мұндай жұмаққа бара-бар жерді бұрын-соңды көрмеген екем. Осы жерді мекен еткен әр адам мол байлыққа кенелсін» деп ақ батасын беріпті» [8, 161]. Өзбекстанның оңтүстігінде орналасқан Сұрхандария облысының аумағындағы Байсын жері осылайша пайда болған екен.
Жалпы «утопиялық әпсаналардың мазмұны көбінесе әлеуметтік сипатта болады. Сондықтан да Ғалым К.В.Чистов саяси белсенді утопизмнің өзіндік формасын көрсететін аңыздық прозаны әлеуметтік-утопиялық әпсана деп атап, оның идеялық мазмұнына қарай «легенды о золотом веке», «легенды о далеких землях», «легенды о избавителях»[9, 267] сынды түрлерін атап көрсетеді.
Әдебиеттер тізімі
-
Соколова В.К. Русские исторические предания. Москва, 1970
-
Қасқабасов С.А. Жаназық. Әр жылғы зерттеулер. Астана, 2002
-
Померанцева Э.В. Устные рассказы о мифических существах и их жанровые особенности//Русское народное поэтическое творчество. Хрестоматия по фольклористике. Сост. Ю.Г.Круглов. Москва, 1986
-
Тойшанұлы А. Бақ пен Қыдыр //Дала мен Қала. 16.10.2010
-
Сказки народов Казахстана. Сост. Л.Степанова. Алматы, 2004
-
Қожа Ахмет Иассауи//http://tarihi-tulgalar.kz
-
Пропп В.Я.Исторические корни волшебной сказки. Ленинград, 1986
-
Хамдамова С.Х. Мифологические образы и проблема художественности в классической литературе// Филологические науки. Вопросы теории и практики. Тамбов, 2010. № 3 (7).
-
Чистов К.В. Русские народные социально-утопические легенды XVIII-XIX вв.//Русское народное поэтическое творчество. Хрестоматия по фольклористике. Сост. Ю.Г.Круглов. Москва, 1986
Ж.Жәнібековтің «Айна» кітабының идеялық мақсаты
Э.Е.Ибраева,
докторант
Қазақстан, Астана
Отандық журналистика тарихында ғана емес, ел тарихында да «Қазақ» газетінің алатын орны бір төбе. «1913 жылдан Қазақстандағы азаттық қозғалысының «Қазақ» газетінің қызметіне байланысты жаңа кезеңі басталады. Газет Орынборда басылып, алғашқыда 3 мың данамен шықты. Бұл ол уақыт үшін тіптен көп таралым еді. Оның редакторы А.Байтұрсынов болып, төңірегіне дарынды қазақ журналистері мен жазушыларының тұтас бір саңлақ тобы жиналды. Олардың арасында Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов және басқалар бар. Оппозициялық газет бола отырып «Қазақ» қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға аз үлес қосқан жоқ, өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін көтерді, ағартушылық идеяларын насихаттады, қозғалыстың және болашақ «Алаш» партиясының баспа органы болды. Жарияланымдардың отаршылдыққа қарсы сипаты өкімет орындарының наразылығын туғызды. 1913-1916 жылдардың өн бойында газет 26 рет жабылды, ал А.Байтұрсыновтың өзі әлденеше мәрте тұтқындалды» [1, 163], – деп жазады ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихының беттері.
«Қазақ» газетіне 1913-1918 жылдар аралығында алаш қайраткерлері: А.Байтұрсынов, М.Дулатов және Ж.Жәнібеков басшылық жасады. Патша үкіметі, одан кейінгі Кеңес үкіметінің кезеңінде жарық көрген бұл басылым талай қиындықтарға ұшырады.
Кеңес үкіметі Алаш партиясының төңірегіне жиналған алаш қайраткерлерінен қатты қауіптенді. Оның өзіндік себебі де бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқын өрге сүйреген алаш қайраткерлерінің ұстанымы мен қабілеті туралы өзінің «Тарих толқынында» кітабында былай деп жазған болатын: «Қазақтың мемлекет қайраткерлерінің тотаритарлық режим үшін ерекше қауіпті болғандығы сол – бұл адамдар саяси құрылыстың өрге баспайтын ескі түрлерін қайта жандандырамыз деп әуре болмай-ақ, шын мәніндегі осы заманның мемлекетін құра алатын» [1,230].
Иә, бұл ел басына қара бұлт үйірілген сол кезеңнің интеллигенция өкілдеріне берілген әділ баға.
Өзек өртер өкініштісі сол: халқына бергенінен берері көп қазақтың асыл азаматтары – «Қазақты» басқарған үш редакторының да тағдыры ауыр болды. Сталиннің елім деген ерді көктей бастағаннан басып-жаншып, құртып жіберетін зобалаң уақытында А.Байтұрсынов, М.Дулатов және Ж.Жәнібеков те қуғын-сүргінге ұшырап, 1937 жылы жазықсыздан жазықсыз атылып кетті.
Қазақ халқының елі үшін құрбан болған намысты перзенттері туралы ақиқат ұзақ жылдар бойы зерттелмей, зерделенбей шаң қауып жатты. Нақақ айыпталып, атылған алаш азаматтарын тарих шындығы ақтап шығарғанымен, алаш қайраткерлерінің жүріп өткен жолдары тұтастай зерделеніп, мұралары толық зерттелмегені белгілі.
Солардың бірі – Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков.
Жанұзақ Жәнібеков туралы алаштанушы-ғалым Қайрат Сақтың 1998 жылы жарық көрген «Ұлттық сана ұйытқысы» еңбегінде: «...Жанұзақ Жәнібековтің «Қазақ» газетіндегі журналистік қызметі – бөле айтуға тұрарлық толымды еңбек. Оның қалған басылымдардағы, әсіресе, қазан төңкерісінен кейінгі шығармашылық қызметі – зерттеушісін күткен тақырыптың бірі»[2,93], – деп жазады.
Ж.Жәнібековтің «Қазақ» газетінің беттерінде жарық көрген мақалалары төте жазудан аударылып, ғылыми айналымға енгізілгенімен, «Бостандық туы» (1924-1926ж.ж) және «Кедей» (1926-1929ж.ж) басылымдарындағы еңбек жолдарының ізі толық зерттелмеген.
Алаш қайраткері жайлы: «Біз қаламгердің өмір жолы мен Қазан төңкерісінен кейінгі тағдыры талайынан сыр тарқататын мәліметтерді кездестіре қойған жоқпыз. Сөйтсе де, оның «Қазаққа» сіңірген қызметіне, шығармашылық бай мұрасына қарап, өзіндік орнын иемденуге тиісті тұлға екендігіне көзіміз жете түседі» [2,86], – деп ғалым Қ.Сақтың атап өткеніндей, Ж.Әлжанұлының алдағы уақытта өзіндік орны бар тұлға ретінде зерттеліп-зерделенетініне сеніміміз кәміл.
Бүгінгі күнде Алаш азаматы – Жәнібек Әлжанұлының ағартушылық бағытта жарық көрген «Айна» [3] атты кітабы төте жазудан аударылды. Бұл жинақ 1908 жылы Қазан қаласынан 28 бет болып шыққан. Мұқабасында «Қайта басылуы, хұқы баспаға тиесілі» деген дерек бар. Яғни, бұл «Айна» жинағы бұған дейін де басылғанынан хабар береді. Сондай-ақ, мұқабада: «Құрастырушысы: Жәнібеков, бастырушысы: Ниязмұхамед Сүлейменов» деген мәлімет бар (яғни, құрастырушының тегі ғана жазылған – Э.Е.). Ал, Жәнібековтің – Әлжанұлы Жанұзақ екенін дәлелдейтін деректерді «Сөз басы» атты төмендегі кіріспеден кездестіреміз:
«Ай бауырлар!
Бұ заманымызда малы болғандар малыменен, оқуы болғандар сөз қаламыменен өз жұртының кемшіліктерін көріп, жұртына қызмет қылып жатыр.
Ноғай бауырларымыздың оқыған молдалары, өнерлі білгіштері әртүрлі кітаптар, трактаттар, газеттер, журналдар жазып, өздерінің араларына таратып жатыр. Ноғай бауырларымыз мешіт, медресе салуға, бір-біріне уағыз, насихатайтуды адамшылықтан санайды.
Осы соңғы жылдарда біздің сахара қазақ жұртының молдалары, заманаша оқыған шәкірттер де қолдарына қалам ұстап әртүрлі трактаттар жазып жатыр»[3].
«Мен де пайғамбардың «Дін насихат» деген хадис шәрифін көріп, алаш азаматы деп аталған бауырларыма білгенімше насихаттар жазайын деп қаламымды қолыма алдым, Алла сәтін берсін.
1907 жыл, 9 ноябрь орта жүз қазағынан Қызылжар шаһарында тұрушы Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков» [3].
Бұл – «Айна» жинағының кіріспе сөзі.
Жанұзақ Жәнібековтің осы кіріспе сөзімен басталған жинағы мынадай бірнеше бөлімдерді қамтиды:
-
Бірінші сөз
-
Білім-оқу
-
Құлақ саларлық сөз
-
Оқу шері
Жинақ соңында: «Орыс тілін үйрену шариғат бойынша бола ма?» атты мақала беріледі. Бұл Ниязмұхамед Сүлейменовтің «Таржуман» басылымында жарияланған мақаласының аударма нұсқасы. Аударған Ж.Жәнібеков.
Жанұзақ Жәнібековтің қайта басылған «Айна» кітабы 1908 жылы жарық көрді десек, ол кезде Ж.Әлжанұлы небәрі 19 жасында екен. Замана барысын көрегендікпен аңғарған алаш азаматы «Бірінші сөзін»:
«Бауырлар, оқудың ретін білетін молдалар ұстап балаларыңызды оқытыңыздар. Шаһарлардағы медреселерге жіберіңіздер. Шариғатта надан болуға ешбір жол жоқ», – деп бастайды. – Бауырлар! Кімде-кім Құдай тағаланы бір деп, пайғамбарымыз Мұхамед с.ғ.с анық пайғамбар деп иман келтірген болса, я еркек, я әйел болсын оқу үйрену оған парыз болады, білмеген нәрселерін білгендерден үйрену керек.
Пайғамбарымыз с.ғ.с «оқу, үйрену әр мұсылманға парыз» - депті, тағы да, «оқуды Қытайда болса да іздеңіз» депті. Түсіндіре айтсам – қанша қиыншылықтар көріп, туған туысқандарыңыздан айырылып, қанша ақшалар ұстасаңыз да оқуды үйреніңіздер деген сөз болады. ...«Жас уақытта оқу үйрену – тасқа жазған секілді, өскен соң оқу үйрену – суға жазған секілді» деп айтыпты», «...оқудың ретін білетін», – деген сөзі қай заманда да өз маңызын жоймайды емес пе? Әйтпегенде, ретін білмейтін дүмше молдалар да болған әр заманда.
«Білім-оқу» бөлімінде Ж.Жәнібеков: «Білімнің мағынасы – дүниемен ахиретте өзіне пайдасы не зарары (залалы) болатұғын нәрселерді білу демек. Оқу – жалғыз адамдарға тән болған сыйпат. Оқу іздеу пенденің үстінде үлкен борыш», – дей келіп пайғамбарымыздың с.ғ.с білімнің артықшылығы жайында айтылған бірнеше хадис шәрифін келтіреді.
Жас та болса, өз елінің болашағын ойлап, халқының білім-өнер жолында еңбектеніп, өзге елдермен терезесі тең болғанын арман еткен Жанұзақ Әлжанұлы жан-тәнімен оқу-білімді насихаттаумен болды.
«Құлақ саларлық сөз» бөлімінде: «Заманымыз оқу-өнер заманы. Түбіне жете алмайтын ойлардан үміт үзіп, ақиқатқа қарау керек. Бұ заманға шейін надандықтан көп зарарлар көрдік, дүниеде надандықтай зарарлы нәрсе жоқ. Надан кісі соқыр кісі секілді, адам баласын қорқылатын, біреудің қолына қаратып жем қылған, адамдардың бәрінен кем қылған надандық, әркім бұл надандықтан құтылудың шарасын күні-түні іздеу керек»,– дейді. Надандықтан арылуды көксеген Жанұзақ Жәнібеков жастарымыздың оқу оқып, білімді болуы үшін жан-жақты бағытта еңбек ете білген.
«Оқу шері» бөлімі 1., 2., 3., 4., деп сандармен белгіленген оқу-ағарту бағытындағы өлеңдер мен «Қаламға хат», «Қаламның айтқаны» атты мысал өлеңнен тұрады. Бұл бөлімде де, Жанұзақ Жәнібеков сөзсіз елін оқуға үндеген.
Өз заманында орыс халқына дінсіз, кәпір деп қараған елінің қазақи түсінігі мен шүбәсін да ескерген сезімтал азамат – Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков кітабының соңында «Орыс тілін үйрену шариғат бойынша бола ма?» атты Ниязмұхамед Сүлейменовтің «Таржуман» басылымында жарияланған мақаласын беруді жөн көреді.
«...Аз сөзбен мынаны түсіндіреді: қаласаңыз, сириялық, қаласаңыз, ғибрания,** қаласаңыз, үндіше, қаласаңыз түрікше, парсыша болсын, тілдердің ешқайсысын үйрену харам емес. Тіл үйрену – мубахтан. ***
...Енді бізге шет тілінен яғни ана тіліміз болмаған тілдерден орыс тілі – мемлекет тілі және үкімет тілі болғандықтан біз үшін орыс тілін үйрену пайдалы және жақсы міндет...», – деген пікірлерді Жанұзақ Жәнібековтің келтірудегі ойы: қазақ халқы орыс тілін тосырқамасын, жатырқамасын деген мақсатынан туған еді. Өз елінің болашағы мен дамуын ойлаған алаш азаматы орыс тілі арқылы өз халқымыздың озық ойын орыс халқына ғана емес, басқа халықтарға да жеткізуге болатынын жете түсінген.
Қай ғасырда болсын, біздің ғұлама-ғалымдарымыз, білімдарларымыз өздерінің айтпақ ойының түп-түйінін немесе толықсыған ойын осы ислам дінінің құдіретімен байланыстыра отырып, болашаққа таусылмас рухани азық етіп қалдырғаны белгілі. Оған көптеген мысал дәлел. Ахмет Иассауидің хикметтері, Абай атамыздың бір томға татитын бір сөйлемдегі мағыналы қара сөздері, Шәкәрім атамыздың өлеңдеріндегі ислам құндылығын насихаттауы т.б. Ж.Жәнібековтің: «Менде пайғамбардың «Дін насихат» деген хадис шәрифін көріп, алаш азаматы деп аталған бауырларыма білгенімше насихаттар жазайын деп қаламымды қолыма алдым, Алла сәтін берсін», – деп бастауы білімнің қайнар көзі, тамыры терең тәрбиенің мәні осы ислам білімі арқылы адамзаттың айнымас заңына айнала білетінін көрсеткісі келген.
«Хазірет Әли айтыпты: «Балаларыңызды келешек заман үшін үйретіңіз, неге десеңіз олар келешек заманның кісілері»,- деп. Балаларыңызды келешек заман үшін үйретіңіздер. Осы заманымыз – келешек заманның айнасы. Келешек заман үшін нелер керегін осы күннен аңғарып қойыңыздар», – деп елінің ертеңіне алаңдаған Алаш қайраткері – Жанұзақ Жәнібековтің «Айна» кітабының жастар тәрбиесіне берер ғибраты шындығында айнадай жарқырап тұр.
Әдебиеттер тізімі
-
Назарбаев Н. Тарих толқынында. – А.: Атамұра, 1999. – 163 б.
-
Сақ Қ. Ұлттық сана ұйытқысы. – А.: Қазақ университеті, 2001. – 86 б.
-
ЖәнібековЖ. Айна. –Қазан: Шәрәф, 1908.
Б.Момышұлы шығармаларындағы
қолбасшылар тұлғасы
Ж.А.Омарова,
докторант
Қазақстан, Алматы
Жазушының прозалық шығармаларындағы ортақ желілі ерекшелік – деректі негіздегі кейіпкерлерін де, өткен кезеңдер оқиғаларын да естеліктер сарынындағы мәнермен жазатыны. Әскери қызметте бірге жүрген командирлерді, жауынгерлерді еске ала баяндаған сюжеттік-композициялық желілерде тарихи адамдардың өмір шындығына сай әрқайсының өзіндік кескін-келбеттері мен мінез-құлық ерекшеліктерін тұтастандырған бейнелей баяндаулармен жазғанын көреміз. Мысалы, «Олар менің есімде» атты әңгімесінде 1935 жылы қараша айында Орта Азия әскери Округының Ташкенттегі машықтандыру орталығына шақырылған запастағы командирлердің кескін-келбеттерін де, іс-әрекеттерін де динамикалық портреттік сипатпен бейнелеген. Аталған әңгімедегі басты кейіпкерінің кескін-келбетін психологиялық-поэтикалық болмысымен оқырманның көз алдына айқын елестетеді:
«Біздің топтың командирі орта бойлы, арықша келген, ойлы қоңыр көзді, сопақ бет полковник Павел Вахалов болды» [1, 16]. Жазушы әскери қызметпен бүкіл өмірін өткізген осы командирдің азамат соғысында жарақаттануының салдарынан аяғын сылт басатынын, «... қызу қанды, жылдам кісі»... [1, 18]. болғандықтан кемістігін ұмытып, «... сап түзудің жолдарын, қару ұстаудың тәсілдерін, гимнастикалық жабдықтарда жаттығудың әдістерін, кедергіні алу амалдарын өзі қызбалықпен құмарлана...» [1, 20] көрсететінін баяндайды. Жан ділі байлығымен қарауындағы жауынгерлерін адамгершілік, азаматтық-отаншылдық рухпен тәрбиелейтін әскери қызметтегі командирлер тұлғаларын көркемдік жинақтау тәсілімен танытқандай мәнер байқалады. Кескін-келбетіндегі ойлылыққа кейіпкердің мінез-құлық психологиясының толық үйлесімі бар екендігін мінездемелік баяндауларымен дәлелдеген: «Павел Васильевичті біз жолыққаннан аға тұттық. Ол мейірімді, кішіпейіл, өзінен үлкенге ізет етіп сыйлай білетін, өзінен кішіге қамқорлық жасап, керек болса, мәпелеп еркелете білетін, керек болса шыжғыра білетін совет командирі екенін біз түсінуші едік. Қанша ашуланып, қанша ұрысып, екі аяғымызды бір етікке тығып қуырып алған кезде де, ол біздің арымызға, намысымызға тиіп кеміте сөйлеу дегенді білмейтін» [1, 23].
Кейіпкердің мінез психологиясын көзімен көрген, жан ділі сезінуімен танып бағалаған автор жауынгерлерін адамгершілік биік парасат рухымен баураған командирінің тәлімгерлік-тәрбиешілік болмысын ақын тұлғасымен баламалап бейнелеуі де әсерлі: «...Қалжың-әзілдерін араластырып, бізді күлдіріп сөйлейтін. Бірақ та қалжыңы да, әзілі де негізгі ой шеңберінен шықпайтын. ... Ол кісі табиғатынан ақын кісі еді. Оқырмандар ұстазын асыра мақтап жіберіпті деп ойламасын – ақындық алдымен мида, одан кейін ойда, жүректе. Ұйқасқа құл болғандар ақын емес. Ақын болу үшін алдымен терең ой керек, тебіренетін жүрек керек... Павел Васильевич өмірінде бір шумақ өлең жазған кісі емес. Мен ол кісіні ақын деп отырғаным, оның терең ойы, мейірімді елжіреген жүрегі, кейде қуанышты, кейде мұңды үні» [1, 27].
Жазушының осы естелік әңгімесінде бірқатар әскери қызметтегі командирлердің кескін-келбеттері статикалық портреттік сипаттаулар тұрғысында, авторлық деректі прозаға тән баяндаулары бойынша беріледі. Мысалы:
1. «Біздің жиынның екінші тобына сабырлы, қарапайым, сұңғақ бойлы сары кісі – майор Степан Чистяков басшылық етті» [1, 38].
2. «... округтің әскери дайындық жөніндегі басқармасының начальнигі комдив Брилев... Ол сұңғақ бойлы, бадырақ көк көзді, таңқы танау, байсалды, байыпты кісі болатын» [1, 55].
3. «... Қоңыр дауысты, орта бойлы, қызылшырайлы полковник ... Дмитрий Коваленко...» [1, 169].
4. «... Ұзын бойлы, арнаулы киімді қызыл күнқағары бар, мұртты кісі станция кезекшісі ...» [1, 151].
5. «Мұхаметқұл Исламқұлов орта бойлы, дембелше, маңдайы кере қарыс, дөңгелек тұнық көзді, қошқар мұрынды сымбатты жігіт еді. ... Сабырлы ауыр мінезді адам» [1, 37].
6. «Екінші ротаның командирі Семен Краев ұзын бойлы, құлағы едірейген етсіз жақты, өткір жасыл көзді, арық тарамыс сары жігіт еді» [1, 39].
7. «Мұрты едірейген, бұзау тұмсық, бойы бір тұтам, келте бақай сары жігіт ... лейтенант Угрюмов. Бойы тапал, қас-кірпіктен ешқандай нысан жоқ, аузы кере қарыс, салпиған қалың ерінді, сойдақ күрек тісті, жылтылдаған кішкене шыны көзді, мақтадан сырып тіккен сатпақ-сатпақ телегрейканы қаусыра белінен мықтап, жалпақ сары белдікпен буған сары жігіт...» [1, 48].
8. «Аласа бойлы, ашаң жүзді, қыр мұрнының суағарында төрт бұрыштап қойған қара мұрты бар, полковник дүрбіге үңіле қарап тұр. Егер көкшілдеу келген көзі болмаса, оны түнере қарап Қарақұмның күнге күйген түрікмені ғой деп қалар едің. Бұл дивизия командирлерінің ішіндегі жасы жағынан да, қызмет мерзімі жағынан да жолы үлкен – полковник Капров Иван Васильевич» [1, 43].
9. «... Бақылау пунктінің жертөлесіне генерал Панфилов кіріп келді. Қасында ашаң жүзді, қара қатпа, сәл мұңды, ойлы көзді, асқақ пішінді артиллерия подполковнигі бар. Үстіне үйлесіп қонып тұрған әсем әскери формасы болмаса, «бұл күнәһар дүниеде бәрі де, өтеді де кетеді, өзгерістен кім қашып құтылсын» деп мырс күліп мысқылдап тұрған салқын мінезді философтың тас мүсініне ұқсайды. Бұндай бейнелі подполковник – дивизиядағы артиллерия полкының командирі Курганов Георгий Федорович» [1, 40].
10. «Лейтенант Сергей Танков – орта бойлы, сымбатты, кең маңдайлы, көк көзді, сәл жалпақ мұрынды, төменгі ерні салыңқы жігіт еді. ... Оның соғыс жағдайына үйлеспейтін өте интеллигенттік мұқияттылығы, фронт тұрмысына жараспайтын шектен тыс әдептілігі мені ренжітетін. Оны мына әскери формада емес, сылқымдана киген костюм ішінде көргім келетін де тұратын. Оның үстіне – ол маған тым сақтана қарап, сақтана сөйлеп, тапа мені бір сынаған, зерттеген адамдай қатынаста болды. Мен оны өзімше «астаналық лейтенант» деп атадым. Онымен өзім, неге екенін білмеймін ұдайы жүре сөйлесіп, тек «Сіз» деп сыпайы түрде атаушы едім» [1, 57].
11. «Сәске түсте Горюноға астына қаракер ат мініп, біздің дивизияның артиллерия начальнигі подполковник Виталий Иванович Марков келді. Аласа бойлы, қыр мұрынды, қысыңқы қоңыр қой көзді, қырық жастардағы аққұба жирен шашты кісі еді ол» [1, 68].
12. «... Төрт бұрышты бұйра қою, қара қаба сақалды, ұзын бойлы капитан кіріп келді. Үстіндегі ақ елтірі жағалы шолақ тонының жоғары ілгектері ағытулы; басында төбесі қызыл мәуітімен тысталған көк қаракуль кубанкасы бар. Аяғында сары қоңыр былғарымен әдіптеген жүндес-сабалақ қара бурка – кавказдың киіз етігі. Сірә мен цыган түстес дұрыс пішілмесе де, бекем тігілген адамның сырт көрінісіне етіктің үйлеспей тұрғанына таңдансам керек, бірден тұрып сәлем бере қоймаппын. Тек ол жуан дауысымен күрілдеп:
– Мұнда батальон командирі кім? – дегенде ғана мен орнымнан ұшып тұрып, аты-жөнімді айттым.
Капитан қалың қасты қабағын түкситіп, өткір қара көзімен мені жек көргендей түйрей қарап, рұқсатсыз, дәнеңесіз орындыққа шалқая түсіп отыра кетті де, еріне-енжар сөйлеп:
– Гвардия миномет дивизиянының командирі капитан Кирсанов деген мен боламын, – деп өзін таныстырды» [1, 61].
13. «Монтайған момын қара торы жас жігіт, кірлеген ақ киімді Мәлік қара дәптерін парақтап отыр. Оның қасында жұқа жеңілтек сарысырма пешпет киген, еңгезердей Балтабек отыр. Оның мұрнының ұшы қарауыта үсіген, қалың қабағы түсіңкі, қалғығандай шаршап иығынан дем алып отыр» [1].
14. «Екі көзі мөлдіреген, ашаң жүзді, қара торы, жас жігіт маған тесіле қарап қалғандай болды. ... Сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, айбынды тік көзді, әдемі қара торы жігіт, шекпенінің белін қыса буған, қадамын, дікілдете басып келіп, әскери әдеп сақтап, сіресе тұра қалып:
– Жауынгер Төлеген Тоқтаров, – деп аты-жөнін мәлімдеді» [1, 79].
15. «Артиллерия басқарушысы полковник ... Шеметев – ұзын бойлы, ат жақты, үрпиген қалың қасты, тұнық жасыл көзді, егде тартқан егде офицер. Оның мінезі өте сабырлы, әр қадамы есептеулі, қызметін аспай-саспай істейді. Комдив пен Шляпиннің кейбір қызба мінездерін ол ішінен жақтырмайды, бірақ олар оның бастық екенін ұмытпайды, олардың алдында әдеп сақтайды. Комдивтің артиллерия мамандығы жағынан толық хабары барлығына ол ішінен қуанады, түсінісіп, істеуді дұрыс көреді. Комдив те онысын қатты санасады. Шеметев таза киініп, салтанатты ұстай білетін ауылдың баласы, армияның сыпа интеллигенті» [1, 88].
Бұл мысалдардан композициялық-сюжеттік желілерде Б.Момышұлы өзімен бірге жүрген, қызметтес болған адамдардың әдеби бейнеленуін жасау үшін шығарма құрылысындағы жеке кейіпкерлердің портреттік кескінделуін көркемдік жинақтауды құрайтын кешенді бөліктерімен қоса қамтуды қамтамасыз етуді көздейтінін байқаймыз және әскери басшылардың-командирлердің портреттеріне орайлас көңіл-күй құбылыстарының, мінез-құлық ерекшеліктерінің табиғи қалпын суреттеп отыратынын көреміз. Сондай ақ соғыс шайқастары сәттеріндегі командирлердің портреттік бейнелеулермен орайлас көңіл-күй құбылыстарының реалистік хал-ахуалымен де дидарласамыз. Осындай күрделі сабақтастық, тұтастық өрілімімен жазылған жазушы кейіпкерлерінің авторлық көркемдік шешіміне лайық сомдалғанын байқауға болады. Бұл – жазушының кейіпкер портретіндегі физиономиялық болмыс пен ішкі жан ділі психологиясындағы темпераменттік ерекшеліктер сабақтастығын танытқан суреткерлік көркемдік шешімін байқатады. Мысалы, портреттік кескінделуі мен сөйлеу, жүріс-тұрыс мәнері өзара сабақтасқан болмысымен көрінген капитан Кирсановтың соғыс шайқасы сәтіндегі жауды талқандау мұратындағы артиллериялық шабуыл кезіндегі сәтсіздіктер мен сәттіліктерге байланысты портреттік-психологиялық бейнеленуі де шығарманың көркемдік-поэтикалық әсерлігін күшейту қызметін атқарып тұр. Жазушы жауға бағытталған артиллериялық атқылаулар снарядтарының нысанаға дәл тиюінің соғыс стратегиясындағы аса маңызды орын алатындығын капитан Кирсановтың бет-келбетіндегі құбылыстар мен күйініш тоғысқан сәтін психологиялық сипатымен суреттеген: «Кирсанов жел ұшырғандай кілт бұрылып, телефонистің қолындағы трубканы жұлып алып, бар даусымен айқай салды. – Огневая! Тез шақыр бастығыңды! – Сірә, аға офицердің даусын естіді білем, үлкен қара көзі қанталап, бет әлпеті күреңіте түтігіп, долы ашудан шашалып-қақалып қалып боқтау, балағаттауды тасқындатты-ай келіп» [1, 98]. Жазушы кейіпкердің абыржу, ашулану, күйіну сәтіне душар болған жағдайындағы қалпынан өз ісіне шын берілген, кесек мінезді командирдің шынайы тұлғасын даралаған. Портреттік мінездердің үлгісі болып саналатын осындай бейнелеу мен диалогтық-монологтық сипаттар тұтастығындағы бөліктер көркем шығарманың реалистік қалпын, ажарландыра түседі. Капитан Кирсановтың артиллерия атқылауынан нысанаға снарядтарының дәл тимегеніне ашулана телефоннан айтқан сөздерін автор өзіндік шешіммен ұсынған: «Сол тасқынның ішінен «мына сөз кішкене имантаразылау ғой» деп теріп-теріп берерім мынау:
– Неге недолет?.. Неге жетпей қалды?.. Милау!.. Есек! Сені артиллериялық училищеден қандай ақымақ оқытып шығарды екен! Уровень ол емес қой ... малғұн! Есірік! Ақтама өзіңді, өзің, сайтанның сапалағы! Әттең, қап құдай-ай, қасымда емессің ... әйтпесе әкеңді танытып, төбеңді ойып, желкеңді үзер едім...
Өзі бұйра дудар шашын оң қолымен ұстап алыпты. Бір уыс шашын ет терісімен қоса жұлып алатындай болып көрінеді маған. «Мынау адам мұндай сұрапыл ашу үстінде арыстанды да түтіп жіберер», – деп ойладым ішімнен» [1, 103].
Кейіпкердің кескін-келбетіндегі бір сәттік күйініштен, ашу-ызадан пайда болатын физиономиялық-психологиялық құбылыстардың табиғи бояулары да реалистікпен өрнектелген. («Енді Кирсанов орындыққа барып, қос қолымен шашын уыстап отыр. Әлі толастамаған ашудан безгек адамша қалшылдап, тістеніп алыпты. – Осындай шалағайлардың кесірінен жүздеген снаряд айдалаға қаңғып кетеді! – деді: Онан соң «о-о-ох!» – деп, дәу жұдырығымен столды қойып қалды. – Мен саған көрсетермін, бәлем! – Қарлыққан даусы діріл қағады. Сол сәтте ол өксіп жылап, жіберетіндей болып көрінді маған) [1, 110]. Жазушының әскери тақырыптағы әңгімелеріндегі портреттік бейнелеулерде қолбасшылардың түр-тұлғаларын, бет-бейнелерін киімдерімен қоса, қимыл-қозғалыстары, сөйлеу мәнері, мінез-құлық ерекшеліктері тұтастандырылған жағдайында беру тұрақты кездеседі. Бұл – деректі прозалық шығарманың көркем әдебиетке тән сипатын күшейтетін көркемдік тәсілдердің бірі.
Көркем шығармадағы әдеби кейіпкерге түптұлғалық (прототиптік) негіз болатын тарихи тұлғалардың тіршілік қозғалысындағы өмір кезеңдерінің барлығында да өздерінің табиғи бітім-болмысы тұрғысынан суреттелетіні мәлім. Қолбасшылардың өмір шындығы аясындағы іс-әрекет дағдылары, қоршаған әлеуметтік-тұрмыстық ортамен қарым-қатынастар мәдениеті көркем шындық поэтикасымен жинақталғанда да түпкі негізділігін сақтайды. Жазушының шығармаларында қолбасшы генералдардың қарауындағы полктерді, батальондарды, роталарды, взводтарды, бөлімшелерді басқарып жүрген офицерлерге, сержанттарға, старшиналарға соғысудың стратегиясы мен тактикасын үйретуде ережелерге сай қатаң талаптарды қоя отырып, адамгершілік қасиеттерімен, мейірімге толы қамқор көңілдерімен баурай тәрбиелейтінін шығарма желісінен байқауға болады. Нағыз қолбасшылар туған жері, Отаны үшін жүргенін олардың жадына үнемі сала отырып, жаумен шайқасудағы жеңістердің өр рухты патриотизммен жігерлендіретінін, бірақ әскери стратегия мен тактиканың да аса маңызды орын алатынын меңгертуі тиіс екенін Б.Момышұлы шығармаларында үнемі еске салып отырады. Мәселен «Бір түннің оқиғасы» әңгімесінде И.В.Панфилов қаза тапқаннан кейін тағайындалған қолбасшы генералдың қимыл-әрекеті қозғалысы аясындағы портреттік бейнелеуден осыны көруге болады: «Жалт қарасам, көшенің ортасында дивизиямыздың командирі генерал-майор Иван Михайлович Чистяков жаяу, жайбарақат келе жатқаны рас екен. Мен оған таңдана қарадым: ол кісі дәл осындай қызу соғыс үстінде келеді деген ойда жоқ еді. Орта бойлы, дембелше, тығыншықтай келген шымыр, қарулы денелі генерал, басында жай түбітті құлақшын, үстінде қоңыр шинель, аяғында үлкен қалың ұлтанды шаруа етік. Жан-жағына қарап, асықпастан жүріп келеді» [1, 145].
Жазушы эпикалық баяндауларымен Мәскеу түбінде генерал Панфилов қаза тапқаннан кейін оның орнына тағайындалғанын, өзіне дейінгі командирдің жауынгерлік салт-сана, дәстүрлерді қадірлегенін, өзінің жинаған мол тәжірибесін, тапқырлықпен пайдалана басқарғанын ризалықпен айтады. Әңгіме мәтініндегі қимыл-әрекет аясындағы портреттік бейнелеуге сәйкес тарихи тұлғаға мінездемелік бағалаулар да жасалған:
«Генерал ақкөңіл, ашық мінез, менмендігі жоқ, күйінсе де, сүйінсе де, ойдағысын кейде тіке айта салғанына қарай кейбір сырын білмегендерге ол дөрекілеу, қатал көрінетін. Бірақ та, анығында да ол кісі, адал ниет, зерек адам еді.
Ой-шұқырсыз жер бола ма? Өнебойы жайбарақат өтетін күн қайдан болсын. Кейде генералдың ашуына тап болған кезіміз болды. Қандай ауыр жазаң болса дағы ол кісі кемітпей, кекетпей, қорламай ұрсатын. Істеген қатеңді, жаңылған жеріңді мойныңа қоя отырып, айыбыңды айта отырып ұрсатын. ... Айыптының қыр соңынан қалмай, орынсыз жерде килігіп, жағылған үстіне жұдырық жұмсауды командирдің бойына жараспайтын ұсақ, майда, қоқыс, саяздық мінез деп білетін. Майданда ағыңды ақ, қараңды қара дейтін әділ билік көп кездеседі. Мен генералдың алдында отырмын, бұл кісі – әділ адамның бірі» [1, 147]. Сонымен қатар жазушы әскербасы-қолбасшы генералдардың, офицерлердің портреттік-мінездемелік бейнеленулері арқылы өмір мен өлім арасындағы қиын-қыстау сәттерде жүрген адамдар болмысындағы табиғи ерекшеліктерді көркем шындықпен жинақтап беруге тырысып отырады. Әңгімелердегі кейіпкерлердің кескін-келбеттерін, киген киімдерін, сөйлеу мәнерлерін, мінез-құлық қасиеттерін өзара сабақтастыра бейнелеу арқылы соғыс шайқастары кезіндегі өмір сүру үшін жанталасқан адамдар тағдырларының күрделі болмысын ашуға ұмтылады. Жазушының әскери тақырыптағы әңгімелеріндегі көркемдік-эстетикалық дүниетаным тағылымы да туындылардың реалистігін айғақтайды.
Қорыта айтқанда, Бауыржан Момышұлы шығармасындағы қолбасшылар бейнесі олардың сөйлеген сөздері арқылы, іс-әрекеттері, психологиялық диалогтар, портрет, т.б. арқылы жүзеге асып жатыр және олардың болмыс бітімдері өмірдегі шынайы әрекеттері тұрғысынан суреттелген. Бұған жазушының мына сөзі дәлел бола алады: «Мен ешнәрсені ойдан шығарып тізбелемеймін. Менің барлық шығармаларым сенімді документтік материалдарға құрылған. Документтік сенімділікті көркем суреттеумен ұштастыру әркімнің қолынан келе бермейді, оны көбіне автордың шеберлігі деп атайды. Сондықтан мемуарлық әдебиеттегі ең басты қайшылық екі міндеттің бірін таңдап алуы тиіс. Ол не шындықты құрбандыққа шалып, көркемдікке ерік беру керек немесе шындықты басшылыққа алып, көркемдікті құрбан етемін. Өйткені менің ең басты міндетім шындықты көркемдік үшін бұрмалаудан қорғау болып табылады. Менің бұлай істейтінім, ойдан шығару арқылы майданда қаза тапқан жауынгерлер аруағына, жараланып қасірет шеккендер мен қазір аман-есен жүргендердің ар-намысына нұқсан келтіруге моральдық правом жоқ деп есептеймін» [2, 4].
Достарыңызбен бөлісу: |