Тапсырмалар мен сұрақтар:
1. А. Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты соңғы кезеңдегі
зерттеулер, сыни еңбектер.
2. А. Қорамсаұлы шығармаларындағы ұлттық сарындар.
3. А. Қорамсаұлының ақындығы мен әншілігінің арасындағы поэтикалық иірімдер.
4. А. Қорамсаұлының серілік өнері мен ақындық әлеміндегі ұқсастықтар.
5. Ақансерінің шығармаларындағы образдылық және лирикалық әуез.
Діни ағартушы бағыттың өкілдері
Нұржан Наушабайұлы шығармашылығындағы діни сарын
Лекцияда қаралатын мәселелер:
1. Нұржан Наушабайұлы шығармашылық өмірбаяны
2. Нұржан Наушабайұлы діни білімінің тереңдігі
3. Ақынның «Назымдары» және олардың көркемдік деңгейі
4. Нұржан Наушабайұлының Сапарғалимен жұмбақ айтысының мәні мен
ерекшеліктері.
5. Нұржан Наушабайұлы ақындығы және сазгерлігі.
6. Өлеңдеріндегі өмір-тіршілік, оқу-білімге жаңашыл көзқарасы.
7. Діни ағартушы ақынның шығармашылығының зерттелуі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Әбдиманұлы Ө. XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті Алматы: Қазақ университеті,
2004
2. Әбдиманұлы Ө. Өзгеден ойы озық Нұржан ақын / Шапағат Нұр, 2004, №4.
3. Шаяхмет А. Таңдайы тақылдаған Нұржан ақын / Ақиқат, 2004, №5
4. Байтұрсын І. Нұржан Наушабайұлының бейіті / Егемен Қазақстан, 2004
5. Қазақ ССР энциклопедиясы IV том Алматы: Ғылым, 1987.
6. Кенжебаев Б. XX ғасыр басындағы әдебиеті – Алматы:Білім, 1993.
7. Наушабайұлы Н.Алаш. – Қостанай:ЖШС, 1997.
8. Ысмайылов Е. Ақындар. – Алматы: ҚКӘБ, 1956.
9. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі, –
Алматы: ҚКӘБ, 1960.
Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен,
Селдетіп, ән тұқымын сол еді еккен.
Тобылдан көтерілген бір зор айқай,
Сібір мен Сыр суына барып жеткен.
Н.Ахметбеков
Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың осылай деп басталатын өлеңі XIX ғасырдың
белгілі ақыны Нұржан Наушабаевқа арналған. Әр заманның өзіне лайық, өзгеден ойы
озық, өресі биік дара тұлғаларының болғаны тарихтан белгілі. Өзі өмір сүрген кезеңдегі
теңсіздікке, әділетсіздікке қарсы ақындық үн көтеріп, өзіндік көркем туындыларына өзек
еткен сондай ақындардың бірі Нұржан Наушабайұлы. Нұржан – заманында ит жүгіртіп,
құс салған, жүйрік баптап, бәйгеге қосқан айтулы сері. Әрі бағы барда күреске түсіп
балуан атанған, термелетіп жыр төккен, сөйте жүріп әуейленіп әндетпей, салихалы ой
айтқан көшелі ақын.
Ақынның өмір жолы туралы айтар болсақ, Наушабаев Нұржан 1858 жылы қазіргі
Қостанай облысының Ы.Алтынсарин ауданында дүниеге келген ақын. Діни-ағартушылық
бағыттың көрнекті өкілі. Анасы Қадишадан (Шал ақынның қызы) жастайынан айрылған
ол нағашыларының қолында тәрбиеленген. Троицк қаласында З.Расулов медресесінде
білім алған. Жастайынан араб-парсы тілдеріндегі кітаптар мен татар, башқұрт
жазушыларының шығармаларын оқыды, әнші, сері, балуан танып, дидактик, үлгідегі нақл,
терме, толғау, мысал және назым, ғақлия жырларын жазды. Оның 40 шақты өлеңі мен
айтыстары «Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидің жұмбақ айтысы» (1903), «Манзұмат
Қазақия» (1903), «Алаш» (1910) атты жинақтары Қазан қаласында басылған. Нұржан
өлеңдерінің негізгі тақырыбы - өнер-білім мен адамгершілік қасиеттерді насихаттау.
«Заманның қалпына айтылған сөз», «Тақпақ», «Терме», «Леп ұрған жігітке» өлеңдерінде,
сондай-ақ А.И.Крыловқа еліктеп жазған «Түлкі мен әтештің хикаясы», «Өгіз бен есек»,
т.б. мысалдарында адамның мінез-құлқы мен жамандық-жақсылық, әділдік жайын, замана
бағытын, қоғамдық құбылыстарды сипаттады. Адам бойындағы қараулық, дүниеқорлық,
тойымсыздық көріністерін сынады. Дидактикалық жанрда жазылған «Қырық тілек» атты
13-жұмбақтан тұратын ғақлия өлеңі көркемдігімен ерекшеленеді. Қоғамдық жайларды
исламдық тұрғыдан таразылап, діни өлеңдерінде Құран Кәрімнің маңызын, қасиетін
түсіндіруге талпынған ақын мұсылманның парыз-уәжіптеріне талдау жасайды («Қырық
парыздың баяны», т.б.). Нұржан шығармашылығында татар ақыны, әнші Сапарғали
Қуанышұлымен жұмбақ айтысының орны ерекше. Хат үлгісіндегі жазбаша сөз сайысында
қарсыласы тарапынан қойылған 25 жұмбаққа Нұржан тапқырлықпен жауап беріп,
білімдарлығын көрсеткен. Айтыс көркем тілімен, заман ағысы мен қоғамдық өзгерістерді
шебер бейнелеуімен құнды. Айтыс мәтіні 359 жолдан тұрады, алғаш «Манзұмат Қазақия»
(1903) кітабында, кейін «Айтыс» жинағының 2-томында жарық көрді. Ы.Алтынсаринге
арнаған өлеңінде ағартушының еліне, замандастарына өнеге көрсеткен биік азаматтық
тұлғасы айқын көрініс тапқан. Өлеңнің 3 шумағы Ы.Алтынсарин құлпытасына қашап
жазылған. Ақынның «Көкем-ай», «Көңіл ажар», «Жан сәулем», «Асылай», «Мұқидаш»,
«Бес тілек», т.б. әндері ел арасына кең тараған.
Нұржан туралы ғалым Бейсенбай Кенжебаев «ХХ ғасыр басындағы қазақ
ақындарының шығармалары» кітабында мәліметтер беріп, «Нұржанның бір өзгешелігі –
ол өлеңдеінің көбін бұрынғы араб, парсы, ескі кітаби сөздерді көп қолданады. Бірсыпыра
өлеңдерінде Нұржан заман жайын, қазақтың бұрынғы, өз тұсындағы тұрмысын, ел
билеген адамдардың іс-әрекеттерін, оқу, өнер, білім, дәулет, бақыт, мінез-құлық
мәселелерін сөз етеді. Солар жөнінде бірталай орынды, маңызды, келісті өсиеттер, мақал-
мәтел, нақыл сөздер айтады. Оның шығармалары ойлы, мағыналы болып келеді»,- деп
баға береді.
Нұржан ақынның көзі тірісінде жарық көрген кітабы үшеу: «Манзумат қазақия»
(1903 жыл), «Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидің жұмбақ айтысы» (1908 жыл) және
«Алаш» (1910 жыл).
Ақынның тақпақ, терме толғауларының барлығын дерлік бүгінде қанатты сөздерге
айналып кеткен фразеологиялық сөз тіркестерін жиі ұшыратамыз. Өйткені Жиреншені
үлгі тұтқан ақынның өзі де ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен болған. Ол өзі өмі сүріп
отырған заманның қабағынан шошиды, «адамның жақсысы кетіп, жаманы қалған,
жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалған, бидайдың дәні кетіп, сабаны қалған» тұрақсыз
жалғаннан түңіледі, қайырсыз байларды, еріншек жандарды сынайды. Нұржанның
«Ғалымды дариясынан іштім қанып» деген сөзіне қарағанда, жан-жақты білім алғаны
аңғарылады.
Нұржан өнеріне жазушы Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» кітабында кең тоқталып,
академик жазушы оны дарынды ақын деп бағалайды.
«Нұржан жасынан пысық, әрі ақын, әрі шешен, әнші, күйші, балуан жігіт болып
өседі де, Троицк медресесінен жақсы білім алып, ер жете «орта» аталатын дәулет құрады.
Содан кейін «игі жақсы» дейтіндермен, әсіресе Ыбырай Алтынсаринмен жақындасып,
күндерінің көбін солармен бірге біраз уақыт өткізді.
Нұржан діни оқу оқып, шығыс әдебиетіне, шағатай мәдениетіне мейлінше жетік
өскен. Жасында Сарыарқаны аралап салдық құрып, серілік жасауда ақын ой-өрісін
кеңейтуге септігін тигізді. Отыз жасынан бастап өлең жазуға салмақты қарап, тиянақты
шығармашылық еңбекпен шұғылданады. Жасынан әнші, күйші, шешен ақын өлеңдерін
қағазға түсіріп отырған. Шығыстық сарында жазылған жырлары діни философиялық
ойлармен суарылып, бөлекше бір тұтас болмысты дүниеге айналады.
Нұржан ақын өлеңдері қазақпен бірге кезінде татар, башқұрт дегендей түрік
жұрағатына біраз тараған. Ескі әдебиеттің есте сақтағыш тұлғасының бірі Сәйфи
Құдаштың С.Мұқановқа Башқұртстаннан арнайы хат жазып,Нұржан ақын өлеңдерінің
жай-күйін кеңескені бар.
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің қызықты қаламгері Нұржан ақынның көзі
тірісінде «Манзумат қазақия» (1903 жыл), «Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидің жұмбақ
айтысы» (1908 жыл) және «Алаш» (1910 жыл) жыр жинақтары жарық көрген. Нұржан
Ы.Алтынсариннің ауылдасы болған.
Той-жиындарда Ыбыраймен бірге дастархандас болып, қиын түйінді шешу
қажеттілігі туғанда оған өз ақылын айтып, көсемдігі мен шешендігі талай жерден алып
шыққан. С.Көбеев өзінің «Орындалған арман» романында Нұржанның өмірінен үзінді
келтіреді: «Сауытбайдың тойына көп адам жиналған екен. Бәшең аулындағы, кедей де
болса, бас көтерген адамдардың бірі – менің әкем болғандықтан оны да ортадағы үлкен ақ
боз үйге түсірді. Біз үйге кірсек, жұртлық толып, қымыз ішіп отыр екен. Ақсақал,
қарасақалдың алуан-алуан түрі осы үйде бас қосқан екен. Төрде мес қарын, доп-домалақ
қара бұжыр біреу отыр. Бұл – Тыржық деген бай екен. Сәлде киген біреу отыр – ол молда
болып шықты. Бірақ жиын екі адамның аузына қарап отырған сияқты. Мұның бірі –
орысша киінген ақ құба, шоқша қара сақалы бар, орта бойлы адам. Бұл кісі – Ыбырай
Алтынсарин еді. Екіншісі – дембешелеу келген, толық денелі, сирек біткен сары сақлды,
басына тақия, үстіне мақпал бешпет киген адам. Бұл – Нұржан Наушабаев екен.
Ыбырайдың Нұржанды қасынан тастамай ертіп жүретін себебі, оның тек қана туыс,
бауырластығында ғана емес, оның бір өзінді бірнеше адамға татитын өнердің баса
қосылғандығында болса керек. Мәселен, Нұржан ақындығымен қоса әнші, сері, сал,
балуан, батыр, шешен болған деседі. Бір басында осыншама өнері бар Нұржанды Ыбырай
Алтынсарин ылғи қасынан тастамай алып жүрген. Тойға барса да, топқа түссе де, дауға
араласып, қиын түйін істі шешу қажеттігі туғанда Нұржанның көсемдігі, шешендігі,
ақылдылығы талай жерден алып шықса керек.
Өз заманының өнерпазы Нұржан Наушабайұлы шығармашылығын алғаш
зерттеп, ғылыми пікір айтқан, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаевтар болса,
Ә.Дербісалин, Ш.Сәтбаева, Ш.Нармұхамедов, Б.Әзібаева сынды ғалымдар оны кеңейтті.
Б.Кенжебаев Нұржанның әдеби мұрасын басқа да ағартушы ақындармен
салыстыра келіп: «Нұржанның бір өзгешелігі – өлеңдерінің көбін бұрынғы араб, парсы,
шағатай ақындарының үлгісінде жазады: Парсы ескі кітаби сөздерді, діни арабша сөздерді
көп қолданады»,- деп оны бір ерекшелігін осы тұрғыдан айқындай түседі.
Ал, енді сан қырлы саңлақ таланттың өзіндік ерекшелігі өз заманындағы әртүрлі
бағыттардағы ақындардан нендей қасиетімен дараланады, сараланады дейтін болсақ, бұл
ақынның дүниеге көзқарасы, өміртанымы арқылы айқындалады. Ең алдымен, Нұржан –
діни ағартушы ақын. Оған басты себеп ол діни мектепте оқыған, дінге деген өзіндік
танымы бар, бұл тақырыпты шығармашылығының негізгі өзегіне айналдырған ақын.
Яғни, Нұржан – діни ілімді көп оқыған ғұлама адам. Өзі кезінде мұсылманша да, орысша
да білім алса, діни бағытты берік ұстанған. Ол дін арқылы бүкіл саяси өмірге араласып,
саяси көзқарас қалыптастырып, дін арқылы ұлт теңдігіне ұмтылды. білімді уағыздады.
Ақын білім мен адамгершілік қасиет дінді сүю арқылы келеді деп ұғынып, соны бүкіл
жырына арқау еткен.
Ақынның көзі тірісінде үш кітабы жарық көрген. Оның алғашқысы араб қарпімен
жазылған «Манзумат қазақия» (1903 жыл.32 бет) жинағы.
Екінші кітабы «Нұржан мен Сапарғалидің жұмбақ айтысы» (1903 жыл араб әрпінде
16 бет).
Үшіншісі «Алаш» жинағы. (1910 жыл, араб әрпінде 63 бет)
Ақынның ұзақ жылдар тек әдеби шолуларда ғана ата аталып келуінің басты себебі
діншіл ақын деген атақ тағылып, кеңестік идеологияға жат ақын ретінде бағалануы еді.
Бүгінде тәуелсіз ел ретінде өткенімізге ойлы көз салып, құлақпен ғана ұғып қоймай,
жүректен өткізіп, көкірекпен көріп тұрған шақта көп нәрсеге басқаша қарай бастадық.
Нұржанның мұрасын халыққа танытуда 1997 жылы бұрынғы «Алаш» атымен қайта
шыққан ақынның толыққанды жинағының орны ерекше. Құрастырып, алғы сөзін жазған
Ақылбек, Шаяхмет, Жинақтың да, құрастырушы еңбегінің де құндылығы, алғаш рет ақын
мұрасының қазіргі жазу үлгісіне түсіріліп, оқырманды оның шығармаларымен толығырақ
таныстырам деген талпынысында. Әр кезеңдегі Нұржан ақын жайлы айтылған
әдебиетші-ғалымдардың, қаламдас-қоныстас адамдардың ой-пікірлерінен үзінділер
беріліп, қысқаша алғы сөз жазылған бұл жинақ Н.Наушабаевтың мол мұрасынан мағлұмат
бере алады.
Кезінде Нұржан ақынға әлеуметтік мәселелерді жырлауға бағыт, кеңес берген
Ы.Алтынсарин екен. Ұлы ұстаздың ақыл-кеңесін тыңдап, өзінің бағытын анықтап алған
Нұржан ақын, кейіннен Ы.Алтынсаринге деген ризашылығын білдіріп, өлең де арнайды:
Жұртыңнан екі жая Тіне, Қармыс,
Әр ерлер өз тұсында алған алғыс.
Бүркіттей ұя салған Римстанда,
Талпынтып балапанын ұшты бір құс.
Зәһарды балдан тәтті қылатұғын,
Халыққа қамқор ондай ер болмады тұс –
деп, ақын Ыбырай атамыздың күллі қазақ баласының оқып, білім алуына тигізген әсерін
дәлелдей түседі. Ұлы ағартушымен достық, оған тіршілік мәнін терең тануға негіз болады.
Ол енді өмір, қоғам, адам деген ұғымдарға өзгеше қарай бастайды.
Ақын өлеңдері – халық тілінің қайнарынан нәр алған, соның нәріне суарылған өлең.
Оған Нұржан ақын өлеңдерінде мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің қолданылуы дәлел.
Ол жақсылық пен жамандық, арамдық пен адалдық, заман, салт-сана, оқу өнері, надандық
сияқты түсініктерді жыр-толғауларына арқай етеді. Әрине, ақынның алған білімінің
заманасының көлемінен шыға алмай қалатын тұстары бар. Ол, әсіресе, діни тақырыптарға
бағытталған өлеңдерінде көп. Кейде ол көмек пен тіректі Құдайдан күтеді. Ақын халқына
адал қызмет еткісі келеді, бұл жолдағы кедергі күш бай, болыстар мен жемқор ұлықтарды
әшкерелеп отырады.
Ақын өз заманының көкейкесті мәселелеріне белсене араласып, насихат өлеңдер
жазып, әлеуметтік жағдайды сөз етіп, өзінше түсіндірмек болған. Сондықтан да
Нұржанның өмір сүрген ортадан түйген білік-танымын жүйелей кету оның
шығармашылық болмысын ашуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Ақынның өмір жолының
шамшырағы - өнер-білім. Ол оны өз өмірінің мәні деп түсінген. Сол себептен де өмі бойы,
ізденіс үстінде болған, ақын әр өлеңінде өнер-білімнің пайдалы екендігін үнемі айтып
отырады. Оны толғандыратын екінші бір мәселе замана жайы. Ол дүние азған заманда
әділдік, ізгілік жолы қиын болатынын анық айтады. Сонымен бірге ескідегі «еркін»,
«тыныш» заманды қайтып оралмайтын арман етіп аңсап, өзі арқа сүйейтін тіректі ізгілік
пен адамдық қасиетіне үндейтін дүниеден табады. Осыдан келіп Нұрдан шығармаларында
өткенге қайта-қайта жыр арнау, сұқтану, соны егіле жоқтау басымырақ.
Нұржан – шығармаларының әлеуметтік сипаты, көркемдік стилі жағынан алғанда
сыншыл реалист ақын. Ол таза шығармашылыққа көшкен кездегі алғашқы өлеңдерінде өз
заманына мұңдана көз тастап, отаршылдық зардабын айқын аңғарған. Сондықтана заман
тозады, қоныс тарылады, ел биелеген атқамінерлердің ниеті бұзылады деген сияқты
уайым-қайғыға беріледі. Қазақтың шұрайлы жерінен айырылып, күштіден қысым
көргенін, халықтың тіршілігі ауырлап, күн-көрісі қиындап кеткенін жырлайды.
Ақынның жаны осындай тығырыққа тірелген жағдайдан шығар жол таппай
қиналып, кімнен демеу күтерін білмей дал болады.
Күштінің әлсізді тырп еткізбей ұстап отырғанын, қоғамның құрсаулы екенін
меңзейді. Заманның теңсіздігі, жаппай етек алған әділетсіздік, әр адам өз орнын таппай
біреудің өнері мен еңбегі еш болып, біреудің асып-тасып, байлыққа мастанып жүргенін
баяндай келе, «заман-ай» деп егіледі.
Арзан мен қымбаттың,
Бағасының бір болып,
Қатар жүрген заман-ай!
Қыран құстай қыр аспай,
Қыран кіріп қатарға,
Қуды ілген заман-ай!
Тұлпар кірмей дүбірге
Мәстек шауып бәйге алып,
Озып жүрген заман-ай!
Жүн жібекке теңеліп
Асыл барқыт, берендер
Тозып жүрген заман-ай!
Қарап тұрсаңыз Нұжанның сол кездегі айтқан сөздері дәл бүгінгі күнге тура келіп
отыр. Дәл қазіргі қазақ қоғамындағы дарынды мен білімділердің есікке ысырылып,
ақшасы мен «жоғарыда» танысы барлардың төрге озған заманы суреттелген. Сондықтан
Нұржан шығармалары әлеуметтік мәселелерді қамтып жырлау жағынан қазақ әдебиеті
тарихында маңызды орын алады.
Нұржанның тақырыбы жағынан сан-алуан өлеңдерінің негізгі айтар ойының бірі –
адам дінді айтқанда оның адамдық қадір-қасиетіне байланысты. Нұржан адамдық, әділдік
жайындағы өлеңдері өзі өмір сүрген кезі мен әлеуметтік қоғам ортасындағы шындық
нанымды бейнелеген. Қоғамдағы шындықты жаза отырып, уақыт ағымына үлес қосады.
Оның шығармаларын оқи отырып, ақынның болмысын танимыз, оны өзі өмір сүрген
қоғамдағы алар орнын көреміз. Себебі, «Ақынның өз тұлға бейнесін тебіренткен ой-
сезімдерінен айтылып, баяндалып отырған өмірдегі алуан түрлі жағдайға, қоғамдық
мәселелерге, адамның әртүрлі іс-әрекетіне қатынасынан, берген бағасынан айқындала
түсіп, жан-жақты толық көрініс табады» деген тұжырым біздің ойымызды бекіте түседі.
Қалай дегенде де Нұржан шығармашылығының басты жемісі – діни тақырып.
Ақын өлеңдерінің айтар ойы осыған келіп саяды. Көтерілген көп өзекті мәселелерден дін,
Ислам тақырыбы бәрінен озық тұрады. Нұржан дінге, жалпы дүниеге өмір мен өлімнің
арақатынасына диалектикалық тұрғыдан қараған ақын. Ислами білімі жетік болғанмен, ол
дінге соқыр сеніммен, ессіз фанатизммен берілген. Дінге қатысты өлеңдерінде Құран-
кәрімнің мағынасын, қадір-қасиетін толық түсіндірген ақын мұсылман парыз, уәжіптеріне
де талдау жасайды.Ол мұсылманның қырық парызын жеке-жеке етіп көлемді «Қырық
парыздың баяны» деген өлең жазады. Профессор Қ.Жұмалиев Нұржан шығармалары мен
Ислам мәселелерін сөз ете келіп: «Нұржан Наушабаев бұл мәселені Әубәкірден гөрі
тереңдетіптіп, қырық парыздың әрқайсысына жеке тоқтап оның мәнінің тұтыну жолдарын
өлеңмен үгіттеді» деген пікір айтады. Ақын қырық парыздың мәнін талдай келіп:
«Әуелі иман, ораза, намаз, зекет,
Сен бұған, бір Аллахтан сол берекет.
Әуелі, имам жаратқан тәңірі бір,
Болды кітап Пайғамбарым иман қыл деп.
Он екі парыз осы білсең пәнда.
Ықыласың, көңілің болсын мұнда.
Үшеуі ғұсылда, төртеуі тахаратта,
Және де төрт парызың таямумда»,-
деп бастаған діни тақырыпты одан әрі өрбітеді, қай жерде қалай орындалады, ғұсыл деген
не, тахарат деген не екенін түсіндіреді.
Ақынның шығармаларындағы Ислам – ерекше өзгеше дүние. Ол діннің барлық ізгі
мұратын талдап, өзінің зерде сүзгісінен өткізіп, адамзаттық құндылықтарды уағыздайды.
Нұржан шығармаларындағы діни көзқарас жайында профессор Б.Кенжебаев:
«Нұржан өлеңдерінің біразы Ислам дінінің мән-жайы, парыз-қарызы, заң-шариаты
туралы. О дүние, бұ дүние діндар адамдарының мінез-құлығы және жақсылық пен
жамандық жайында. Ақын бір сөзінде: «нұсқалап дүние, ақырет бәрін айттым»,- дейді,
Әрі діни фанатизм түрінде ғана айтпай, оны діни ізгілік, жалпы адамгершілік,
ағартушылық тұрғыдан түсіндіреді», -деген өте орынды пікір айтып, тұғырлы тұжырым
жасайды.
Ол діннің ғылыми мәні мен мәңгілік мұраттарды ұғындыратын дәнін аршып, екшеп
пайдаланады. Тақуалық пен діншілдікті құр дәріптемей, қайта дін мұраттарын ескілікке,
діни дүмшелікке, тіпті қоғамдық әділетсіздікке қарсы руханият құндылығы ретінде
пайдаланады.
Нұржанның діншілдігінің тағы бір себебі – қазақты шоқындыруға, христиан дінін
таратуға бағытталған саясатқа қарсылығында жатқан секілді. Санасы сергек, ойы озық
жан қашанда төніп келе жатқан қатерді елден ерекше сезіп, алдын алары белгілі.
Сонда да хақ жолынан адаспадық,
Бәит пен алуан түрлі жол ашпадық.
Пайғамбар хақ, жаратқан Аллах бір деп,
Бөтен дін ұстанғанға жанаспадық.
Ақын жер бетінде Исламнан басқа діннің түрі көп екенін, бірақ өзге дінге бой
ұрмайтынын, берік ұстанған бағытынан таймайтынын анық айтады.
Тұтастай алғанда Н.Наушабаев мұрасы өз заманынан озық ойларымен, бүгінгі күнмен
өзектес ой-армандарды жырлай білгендігімен бағалы.
Ақынның жетістігі сол заманның өзінде-ақ мәңгі өлмес құнды тақырыптардыдәл тауып,
жырлағандығында. Сондықтан, оның шығармалары халық жүрегіне сыналып кіріп,
салмақты орын алған.
Достарыңызбен бөлісу: |