1.3 Жеке тұлғаға бағдарланған оқыту
Жалпы орта білім беретін мектептің педагогикалық құрылымының негізгі құндылығы оқушыны жеке тұлға ретінде қарап, оларды білім алуға баурап, өмірлік белсенді ұстанымы бар, шығармашыл, ізденімпаз, дербес тұлға тәрбиелеу міндеті қойылып отыр.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңында ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды дамытуға, қалыптасыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру және жеке адамның шығармашылық, рухани, азаматтық күш-қуатын жетілдіру, жеке тұлғаның жан-жақты толысуына жағдай жасай отырып, зерделі адамды даярлау міндеті қойылған. Демек, осыдан шығатын түйін: жеке тұлғаға бағдарланған оқыту деген не?
Оқушы − дамушы тұлға. Оқушы тіршілік иесі ретінде биологиялық тұрғыдан дамып қана қоймай, танымдық іс-әрекет субъектісі ретінде үздіксіз дамиды. Осыған орай, оқушыға білім бере отырып, біз оқушының жан-жақты дамуын, яғни оның дарындылығын табу, аша түсу, шығармашылық дербестікке, интеллектуалдық еңбек жолына бағдарлауды қамтамасыз етуіміз қажет.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін оқушылардың оқу іс-әрекетінде жеке тұлғаға бағдарланған оқыту моделі ұсынылды.
И.С.Якиманская аталмыш модельді былайша сипаттайды:
−тұлғаны дамытудың негізгі көзі – оқыту;
−тұлғаны алдын ала, жоспарланған сапалар, қасиеттер мен қабілеттер бойынша қалыптастыру;
−тұлғаның дамуын білім, білік, дағдылардың көлемін ұлғайту, мазмұнын күрделендіру және ұғымдар, мұраттар, мінез-құлық үлгілері бойынша − әлеуметтік маңызды эталондарды меңгеруі деп түсіну;
−әлеуметтік мәдени орта өнімі ретінде тұлғаның типтік сипаттамаларын айқындау және өңдеу.
Аталмыш технологияны жүзеге асыру үшін оқуды оқушының дара іс-әрекеті деп қарастырып, оған дер кезінде педагогикалық қолдау көрсететін оқыту тәсілдеріне баса назар аудару керек. Мұндай оқыту әрбір оқушының даралығын, құндылығын және оның субъектілік тәжірибе иесі екенін көрсетеді. Оқыту мақсаты – оқушының танымдық тәжірибесін ескере отырып, оның дара қабілеттерінің жетілуіне және тұлға ретінде дамуы мен қалыптасуына көмектесу.
Жеке тұлғаға бағдарланған оқытуды ұйымдастыру оқушының дара қабілеттеріне тікелей байланысты. Қабілет – әр баланың дара қасиеті. Дара қасиетті сан алуан қырынан қарастыруға болады. Демек, тұлғаға бағдарланған оқыту дегеніміз – әр оқушының жеке қабілетіне қарай ұйымдастырылған оқыту процесі.
Әдебиеттер
1. «Білім туралы» заң, «Егемен Қазақстан», 17 шілде 2007 ж
2.Педагогика / Под ред. В.А.Сластинина. –М. , 2000.
3. Педагогика / Под ред. Л.П.Крившенко. –М. , 2006.
4.Подласый И.П. Педагогика. −М. , 1999.
Достарыңызбен бөлісу: |