Жеке өз іс-тәжірибиемнен сабақ жоспарларының үлгілері


І.2 Қазақ халық ертегілері арқылы бастауыш мектеп оқушыларына адамгершілік тәрбиені қалыптастыру жолдары



бет3/15
Дата19.02.2024
өлшемі369.5 Kb.
#492438
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Халық ауыз диплом

І.2 Қазақ халық ертегілері арқылы бастауыш мектеп оқушыларына адамгершілік тәрбиені қалыптастыру жолдары.

Өзіміз көп үміт күтіп отырған жас ұрпақ ата-бабамыздан қалған мәдени мұра халық ауыз әдебиетінің өн бойындағы мәнділігі мен маңыздылығынан, ойшылдығы мен қиялшылдығынан, тапқырлығы мен шешендігінен, әсемдігі мен алғырлығынан тәлім-тәрбиесі мен үлгі - өнегесінен нәр алары анық.
Сан ғасырлар бойы ауыз әдебиетіндегі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген халықтық тәрбиенің өнеге-үлгілері осы уақытқа дейін өзінің педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп келеді. 
Халық ауыз әдебиетінің ішіндегі ең жақыны балаларға ол ертегі болмақ. Алғашқы қауымнан бастап, бала тәрбиесіне ерекше әсер ететін ертегілерді ойлап шығарған адамзат тарихында ертегілердің тәрбиелік мәні зор. Қазақ ертегілері сан алуан.
Ертегі арқылы айнала қоршалған ортаны барлай алады, табиғаттың сиқырлы сырларын сезіне біледі, халықтың әдемілік және әдептілік жайлы ұғымдарын бойына сіңіреді, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы түсінік алып, адамгершілік тәрбиесінің бастауларына ден қояды.
Өскелең ұрпақты жан-жақты жетілген адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуде ертегінің алатын орны ерекше. Ертегі адамның қиялына қанат бітіреді. Білмегенді білгенге сүйрейді. Кімдерден, қай кейіпкерлерден аулақ болуды насихаттайды. Бұл өшпес зор туындылар бала болашағының мәнді мақсатты көзқарасын тудырары сөзсіз.
Ертегі әрбір баланың жеке-дара ой дүниесінің ең нәзік белгілерін жанып тегістейтін жанғыш болып табылады, ал сонымен бірге ол балалардың бірінің жүрегін біріне айқара ашады, балалар ұжымында нәзік интеллектуалдың өзара қарым-қатынастарды тудырады. Ертегі шығары бұл менің балалармен рухани қатынас жасауымның ең бақытты сәттері, ал балалар үшін теңдесі жоқ ойлану шаттығы.
Табиғат аясында мұғалімнің ойынан туып, аузымен айтылған ертегі балалар үшін жарық сәуле, ол сәуле олардың ми қуысының барлық құпия түкпірлерін шарлайтын жарық сәуле. Олар ертегіге құмартады. Ертегісіз балалар арасындағы интеллектуалдың өзара қарым-қатынастарды түсіну мүмкін емес, ертегіге әуестенбейінше ұжымдық күйініш-сүйініш болмақ емес, ертегі туындамайынша оймен шабыттанған қуаныш балаға ұғынықсыз. 
Мектеп табалдырығынан жаңа ғана аттаған балалар, мектеп тартып тұрады, өйткені олар ертегіден ескен теңдесі жоқ сезімдерді ұжымымен бірге сезінгісі келеді. Оларды мұғалім де тартып тұрады, өйткені олар ертегіні содан естиді, ертегіні ұйып тыңдайды. Мұғалім өмір бойы естерінде қалады, ол баланың рухани дүниесінен ең алдымен ертегі ретінде орын алады. Ертегі – бұл кішкентай дән, баланың өмірлік құбылыстарға эмоцияның баға беруі осы дәннен өсіп жетіледі.
Ертегі – бұл ой бесігі, бала тәрбиесін жолға қойғанда, ол осы бесік жөніндегі толғанулық естеліктерді өмір бойы сақтайтындай ету керек. 
Ертегі – бұл ойлау ләззаты, ал ертегі шығара отырып, баланың ойлауға өз қабілетін орнықтырады, сол арқылы өзінің ар-намыс сезімін орнықтырады.
Қазақ ертегілерінің не үшін қажет екенін әдебиет зерттеушісі ғалым А. Байтұрсынов “Ертегінің қадірі қанша деп сұрағанда, керектігіне қарай жауап беріледі. Ертегінің керек орындары:
1. Халықтың ұмытылған сөздері ертегіден табылмақ. Олай болса, ертегі тіл жағынан керек нәрсе.
2. Бала әдебиеті жоқ жерде баланың рухын, қиялын тәрбиелеуге зор кедергі бар нәрсе. Баланы қиялдауға, сөйлеуге үйретеді.
3. Бұрынғылардың сана – саңлау, қалып-салты жағынан дерек беруші үшін керегі бар нәрсе”- деп айтқан болатын. Қазақ халық ертегілері мейірімділікке, адалдыққа, әділеттікке, еңбек сүйгіштікке, тазалыққа, достыққа, әдептілікке үйретеді. Жамандықтан, қулықтан, өтіріктен, зұлымдықтан аулақ болуға тәрбиелеу жолын алға қояды. Әрдайым татулық, бірлік, ынтымақ жеңетінін көрсетеді.
Батырлар ертегілер мен батырлар жыры ел қорғау жолындағы батырлардың ерлік істерін дәріптей отырып, ел бірлігі мен жұрт тыныштығын сақтап қорғау азаматтық парыз екенін нықтап, жас ұрпақты елжандылыққа, Отан сүйгіштікке тәрбиелейді.
Бастауыш сынып оқушыларын жан-жақты жетілдіре тәрбиелеудеауыз әдебиеті үлгілерінің барлық жанр түрлерін қолданудың білімдікте, тәрбиелікте мәнінің зор екені сөзсіз. 
Адамгершілік жақсы қасиеттерді қалыптастыруға болады деп есептейді. Жақсы істерге ұмтылдыру жаман қылықтардан аулақ жүру, өнегелі мәдениетті азамат болуға тырысу адамдардың өзіне байланысты. Сондықтан адамгершілікке кір келтіретін мінездер: әдепсіздік, жеңілтектік, екі жүзділік, көрсеқызарлық, опасыздық, өркөкіректіктен қашанда аулақ болуымыз керек.
Жүсіп Баласағұнидің “ Құтты біліктің”әр сөзі, әр тарау тынысы – адамгершілік, адалдық, қайырымдылық хақындағы өнегелі ойлары әр көкіректе күмбірлеп тұрғандай. Адамгершілік тәрбиесі мен еңбек, ақыл-ой тәрбиесі бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Адамгершілік жағынан дұрыс қалыптасқан адам ғана біреуге қамқорлық жасауға дайын тұрады. Адамгершілік тәрбиесі моральдық жағынан кіршіксіз таза, қоғам мүддесі үшін еңбек ететін, жан-жақты жетілген адам даярлау сияқты тәрбиенің жалпы мақсатына бағытталады. Адамгершілік қасиетінің негізгі имандылық пен ізеттілікте. Ал сыйластық, жасы үлкенді сыйлау, сәлемдесу, үлкеннің сөзіне жөнді – жөнсіз араласпау, кісінің алдынан кесе өтпеу, көп алдына дарақыланып күлмеу, есінемеу сияқты қылықтарды жас ұрпақ санасына ақырындап сіңіру қажет. Адам баласы қоғамда өзінің адамгершілік қасиеттерімен, қайырымдылығымен, адалдығымен, әділеттілігімен ардақталады. Моральдық қасиеттер адамдардың қимыл-әрекеттерінен, қарым-қатынасынан шығады. Жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен махаббат, әділеттік пен әділетсіздік, борыш пен намыс, ар мен ождан адамның іс-әрекеті арқылы өлшенеді. Осыны ұстанған қазақ халқы жастарды отбасында кішіпейілділікке тәрбиелеуді бірінші міндет етіп қойған. Жастардың жадына “сіз” деген сыпайылық, “сен” деген анайылық, “Адамдықтың белгісі, иіліп сәлем бергені”, “Кішіпейілділіктен кішіреймейсіз”, “Құдай деген құр қалмайды” деген қағидаларды үнемі уағыздаған.
Адамгершілік қасиеттің өзекті мәселесі – қайырымдылық, достық. Халық ұғымында жақсылық пен жамандық достық пен қастың адамгершілік қасиетінің екі түрлі белгісі ретінде егіздің сыңарындай қатар салыстыра суреттеген.
Жас ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелеу – жоғарыда айтылған мінез- құлықтың дағдыларын ережелеріне үйретеді. Адамгершілікке үйретудің негізгі жолы - оқу процесі мен оқушылардың күнделікті өмірін, іс-әрекетін тиімді тәрбие шараларын ұйымдастыру. Оқушылардың адамгершілік туралы түсінігі мол болғанымен тәжірибеде іс-әрекеті, тәртібі біліміне сәйкес келмейтін жағдайлар кездеседі. Олар жақсы, жаман әдеттерді білгенімен, оны өз өміріне сәйкестендіре, тәртібінде іске асыра алмайды. Өйткені, ережені есте сақтау оңай да, оны іске асыру қиын. Сондықтан адамгершілік жайында түсінік білім берумен қатар дұрыс тәртібін, іс-әрекетін ұйымдастыруды көздейді. Адамгершілік тәрбиесінің мазмұнына үлкенді сыйлау, беделін мойындау, еңбек адамдарын құрметтеу, қамқорлық жасау, адалдыққа, шыншылдыққа, қарапайымдылыққа, мақсаттылыққа, шешімділікке, табандылыққа, белсенділікке, батылдыққа, ұстамдылыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу де жатады.
К.Д. Ушинский: “... шығармада келтірілген адамгершілік іс-әрекеті, адамгершілік сезімді, адамгершілік ойды сүюге баланы итермелейтін әдеби шығарма өнегелі шығарма” деп жазған. Сонымен адамгершілікке тәрбиелеуде қазақ халық ертегілеріндегі кейіпкерлер бейнесі көбіне қарапайым адамдар болып келеді. Ертегі – ауыз әдебиетінің ықылым заманнан келе жатқан көне де мол мұрасы. Оның ертегі деп аталуының өзінен де, сол сияқты ертегілердің “Бұрынғы өткен заманда”, “Баяғы өткен заманда”, “Ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы келтеде” деп басталуынан да оның атам заман туындысы екенін аңғару қиын емес. 
Ертегілерде халық басынан кешкен ғасырлар ізі жатыр. Олардың еңбекші халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрып, елдік тарихы, қилы-қилы қиын қыстаулары, халықтың мұң-шері, арман-мұраты бейнеленген.
Қазақ ертегілерін академик М. Әуезов үш жанрға бөледі; қиял-ғажайып ертегілері, хайуанаттар жайлы ертегілер, шыншыл ертегілер. Солардың ішіндегі ең көнесі, әрі ертегілердің мол саласы – қиял-ғажайып ертегілері. Бұл ертегілерде табиғаттың немен тұңғиық сырларын әлі танымаған адам ойының сәбилік шақтары, соны білсем деген халық арманы, әлемді шарласам, жеті қат жер асты құпиясына үңілсем, тіршілік өмірін жеңілдетсем деп армандаған халық қиялы бейнеленген. Сол дүниеде жаңалық пен жамандық, әділдік пен жауыздық, адалдық пен қаскөйлік бітіспес арпалыста болады. Ертегілерде тартыс осы қарама-қарсы күштер арасында әділдік пен жауыздық, арасында өрбиді. Қиял-ғажайып ертегілеріндегі қаскөйде аса үрейлі, жауыздығында шек жоқ жалмауыз кемпір жойқын күш иесі болып бейнеленеді. “Алтын сақа” ертегісіндегі кейіпкерлер жалмауыз кемпір бойында қандай ерен қуат бар, күнәсіз балаға деген қаскөйлігі қандай.Сақасын іліп ала қашқан балаға жете алмасын білген соң, ол бір тісін жұлып түсіреді тағы бір тісін жұлып лақтырғанда, тайдың тағы бір аяғы жұлынып түседі. Қиял-ғажайып ертегілердегі мекенжайлар да сиқырлы, жұмбақ әлемі. Адам тек түсінде ғана көрерлік қиял сарайлары. Олар таңғажайып жиһазға толы. Қиял-ғажайып ертегілеріндегі кейіпкерлердің ішіндегі адамға жағымсыз, сұм кейіпкерлер-мыстан кемпір, жезтырнақ, айдаһар, жалғыз көзді дию сияқты талай басқа да сиқырлы күштер бар.
Солармен қатар адамдарға дос, қиын-қыстау кезде жол табар, ажал
аузынан алып қалар, адамның қаскөй күштерді жеңуіне көмектесер жанды тіршіліктер, жансыз заттар да көп кездеседі. Көп ертегілерде суреттелген әділдік пен жауыздық арасындағы күрес халықтың әділдікті аңсау арманынан туған. Әділдік пен адалдық жолындағы халық ортасынан шыққан қаһарман жалпы адам бақыты үшін ешбір қауіп қатерден тайынбай, үрейлі алып күштерге қарсы айқасқа түседі. Әділеттіктің жақтаушысы ретінде мерген, батыр, айлалы, ақылды адамдар бейнеленген. Олар қарапайым адамдар. Бірақ алдына қойған мақсатты биік, сондықтан да ертегілер көбіне жақсылықпен аяқталады, әділдік жақтаушысы адамның мерейі үстем болумен тынады. 
Кедей, жесір кемпірдің баласы немесе әке-шешесі жоқ, өмірі кедейліктен көз ашпаған тазша өзінің ақыл-айласы, тапқырлығымен ханды, оның уәзірлерін жеңіп, ақыр аяғында хандықты не уәзірлікті өз қолына алады. Ертегінің аяғы жақсылықпен аяқталады.
Ертегінің тағы бір саласы – тұрмыс-салт ертегілері және хайуанаттар туралы ертегілер. Бұл ертегілерде көбінесе елдің тұрмыс-тіршіліктері суреттеледі. “Түлкі мен ешкі” ертегісінде айлакер түлкі ешкіні құрығына оп-оңай түсіре қояды. Апанға абайсызда түсіп, шыға алмай шарасызданған түлкі су іздеп шөліркеп жүрген ешкіні сол апанға алдап түсіреді. Қу түлкі “ешкі мүйізіне шығып ” зытады, аңқау ешкіні алдап ұрады. Осы арқылы халық керемет ойын кемеңгерлік түйін жасаған: “Өтірікке алданба, басың бәлеге душар болар”,- деп аңқау жандарды сақтандырған. Ертегілерде түлкі қу, айлакер. Оқушылар ертегілердегі әрбір кейіпкерлердің жаман әдетінен аулақ болуға, жақсы кейіпкерлерге қарап қайырымды, мейірімді болуға талпынады. 
Сонымен қазақ ертегілерінің ең мол тараған түрі – шыншыл ертегілер. Халық өзінің дүниетанудағы, қоғам тіршілігіндегі, үй тұрмысындағы іс-әрекетін, күрес-тартысын, талап-тілегін осы шыншыл ертегіге жиып түйген. Бұл ертегідегі кейіпкерлер күнделікті өмірдегі еңбек адамдары. Шыншыл ертегілерде жауыздық иелері де көбіне нақтылы адамдар: хан, бай, молда. Шыншыл ертегілерде таптық сипат айқын. “Айлалы тазша” әңгімесінде тазша бала айла-амалмен, тапқырлық, ақылдылығымен ханнан да, оның баласынан да кек алады. Тазша жайындағы ертегілерде жауыздық иелері күлкі-ақуа етіледі, олардың зұлымдықтары әшкереленіп отырады. Тапқыр да алғыр, ақылды да айлакер тазша халықтың сүйікті қаһарманы. Халықтың сүйікті қаһарманы арқылы жауыздыққа қарсы тұрады.
Кіші мектеп жасындағы оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеуде қазақ халық ертегілеріндегі ұнамды кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін балалар бойына сіңіру, ұнамсыз кейіпкерлердің жасаған зұлымдықтарынан аулақ болуға үйретеді.
Кіші мектеп жасындағы оқушыларды ертегілер арқылы тәрбиелеудің маңызы зор. Сынып оқушыларын ертегілерді оқыту арқылы балалар қарапайымдылық, кішіпейілділік, қайырымдылық, адалдық сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Оқу пәндерінде ертегілердің тілі түсінікті, қанатты сөздер мен бейнесіне тіркестерге бай болып келеді. Бала санасына жастай тәрбиелік ерекше ықпал етуде ертегілер үлкен орын алады.
Қазақ ертегілерін ең алғаш зерттеп, жинақтаған Шоқан Уәлиханов, Г.Н. Потанин, В.В. Родлов, А.Е. Алекторов, А. Ивановский, Л. Исаков,
О. Әлжанов, Р. Дүйсенбаев, М. Көпеевтер болса, кейін Э. Дидаев, Н. Пантусов, А. Мелков, М. Әуезов, С. Сейфуллин, М. Ғабдуллиндер зерттеп жинақтай бастады. Бұл зерттеушілердің барлығы да ертегілерді адам баласының арман мүддесі, болашақтан күтетін үмітінен, қиялынан туған деп қарастырады. Бірақ, ертегілердің тәрбиелік жақтарын, адамның не бір сапалық жақтарын қалыптастырудағы оның ерекше ықпалы туралы пікір кездесе бермейді.
Ертегілерге үлкен мән беріп зерттеген Максим Горький “Ертегі деген нәрсе маған басқа бір өмірдің сәулесін ашқандай, сондай жақсы өмірді ойлаған, сол үшін қорықпай, еркін күресетін бір күш барлығын көрсеткендей болды”,- дейді. Бірақ, М. Горький әрі қарай бір күштің не екенін түсіндірмейді. Біздің түсінігімізше, бала ертегіні тыңдай отырып, өмірді түрлендіре алатын күш адаммен ғана байланысты, адамның өзінде екенін сезе алады. Адам ғана құдіретті күштің иесі. Сонымен қатар қазақ ертегілерінің адамды тәрбиелеуге қатысты ерекшеліктерін, соның ішінде, өмір мұратын, оған жетудің жолдарын көрсететін жақтарын алып қарастырайық.
Ертегінің құрылымын, негізгі мазмұнының бағытын қарайтын болсақ, оның басты мақсатының өзі өмір мұратына жетудің жолдарын, ол үшін қажет адамдық сапаларды көрсету екені айқын көруге болады. Ең алдымен өмір мұратына жетуге қазақтың даналықта бірінші кезекте келетін, ең басты сапа ақылдылық. 
Ақылдылық ертегілерде адамдық қасиетте ең жоғары идеялық дәрежеге дейін көрінеді. “Аяз би”ертегісінде ақылдылық басты көрінісі – тапқырлық болып келеді. Ертегідегі Жаман өзінің тапқырлығының арқасында хан қызына үйленеді, хан болады. Ханның қызы Жаманға жеңгесінен гауһар тас, пышақ, тәрелке және қайрақ тас беріп жібереді. Жаман балға мен төсті алған соң, қайрақты төске қойып, балғамен ортасынан бөліп, тәрелкені уатып, пышақты жетесінен сындырып, гауһар тасты қақ жарып қызға беріп жібереді. Мұндағы хан қызының сыры: “Қайрақтай болып үгітілгенше, тәрелкедей болып уатылғанша, пышақтай болып басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі мына гауһар тастай қақа жарып мені алады”,- дегені еді, сол сыры “пышақтай болып басым кесілгенше айтпасын!”- деп пышақты сындырып, “қайрақтай үгілгенше”- деп қайрақты уатып, “тәрелкедей уатылғанша”- деп тәрелкені қиратып, сыр шашпаймын, гауһар тастай қақ жарып сені аламын,-деп гауһар тасты қақ бөліп, уәде беріп едім деп Жаман жауап береді.
Ертегілер өз кейіпкерлерін өмір мұратына, адам бақытының ең биік шыңына жетумен аяқталады. Ертегі балалардың ой-өрісін дамытып, тіл байлығын арттырады. Қазақ ертегілеріндегі ақылдылықтың тағы бір көрінісі – көрегендік алдын ала болжай білу. Мысалы, “Ер Төстік” ертегісі көп ертегілермен салыстырғанда, мазмұны, сюжеті, сөйлем құрылысы, тілі жағынан ерте заманда шыққан ертегі екендігін аңғартады. Ертегіден қазақ халқының ескі мал шаруашылық өмірін және олардың дүниетану көзқарасын көреміз. 
Ертегінің оқиға желісін алсақ, табиғаттың асау күштерімен алысып, малды аман сақтап қалу жолында, елінен, жерінен адасып кеткен ағаларын іздеп тапқан Ер Төстіктің ерлігін суреттесе, екінші жағынан, әр түрлі дию, пірілерімен күресі баян етіледі. “Ер Төстік”ертегісінде жалпы ертегілердің қаһармандарына тән іс-әрекеттер толық сақталады. Ер Төстіктің өзі – асқан күш иесі емес, жүректі жігіт. Ертегінің алға қойған негізгі мақсаты – табиғаттың сыры мәлімсіз күштерін жеңу. Адамға зиян ойлайтын Бектөре, Темірхан, Шойынқұлақ тәрізді жауыздың иелерінен үстем шығып, оларды қалай да өздеріне бағындыру болғандықтан, ер Төстікке көмекші әр түрлі жолдастар, серіктер береді. Әр түрлі жауыздықтардың ұясы болған адам баласына қастық қана ойлайтын кейіпкерлер Бектөре, Шойынқұлақ, Темірхан, пері, жын, дию, мыстан кемпірлер қаншама күшті, айлакер болса да, Ер Төстіктен жеңіледі. Халық жақсылықты алдан күтеді, болашаққа сенеді. 
“Ер Төстікте” кездесетін ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлер басқа ертегілердеде бар. Кейде олардың іс-амалдары, айла-тәсілдері де өзара бір-біріне жақын. Ертегілердің бірыңғай жауыздық өкілі ретінде жиі кездесетін ұнамсыз кейіпкерлер – мыстан кемпір. Ол қай ертегіде болсын қастық істейді және жер жүзі халықтары ертегілеріне тән зұлымдық бейнесі. “Ер Төстік” әңгімесінің оқиғасы да басқа ертегілер тәрізді, тыңдаушыларға ауызша айтып беруге лайықты құрылған. Оқиғаның алғашқы басталуы шындық өмірде бола беретін құбылыстарша басталады. Алдағы қыстың қатаң болатындығын ерте сезген ел жылқысын алыс отарға қыстауға айдатуы, Ерназар балаларының көп жылдар келмеуі, шал-кмпірдің ашығуы- бәрі де шындық оқиғаларға ұқсайды. Бірақ мұның бәрі келешек негізгі оқиғаның кіріспесі – экспозициясы. Сюжет жүйесіндегі алғашқы байланыс - “Шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігі”. Ер боп туған ұлдың есімі, ертегінің аты,әңгімеде кездесетін шындық және ғажайып оқиғалардың бір тамыры сол кер биенің төстігінде жатыр. Ертегі желісіндегі екінші байланыс – Ерназардың Сөрқұдыққа қонуы, жанынан қорқып, жалмауыз кемпірге садағының ұшын шығаратын Ер Төстіктің егеуін қалдырып кетуі. Осыдан әрі қарай оқиға шиеленісе түседі. Егер біз осыған дейінгі оқиғалар Ер Төстіктің ағаларын іздеп жатуы, айдауға жүрмеген көп жылқының күрең биенің ертуі. Ерназардың тоғыз баласына қыз іздеу, үйлендіруі бәрі де халықтың өміріне шындық өміріне жанасса, Ер Төстіктің жер астына түсуінен қиял-ғажайып оқиғалар басталады. Жылан патшасы бапы Ет Төстікпен достасып, оны жер астының патшасы Темір ханға жұмсайды. Ертегі оқиғасы қиындай, шеленсе түседі. Темір ханға беттеген сапарында: шаужұқпас, Саққұлақ, Таусағар, Көлтауысар, Қиян-қырағы тәрізді. Жақсылық иелері болмаса, Ер Төстіктің не болары белгісіз еді. Қиын жағдайда көмектесу үшін және зұлымдық өкілдерін Ер Төстіктің жеңіп шығуы үшін енгізілген бұл эпизодтық қаһармандар, бір жағынан, ертегіге қиял-ғажайыптың сипат берсе, екінші жағынан, темір хан мен Кенде ханды қалай жеңгеніне дәлелдеме болып отыр. 
Ертегідегі оқиғаның шарықтау шегі – Ер Төстіктің жер бетіне шығып, шойынқұлақпен күресуі, ал оны жеңіп, үйіне келуі оқиғаның шешуі болып саналады. Қандай ертегі болса да аяғы жақсылықпен бітеді. “Ер Төстік” ертегісі де осыны дәлелдейді. Ер Төстікке сандаған бөгет, қиындықтар кездеседі. Оның әрқайсысы – жеңуге болмастай қиындықтар. Әйтсе де әр түрлі себептермен бас қаһарман сол бөгеттепрдің бәрін жеңіп шығады да, “барша мұратына жетеді”. Бқл барлық ертегілерге тән шешу және халықтың өмірге оптимистік көзқарасын көрсететін тұрақты шешім. Сонымен қатар, “Тазшаның қырық ауыз өтірігі” ертегісінде ханның: “Қызымды мүдірместен қырық ауыз өтірік айтқан өтірікшіге беремін”,-деген хабарын естіп, талай байдың ханның қызынан дәмелі көптеген мырзалар келеді, бірде-бір қойылған шартты орындай алмайды, мұны тек тазша бала орындайды. Ол өзінің әңгімесін “мен анамның құрсағында жатқанда, тумаған атамның жылқысын бақтым” деп бастайды да, адамға таныс жанды жансыз табиғат дүниесінің барлығын қосады. Барлық әңгімесінде бір ауыз шындық қоспай, бір оқиғадан екіншісін тудыра отырып, барлық өтірік әңгімелерін тапқырлықпен айтып береді. “Бұл әңгімелерде әдейі даярлап келген екен, мен оны мүдіртейін”,- деп оқыс сұрақтар қояды. Ханның бәйтерегі қысқа шығар деген сұрағына “болса болар, түбінен ұшқан күйкентай басына кещке жетіп, қонушы еді”,-дейді, “Құдығың тайыз шығар” дейді, дегенде “болса болар, ертемен тастаған тас түбіне кешке жетуші еді” деп жауап қайырады. Тазшаның “тазша” деген аты болмаса, оның халық арасынан шыққан алғыр, ақылды, тапқыр бала екендігін көруімізге болады. Ол өзінің ақыл-өнері арқасында көптеген қиын жағдайлардан, ауыр халдерден аман есен құтылып, сан алуан сындардан мүдірмей өтеді. Ертегілердегі Ер Төстік, тазша бала, Аяз бидегі жаман арқылы, адамды ақылды жасайтын еңбек екенін көрсетуді мақсат ететіндігін көруімізге болады. Ертегіде өмір мұратына жету үшін ең керек нәрсе адам үшін ақылдылық екені айтылса да, сол ақылдылыққа жетудің жолы еңбек деген түсінікті аз сөзбен ғана беріп отырады.
Сонда ертегінің жасаушының басты мақсаты - өмір мұратына жеткізетін ақылдылықты толық дәлелді көрсете білу ме, әлде өмірдің мәні сайып келгенде, еңбекпен ғана байланысты екенін ұғындыру ма, деген сұрақ туындайды.
Қазіргі қазақ ертегілерінің ішкі мазмұнына қарай отырып, бұл сұраққа, менің ойымша екі түрлі жауап беруге болады. Біріншіден ертегіні жасаушы – халық даналығы өмір мұратына жетудің басты жолы ақылдылық екенін бірінші кезекте, сол ақылдылықтың өзін еңбекпен байланысты екенін қысқа болса да ертегіде дәлелді міндетті түрде берілуі, ертегінің сол кездегі өмір жағдайын толық көрсете білуі. Екіншіден, ертегіде өмір мұратына жетудегі еңбектің мәнінің жеткілікті, толық көрінбеуі, керісінше, ақылдылыққа үлкен орын берілуі, ертегі жасаушының өзі, бұл мәселеге толық жауап беруге әзір емес сияқты. Халықтың аңыздан – аңызға тараған ертегі, аңыз әңгімелерінің барлығында ақылдылық пен ақымақтық, әділеттілік пен әділетсіздік қатар бейнеленеді. Арамдық пен жауыздық апатқа ұшырап, жеңіліп, жақсылықтың үнемі жеңіске жетуі халықтың бақытты бейбіт өмір аңсағанын көрсетеді. Ертегіні оқыту барысында қандай қиыншылық болса да, қарсы тұра білу, еңбек адамының қадірлеу биік адамгершілік қасиеттер дәріптеледі. Ана тілі сабағында ертегілерді оқыту барысында “бұл ойдан шығарылған, өмірде кездеспейді” деудің қажеті жоқ, жан-жануарлардың сөйлемейтінін балалардың өздері де біледі, бірақ ертегіде кездесетіндерді қиялдау оларды көңілдендіреді, армандауға үйретеді. Оқушыларға кейіпкерлерге қарапайым мінездеме беруге үйретуде ертегілердің берер пайдасы мол. Ертегі кейіпкерлеріне берілетін мінездеме әдетте айқын белгілерді көрсететін, анық, түсінікті болып келеді. Қара сөзбен жазылған ертегілер мәтінге жақын үлгімен жазылады, мазмұндалады.кейде ертегіні оқымай-ақ, мұғалім оның мазмұнын қызықты етіп айтып береді. Егер әртістердің орындауында фонохрестоматияны пайдаланса тіпті жақсы. Ертегі балаларды жоспар жасауға үйрету үшін өте қолайлы. Оны бөлімдерге бөлу, ат қою, қандай суреттер салуға болатынын анықтау, өз беттерінше бақылау жасатып үйрету керек. Кейбір ертегілерді сахналап, қуыршақ жасатып сыныптан тыс жұмыстарды орындауға болады. Ертегілерді балалар қызыға оқиды, олардың мазмұнын бір оқығанда-ақ игереді. Ертегілердегі көркем бейнелі сөздердің, сондай-ақ оқушыға түсінуге қажет болатын сөздер мен тіркестердің кездесетіні мұғалім әр кез көңіл аударуы тиіс. Сөз мағыналарын ашып, анықтап түсіндіруде түрлі тәсіл қолдануға болады.
а) сипаттама түрде түсіндіру тәсілі бойынша сөздер семантикалық табиғатына орай қысқаша, кейде толық, жан-жақты түсіндіріледі.
ә) сөз мағыналарын анықтауда қолданылатын екінші бір өнімді жол-синонимдік тәсіл.
б) аралас анықтама – сипаттма түріндегі анықтама мен синонимдік анықтаманың аралас берілуі арқылы көрсетіледі.
Адамгершілік тәрбиесі – коммунистік тәрбиенің ең күрделі саласы. Мораль ережелерін жас өспірімдердің мінез-құлық дағдысына айналдыру, олардың рухани және дене күші қабілеттерін барлық жағынан жетілдіріп дамыту құрылыстың ең басты талабы болып саналады. Адамға қамқорлықпен қарау, өзіне де өзгеге де жоғары талап қоя білу, қоғам мен ұжым алдындағы жауапкершілікті терең түсіну сияқты сезімдер адамгершілік тәрбиесі арқылы қалыптасады. Қоғамда адамгершілік тәрбиесі оқушының бойына берік моральдық сезім мен өнегелі мінез дағдыларын қалыптасрыуды көздейді, жас өспірімдерді жоғары адамгершілікке тәрбиелеуде балаларға арналған көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Олар миллиондаған адамдарды жігерілендіріп, қуанышқа бөлейтін қайнар-бұлақ болып қызмет етуге, сол адамдарыдың еркін, сезімі мен ой-пікірін білдіруге, олардың идеялық жағынан баюына және адамгершілік тәрбие алуына қызмет етуге тиіс.
Көркем шығарма өзінің эмоциясының әсері арқылы балаларда адамгершілік сезімдердің қалыптасуына көмектеседі. Адамгершілік сезім адамгершілік іс-әрекеттің басты көзі. Сондықтан адамгершілік тәрбиесіне А.С. Макаренко ерекше мән берген. Жастарды нағыз мінез-құлыққа тәрбиелеу дегеніміз – олардың адамгершілік сезімін тәрбиелеу деп атап көрсеткен болатын. Көркем шығарма оқушыларға өмір сырларын образ арқылы танытып, жас өспірімдердің моральдік түсінігін қалыптасуына, баланың бойына жоғары адамгершілік сапаларының берік ұялауына ықпал етеді. Оқушыларға көркем шығарма оқуға ынталандыру жас өспірімдерді адамгершілікке тәрбиелеу жұмысының маңызды буыны болып саналады.

Дүниедегі адамның жеке басынан күрделі де бай ештеңе жоқ. Оны жан-жақты дамыту адамгершілік жағынан жетілдіру – тәрбиенің мақсаты. Бұл мақсатқа жету жолы да адамның өзі сияқты күрделі.
Адамгершілік тәрбиесінің бағдарламасы дегеніміз – бейнелеп айтқанда, біздер педагогтар, адам болып шыға алатын тіршілік иесін қалыптасырып, жасап шығаратын жоба. Бұл адам жүрегінде ізгілік жасау программасы. Тәрбие программасын жасағанда оны жүзеге асыру үстінде де бүкіл адамгершілік қасиет – дүниетаным мен сенім. Тәрбие жұмыстарының программасы жас өспірім жүрегіне қоғамымыздың рухани байлықтарының қазынасы адамгершіліктің, үлгі-өнегені қайнар көзі, жарық жұлдыздары болып табылатын адамгершілік мұратын ашып көрсету керек.
Қазіргі оқу-тәрбие жұмысының өмірдің өзі алға қойып отырған өте маңызды проблемасы – адамгершілік пен білімнің, рухани мәдениет пен білімділіктің өзара байланысының проблемасы. Теориялық білімді меңгере отырып, оқушы адамгершілік жағынан тәрбиеленеді. Егер оқыту мен тәрбиелеу проблемасы осылайша оп-оңай шешілетін болса, оның шешілуі сабақтарда алынатын білімнің мазмұны мен көмегіне байланысты болса, қазіргі адамның, әсіресе жеткіншек ұрпақтың адамгершілігі және саяси идеяларға толы екені соншалық, бұл идеяларды сенімге, жеке адамның рухани игілігіне айналдыру адамгершілік тәрбие міндеттерін шеше алады деседі.
Адамгершілік тәрбие беруге басшылық ету мектеп өмірінде әрбір тәрбиеленушінің әлдекімге қамқорлық жасап, әлдекім үшін күйіп-пісіп, мазасыздануынан, әлдекімге өз жүрегін арнауынан көрінетін бір қарағанда байқала бермейтін моральдық күш жасау деген сөз. Осы арада біз адамгершілік тәрбиенің мынадай бір қағидасына келеміз: адамды тәрбиелейтін орта жасалып, үнемі байытылып отырғандықтан ғана алдын ала ықпал жасау құралдары тиімді болады.
Адамгершілік тәрбие берудегі өте нәзік, күрделі және қиыл нәрсе - әрбір шәкірттің жолдасына жақсылық жасауына, қуаныш әкелуіне, осы жол – пәнінің творчествасында адамға деген қажеттілік – оқушының бір-біріне шынайы терең ықыласты жетелеу. Бастауыш сыныптардың мұғалімі адамның жақсы және жаман мінез-құлқын баланың ажырата білуін күн сайын дерлік үйретіп отырады. Адамгершілік туралы түсініктер анықтама берілмесе де балаларда осылай біртіндеп қалыптасады. Балалардың істерінде адамгершілік ұғым көпшілік пайдасына, олардың қоғамдық мінез-құлқына қарап игеріледі, демек адамгершілік мінез-құлыққа дағдыланумен толықтырылып отырылады. Адамгершілік түсінік пен мінез-құлық бірлігі адамгершілікке тәрбиелеу тиімділігінің негізгі көрсеткіші.
Адамгершілікке тәрбиелеудің жетістіктері, оқу-тәрбие жұмысының басқа да түрлері сияқты, көбінесе жүйелілігі мен анықталады. Мұғалім 1-сыныпта бәрінен бұрын қайырымдылық пен әділдік туралы түсінікті қалыптастыруға баса назар аударады. Қайырымдылықты адамдарға ілтипатпен, ниеттестік пен қарау деп әділдікті өзінің және басқалардың мінез-құлқы мен пікірінде объекті түрде адамгершілікпен баға беру деп түсіну керек. 2 сыныпта оқушылар алдында қайырымдылық пен әділдік, жолдастық пен достастық ұғымдарының шеңбері ұлғая түсіп, оның үстіне ұжымдық пен ортақ іске жеке басты жауапкершілігі туралы түсініктер қалыптасады.
Төменгі сыныптарда адамгершілікке тәрбиелеу мазмұнындағы көзқарастардың кейбір қайшылықтарына қарамастан, бұл жұмыстың дәрежесі туралы әңгіме болып отырғанда олардың біртұтастығы мүлде айқындала түседі. Оқушылардың адамгершілік тәрбиесін орта мектепте оқып үйренген кезде, олардың адамгершілікке сенімі қалыптаса түсуі керек. Адамгершіліктің күрделі ұғымы мен категориясы бүкіл қоғамдық тарихи тәжірибені қайта өңдеуден және жете түсінуден шығуы ықтимал және ол жеке тәжірибеден алынған сияқты мораль туралы ғылымды игеру нәтижесі болып табылады.
Сондықтан адамгершілікке тәрбиелеу санасы қалыптасуына басшылық ету - демек, оқушыларды этикамен қаруландыру деген сөз. Бірақ, бұл ережелермен келісе отырып, адамгершілікке тәрбиелеу ұғымын қалыптастыру міндеті төменгі сыныптарда толық шешіле алмайды, өйткені балалар өздерінің білім дәрежесі жағынан да, өмір тәжірибесі жағынан да бұдан әзірленіп болмаған. Міне сондықтан да төменгі сынып оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеп білім беру ең алдымен олардың адамгершілік тәрбие жағынан ұғымы болуын, адамгершілік тәрбиесін сезініп, бұл жөнінен тәжірибеде де болуын керек етеді. Адамгершілік тәрбиесі түсінігі туралы айта отырып, оқушылар адамгершілік тәрбиесінің негізгі нормаларымен өмірдің айналасындағы, әдебиетті айқын мысалдар арқылы және өмірден алынған өз тәжірибесіне сүйене отырып танысады, бірақ, бұл арада түсіну сезімінің дәрежесіне тән істі талдап қорытуға байланысты болады.
Біз талдап өткен адамгершілікке тәрбиелеудің кемшіліктерін жою мектеп бағдарламаларының мазмұнында ізі қаланған тәрбие берудің мүмкіндіктерін толық және тиімді іске асыруға жағдай жасайды. 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет