Әртүрлі заттардың қандай да бір белгілерінің интенсивтілік деңгейін салыстыру Мұнда заттың белгілері ортақ, яғни әртүрлі заттардың бәріне ортақ бір белгісі назарға алынып, олар өзара салыстырылады. Мысалы: Терісі бағалы аңдар азайған сайын жұрт құны төменірек терілерге де көңіл аудара бастады. Ақыр соңында кезек сарышұнақтың терісіне де жетті (Ә.Бірмағамбетов, Қаз. геогр.). Теңдеулер шешу мәселесін үнді ғалымдары кеңірек қарастырып, олар, мәселен, квадрат теңдеудің екі түбірі болатынын білген, теріс және иррационал сандарды қарастырған, алгебралық символиканы (таңбалауды) пайдалануға тырысқан (А.Көбесов, Сөнбе. жұлдыз.). Ай аспан денелерінің ішіндегі Жерге ең жақын тұратыны. Сондықтан басқа аспан денелеріне қарағанда Айдың беті, оның қозғалысы және физикалық қасиеті жақсырақ зерттеліп жүр (М.Құдайқұлов, Ғылым.). Мұнда салыстыру мәнін беруде шығыс септік қосымшалары жиі қатысады: Ең бірінші бақытым – халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, Қымбатырақ алтыннан нарқым менің (М.Мақатаев, Шығ.). Өзін-өзі ақтауға Бейім жүрген адамдардан Қағас, қашық тұрса-дағы даңққа Өз қылығын соттай алар адамдар Пайдалырақ халыққа (М.Шаханов, Ғасырлар.). Кіші жүз қолы ала-құла ат мініп, ала-құла жарақтанғандықтан ба, сан жағынан Орта жүз қолынан көбірек болғанмен, олардан айбынды көрінбейді (Ә.Кекілбаев, Шығ.).
Қ.Жұбанов -рақ/-рек жұрнағының қатысуымен немесе оның жасырын келуімен‚ шығыс септігінің қатысуы арқылы жасалған түрін (білімге кедей – білімге кедейірек‚ малға бай – малға байырақ) салыстырмалы шағын шырай‚ кесімді-араластырмалы шырай деп жеке-жеке топтарға бөледі.
Шығыс септік тұлғалары кейде гөрі шылауымен тіркесіп келеді: Ал көшпелі қазақ халқының тіршілік-тынысына көмірдің тіптен қажеті жоқ. Керек десеңіз, көшпенділер үшін көмірден гөрі күн жеп қураған ақ жапа көбірек көз қуантқан. Жайлауға қонған ауыл балаларының ең бір қуанышты ойыны «ақ жапа» деп аталған (А.Сейдімбеков, Кеніш). Шәкеннің бізден гөрі өнерге деген қабілеті, ынтасы көбірек еді. Ол әкеміздің болмаса, Қалидың бір айтып берген өлеңін табанда қағып алып, қайта айтып беретін («Егемен Қазақстан»). Сондай-ақ шығыс септік тұлғалары да, де демеулік шылауларымен тіркесіп, күшейту, шектеу мәнін үстейді: Тілеуі бір тұстасыңның өзіңнен де көбірек жүре тұрғанын Алладан тілейсің (Қ.Ысқақов, Күреңсе).
Салыстыру мәнін күшейту, ерекшелеу үшін әлдеқайда, анағұрлым, біршама, біраз, әжептәуір, мүлде т.с.с. сияқты мөлшер үстеулері қолданылады: Литосфераның жоғарғы бөлігі біршама жұқалау келген шөгінді жыныстар қат-қабатынан тұратыны анықталды (К.Сапарбайұлы, Геология.). А.Байтұрсынұлы да салыстырмалы (талғау – А.Б.) шырайдың көп (анағұрлым) сөзі қосылуы арқылы да жасалынатынын айтады.
Сол сияқты салыстыру мәні ешқандай қосымшаның немесе шылаулардың көмегінсіз де берілуі мүмкін. Ол мәнмәтін факторы арқылы анықталып отырады. Мысалы: Сүрлеудің бір ұшы арқандай шұбатылып көлдің етегіне түсті, екінші ұшы жыландай иіріліп көл жағасындағы аласалау таудың беліне асылды (С.Мұқанов, Аспаз.). Мұнда тау сөзі жекеше тұлғада қолданылғанмен, оның бірнешеу екені таудың нақтылануы (көл жағасындағы аласалау тау) арқылы белгілі болып тұр. Сонымен қатар салыстыру мәні қарағанда, салыстырғанда сияқты етістіктермен де беріледі. Мысалы: Сізге қарағанда, мен көбірек оқыдым. [Оған қарағанда], көп оқысам да, аз оқыған бір қыз менен асып түсті (Ғ.Мұстафин, Қарағанды).
Салыстырмалы шырай көрсеткіштері «белгі мөлшері» концептін актив қолданысқа түсіре отырып, оның мазмұнында «заттың салыстырмалы белгісі» сипатын актуалдандырады. Ол мәнмәтін және семантикалық факторлар арқылы нақтыланып отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |