Тапсырмалар мен сұрақтар:
1. Мақыш Қалтайұлының шығармашылығына қатысты тың деректер мен баспасөз
материалдарын әзірлеу.
2. Ақынның «Тура жол», «Біраз ғибрат сөз», «Бар оқиға» өлеңдеріндегі ағарту және
тәуелсіздік мәселелерінің жырлануы.
3. М. Қалтайұлы «Насихат қазақия», «Қазақ айнасы» шығармаларындағы шежіре
және дерек мәселелері.
4. Мақыш Қалтайұлы шығармашылығының кеңестік дәуірде зерттелу жайы.
5. Ақын аудармаларының қазақ әдебиетіндегі көркемдік маңызы.
Мәшһүр–Жүсіп Көпейұлының ақындығы
Лекцияда қаралатын мәселелер:
1. Мәшһүр Жүсіп өмірінен деректер
2. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының дүниетанымы
3. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы дін және ізгілік мәселелері
4. Халық ауыз әдебиетін жинаушы, шежіреші.
5. Шығыс әдебиеті мен Мәшһүр – Жүсіп туындыларындағы ортақ сюжеттер
6. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылығының зерттелуі.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Мұхамедханов Қ.Мәшһүр Жүсіп Қ. Мәшһүр-Жүсіп мұрасы жөнінде / Жұлдыз,
2006, №3
2.Сүтжанов С. Мәшһүр Жүсіп дүниетанымы / Қазақ тілі мен әдебиеті, 2005
3.Дәуітұлы С. Мәшһүр Жүсіп шежіресі / Асыл мұра
4.Жүсіпов Н. Мәшһүр Жүсіп « Дала уалаяты» газетінде / Қазақ тілі мен әдебиеті,2007
5.Жүсіпов Н. Мәшһүр-Жүсіп – қазақ ауыз әдебиетін жинаушы/ Қазақ тілі мен
әдебиеті,2005
6.Жүсіпов Е. Шығыс әдебиеті мен Мәшһүр-Жүсіп туындылардағы сюжет төркіндестігі
7.Теметаева Г. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен батыс және шығыс әдебиеті
байланысының мәселелері / Егемен Қазақстан, 2006, №5-6
8. Мәшһүр Жүсіп Қ. Бағзыдан жеткен үн / Егемен Қазақстан, 2006, №3
9.Евсюков В.В. Мифы о вселенной. Новосибирск. Наука. Сиб. Отд., 1988. 33с
10.Аманқос Мектептегі. «Ғарыш қонағының хаты немесе көне түрік руникасының
құпиясы» атты монографияға этнолингвистикалық тарихи пайымдама. // Ана тілі, 7
мамыр, 1988
11.Библия. Москва: Изд-во Моск. Патриархии, 1990.10с.
12.Құран Кәрім. Медине, 1991.217,226,343 б
13.Дала уалаяты газеті. Алматы: Ғылым, 1992. Т.4. 77-80 б.
14. Пиотровский М.Б. Коранические сказания. Москва: Наука, Гл.ред. Вост.лит..,
1991.51с.
15.Мәшһүр-Жүсіп. Сүлеймен пағамбар мен құмырсқа. // Азия. 3 шілде,1992.5б.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев 1858 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл
ауданында туған. 1863 жылы Байжан деген қазіреттің ұйымдастыруымен
Баянауылда медресе ашылады да, әкесі бес жасар Жүсіпті соған оқуға береді.
Жүсіп оқуға өте жас түссе де, өзінің алғырлығымен, зеректігімен бірден көзге
түседі. Ол алғашқы қыстың өзінде хат танып шығады да, 7 – 9 жасында «Қозы
Көрпеш – Баян сұлу», «Ер тарғын» сияқты батырлар жырын және шығыс
қиссаларының біразын жатқа соғатын болады. Жүсіп он бес жасына дейін медресе
оқуында болады. Әуелі Нажмидден қазіреттен кейін Омбыдан келген Қамар
қазіреттен оқиды. Мәшһүр-Жүсіп ақындық өмірінің алғашқы кезеңінде, он алты
жас пен отыз жасының аралығында, қыз-келіншектерге, өткендегі батырларға
арнап өлең – жыр шығарып жүреді. Ел аралап, сөз зергерлерімен жиі жүздесіп, сөз
өнерін меңгереді. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинайды.
Жүсіп 29 жасында, 1887 жылы Ташкент, Бұхара қалаларына барып, ол жақта
тоғыз айдай уақыт болып, шығыс мәдениетімен танысумен бірге діни білімін де
көтеріп қайтады.
1888 жылдан бастап бірінші қазақ газеті «Дала уялаты» бетінен Мәшһүр-
Жүсіптің мақалалары мен өлеңдері жиі көрініп отырады. Ақын бұл жылдары
ұрлықтардың әділетсіздігін, байлардың зорлықшылдығын, ел ішінде өріс
алғаннадандықты сынайды, елді өнерге, отыршылыққа шақырады. Ең бастысы,
халықтың ауыр тұрмысын көрсетеді.
1894 жылы, 36 жасында Мәшһүр-Жүсіп Орта Азия жаққа екінші рет саяхат
жасайды. Ақын бұл сапарларында бар жерден де халықтың ауыр өмірін көре түсіп,
өз үнін батыл шығара бастайды. 1888 жылдардан бастап Мәшһүр-Жүсіптің халық
өмірін белсене жырлай бастағанын ескере отырып, 1888 – 1905 жылдардың
арасындағы еңбегін ақындық өміріндегі екінші кезең, сапа жағынан мүлде жаңа
кезең деп білеміз.
Мәшһүр-Жүсіптің ақындық өмірінің үшінші кезеңі 1905 – 1912 жылдарды
қамтиды. Ол әсіресе 1905 – 1907 жылдары саяси санада батыл көрінуімен
байланысты. Бұл кезеңнің айырмашылығы сол – патша үкіметінің 17 қазанындағы
манифесінен кейін қазақ халқының наразылығы өсе түсумен бірге, патшаға сеніп
алданғаны Мәшһүр-Жүсіп шығармаларынан анық көрінеді. Ақын 1907 жылы Қазан
баспасынан
«Тіршілікте
көп
жасағандықтан
көрген
бір
тамашамыз»,
«Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы», «Хал-ахуал» деген үш кітабын бастырып
шығарды. Ақын бұл үш еңбегінде де патша манифесіне сеніп кеңшілік күтеді, қазақ
даласын жайлаған жоқшылық пен теңсіздіктің күштілігін де, себебін де ашып
береді, ашына сынайды. 1905 жылғы патша манифесі алдау боп шыққағалы
Мәшһүр-Жүсіптің баспа бетін көрген шығармалары қайта қаралып, кітапты басып
шығарушылар да, оның авторы да қуғынға ұшырауынан анық көрінеді.
Шамамен, 1913 жылдан бастап, Мәшһүр-Жүсіптің өмірінің ақырына – 1931
жылға дейінгі аралық уақытты ақын өмірі мен творчествосының төртінші кезеңіне
жатқызамыз. Бұл кезде ақын жазудан мүлде қол үзіп кетті деуге болады, өйткені
анда-санда туған-туысқандарына хаттары, бірен-саран өлеңдері болмаса, ел өміріне
белсене араласып, жазғандары мүлде аз.
