Зерттеу жұмысының нысаны – жаңа деректер негізінде Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастарының ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі аралықтағы даму үрдісін қарастыру.
Зерттеу жұмысының пәні – тақырыпта атап көрсетілгеніндей, диссертация мазмұны Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастарының тарихын қарастырып, талдаулар жасайды.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі. Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезін қамтиды. Қазақ хандығы жойылғаннан кейінгі ХІХ ғасырдың 50 жылдарынан бастап, кеңестік билік орнағанға дейінгі аралықты қамтитын тарихи кезеңдегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастары отандық тарих ғылымында арнайы зерттелінбеген. Мұның өзі зерттеу жұмысының хронологиялық шегінің дұрыс таңдалғанын айғақтайды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Кең көлемдегі деректік материалдар негізінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастарының тарихы тұтастай қарастырылуы зерттеу жұмысының негізгі жаңалығы болып табылады. Нақтылай айтқанда диссертацияда төмендегідей жаңалықтар бар:
- ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі Оңтүстік Қазақстандағы патшалық Ресейдің әскери-отарлық әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы қатынастарының тарихнамасы сараланып, мәселенің деректік негізіне талдау жасалынған;
- Ресей империясының сыртқы саясатында өлкенің стратегиялық маңызы бар аймаққа айналуы және оның дүниежүзілік саяси аренадағы орны анықталған;
- Патша өкіметінің өлкені иелену үшін Орталық Азия және Қытай мемлекеттерімен тайталасы және оларды ығыстырып шығаруы, сондай-ақ Жетісу мен Сырдария қазақтарын Қоқан және Хиуа хандықтарының ықпалынан айыру жолындағы айла-әрекеттері мен амалдары жайындағы ойлар түйінделген;
- Орыс жаулаушылығына қарсы жергілікті халықты басқарған сұлтандар мен рубасылардың және билер мен батырлардың бастапқы кездегі қарсыластығы мен олардың патша билігіне байланысты ұстанған саясатына объективті ғылыми баға берілген;
- Ресей билігінің тұсында өлкедегі жер дауының күрт шиеленісуі және патшалық әскери-әкімшілік орындарының араласуымен қазақ жүздерінің арасында болған қарама-қайшылықтардың себептері мен салдарлары, сондай-ақ жергілікті халықты Ресей билігіне тарту бағытындағы әскери-отарлық әкімшіліктің басқа да атқарған іс-шаралары мұрағат деректері негізінде баяндалған;
- Өңірдің жаулануы барысындағы патшалы Ресейдің билігінің жергілікті халықтың саяси-қоғамдық және шаруашылық байланыстары мен тұрмыстық өмір салтына тигізген өзгерістері ашылып көрсетілген;
- Оңтүстік Қазақстанды жаулаудың аяқталу барысындағы амалы қалмаған жергілікті халық өкілдерінің отаршыл әкімшіліктің қызметіне тартылу себептері зерделенген;
- ХІХ ғасырдың 60 жылдарындағы патша өкіметі жүргізген саяси-әкімшілік реформалар және оның өңірдегі халықтың өміріне тигізген әсері жаңа көзқарас тұрғысынан пайымдалған;
- Түркістан генерал-губернаторлығының құрылымы мен қызметі және өлке халқына жүргізген ықпалы ғылыми негізде сараланған;
- Өлкедегі отарлық билік жүйесінің күшеюі мен жергілікті халықтың наразылығы нақтылы мәліметтермен негізделген.
Достарыңызбен бөлісу: |