Тапсырмалар мен сұрақтар
1. Балуан Шолақ Баймурзаұлының өмірінде әншілік пен спорттық өнердің қатар орын
алуының себептері.
2. Балуан Шолақ Баймурзаұлының әншілік, ақындық өнеріндегі ел өмірінің
жырлануы.
3. Балуан Шолақ Баймурзаұлының әндеріндегі ұлттық және европалық нақыштар.
4. Балуан Шолақ Баймурзаұлының қазіргі әдебиет пен мәдениеттегі орны.
Ақансері Қорамсаұлы.
Лекцияда қаралатын мәселелер:
1. А. Қорамсаұлының өмірі және өскен ортасы.
2. А. Қорамсаұлының шығармаларындағы замана сипаты.
3. А. Қорамсаұлының шығармаларындағы ождан тақырыбы.
4. Ақындық құдірет және әншілік мәнер.
5. Ақын өлеңдері мен әндеріндегі поэтикалық тіл.
6. А. Қорамсаұлы – халық творчествосын дәстүрлі дамытушы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жұбанов А. Халық композиторларының творчествосы. Алматы, 1942.
2. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. Алматы, 1963.
3. Ақансері Қорамсаұлы. Шығармалары. Алматы, 1963.
4. Е. Ысмайылов. Ақан сері (мақала) «Әдебиет және искусства». 1941. №2.
5. Қазақ әдебиетінің тарихы. 2 том-1 кітап. Алматы, 1962.
6. Жұмалиев Қ. 18-19 ғасырдағы қазақ әдебиеті. Алматы, 1967.
7. Рамазанов Қ. Ақан серінің тұңғыш портреті. //Қазақ әдебиеті, 1999. 19-ақпан.
8. Қайырбеков Ғ. Ақан десе, жыр ағылар жүректен. //Егеменді Қазақстан, 1994. 20
қараша.
9. Ахатаев С. Санамен сараланған сері атағы. //Халық кеңесі. 1994, 25 қараша.
10. Әбдірахманов Т. ХХ ғ.б. қазақ әдебиеті. Октябрь алдындағы кезең. А., 1983
11. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиет. Алматы, Қазақ университеті,
2002 ж.
Ақан – кең байтақ жерін, қасиетті ел – жұртын шын жүрегімен сүйіп, жастық
шақтың жалынына күйіп, тынымсыз өмір кешкен , өршіл де ілгерішіл поэзияның шебері.
Қоғам, адам өміріне өзіндік көзқарасы бар, таным – талғамы биік, көңілді, пафосты
лирикалар қалдырған айтулы ақын.
Ақынның туған жері – қазақтың кең жазиралы, ата мекені, ту тігіп, орда салған орталық
орны, жасыл желек жамылған қалың нулы , көл – көсір өзен – сулы табиғаты бар, тамаша
өлке, көк – жасыл қалың қарағай мен ақ балтыр аққайың бой таластыра өскен Көкшенің
кербез сұлуы атанған қасиетті жер.
Ақан – осы бір әсем табиғат құшағында еркелей өскен ел серісі. Болашақ ақын Көкшетау
өңірінде , Қоскөлді жайлаған қарапайым қазақтың отбасында туып – өскен. Ол 1843
жылы, күздің жомарт айы – қыркүйекте дүниеге келді.
Шілдеханаға жиналғандар оған Ақжігіт деп ат қойғанды. Сол Ақжігіт ата нәсілінен
рухтанып, кейін өзін қоршаған Сырымбеттің сырлы сұлу табиғатынан нәр алды, өнерлі
өлкенің өрен жүйріктерімен тағдырлас, замандас болып, өнер жолында тәлім – тәрбие
алды. Әкесінің күн санап өсіп келе жатқан кішкене ақанды молда жалдап, өз аулында
оқытуға талап қылуы тегін емес – ті. Талапты жасқа оқу, өнер қуу – өмір заңы. Жасынан
алғырлығы, ұқыптылығымен көзге түскен Ақан ауыл молдасынан алған біліміне
қанағаттанып қалмайды. Ол енді Қызылжарға аттанып, Уәли ахун қазіреттің медіресесіне
түседі. Аталмыш медіресе мұсылман салтындағы оқу орны болатын. Онда дін сабақтары
барынша мол жүруге тиісті. Сүйтсе де, медіресе маңы, қала қауымы – қазақ даласынан
өзге өмір. Сахараның тіршілігі, салт–санасы өзінше бөлек.
Әкесі молда етпек болса да, табиғат бөлек жаратқан асау жан діни ұғым –
түсініктердің тар шеңберіне сыя алмай, өзгеше жол іздеді. Ол өмірдің баянсыздығын ерте
ұқты. Сондықтан дүние, мал жинаудан бас тартып, опасыз дүниені серіліктің қызығымен
басып – көктеп, билеуге шықты. Сұлуды сүю, маңына өнерлі жастарды жинап, дүниеден
думандатып өту, жүйрікті таңдап мініп, саятшылықты кәсіп ету – оның жалғыздыққа
қарсы күрес амалы еді. Бірақ опасыз өмір сері жолына қақпан құрды да отырды. Бәтима
мен Ұрқияның өлімі, Ақтоқтымен ажырасу, кейін кездесіп көз жазып қалған Жамал мен
Балқадиша тағдырлары, Құлагердің мерт болуы, қара торғай мен Базаралыдан айрылу,
Құлагерге мініп бәйгеге шауып жүрген кенже інісі Айбергеннің қазасы – бәрі де Ақан
қашып құтыла алмаған, оны қамаған жалғыздық атты темір тор еді. Бұл аз болғандай,
ұлғайған шағында ата қонысын патша өкіметі тартып алып, орыс шаруаларын
орналастырды. Осы тәрізді қат –қабат сәтсіздік сырт көзге болса да Ақан сағын
сындырғандай еді. Сонда да ол заман ырқымен жүре алмады, ешкімге, ештемеге мойын
ұсынбай, тіршіліктің ұсақ – түйегіне алданбай, бойын тік ұстап өтті. Мағжанға да, Сәкенге
де, Ілиясқа да жұмбақ көрінген , оларды қызықтырған Ақан өмірінің сыры осында
болатын. Ілиястың:
Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған, –
деген өлең жолдары да осыған меңзейді.
Ақанның ән – өлеңдері оның серілік өміріне лайық лирикалы, сезімтал, шыншыл
болып келеді. Ол жастық, бозбалалық сезімді қызықтады, адал махаббатты, достықты
ардақтады. Оның геройлары да сол махаббатты шын құрметтеген қазақтың сұлулары мен
арулары. Ақанның сұлу әніне лайық шебер ақын болғандығын, біз сол сұлулардың әдеби
тұлғасын көркем бейнелей алуынан көреміз. Ол сұлуға, әсемдікке лайық бейнелі сөз,
балама, сурет таба біледі, тыңдармандары мен оқырмандарының сезімін қозғайтын нәзік
те сырлы теңеулер, эпитет, метафора қолданады:
Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,
Алдымнан сен бір қашқан марал – дағы .
Формыңа төңкеріліп жайдым қанат
Шарықтап ақ иықша Оралдағы.
Ертістің құба талы секілденіп,
Алдымнан майысып шық бұрал – дағы .
Осы өлеңнің бағасын көтеріп тұрған биік образдар – ақ түлкі, ақ марал, Ертістің құба талы
– оңайлықпен қолға түспейтін, күнде кездесе бермейтін құбылысты бейнелейді. Оған қол
созып, қанат жайып төңкерілген Оралдың ақ иығы да алғыр. Бұл Ақанның арзанды
қызықтаған көрсеқызар емес, сұлуды таңдап, талғап сүйер қыран мінезін де байқатады:
Етегін ақ көйлектің алтындаған,
Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған,
Сексен қыз серуенге шықса – дағы ,
Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.
Мұнда да ақан сұлуын сексен қыздың ішінен таңдайды. Сұлудың мүсіндік портретін
жасаудағы ақын шеберлігін көру үшін біз оның Жамалға арналған өлеңдерінің бірінен
үзінді оқиық:
Тал бойың Құлагердің сағағындай ,
Тамағың піскен алма сабағындай,
Қаз мойын, мөлдіреген қарақат көз,
Иегің ителгінің тамағындай.
Ішінде өз жұртыңның еркелейсің,
Айдынның ақ қайраңы, шабағындай.
Тағы бір өлеңінде ол:
Күмістен он саусағы тариқан сымдай,
Серке сан, бөтегелі, белі қылдай.
Бұралып, он майысын, бүктетіліп,
Қыссаң да қай жерінен тұрар сынбай, –
дейді.
Ақан суреттеген бұл бейнелер, негізінен, шығыстың классикалық әдебиеті дәстүрі
арнасында туғаны бірден көзге шалынады. Молдалықтан, мешіттен безгенмен, жасынан
араб, парсы үлгілерін көп оқыған ақынның шығыс әдебиеті жолын ұстап қалғаны даусыз.
Бұл – жай ұқсастық емес, үлкен өнердің сыпаты. Кешегі « Ләйлі – Мәжнүнді», «Жүсіп –
Злиханы», « Фархат – Шырынды», « Зияда – Қорлығайынды» жырлаған ұлы шығыс
әдебиеті ғашықтық сезімді әсемдіктің романтикалық биігіне көтерген, сұлулықтың
тамаша суреттері жасаған. Ғашықтық сезімді шынайы бейнелеген Низами, Науаи, Жами,
Сағдилардың лирикалық ғазалдары әлі өз бағасын жойған жоқ. Ақан махаббат
жырларында осыларға тым жақын келеді. Ол өлеңдерінде жоғарыда аталған қиссалар
геройларымен қоса Бадиғұл – Жамалды, Сейфілмәлікті, Бәһрам мен Күләндәмді жиі
айтады. Иран бақтағы қор қыздарын, ғашықтық жеңген Қап – тауының қиын асуларын
мысал етеді, Құлагерді жырлағанда Әзірет – әлінің дүлдүлін еске алады. Ажары ақ
жамбыдай жарқылдап, ақ көйлектің етегін алтындатқан, маржандатқан, он саусағы
күмістей сымға тартқан, бұралып тұрған қыпша бел сұлулар шығыс үлгілерін қазақтың
дәстүрлі жырына жақындату түрінде кірген бейнелер. Сұлулық қашаннан – ақ ұлы
суреткерлердің шығармашылық обьектісі болған. Оны гректер мен римдіктер скульптура
тілінде бейнелесе, бертін сурет өнері мен әдебиет жырлады. Ақан осы дәстүрді
жалғастырған біздің ұлттық ұлы ақынымыз, әншіміз. Бүгінгі реалистік әдебиетке өгейлеу
көрінгенмен, күмістеткен, алтындатқан , жылтырақ образдар қазақтың ауыз әдебиетіне
де, шығыс дәстүріне де жат емес. Ол – дәстүрлі шығыс салтанатының бейнесі.
Ақанның әсем, сазды әндері «Сырымбет», « Үш тоты», « Мақпал», «Балқадиша»,
қай – қайсы болса да сұлулықты сүйген, соған табынған жанның өмірдің әсем
құбылыстарынан түйіндеген ойларының көріністері. Оларда әйелге деген ожар мінездің,
қара күштің ешбір белгісі жоқ, қайта сыйластық, адамгершілік, азаматтық мінездер
суреттеледі. Әйелді төмен етекті санаған заманда оларды осынша ардақ тұтып, төбесіне
көтерген Ақан гуманизмінің сырын да осы әндер айқындайды.
Ақанға өмірдегі әсем нәрсенің бәрі жат емес. Оның эстетикалық сезімі табиғаттың
өзінен нәр алады. Оның аңшылық, мергеншілік туралы өлеңдері де табиғатты шын
қызықтаған адамның көңіл күйін толықтыра түседі.
Сұлулық сүйген Ақан жанын сол сұлулыққа қарсы оғаш мінездер жаралайды. Олар
бірде Бөрібайдың балтасы болып келіп Құлагерді мерт етсе, екінші жолы лашынға лайық
ақсұңқар баласын бөктергіге жемге тастайды. Осы бір тұстағы Ақан өлең-әндері сезім
дүниесіндегі күйінішті, психологиялық тебіреністі өткір аша білуімен бағалы. Ол өз
қайғысын халықтық трагедияға айналдырды.Осындай бір өткір сезімнің жарқын көрінісі
– « Құлагер» әні. Бұл – жанындай жақсы көретін, ер қанаты – тұлпарын жоқтау ғана
емес, жауыздыққа, зорлыққа қарсы ызаға, кекке, қоғамдық әділетсіздікке деген наразылық
үніне толы ән. Лирико – психологиялық үлгіде туған бұл әнде ақан үлкен ақын есебінде де
көрініп, сүйікті Құлагерінің мүсіндік портретін жасайды. Құлагер – ақан трагедиясының
соңғы аккорды, серінің азалы үні, қасірет– қайғысы, жастығына, серілігіне, сезіміне қарсы
қол көтерген зорлықшыл жуан күшке деген лағнет қарғысы. «Құлагерді» өзі де қиналып
айтып, көбіне «Құлагерді» еске алып қайтеміз» деп басқа әнге ауысып кетеді екен.
Патша өкіметінің жер саясатына, отаршылдықтың зардаптарына Ақан наразылық
білдірген. Әуелде ол жергілікті әкімдердің қысымын патша білсе, түсінер еді, « қойдан
қоңыр не қылған халық еді» деп мейірбандық көрсетер еді деп, патшаға шағынудың
жолын іздейді. Бірақ бұл ойының қателігін кейін түсініп, « пәленің басы патшаның өзінде
екен» дейді. Осы тұстағы Ақан өміріндегі елеулі оқиға – патшаның мұрагері Омбыға
келгенде, соны қарсы алуға барған ел шонжарларымен бірге Ақанның да баруы. Сірә,
серіге ән салдырып, оның өнерін көрсетіп, патша баласының көңілін аулау үшін жасалған
іс болу керек, Ақанды Шыңғыс төренің өзі ертіп барған. Ақан өзінің кейінгі бір өлеңінде
«Николай император құзіретіне сөйледім бұл қазақтың жайы ––күйін» дейді. Ақан сөзі
қалай аударылды, адресіне қалай жетті, ол арасы бзге белгісіз. Белгілі нәрсе – ақын
шағымынан ешқандай нәтиже шықпағаны. Патша ұлы Ақанға медаль сыйлаған, оны сері
өзінің ғашық қыздарының біріне тарту еткен. Өлеңдерінде ақан патша өкіметінің қазақты
басқа халықтармен тең ұстамай, мейірімсіздік көрсетіп отырғанын, оның шағымына
ешкімнің назар аудармағанын айтады. Жерінен айрылған қазақтың көз жасын патша
баласының көрмегенін суреттейді:
Тасыған қазақ көзі бұлақтай боп,
Соятын крестьянға лақтай боп.
Патшаның сүйікті ұлы келгеннен соң,
Шетке шығып қалдық қой брактай боп.
Өлеңде патша бізге қамқор бола алмаса, басымызға бостандық берсін, бет – бетімізбен
өлмес күнімізді көрейік деген шарт та қойылады. Осыдан бастап заман шындығын
суреттеу сыншылдыққа ауысады. Ол қазақ қоғамының мешеу күйін, «ет пен шайға мәз
боп жүрген» болыс – билерін, халықтың сахарада еріншек күй кешіп отырғанын, малша
күйсеп, ұйқымен өмірі өтіп жатқан байларын сынай жазады.
Заман ағымы мен қоғамдық өзгерістердің сыры жайлы ойлана келе, Ақан бір кез
заман адамының сыпатын беруге ауысады. Оның « Заман адамы» атты ұзақ толғауы өз
замандасын мінездеуге арналады. Ақан замандасы – өз дәуірінің ұнамсыз мінездерін
бойына жинаған ел басшылары, қоғамның белсенді мүшелері. Солардың әрекет –
тіршілігін, мінез – құлықтағы өзгерістерін ақын дәл тауып бейнелейді:
Жұпар мен гүл майының иісін білмес,
Зұлматтың тұмауымен біткен мұрны.
Іші зұлмат болған соң керегі жоқ
Қаншама болса – дағы жүзді нұрлы, –
деп суреттейді ақын алдамшы ел басшыларын. Ол жаңа заманның саудаға құныққан,
халықпен қарым – қатынасын есепке құрған «қайыры жоқ, көк қарын жаңа байларын»
шенейді.
Өмірдегі жақсы мен жаман құбылыстарды қарама – қарсы қойып, шендестіру
арқылы Ақан әділет сөзін айтады, пендешілік ұсақ қылықтардан биік тұратын мораль
барын еске салады, өмір танудың жоғары үлгісін көрсетеді, оқырманын да соған, жақсы –
жаманды айырып тануға үйретеді:
Алтынды қорлағанмен жез болмайды
Жібекті жуғанменен бөз болмайды.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Жаманның көкейінде көз болмайды.
Ақан тілегі – адамның көкейіне көз бітіру. Ол дүниені сол көзбен тануға, жақсы–
жаманның, асыл мен жасықтың парқын айтуға міндетті.
Ақан суреттеген жақсы мен жаманның өлшемі – адамның еліне, халқына пайдалы
болуында. Автор жақсыны жарқырата мадақтап, жаманды өлтіре шенейді.
Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,
Ер жаңылып, етегін басқан жерде.
Жаманға жазатайым ісің түссе,
Жабысып қалады екен аспан, жерге.
Жамандар көре алмаған қылады өсек
Лайық заманына асқан ерге.
Билер көп жұрт алдында тысырайған
Жол табар көсем қайда қысқан жерде.
Өмір, тіршілік сырын терең білген Ақан жаман адамдарды « қу ілмейтін құландынға», «
жөнге жүрмейтін шошқаға», « қайрасаң да өтпейтін жасық темірге» теңесе, жақсы
адамдарды» дүбір шықса шыдамайтын шын тұлпарға», « жерде жатса да шірімес шын
алтынға» балайды. Жастарға достықты берік ұста, қиянатшыл болма, кішіпейіл бол,
адамгершілігің болсын, дұшпанға берілме, өз басың үшін досыңды, жолдасыңды сатып
кетпе, жауыңнан қорықпайтын ер бол, мансап, мал қуып, ердің, елдің қамына опасыздық
жасама, іші – сыртың бірдей болсын, ғылым, өнер үйрен деген Ақанның арнау сөздері –
үлкен ұлағатты, ғибрат үлгілері.
Мұның барлығы – Ақан мұрасының мазмұны жан – жақты екендігін, әндерімен
бірге оның ойлы өлеңдерінің өз заманына ғана емес, бүгінгі ұрпаққа, геменді елдің
отаншыл жастарына үлгі болар жағы молдығын көрсетеді. Ақанның сықақ өлеңдері дәуір
мен адам бойындағы ұнамсыздықты аямай шенейді. Оның айтыстары тапқыр, ұтымды сөз
үлгілерін қамтиды.Ең басты өкініш – Ақан мұрасының осы күнге шейін толық жиналып
басылмай келгені. Кезінде Ақан жырларын Мағжан, Сәкен жинады. Кейін олардың
Ақанды мақтауының өзі жамандыққа шықты. Әбілдә Тәжібаев алғы сөз жазып, Қазақстан
Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты бастырған соңғы ( 1963) жинақтың
өзіне ақынның заман туралы, патша өкіметінің отарлау саясаты жайлы айтқан өлеңдері
кірмей қалды. Өлеңдеріне, ән сөздеріне жүргізілген редакциялар да баршылық. Серінің әр
мәтінмен айтылып жүрген әндері осындай күйге ұшыраған.
Ақанның шығармалары – жастыққа, қаракетке толы өміршең, асқақ туындылар.
Оның лирикалары– өмірге, болашаққа құштар жастың жан сезіміне, үлкен жүрек сеніміне
суарылған асыл жырлар. «Торыны таңға байлап мінген қандай», «Біздің көңіл қайда
жатыр», «Ақ түлкі өзендіөрлеп талда жатыр», « Ішінде орта жүздің жүрмін шарлап»,
«Майда қоңыр», « Ақ көйлек», «Көк жендет», «Сырымбет» т.б. өлең – әндерінің пафосы
қандай жігерлі?! Мұқалу, қажу дегеннің ізі де жоқ. Керісінше өмірге, құштар, өжеттік пен
жігерліліктің символы дерлік асқақ. Шалқар көңілдің жадыраңқы бейнесін танытарлықтай
аспан әлемінде шарықтайды. Халық бойындағы қайраттың көрінісін де сездіргендей
өктем де өршіл. Ақын жүрегінің тынымсыз дүрсілі, тасқан көңілінен жар құлатар
дауылдай даусы естіліп – ақ тұрғандай. Ол аспанды шарпып, жартасты жалмап, бір
орнығатын тулаған толқын бейнелі. Шиыршық атқан өршіл де өктем жыр. Барлық кездің
оқушысын елжірете, елегізітер құдіретті поэзия.
Ақ түлкі өзенді өрлеп талда жатыр,
Оралдың ақ иығы Айда жатыр.
Сөзімнің әр ширегі мың ділдәлық,
Әр қарпі алуа – шекер балдай татыр.
Баласын ақ тұйғынның бөктергі алып,
Қапаста ақ тұйғыным торда жатыр.
Шығыршық жібек баулы қолда жатыр.
Ақиқат менің көңілім қайда жатыр,
Толқыған он екісінде айда жатыр.
Кірпіш шай китайский не қылайын,
Ақ құйрық памильный шайда жатыр.
Алдымда атан тұрса қарамаймын,
Арғымақ мың теңгелік тайда жатыр.
Ащылы жеке ояң жайлауындай,
Ел қонып бауырын төсер сайда жатыр
Келтірілген осы шумақтардың өзінен –ақ ақын поэзиясына тән пафос танылғандай емес
пе? Ақын бойын кернеген армандар аясы, сенім, сезім серпіндері көзге соғып, көңілге
қонарлықтай.
Ақанның ақындық құдіреті оның шығармаларының мәнділігінде ғана жатқан жоқ.
Соған қоса, ақын поэзиясының көркемдік өрнектері де айқын. Асылы, ол поэзияның
мазмұны мен түрін берік біріктіре білген. Айтар ойына сай образды сөздерді сұрыптап,
таңдап орынды қолданған. Өзіне дейінгі қазақтың байырғы қара өлеңі формасын
бұлжытпай пайдаланған. Оны ақын жасырмайды: «Салғанда қара өлеңге тілім майда» –
деп, өзіне қолайлы түр тапқан ақын өз жүрек сезімін толғап, кестелі нақылдар ұсынған.
Бір мысал:
Жиырма бестен артық жас бар ма?
Ұйқыдан жаман қас бар ма?
Еріншектен жаман нас бар ма?
Ойлаңдаршы, ағалар,
Шын жарыңнан артық дос бар ма?..
Су шықпас қазғанменен тау басынан,
Қазақтың дау кетпейді сау басынан.
Жолдасы сыр айтысқан жау боп шықса,
Ер жігіт жаңылады тәубасынан...
Көк құтан мойнын созып қаз болмайды,
Шөл – құмайт көк шалғынды саз болмайды.
Халық ақындары қолданған арнау, толғау, айтыс, жар – жар жанрларын дамыта
отырып, олардың да мазмұнын байытып, мәнін зорайтқан, тілін ұстартқан. Бұрын – соңды
жасаған қазақтың неше бір ақындары үлгісінде адамның жас ерекшеліктерін де өлеңге
қосқан. «Жастық шақтар», « Кәрілік», «Жиырма бес» өлеңдерін шығарып, адамның
балалық дәуірінен бастап, жігіттік кезі, одан кейін қартайған шағы толғанады. Басқаны
қайталамай, өзіндік сөз айшықтары арқылы адамның өсу жолын бейнелейді.
Ақан кейде халық өлеңдерін өзінің жаңа әндеріне текст есебінде де қолданады.
Осыдан барып, ақынның әндері халықтық болып, елге сіңісіп кеткен. Бұған «Алай көк»
әніндегі шумақтар куә боларлық. Оның бір шумағын келтіре кетелік:
Ұшып жүрген әуеде қара шыбын,
Қолдан шыққан нәрсенің бәрі шығын.
Көрмегелі көп айдың жүзі болды,
Аман – есен жүрмісің, қарашығым.
Келтірілген шумақтың негізі ақанға дейін де, одан кейін де халық репертуарында
өмір сүріп келеді.
Ақан қандай өлең түрін қолданса да, оның өлеңі шығарған әніне жан беріп,
тыңдаушысының құлақ құрышын қандырады. «Көк жендет», «Қара торғай» т.б. әндерінің
өзі – ақ бұған дәлел. Тек бұлар ғана емес, Ақанның серілік әуеніндегі көп өлеңдері
осындай. Аңшылықты, мылтықты, мергендікті, жүйрік керлерді, құмай тазы, қыран
құстарды қазақтың қара өлеңімен – ақ әндетіп, тамаша суреткерлік танытады.
Ақан өлеңдернің поэтикалық тілінде де ауыз толтырып айтарлық ерекшеліктер
мол. Көп жерде ақын халық поэзиясының ең шұрайлы деген үйреншікті тіл кестесін
орынды қолданып, шеберліктің бір қырын танытқан. Оған қоса араб, парсы, орыс
тілдеріндегі поэтиканы мол енгізіп, шығармасын тіл жағынан құлпыртып, жаңа бейнелеу
құралдарын көп қосқан.
Байырғы қазақ поэзиясындағы теңеу, эпитеттер – ақын поэтикасының қайнар
бұлағы. Халық творчествосында қалыптасқан дәстүрлі айқындауыштардың небір
шұрайлыларын ақын өзі суреттеп отырған аурулардың сырт тұлға бітімін, бет – әлпет ,
кескін – келбетін, жүріс–тұрыс, іс - әрекет, ой – парасат, сезім – сенім дүниелерін
бейнелеуге кеңінен қолданады. Сұлуды «Ай қабақ, алтын кірпік, жазық маңдай, қыр
мұрын, ақша бет», – деп Абайдан, т.б. ақындардан таныс эпитеттермен айшықтайды.
Немесе: «Иран бағындай, гауһардай, бұлбұлдай, жұлдыздай, меруерттей, қор қызындай,
айдай, күндей, алтындай, түлкідей», – деген сияқты теңеулерді орынды пайдаланып,
өлеңдерін жарқыратып шығарады. Ақан серінің қолданған бұрыннан таныс образдарының
өзі мүлде жаңарып, өзіндік әсерін одан да бетер күшейте түседі.
Керілген қас, кірпігің атқан оқтай,
Ішіме қайғы салдың жанған шоқтай
Шер болып еш жібімес менің кеудем,
Қасіреттен жұмарланып жатыр доптай...
Ақ екен раушан жүзің атқан таңнан,
Ай сәулем, бетің жарық жаққан шамнан...
Ай мен күн сырнай тартып, жұлдыз билеп,
Той қылса көкте Мәлік қуанғаннан.
Келтірілген үзінділердегі теңеулер де, эпитеттерде ертеден мәлім поэтикалық тіл
үлгісіне жатады. Бірақ Ақанның суреттеуінде олар өзгеше ажарға ие болады. Ай мен күнді
музыкант етіп сырнай таттырып, жұлдызды биші етіп тойда билетіп қойған суретті еш
ақын жасаған емес еді. Бұны Ақанның таланты ғана қазақ поэзиясына деген
арнауларындағы образдар – бірінен бірі өткен, асыл дүниелер. Адам ғана емес, сұлуға
келісті көйлек, киім – кешек, сәнді әшекейлер тізбегі оқушының көңілін қоңыраулатып
жібергендей әсерлі. Сұлу киер ақ көйлектің тек қана бір етегінің өзінде бірнеше ажар бар:
«Етегін ақ көйлектің алтындаған, Етегін ақ көйлектің бүрмелеген, Жағасын машинамен
түймелеген, Сақтаулы алтын қазына жауһарымен» деп, ақын көр жиһаздың ішінде
отырып, өз ғашығына лайықты әсем бұйымдар таңдап, безендіріп отырғандай болады.
Сұлудың ойын жете суреттемей – ақ көйлегінің етегін әсірелеу арқылы – ақ көз алдыңа
сұлудың айдай жүзін елестетеді. Дәстүрлі суреттеу, әсірелеу құралдарын орынды қолдана
отырып, ақан көп жерде жаңа образдарды да ретімен қолданып, мол енгізген жаңашыл
ақын. Сол кездегі поэзияда әлі көрініп жетпеген өрнекті сөздерді жиі қолданып, олардың
берік орын тебуіне үлес қосады. Араб, парсы, қазақ, орыс тілдерінен айқындауыш
сөздерді мейлінше көп пайдаланатын жаңа ұғым, тың сурет жасайды.
Қалқаға анда – санда жазған назым,
Ғалымның дәптеріндей томда жатыр...
Сымбаттың жас жүректі жандырғандай,
Бриллиант гауһар жүзің сонда жатыр...
Немесе:
Садептің шашыраған жауһарысың,
Көңілімнің тереңінен салған ұя,
Государия секілді, ерке қалқам,
Ксениядай болсаңшы княгиня.
Немесе:
Болғанда тілің майда – конфет, балдай
Жоғарыда келтірілген образды сөздер төркіні сол сөздердің жаңалық сырында.
Ғашығына жазған хаттарында айтқан наздар «ғалымның дәптеріндей томда жатыр» деуі –
әрі жаңа образ, әрі мәні терең теңеу. Сондай – ақ Государия секілді, Ксенядай княгиня,
деген теңеулері де таңқарлықтай. Сұлу қыз еркелігін бейнелейтін қазақтың байырғы
теңеулері аздық еткендей , князьдің сылаң қаққан сұлу әйелінің ерекше ерке мінезін
көлденең тартқан. Асылы, келген бір князьдің жас әйелінің өрескел еркелігін ақын жасы
ұлғая көзімен көріп, оның қылығына таңдану ғажап емес. Мұсылман қауымы әдетінде жоқ
бұл әйелдің өктем қылығы ақында таңдандырып қана қоймай, оған ұнап қалған болса
керек. Әттең, қазақ қыздарының сондай қысылмай еркін еркелегенін көрсемау деп
армандаған да шығар, бәлкім:
Ұядан жаңа шыққан ақ сұңқарым,
Қараған екі көзің жаудырасын.
Ай жарық терезеңнің дәл түбінде,
Төсекте қара шашың салбырасын.
Қалқамен құшақтасып жатқан күні,
Бетіңнің нұры шығып балбырасын, –
деген нәзік жолдарда суреттелген қас сұлуларды неге ерекше күтпеске? Неғып, оны
басына шығара еркелетпеске?!
Біз ақын серінің асқан лирик, оның өлеңдерінің тамыры өз халқының ғасырлар
бойы жасаған жан тебірентер жүрекке жылы ән – өлең, жыр – толғауларында жатқанын
ескерттік. Өз халқымен қарым – қатысы мол халықтар өнерінің шырын – шәрбатын
тартып, тамсанып қана қоймай, оның нәрлі дәмін өз лирикасы бойына етене сіңіріп
жіберген ақын биік те алғыр романтикаға ұласқан, ғашықтыққа құштар орасан, жүрек
тебірентер, жан жадыратар, өміршең лирика жазды. Әдемілікті қастерлей білді, оған өзі де
шын мәнінде ғашық сезінді. Сұлулықты аспанға көтере, ғашығын әулиеге балап, ардақтап,
оның жолына бас ұрды. Құмарлық оты тұтанып, жүрегін лаулата жандырған жастардың
психологиялық жағдайларын өз басының қасиетіне айналдыра, тебірене толғанды. Адал
махаббат рақатын аялап, пәк көңіл тазалығын шаттық жырға бөлеп, әуенді асқақ әнімен
аспан әлеміне шарқ ұрып, романтикалық шалқар поэзиясы арқылы жастар сенімінің нәзік
пернелерін шертті.
Бойларын махаббат дертіне алдырған екі жастың құштар көңілі, сырлы сезімдері,
елжіреген емеуріндері, қан қысымының алқымдап аптықтырған қызу қуаты, бәрі – бәрі
ешбір қоспасыз, шынайы қалпында бейнеленеді. Ғашықтар сырының тамаша
романтикасы, реалистік сурет – сымбаты сомдалады.
Сұлуларға табына айтқан сөздерінде ақынның небір ғаламат әсірелеулері, бейнелі
жаңа теңеулері мол кездеседі. Мысалы:
Көз көріп, көңіл мас боп дидарыңа
Сындырдым сүйегімді ойран етіп,
Мен түгіл жансыз темір нұрыңа мас.
Бұл жолдардағы сөз болатын сұлу көркінен азап шеккен ғашық адам немесе жансыз
темірді нұрымен мас қылған ару қыз поэтикасындағы жаңалықты көрсетсе керек.
Кей тұста атақты ақындардың күшті образдар жасау үшін өмірлік өшпес із
қалдырған жандар бейнесін суреттеуде күннен де, айдан да жарық сәулені іздестіргені
мәлім. Ақан да ондай сәулені іздестіріпті. Бірақ ол данышпанды ғана бейнелеу үшін емес,
ғашығының мәңгілік образын таныту үшін іздепті.
Күннен нұр, айдан раушан сәулетайым,
Сен гауһар жанып тұрған мәңгі жарың.
« Қараңғы көңілімнің ай мен күні» деп адамның қараңғы көңілін жарқырата жадырататын
сұлу сипаты күні – түні сәулесі үзілмейтін мәңгілік жарық болмаса да, тым құрыса, күндіз
күн, түнде айдай сәулесін түсіргені абзал демекші сұлулыққа ғашық сері ақын. Сонда ғана
оның « Қараңғы көңілі күледі, мастанады», масайрайды. Кейде ақын көп қолданылып
жүрген « Отқа түскен көбелек » образын « Шыраққаттүсіп жанған мен пәруәна», – деп
өзгешелейді. Уәдеге беріктік бейнесін:» Берік бол оқ жібермес ақ сауыттай , Самархан
жібегінен өрген талдап»... десе, кейбірін «қалам бармақ, қамыс бармақ», – деп бармақтың
жаңа түрін табады. Бейнелеуде де ақынның ізденгендігі, өзінше бейнелеуге
әуестенденгендігі байқалады. «Қия жүзі асылдың қорға тартқан» – деп қия жүзді
шығарады, немесе, ол «Болғанда қасың қара, шашың сүмбіл» – деп қана қоймайды. «Жүз
сомдық базардағы пат құндыздай» – деп құндыздың базарда ғана кездесуі мүмкін, мүлде
сирек түріне теңейді. Ақтоқты мен Ұрқия сұлулар келбетін бейнелеудегі ақын
қолданыстары айшықты. Ұрқияға арнауында ол: «Сары алтын, сапы меруерт қарағым ай,
көп қыздардың ішінде тоты дана» десе ал Ақтоқтыны басқаша бейнелейді. Оны «Қыпша
бел, бәйгі кердің жарауындай» – дей келіп, «Барлық қыздың туындай асыл еркем»,
«Тартылған телеграмманың сымын енгізуі, сұлулар тобын қолына ғашықтық туын
ұстатып бастауы да өз кезі үшін жаңалық.
«Жамал жан, етің аппақ мақтадайсың», – деп дененің ақтығын ұлпа ақ мақтаға
теңесе, «жүзіп жүрген судағы сен аққайраң» деп енді балыққа ұқсатады. «Ақ төсің Қап
тауының қиясындай» деуі де ешкімге ұқсамайды. Бұлар – Ақанның тек өзіне ғана тән
бейнелелер». Талпынам таза туған ажарыңа», – деген жолындағы «Таза туған ажардың»
сыры терең.
Ақтоқтыны жан – жақты суреттей келіп, ол:
Оралдың ақ иығы аңға тартқан,
Шолпанның жұлдызындай таңға тартқан.
Жамбы мен алтын балдық жарқыраған,
Секілді Үргеніште ханға тартқан, –
деп нәзік сұлудан биік тұлға шығарады. Аңға түсер ақиық сұңқарға, таңғы шолпанға
ұқсатады. Ал сұлу жүзін әмірі күшті ханға сый – таралғы болар жарқыраған жамбыға,
асыл алтын балдаққа балайды.
Не деген төгілген өрнек, құйылған әсем сөз? Ақынның сұлуға деген жүрегі қандай
бай?! Ақан сері қолданған поэтикалық тілдердің байлығы, жаңалығы, жарқындығы
таңдануға да, арнайы сөз етуге де тұрарлық. Ақанды оқыған сайын оның поэзиясының
көркемдік сыры да есігін айқара аша түседі.
Бір кезде Абай:
Әсем салдым өлгенше кім қыларлық,
Озғанда мезгіл болар тоқтатарлық, –
деген болатын.
Ақанның әндері мен өлеңдері – халқымыздың баға жетпес мұрасы.
Оның есімі – мәңгі жастықтың символы. Лирикалық шығармалары – әдемілік пен
махабаттың асыл өрнектері, поэтикалық образдардың сарқылмас көзі. Ақан серінің
көркем бейнесін қазіргі көрермендеріміз театр сахнасынан, кино экранынан жиі көріп
тұрады. Ақындарымыз жыр қып, жазушыларымыз том –том роман жазып жүр. Серінің
әнін үздіксіз тыңдап, құлақ құрышын қандыру мүмкіншілігі туып, Ақанның асыл
туындылары өскелең ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына біржола еніп кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |