Шама концептінің морфологиялық репрезентациясы
Шырай категориясы – тілде сан ұғымын репрезентациялайтын морфологиялық категориялардың бірі. Сол арқылы адамның сан мен сандық қатынастар туралы танымы көрінеді. Ол салыстыру негізінде көрініс тауып, зат белгілерінің ұқсастық-айырмашылығын сипаттайтын тілдік формалар арқылы беріледі. Шырай категориясы қай сөз табын анықтауына байланысты түрлі сипатта болатынын аңғарамыз. Шырайлар белгілі бір заттың сипаттарын көрсетсе, негізінен заттың статикалық белгісін көрсетеді. Мысалы: Татар әйелдері жеңіл киінеді екен, еркін жүреді екен, тілдері басқашалау (Ғ.Мүсірепов, Ұлпан). Үш үйдің ішінде еңсесі көтеріңкі, қомақтылау біріне Аман мен Таймас ат басын тіреді (Ғ.Мұстафин, Дауыл.). Кенжекей қайын сіңлісіне таңдана қарап, кейіндеу тұр. Көңілге болмаса қайын сіңлісі бұрынғысынан басқалау (Ә.Нұрпейісов, Сергелдең). Ал етістікті анықтап, пысықтауыш қызметінде жұмсалса, қимыл-әрекеттің қарқындылық сипаты көрініп, сан динамикалы сипатта болады. Мысалы: «Өте жақсы жігіт еді», – деді менің бас-аяғымды көзімен шолып өтіп, – бірақ қиқарлау болатын, өз айтқанынан басқаны білмейтін (М.Мағауин, Ақша қар). Сұңғақ, ұзын бойлы, тіп-тік, жіңішке денелі Еркежанның бет бітімі де қазақ әйелінен басқалау болатын (М.Әуезов, Абай жолы).
Шырай категориясы заттар мен құбылыстардағы белгілердің сапалық қатынастарын білдіреді. Кез келген заттың сапасы болатын сияқты, сапасыз заттың болуы мүмкін емес. Себебі әлем – бөлшектерге жіктелетін тұтас дүние, ондағы заттардың бәрінің сапасы болады. Адамның әлемді тануында сапаның маңызы ерекше, себебі сапасын анықтау арқылы адам белгілі бір заттардың ерекшелігін, белгісін білумен қатар, оларды топтастырып, жинақтай алады. Заттың белгісін, өзіндік ерекшелігін түсіну арқылы адам оның сапасын анықтайды, ол ұжымдық санада көрініс тауып, тілдік семантикада бекиді.
Ғалам бейнесі – адамның түрлі сезім мүшелері (көру, есту, тері, дәм) қабылдайтын санасы арқылы түйсініп, ақпаратты өңдеу нәтижесінде түзіледі. Тарихи даму барысында танымның екі түрі – сезімдік және логикалық таным қалыптасқан. Сезімдік таным адамның сезім мүшелері арқылы қабылдау, түйсіну қызметімен байланысты болса, логикалық таным ойлау нәтижесінде қандай да бір құбылыстардың мәнін, өзіндік ерекшеліктерін, заңдылықтарын айқындауға бағытталған. Танымның бұл түрі Абай қара сөздерінде де сөз болады: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» [218].
Қазақ тілінде сапа – іргелі, негізгі концептілердің бірі, заттар әлемін танудағы негізгі ұғым болып табылады. Бұл сапа концептінің грамматикалық объективтенуінен де байқалады. Сапалық белгіні білдіретін сөздердің грамматикалық топтарын сын есім категориясының түзілуіне негіз болады.
Сын есімдер арқылы адам бейнесін сипаттауда адамның өзін қалай танитынын көрінеді. Сын есімдер заттың, болмыстың сапасын білдірумен қатар сапаның түрлі белгілерін нақтылай түседі. Сын есімдерде халықтың белгілі бір қауымдастықтың көп ғасырлық тәжірибесі болып табылады. Қазақ тілінде сын есімдер грамматикалық көрсеткіші бар, ерекше парадигма түзген дербес грамматикалық топ ретінде қалыптасты. Қазақ тілінде сын есімдер ертеден қалыптасқан грамматикалық қатарына жатады, заттардың белгілерін (сапалық, қатыстық сын есімдер арқылы) көрсете отырып, зат есімдерді айқындайтын сөздер тобы ерекше категория ретінде қалыптасады. Ол зат есімдерді айқындай отырып, жиі қолданылумен және көптілігімен ерекшеленеді.
Сын есімдер арқылы адам бейнесі айқын көрінеді. Тілдің антропоөзектік ұстанымы сын есімдердің лексика-семантикалық жүйесінде айқын көрініс тапқан. Адамның тілдік бейнесі сыртқы (анатомиялық) және ішкі (интеллектуалды, адамгершілік, ментальді, эмоционалды) параметрлері бойынша айқындалады. Адам бейнесі көбінесе ішкі (ментальді) сипатына негізделеді. Қазақ ғаламының тілдік бейнесінде адам сыртқы және ішкі қырларымен тұтастықта (ұлты, жасы, әдеті, мінезі) сипатталады. Ғаламның тілдік бейнесінің көрсеткіші ретінде сын есімнің ерекшелігін зерттеу арқылы адамның ақиқат болмысты тану ерекшеліктері көрінеді, тілдік таңбада көрініс тапқан ғалам бейнесінің санадағы көрінісі байқалады. Сын есімдер адамдардың когнитивті тәжірибесінде ерекше мәнге ие, себебі ол тілдік санада шынайы болмыстың атрибутивті «портретін» қалыптастырады. Сын есім семантикасы «сапа» концептінде көрініс табатын белгілер жиынтығы ретінде әлем туралы білімдердің көрінісі болып табылады; онсыз адам затты тани алмайды, яғни заттың белгілерін, ерекшелігін анықтай алмайды. Сын есімдер сөйлесімнің мәні ғана емес, сонымен қатар әлемді танып-түсінудің де негізі болып табылады. Заттың белгісін білдіретін сөз табы ретінде сын есімді когнитивті тұрғыдан сипаттап, семантикалық және лингвомәдениеттанымдық ерекшеліктерін айқындау арқылы «сапа» концептінің өзіндік сипаты айқындалады.
Әлем этномәдени ерекшеліктерге байланысты түрліше танылып, түрліше сипатталады. Қазақ ғаламының тілдік бейнесінің өзіндік ерекшелігін түзіп, осы категория арқылы берілетін болмыс қазақ дүниетанымындағы орнын көрсетеді. Сол себепті сын есімдердің тілдің грамматикалық құрылымдағы орны ерекше. Қазақ тіліндегі сын есімдер ғаламның тілдік бейнесінде «сапа» белгісін білдіреді. Сын есімдерде белгілі бір зат туралы ақпарат берілумен қатар оның өзіндік белгісін, ерекшелігін де көрсетеді. Қ.Жұбанов сын есімді былайша сипаттайды: «Сын есім деген заттың не істің сыпат белгісін көрсететін, шырай үстеулері мен үстеуіштерін ертетін, зат есімге де, етістікке де анықтауыш бола алатын, анықтауыш болғанда анықталушысы мен өзінің арасына зат есім анықтауышты амалсыз салатын, сан есім анықтауышты еркін салатын түбір...» [2].
«Сапа» концепті қазақ ғаламының тілдік бейнесінде түрлі тәсілдермен беріледі. «Сапа» концептінде қоршаған әлем туралы ақпарат көрініс табады. Қоршаған ортаны адам сезім мүшелері арқылы қабылдап, түйсінеді. Ғаламның сапалық белгісі сенсорлық жүйе арқылы байқалады (иіс, дәм, көру, есту, сезіну). Адамның сенсорлық қабылдауы А.Байтұрсынұлы еңбектерінде толық қамтылған: «Зат тегінде екі түрлі: біреулері – көзге көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға иіскелетін, тілге татылатын, денеге сезілетін деректі заттар, екіншілері – көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, мұрынға иіс келмейтін, тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін, адам ақылмен ғана білетін дерексіз заттар. Сол деректі һәм дерексіз заттардың атын көрсететін сөздерді зат есім дейміз» [52, 199-200-б.]. Ғалым тұжырымдары Н.Уәли еңбектерінде де сабақтастық тапқан, зерттеуші сенсорлық қабылдау дәмбейне, иісбейне, көзбейне, тәнбейне (ыстық, суық, қатты, жұмсақ т.б.), естілімбейне арқылы жүзеге асатынын айтады [7, 49-б.]. А.Байтұрсынұлы, Н.Уәли, Қ.Рысберген еңбектеріндегі адамның сенсорлық қабылдауына қатысты жіктеулерін оқулық авторлары ескеріп, деректі және дерексіз зат есімдерді топтастыруда сезім мүшелері түгел қамтылуы керек деп ойлаймыз.
«Сапа» концептінің қазақ ғаламының тілдік бейнесінде «орталық – шет ұстанымы бойынша сараланған өріс құрылымы бар. Қазақ тілінде көзбен көруге болатын, сезуге болатын (түрі), эмоционалды-ментальді сын есімдер жиі кездеседі, естілетін, дәмді білдіретін, иіс мүшелері арқылы байқалатын белгілерді сипаттайтын сын есімдер әлдеқайда аз. Басқа сезім мүшелері арқылы сипатталатын, сын есімдермен салыстырғанда, иісті білдіретін сын есімдер біршама нақты. Мысалы: Бұлардың қызметтері: пәтер ісін, азық-түлік иісін басқару, босқындардың санын, атын-жөнін жазу, киіндіру, балаларын оқыту, қызмет тауып беру, керек орнында жөн көрсету, ауруларын емдету һәм жәрдем ақ шараларға не болып, тиісті орнына беріп тұру (М.Дулатов, Шығ.). Дәні ащы, иісі бас айналдырады (М.Қажымұратов, Пайдалы өсімдік.). Жоңышқа, жусан, тарлауыт, бетеге сияқты жақсы шөптер бұл жақта кенжелеп пісіп, жаздың орта шенінде ғана бас жарып, хош иісін таратады (Ж.Жұмақанов, Үш бәйтерек).
Көп жағдайда иістің белгісі заттың өзімен бірге сипатталады: гүл иісі, түтіннің иісі, хош иіс, жұпар иіс... Сондықтан аңқыған, мүңкіген, сасық, бықсық, бұрқыраған сияқты сын есімдер тіркескен сөзімен жанаса, қабыса байланысса, зат есім матаса байланысқанмен, анықтауыштық қатынаста жұмсалады (гүл иісі, түтін иісі, жусан иісі). Дәмді білдіретін сын есімдер көбінесе жалпы мәнде келеді. Бұл – «сапа» концептінің берілу ерекшеліктері.
Сын есімдерден когнитивтік үдеріс ретіндегі тілдік концептуалдану және категориялану ерекшелігі айқындалады. Сапа категориясы танымның маңызды категориясы болып табылады. Сөздердің адъективті тобы қазақтың дүниетанымын, әлемді тану ерекшелігін көрсетеді. Сын есімдердің этномәдени сипатын айқындаудың маңызы ерекше. Этномәдени семантика, атрибутивті лексиканың грамматикалық тобын талдау арқылы ғаламның тілдік бейнесі айқындалады. Сол сияқты қазақты құраған ру-тайпалардың өте әріде болған тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығының жақсы дамып отырғандығына қарай қазақ тілінде малға қатысты сөз қазынасы өте мол.
Тілдің концептуалды жүйесі әркелкі, әртүрлі концептілер жиынтығынан құралады. Қазақ тілінде сапа негізгі (іргелі) концепт болып табылады, сол арқылы грамматикалық объективтену ерекшеліктері көрінеді. Объективті болмыстың сапалық ерекшеліктерін білдіретін сөздердің грамматикалық тобы қалыптасады. Қазақ тілінде сын есімдердің ерекше грамматикалық формалары бар, бұл концепт қазақ ментальділігі үшін ерекше маңызды. Қазақ тіліндегі сын есімдерге талдау жасау негізінде когнитивті тіл білімінде грамматикада іргелі, негізгі концептілердің көрініс табатынын байқауға болады. Қазақ тілінің ғаламның тілдік бейнесінде «сапа» концепті өзіндік өріс құрылымы бар өріс орталығын құрайды.
Ғаламның тілдік бейнесіндегі адамның түсінігі – адамды сипаттау арқылы оның жас ерекшелігі, ұлты, әлеуметтік күйі, мінезі т.с.с. көрінеді. Сын есімдердің семантикасы арқылы стереотипті ассоциациялар (баламалар) айқындалады. «Сапа» концептінен сөйлеушінің психологиялық «мені», көзқарасы, ұстанымы анық байқалады. Н.Уәли бастапқы номинатив (үлкен ат) пен қосалқы номинативті (есік пен төрдей ат) өзара салыстырып, өзіндік ерекшеліктерін ете келіп: «Бастапқы номинатив те, қосалқы номинатив те ақиқат дүние үзігін бейнелейтін таңбалар. Бірақ бастапқы номинативтер субъектінің ақиқат дүние үзігіне салғырт қатынасын, бейтараптығын білдірсе, қосалқы номинатив субъектінің (сөз субъектісінің) белгілі бір объектіге белсенді қатынасын білдіреді. Субъектінің белсенділігі тілдік таңбадағы коннотатив мағына арқылы айқын аңғарылып тұрады... Ғаламның тілдік бейнесібейнеленетін объектінің ғана емес, оны бейнелеуші субъектінің позициясына байланысты. Осымен байланысты әлеуметтік-типтік позициялар жүйесі, көзқарас, баға беру тәрізділер таңбалық бейнелеуде ұлттық ерекшелік ретінде қоса жүреді», – деген тұжырым жасайды [7, 52-б.].
Қазақ салтында жақсы мінез – адамның кісілігін танытатын негізгі қасиеттердің бірі. Қазақтың тілдік бейнесінде адамның мінезін сипаттайтын лексикалық бірліктер көп: қатал, қатыгез, тасжүрек, көңілді, ақкөңіл, мұңды, мейірімді, шыдамды, сабырлы, ашушаң, жылауық, ашушаң, тырысқақ, ұрысқақ, жалқау, әсершіл, әсемпаз. Адамның сыртқы түрін, келбетін бейнелейтін сын есімдермен салыстырғанда, эмоцияны білдіретін сын есімдердің нақты, денотатпен байланысы айқын көріне бермейді. Мұндай сын есімдер адамның ментальділігін (қабілетін) сипаттап, эмоцияның берілу тәсілдерін бейнелейді: көңілді, мұңды, жылауық, еркетай. Болмысты тану субъективті сипатта болатындықтан, болмыс белгілері (үлкен, кіші ұзын, қысқа, биік, аласа) түрліше берілуі мүмкін. Сапаның белгіні тануда салыстыру салыстыру, ұқсату ерекше орын алады: таудай, еңгезердей, жапырақтай.
Қазақ халқы әсіресе түс атауларына ерекше бай. Жылқы, ешкі, түсіне байланысты атауларды (қылаң, боз, күрең, жирен т.с.с.) басқа тілдерге аудару қиынға соғатыны белгілі. Сонымен қатар қазақ тілінде белгілердің коллокациясы да ерекше орын алады. Мұндай белгілер әртүрлі параметрлерге негізделіп, әртүрлі сипатты білдіреді. Яғни әртүрлі сапалық белгіні білдіру үшін бір сын есім қолданылады. Мысалы: ащы сын есімі тағамның дәмін білдіру үшін қолданылумен қатар шығырып, құлақты жарып шыққан дауысты (ащы дауыс) білдіру үшін де қолданылады. Сол сияқты қатты сөзі де заттың сапалық белгісін, тығыздығын, жұмсақ еместігін білдірумен қатар мінездің қаталдығын да білдіре алады. Сын есімдердің бұл белгісі тілдік тұлғаның когнитивті ерекшеліктерін танытады. «Сапа» концепті қазақ ғаламының тілдік бейнесін сипаттауда ерекше орын алады, ол қазақ ділінің этномәдени сипатын көрсетеді. Сын есімдер арқылы адам бейнесі сипаттаған кезде адамның ақыл-ойы, мінезі, тұр-келбеті тұтастықта сипатталады.
Сонымен, сапа заттар әлемін сипаттауда маңызды орын алады. Зат атаулының бәрі де қандай да ерекшелікке, сапаға ие, әрқайсының өзіндік белгісі бар. Адам заттың белгісін, сапасын танып-түйсіну арқылы сол заттың өзін, оның қасиетін, басқалардан ерекшелігін түсінеді. Адамның айналасын, болмысты табу үшін сапа категориясының орны ерекше. Себебі заттың сапасын, белгісін тану арқылы адам болмысты жекелеген бөлшектерін танып, оны біріктіріп, топтастыра алады; белгілеріне қарай өзара қарсы қойып, ғалам бейнесін түзеді. Затты, құбылысты толық түсіну үшін оның өзіндік ерекшелігін, қасиетін, басқа заттардан айырмашылығын білу керек. Адам әлемді жекелеген заттардың белгісі арқылы қабылдап, атрибутивті портретін түзіп, түйсінеді. Сол себепті тіл құрылымында сын есімдер ерекше орын алады. Қазақ әлемінің атрибутивті репрезентациясы алуан түрлі жолдармен беріледі. Бұл да «сапа» концептінің қазақ халқы үшін қаншалық маңызды екенін танытса керек. Сол арқылы сын есім категориясы басқа сөз топтарынан ерекшеленіп, жеке категория ретінде бөлініп шықты.
Шырай категориясы сапалық белгілердің мөлшеріне қарай, яғни белгінің мөлшеріне қарай анықталады. Белгінің мөлшері салыстыру арқылы айқындалады. Яғни белгінің көлемі салыстырмалы түрде, басқа (біркелкі) белгімен салыстыру негізінде, сондай-ақ бір белгінің басымдылығы арқылы көрінеді. Сапалық сын, қимыл-сын белгілерінің сандық айқындалуына сын дәрежесі категориясы деген атау беріп, профессор Қ.Рысалды былай деп жазады: «Сапалық сын белгісінің әртүрлі деңгейлік дәрежелерінің бір затпен екінші бір затты салыстырғанда айқындалуы градуалдық немесе сатылық дәрежелер болады, яғни сын дәрежесі зат бойында белгілі бір деңгейде, белгілі бір сатыда болып танылады. Мысалы: Асан Үсеннен ақылдырақ. Ауылдағы ең биік үй осы. Заттарды сапалық сынының көріну дәрежесі жағынан салғастыра қарағанда, олардың әрқилы градуалды дәрежеде екенін тілдік формалар арқылы жалпылап білдіре аламыз: ең аласа, аласалау, аласа — биік, биіктеу, биігірек, ең биік [7, 51-б.].
Шырай категориясын білдіретін морфологиялық тұлғалар белгінің релятивті және абсолют сандық өзгерістерін білдіреді, яғни сандық сипаттарын негізге ала отырып, сапалық ерекшеліктері айқындалады. Сын есім мен үстеуде сан-мөлшер концептінің репрезентациялануы арқылы морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті қалыптасады. Яғни морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті қалыптасуы үшін сан-мөлшер концепті негіз болады. Морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті «сан-мөлшер» негізгі концептінің мазмұнындағы «санауға келмейтін сипат» дерексіздену нәтижесінде түзіледі. Осы сипат морфологиялық жолмен берілетін концептіге негіз болып, оның мазмұнын құрайтын «заттың салыстырмалы белгісі» және «заттың айқын белгісі» сияқты сипаттар арқылы көрініс табады. З.Қ.Ахметжанова бірдей екі затты өзара салыстыра келіп, олардың сапалық сындық белгілерінің дәрежелік айырымдарын айқындайтын салыстыру түрін нақты компаратив (собственно компаратив), ал бір заттың сын-сапасын басқа затпен салыстырмай, сын дәрежесінің ортақ өлшем, стандарт қалпы тұрғысынан анықтауды интенсив деп атайды [219, 195-б.]. Бұл концепт жіктеуші сипатқа ие. Ол статикалық және динамикалық сипаттағы сапа туралы тілдік білімге (аялық білім) негізделген. Яғни морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концепті шырай категориялары арқылы берілетін концептуалды деңгейдегі бірлік болып табылады.
Шырай категориясы – концептуалды мазмұнды репрезентациялаушы құрал. Ы.Маманов сын есімнің шырай формаларының грамматикалық мағыналары тұрақты сапаның артық, кемдік дәрежесін білдіретінін айта келіп, кейбір грамматикалық формалар контекске және түбір сөздің семантикасына байланысты өзінің негізгі грамматикалық мағынасынан ауытқып, әртүрлі мағына білдіруі мүмкін екенін ескертеді [76, 164-б.]. Күшейтпелі шырай тұлғалары «заттың айқын белгісі» сипаттарын актуалдандыра отырып, морфологиялық мән қалыптастырады. Мысалы: Қазақ даласына тараған ең үлкен індет – сонау атам заманнан бері сілімтігін сүйретіп, осы күні өлексесі қалған домалақ арыз (С.Жүнісов, Жапандағы.). Ақынның сөзі алтыннан құнды келетін, Арзандап кеттік, ағайындар-ау, неге тым? Құшынаш болып кетпесек біздер жарады, Көрінген жанға ішірткі жазып беретін (М.Мақатаев, Шығ.). Алюминий, силумин, натрий сульфаты, калий т.б. өндірудің өте бағалы комплексті шикізаты болып саналатын диспордың, алуниттің, кианиттің, андалузиттің, серициттің өте ірі қоры Кенді Алтайдағы екінші дәрежелі кварциттер деп аталатындардың құрамында өте мол (Қ.Сәтбаев, Қазақст.).
Біркелкі белгінің сандық я сапалық айырмашылықтары шырайларды бір-бірінен айыратын өлшеу, тірек, негіз болатынын айта келіп, С.Исаев шырай категориясы я бірыңғай ақ, я бірыңғай қызыл, я бірыңғай қара, я бірыңғай қара, я бірыңғай қоңыр, көк түсті әлденеше (кемі екі) заттардың реңдеріндегі ерекшеліктерді немесе бірыңғай үлкен, я бірыңғай кіші делініп танылған әлденеше заттардың көлем-аумақтарындағы артық я кемдік дәрежелерін өзара салыстыру арқылы туатынын, ондай реңдер мен дәрежелер сан жағынан да, сапа жағынан да салыстырылатынын ескертеді [25, 466-б.]. Бұл морфологиялық мәндер өте жалпы сипатта болғандықтан, әрі қарай нақтылауды қажет етеді. Яғни сөйлем-сөйлесімде қосымша лингвистикалық факторлар қолданылады. Мұнда әсіресе семантикалық және мәнмәтін факторларының орны ерекше.
Семантикалық факторға сәйкес шырай тұлғалары кез келген етістіктен жасала бермей, градуалдылық сипаты бар сөздер тобынан ғана жасалады. Сол себепті шырай категориясы сапалық сын есімдерден ғана жасалады. Ы.Маманов сапалық сын есім шырай категориясымен өзгеруін сапалық сын есімді қатыстық сын есімнен айырудағы басты критерий ретінде сипаттайды [76, 456-б.]. С.Исаев шырай тұлғалары жалпы сын есімнің сөз табы ретіндегі түрлену тұлғасы емес, бір ғана мағыналық тобының семантикалық сипатын көрсететін лексика-грамматикалық тұлғалану көрсеткіші екенін айта келіп: «Шырай категориясы, әдетте, сын есімнің категориясы деп танылып жүр. Бірақ, біріншіден, сын есімнің бәрі бірдей, яғни сын есім сөз табына жататын сөздердің барлығы шырай тұлғаларымен түрленбейді, шырай тұлғалары кез келген сын есімге жалғана бермейді. Мысалы, жақсы – жақсырақ – жап-жақсы, үлкен – үлкендеу – үп-үлкен, сары – сарылау – сап-сары – өте сары т.б. болса да, таулы дегенмен таулырақ, не тап-таулы, өте таулы деп, кешкі дегеннен кешкілеу, не кеп-кешкі, аса кешкі деп, шырай түрлерін жасауға болмайды. Яғни сын есімнің бір түрі – сапалық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғанып, шырай түрлерін жасауға болса, сын есімнің мағыналық тобының екінші тобы – қатыстық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғана алмайды да, одан шырай түрлері жасалмайды. Яғни шырай категориясы жалпы сын есімге емес, сын есімнің бір ғана семантикалық түрі – сапалық сын есімге ғана тән», – дейді [25, 463-б.]. Ғалым шырай категориясын сын есімнің таза грамматикалық емес, лексика-грамматикалық категориясы ретінде сипаттайды.
Қатыстық сын есімдер сапалық сын есімге айналған жағдайда ғана шырай тұлғаларын қабылдай алады. Мысалы, ақылды – ақылдылау, өте ақылды, ең ақылды т.с.с. Ақылды сөзі әу баста қатыстық сын есім болғанмен, уақыт өте келе қатыстық сын есімнен сапалық сын есімге ауысқан. Сондықтан мықты, күшті, дәмді т.с.с. сөздер тілдің дамуымен байланысты мағыналық өзгерістерге түсіп, қатыстық сын есімнен сапалық сын есімге ауысқан сөздер болып табылады. Қатыстық сын есімдер мен сапалық сын есімдерді ажыратудың негізгі межелерінің бірі – шырай көрсеткіштерін қабылдауға байланысты. «5-сыныпта сын есімді, оның түрлерін ажырату әдістері» атты мақаласында Ы.Маманов оқушыларға сапалық сын есім мен қатыстық сын есімді ажыратуда сапалық сын есімдер шырай формаларына негіз бола алатындығын, сапалық сын есімнің шырай категориясымен өзгеруін сапалық сын есім мен қатыстық сын есімді бір-бірінен ажыратудағы басты критерий ретінде ұстану керектігін айтады [220, 456-б.].
Н.Оралбай сын есімдерді мағыналық ерекшеліктеріне қарай былайша жіктейді:
Заттың түсін білдіретін сын есімдер: ақ, қызыл, қара, көк, қоңыр, жасыл, сары, теңбіл, ала т.б.
Заттың дәм белгісін білдіретін сын есімдер: тәтті, ащы, қышқыл, дәмді, тұщы т.б.
Заттың иіске қатысын қатысын білдіретін сын есімдер: иісті, хош иісті, сасық т.б.
Заттың көлемдік белгісін білдіретін сын есімдер: үлкен, кіші, ұзын, қысқа т.б.
Заттың мезгілдік белгісін білдіретін сын есімдер: қысқы, жазғы, күзгі, түнгі, кешкі т.б.
Адамның келбетін білдіретін сын есімдер: әдемі, келбетті, түрсіз, ұсқынсыз, сұлу, көрікті т.б.
Адамның мінез-құлқына қатысты белгіні білдіретін сын есімдер: әдепті, әдепсіз, жуас, топас, жеңілтек, тәртіпсіз, зұлым, мейірімсіз, қатал т.б.
Заттың физикалық белгісін білдіретін сын есімдер: қатты, жұмсақ, берік т.б.
Заттың сыртқы тұлғасын (формасын) білдіретін сын есімдер: үшкір, төртбақ, сопақ, дөңгелек, жалпақ, ұзынша т.б.
Заттың салмақ белгісін білдіретін сын есімдер: жеңіл, салмақты, ауыр т.б.
Адамның ақыл-ой белгісін білдіретін сын есімдер: ақылды, парасатты, надан, көргенсіз, көргенді, сауатты, сауатсыз т.б.
Заттың мекен белгісін білдіретін сын есімдер: үйдегі, қаладағы, таудағы, ауылдағы т.б.
Теңеу сыны: ақындай, баладай, таудай, инедей т.б.
Көңіл-күй сыны: көңілді, көңілсіз, шат-шадыман, тұңғиық, қайғылы, ренішті т.б.
Қалып сыны: ашық, жабық, құрғақ, жұмсақ, қатты, қалың, жұқа, сирек, жиі т.б.
Адамның сыртқы бейнесіне қатысты сындық белгілер: толық, арық, жуан, жіңішке, төртбақ, тапал, қысқа т.б. [156, 138-б.].
Салыстырмалы шырай бір заттың сынын я сипатын, түсін екінші заттың біртектес сынымен, белгісімен салыстырып, сол салыстырылатын белгілердің, түрлердің бір-бірінен, я артық, я кем екенін білдіріп, белгілі қосымшалар арқылы жасалады. Ол қосымшалар: -рақ/-рек'>-рақ/-рек,_-ырақ/-ірек_және_-лау/-леу,_-дау/-деу,_-тау/-теу'>-рақ/-рек, -ырақ/-ірек және -лау/-леу, -дау/-деу, -тау/-теу [77, 467-б.]. Аталған қосымшаларды форма тудырушы жұрнақтарға жатқыза отырып, Ы. Маманов: «–рақ/-рек, -лау/-леу, -дау/-деу, -тау/-теу жұрнақтары да форма тудыру қызметін атқарады. Салыстырмалы шырай формалары – сапалық сын есім түбірімен жарыса қолданылатын грамматикалық тұлға. Мысалы, қызыл – қызылырақ, жақсы – жақсырақ, ақылды – ақылдырақ, бойшаң – бойшаңырақ, т.б. сөз тудырушы жұрнақ пен форма тудырушы жұрнақтарды бір-бірінен айырудың екінші бір критерийі – сөз тудырушы жұрнақтардың жалғанатын сөзінің шегі болады. Яғни сөз тудырушы жұрнақтар белгілі сөздерге ғана жалғанып, бір типтес туынды түбір сөздер тобын жасайды» [76, 23-б.].
Бүгінгі таңда салыстырмалы шырай көрсеткіштері ретінде танылып жүрген -лау/-леу жұрнағы Н.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, Н.Созонтов, А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде шырай қатарында берілмеген. Салыстырмалы шырайдың -рақ/-рек қосымшасымен қатар -лау/-леу жұрнағы арқылы да жасалынатынын алғаш көрсеткен ғалым – Қ.Жұбанов. Ғалымның ойлары кейінгі грамматикалар мен оқулықтарда сабақтастық тапқан. І.Кеңесбаев, С.Аманжолов. Ғ.Бегалиев, Н.Cауранбаев еңбектерінде де салыстырмалы шырай көрсеткіштері ретінде -рақ/-рек жұрнақтарымен бірге -лау/-леу қосымшасы да беріледі.
С.Е.Малов ұйғыр жазбаларында, Манихей ескерткіштерінде -рақ/-рек грамматикалық көрсеткіші кездесетінін айтса [221, 194-б.], М.Томанов -рақ/-рек және -лау/-леу жұрнақтарының бір негізден өрбігенін, яғни л>р, у>қ дыбыстық сәйкестігінің нәтижесінде негіз екі түрлі жұрнаққа жарылғанын көрсетеді [161]. Н.Ильминский де -лау/-леу жұрнағы қазақ тіліне ғана тән екендігін айтады. Бұл пікірді Ғ.Мұсабаев та қуаттайды [222]. Ендеше, -лау/-леу жұрнағы о баста -рақ/-рек жұрнағынан тарағанымен, кейіннен екі жұрнақтың да сақталып қалғанын көреміз. Үнемдеу заңы – тілде үнемі жүріп жататын үдеріс. Алайда бір мәнді білдіретін екі түрлі жұрнақтың қатар қолданылуының өзіндік себептері бар сияқты. Мәселен, -ғыл‚ -ғылт (-ым), -шыл, -қай, -аң т.б. жұрнақтар кез келген сапалық сын есімдерге жалғана бермей, сөздерді талғап жалғанады. Бұл жұрнақтар сұр, ақ, көк, сары, қоңыр, боз, қызыл т.б. сын есімдерді қамтығанымен, қара, жасыл, жирен, күлгін, үзын, сопақ, шолақ, қаракөк т.с.c. сын есімдерге жалғана алмайды. Ал табиғаттағы түстердің түрлі реңкі аталған сын есімдерге де тән екені белгілі. Олар -лау/-леу жүрнағының қатысуымен жасалады. Оның үстіне -ғылт‚ -ғылт(-ым) жұрнақтары үнемі сол белгінің әлсіздігін, солғындығын ғана білдіріп қоймайды, көп жағдайда белгінің, реңктің күшейе түсуін көрсетеді. Қ.Кемеңгерұлы аталған жұрнақтың мәнін: «…прибавляясь к имени прилагательному обозначает сходство, но более сильное, бозғыл – более белый, сизый, сұрғылт – более серый, тұшқылтым – более пресный», – деп түсіндіреді. Ал осы белгілердің әлсіз түрі -лау/-леу жұрнағының қатысуымен жасалады [114].
Достарыңызбен бөлісу: |