«Ғұрып» сөзі негізінен арабтың «ғарафа» деген сөзінен шығады. Араб тілінде –ﻏﺮﻑ білу, тану, қабылдау, өте жақсы білу, тану т.б.
Сонымен «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып» деген сөздер түгелдей дерлік діни сөздер. Қазақ халқына араб тілінен еніп, төл сөзімізге айналған. Бұл сөздер халқымыз тұтастай Ислам дінін қабылдаған тұстан бастап қолданысқа енген кірме сөздер.
«Мәдениет» (маданийат) - сөзінің этимологиялық төркіні арабша қала, қоғам, қауымдасу т.с.с. мағыналарды білдіреді. Мәдениет пен дін сөздері бір түбірден (дана/йадину етістігінен) шыққан. Дін арапша - дин, сөздік мағынасында жол, сенім, үкім, қағида т.с.с. мағыналарды білдіреді. Мәдениет қала, қауымды білдіретін «...Тәңір тарапынан белгіленген «жолы», этикалық, әлеуметтік, экономикалық және діни құлшылық ету қағидалары мен сенімдік жүйеге негізделген, Тәңірмен байланыс құруға арналған табыну орны (мешіт, шіркеу, синагога т.с.с.) бар қауымның тіршілік әдісін, тұрағын анықтайтын ұғым (термин). «Маданийат» ұғымы кейіннен уақыт ішінде қала, қалалық, отырықшы т.с.с. сипатқа ие болып, латын тіліндегі «культура» ұғымымен тең мағынаға ие болған.»
Ал «әдет-ғұрып» – адам өзінің негізіне қайта оралу үшін жасаған әрбір іс-әрекетін дұрыс деп тану, білу, қабылдау. «Дұрыс» деп тапқан іс-әрекетті өз өмірінде үздіксіз қайталап отыру. Осы жерде адамдар өз іс-әрекетінің дұрыстығын немен өлшейді? деген сұрақ туады. Қай-кезде де болмасын адамзат баласының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары Жаратушы тарапынан келген үкімдер мен әмірлерін негізгі бастау ретінде алып отырған. Тәңір Тағала тарапынан берілген әмірлер мен үкімдер қашанда міндетті заңдық құқыққа ие негізгі қайнар болғаны белгілі. Бұл тек ислам діні Түркістан жеріне келгенге дейінгі салт-дәстүрлердің өзіңнің киелілік сипаты болғандығын көрсетеді. Демек, кез-келген халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі ол халыққа Тәңір тарапынан берілген нығметі. Міне, осы Тәңірдің берген бұл сыйы VIII-ғасырдың екінші жартысында түркілердің Исламды қабылдауынан кейін көмескілене бастаса, X ғасырдың екінші жартысында араб дәстүршілдігі негізгі айқындаушы рухани күшке айналған тұста түркінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен тілі мүлде қолданыстан шығып қалған болатын. Оны қайта тірілткен Қожа Ахмет Йасауи болғандығын жоғарыда да айтып өткен болатынбыз. Ол Исламның негізігі иманға қатысты бес парызын алып, қоғамдық қатынасты реттеуді толығымен түріктің көне әдет-ғұрып, салт-дәстүріне берді. Демек, қазақ халқында қоғамдық қатынастарды реттеу үшін қолданылып келген шариғат үкімдері ретінде көнеден келе жатқан түркінің салт-дәстүрі болғандығына көзіміз жетеді. Бұл қазақ халықының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы қазақ халықының діні мен діни танымымен тығыз байланыста болып, қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негізі болған Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жолы негізінде қайта қалыптасып, киелілік сипатқа ие болғандағын көрсетеді. Йасауи жолы – түркінің рухани, мәдени ерекшеліктерін ескере отырып жасалған, оның рухани қажеттіліктерін толық қамтитын Аллаға ұластыратын жол. Қазірге дейінгі қазақ халқының дәстүрлі діни танымы осы Йасауи жолы негізінде қалыптасып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, жалпы мәдениетінің өзіндік қайталанбас ерекшеліктерін қалыптастыруға негіз болды. Басқаша айтқанда, Йасауи жолы ислам дінінің түркілер арасындағы өмір сүру формасы еді. Түркі баласы үшін Йасауи жолынан тыс Исламда жол қалмады. Бұл жолдың шеңберінен шығу түркі мәдениетінен қол үзу дегенді білдіретін. Йасауи жолында түркілердің тек рухани, мәдени болмысы емес, мемлекеттік жүйесі де осы жолмен бірлікте қалыптасты. Сондықтанда Йасауи жолынан шегінген әрбір қадам, түркі мемлекеттігінің күйреуіне ықпалын тигізіп отырды. Ортағасырларда Йасауи жолынан шегіну Алтын Орда, Өзбек ұлысы сияқты мемлекеттердің ыдырауына әкелсе, Қазақ хандығының күйреуі де Йасауи жолынан шегінуге байланысты болды. Бұл айтылғандар қазақ халқында ұзақ ғасырлар бойына қоғамдық қатынастарды реттеуде араб дәстүрі-шариғаты емес, шариғат ретінде қолданылған, оларды толығымен алмастырған осы қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары болғандығын көрсетеді. Бүгінгі күні қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негізін құрайтын Йасауи жолына жасалып жатқан шабуыл ертеңгі күні қазақ халқының толығымен тарих сахнасынан кетіруге ықпал етері хақ. Ендігі кезекте қазақ халқының киелі саналатын негізгі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне жеке-жеке талдау жасап көрелік.
Достарыңызбен бөлісу: |