Әдебиеттер тізімі
-
Ғабдуллин.Н. Ғабит Мүсірепов – драматург. – А.: Өнер,1982.
-
Нұрғалиев Р. Драма өнері. –А.: «Санат», -2001.
-
Тәжібаев Ә. Бес томдық шығармалар жинағы. – Т.4. – А.: Жазушы, 1981.
-
Мүсірепов.Ғ. Драмалық шығармалар. – А.: Өнер, 1982
-
Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері: түс көру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем /. –А.: Алаш, 2003.
-
Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы.–А.: Ғылым, 1991.
-
Қасқабасов С. Елзерде: Әр жылғы зерттеулер. –А.: Жібек жолы, 2008.
Әнуар Дербісәлиннің ғылыми-әдеби мұрасы
Б.Б.Алиев,
аға оқытушы
Қазақстан, Ақтөбе
Белгілі әдебиетші – ғалым Ә.Дербісәлин 1929 жылы Ақтөбе облысы, ойыл ауданы Саралжын совхозында дүниеге келді. 1943 жылы Саралжын жеті жылдық мектебін, 1946 жылы Ақтөбенің Н.байғанин атындағы мұғалімдер институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін, 1950 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін үздік бітіреді де, сол жылы Ойыл орта мектебіне мұғалім болып қызмет істейді.
1951-1954 жылдары қазіргі Қазақстан республикасы Ұлттық ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасында оқиды. 1955 жылы «Ы.Алтынсариннің жазушылық қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, 1969 жылы «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиетінің даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
1983 жылы Қазақстан республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспондеті болып сайланды.
Ғылым 1986 жылы шілде айында 57 жасында кенеттен қайтыс болды.
Қырық жылға жуық уақытын ғылым саласына арнаған ғалымның қазақ әдебиетінің негізгі мәселелері бойынша қалам тартпаған саласы кемде кем. Қазақ әдебиеті тарихының қалыптасу негіздері, дәстүр және жаңашылдық олардың даму жолдары – ғалымның зерттеу еңбектерінің негізгі өзегі. Ә.Дербісәлин қаламнан туған кітаптар, сын –мақалалар ой тереңдігімен, қазақ әдебиетіндегі көркемдік ізденістер табиғатын тереңдей ашуымен, өзіндік көркем өрнегімен, көкейкесті мәселені қозғайтын өткірлігімен ерекшеленеді. Ә.Дербісәлин – қазақ әдебиетінің тарихын алғашқы зерттеушілері С.Сейфуллин, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов т.б. ғалымдардан кейінірек шыққан буынның өкілі. 50 - жылдардың басында қазақ әдебиеттану ғылымына үркердей болып бір топ талантты жастар келді. Олар келе алдындағы ағаларының бастаған істерін батыл жалғастырып, алып кеткен, бүгіндері танымал ғалымдар З.Ахметов, А.Нұрқатов, Б.Сахариев, Ә.Дербісәлин, С.Қирабаев, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Н.Ғабдуллин, Ә.Нарымбетов, С.Ордалиев, М.Атымов т.б. Бұл буынның өзіне тән ерекшеліктері көп. Соның бәреуі – бұл кезде әдебиет тарихының методологиясы бір ізге түсе қоймаған, қазақ әдебиеті тарихына байланысты материалдарды өздері іздей, жинай жүре зерттеуі, зерттей жүріп жинауы, сөйтіп әдебиеттану ғылымын дамыта түсуі. Ғалымның әдебиеттану зерттеу саласындағы еңбектерін негізінен екі үлкен салаға бөліп қарауға болады. Бірі – қазақ әдебиетінің көне дәуірі, екіншісі XIX ғасыр және XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы жөніндегі зерттеулері. Бұл екі саланың әсіресе соңғы саласында Ә.Дербісәлин алғашқы тұжырымдаушы, негіздеушілердің бірі ретінде еңбек етті. Ғалым зерттеулерінің ішіндегі ең сүбелісі – Ы.Алтынсарин шығармашылығы деуге болады. Ыбырайды бүгінгі оқушы қауым, жалпы жұртшылық қалай түсінеді, қандай дәрежеде ұғынады десек, осы ұғым түсінігіміз үшін біздер алдымен Ә.Дербісәлинге қарыздармыз. Себебі Ы.Алтынсариннің өмірін, ақындығын, жазушылығын, аудармашылығын алғаш түбегейлі зерттеуші де осы Ә.Дербісәлин. Ғалымның көптеген мақалаларын есептемегенде, Ыбырай туралы оның сан қырын көрсететін бірнеше кітаптары жарық көрді. (Ыбырай Алтынсарин. Алматы., 1956; Ы.Алтынсариннің жазушылық қызметі туралы. Алматы, 1957; О литературном наследии Ибрая Алтынсарина, Алматы, 1957 т.б.). Ыбырайдың ағартушылық, педагогикалық қызметін бөліп қараудың өзі бүтінді бөлшектеумен тең екенін ескерсек, осы орайда, Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығын толық талдап, жан-жақты қамтыған Әнуардың Ы.Алтынсарин туралы зерттеу кітаптары ғылымға қосылған үлкен үлес. Ғалымның тағы бір түбегейлі зерттеген тақырыптарының бірі - ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Қазақ әдебиетінің Қазан төңкерісіне дейінгі бірнеше жүз жылдық тарихында алғашқы он жеті жылдың орны ерекше. Әдебиеттануда бұл күрделі де қысқа мезгіл Ұлы Қазан алдындағы немесе ХХ ғасыр басындағы әдеби кезең болып саналады. Кезеңнің күрделілік себептерін тарихи әлеуметтік , саяси-әлеуметтік, көркемдеу жағдайларымен түсіндіруге болады. Ең алдымен атап айтарлық жай – бұл кезең Ресейдегі ұлы төңкерістер кезеңі, Ұлт - азаттық қозғалысының бүкіл дүниеде өріс алған тұсы. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті өзіне дейінгі әдебиеттің барша озық, халықтың адамгершілік, көркемдік дәстүрін жаңа дәуірде онан әрі жалғастырып, оларды алдағы мүлде жаңа заман әдебиетіне ұластыруға тиіс болды. Міне осындай қиын да күрделі кезеңнің әдебиеті туралы 1969 жылы «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиетінің даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, кітап етіп шығарды. Жалпы монография ғалымның ұзақ жылдар бойы сарыла да байыпты түрде тексеруінің нәтижесінде туған қазіргі әдебиеттану ғылымындағы бір дәуірдің үлкен әдебиетін зерттеген елеулі еңбек екенін айтуымыз керек. Өмірдің соңғы жылдарында қазақ әдебиетінің көне дәуірін зерттеуге баса назар аударды және өзі осы ісіне жетекшілік жасап 1982 жылы «ХV-XVIIIғасырлардағы жыраулар поэзиясы», «Оғыз-наме, Мұхаббат-наме» (1986) деген алғашқы ұжымдық кітап шығарды. Жалпы қазақ әдебиетінің тарихы соңғы жылдарға дейін көбінесе ХVІІІ ғасырдың соңғы тұсынан бастап зерттеліп келгендігі мәлім. Яғни қазақ әдебиетшілері арасында осы мәселе тұрғысында екі түрлі пікір қалыптасты. Көптеген зерттеушілер қазақ әдебиетінің тарихын Бұхардан бастап, оған дейінгі әдебиетті жоққа шығарды. Ә.Дербісәлин 1982 жылы «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясы» атты кітаптың алғы сөзінде: қазақ әдебиеті тарихында айтарлықтай үлесі бар, бірақ көптеген еленбей, ескерілмей келген ақындар шығармашылығын сөз еткен. Әсіресе, қазақ деп аталатын халықтың бір ұлыс құрамында қауымдасқан кезінен бастап қазақ атымен аталатын дербес әдебиеттің алғашқы өкілдері Асанқайғы, Қазтуған, Шалгез жыраулардың поэзиясына ерекше тоқталған. Ең алдымен сөз болып отырған дәуірдің поэзиясы фольклор емес, алғашқы тұстан бастап фольклордан іргесін бөлектеп, профессионал әдебиет жасауға бағыт ұстаған баяу да болса өзгеше бір көркемдік іздену, даралану жолы әрине, саналы түрде таңдалған жол емес, көненің жалғасы екендігін танытады, - дейді [1]
Осы дәуірде өмір сүрген жыраулар поэзиясының өзара тұтастық, жалғастық күйде дамығандығын көрсетеді. Көне дәуір әдебиетін зерттеу барысында Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Қ.Сыдиықов құрастырған “Ертедегі әдебиет нұсқалары” жинағы мен М.Мағауинның “Алдаспан” еңбегін ерекше атайды. Ә.Дербісәлин әсіресе, “Ертедегі әдебиет нұсқалары” жинағын таратып көрсеткен. Бұл еңбек екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде Х-ХУІІІ ғасырлар поэзиясы сөз болады. Бірінші бөлімде зерттеушілер Орхон-Енисей жазбаларынан бастап Рабғузидің “Қиссас-сул-әмбия” кітабына дейінгі жазба деректердің қазақ тіліне, мәдениетіне қатысы туралы айтылады. Осы салыстырулар мен пікірлердің алғашқы іздену, шағын түйін дерек екенін айта келіп, Ә.Дербісәлин осы ХІ-ХІУ ғасырларда туған жазба ескерткіштер жөнінде қазіргі позициямыз айқын, - дейді. Себебі, бұл жазба ескерткіштер көпке дейін бір халыққа телініп келді. Ал біз болсақ осы аймақты мекендеген ру-тайпалар жеке-жеке халық болып топтасқанға дейінгі дәуірлерде пайда болғандықтан, бұл ескерткіштерден тіл, тарих, этнография тұрғысына қаншалықты ортақтығымызды айқындауға қажетпіз, - деп келелі пікір қозғайды.
ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы белгілі жыраулар Доспамбет, Шобан жөнінде ноғайлы, қазақ жұртына ортақ тұлғалар екендігін айтады. Автор ХУ ғасырдағы Сыпыра жырларынан бастап Шал ақындардың дәуіріне дейінгі қазақ әдебиетіне шолу жасай отырып, табиғи жалғастықты, шығармашылық өсуді бір-біріне тигізген әсерін айқындайды. Халқымыздың бірнеше ғасырлық поэзиялық тәжірибесін кейінгі әдебиет үшін қайнар бұлақ болғандығын көрсетуге тырысқан.
Ә.Дербісәлин толғау жанрының да туу тарихы мен дамуын, қалыптасуын, өсу жолын толғау жанры хақында зерттеу еңбегінде терең айқындайды. Бұл зерттеуінде автор жеке ақындар творчествосының ауыз әдебиетін бөлініп шығуы мен жанрлық ерекшеліктеріне тоқталған.
Толғау жанрының туып, қалыптасуына мол үлес қосқан Асан, Қазтуған, Шәлгез, Жиембет жыраулардың толғауларының ішкі мазмұны мен көркемдік бедерлеріне тоқталады.
«Әдебиет туралы толғаныстар» 1990 жылы жарық көрді. Аталған кітап Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы профессор Шәмшиябану Сәтбаеваның «Байсалды зерттеуші» деген алғы сөзінен шықты. 2005ж. Алматыда «Арда» баспасынан «Ыбырай Алтынсарин» атты деректі баян кітабының Ыбырайтанудың жарқын беттері деуімізге болады. Өйткені мұнда ғалымның көп жылғы еңбегі әдемі көркем тілмен баяндалып берілген.
2009ж. «Арда» баспасынан шыққан «Байтақ пен Бәйтерек» жинағы ғалым тұлғасын айқындай, толықтыра түсетін сүбелі еңбек.
Ә.Дербісәлиннің адалдық, азаматтық, ғалымдық өмірі – ғылымға кіршіксіз таза, адал да абыройлы еңбек етудің тамаша үлгілерінің бірі. Ол өзінің қаламдас, қанаттас достарымен бірге қазақ әдебиеттану негіздерін берік қалап, оның өз алдына үлкен ғылым дәрежесіне көтерілуіне дейін талмай қызмет етті., оған өз тарапынан үлкен үлес қосты. Өзінің дархан талантымен, терең білімімен қазақ әдебиеттану ғылымына зор үлес қосқан Әнуар Дербісәлин қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу саласында өзіндік орны бар ерекше тұлға.
Әдебиеттер тізімі
1. ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясы. – А.: Ғылым, 1982.
2. ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы. – А.: Ғылым, 1985.
3. Дәстүрмен жалғастық. – А.: Ғылым, 1976.
4. “Махабат наме”, “Оғыз наме”. – А.: Ғылым, 1986.
5. Қорқытата. – А.: Ғылым, 1993.
6. Ыбырай Алтынсарин. – А.: Арда баспасы, 2005.
7. Байтақ пен Бәйтерек. –А.: Арда, 2009.
Ақыт Үлімжіұлының қазақ әдебиетіндегі орны
Д.Кәпұлы,
докторант
Қазақстан, Астана
Ақыт Үлімжіұлы ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақтың ірі ғұламаларының бірі. Қазақтың тірісінде кітабы баспа көрген тұңғыш қаламгері. Жазба әдебиеттің көш басшыларының бірі. Ақыт жырлары Қазақстанға әлі де кеңінен таныс бола қойған жоқ. Тек 2007 жылы Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан «Жиһаншаһ» атты жыр жинағы тұңғыш рет басылып шығып, сол жылы Ақыт Үлімжіұлының туғанына 140 жыл толғаны салтанатты түрде аталып өтті. Дәл осы жылы түрлі мерзімді басылымдарда Ақыт және оның өмірбаяны жайындағы деректер, шығармашылығындағы діни-әлеуметтік бағыт жайында мәліметтер молдап берілген екен. Бұл сол кездегі әдеби шараға байланысты болса керек. Әдеби науқан аяқталғаннан кейін, Ақыт туралы шығармалар да сап тыйылған.
Ақыт Үлімжіұлының Қазақстанға жақсы танылмай жатқаны – оның ғұмырының шетелде, Алтайдың күңгейі мен теріскейінде өткендігі. Ақыт ақын жайында бүгінде там-тұмдап болса да баспасөз беттерінде айтылып жүр. Алайда, әдебиет тарихынан ойып орын алар ұлы ғұламаның аты кейбір елеулі еңбектерде елеусіз қалады. Мәселен, бұған дейін жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды», «Замана жыршылары» атты кітаптарда Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов аты ауызға алынбай келсе, 2006 жылы Алматыдан жарық көрген «Он ғасыр жырлайды» атты еңбекте (редкологияға Р. Бердібаев, М. Мағауин, Б. Тілеухан, А. Айталы, С. Қирабаев, А. Егеубаев, С. Дәуітұлы, А . Смақовалар енген) де Ақыт аты ауызға алынбайды. Бүгінде әдебиеттегі ақтаңдақтарды аршу ісі қолға алынғаны белгілі. Бұл ретте Ақыт Үлімжіұлының Кеңестік идеология салдарынан аты біразға дейін аталмай келгенін айту ләзім. Дегенмен, баянөлгийлік әдебиет зерттеушілері оның еңбектерін сарапқа салуды өткен ғасырдың 60-70 жылдары қолға алып, 1972 жылы Қазақстанда басылған «Бозіңген» кітабына оның бірнеше толғауын енгізіп жібереді.
1898 жылы ресейлік ғалымдардың аузына ілінген, қазандық баспагерлер тарапынан 7 кітабы жарық көрген, қазақтың Абайдан кейінгі ғұламасын әдебиет тарихынан ысырып тастау ақылға қонымсыз жайт. «Он ғасыр жырлайдының» редколлегия мүшелерінің бірі болған, филология ғылымдарының докторы А. Смақова Ақыт ақынның туғанына 140 жыл толу мерейтойында «Аллаһ сөзін жырлаған, алаштың Ақыт ақыны» деген арнайы баяндама жасайды. Осы баяндамада ғалым Ақытты алашшыл ақындар мен ғұламалармен салғастырады. Мәселен: «1931 жылы Ж. Аймауытұлы мен Шәкерім репрессияға ұшырағандардың алғашқылары болып атылды. Осы жылы Ақыт ақын «Қалам сия – көз жасы» толғауын жазған екен:
Бісмілла болар сөз басы,
Қалам сия – көз жасы.
Екінші тармақтағы сөйлем Ә. Бөкейханның Мәскеуден жазған хатында айтылған сөздерін еске салады:
Көңіл келді желпініп,
Қара перде серпіліп.
Азғана кеңес қозғашы.
Тура осы ой сол кезде Абай, Шәкерім, Сәкен өлеңдерінде де орын алған. Міржақыптың «Оян, қазағын» оқығандай ақын былай дейді:
Оян, қазақ, намыстан,
Өнер ізде, алыстан.
Үйреніп анық біле алсаң,
Сен де ешкімнен қалыспан.
Дүние жұрттың ісін қыл,
Құлаққа мақта тықпаңыз!
Оян, оян! Ой ойлан!
Сөз мәнісін ұқсаңыз.
... «Әлхамдулила, 6 миллион қазақпыз!» деп А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы ХХ ғасыр басында айтқандай Ақыт ақын да өз толғауында қазақтың саны мен ойы туралы былай дейді:
Алты миллион қазақ ұлт,
Бір атаның баласы.
Бытыратқан оларды
Көңілінің аласы» [3, 57-61] деп оның жырларындағы алашшыл ой идеясы мен әлеуметтік сарынға баса назар аударады. Шетте жүрсе де ой арманының бүкіл қазақ баласымен үндесіп жатқандығын, әсіресе, ұлт серкелері Алаш ойшылдарымен қабысып жатқандығын көрегендікпен байқай білген. Алайда, оның «Он ғасыр жырлайдыдан» орын алмағандығы неліктен деген сауалға біз бәрібір жауап таппаймыз.
Ақыт есімі қазақстандық зерттеушілерге сонау 1972 жылдан «Бозіңген» кітабы арқылы таныс бола бастағанын айттық. Бірақ, әдебиет зерттеушілері Ақытқа әлі баса назар аудармай келе жатыр. 2000 жылы Алматыда «Білім» баспасынан Амантай Шәріптің «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты көлемді зерттеу еңбегі жарық көрді. Еңбек қазақ поэзиясының інжу маржандарын ХҮІІІ ғасырдан бастап сөйлетеді. Алайда, бұл еңбекте де Ақыт есімі елеусіз қалған. Кітап қазақ поэзиясындағы ұлттық идеяны тарқатып айтуды басты мұрат тұтқан. Ендеше, қиыр жайлап, шет қонса да, қазақ мұратын жырлаған, халықты ағартушылыққа үндеген, жеті жұрттың тілін білген Ақыттың ұлттық идеялы, мағыналы жырларын талдау, оның әдебиет тарихындағы орнын айшықтауға келгенде неге сараңдық танытамыз.
Филология ғылымдарының докторы Қанипаш Мәдібай «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. І кітап» атты монографиясының І тарауын «Қисса өлең» деп үкілейді. Алайда, кітаптың кіріспесінде де, бірінші тарауында да Ақыт ақынның аты аталмайды. Филология ғылымдарының докторы З. Сейітжановтың «Шыңжаңдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегін атай отырып, тарихи себептермен Қытай жағында қалып қойған қазақтардың әдебиетіндегі қиссашыл дәстүр жайында сөз ете отырып, Шыңжаңда 12 томдық қиссалар жинағының жарық көргенін атай кетуді ұмытпайды. Дегенмен, Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов аты аталынбайды. Кітаптың ІІ тарауы «Тарихи өлең» деп үкіленеді. Біздіңше, осы екі тарауда да Ақыт атының ауызға алынуы әділетті болар еді. Олай дейтініміз, Ақыт жырлары осы екі тараудың да үдесінен шыға білетіні айқын. Ақыттың діни-қиссаларының өзі бір төбе болса, тарихи жырларының да ауқымы өзгеше. Бірақ, автор бұл міндетті өзге зерттеушілерге қалдырған болуы керек. Алайда, біздің мақсатымыз – біртұтас әдебиет тарихын жасау, сол арқылы қазақтың ащы тағдырын бейнелеу, әдебиет пен тарихтағы ақтаңдақтарды ақтару болып табылмай ма?! Осы тұрғыдан келгенде, біз алға қойған мақсатымыздың үдесінен шыға алмай жатқан секілдіміз. Ақыт атауын «Он ғасыр жырлайды» секілді ірі еңбектерден қалдыруымыз әдебиет тарихына жасалған қиянат деп білеміз. Ал, оның ХІХ-ХХ ғасыр басындағы әдебиет жайлы еңбектер мен оқу құралдарында аты аталмауы кешірілмес ағаттық.
Ақыт Үлімжіұлының кітаптарының 1897 жылдан Қазанда басылып шыға бастағаны жайлы деректі 1996 жылы жарық көрген Үшкөлтай Сүбханбердинаның «Қазақ кітабының шежіресі. 1807-1917» атты кітабынан кездестіреміз. Бұл кітаптың алғы сөзінде «Деятель» журналының беттерінен Алтайда және Моңғолияда әйгілі болған, революциядан бұрын Қазан қаласында 4-5 кітабы басылып шыққан Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақовтың 1897 жылы шыққан «Тәржіме-и Акыт уаляди Өлімжі Алтайский» деген кітабы жайында Н. Катановтың мақаласын кездестіреміз (1898, №8-9. 429-430 беттер). Онда кітаптың 5000 дана болып шыққан, бастырушы – Мухаммед Нәжиб Әли-Әкбаров екендігі туралы айтылады. Бұл Ақыт ақынның «Жиһан шаһ Тамуз шаһ ұғлы» атты белгілі қиссасы, ол 1902 жылы қайта басылған» [4, 9] делінген. Әдебиет зерттеушілері қазақ кітаптары жайлы осы бір құнды еңбекті байқамады деуге келмейді.
Бұрынғыдай екі шоқып бір қарайтын заман да кетті. Бізге қазір идеологиялық шоқпар кедергі болып тұрған жоқ, керісінше, сол идеологиялық шоқпардан қалып қойған психология кедергі болып тұрған секілді. Азат елдің азат әдебиетін жасау үшін азат ойлау жүйесін қалыптастыру керек. Кеңестік тар жүйеден шығып, әдебиетімізді ғаламдық деңгейде жүйелей алсақ, әлемнің төрт бұрышында жасап жүрген, сегіз қиыр шартарапты шарлап кеткен қазақ әдебиетін назардан тыс қалдырмас едік.
Бір айта кетерлігі, Ақыт Үлімжіұлы шығармаларын зерттеу, оның әдеби мұрасын қалың оқырман көпшілікке таныстыру ісін тек шеттен келген зерттеушілер өздеріне аманат етіп алғандай. «Бозіңгендегі» толғауларынан кейін, Ақыт Үлімжіұлы туралы көлемді еңбектер филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлының «Моңғолиядағы қазақ әдебиеті» атты докторлық диссертациясында, Нұрқасым Қазыбековтың «Ой таразысы» (Алматы: Жазушы – 1991 жыл), Жақсылық Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар» (Алматы - 2000), тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлының «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы. 1860-1920» (Алматы: ҚазАқпарат – 2000 жыл), филология ғылымдарының докторы Дүкен Мәсімханұлының «Жыр – жебе» (Алматы: Қазақ университеті – 2000 жыл), «Сарап» (Астана: Елорда – 2001 жыл), кітаптарында кездеседі. Ал, Алматыдағы «Мұсылман баспа үйінен» 2008 жылы Ақыт ақынның баласы Ғазез Ақытұлының «Ақыт Үлімжіұлы» атты Қытайда төте араб ғарпімен жарық көрген кітабы, Омарова Гүлнардың редакциялауымен жарық көрді. Аталған кітаптарда Ақыт ақынның шығармашылық ғұмырбаяны, оның өмір сүрген кезеңі, тарихи-мәдени маңызы және жырларындағы әлеуметтік сарын баса көрсетіледі.
Мәселен, Дүкен Мәсімханұлының «Сарап» кітабында «Ақыт ақын әлемі» атты көлемді зерттеу мақаласы жарық көрген. Зерттеуші ақынның үйрену мектебіне көбірек үңіле отырып, оның жырларындағы әлеуметтік сарынға баса ден қояды: « Бала күнінде өзінің отбасындағы жоқшылықты ғана сезініп өскен Ақыт ақын есейе келе оның жалпы қазақ даласындағы ызғарын да сезіп-біліп, әрі оның себеп-салдарын іздей бастайды. Сөйтіп ол отарлық қапаста тұншығып, мүлде бұғып қалған қазақ баласын оятуды мақсат етеді. Ақынның Абайдың қара сөздеріне еліктеп жазған 55 өлеңнен тұратын «Ғақылиялық үндеулерін» 30-шы жылдардың жемісі деуге болады.Себебі онда ақын «Бұл нұсқаны жазғанда, қағазға өрнек салғандай, алпыс алты жасым бар» деп жазады. Осы кезеңнің еншісіне «Барып қайттым Бисан тау», «Замана келді қырланып» тектес өлеңдерін де жатқызуға болады. Қай халықтың, қай заманның қаламгері болмасын, егер ол шын талант, үлкен жүректі азамат болатын болса, өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын бедерлемей тұра алмайды. Егер шындықты айналып өтіп, өз жанын ғана күйттеп, жалғандыққа жол берсе, онда ол адамның қас талант, халық ұлы болмағаны. Бұл реттен келгенде Ақыт ақын өз дәуірінің бар шындығын көркем ой, кестелі тілмен өрнектеп берген ұлы тұлға. Ал, Ақыт ақын өмір сүрген дәуірдегі түбірлі мәселенің бірі қытай отаршылдары езгісі мен жергілікті бодан халықтың азаттық күрес арасындағы майдан еді. Ақыт шығармаларында бұл келелі тақырып молынан орын алды. Қандай бір елде, қай қоғамда болмасын, оның мемлекет аппаратының, әскери қосынының, диктатор органының міндеті көбінде сол елдегі үстем халықтың мүддесін басшылыққа алатыны ақиқат. Олай болса, ақын-жазушының сол елдің мемлекеттік саясатына, бірлі-жарым әскеріне, жергілікті шонжарларына ұстанған позициясы, сөз жоқ автордың саяси позициясынан дерек береді. Анықтап айтқанда отаршыл елдің жергілікті ұлықтарына, оларға қызмет етіп жүрген қазақтың сатқын белсенділеріне қарсы тұру арқылы жалпы отаршыл жүйеге, империяға қарсылығын бейнелеу қай кезден бергі қарапайым жұрттың дағдысы. Бұл тұрғыдан келгенде Ақыт ақын тіптен белсенділік танытқаны шығармаларынан мен мұндалап тұрады. Мәселен:
Елді еркіне қоймады,
Шанақсыз шаргез ұлықтар.
Текедейін бақылдап,
Суырдайын шақылдап,
Қожайынсып, қоқаңдап,
Дауасыз сөзбен тақылдап...
...Қазымыр болса ұлығың
Жемір өскен сиырдай, - деген өлең жолдарында қытай ұлықтарының «суырдай шақылдаған» шақар бейнесі әдемі суреттелген» [7, 144-145] дейді. Дүкен Мәсімханұлы тұтас зерттеу еңбегін Ақыт Үлімжіұлына арнап отырған жоқ. Ол ондағы қазақ ақындарын қазақстандық оқырманға таныстыруды мақсат етіп отыр.
Қорыта айтқанда, Ақыт Үлімжіұлы туралы ғылыми-талдау, сыни сараптамалық еңбектер әлі де аз. Оның үстіне қазақ әдебиетінің тарихын безбендейтін көлемді еңбектерде оның аты қалыс қалып келеді. Әдебиеттанудың ендігі мақсаты бір қазақты іште, шетте деп бөлмей біртұтас қазақ әдебиеті тарихын жасау. Осы тұрғыда қазақ оқырманын адастырмай, Ақыт сынды ғұламаларымызды әдебиет тарихы оқулықтарына енгізу. Ол тек өлкелік ғана ақын емес. Ол тұтас ұлттың жоғын іздеуші, Алаштың арманын аласартпай, қазақты ағартуға, оянуға үндеп келген ақын.
Әдебиеттер тізімі
-
Ақыт Үлімжіұлы. Жиһаншаһ. –А.: Атажұрт, - 2007. 245 б.
-
Он ғасыр жырлайды. –А.: – 2006, 408 б.
-
Ісімақова А. Аллаһ сөзін жырлаған, Алаштың Ақыт ақыны // «Туған тіл», 2009, №2.100 б.
-
Амантай Ш. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. –А.: Білім,2000, 334 б.
-
Мәдібай Қанипаш. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. І кітап. –А.: Қазақ университеті - 2001. 192 б.
-
Сүбханбердина Ү. Қазақ кітабының шежіресі . 1807-1917. –А.: Рауан, 1996. -286 б.
-
Мәсімханұлы Д. Сарап. –Аст.: Елорда. –2001. 238 б.
Тарихи эпопеяның танымдық сипаты
Қ.Әбілғазы,
докторант
Қазақстан, Астана
Өткен ғасырдың 90жылдарының ортасында Шынжаң қазақ әдебиетінде жарыққа шыққан аса зор сапалық өсудің айғағы боларлық елеулі құбылыс- Сұлтан Жанболатовтың «Елжау күнби», «Саншора күнби», «Оңғай күнби» деген кітаптардан тұратын тарихи эпопеясының жарық көруі болды.
Мұның өзі Шынжаң қазақ әдебиеті ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінде де Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» эпопеясынан кейінгі қазақтың алыс тарихынан толық қамтып жазылған тарихи танымдық, ғылми және әдебиеттік сипаттағы аса ірі роман эпопея болды.
Кезінде қазақтың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезов тарихи роман жазуды «...Бейне әлдеқашан көшіп кеткен елдің ошағында қалған, күл арасында жылт еткен ұшқынды тынымсыз үрлеп, қайта жандыру тектес қиын шаруа...» [1] деген-ді. Сол сияқты автор бұл епопеасында, екі мың жылдың алдында Азиядағы күшті елдердің бірі болған, хан және ғұн империяларының арасындағы сан ғасырға созылған атыс-шабыстар тұсындағы Елжау, Саншора, Оңғай күнбилердің тарихи ролы туралы, олардың шаруашылық економика, әскери күш-қуат, дипломатиялық икемділік, рухани және елдік бірлік жақтағы бірқыдыру сәтті дамушылықтарын, тарихи құжаттардың шындығына табан тірей отырып, көркем образбен қайта тірілдіріп, аса құнды әдеби, танымдық шығармаға айналдырған.
Оқырмандар бұл кітапті алғашта бірден құшақ жая қабылдады деп айта алмаймыз. Мұндағы себептерді айтсақ, ең алдымен біздің оқырмандарымызда мұндай тым арыдағы шым-шытырық тарихты, тірі образдар түрінде қайта көріп, ұғуға танымдық, білімдік рухани жақтағы дайындығы жетерсіз еді. Кейіннен бұл кітап кең таралып, радиодан да оқылып, шет тілдерге де аударылып, өзінің мығым қуатын, тапжылмас тиянағын айқындағаннан кейін барып, жоғары ғылыми зерттеу және оқу орындарында зерттеу тақырыбына айнала бастады.
Бұл кітапты оқу, түсіну үшін ең алдымен оқырмандарында еләуір жоғары тарихи білім,әдеби талдау қуаты және жалындаған ұлттық рух болуы керек. Сон соң барып бұл кітаптың не үшін жазылғандығын, кітаптың өзіне тән жылнамасын, жағрапиясын, бүгінгіге ұқсамайтын атаулар сөздігін, кітаптың сюжеттік ерекшелігін, композицялық бірлігін , ұлан асыр тарихи оқиғаларға, кейіпкер бойына сіңірілген ғажайып пайым-парасатты, философиялық тұжырымдарды, адам болу, ұлыс-ұлт болу, ел болу, ел басқару туралы айтылған осы күнге арналған тағлыматты таным ақылияларды, телегей теңіз ұлттық тіл байлықтарын , мақал-мәтел, шешендік толғауларды жік-жігімен талдап зерттеу және ұрпаққа ашып беру керек. Егер біз бұл эпопеяны осы бағдар бойынша оқырманға, болашақ ұрпаққа тарихи тағлым, ұлттық тіл, салт-сана оқулығы ретінде тәптіштеп оқыта алсақ, ұрпақтың тарихты, тілді, әдебиетті, ұлттық рухты білмей қалуынан алаңсыз болар едік...
Шығарманы эпопея деп атаудағы негіздер: Роман сынды көлемді әдеби шығармаларды көлеміне, мазмұнына қарай роман,трилогия, эпопея деп атау үрдіске айналған. «Елжау күнби» 2кітап, «Саншора күнби», «Оңғай күнби»деп аталатын бұл төрт кітап , көлемі жағынан да, қамтыған тарихи дәуірлері мен эпостық мазмұны жағынан да эпопеялық өлшемге дәл түседі.
-
Шығарманың сюжеті Xан елі, Ғұн елі, Үйсін елі және мадазаттар елінің су шары қатарлы төрт жақты қамтып келіп, Xан, Үйсін, және мадазаттар- осы үш желіні алма кезек баяндап , бір-бріне байланыстыра жымдастырып өріп шыққан. Шығармада олардың өзіне тән жылнамасы, салт-санасы, даралық сипаттары мықты ғылыми негізде иландырарлық қуатқа адами құндылық, таным-түсінік, мүдде қатынастары негізінде тамаша суреттеліп, есте қаларлық тірі образдар жасалған.Мысалы, Xануди образы, Елжау күнби образы, Жаңчян образы, Чаң-анды орталық еткен Чин елінің хан орда суреті, сахаралық сипаттағы Үйсін ордасы «Қызылкүрен» және жаздық ақ орда суреті бар- барі тарихи, тұрмыстық дәуірлік мазмұндардың дәлме-дәл мәстабына түсірілген. Әрі әдеби тартымдылық, тірі образдылық сынды әдеби қуатынан айырылмаған адам образдары тегіс, толық та дәл сызылған портретімен , қара-сары, селдір-бұйра, сақалдарымен, көк, қара, қоңыр, бадрақ, қысық, қиғаш көздерімен өз-өз ұлтына, ұлысына, төре-қаралық орнына қарай киген түрлі-түсті киімдері мен жан тебрентерлік, кейде жантүршігерлік сөздерімен, айқай, сыбыр дауыстарымен, асықпай-үсікпей, мұқият мүсінделген, оқырманды шынында да сол дәуір, сол заманды көріп, естіп тұрғандай сезімге келтірген толыққанды тірі образ деуге болады [2].
-
Шығарманың жылнамасы, географиялық орындары қатаң ғылыми өлшем, құжаттық тарихи негіздерден еш айырылмай отырып, мүмкіндігінше болып, жыл санауымыздан кейінгі 300 жыл аралығын тиянақ етіп, кейде арғы мың жылға, кейде бергі мың жылға шарықтай сөйлеп, баяндап отырған, алайда, нақты оқиғалар нақты құжаттық жылнамалар арқылы жазылған да, еске алулар, авторлық, мадазаттық баяндаулар әлгі бес жүз жылдық шектен ары да, бері де кеңейіп отырса да, автор бұл орындарды айқын шек-шегарамен айырып, оқырманның жыл мөлшерін, оқиғаларды шатастырып алмауын мақсат еткен. Әрине мұндай кеңейте баяндау көркем шығарма үшін қажетті, әрі ерікті тәсіл қолданған, шындыққа тиянақ болған.
Жылнамалар және тарихи құжатты материялдарға келсек, Xанудиге қатысты материялдар «ханнамадан», Жаңчянға қатысты материялдар «батыс өңір естеліктерінен» алынды деп тұспалдауға болады. Бірақ, Қытайдың 24тарихында Үйсінге, батыс өңірге , қазаққа қатысты материялдар топтасқан қалпында үйіліп-төгіліп тұрмағанын, қайта екі абзатс, бір абзатс,кейде бір сөйлем, екі сөйлемнен жүз, мың бетте бір рет қана кезігіп қалатынын, «үйсін»атауының өзі де он түрлі ұқсамаған атауда, Ғұн шығыста он неше түрлі, батыста оннеше түрлі аталғанын, Ал, тарихи орындар мен қала кенттер , тіпті тұтас елдер әр дәуірде әр түрлі аталғанын, әр кітапта әр түрлі әріппен алынғандығын ескерсек, сол кітаптардан пайдалану дегеннің өзі де қияметтей қиын жұмыс екнін сезінуге болады . Сонда бұл алып шығармаға тарихи құжаттардан алынғаны тек там-тұмдаған нақты деректер мен жыл мөлшері, әр заманда, әртүрлі жазылған жер-су, ұлыс аттары болып, шығарманың тұтас тұлғалық образды баяндаулары, байымдау тұжырымдары бүкілдей қанатты қиял мен батыл болжам, пайым-парасаттан құралған, аты затына сай әдеби шығарма болып табылады. Бұған «тарихи естеліктер жинақтамасы», «әдебилігі аз » деген сияқты жетесіз пікірлерді жапсыруға тіпті орайлы бостық та қалмаған. Тарихи құжаттарда неше түрлі өзгеріспен жазылса да, автор осы қағанат, хандықтардың, ру-ұлыстардың шек-шекарасын шартты түрде типтестіріп, кейде тіпті осы заманғы атауымен түсінік бере отырып, осы күнгі жай оқырмандарда белгілі дәрежеде сауаттана аларлықтай, шығарманың сағымдық картасын, шартты дәуірлік жағрапиясын сызып шыққан. Осы жағрапия болмаса осынау ұланқайыр Еуропа-Азия даласындағы жүздеген ру-ұлыстармен, қағанаттарға қатысты баяндарды шатастырмай ұғыну мүлде мүмкін болмас еді. Мысалы, шығармада айтылатын ұлы қағанаттар Чин елі яғни хан хандығы «аспан асты елі», «дүниенің қақ ортасы» [3] деп танылған.
Алып елдің тынық мұқит, шығыс теңіз, оңтүстік теңіз жағалауынан тартып, солтүстігі ұлы қорған, батысы Келентау, сол заман ұғымында жарты әлемді алып жатқандығын, жүздеген қаласы, мыңдаған ауданы бар, отырақты егін шаруашылығы, тоқымашылығы дамыған, шын мәніндегі мемлекет болғандығын образдайды. Құнзұм, Қасби теңізіне дейінгі ұлы дала, асқар тауларға қанат жайған 24 баулы Ғұндар қағанатының тәңірқұттары мен олардың жер жадысын, батыс Ғұнның шек-шекарасын, сағым сурет картасымен көрсетіп өтеді. Ал, бұрын Келентау, Дұнқана тұсында мекендеген Үйсіндер «өрмекші қырғынынан» кейін ауып келіп қайта тиянақ тапқан. Көркейіп-гүлденген мекенінің шығысы Құтыби, солтүстігі Тарбағатай, орталығы Іле өңірі, батысы Балық-қаш, есік, яғни Жетісу өңірі екнін сағым суретпен қайталап көрсетеді. Осылай болғандықтан да Үйсіндердің қазақтың негізін құраған ең басты ұлыстардың бірі екендігі жәй бір оқырманға да айқын болады. Бұған Қаңлыларды, Дулаттарды, Ғұн қағанаты ішінде жүрген Керейт, Найман, Уақтарды, алыстағы Арғын, Аландарды, Қоңырат, Қияттарды тегіс ыңғайластырып, байланыстырып, тіл бірлігі, тәңір бірлігі, шаруашылық қарекет ұқсастықтарын қайта-қайта дәлелдеген. Осызаманғы қазақ халқының осылайша, бір замандардағы алып қағанаттардың ыдырап кеткендігі, кішірейіп қалған ру-тайпалары мен сол замандағы кіші ұрулардың замандар ағысында үлкейіп, әлгілерді өзіне сіңіріп алғандығы сынды тарихи дамуының диялектикасын өте тамаша образдаған. Мысалы, Үйсінге сіңген басқа рулар. Міне осылар кейін Үйсіннен де көп болып өсуі де, жоқ болып өшуі де мүмкін ғой...Шығарманың негізін құраған хан патшалығы желісі мен Үйсін желісінен сырт , мақсатты түрде қосылған «су шары» тұрғындары дамудың шегіне жеткен , ұшпа затқа отырған мадазаттар дейтін бір желі бар.Бұл желі жоғаыдағы екі желінің әрбір тарау баянына, тарихи, ғылыми, психикалық, философиялық талдаулар жасап отырады. Жоғары дамыған көлденең көз ретінде, мынау жер бетіндегілердің өткендегісін әзіргімен салыстырып, болашағына болжау айтады. Шынында да олар айтқан болжамдарға сол тұстағы Xанудідің де, тәңірқұттың да, Елжаудың да, Жаңчиянның да мүмкіндігі жоқ қой. Мадазаттар айтатын ғылыми болжалды, өткен тарихты, келе жатқан келешекті қағандардың аузынан айтқызса да, автордың өз аузымен айтса да шығарманың шындығына, нанымдылығына кесірін тигізетін болғандықтан, сол бір дамып шегіне жеткен, әлемнен көшу алдында тұрған ұлы өркениет өкілдерінің аузынан айтқызып, тарихты дұрыс қортындылап отыру , автордың бұрын болмаған, тек «жан пида» романындағы Ш.Айтматов қана қолданған жаңалығы. Бірақ Шыңғыстың ұшар кемедегілері мадазат емес, адамзат болатын, әрі жәй көрермен «құлақ молласы» ретінде ғана рол атқарушы еді. Ал, «Елжау күнбидегі» мадазаттар адамзат қоғамының қазіргі халын болашағы құрдымның жиегінде тұрған «су шарымен» салыстыра отырып, жандары ашып, күйзеле, күңірене сөз қозғайды, тіпті, оқи келе оларды осы күнгі жер шарының электронды, атомдық дәуіріне жетіп, барлық жақтан қайта ойланбаса болмайтын күйге түскен кәдікті жағдайымен шендестіре қарауға мәжбүр боламыз. Бүгінгі халқымызға соншалық жақындай сөйлегені, қабырғасы қайыса күңіренгені үшін, сол мадазатты әкеміздей жақын тартып, көсем, ғалымдарымыздай әулие санап, сүйе түсеміз. Сондықтан, бұл желі де өте сәтті тартылып, өз мұрат мақсатын ада қылған асыл желі деуге болады. «Шеберлікте шек жоқ», «Жасампаздықта жарық мол»деген осы болар сірә. Шығармаға жоғарыдағы тұрғыдан тереңдей сәп салып оқыған кісіге, кітаптің өзіне тән көне тарихи « сөздігі» де, шаруашылық харекет деңгейі де, дипломатиясы да, бірінен соң бірі ашылып отырады. Бір тәуір кітапта әр реткі сұрапыл соғыстардың не аттанысқа келтіруге үндеген үндеуі, не соғыс болып өткеннен кейінгі , жалпылама нәтижелік баяндауы ғана беріліп, шу-шұрқан, астаң-кестең соғыстардың нақтылы суреті берілмеген. Автор бұл жағында да өте ұтымдылық көрсеткен . Мәселе соғыстың басында емес, оның туылу, аяқтауының себеп-салдарында, әрі сол соғыс арқылы жарыққа шыққан тарихи өзгерістерді ұғуда ғой. Ал, соғыс деген қашан да соғыс қана, онда қызық та, лирика да жоқ. Оны баспа-бас баяндаймын деп әлек болу тек шығарманы ұғымсыз шұбалаңдыққа ғана апарары хақ.
Сонымен шығарманы құраған бінеше ерекшеліктерді оқырманның өз пайымына тастап, шығарманың реал құндылығы үшін алтындай салмақ қосып тұрған мадазаттар мен қағандардың аузынан берілген парасат-пайым, ишараттарға үңілейік.
-
«Елжау күнби» эпопеясында: «Қазақ халқының адамзат тарихында ұстаған орнын, атқарған ролын »кейінгі ғасырлардағы отаршылдардың, билеушілердің және солардан шыққан идеашыл ғалымдардың бұрмалаушылық, кемсітушілік, қасақана ескермеушілік сынды қилы-қилы мақсатты, мақсатсыз жоққа шығарулары мен олардың қазақ халқының ішкі рулық қатынастарын, шежірелік тізбегін және қазақ тілінің мағыналық жүйесін білмегендігінен туылған қате атама, қате мөлшер, қате түсініктерін мүмкіндіктің барынша түзетіп, қалпына келтіруге күш салған. Өте-мөте , қазақ халқының іште де, сыртта да ұлт болып қалыптасуын:1456жылғы қазақ хандығының құрылуынан бері қарай деп қарастыратын өрескел надандық ұғымды түбірінен жоққа шығарып, Қазақ тілінің, салт-санасының, ұлттық құрамының осыдан 3000 жыл бұрынғы Ғұн, сақ, үйсін, түрк заманынан бері бар екенін қыруар ісжүзіндік факттер арқылы дәлелдеген.
Бұл дәлелдеулер әйгілі тарих ғалымы Мұхтар Мағауиннің ең жуықта жариялана бастаған «Шыңғыс хан» [4] зерттеу кітабындағы дәйектемелермен мазмұндас шыққан. Парқы, тек біреуінің материял көзі шығыстағы 2000жылдық қытай жазбалары, енді бірінікі соңғы мың жылға тән батыс ғалымдарының зерттеулері арасынан екшеп алынғандығы. Бірақ, осы екі дерек көзі де қазақ тарихын арнаулы зерттейін деп жазылған емес, тек сол тұстағы реал өмірде сол халықтығң бар болғандығы, белгілі ықпалдастығын өткізіп тұрғаны үшін «жолымызда бір өзен, бір тау бар екен»деген сияқты хабарлай айтылған там-тұм деректер ғана болған.
Қазақ тарихын қазақтың өз ғалымдары дұрыстап, тереңдетіп, нақтыландырып қайта жазып шығудың қажеттілігі ослайша, батыс шығыстағы қазақтың екі ғалымын ортақ бір пікірге келтірген сияқты.
Үлкен тарих, ұзақ замандарды баяндай отырып, автор қазақтың ұлттық рухын, салт-санасын, бай тілін бейнелеп беретін неше жүздеген мақал-мәтел, шешендік сөздерд ікейіпкелер аузынан беруден тыс, мадазаттық тұжырымдар мен авторлық сілтемелер арқылы көптеген пайым, парасатты пікірлер айтқан. Мәселен: «Тәңірім аяқ пен қолды , көз бен құлақты екіден берген пендесіне ауызды біреу-ақ қып жасаған екен, онысы әрине көп істе, көп көр, көп есті, бірақ, аз сөйле, аз ішіп, аз же дегені шығар»[5], «Кемеші мен өлімнің арасы кеменің қалыңдығындай ғана», «Ішіңді алалама, алыс жақын демей, ең артқыны алға шығар, қит етсе өз қаныңа тарта берме, өресі артық болса сүйемнен қарысты сила», «Ой бірлігі тірлік тағаны болған барлық тірліктің мәйегі», «Бұрын сөйлеген айып емес, қырын сөйлеген айып», «Ат күйгелек болса арық болар, ер күйгелек болса, кәріп болар», «Ағашыты желім, елмен елді келін қосады», «Байлық іздесең даласына қара, сауда қылсаң қаласына қара, дос ел тұтсаң ағасына қара, ертеңін білмек болсаң, баласына қара, күшін шақтасаң, қарасына қара, келін түсірсең , анасына қара», «Төлді таңдайдан қақпа, баланы маңдайдан қақ па», «...Ағаны ағалаған бірлік, аянбай арпалысқан —тірлік, соның бодауына келетін игілік», «Үлкен алыптығын, күшті құдүреттілігін аранына арқалық етпей қоя ма?», « Сырттай қанша кішпейілсіп, монтансып, момақансып сөйлесе де, адам діні ар жағында тығулы жатады ғой...», деген сияқты бірқатар ақылиялар адам болудың, мұралдық, заттық өлшемдерін тағлымдаса, одан да көбірек тұжырымдардың, ел болудың, ел басқарудың маңызды шарттарын болжамдайды.
Көлденең көз парасатты мадазаттар былай дейді: «... Бір елдің үздіксіз өркендеп, дамылсыз дамуы үшін , ең әуелі білікті де пәрменді көсем керек... Ал, ол меншіл, тоғышар болса , құдай атты дей бер... сосын өркениетті, ұлтжанды, ұйымшыл, еңбекшіл, жанкешті халық керек...жарғы жалтақ, би қалтақ, ұлық салтақ болса, құриды...», «... Тұқым қуар мұрагерліктен көсем шыға бермейді, ел ішінде жүйріктер болғанмен, қараға хандық тимеиді...бүгінгі хануди мен Елжауда, кешегі Либай мен Мөде де өз ортасынан озып шыққан көсемдер. Бірақ бұлардың да соңы елден айрылу, алжу...бұл елдерден тайласып сайлану деген жоқ...»
«Әлде неше ұлыс болып жүрген сақ жұртының болашақ тарихы олардың ұрпақтары осы үш жақты ұштастырғанда ғана шығады... Әрине топтасса тобықтан шалдырмас еді, оған қолы жетпей-ақ барады ғой» – олар жер бетінде Үйсін ұлысына ақыл ойлай отырып, өздерінің дамыған әлемінің де жан алғыш дерттерін өкіне еске алады. «Мынау жер шарылықтардың басындағы қазіргі ауыр күй ашық та әшкере түрдегі озбырлық, зорлық, мейірімсіздік, қастандык, қан ішерлік,... Ал бізде... көбінесе құпия түрде, әсем перделердің артында, жасырын әдістермен жантүршігерлік дәрежеде жүргізіліп жатыр» [6].
«... мадазаттың байлығы, әр жан иесінің көңіл жайлығы, тұрмыс күйлілігі, күн көріс оңайлығы, шығармашылық қолайы, мәдениетті жақтарынан гөрі... бірін-бірі қырып-жоюға қажетті қару-жарақ дайындауға алты жүз есе жұмсалғанының өзі-ақ сенің сөзіңе дәлел бола алады». Мадазат келсе мынаның барін жояды... Біздікінің барі әдемі, бұлардікінің барі мешеу босын біз көппіз, көп қорқытады, терең батырады... Бізде болған дағдарыстар мұнда да болады. Әр хан тек өз қамын ойлап, қомағайлануынан эффект әсері күшейеді. Ұлтра күлгін сәуле өртейді, ормандар құриды...
«Күйеу баласын аямаған хануди жағы тұзұттерден қия басушыларды да кешірмей жазалап отырды... Бір қыдыру жақтан ата-бабадан асқандай сезінеді. Бірақ, амал не, ...билікті әбден алып, бад елді әбден орнатып, ақылың толып, тәжірибе мейлінше жиналып, келіскен кемел шағыңда бір жағынан арманның соны асулары тізіліп тұрса, енді бір жағынан көңліңді әлің қуып жете алмай, бойдан қуат кетіп кәрілік жеңе бастайтынын қайтесің.. әттең шіркін!... мәңгі өлместің дәрісі рас бар болса, бүкіл қағанатты сұраса да беріп алар едім!....».
Мінеки, бір тұстарда әділдік, бірлік, елдік үшін күресіп көсемдік орынға шыққан пенденің тойымсыз нәпсісі, қалай-қалай жұтынып, өзеурейді. Бұның емі осындай жалмауыздыққа жеткізбей ауыстырып отыратын , әділ қоғамдық түзім, яғни демокркатиялық әділ сайлам қажет дегенді меңзейді.Тіпті кейде көрінгеннен « өлместің дәрісін» сұрап емініп жүрген Үйсіннің жиырма ғасырдан кейінгі бір биін меңзегендей сезіледі. Жарайды, кімді меңзесе де адамзаттың қулық-құлқынын дәп басып айтып отыр ғой. Сол бір мадазаттар...мадазаттың, Елжау күнбидің, С.Жанболатовтың жиырма ғасырлық ұлы жырын бұлайша, сөзбе-сөз талдай берсек, жиырма кітап болатын шығар. Саналы оқырман өзі-ақ сараптап түсінер.
«Елжау күнби» эпопеясы әдебиет қана емес, үлкен тарихи, ғылыми шығарма, қазақ халқынан шыққан аты затына сай осы заман ғалымы, азаттықтың алды-артын, реформаның ұзына бойын бастан кешірген әлемнің жартысын аралап, саналы көзбен сараптаған, қытайдың көне-жаңа тіліне, қазақтың ұшан теңіз ұлттық мәдениетіне жетік , гуманитарлық, жаратылыстық ғылымдардың бірдей білгірі – С.Жанболатов ағамыздың жарқын өміріндегі бойына жинақтаған пайым-парасаттың жариялы жинағы болғандықтан, тарихтың тағы бір ұлы бұрылыс кезеңінде тұрған халқымыздың зиялы қауым, қалың жастары бұл кітапты оқып, біліуі зерттеп зерделеуі төтенше қажет деп білемін...
Достарыңызбен бөлісу: |