Ақынның соңғы жылдар ішінде үндемеуін оның жігерінің жасып, үмітінің
тозып, 1907-1912 жылдары күшейген қуғыннан қорғалақтап қалғанынан деп білу
керек.
Көп уақыт Мәшһүр-Жүсіп совет заманы тұсында ештеңе жазбады делініп келді.
Ол пікірлердің бекер екендігін жаңадан табылған бір топ өлеңдері де дәлелдесе
керек. Әйтсе де жасы келіп қалған дығы бар, жеке қайғысы бар, түрлі себептермен
бұл кезде сирек жазған. Мысалы, 1915 жылы оның әйелі қайтыс болса, 1921 жылы
18 маусымда Ташкент қаласында мұғалімдік етіп жүрген Әмин деген баласы 34
жасында қаза табады. Әмин Мәшһүр-Жүсіптің: «бір балам бар өзімнен өте туған»
деп үлкен сенім артқан баласы екен. Қазақ ССР Ғылым академиясындағы Мәшһүр-
Жүсіп қолжазбаларының арасында Әминнің де бір топ өлеңдері бар. Оның, әсіресе,
1916 жылғы халық наразылығы жөнінде жазғандарының ішінде жоғары идеялы
өлеңдері баршылық.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев 1931 жылы 27 қарашада қазіргі Павлодар облысы,
Баянауыл ауданындағы Ескелді деген жерде дүние салды. Сүйегі күні бұрын өзі
салдырған бейіт үйіне жерленген.
Жоғарыда атап кеткеніміздей, 1888 жылдардан бастап шыға бастаған «Дала
уалаяты» газетіне Мәшһүр-Жүсіп Көпеев өз мақалалары мен өлеңдерін жиі
бастырып, ел өміріне маңызды деген мәселелерді өзінше көтеріп отырған. Сол
кездегі
қазақтың
демократ
ақын-жазушыларының
көтерген
негізгі
тақырыптарының бірі халықты өнер-білімге, отырықшылыққа шақыру болса,
Мәшһүр-Жүсіп те сол ойды өзінше осы газет бетінде көтереді.
1890 жылы халықты кәсіпке, отырықшылыққа шақырған ойларын былай деп
түйеді:
Деп айттым пайда қыл деп бозбалаға
Меңіреулер біреу түртпей қозғала ма?
Мал да бақ, егін де сал, сауда да қыл
Бостан-бос жүрмедеймін құр далада.
Мәшһүр-Жүсіптің тағы бір үлкен еңбегі сол - әйелдерге білім берудің
қажеттігін батыл қуаттап, өзінше болса да дәлелдейді. Ол былай деп жазады:
Ғылым «еркекке бір есе керек болса әйелге он есе керек». Олай деу себебін ақын
өзінше дәлелдермен тұжырымдайды. Біріншіден, оның еркекке қарағанда, оқуға
мүмкіншілігі аз, сондықтан қамқорлыққа еркектен гөрі де әйел зәру. Екіншіден,
әйел оқыса, баланың жанында көп болатындықтан, баласында білімді ғып
шығаруға көп көңіл бөлер еді дейді. Автор сонымен бірге бала тәрбиесі жөніндегі
пікірлерін де ортаға салады. Баланың жақсы болып өсуі үшін ата-анасы білімді
болсын, қоршаған ортасы, әсіресе, көршілері үлгілі адамдар болсын дейді. Баланың
өнерсіз, жалқау надан боп келетіні шала тәрбиенің нәтижесі екенін ашады.
Ең бірінші тоқталатын өлеңіміз – ақынның 37 жасында жазып, кейін 1907
жылғы « Хал-ахуал» жинағына кіргізген өлеңі «Бұлбұл мен Қаршығаның айтысы»,
Мәшһүр-Жүсіп бұл өлеңінде Бұлбұл арқылы халық қамын жоқтаушы ақынның,
яғни, өзінің бейнесін жасайды да, оны Қаршығаға, өз пайдасын ғана ойлайтын ел
билеушілердің өзімшіл қолшоқпарларына қарсы қояды. Өлеңнің басында Бұлбұл
Қаршығаға келіп екеуінің басында екі түрлі жай бар екенін айтып, себебін сұрайды.
Ол Қаршығаға сен болсаң «билердің оң қолында» жүресің, тамағың да тоқ, беделің
де сыйлы. Мен болсам, «әр түнді сайраумен» өткіземін, сондағы іздейтінім бір
қызыл гүл, ол ашылса, бақытты болар ем, бірақ ашылар емес» дегенді айтады да:
Зарлаймын ұзын түні көрермін деп,
Көре алмай ашылғанын қасіретім көп.
Ғұмырымда бір ашылған уақытын көрмей
Барамын бұ жалғаннан уайым жеп, -
деп, мұңын шағып, не істеуі керегіне одан ақыл сұрағандай болады. Қаршыға
жатып келіп Бұлбұлды сөгеді. Бір гүлге ғашық боп түні бойы сайрайтындығың
сенің ақымақтығың, өйткені өз пайдаңды ойлай білмейсің. Мұратқа жеткің келсе,
мен сияқты үндемес бол, күштілерді тыңдай бер дегенді айтады. Қаршығаның бұл
көзқарасын Бұлбұл өте дәл сынап, өте әдемі жауап береді. Сен тамақ үшін
сатылып, бір ұрттам үшін қан үшін бір құс өлтіресің, бүйтіп қор болып жүргенше
өлгенің жақсы еді. Ал мен мұратыма жетпесем де өзіме - өзім ризамын, өйткені ісім
дұрыс дегенді айтады.
Ақын өлеңінің соңында өз атынан сөйлеп, Бұлбұл ісін жастарға үлгі етеді:
Құс болсаң, бозбалалар, Бұлбұлдай бол
Табылар іздегенге бір қызыл гүл.
Ет үшін бір – екі елі торға түскен
Тіл алсаң, бола көрме қаршыға сол
1907 жылы Қазан баспасынан Мәшһүр-Жүсіптің үш кітабы шықты дедік. Бұл
кітаптарының бәрінде де ақын патшаның манифест шығарғанына назар аударады,
манифест арқылы жақсылық орнайды деп сенгендігін білдіреді. Бірақ оны
жергілікті әкімдер халықтан жасырды деп, олардың бұрынғы ниеттерінен қайтпай
отырғандарына назаланады.
Қолында үкіметі тұрған күнде
Жіберсін біздің жаққа не қып қиып, -
деп, әкімдердің өз еркімен теңдік бермейтінін дұрыс байқаса да, патшаны олардан
бөліп алуы ақынның адасуы еді.
Кітаптың алтыншы бөлімінде Мәшһүр-Жүсіп, әсіресе, 1869 жылдан кейін
күшейе түскен патша үкіметінің қанау саясатын әшкерелейді. Қарсы келген талай
ерлердің түрмеде қан жұтып жатқанын, елді қорқыту үшін ұлықтардың тұтқындау,
штраф салу, жала жауып қуғындау шараларын жүргізетінін баян етеді. Сегізінші
бөлімінде де ел арызын ешкімнің тыңдамайтынын мәлім етеді. Жетінші бөлімінде
елдегі теңсіздікке, озбырлыққа, қанау саясатына, қулық – сұмдыққа ақынның батыл
қарсы шыққанын көреміз. Өлеңді өз тілімен сөйлетсек:
Қызыл гүл жасарсайшы солып жатқан
Әр нәрсе шағымызда болып жатқан
...Құрметті ел билеген хакімдер де
Жыландай зәрін төгіп сорыпи жатқан.
Бас салып мұңлы – зарлы, кем - кетікті
Бүркіттей тырнағымен бүріп жатқан.
... Жатырмыз бір қараңғы ұзын түнде
Көрінбей жарық сәуле бір таң атқан.
Ақын осы кітабының ішіндегі «Қазақтың қылып жүрген жұмысы» деген екінші
ұзақ өлеңінде де көп мәселелерді қозғайды. Мәшһүр-Жүсіп, ең бірінші, ел ішіндегі
партия болып жікке бөлінушілікті айыптайды. Оның нәтижесінде ел өмірінің
берекесі кететінін, күнде кеңеспен, даумен босқа уақыт өлетінін, өз жақтарына
көбірек адам тарту үшін көп мал шығын болатынын айтады, мұның бәрінің
көбінесе болыстыққа таласу үстінде болатынын көрсетеді. Біреуді біреуге айдап
салушылардың әрекетін мінейді, мұндай жік – жікке бөліну, әсіресе, кедейге зиян
екенін ашады:
Таусылмай ала жаздай күнде жиын
Жұмыс жоқ еш бітірген жалғыз тиын.
Сабылтып жалғыз атын тулақ қылып
Кедейге мінері жоқ болды қиын.
Жыртылды байға ерумен кедей таңа
Есінен адастырып байдың шаңы.
Мәшһүр-Жүсіп кітабының алғашқы бөлігінде де ел билеушілерді түйреп еді,
мұнда ол сынын тереңдете түседі:
Жалаңдап аждаһадай ауылнайлар
Беліне ақ киізден күйек байлар
Цифрын бес тиынның бес теңге деп
Кедейдің хат білмеген соры қайнар.
Мойнына сары жезден қарғы салып,
Алдына неше түрлі дау – шар барып,
Жиылып қара құстай билер отыр
Жемтігін өлексенің қоршап алып.
Ақын олардың үстінен қарайтын жоғарғы ұлықтардың да озбырлық пен
әділетсіздікке келгенде, бір – бірінен кем түспейтінін бейнелейді:
Хакімде үкіметші әділдік жоқ,
Параны көп жейтұғын, сол өнерде.
Сабылтып ат – айғырды қан – сорпа ғып
Чиновник қырып – жойып жүрген елде.
Былқылдап майға піскен қой – қозыны
Сұраусыз, ықтиярсыз соя берді.
Тауықтың қоразындай қоқиланып
Боқтайды стражник тұрып төрде.
Автор ел тарасында кездесетін ұрыларды да байларды арқа тұтатынына, оның
залалын кедей – көпшілік тартатынына назар аударады:
Байлардан аты даяр боп тұрған соң
Ұрылар ұрлығынан тыйылмаған.
Би, болыс, бай мен ұры біріккен соң
Кем – кетік, нашарлар күн көре алмаған.
Сол кітаптағы мына бір үзіндінің өзі де Мәшһүр-Жүсіптің үстем езуші таппан
ел сыйыспағанын дәлелдемей ме?
Байға дос көп, кедейге бәрі дұшпан
Бар – жоқты теңгеретін жоқ таразы.
Қажы мен қожа – молда біріккен соң
Күшейді өштік – қастық, ел аражыАқын осындай ұнамсыз жайларға ашына
отырып, қазақ халқын ынтымақтасып, бірігуге, өнер – білімге, отырықшылыққа
үгіттейді:
Өнерге, ғылым – білім болсақ жерік
Берілер ақыр бір күн басыңа ерік.
Көп жұрттан көз жасыңа қылсаң куә
Табылар мұңлы – зарлы саған серік.
Енді бір тоқталатынымыз – «Шайтанның саудасы» оқиғалы. Мәшһүр-Жүсіп
бір өлеңнің өзінде бүкіл заман шындығын әлеуметтік теңсіздікті, қанаушы тап
өкілдерінің теріс, зиянды істерін кең қамтып көрсете алған. Ол үшін ақын алдымен
базарға сатуға он бес көлік жүк әкеле жатқан шайтан мен Ғайса пайғамбарды
кезіктіреді. Қай әдебиетте болмасын шайтан алдау, екіжүзділіктің символы ретінде
алынып келгені белгілі. Өлеңде қанаушы тап өкілдерінің алдау, қиянат істерінің
сол шайтаннан асып түскені нанымды да, әсерлі берілген. Шайтанның сауда
жасауға базарға жүк әкеле жатқанын білгенде (шайтанның сауда жасауы да тосын,
таң құбылыс), Ғайса пайғамбардың таң қалуы да болайын деп тұрған оқиғаға
оқырман қызығуын арттыруға қызмет етеді. Шайтан бес есектің біріне өтірікті,
екіншісіне айлакерлікті, үшіншісіне күншілдікті, төртіншісіне зорлықты, енді
біріне тәккаппарлықты артып алғанын мәлімдейді. Сол зиянды, теріс әдет істерді
кімдер сатып алатыны шайтан сөзімен беріледі. Шайтанның өз табысына сенімі
молдығы, жүгін алушылардың таласып алатынын қайталап айтып, соңы мақтаныш
тұтатыны да сол жүк иемденушілер ісінің келіссіздігі жарқырап ашылуына ықпал
етеді:
Базарға айдап барып салсам қатар,
Алдымен жетіп келер алыпсатар.
Түк қоймай өтірігімді талап алып,
О да алдап көрінгенді, дәмін татар
...Базарға алып барса не қалады?
Қараумен әр нәрсеге көз талады.
Білетін күншілдіктің қадір – құнын,
Оқыған көп оқулы молда алады.
Шаршарсың базар барсаң басың қатып,
Сөйлеп тұр өз білгенін әркім шатып,
Жұрт билейтін ұлықтар таласумен
Зорлығымды алады пұлға сатып.
...Біреуі ұн, біреу пұттан май алады
Біреу қой, біреу тайынша, тай алады.
Тәккаппарлық жүгімді қалдырмастан,
Жетілген надандыққа бай алады.
Назар аудара қарасақ, Мәшһүр-Жүсіп сол зиянды әдет иелері кімдер екені жай
таныстырып қоймайды, солардың әрқайсысының теріс, зиянды әрекеттерін жеріне
жеткізе әшкерелей біледі. Мәселен, алыпсатарлар өтірікті жай ғана немденіп
қоймайды, «О да алдап көрінгенді» дәмін татады. Ол аз десеңіз, мына бір сыны
тағы бар:
Көтерме өтірікпен менен қалған,
Бар күшін сап олар да сөйлер жалған.
Кім болса бұл заманда сол әкетер,
Қор болып қашан өтірік жерде қалған?!
Ұлықтардың зорлықты таласып алуы да олардың зорлықшыл болғанда.
Соның барып тұрғаны екенін танытып тұр. Одан кейін берілген мына бір ойларды
тек шайтан айтқан пікір деп бөліп қарастыра алмаймыз. Бұл ара – тұра автордың
өзі кірісіп, шайтанның аузына өз идеясын салып, ортақ төл сөз жасаған тұстары:
Неге болыс болады малын шашып,
Қашан болып шыққанша жанталасып.
Текке тиын біреуге кім береді,
Зорлық пенен алмаса үкімі асып.
Мәшһүр-Жүсіп өлеңінде бұл айтылған сындармен шектелмейді. Жоғарыда
көрсетілген зиянды әдеттердің бәрі бес есепке артылса, қалған қашырға бірдей
(қашыр есептен де көп жүк көтереді емес пе) бір – ақ жүк артылған. Демек,
мұндағы кесепат бәрінен де асып түсетін ең ауыр кесепат деген сөз. Ақын он
қашырдағы жүктің атын «Тамиғ» деп берген. Е. Ысмайыловтың 1940 жылы
құрастырған оқулығында да, Т. Әбдірахманов,
Қ. Жармағамбетов құрастырған 1959 жылғы хрестоматияда да «Тамиғ» сөзі
«Дәме ету», «Тілемсектік» мағынасын береді деп түсінік берілген. Біздіңше
«Тамиғ» сөзінің араб тілінде мағынасы көп. Бұл өлеңдегі «Тамиғ» мағынасы дәме
ету, тілемсектік ұғымына сыймайды. Сондықтан «Тамиғ» сөзінің араб тіліндегі
«сараңдық, ашкөздік» мағынасы өлең рухына, ондағы адамдар іс-әрекетіне дөп
келеді деп санаймыз. Өлеңнің өзіне сөз берейік:
Бес есек өзді-өзінің орнына өтті.
Жүк еді он қашырда бір ретті.
Артқаным бәріне де тамиғ еді,
Біреуін тіленшілер талап кетті.
Иыққа ала қоржын салған алды.
Қайыр сұрап жұрт тынышын алған алды.
Пірге қол берген сопы пірадарлар
Жұрттан пұл жинап қажыға барған алды.
Егер тек осы екі шумақпен шектелсек, сөз мағынасын «дәме ету,тілемсектік»
деп шектеуге де болатын тәрізді.Бірақ өлеңнің келер жолдарында дәме ету
тілемсектік ұғымы емес, ашкөздік, сараңдық, дүниеқорлық көрінеді ғой:
Бір қашыр жүк бәріне түгел жетті.
Тоғызы өтпей біраз тентіретті.
Қожа,молда,ишандар елді жеген,
Дағдарып тұрған шақта солар жетті.
Біз үйде қалай шыдап жатамыз?-деп,
Мұны алсақ,қарық олжаға батамыз,- деп.
Шайтаннан көтерме алған бұл тамиғты,
Қыдырып үйден-үйге сатамыз, - деп.
Бұл пұлмен бірі мешіт салмақ болды.
Бірі мүлгіп ишан боп қалмақ болды.
Біреуде шай, біреуде ет қайнатып,
Жұрттан пайда шығарып алмақ болды.
Ақын сонымен қатар халық санасын улайтын дін иелерінің алдамшылығын,
пайдакүнемдігін жайып салады:
Басына дағарадай сәлде салды,
Жұрт қоршап:
-Ой, тақсыр! – деп, ортаға алды.
Түлкінің құйрығындай бұлаңдатып,
Тәспіні жыбыр-жыбыр серпіп тастап,
Надандық қисық, қыңыр жолға бастап.
Онысы – жерге шашқан бидай, тары.
Торғайды келу үшін торғай бастап.
Міне, бұл жолдардың жеке өзі-ақ Мәшһүр-Жүсіптің дін иелерін жай, жеңіл
әжуалап, қана қоймағанын, барынша өткір түйрей білгенін дәлелдесе керек.
Өлең соңындағы өзі кірісіп айтқан қорытынды сөзінде де Мәшһүр-Жүсіп өз
сынының жай бір сөз арасындағы сын еместігін әйгілейді:
Ежелден болып өстім байға өш, қас.
Қожа, молда, ишандар – бәрі бір бас.
Назар аударарлық жәйіт: Мәшһүр-Жүсіптің қанаушы тап өкілдерінен ірге
бөлуі, оларды барынша батыл айыптауы бір шығармасында ғана емес, жоғарыда
көргеніміздей, көп туындысында қайталанып келіп отыратындығы. Осы орайда
айта кетейік, 1928 жылғы қазақ байларының мал-мүлкі конфискеленуінен кейін
1931 жылы өлер шағында жазған мына бір өлең жолдары – сол бұрын айтылған
пікірлерінің әрі жалғасы, әрі қорытындысы:
Ай, Мәшһүр, туа қастас болдың баймен,
Бай көрінсе, қашушы ең қолат саймен...
Байдың түбі боларын біліп мұндай
Сөйлесіп қойғансың ба бір құдаймен.
Онан соңғы бір қасың – қожа – молда.
Олармен елдеспедің бұрын – сонда.
Жамандап бас – басына өлең жазып
Жазған сөзің әр жерде жүрді қолда.
Қажы мен ишандарды түйрей шаныштың,
Кейін бәрінен бойыңды аулақ салып қаштың.
Азап бойың тік тұрып осылардан,
Арапшы жік көрсетер бар ма албастың?!
Рас, Мәшһүр-Жүсіпте қайшылық болмады емес. Ол көбінесе, жоғарыда атап
өткеніміздей, 1905 жылғы патшаның октябрь манифесіне деген бастапқы үміті
ақталмағаннан кейін біраз сарыуайым, торығуға салынуына байланысты. Ал, бірақ
ақын қашан да әлеуметтік теңсіздікті батыл сынап: езуші байларды өлтіре түйреп,
езілуші кедейлерге жанашырлық білдіріп отырған. Мұны біз жоғарыда талданған
шығармалардан айқын көрдік.
Оқырман көпшілік Мәшһүр-Жүсіпті көркем шығарма кейіпкері ретінде де
біледі.
Сондай-ақ, Мәшекеңнің ел арасынан жиған біраз фольклорын мұралары ақынның
өзі тірі күнінде 1907 жылы Қазан баспасынан шығарған «Сарықарқаның кімдікі екендігі»
атты кітабының қара сөзбен жазылған нұсқасында көптеп кездеседі. Бұл еңбек 1990
жылы Мәшһүр Жүсіптің таңдамалы шығармаларының I-томына (құрастырушы С.Дәуітов)
енгізілді, тек өлеңмен жазылғаны толық та, ал қара сөзбен жазылған көлемді бөлігі
түсініктеме ретінде көп қысқартылып берілген (екі еседей). 1990 жылғы кітапта «Он сан
ноғай білген соң, Орманбет би өлген соң, бұл Сарыарқаны қара қалмақ...» деген тіркес
соңындағы көп нүктенің орнында «Қатысыбан» деген сөз түсіп қалып отыр (Қатысыбан-
қалмақтың ханы-Н,Ж.).
Ақынның бұл еңбегінде: өзінің әлеуметтік-философиялық ойлары, дүниеге
деген көзқарасы,тарыхқа өзінше баға беруі,оның жақсы-жаман жақтарын көре
білуі, кейінгі үрім-бұтаққа арнаған үлгі-өнеге, өсиеттері жинақталып берілген. Сол
сияқты Олжабай батыр, Жасыбай батыр,Шоң би туралы тарих үшін құнды
деректер де,жер-су аттарына байланысты аңыздар да,Орта жүзден қажыға алғашқа
болып барған уақ Нүркен бай,т.б. хақында айтылған деректер, этнографиялық
мәліметтер мен фольклор үлгілері де баршылық.
Сонымен қатар Мәшһүр-Жүсіп өз қолжазбасындағы кейбір өлең жырлардың В.В.
Радловтан алынғанын ескертеді. Солтүстік өңір, Бұхар, Ташкентке барған сапарында
Мәшһүр-Жүсіптің белгілі адамдарымен: Жәңгір төре, Саққұлақ шешен, Сыздық төре,
Ақан сері, Көшек қожа мен Күдері қожа тұқымдары, Абылай хан тұқымдары, Мәделі қожа
тағы басқалармен кездескені бізге ақын жазбаларынан мәлім. Бұл деректерге қарап
отырып, Мәшһүр-Жүсіп жазбасында кездесетін Абылайға, Кенесары мен Наурызбайға
қатысты аңыз-әңгімелерді т.б. Сыздық төре Кенесарыұлы мен Абылай хан тұқымдарынан
алуы мүмкін десек, ал, шежіре, Бөгембай тағы басқа батырлар төңірегіндегі мәліметтерді
Саққұлақ шешенмен, айтыс ақыны Күдері қожаға қатыстыны оның тұқым-жұрағатынан,
Ақан сері мен Мәделі қожа өлеңдерін олардың өз ауыздарынан жазып алды деуге де
болады. Әйтсе де, мұның біразы шындыққа жақынырақ болса, біразы сәйкес келмеуі де
мүмкін. Мәселен, ақын жазып кеткен «Кенесары, Наурызбай өлімі туралы» әңгімесі
соңында мынадай дерек бар: «Өлтіруге көзі қимай Тілеуғабыл Наурызбайды үш ай
(тоқсан күн) сақтапты. Ақырында Тілеуғабыл өзі бір жаққа кеткенде, жанкүйері өлген
қырғыздар қоқиланып келіп, өлтіріп тастады» дейді. «Наурызбайды өлтіргендер дәнемеге
де ұшыраған жоқ»,−десіп мұны қырғыз жұртының өздерінің жиһан кезген, орыс қолына
түсіп, жер аударылғандары айтысады. Болмаса, Кенесары, Наурызбай қырғызға түскенде
туғаным жоқ»,−делінген.
Міне, бұл дерек түсініктеме орнына жүрсе, әрі әңгіменің жазылынып алу тарихына
да сай келеді, тек деректі жеткізушінің нақты аты-жөні көрсетілмеген.
Ал, «Абылай аспаған сары бел деген сөздің мағынасы» атты жазбасында Мәшһүр-
Жүсіп әңгімені аяқтай отырып, оқиға растығына дәлел ретінде Төртуыл ішінде жүрген
Төлеген Қожаның өлеңін береді:
Кешегі өтіп кеткен хан Абылай,
Соғыпты құбыладан ескен желдей.
Сонау бір сары белден аспадым деп
Кетіпті арман қылып біздің елді-ай!...
Бұған қарап жоғарыдағы әңгіме хатқа сол өлең авторының айтуы негізінде түсірілген
деуге болады.
Ақынның «Жарылғап пен Абылай хан» әңгімесінде мынадай дерек кездеседі: «
Бұрынғылар аңыз қылған: «Қазақта байлық, бектік, ұрлық−үшеуі бір тұқымға сыйған
емес. Жалғыз-ақ осы үшеуі Жарылғапқа сыйған. Не үшін? Бұған дуа кеткен. Абылай
хандай аруақты ерден дуа алған!− делінген сөз. Баймұрын мырзаның тұңғышы Шотақ
байда көрдік. Мінезі−қойдай қоңыр, мырзалығы−жиексіз мыржа, әулие дерлік, табиғат
иесі бір адам еді. Сол Шотақтың бәйбішесінен туған Исақ, Ермек-Мұса, Секербай
заманындағы ұрының атақты дөкейі болды. Былтыр мен биыл атағы шығып жүрген
Қышқашта сол Жарылғаптан шыққан ұры. Тірі болсаңдар, естисің. Қышқаштан дөкей
Шатынауық шыққанын». Қазақстан мектебі, № 6, 1993, 79б.)
Бұл мәліметке сүйенсек, әңгіме негізінде тарихта болған оқиға желісі жатады да, оны
жеткізуші не Жарылғап ұрпақтары, не сол маңайдағы Жарылғап нәсілін жақсы білетіндер
деп тұжырымдауға болады. Мұндай шығарма ішінде кездесетін кейіпкерлер мен оқиға
желілеріне түсініктеме беру басқа жинаушыларға ғарағанда Мәшһүр-Жүсіп әдістемесінің
өзгешілігін таныта отырып, оның тарихи шындыққа жақын болуын негіздейді.
Мәселен, шағын ғана «Төйте тәуіп» әңгімесінің өзінде-ақ, сол жердің не себептен
«әулиелі Ақкөл» атануын Мәшһүр-Жүсіп былай деп жазған: « Бұл қозғаннан
шыққан−Төйте тәуіп. Қызылтауда Жосалы деген жерде қоныс қыстады. Таң намазын сол
жерде оқып, бесін намазын Ақкөлдің жағасында оқып, бір түн түнеп жатып, ертеңгі
бамдатты сол жерде оқып, өмір бойы әдет қылған дейді. Ақкөлдің «әулиелі Ақкөл»
атанғаны сондықтан дейді. Өзіне Қаракесек деген елден тоқсан қатын келіпті бала сұрап,
бәріне де бірдеме депті, бір қатын құр қалыпты. Ол қатын назаланып жылап: «Осынша
қатын бәрі алғанда, құдайдың сүймес пендесі мен болғаныма көзіңіз жетті ме?»−деп,
жылап қоя берген соң,− «Бар, бердім!»−депті. Сол бала Жарылғап: Ақтанберді баласы
жанысбай болған екен дейді».
Ал, « Абылай ханның түсі» жазбасында: «Шымкент, Сайрам барып, оған
Әбдірахман деген сартты ие қылды. Онан Жизақ үстіне барып, бір қоңыраттың байы
қонақ қылып, сол түні оның бір келіні ұл туып, ол баланың атын Абылай қойған. Ол
Абылай да өсіп-өніп бір тайпа ел болған. Жер ауып жүрген бір Қайып деген ұрпағына
сөйлестік»,− делінген дерек келтіріледі де, әңгіме әрі қарай жалғасын табады. Бұл үзінді
соңында мәліметтер де осы әңгіменің жазылынып алу тарихы есебінде жүрері анық. Сол
аталған Төйте тәуіп лепесімен туған баланың есімін, тегін, бәрін дәл көрсетуі Мәшһүр-
Жүсіптің бұл деректі сол қаһармандар туып-өскен жердің адамдарынан естігенін
аңғартады деп санаймыз.
Мәшһүр-Жүсіптің «Атасының аты біленбей өз аты шыққан ерлер» атты еңбегінде
де белгілі бір әңгіменің жазылынып алыну тарихына қатысты дерек бірге берілген:
«Қыпшақ Қорлыбай бидің баласы Досболдан, атаға жүйрік дегенмен шығыс жұртының
біреуі ата сұрапты. Сонда өзінен Адам атаға шейін сырғытып айта беріпті. Адам атаға
барғанда, «Адам атасы кім?−дегенде.
−Адам атасы−Арслан,−депті.
Естіп тұрған ғауымдар:
−Жарықтықтың атаға жүйрігі-ай! Адам атаның атасының атын да біледі,−деген.
«Мұндай атаға жүйрік жан тумас»−десіп, дүркірей-ақ жөнеліпті. Ол кісінің
айтуы»... Көріп отырғанымыздай Мәшһүр-Жүсіп бұл әңгімені нақты кімнен жазып
алғанын дәл көрсетіп отыр. Яғни әңгіменің жеткізушісі болып, қыпшақ Қорлыбай бидің
баласы Досбол алынған. Бұны зерттеуші-ғалымның жинау әдістемесінің бір ерекшелігі
деуге болады. Қайталап тұжырымдайыз: бұлай әңгіменің жазылып алыну тарихының
берілуі Мәшһүр-Жүсіп жинаушылығының басты ерекшелігін, өзіндік жинау әдістемесінің
басқалардан артықшылығын, өзгешілігін танытады.
Ал, оқиғаның тарихта шын болғанының дәлелі ретінде «Төлеген ұлы Жанғабыл»
әңгімесінің соңында Кәрібаев ақынның өлеңі кірістірілген:
Кіші жүзге сыя алмай
Тастай көштің жеріңді.
Төлеген ұлы Жанғабыл
Тоқсан кісіңді өлтіріп
Бітеу сойып басыңды,
Қоқанға берді жеріңді!
Біздіңше, тарихта фактілерді баяндаған осы өлеңге қарап, әңгімені бізге
жеткізушінің екінші бір авторы Кәрібоз деп бағалауға болады. Бұл тұста Мәшһүр-Жүсіп
осы тәрізді өлеңдер негізінде әңгімені қара сөзге түсірген болуы керек деп те
шамалаймыз. Қалай дегенде де, Кәрібоз өлеңінің қайткенмен, әңгімені жеткізуде белгілі
бір орны болғандығы анық. Белгілі бір өлең мен тарихи дерек арасындағы сабақтастыққа
«Шорман би» әңгімесінен де көруге болады. Онда болған оқиға дәлелі ретінде Қанжығалы
Қоскелді Досан ақын мен Қаржас Елтай ақынның сөз қағыстырулары беріліп: «Сонда
Елтай ақын:
Керей мен Қанжығалы сен емес пе ең?
Байлаулы бұзауыммен тең емес пе ең?
Кешегі жеті еріңді құнсыз қылған
Балам-ау, әкең Қаржас мен емес пе ем,−дегенде, Досан ақын дәнеңе тауып айта
алмай, жеңіліп қалыпты»−делінген. Мәшһүр-Жүсіп «Едіге туралы» әңгімесін қайдан
жазып алғандығын да дәл көрсетіп кеткен: «Бұл сөзді кеше жалаң аяқ Ашдүр айтып, ол
кісі де өзін сол жерге қойдырған екен. Қуандықтан шыққан Арық Қоңырбай−Айқожа;
Есеннен халфе болып шыққан Ақбанбастың Ақпанымен бірге барып, Түркістанда мырза
Фиасыт билеп тұрған заманда сартпен дауласып, «жалаң аяқ Ашдүр қазақтан шыққан
әулие Керейіт сары сопының баласы еді» деп, сүйегін арқаға қоямын деп, сартты сөзден
жеңіп көрін ақтарып, жалаң аяқ Ашдүрдің денесі шірімей, сасымай көмілген қалпында
жатыр екен дейді. Қол созып қала бергенде, ашық тұрған күн алай-түлей боран болып
кеткен соң, қойылған жерінен қозғағанын аруағы жаратпады-ау десіп, қайта жауып, үстіне
белгі тұрғызып сонда Арық Қоңырбай Ақпанға айтқан екен;
−Мен сенен бұрын өлемін, мені осы жерге қойыңдар,−деп. Өзінің өсиет қылуымен
Ақпан Арық Қоңырбайды да сол араға апарып қойыпты. Ол жерге Бабай түкті Шашты
Ғазиздің барлығын Едіге айтыпты. Ол екеуінің барлығын Арық Қоңырбай айтыпты. Арық
Қоңырбайдың анық сол жерде екенін, міне, біз айтып отырмыз. Осындай біреуден- біреуге
мирас болып келе жатқан сөз»
Міне, бұдан Мәшһүр-Жүсіптің ел аузында таралған белгілі бір сөздің, не бір оқиғаның туу
жағдайын, ауыздан-ауызға қалай таралғанын, осы күнге жету себебін−бәрін қамтығанын
көреміз.
Бұл тек Мәшһүр-Жүсіп жинаушылығына ғана тән артықшылық, өзгешелік десек
қателеспейміз.
Шоңға қатысты бір әңгімеде, бидің Қорысбайдың асына баруы, қасына ат бәйгесіне
қосуға Жананның Қараласын; палуан бәйгесіне түсіруге Қаржас−Ақша; Байболаттың
Байболатынан шыққан Сақау ақынды; Күлік Жаңабатыр бидің баласы қаһарлы Жанақты
т.б. алып жүруі айтылады. Әңгіме Шоң бастаған көштің жеңіспен елге оралуымен
аяқталғанын Мәшһүр-Жүсіп жаза отырып, манадай сілтеме келтіреді: «Сол астан қайтып
келе жатып Тоқада Үш қозы атанған Телқозы, Байқозы, Қарақозының Телқозысына
түстенуге түсе қалғанда, Телқозының бәйбішесі саба ұстап, қымыз құйып отырып,
Шоңның қарасына көзі тойып отырып бойы иіген екен. Кідірмей бұл ұл тауып, атын Шоң
қойған екен. Күні кеше Алтай, Тоқада атағы жер жарып, «Шоң баласы» атанған Шоң сол
еді,−дейді. Тоқсан ауыз сөздің түймедей түйіні бар деп бұл әңгімені ұмыттырмаған
Сақаудың бір ауыз өлеңі:
«Мейрамның бас қосқанда бес баласы,
Бұл қайыр Қоңыр екен дуанбасы.
Қуандық Қарысбайға ас бергенде
Жананның келген екен қара аласы.
Бес мейрамның ұлына түгел жеткен,
Қарқымбайдың үкілі бір сабасы»−
Міне бұған қарап, әңгіме негізін Мәшһүр-Жүсіп Сақау ақыннан алды дей отырып,
бұл деректі де әңгіменің жазылып алыну тарихы, түсініктемесі есебінде қарастырамыз.
Сондай-ақ, Шоң би туралы әңгімелердің жазылу шынайлылығымен көңіл бөлгізеді:
«Айдабол Поштай баласы Құсайын, Қаракесек Алшынбай баласы Қақабай, Қаржас
Еркебұлан баласы Жантемір Шоң өлген жылы туған балалар. Осы айтылғандардың
жиырма бес мүшелеріне туған Мәшһүр-Жүсіп өзінен жиырма бес жыл бұрын өлген
Шоңның қасында бірге жүргендей ме, қалай?»
Ал, «Әз Тәйтеке би» әңгімесі ішінде берілген мақал-мәтелдердің авторы−заманында
төрт Шөмекейге қараның ханы болған Өтетілеу деген кісі екенін, оның әкесі Кетебай
заманында Алшын Қаражігіттің баласы Сопақ екенін Мәшһүр-Жүсіп ескертпесінен біліп
отырамыз. Осы Сопақтың құн даулағаны турасында әңгіменің берілуі, әңгіменің бізге
жеткізушінің есімі көрсетілуі т.б. мұның бәрі Мәшһүр-Жүсіптің бұл тұста да кімнен не
алса да аты- жөнін көрсетіп отыруды ұмытпағанын дәлелдейді.
Келесі «Жәуке би» әңгімесін кімнен және қайдан алғандығын Мәшһүр-Жүсіп
алдымен ескертіп кетеді. Онда: «Қазақ жұртының Орта жүз Арғын тайпасынан Аққошқар
Сайдалы атанған. Сол Аққошқар−кішкентай баласының сөзі»,−делінген.
Міне, біз жоғарыдағы әңгімені Арғын тайпасынан шыққан Аққошқар
баласынан Мәшһүр-Жүсіп жазып алғандығын көреміз.
Ал, «Мәшһүр – Жүсіптің ала қарғамен айтысы» өленіңде қарға өзінің не себептен
қарғысқа ұшырағанын түсіндіреді. Кемені тышқан тескенде, жылан бүк түсіп жатып алып
тесіктен су жібермейді. Кейін сол үшін сыйақы талап етіп: «Кәнеки, еті тәтті мақұлық
қайда?» - деп өтініш жасайды. Нұх пайғамбар тапсырмасымен мұны айқындау үшін
алдымен қарға жіберіледі. Қарға құрлық жерді алдымен тапса да, жемтікке тойып,
тапсырманы ұмытады. Ол кешіккен соң, соңынан ұшқан қарлығаш қарғаның ең тәтті деп
адам етін атағанын естіп, адамға жаны ашып, айтқызбас үшңн қарға тілін шоқып алады.
Пайғамбар алдына барғанда, қарға тілі кемсін болғандықтан да, не түйгенін айта алмай
қалады.
Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлының «Сүлеймен пайғамбар мен құмырсқа» атты әңгімесі
және «Сүлеймен пайғамбар мен байғыз» өлеңі бар екені белгілі. Бұл шығармалар
сюжетінің бастау көзін іздесек, «Құран кәримге» тірелеміз: «Сүлейменнің (Ғ.С.) жыннан,
адамдардан, құстардан әскерлері жиналды... Ол бұлармен ақыр құмырсқаның ойпатына
келген сәтте бір құмырсқа: «Әй, құмырсқалар! Ұяларыңа кіріңдер! Сүлеймен, оның
әскерлері білмей жаншып кетпесін», - деді. М.Б.Пиотровский еңбегінде осы фабула
қайталанып, соңында Сүлейменнің мұны естіп, құс тілін білетіні үшін жаратушыға
ризашылық білдіруі келтіріледі.
Мәшһүр – Жүсіпте құмырсқа сақтандырудың естіген соң, Сүлеймен оны шақыртып
алады. Құмырсқа: «Менімен тілдесіп, жауаптассаңыз, құлағыңыздан қақ түбінен орын
беріңіз. Әйтпесе, біріміз – көкте, біріміз – жерде, сөзіміз түгел бола ма?» - деп сұрайды.
Құмырсқа – оны айтқаным: «Аналар басып кетеді де, сендер жаншылып қаласыңдар!»
дегенім емес. «Алма алмадан реңк алады. Ат есекпен бір ақырда тұрса, мінездес болады.
Желге ұшып жеңіл тартып жүргендерді тамаша қыламын деп, пікір, зікірден бос қалып,
ғафыллардан болып құдай қасында тапталып, уатылып қаларсың!» дегенім еді.
Құмырсқаның: «Сұрасам, құдайдың қзі неге бергенін айт: жұрттан бөлек не берді?! –
деген сауалына Сүлеймен өзіне билеу үшін желді, билік үшін жүзікті бергенін айтады. Ал,
құмырсқа желдің де, жүзіктік те мақтаныш бола алмайтынын өзінше дәлелдейді. Одан әрі
Сүлейменнің: «Құдай жаратуда қайсымызды жақсы жаратты?» - деген сауалын құмырсқа
орнықты жауап береді: «Бұл турадан хабарым бар. Хамидур шүкір жаратуында осы
отырған сенен мені жаратты. Неге десең: өзге дүниене қарағанда, басың кіші, миың аз:
Ақылыңның аздығы – сол! Менің өзге дүниеме қарағанда, қарның жуан: тойымдығың
жоқ, қанағатың аз. Тойымы жоқ қанағатсызда қасиет бола ма?! – дейді. – Менің өзге
дүниеме қарағанда, бөксе тарпым жуан: сол үшін өз қаралдымдан үлкен нәрселерді көтере
беремін. Ақылымды көп қылып, тамақ үшін уайымды жоқ қылып, өзімнен зорды
көтеретұғын күш беріп жаратты. Мұнан артық жаратылу бола ма?!- дейді». Әңгіме
соңында құмырсқаның: «Жалғыз бидай жеті жыл жеуіме жарайды», деуіне шүбә келтіріп,
Сүлейменнің оны жеті жыл бір бидаймен қамағаны құмырсқаның сол мерзімде жарты
бидайды ғана жарытып, пайғамбардың қатесін бетіне басқаны баяндалады. Әңгіме былай
тәмамдалады: «Хазірет Сүлеймен тоба қылып құмырсқадан қанша үгіт- насихат алып,
өзінің білместігіне, оның білімділігіне қайыл болды. – Менен соңғы патша болғандар
мұнан ғибрат алсын! Біреудің көзге көрінісі құмырсқадай болса да, тауып айтқан сөзіне
құлақ салып тұра қалсын! – деп, кітапқа жаздырып, кейінгіге қисса қылып кетті».
Бұл әңгіменің кеңейтілген нұсқасы «Дала уалаяты» газетінің 1889 жылғы санында
жарияланды. Құран кәримнің 27 – нәміл сүресінде Сүлеймен мен құмырсқа лебіздеусуінен
кейін Сүлеймен мен Бөбісек деген құс әңгімесі берілген: (Сүлеймен Ғ.С.) Құстарды
түгендейді де: «Бөбісекті неге көрмеймін, немесе ол жоғалып кетті ме?» - дейді... Сонда ол
көп кешікпей-ақ келіп: «Сен білмеген нәрсені білдім. Сондай-ақ Сәба мемлекетінен анық
хабар келтірдім», - деді. «Расында оларға патша болған бір қатын таптым. Оған әр түрлі
нәрсе берілген әрі, оның үлкен тақты бар» ( Шахыл қызы Былқыс қатын патша бар еді.
Б.М.К.Р.). «Оны да, елін де Алладан өзге күнге табынғанын көрді. Шайтан оларға істеген
істерін әдемі көрсетіп, жолдан тосқан. Сондықтан тура жол таба алмайтын көрінеді».
Міне, осында келтірілген Былқыс (Билкис) туралы дерек араб әдебиетінде жаман
ниетті әйел ретінде Сүлейменге байланыстырыла алынғанына зерттеуші Б.Я. Шидфар
назар аудартады.
Мәшһүр- Жүсіптің «Сүлеймен пайғамбар мен Байғыз» өлеңінде әйелінің теріс
тілегін орындамаққа патша тамам құсты жинағанда, тек байғыс келмей қалады. Кейін
оның келмеу, бөгелу себебі сұралғанда, Байғыз бен Сүлеймен лебіздесуі былай өрістейді:
- Еркекті ессіз қылып қара басып,
Зор болды ұрғашыға араласып.
Еркек пен қатынды теңгергенде,
Бір қатын артық шықты саннан асып.
-Көз жұмбай дария кештім пенделіктен,
Көрмедім пайда жиған дүниеліктен.
Құдайым артық- кемсіз жұп жаратқан.
Болғаны қатын артық ол неліктен?
-Жалғанда аз күн теріп нәсіп жерміз
Білмейміз бұ жүргенде не үшін жүрміз?
Кей адам қатын тілін алатұғын,
Біз оны еркек демей, қатын дерміз.
-Қаралдың жұдырықтай ақылың зор,
Қатын тілін алғанды қылдың ғой қор!
Айырдың қан төгетін көп кінәдан,
Байғызым, қанша дүние тұрғанша тұр!
Мұның бәрі көне шығыс аңыздары мен Мәшһүр- Жүсіп туындылары арасында
үндестік, орайластық, тығыз байланыс жатқанын дәлелдей түседі.
Мәшһүр- Жүсіп пен Шығыс мәдениеті (оған ежелгі түркі мәдениеті де кіреді)
үндестігі дегенде белгілі бір тақырыптағы, оның ішінде дәстүрлі баламаны
пайдаланудағы, сабақтастық мәселесіне көңіл бөлгіміз келеді. Әлем әдебиетінде ертеден
махаббат пен сұлулық үйлесуінің тұрақты нышаны, символдық белгісі ретінде бұдбұл мен
гүлді жұптастыра алудың жиі қолданылып келгені белгілі.
Мәшһүр жас шағында Шығыстың араб, парсы, түрік тіліндегі әдебиетінің шәкірті
болды. Өйткені, Мәшһүр Жүсіп ортағасырлық мұсылмандық шығыстың көрнекі
ақындарының туындыларын, араб, парсы, түркі әдебиетінің діни тақырыптарындағы
қисса-дастандарын жаттап, елге таратып, насихаттап таратушы ретінде халық арасында
аты шыққан еді. Шағастың әлемге әйгілі «Мың бір түн», «Шахнама» кітаптарын, шариат
негіздерін, ислам философиясының негізгі бастауы Құран-Кәрімді жетік білген.
Шығыстың ұлы ойшыл ақындары Фердоуси, Сағди, Жәми, Руми, Қожа Хафиз, Науаи
еңбектерін түпнұсқадан оқып, жатқа білген.
Шығыс сюжетіне құрылған «Гүлшат-Шеризат», «Көреұғлы» және діни тақырыпта
ислам ілімі мен Құран-Кәрім хикаяларымен үндес «Жер мен Көк», «Миғрат»,
«Пайғамбардың дүниеден өтуі», «Ғани Арыстанның әңгімесі» және тағы басқа
шығармаларын жазған.
Қазақтың белгілі ақыны Мәшһүр Жүсіптің шығармаларының 20 томдығын шығару
2001-2016 жылдарға жоспарланған болатын. Бұл- үлкен істің бастаушысы С. Торайғыров
атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Е. Арын. Осы орайда сол 20
томдықтың редакторлар алқасымен таныстуруды орынды деп білеміз. Олар: Е. Арын, С.
Қирабаев, А. Құсайынов, Қ. Мәшһүр-Жүсіп (жауапты редактор), С. Қасқабасов, Р.
Нұрғалиев, С. Бегимов, М. Әбусейітова, С. Дәуітов, Д. Қамзабекұлы, Н. Жүсіпов, Е.
Жүсіпов. Бұл ғалымдар жайдан-жай топтастырылған жоқ. Олар бұрын да, қазір де
Мәшһүр-Жүсіп шығармаларын жариялауға ат салысып, ақын томдарын әзірлеу
жиындарына қатысып, пікір білдіріп келген білікті мамандар. Мәшһүр-Жүсіп
шығармаларын басты рудың неге кешеңдеп қолға алынғаны да белгілі. Алдымен ақынның
1907 жылы Қазан қаласында басылған 3 кітабі: «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір
тамашамыз», «Хал-ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітаптары 1912-1913 жылдары
Ресей патшасы цензурасы назарына іліккені, сол кезде ақын шығармаларын жариялауға
тыйым салынып, өзі қуғынға ұшырағаны мәлім. Патша заманында теперіш көрген ақын
Кеңес билігі кезінде де қысымнан босаған жоқ. Рас, 1940-1950 жылдар аралығында ақын
шығармалары мектепте оқытыла бастады. Әйтсе де елуінші жылдар басындағы
«Ұлтшылдықпен күрес» науқаны Мәшһүр-Жүсіпке де салқынын тигізді. Мәшһүр-Жүсіп
шығармаларының мектеп оқулығынан шығуымен бірге, оның өзі көзі тірісінде
салдыртқан кесене де үкімет нұсқауы бойынша, адамдар қолымен талқандалды. Әйтсе де
И. Сталиннің жеке басына табынудың КПСС XX съезінде 1956 жылы сыналуы, көп
ұзамай С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлиннің және басқа да азаматтардың ақталуы
ақын шығармаларының алдымен жоғары оқу орны хрестоматиясында (1959ж.), кейін
газет-журнал беттерінде жариялана бастауына жол ашты. Осы орайда ақын
таңдамалысының 1,2 томдары 1990,1992 жылдары Алматыдағы «Ғылым» баспасынан
жарыққа шықты.
Мәшһүр-Жүсіп еңбектерін топтап , қарастырғанда, үш салаға бөлуге болады.
Бірінші, ақынның өз өлеңдері мен поэмалары. Екінші, халық ауыз әдебиеті үлгілерін
жинауы. Үшінші, ғылымның әр салаларына қатысты жазып қалдырған түрлі зерттеу
еңбектері.
Мәшһүр–Жүсіп туындылары аз да болса, орыс тіліне де аударылды. Ақынның бір
өлеңі Мәскеуден 1940 жылы шыққан «Дала әндері» («Песня степей») антологиясына
енсе, екінші бір өлеңі («Шайтанның саудасы») Ленинградтан 1978 жылы шыққан
«Қазақстан ақындары» жинағына (құрастырушы. М. Мағауин) енді.
М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты коллективі құрастыруымен 1965
жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихы» еңбегінің 2-том, 2-кітабында да Мәшһүр-Жүсіп
туындылары біршама қарастырылған.
Қазақ ССР Ғылым академиясындағы М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер
институты қызметкерлері әдебиет тарихына қатысты кітаптарында көп материалдарды
Мәшһүр-Жүсіптен алғанын жап-жақсы көрсетіп келеді. Мәселен, 1982 жылы шыққан
«ХV – XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» кітабында Марғасқа жырау, бұқар
Қалқаманұлы, Көтеш Райымбекұлы туындыларының көбі Мәшһүр-Жүсіптің қолжазба
қорынан алынғаны айтылады.
Мәшһүр-Жүсіп есімі, еңбектері мәні Мәскеуден 1966 жылы шыққан «Қысқа әдеби
энциклопедиясының» үшінші томында да, Алматыдан 1975 жылы шыққан «Қазақ совет
энциклопедиясының» жетінші томында да берілген. Кейінгі жылдары шыққан бес томдық
Қазақ ССР тарихында да Мәшһүр-Жүсіп қайшылықтары ескеріле отырып, сонымен қатар
оның еңбектерінің елеулі мәні атап көрсетіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |