КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық зерттеу жұмысының тақырыбы қазіргі кезеңде өте өзекті. Бұл Қазақстандық психология ғылымының зерттеу алаңына ұсынылып отырған тың тақырып. Ғылыми жұмыс өзіндік тиімділік феноменін және оның студенттік кезеңдегі тұлғаның жүйелік сапасы ретіндегі даму ерекшеліктерін, оны оқу мен еңбек нарығындағы және өмірдегі жетістік үшін ресурс ретінде зерттеуге арналған.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан қоғамында болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістер, күннен-күнге үдеп келе жатқан интеграциялық үрдістер, еңбек нарығындағы бәсекелестіктің артуы жоғары оқу орнын бітіретін мамандарға қойылатын талаптарды күшейтуде. Сондықтан да жоғары оқу орындарында уақыт талабына сай білім мен ғылымды игерген, сауатты да салауатты, шығармашыл, кәсіби құзыретті мамандар дайындаудың қажеттілігі артуда. Орындалатын іс-әрекетке субъективті көзқарас адамның ішкі резервтерге, іс-әрекетте өзін-өзі ұйымдастыруға, даму әлеуетіне, іс-әрекет құралдарын таңдау және тек іс-әрекеттің, мінез-құлықтың ғана емес, сонымен бірге жалпы өмірдің белгілі бір стратегиясын құру мүмкіндіктерінде жүзеге асырылады. Бұл, сайып келгенде, тұлғаның өзіндік тиімділігіне байланысты. Осылайша, тұлғалық өзіндік тиімділік мәселесін зерттеу аса өзекті және уақыт талабы болып отыр, өйткені бүгінгі күні қоғамға өз іс-әрекетінің нәтижелерін (оның ішінде кәсіби) және өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалай алатын және іс-әрекетті табысты жүзеге асыруға қабілетті жоғары тиімді адамдар қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» Қазақстан халқына жолдауында «бізге кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет» деп атап көрсетті [1]. Бұл студент жастардың алған білімдерін іс жүзінде жүзеге асыруға қабілетті болашақ маман ретінде дайындау қажеттілігін айқындайды [1].
Қазақстан Республикасында (бұдан әрі – ҚР) білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген жоғары білімге қойылатын мемлекеттік талаптар студент тұлғасының дербестігі мен бәсекеге қабілеттілігін дамытуға бағытталған. Студенттердің өзіндік тиімділік деңгейін арттыру қажеттілігі ҚР жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының (бұдан әрі-Стандарт, 2018) негізгі ережелерінде көрініс табады, мұнда оқу-тәрбие процесі және ЖОО-ның барлық білім беру ортасы «өмір бойы өзін-өзі дамыту және білім беру дағдыларын қалыптастыруға; қазіргі әлемде ұтқырлыққа, сыни ойлауға және физикалық өзін-өзі жетілдіруге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға» (Стандарт, 2018) бағдарлануы тиіс делінген [2].
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында қазақтың ұлы ақыны мен ойшылының туғанына 175 жыл толуына орай оның шығармалары мен қара сөздерінің қазіргі қоғам үшін маңыздылығын көрсетті [3]. Ол Абай Құнанбайұлының жастарды білімді, жоғары интеллектуалды болуға және әр түрлі өнер түрлерін игеруге шақырғанын атап өтті. Ұлы ойшыл өзінің қанатты сөздерімен ұлтты тәрбиелеуге ұмтылды, тұлғаның өзін толыққанды өзін-өзі дамыту үшін тұлғалық өсу мен өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу қажеттілігі туралы айтты.
Сондай-ақ, ойшыл жастардың әлеуметтік жауапкершілігін, тұлғалық белсенділігін, еңбексүйгіштік пен өзіндік тиімділігін өз халқының игілігі үшін және қоғамның дамуына өз үлесін қосу үшін қалыптастыру қажеттілігі туралы айтты. Абайдың «Толық адам» формуласы осы күрделі мәселенің шешімін көрсетеді. «Толық адам» ұғымы ағылшынның «manofintegrity» терминіне сәйкес келеді. «Толық адам» – өзіне сенімді, жақсылыққа, игі істерге ұмтылатын адам. Тұлғаның өзіндік тиімділігі тұжырымдамасы Абайдың еңбектері мен қара сөздерінде қаланып қойылған. Абай айтады: «Ақылыңды, күшіңді, жүрегіңді тең ұста, сонда сен толыққанды адам боласың. Адамға, таза ақыл мен ерік-жігерден басқа, мейірімді жүрек қажет [4]. Ол осы үш ұғымды үнемі біртұтастықта қарастырады және ерік-жігер өзін-өзі жүзеге асыруға және тұлғаның мақсаттарына жету үшін қабілеттерін тиімді пайдалануға әкеледі деп санады. Біз, Абайдың сөздері қазіргі жастардың тұлғалық дамуы үшін өте орынды деп санаймыз, өйткені қазіргі жаһандану мен қоғамды жаңғырту дәуірінде әрбір адамның өнімді жұмысы елдің дамуына үлес қосады.
Студенттердің өзіндік тиімділігі дамуы мәселесін зерттеу нәтижесінде біз келесі қарама-қайшылықтарды анықтадық:
–ҚР жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты аясында оқу-танымдық және коммуникативтік іс-әрекетті тиімді жүзеге асыруға қабілетті студенттердің өзін-өзі дамыту дағдыларын қалыптастыруды қамтамасыз ету қажеттілігі және қазіргі жастардың көпшілігінің өз мінез-құлқы мен іс-әрекетін рефлексиялай алмауы арасында;
–қазіргі қоғамның тұлғалық даму деңгейі жоғары, тәуелсіз, шығармашылық жұмысқа дайын жоғары білікті мамандарға деген қажеттілігі мен білім алушы болашақ мамандардың тұлғалық өзіндік тиімділігі проблемасының жеткіліксіз зерттелуі, сондай-ақ екінші жағынан, университетте оқу кезеңінде студенттердің өзіндік даму тиімділігінің теориялық және практикалық мәселелерінің болмауы арасында.
Анықталған қарама-қайшылықтар зерттеудің келесі мәселесін айқындауға мүмкіндік берді: университеттік білім беру кезеңінде студенттердің тұлғалық өзіндік тиімділігінің сәтті дамуына ықпал ететін психологиялық жағдайлар қандай? Осыған байланысты, университеттік білім берудің қазіргі кеңістігінде студенттердің тұлғалық өзіндік тиімділігі дамуының мотивациялық, реттеушілік және аффективтік психикалық процестермен байланыстылығын анықтау мәселесі өзекті болып отыр.
Тұлғалық өзіндік тиімділікті зерттеудің теориялық алғышарттары, ең алдымен, оның әдіснамалық негізі ретінде жүйелік тәсілді қарастыруды талап етеді. Өзіндік тиімділіктің жүйелік талдауы оның мәнін, құрылымын, функцияларын, даму динамикасын айқындау қажеттілігімен байланысты.
Тұлғалық өзіндік тиімділігі мәселесі адамның оқу, еңбек, қарым-қатынас, білім және кәсіби даму субъектісі ретіндегі ішкі тұжырымдамаларында нашар көрінеді. Мәселе бойынша жүргізілген зерттеулердің материалдарын жалпылау және жүйелеу, сондай-ақ осы жұмыста алынған жаңа деректердің теориялық негіздемесі зерттелетін құбылыс туралы ғылыми білімді кеңейтуге, ол туралы шашыраңқы идеяларды жүйеге келтіруге әсер етеді.
Өзіндік тиімділік қазіргі ғылыми психологиялық әдебиеттерде кеңінен қолданылатын тұжырымдама, адамның белгілі бір іс-әрекеттерді сәтті орындай алу, сол жолда дұрыс шешім жасай білу қабілеті туралы ойларын білдіреді (А. Бандура, Дж. Капрара, Д. Сервон, Р. Фрейджер, Дж. Фэйдимен, М. Ерусалем,
Э. Лангер, В.Г. Ромек, Б. Такман, Л. Хьелл, Д. Зиглер,T. Judge, J. Shaw, B. Rich, B. Zimmerman, D. Schunk, Р.Л. Кричевский, Е.А. Шепелева, М.И. Гайдар, В.М. Гущин, А.А. Погорелов, В.Н. Кобец). Негізінен, авторлар жалпы өзіндік тиімділікке назар аударады, ол адам қызметінің салаларына сәйкес түрлерге бөлінеді, атап айтқанда, іс-әрекеттегі өзіндік тиімділік және қарым-қатынастағы өзіндік тиімділік.
Бізге адамның жеке қасиеттерінің тиімділігін қабылдауын, бағалауын және сенімін көрсететін тұлғалық өзіндік тиімділік тұжырымдамасын енгізу маңызды болып көрінеді. Болашақ тиімді маман үшін оның жеке басының ерекше маңызы бар екенін ескере отырып (көптеген адамдар оны өз жұмысында басты құрал ретінде мойындайтыны бекер емес), тұлғалық өзіндік тиімділік бұрыннан қалыптасқан маман үшін де, болашақ маман ретінде студент үшін де кәсіби маңызды деп санауға болады.
М.И. Гайдар маманның өзіндік тиімділігі студенттің өзіндік тиімділігінен «өседі» деп мәлімдейді [5]. Сондықтан оны дамыту жоғары білім берудің өзекті міндеттерінің бірі болып табылады. Білім беру контексінде студенттер қабылдаған өзіндік тиімділік тапсырмаларды таңдауға, оларды орындау деңгейіне, күш-жігер мен оқу іс-әрекетінде табандылық деңгейіне әсер етеді деп саналады. Академиялық өзіндік тиімділік иерархиялық түрде ұйымдастырылған, сондықтан студенттер кең және нақты академиялық салаларда өздерінің қабілеттері мен дағдыларына қатысты сараланған қабылдауды біртіндеп дамытады. Қазіргі зерттеуші ғалымдар арасында өзіндік тиімділік тақырыбының танымал болуына қарамастан, осы мәселеге тікелей қатысты жұмыстар аз екендігі байқалады.
Кейінгі жылдарда болашақ мамандардың тұлға ретінде қалыптасуының түрлі аспектілеріне көптеген ғалымдар өз зерттеулерін арнаған және бұл мәселе қазір де аса өзекті деп саналуда. Осы ретте Намазбаева Ж.И., Жақыпов С.М., Аймаганбетова О.Х., Сангилбаев О.С., Ерментаева А.Р., Перленбетов М.А., Ахтаева Н.С., Касымжанова А.А., Жиенбаева Н.Б., Аманова И.К., Изакова А.Т. сынды қазақстандық ғалым-психологтардың және Т.М. Буякас, А.И. Донцов, О.Н. Родина, Л.В. Темнова сияқты ресейлік зерттеушілер еңбектерін атап көрсетуге болады. Дегенмен де, студенттердің өзіндік тиімділігінің мәні, құрылымы, даму динамикасы, оған ықпал ететін психологиялық-педагогикалық жағдайлар ғылым теориясы мен тәжірибесінде әлі толық көрініс таппады деп айта аламыз
Достарыңызбен бөлісу: |