Тезистер
Оңтүстік Қазақстанда Х ғ. бастап ислам діні кең түрде тарай бастайды. Сайрам, Отырар, Түркістан т.б. қалаларда діни медреселер салынып, ғылым-білімге кең жол ашылады.
Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) – Отырар (Фараб) ойшылдарының ішіндегі ең атақтысы, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған тұлға.
Ибн-Халиканның айтуына қарағанда Әл-Фараби Аристотельдің «Метафизикасын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, «Риторикасын» екі жүз рет оқып шығыпты.
Әл-Фараби философ, музыкант, математик ғалым ретінде дүниеге көзқарасы жағынан өз заманының озық ойлы адамы болды.
Әл-Фарабидің логика мен медицина, ғарышнама мен анатомия, философия, заң ғылымы сияқты ғылым салаларына қосқан жаңалықтары әлемге әйгілі.
Ол метафизика, тіл білімі, логика, география, этика т.б. ғылым салаларын қамтитын 160-қа жуық трактат жазып қалдырған.
Педагогика, психология, эстетика мен музыка, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан.
Әл-Фараби музыка саласында да «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка ғылымы туралы пікірлер» т.б. іргелі еңбектер жазған. Бірқатар музыкалық аспаптарды жетілдірген.
Әбу Райхан әл-Бируни 973-1050 жж. өмір сүрген. Толық есімі Мұхаммедбин Ахмед әл-Бируни, лақап аты Әбу Райхан болды.
17 жасынан бастап жетістіктерімен көріне бастады. Атақты ғалым Әбул Уәфамен бірге астрономиялық бақылаулар жасады. Араб, парсы, иврит, рим, сирий, грек және қытай тілдерін жақсы білген.
Математика, астрономия, геометрия, физика, химия, медицина, фармацевтика, тарих, география, этнология, геология, діндер тарихы сияқты 30-ға жуық ілім салаларында еңбектер жазған.
Беруни Коперник пен Галилейге дейін жердің күнді айналатыны туралы айтты. Жердің домалақ және айналып қозғалатынын, жерде тартылыс күші бар екенін Ньютоннан бірнеше ғасыр бұрын анықтаған. Материктердің солтүстікке қарай жылжуы туралы пікірді алғаш айтқан. Алғаш рет жердің диаметрін өлшеген. Еуропада мұны Бируни жүйесі деп атайды.
Жүсіп Баласағұни 1021-1075 жж. өмір сүрген. Ғұлама Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туған. Ол өзінің атақты «Құтадғу білік» (Құт негізі – білік) атты еңбегімен белгілі.
Бұл еңбек алғаш рет түркі тілінде жазылған. «Құтағду білікте» түркітілдес халықтардың тарихы мен қоғамдық-саяси өмірі, әдет-ғұрып, наным-сенімдері туралы мағлұматтар көптеп кездеседі.
Жүсіп Баласағұнидің бұл еңбегі оның ғылымның философия, астрономия, алгебра т.б. салаларында жан-жақты білімді адам болғанын көрсетеді.
Махмұд Қашқаридің (1030-1090 жж.) шын аты Махмұд Хусейн ибн Мұхаммед Қашқари болды.
Махмұд Қашқари үш кітаптан тұратын «Түркі тілдерінің сөздігі» (Диуани лұғат ат-Түрік) атты мәңгі өшпес мұра қалдырды.
Бұл кітап – түркі дәуірінде өмір сүрген түркі тайпалары сөздерінің жиынтығы.
Бұл кітаптан бүгінгі ғалымдар сол кездегі түркілердің мекендеген жерлері, олардың тарихы, этнографиясы, ауыз әдебиеті жайлы көптеген мағлұматтар алады.
Қожа Ахмет Йасауи (1103-1167 жж.) Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибрахим атақты ғұлама адам болған.
Мұнда ол сопылық ілімнің насихатшысына айналады. Арыстан бабты пір тұтады.
Он алты жасында-ақ болашақ ақын шығыс поэзиясын, әдебиетін, философиясын жетік меңгереді. Он жеті жасынан бастап, өзі де өлең жаза бастайды.
Қожа Ахмет Йасауиден қалған мұра оның «Даналық кітабы» (Диуани хикмет) деген еңбек болып табылады. Кітап түркі тілінде араб әліпбиімен жазылған.
Бұл еңбекте адамды даналыққа, адалдыққа, кішіпейілдікке, имандылыққа, білім алуға шақырады. Аллаға адал болуға баулиды, дін жолында таза болуға үгіттейді. Ақын өз заманының билік иелерін қатты сынға алады.
Ол жергілікті халықтардың ескі дінін жоққа шығармаған, қайта оны ислам дінімен ұштастырған.
Ахмет Иүгнеки – ортағасырлық түркілік мәдениеттің ірі тұлғасы.
Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» еңбегі – діни-философиялық рухани мұра, дидактикалық сипаттағы дастан.
Ақын шығармаларында өсиет, дидактикалық ой, ғибратнамалық нақыл сөздер көп.
Ахмет Иүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастанында өнер-білімнің пайдасы, адамгершілік, жағымды мінез-құлық туралы нақыл сөздерге ерекше орын берілген.
Моңғол шапқыншылығы және ұлыстардың құрылуы
Конспект
Алтын Орда мемлекетінің мемлекеттік құрылымы
Конспект
XIV ғасыр мен XV ғасырдың I жартысы аралығында жеке хандықтардың құрылуы
Конспект
Әмір Темір мемлекеті және оның басқыншылық жорықтары
Шыңғыс хан қолының негізгі жорықтарының бірі Қазақстан мен Орта Азия жеріне жасаған жорық болды, бұл жорық оларға Шығыс Еуропа мен алдыңғы Азияға жол ашты. Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азияға жасаған жорығына зор мән беріп, оған ұзақ әрі мұқият әзірленді.
Моңғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218-інші жылы қайта басталды. Шыңғыс хан өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлікті талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.
Жетісуді Шыңғыс хан аса көп қарсылықсыз-ақ басып алды. Моңғолдарға қарсы тұруға жарамай қашып кеткен Күшлік ханның жігерсіздігіне, оның діни қудалауларына, салықпен зар илеткен зорлық-зомбылығына ыза болған найманның феодалдары Шыңғыс ханға мойынсынып, өз әскерлерімен оның қарамағына өтті.
Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Қазақстанға басып кіруге «Отырар опаты» деп аталатын жағдай себеп болды.
1218-інші жылы Шыңғыс хан Орта Азияға Омар Қожа Отрари, Жамал Марағи және басқа саудагерлер басқарған сауда көруенін жіберді, 450 адамы бар 500 түйелік сауда керуені 1218-інші жылы жаз айында Отырар қаласына келіп жетеді. Отырар әміршісі Ғайыр хан саудагерлерді жансыз тыңшылар деп күдіктеніп, оларды қырып тастап, керуенді тонап алады. Шыңғыс хан Ғайыр ханды қолыма бер деп талап етті, бірақ Хорезм шахы Екінші Мұхаммед бұл талапты орындамағаны былай тұрсын, Шыңғыс хан жіберген жазықсыз елшілерді өлтіруге әмір етеді. Бұл Шыңғыс ханның Хорезмге қарсы соғыс ашуына себеп болды.
1219-ыншы жылы қыргүйекте Шыңғыс ханның 150 мыңға жуық қалың қолы Ертістен Сырдарияға қарай қаптайды. Шағатай мен Үгедей бастаған түмендер Отырарды қоршауға алады. Жошы бастаған әскер Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларды алуға аттанады. Үшінші бөлік Сырдарияның жоғарғы ағысындағы қалалар мен қыстақ-кенттерді алуға, ал Шыңғыс хан өзі кіші баласы Төлемен бірге Бұхараға қарай бет алды.
Отырар қаласы алты ай бойы берілмей қарсыласады. Тек Хорезм шахы Мұхаммед екінші көмекке жіберген әскебасы қақпаны ашып, өз әскерімен моңғолдарға берілгенде ғана моңғолдар осы қақпа арқылы қалаға лап қояды.
Осылайша Отырар қамалын жермен-жексен етіп, Шағатай мен Үгедей бастаған моңғол әскері Шыңғыс ханға келіп қосылды. Бұл кезде Шыңғыс хан Бұқара мен Самарқанд арасындағы жолда болатын.
Сырдария бойындағы басқа қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанды. Соның бірі Сығанақ қаласы еді. Жеті күнге созылған шабуылға қала тұрғындары табан тіресіп қарсыласты. Бірақ көп ұзамай Сығанақ жеңілді. Моңғолдар қаланы талап, халқын аяусыз қырды. Сол сияқты қарсылық көрсеткен Үзкент, Баршыкент қалалары алынып, Ашнас қаласының тұрғыңдары да қырғынға ұшырайды. 1219-1220-ыншы жылдар арасында Сырдарияның бойындағы барлық қалалар мен қыстақ-кенттер моңғолдардың қол астына өтеді.
Моңғол қолбасшылары Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық әскер Солтүстік Иранды басып өтіп, 1220-ыншы жылы Кавказға кірді. Олар алаңдарды, қыпшақтарды және Қалқа өзені бойындағы орыстарды 1223-інші жылы тас-талқан етіп жеңді. Моңғолдар орыс жерінің оңтүстік аймағын ойрандап, қазақ даласы арқылы 1224 жылы Шыңғыс ханның Ертістегі ордасына қайта оралды. 1225-інші жылы Шыңғыс хан Моңғолияға қайтып келді.
Сонымен 1219-1224-інші жылдардағы моңғол шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғыс хан империясының құрамына кірді.
Ұлыстардың құрылуы
Ұлан-ғайыр көп жерді жаулап алған Шыңғыс хан көзінің тірісінде осы жерлерді төрт ұлына енші етіп үлестірді. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыға Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан ары батысқа қарай «моңғол атының» тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар, оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейнгі жерлер берілді. Әмударияның төменгі жағындағы аймақтар мен Сырдария өңірі де Жошы ұлысына кірді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталды.
Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайға Қашқария, Жетісу, Мауренахр тиді. Шағатай ұлысының мұрасы ретінде Жетісуда Моғолстан мемлекеті құрылған еді.
Үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Кенже ұлы Төлей әкесінің қара шаңырағы Моңғолияны мұраға алды. Сонымен бірге ол моңғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын алды, ал қалған әскер үш баласының әрқайсысына 4 мың адамнан бөлініп берілді. Бұл ұлыстардың барлығы Қарақорымдағы (Моңголиядағы) ұлы хан Шыңғыс ханға бағынатын болды.
Жошының ордасы Ертіс алқабында, Шағатайдың ордасы Іле алқабында болды. Үгедейдің ордасы қазіргі Шәуешек қаласының маңында орналасты.
Сонымен Қазақстанның барлық жері моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен далалық бөлігі Жошы ұлысының, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан Шағатай ұлысының, Жетісудың Солтүстік-шығыс бөлігі Үгедей ұлысының құрамына кірді.
Моңғол шапқыншылығы бұл өңірде бұрын қалыптасып қалған шаруашылық-экономикалық, мәдени-этностық дамуды бұзды. Сонымен қатар моңғол шапқыншылығы Қазақстан жерінің этностық құрылымына едәуір өзгеріс әкелген саяси фактор болды. Бір жағынан Қазақстан жеріне сырттан келген моңғол және түркітектес тайпалар қоныстанса, екінші жағынан жергілікті халықтың біраз бөлігі Шыңғыс ұрпақтарының жорықтарына тартылып, елімізден тыс аймақтарға кетті. Соның нәтижесінде жергілікті түркітектес рулар, тайпалар бір-бірінен ажырап қалды, бұрынғы тұтастығынан айырылып, ұсақталып кетті. Бұл үлкен ру-тайпалардың халық болып бірігуін қатты тежеді. Моңғол шапқыншылығы тайпалардың, тайпалық одақтардың аяқталуға жақын қалған халық болып бірігу процесін бірнеше ғасырға шегерді.
Моңғолдардың келуімен тайпалардың басқару жүйесінде, шаруашылық әрекетінде, тұрмыс-тіршілігінде, салт-санасында белгілі бір өзгерістер болды. Әсіресе, оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлердегі қалыптасып қалған қала мәдениеті, егіншілік қатты күйзеліске ұшырады, кей жерлерде мүлде құрып, қайта бұрынғы қалпына келе алмай қалды. Дегенмен де қалыптасып келе жатқан халықтың мәдениеті мүлде тоқыраған жоқ. Олар түркілердің тілін, әдет-ғұрпын, дінін қабылдады.
Моңғолдар далаға орталықтандырылған мемлекет құру идеясын әкелді, бұрын ыдырап жүрген тайпаларды біріктірді. Көшпелі өмір нормасын Шыңғыс ханның «Жасақ» заңы реттеп отырды, мұнда жаңа жағдайларға бейімделген кәдімгі құқық жинағы болды. Алайда Шыңғыс хан мен оның мирасқорлары жүргізген соғыстар жаулап алынған жерлердің ғана емес, сондай-ақ Моңғолияның өзінің де өндірістік күштерін құлдыратты.
Қазақстанды мекендеген тайпалардың көбі моңғол шапқыншылығы салдарынан Венгрияға, Балқан елдеріне, Үндістанға, Қытай мен Мысырға ауды.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өз ұлысын тәуелсіз мемлекет етуге ұмтылды, бірақ ол 1227-інші жылы қыста қайтыс болды. Жошы хан өлгеннен кейін оның мирасқоры Бату жорықтары нәтижесінде ұлыс аумағы Алтайдан Дунайға дейін созылды. Бұл ұлы мемлекет Алтын Орда мемлекеті болды. Ол Батыс Дешті Қыпшақ аумағына, Еділ бұлғарларының жерлеріне және әрмен қарай батысқа жаугершілік жорықтар жасады. Ірі орыс княздіктерін, көптеген Еуропа елдерін талқандады. Жеті жылдық жорық нәтижесінде Еділден бастап батысқа қарай Қырым, Солтүстік Кавказ, Батыс Қыпшақ далаларын қоса алғанда, Дунайдың төменгі ағысына дейінгі жерлер Батудың қолына қарады.
Моңғолдар Ордада азшылық болды. Он үшінші ғасырдың соңы мен он төртінші ғасырда моңғолдар толық түркіленіп, Алтын Орда халқы татарлар деп атала бастады.
Тезистер
Шынғыс хан қолының негізгі жорықтарының бірі Қазақстан мен Орта Азия жеріне жасаған жорық болды.
Моңғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218 жылы қайта басталды. Шыңғыс хан өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлікті талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.
Жетісуді Шыңғыс хан аса көп қарсылықсыз-ақ басып алды.
Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды.
Қазақстанға басып кіруге «Отырар опаты» деп аталатын жағдай себеп болды.
1219 жылы қыргүйекте 150 мыңға жуық Шыңғыс ханның қалың қолы Ертістен Сырдарияға қарай қаптайды.
Шағатай мен Үгедей бастаған түмендер Отырарды қоршауға алады. Жошы бастаған әскер Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларды алуға аттанады.
Үшінші бөлік Сырдарияның жоғарғы ағысындағы қалалар мен қыстақ-кенттерді алуға, ал Шыңғыс хан өзі кіші баласы Төлей мен Бұхараға қарай бет алады.
Отырар қаласы алты ай бойы берілмей қарсыласады.
Сырдария бойындағы басқа қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанды. Соның бірі Сығанақ қаласы еді. Жеті күнге созылған шабуылға қала тұрғындары табан тіресіп қарсыласты.
Сол сияқты қарсылық көрсеткен Үзкент, Баршынкент қалалары алынып, Ашнас қаласының тұрғыңдары да қырғыңға ұшырайды.
1219-1220 жылдар арасында бүкіл Сырдарияның бойындағы қалалар мен қыстақ-кенттер моңғолдардың қол астына өтеді.
1225 жылы Шыңғыс хан Моңғолияға қайтып келді.
1219-1224 жылдардағы моңғол шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғыс хан империясының құрамына кірді.
Ұлан-ғайыр көп жерді жаулап алған Шыңғыс хан көзінің тірісінде осы жерлерді төрт ұлына енші етіп үлестірді.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыға Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан ары батысқа қарай «моңғол атының» тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар, оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейнгі жерлер берілді. Әмударияның төменгі жағындағы аймақтар мен Сырдария өңірі де Жошы ұлысына кірді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталды.
Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайға Қашқария, Жетісу, Мауренахр тиді. Шағатай ұлысының мұрасы ретінде Жетісуда Моғолстан мемлекеті құрылған еді.
Үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Кенже ұлы Төлей әкесінің қара шаңырағы Моңғолияны мұраға алды
Бұл ұлыстардың барлығы Қарақорымдағы (Моңголиядағы) ұлы хан Шыңғыс ханға бағынатын болды.
Сонымен Қазақстанның барлық жері моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен далалық бөлігі Жошы ұлысының, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан Шағатай ұлысының, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі Үгедей ұлысының құрамына кірді.
Моңғол шапқыншылығы бұл өңірде бұрын қалыптасып қалған шаруашылық-экономикалық, мәдени-этностық дамуды бұзды.
Сонымен қатар моңғол шапқыншылығы Қазақстан жерінің этностық құрылымына едәуір өзгеріс әкелген саяси фактор болды.
Бір жағынан Қазақстан жеріне сырттан келген моңғол және түркітектес тайпалар қоныстанса, екінші жағынан жергілікті халықтың біраз бөлігі Шыңғыс ұрпақтарының жорықтарына тартылып, елімізден тыс аймақтарға кетті.
Бұл үлкен ру, тайпалардың халық болып бірігуін қатты тежеді. Моңғол шапқыншылығынан тайпалардың, тайпалық одақтардың аяқталуға жақын қалған халық болып бірігуі бірнеше ғасырға шегерілді.
Көшпелі өмір нормасын Шыңғыс ханның «Жасақ» заңы реттеп отырды, мұнда жаңа жағдайларға бейімделген кәдімгі құқық жинағы болды.
Қазақстанды мекендеген тайпалардың көбі моңғол шапқыншылығы салдарынан Венгрияға, Балқан елдеріне, Үндістанға, Қытай мен Мысырға ауды.
Моңғолдар Ордада азшылық болды. XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырда моңғолдар толық түркіленіп, Алтын Орда халқы татарлар деп атала бастады.
1235-інші жылы Қарақорымда өткен бүкіл моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол әскерін Шыңғыс ханның мұрагер немересі, Жошының екінші ұлы Бату басқаратын болды. Бату әскері 1236-ыншы жылы Камадағы бұлғарларды, мордваларды талқандап, 1237-інші жылы орыс мекендеріне келіп шүйлікті. 1240-ыншы жылдың күзінде Бату Киевті талқандады, Польша, Венгрия, Чехияны және басқа да елдерді басып алды.
Батудың екпінді жорығы барысында моңғолдар кең-байтақ жерге ие болды. Оның шегі батыста – Днестрге, шығыста – Ертіске, Солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына, Оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейін жетті. Бату иеліктерінің құрамына оңтүстік-шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төменгі жағындағы жерлер енді. Оңтүстік орыс княздіктері де Батуға тәуелді болды. Осындай аса зор мемлекет шығыс деректемелерінде Көк Орда, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деп аталды. Астанасы алғашында Еділ бойындағы Сарай Батуда болса, Кейін Сарай Беркеге көшірілді. Алтын Орда халқы этникалық жағынан біркелкі болған жоқ. Отырықшы аймақтарда Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары және хорезмдіктер тұрды. Далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, тағы басқа тайпалар мекендеді. Дешті Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойына қоныс аударған моңғолдар аз болған жоқ. Олар кейін жергілікті түркітілдес халықтармен сіңісіп кетті.
Алтын Орда Бату, Берке, Мөңке-Темір, Төле Мөңке, Төле-Бұқа, Тоқа-Темір, Өзбек, Жәнібек хандар билеген тұста кемеліне келіп, оның билігі мейлінше күшейе түсті. Егер Жошы мен Бату Моңғолиядағы ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін тәуелсізбіз деп есептеді. Алтын Орда Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттық жүргізді, халқы әртүрлі кәсіппен айналысып, қолөнерді дамытты. Беркенің кезінде Алтын Орда мен Мысыр сұлтаны Бейбарыс арасында байланыс күшейе түсті. Берке хан тұсында Алтын Ордаға ене бастаған ислам дінін Өзбек хан 1312-інші жылы Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялады. Алтын Орданың гүлденген мезгілі осы Өзбек хан мен оның баласы Жәнібек ханның билік еткен тұстары болды. Өзбек хан қалаларда медреселер салдырып, мұсылмен дінінің таралуына септігін тигізді.
Саяси өмірдің ерекше маңызды кезеңдерінде билеуші Шыңғыс хан әулетінің өкілдері бастаған феодалдық алпауыт бектердің құрылтайы шақырылып тұрды. Мемлекет құрылысы әскери негізде болды. Қарулы күштер оң қол, сол қолға бөлініп, оларды ханзада-ұғландар, түменбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасылар басқарды. Алтын Орда халқының қоғамдық және мәдени даму дәрежесі әркелкі болды.
Шыңғыс хан ұрпақтары ұлыстарының басқару жүйелері бір-біріне ұқсас болды. Хандық өкімет хан ұрпақтарының иелігі болды. Егер хан өлсе, не інісі, не баласы таққа отыратын. Алтын Орда хандары ислам дінін қабылдағаннан кейін іс жүргізу жұмыстарын ұйғыр жазуымен жүргізе бастаған. Мұндай іс-қағаздарын жүргізушілерді «бітікшілер», яғни хатшылар деп атаған. Ұлыстың аумақтық бөліктері билеуші әмірлерге, мыңдықтар нояндарға, ал нояндар беклербекке бағынған. Ал азаматтық істерге уәзір билік жүргізген. Жалпы Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік басқару жүйесі толығымен сақталған. Мемлекет ұлыстарға, ал ұлыстар ұсақ үлестерге бөлініп басқарылды. Азаматтық басқару билігі түркі әулеттерінен шыққан «мәлік» деп аталатын жергілікті әкімдер арқылы жүзеге асырылған. Ал даруғалар салық жинаумен шұғылданды. Әскери істерді беклербек басқарды. Басқақтар да маңызды рөл атқарды. Олар басқару қызметін атқарумен қатар жергілікті халыққа әскери бақылау жүргізді, кейбір жерлерде салық жинаумен де айналысты.
Қазақстан жеріне моңғолдар Шыңғыс ханның құқық нормаларын «Жасақты» енгізді, онда феодал шонжарлардың артықшылықтары белгіленді.
Алтын Орда хандығы берік мемлекеттік бірлестік бола алған жоқ, оның әлеуметтік және мәдени даму дәрежесі әртүрлі және экономикалық негізі төмен болды. Феодалдық қатынастар дамыған сайын ішкі-сыртқы байланыстар шиеленісе түсті. 1342-1357-інші жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан өлгеннен кейін Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасында хан тағына талас басталды.
Тек 1357-1380-інші жылдар арасында Алтын Ордада 25 хан ауысты. Оған қоса Алтын Орда қарауындағы езілген бұқара халықтың азаттық күресі күшейді. Он төртінші ғасырдың аяқ кезінде Мауренахр билеушісі Әмір Темірдің күшті шабуылдары да Алтын Орданы әлсіретпей қоймады. 1380-ыншы жылы Куликово даласында Мамай хан бастаған моңғол әскерін талқандаған орыс князьдары Алтын Ордадан тәуелсіздік алды. Алтын Орда тарихында «дүрбелең кезең» басталды. Осындай қат-қабат қайшылықтар мен тартыстар нәтижесінде әлсіреген Алтын Орда он бесінші ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекетке бөлініп кетеді. Алтын Орда – Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары болып бөлініп кетеді. Хорезм Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кіреді.
Империялар тарихына жасалған шолу мынаны дәлелдеп отыр: Қарудың күшімен құрылған мемлекет жергілікті халықтың топтасуын жеделдетіп, оның өз тәуелсіздігі үшін толассыз күрес жүргізіп, міндетті түрде ерте ме, кеш пе өз мемлекетін құруына алып келеді. Шыңғыс хан негізін қалап, ұрпақтары басқарған Моңғол империясының (Алтын Орда) тағдыры да осылай аяқталды. Бұл тарихи шындықтың тағы бір көрінісі Қазақстан аумағында он төрт - он бесінші ғасырлар аралығында құрылған феодалдық мемлекеттер, қазақ этносының қалыптасуының аяқталуы мен Қазақ хандығының құрылуы болды.
Тезистер
1235 жылы Қарақорымда өткен бүкіл моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады.
Моңғол әскерлерін Шыңғыс ханның мұрагер немересі, Жошының екінші ұлы Бату басқаратын болды.
Бату әскері 1236 жылы Камадағы бұлғарларды, мордваларды талқандап, 1237 ж. орыс мекендеріне келіп шүйлікті.
1240 жылдың күзінде Бату Киевті талқандады, Польша, Венгрия, Чехияны және басқа да елдерді басып алды.
Батудың күшті жорығы барысында моңғолдар кен-байтақ жерге ие болды. Оның шегі батыста – Днестрге, шығыста – Ертіске, Солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына, Оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейін жетті.
Осындай аса зор мемлекет шығыс деректемелерінде Көк Орда, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деп аталды.
Астанасы алғашында Еділ бойындағы Сарай Батуда болса, Кейін Сарай Беркеге көшірілді.
Дешті Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойына қоныс аударған моңғолдар кейін жергілікті түркітілдес халықтармен сіңісіп кетті.
Егер Жошы мен Бату Моңғолиядағы ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін тәуелсізбіз деп есептеді.
Беркенің кезінде Алтын Орда мен Мысыр сұлтаны Бейбарыс арасында байланыс күшейе түсті.
Берке хан тұсында Алтын Ордаға ене бастаған ислам дінін Өзбек хан 1312 жылы Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялады.
Алтын Орданың гүлденген мезгілі осы Өзбек хан (1312-1342 жж.) мен оның баласы Жәнібек ханның (1342-1357 жж.) билік еткен тұстары болды.
Мемлекет құрылысы әскери негізде болды.
Қарулы күштер оң қол, сол қолға бөлініп, оларды ханзада-ұғландар, түменбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасылар басқарды.
Егер хан өлсе, інісі немесе баласы таққа отырды.
Іс-қағаздарын жүргізушілерді «бітікшілер», яғни хатшылар деп атаған.
Ұлыстың аумақтық бөліктері билеуші әмірлерге, мыңдықтар нояндарға, ал нояндар беклербекке бағынған.
Ал азаматтық істерге уәзір билік жүргізген.
Азаматтық басқару билігі түркі әулеттерінен шыққан «мәлік»деп аталатын жергілікті әкімдер арқылы жүзеге асырылған.
Даруғалар салық жинаумен шұғылданды.
Әскери істерді беклербек басқарды.
Басқақтар да маңызды рөл атқарды. Олар басқару қызметін атқарумен қатар жергілікті халыққа әскери бақылау жүргізді, кейбір жерлерде салық жинаумен де айналысты.
Тек 1357-1380 жылдар арасында Алтын Ордада 25 хан ауысты.
Оған қоса Алтын Орда қарауындағы езілген бұқара халықтың азаттық күресі күшейді.
Алтын Орда тарихында «дүрбелең кезең» басталды.
Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекетке бөлініп кетті. Алтын Орда Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары болып бөлініп кетеді. Хорезм Ақсақ Темір мемлекетінің құрамына кіреді.
Моңғол дəуірінен кейінгі кезең Шығыс Дешті Қыпшақ, Жетісу жəне Оңтүстік Қазақстан халқының бірігуімен сипатталады. Осы иеліктерде моңғол дəуірінің ыдырау процесі жүріп, Ақ Орда, Моғолстан, Əбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы құрылды.
Ақ Орда. ХІІІ ғасыр мен ХV ғ. басы аралығында Шығыс Дешті Қыпшақ жерінде Ақ Орда мемлекеті өмір сүрді. Ол моңғол шапқыншылығынан кейін Қазақстан жерінде пайда болған бірінші ірі мемлекет. Ақ Орданың негізін қалаушы – Жошының үлкен баласы Орда Ежен (1226-1280 жж.).
ХІV ғ. екінші жартысында Алтын Орда билігі əлсіреп, Ақ Орда күшейіп, дамудың ең жоғары сатысына жетті. Территориясы батысында Жайық өзенінен шығыста Ертіс өзеніне дейінгі, оңтүстікте Сырдария алқабы, Арал теңізінің солтүстік-шығысынан солтүстікте Оңтүстік Сібір ормандарына дейінгі жерлер болды. Астанасы – Сығанақ (Сырдарияның орта ағысы). Халқы түркітілді тайпалардан құралды.
Ақ Орданың саяси тарихы бірінші кезеңде Шығыс Дешті Қыпшақ жерін Алтын Орданың билігінен азат ету жолындағы ұзақ күреспен өтеді, кейінірек Ақ Орда хандары Алтын Орда ісіне араласады, ал өз тарихының соңғы кезінде Мауренахр билеушісі Әмір Темір мен оның ұрпақтарының басқыншылығына қарсы күреседі. Мемлекетті Орда Ежен тегінен шыққан хандар басқарды.
ХІV ғ. екінші ширегінде Мүбəрак қожа (1320-1344 жж.) Алтын Ордаға бағынбай дербес саясат жүргізуге тырысты.
Орыс ханның кезінде (1361-1376 жж.) Ақ Орда Алтын Ордадан бөлініп, тəуелсіз хандық болып жарияланды. Ол Алтын Орданы өзіне бағындыруға əрекет етті. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін 1368 жылы Еділ бойына жорық жасайды. 1374-1375 жж. Сарай Беркені, Қажы Тарханды (Астрахан) алып, Кама бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды. Алтын Орданы жаулау кезінде өзіне көмекке келмеген Жошы əулетінің бірі Маңғыстау аймағының билеушісі Түй Қожаны өлтіреді. Оның баласы Тоқтамыс Əмір Темірді барып паналайды. Темір бұл жағдайды пайдаланып, Тоқтамысты көп əскермен Ақ Ордаға жібереді. Тоқтамыстың алғашқы жорығы (1374-1375 жж.) сəтсіз аяқталды, Ақ Орда əскері оның əскерін талқандайды. Бұл соғыста Орыс ханның баласы Құтлық Бұқа қаза болды.
Əмір Темірден қайтадан əскер алған Тоқтамыстың екінші жорығы да сәтсіз болып, ол Орыс ханның ұлы Тоқтақия басқарған Ақ Орда əскерінен жеңілді, Тоқтамыс тек төртінші жорығынан кейін ғана Ақ Орда тағына отырады.
ХІV ғ. аяғы мен ХV ғ. басында Ақ Орданың əлсіреуіне Əмір Темірдің тонаушылық жорықтары жəне ішкі тартыстар себеп болды. Ақ Орда жеріндегі билік Шайбанның ұрпағы Əбілқайырдың қолына көшеді.
Кейін Ақ Орда мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз болды.
Моғолстан хандығы. Бұл мемлекет ХІV ғ. ортасында Орта Азияның солтүстік-шығыс бөлігі, Жетісу мен Шығыс Түркістан жерінде Шағатай ұлысы ыдырағаннан кейін құрылды.
Моғолстан мемлекетінің негізін салушы дулат тайпасының көсемі – Əмір Болатшы болды. Алғашқы ханы – Тоғылық Темір (1348-1362 жж.), ол Моғолстан билеушілері əулетінің негізін салды. Астанасы – Іле алқабындағы Алмалық қаласы. Аумағы Оңтүстік-шығыс Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістанды алып жатты. Орталық аймағы – Жетісу. «Моғолстан» атауы «моңғол» сөзінен шыққан. Өйткені түркі жəне парсы деректерінде моңғолдарды осылай атаған. Халқы дулаттар, қаңлылар, керейттер, арғындар, үйсіндер, барластар т.б. түркі жəне түркіленген моңғол тайпаларынан құралды. Осылардың ішінде дулаттар ең қуатты тайпа болды.
Моғолстанда мемлекеттің саяси басшысы жəне жер-судың жоғарғы иесі хан болған. Дулат тайпасы əмірлерінен ханның көмекшілері – ұлысбектер тағайындалды. Хандық кеңес мемлекеттің ішкі жəне сыртқы істері, əскери жорық жəне жайылым жерлерді бөлумен айналысты. Ақсүйектер жерді шартты түрде иеленудің ихта, инджу, сойырғал сияқты түрлерін пайдаланған. Көшпелі аудандарда жер қауымның қарауында болған.
Моғолстанның алғашқы ханы болған Тоғылық Темір өз билігін нығайту үшін ислам дінін тірек етті. Тоғылық Темір 1361 жылы Мауренахрды түгел басып алып, баласы Ілияс Қожаны билеуші етіп қойды. Оның тұсында өзара қырқысу соғыстары басталып, Моғолстан бірнеше бөлікке бөлінді.
Осыны пайдаланған Əмір Темір ХІV ғасырдың 70-80 жылдары Моғолстанға оншақты рет шапқыншылық жасайды. Қызыр Қожа хан (1385-1399 жж.) өзін Темірдің вассалы деп мойындайды.
ХV ғ. бірінші жартысында Моғолстанға ойраттардың шапқыншылығы жиіледі. Уайс хан (1418-1428 жж.) ойраттарға батыл қарсылық көрсетті. Уайстың баласы Есен Бұға хан (1433-1462 жж.) ХV ғ. 30 жылдарының басында өкімет билігін иеленді. ХV ғ. 50 жылдарының аяғында Жəнібек пен Керей бастаған тайпаларға Есен Бұға Моғолстанның батыс бөлігінен жер бөліп берді. Мұндағы Есен Бұғаның мақсаты қазақтарды ойраттарға жəне Темір əулетіне қарсы əскери күш ретінде пайдалану, қарсыласы Əбілқайыр мен інісі Жүніске қарсы қою еді.
Осылайша ХVІ ғ. басында феодалдық өзара қырқыстар, халық наразылығының жиілеуі жəне Моғолстанды мекендеген тайпалардың Қазақ хандығына барып қосылуы салдарынан Моғолстан ыдырап, жеке мемлекет болып өмір сүруін тоқтатты.
Əбілқайыр хандығы. 1428 жылы Шайбан ұрпағы Əбілқайыр (1428-1468 жж.) осы аймақтардағы билікті қолына алды. Ол Сырдария бойындағы қалалар мен Хорезм үшін Темір ұрпақтарымен ұзақ соғысты. Шығыс Дешті Қыпшақтың бытыраңқы тайпаларының басын қосып «Көшпелі өзбектер мемлекетін» құрды.
Əбілқайыр хандығының аумағы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі жағы мен Арал өңірінен солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі ұлан-байтақ жерді алып жатты. Астанасы алғашқыда Тура, 1431 жылдан Орда Базар, 1446 жылдан Сығанақ болды. Халқы өзбектер деп аталған түркі тайпаларынан (қыпшақтар, қоңыраттар, наймандар, маңғыттар, қарлұқтар, қаңлылар, үйсіндер т.б.) құралды. Əбілқайыр хан елді 40 жыл билесе де мемлекетінің ішкі саяси жағдайын тұрақты ете алмады. Мемлекет бір орталықтан басқарылмай бірнеше иелікке бөлініп, оларды Шыңғыс əулетінің билеушілері басқарып, олардың арасында билік үшін соғыстар тоқтамады.
Əбілқайыр хан өз билігін нығайтып, жаңа жерлер қосып алу үшін көп соғысты. Бірақ 1457 жылы Өз Темір бастаған ойраттардан Сығанақ түбінде жеңіліп, онымен өзін қорлайтындай ауыр шарт жасасты. Бұл жағдай Əбілқайыр ханның саяси беделін төмендетті. Нəтижесінде ХV ғ. 50 жылдарының аяғында Көшпелі өзбектер мемлекетінен Жəнібек пен Керей сұлтандар бастаған халықтың бір тобы Моғолстанға көшіп кетті. Оларды жазалау үшін 1468 жылы Əбілқайыр хан Моғолстанға жорыққа аттанып, жолда кенеттен қайтыс болды. Осыдан кейін Əбілқайыр хандығы ыдырап кетті.
Бұл жерлердегі билік қазақ хандарына толық көшті.
ХVІ ғ. басында көшпелі өзбектердің бір бөлігі Шайбанилердің бастауымен Мауренахрға көшіп кетті. Ондағы Темір ұрпақтарының билігінің əлсірегенін пайдаланып, Шайбанилер Орта Азиядағы билікті тартып алды.
Ноғай Ордасы. Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған мемлекеттік бірлестіктің бірі Ноғай Ордасы болды. Ол ХІV-ХV ғасырларда Батыс Қазақстанның бір бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы Алтын Орданың беклербегі, əскер қолбасшысы, Ноғай (1260-1306 жж.) есімімен байланысты болды. Берке хан өлгеннен кейін Доннан Дунайға дейінгі жер Ноғайдың бақылауында болды. Оның құрамындағы рулар Каспий маңына қоныс аударып, Ноғай елі атанды.
Ноғай Ордасының негізін салушы Әмір Едіге (1395-1419 жж.) болды. Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп (1396-1411 жж.), «ұлы əмір» атанған. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің кезінде бөлектене бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддин (1426-1440 жж.) тұсында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХV ғ. ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Жері Еділ-Жайық арасы, астанасы Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болды. Халқы – маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, алшын, тама жəне т.б. сияқты түркі тайпалары.
Ноғай Ордасында ұлыстық басқару жүйесі қалыптасып, бір орталыққа бағынған өкімет болды. Орда билеушісі хан болды. Ұлыс басында мырзалар тұрған, олар өз иеліктерінде шексіз билік жүргізіп, ұлыстың ең шұрайлы жайылымдары мен өрістерін иемденген.
Кейін ноғайлар қазақ хандарымен соғысып, енді бірде татуласып, одақ құрып отырған. Ш. Уəлиханов ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан Орда» деп атаған. Ал Хақназар хан «қазақ пен ноғай ханы» атанған.
ХVІ ғ. екінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге – Үлкен Ноғайлы (Еділдің шығысы) жəне Кіші Ноғайлыға (Еділдің батысы) бөлінді. Осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енеді. Осылайша Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуында үлкен рөл атқарды.
Достарыңызбен бөлісу: |