11-тарау. Қылмыс жасау сатылары
§1.Қылмыс жасау сатыларының түсiнiгi мен маңызы
Қылмыстылықпен күресу тəжiрибесiнде қасақана қылмыс жасаған адамның өзiнiң қылмыстық ниетiн жəне
ойлаған əрекетiн соңына дейiн толық жүзеге асыра алмау жағдайлары жиi кездеседi. Мұндай жағдайларда
қылмыстық əрекет қай сатыда үзiлгендiгiн анықтау қажеттiлiгi туады. Осы мақсатта қылмыстық құқық
теориясы мен сот тəжiрибесi қылмыстық заңға сүйене отырып қылмыс жасау сатыларын қарастырады.
Қылмыс жасау сатылары дегенiмiз—қылмыскердiң өз ниетiн жүзеге асыру дəрежесi мен нақты бiр
қылмыстың обьективтiк жағын жүзеге асыруды бiр-бiрiнен ажырататын
қасақана қылмыстың дамуының
белгiлi бiр кезеңдерi. Аталған сатыларды анықтау қылмыскердiң қылмыстық жауаптылығын жəне жазасы
жөнiндегi мəселенi шешу үшiн қажет болып табылады.
ҚР қылмыстық заңы қылмыс жасаудағы қылмыскердiң ниетiн жүзеге асыруды үш сатыға бөледi:
1).Қылмысқа дайындалу,
2).Қылмысқа оқталу;
3).Аяқталған қылмыс.
Қылмыс жасау сатылары терминiн заңшығарушы қылмыстық заңда «аяқталған« жəне «аяқталмаған«
қылмыстар терминiмен сипаттайды. ҚК-ң 25-бабына сəйкес аяқталған қылмыс деп – адамның жасаған
əрекетiнде қылмыстық заңда көзделген қылмыс құрамының барлық белгiлерi болса танылады. Ал
аяқталмаған қылмысқа қылмыстық əрекеттiң 2 түрiн жатқызады;
а). адамның еркiнен тыс себептермен үзiлген қылмыстар
қылмысқа дайындалу жəне қылмысқа оқталу;
б). əрекет етушiнiң еркiмен тоқтатылған қылмыс, яғни қылмысты аяғына
дейiн жасаудан адамның өз
еркiмен бас тартуы.
Дегенмен, аяқталмаған қылмысты құрайтын қылмысқа дайындалу жəне қылмысқа оқталу əрекеттерiне
адам ойындағы қылмыстық ниеттi табуды, бiлiп қоюды жатқызуға болмайды. Себебi, адамның ҚК-ң
Ерекше бөлiмiнде қарастырылған
қылмысты жасауға бағытталған, бiрақ зиянды əрекеттермен нақты
көрiнбеген қылмыс жасау ниетiн қылмыстық iс-əрекет деп тануға болмайды. Iс-əрекетпен көрiнбегеннiң
барлығы қылмыстық құқықтық реттеуден тыс жатады.
Сондықтан, қоғамға қауiптi iс-əрекетте көрiнбеген қылмыстық ниеттi табу (мысалы,күнделiктi
жазбалардан белгiлi болған ойлар) қылмыстық жауаптылықты көздемейдi. Алайда, қылмыс жасауға деген
кiнəлiнiң ниетiн алдын-ала табу құқық қорғау органдарының қылмыстылықпен күресу қызметтерi үшiн
маңызды болып табылады.
Қылмыс жасау сатыларының қылмыстық
құқықтық маңызы ең алдымен, қылмысты саралау кезiнде
байқалады. Белгiлi бiр қылмыс аяқталды ма, жоқ əлде аяқталмаған қылмыс па, егер аяқталмаса қандай
сатыда тоқтатылды деген мəселенi шешу үшiн маңызды. Бұл жағдайда қылмыс жасаудың əрбiр алдыңғы
сатысын екiншiсi сiңiрiп отыратынын ескеру қажет.
Басқаша айтқанда, адам алдымен дайындық
əрекеттерiн жасайды, содан соң адам өмiрiне қол сұғады жəне соңында оны өлтiредi. Мұнда дайындық
сатысы оқталу сатысына сiңiрiлiп, адам аяқталған адам өлтiру қылмысы үшiн жауапқа тартылады.
Сонымен бiрге қылмыс жасау сатыларын анықтаудың елеулi тəжiрибелiк мəнi бар.
Қылмыстық құқықта
жауаптылық пен жазаны жекелеу iстiң барлық мəн-жайларын, соның iшiнде қылмысқа дайындалу дəрежесi
мен қылмыстық ниеттi жүзеге асыру туралы мəселенi ескеруге негiзделедi.
Достарыңызбен бөлісу: