Педагогикалық технологиялардың кемшіліктері және оларды жою мүмкіндіктері
Оқу процесін технологияландыру барысында екі бағыт айқындалды. Кейбір ұстаздар технологияландыруды болашағы мол бағыт деп санаса, ал басқалары оны білім берудегі барлық кемшіліктерді жоятын бірден-бір тәсіл деп қарастырады. Олардың ішінде әдістен гөрі технологияға басымдық беретіндері де бар.
Алайда технологияның ролін тым асыра сілтеушілік қаупі де бар. Өйткені оның перспективті идеялары іске аспау мүмкіндігі бар.
Оқу процесін технологияландырудың қандай кемшіліктері бар? Оқытуды технологияландыру барысында ұстаздарды қандай кемшіліктерден сақтандыру керек?
Педагогикалық технологияларды қолдану барысында жарық көрген еңбектерді талдай отырып,мынадай кемшіліктерді атаған жөн:
1.Репродуктивті типтік оқытуға бағдарлану. Бұл бағдарлану педагогикалық технологияның оқу процесін қайта жаңғыртуға ұмтылуына байланысты болады. Мұны болдырмау үшін педагогикалық, дидактикалық және методологиялық зерттеулердің нәтижесін толық есепке алу қажет.
2.Оқушыны тұлға ретінде елемеу салдарынан оның іс-әрекетіндегі мотивтің шешімінің табылмауы. Оқушының алдын-ала бекітілген нәтижеге сәйкес оқуды құрастыруда нысан ретінде ғана орны бар. Бірақ оқу процесінің өзегі ретінде оқушыны тұлға деп қабылдау керек.
3.Оқу процесінің кейбір элементтері (мысалы, оқушылардың ұғымдарды меңгеруі) жан-жақты технологияландыруға келмейді. Бұл әсіресе, ұғымдарды шығармашылық деңгейде қолдану кезінде анық байқалады.
4.Ұстаздың жеке тұлғалығы, мәдениеттілігі, біліктілігі, педагогтық шеберлігі жеткілікті дәрежеде ескерілмейді. Ұстаздар рөлі тек кеңес беруші ретінде қарастырылады. Технологияландыру нәтижелі болу үшін ұстаздардың шеберлігінің жоғары дәрежеде болуын қамтамасыз ету қажет.
5.Тәрбиелеу процесін яғни оқытудың тәрбиелік қызметін технологияландыру күрделі іс. Ұрпақ тәрбиесі мен ұстаз қызметі біртұтас. Сондықтан саяси сауаттылық, көрегендік, байқағыштық, еңбекқорлық, шығармашылыққа ұмтылыс сондай-ақ эстетикалық және этикалық мәдениет сияқты ұлы қасиеттер ұстаз бойынан табылуы қажет.
Педагогикалық технологиялардың аталған кемшіліктерін әрбір мұғалім өз іс-әрекетінде ескергені жөн. Сонда педагогикалық технологияның озық аспектілерін іске асыруға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |