Бір заттың қандай да бір белгісінің әртүрлі кеңістіктегі интенсивтілік деңгейін салыстыру Салыстырмалы шырай көрсеткіштері морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концептін актив қолданысқа түсіре отырып, оның мазмұнында «заттың салыстырмалы белгісі» мәнін актуалдандырады. Ол қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен әрі қарай нақтылана түседі. Мысалы: Тися бізге… діңгегі жуандау, бойы биік, жоғарырақ өскен бұтақтарында үлкендігі алмұрттай көрінген жемістері бар бір ағашты көрсетті (С.Мұқанов, Алып. адым.). Салыстырылатын заттар қатар қойылып, аталуы міндетті емес. Салыстырылатын нақты зат көрсетілмеген жағдайда зат сөйлеушінің санасындағы нормамен салыстырылады. Мысалы, Көп ат таудың саласында, кеңірек алқапта жатқан көрінеді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.) деген сөйлемде алқап сөзі жекеше тұлғада қолданылып, басқа алқаптармен салыстырылмағанмен, мәнмәтіннен осы алқаптың басқа жерлермен (сөз субъектінің санасындағы нормамен) салыстырылып отырғаны байқалады. Яғни шырай субъект көзқарасына, ұстанымына байланысты болуы мүмкін. Біреу үшін үйреншікті, норма ретінде танылған нәрсе басқа біреу үшін әдеттен тыс, норма емес болуы мүмкін. Сондықтан мұндай қолданыстарда сөз субъектінің ұстанымы байқалады. Бұл әлеуметтік факторларға байланысты: Жоғарғы Кеңестің құзыретінде дәстүрлі парламенттіктен алшақ, биліктің атқарушысы тармағына жақынырақ өкілеттіктер кірді («Егемен Қазақстан»). Яғни мұнда мәнмәтін факторының орны ерекше.
Заттың қандай да бір белгісін қазіргі деңгейімен, бүгінгі күйімен салыстыру Мысалы: Қаржастың толқындана біткен жылтыр қара шашының арасын құлай із салған ақшыл қылау да бүгін көбірек аңғарылғандай (Ә.Сатыбалдиев, Ақмарал). Салыстырмалы шырай көрсеткіштері морфологиялық жолмен берілетін «белгі мөлшері» концептін актив қолданысқа түсіріп, «заттың салыстырмалы белгісі» сипатын актуалдандырады. Мұнда мәнмәтін және семантикалық факторлар қосымша фактор ретінде қатысады. Соған байланысты әдетте, күнделікті, бүгін, қазір сияқты мезгіл үстеулері мен салыстырғанда, қарағанда, гөрі т.с.с. салыстырмалы мәнді құрылым түзетін бірліктер қатысады. Сол арқылы заттың әдеттегі, күнделікті, дағдылы қалпы мен қазіргі күйі өзара салыстырылады. «Салыстыру» концептінің мазмұнындағы «қарсы қою» мәні негізгі қызмет атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |