Лекция: 30 Семинар: 8 СӨЖ: 97 Барлық сағат саны: 135 Аралық бақылау (АБ): 60



жүктеу 1.7 Mb.
бет8/11
Дата17.06.2016
өлшемі1.7 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Бақылау сұрақтары:

  1. Әдеби теорялық ұғымдарды мектепте оқыту түрлерін көрсету.

  2. 5-сыныпта әдебиет теориясын оқыту.

  3. 6-сыныпта әдебиет теориясын оқыту.

  4. 7-сыныпта әдебиет теориясын оқыту.

  5. 8-сыныпта әдебиет теориясын оқыту.

  6. 9-сыныпта әдебиет теориясын оқыту.

  7. 10-сыныпта әдебиет теориясын оқыту.

  8. 11-сыныпта әдебиет теориясын оқыту.

  9. Оқыту түрлеріне жан-жақты мәліметтер беру



24- лекция. Тақырыбы: Әдебиет сабағы. Сабақ үлгілері мен түрлері
Жоспары:

  1. Сабақ – оқытудағы ең негізгі үрдіс.

  2. Дәстүрлі емес сабақ түрлері


Лекция мақсаты: Сабақ – оқытудағы ең негізгі үрдіс. Дәстүрлі емес сабақ түрлеріне тоқталу. Егеменді еліміздегі білім беру жүйесін реформалау мәселелерінің жүзеге асуы. Білім беру жүйесін реформалардың нәтижелі болуы жайлы студенттерге мәліметттер жеткізу.
Лекция мәтіні:

1. Сабақ – оқытудағы ең негізгі үрдіс. Материалды есте қалдыру, жан-жақты оқушы бойына сіңіре білу - әрбір мұғалімнің өзіндік шеберлігін қажет етеді. Жаңа тақырыпты оқытуда, болжауда шешуші тұлға – мұғалім. Мұғалімнің білімі, шығармашылық ізденімпаздығы жан-жақты көрінеді. Мұғалімнің әрбір әдісті алдын ала болжап, сабақ өту барысында жүйелі әрқайсысын өз орнына қою – оқу мәселелеріндегі ең маңызды кілт. Қай мұғалім болсын сабақ жоспарын жасауда ең әуелі жаңа материалды мазмұндаудың жүйелілігіне көңіл бөлуі тиіс. Сабақ кезеңдерін қалай орналастыруды ойластырғаны жөн. Сонда ғана ғылыми негізделген сабақ жоспары жасалады. Сабақ жоспары – мұғалімнің бір 45 минут ішінде атқаратын жұмысының арқауы. Оқытудың алдын ала болжау ұстанымының мақсаты – сабақ беруде әдістердің ең маңызды әдістерді материалға байланыстырып, оқушының білімін тереңдетіп, әдебиетке құштарлығын оятып, оларға сапалы білім беру жолын табу. Бұл мақсатқа жетуде мұғалім ізденісі шешуші роль атқарады.

Нақты міндеттерді айқындау – мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Сабақты меңгерту барысында, оқушы міндетін анық-айқын болжай білуі керек. Мұғалім шығармашылығы мен оқушы шығармашылығындағы үйлесімді нақты болжау маңызды үрдіс. Көрнекті неміс педагогы Адольф Дистервег 19 ғ. өзінде-ақ: «Жас мұғалімнің негізгі кемшілігі - өзіне белгілі материалды балаларға тегіс айтып беруге тырысуы» деген болатын. Ол – жаман мұғалім. Шындықты (материалды) өзі айтып, хабарлайды, жариялайды, ал жақсы мұғалім шәкірттерді оны табуға, болжауға үйретеді деп есептеді. Мұғалім бүкіл сабақ барысында, әрбір кезеңінде оқушылардың танымдық оқу іс-әрекетін жандандыра, белсендіре алатындай нақты міндеттерді айқындап алып, жоспарын түзеді. Жоспар сайып келгенде, ұстаз оқыту үрдісінің нәтижесіне болжам жасай отырып, шәкірттердің білім сапасының жоғарылығы – олардың өз іс-әрекеттерінің сипатына тікелей тәуелді екенін үнемі басшылыққа ала отырып жасалады.



2. Әдістерді таңдап алу – ең күрделі үрдіс. К. Д. Ушинский: «Мұғалім - өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен, оның мұғалімдігін де жойылады», - деп мұғалімдер ісіндегі жауапкершілікті орынды көрсеткен. Жоспардағы әдістерді жүзеге асыру үшін: сабақтың білімділік, дамытушылық, тәрбиелік мақсаттарының бірлігі; сабақтың дидактикалық ұстанымдары мен әдістер байланысы; жас ерекшелігі мен тақырыптың үйлесімі; пәнаралық байланыс жүйесі. Осы талаптар өзара өзектестік тауып, жоспарға айналғанда сапалы оқу үрдісі нәтижесін береді. Ал, әдістерді жоспарда дұрыс орналастыру – мұғалімнің шеберлігі мен білім деңгейін таразылайтын сәті. Мұғалім бала қабілеті мен әдістерді толық меңгерген, сабақ үрдісінде әр әдісті өз орнында шебер пайдалана білетін жүйе-жүйесімен орналастыра алатын, біліммен бала жанын тербейтін, білім нәрін құятын дирижер болуы керек. Сонда ғана шәкірт пен оқытушы арасында «педагогикалық ынтамақтастық» туады. Материалдан алатын білім сапасын болжау – білім мазмұнының құрамына оқу пәнінің жанрлық ерекшелігіне, оқу материалының көлеміне байланысты.

Болжау: жаңа материалды проблемалық ситуация арқылы шешімін табу; негізгі материал мен қосымша материалды ажырата білу; жоспардың нақты болжамын жасау; оқулықпен жұмыс, материалды іріктеу, салыстыру, зерттеу болжамдарын жасау. Жоспар (жай, шығармашылық – күрделі, проблемалы) жасалынғанға дейінгі мұғалімнің ізденісіне байланысты сабақ үрдісінің құрылымдық негізі қалыптасады. Білім сапасының ең жоғарғы деңгейінің негізі – мұғалімнің сабақты дұрыс болжап, шығармашылықпен нақты жоспар жасап еңбектене білуінде.

Дәстүрлі емес сабақтың түрлері:


  1. Дәріс сабақ.

  2. Семинар сабақ.

  3. Пәнаралық байланыста оқытуға негізделген (қос) үштік сабақтары.

  4. Конференция сабағы.

  5. Пресс-конференция сабағы.

  6. Пікірталас сабағы.

  7. Айтыс сабақтары.

  8. Композициялық сабақ.

  9. Практикалық сабақтар.

  10. Емтихан, есеп-сынақ сабақтары.

  11. Реферат қорғау сабақтары.

  12. Пікір қорғау сабақтары.

  13. Жарыс сабағы.

  14. Ойын сабақтары.


Бақылау сұрақтары:

    1. Сабақ – оқытудағы ең негізгі үрдіс.

    2. Дәстүрлі емес сабақ түрлеріне тоқталу.

    3. Егеменді еліміздегі білім беру жүйесін реформалау мәселелерінің жүзеге асуы.

    4. Білім беру жүйесін реформалардың нәтижелі болуы жайлы студенттерге мәліметттер жеткізу.

    5. Дәріс сабақ.

    6. Семинар сабақ.

    7. Пәнаралық байланыста оқытуға негізделген (қос) үштік сабақтары.

    8. Конференция сабағы.

    9. Пресс-конференция сабағы.

    10. Пікірталас сабағы.

    11. Айтыс сабақтары.

    12. Композициялық сабақ.

    13. Практикалық сабақтар.

    14. Емтихан, есеп-сынақ сабақтары.

    15. Реферат қорғау сабақтары.

    16. Пікір қорғау сабақтары.

    17. Жарыс сабағы.

    18. Ойын сабақтары.



25- лекция. Тақырыбы: Әдебиет сабағында тіл дамыту жұмыстары
Жоспары:

  1. Оқушыларды тіл мәдениетіне баулу.

  2. Ауызша тіл шеберлігіне баулу.

  3. Жазбаша тіл дамыту.


Лекция мақсаты: Оқушыларды тіл мәдениетіне баулу арқылы сабақты өткізу, ұйымдастыру. Ауызша тіл шеберлігіне баулу және жазбаша тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастыру мәселелеріне тоққталу.
Лекция мәтіні:

1. Оқушыларды тіл мәдениетіне, ауызша және жазбаша тіл шеберлігіне баулу.

«Өнер алды – қызыл тіл», - дейді халқымыз. Мектепте берілетін бүкіл білім мен тәрбие ең алдымен сөз арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да оқушылардың тілін дамыту – тек әдебиетші, тілшілер мақсаты ғана емес, ол бүкіл мектептің, барлық пән мұғалімдерінің де басты мақсаты, борышы, барлығына тән бірыңғай талап.

« - Ең әдемі сөз – аз сөз» дейді халық. «Көп сөз көмір, аз сөз - алтын» дегені тағы бар. Мәдениетті, әдемі сөйлеу үшін, көп сөйлеу міндетті емес. Қай жерде болсын, айтарыңды қысқа айтуға тырыс. Сөйлемдерің шұбалыңқы, шашыраңқы болмасын. Мәдениетті сөйлеудің бір жолы – қыстырма сөздерді, жергілікті жерлерде ғана пайдаланатын сөздерді пайдаланбау, «әй, өй» деп, өзіңді, тыңдаушыны да мазалай беру әбестік болады.

Сөйлеу мәдениеті деген – ең алдымен әдепсіз, көргенсіз сөздерді қолданбау. Осыған абай бол. Екіншіден, айғайлап, дабырланып, екіленіп сөйлеме.

Пікір таластырып тұрсаң да, сабырлы басыңқы сөйлеуге тырыс. Басқаны толық тыңда, сөзін бөле берме. Өзің де айтарыңды жинақы етіп жеткіз.

Тіл дамыту - әдебиетті оқыту әдістемесінің ең бір күрделі де маңызды саласы. Ол жүйелі түрде шығармашылық бағытта жүргізіледі.



2. Оқу бағдарламасында тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінген, бірақ оны тек сол сағаттарда ғана жүргізу керек деп ұқпау керек. Жоғарыда айтылғандай, тіл дамытуға мұғалім әдебиеттің әр сағаты, сыныптан тыс жұмыстарда үнемі көңіл аударып отырады. Әдебиет сабағындағы тіл дамыту оқытылып жатқан көркем шығарма негізінде, оның көркем тілін жаңғырту негізінде жүзеге асуы керек. Оқушылардың әдебиет сабағында көркем тілін дамыту үшін де басқа пәндермен байланыстырып оқытудың маңызы ерекше.

Тіл мәдениетіне дағдыландыру, көркем, әдеби тілін жетілдіруде қазақ тілі сабағының орны ерекше. Шебер мұғалім тіл дамытуда осы екі сабақты үндестіріп, бір бағытқа жұмсайды. Қазақ тілі сабағында да тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінеді, әрі әдебиетке бөлінген сағаттардан көп. Міне, осы сағаттарды тиімді пайдаланса, мұғалім оқушылардың көркем тілін қалыптастыруда біршама жұмыстар атқарады.

Әсіресе, оқушылардың ауызша тілін, сөйлеу мәдениетін, шеберлігін арттыруда пікірталасы, айтыс сабақтар, баспасөз конференциясы, брифинг, көзқарас сабақтарының маңызы ерекше. Ал жазбаша тіл дамытуда реферат қорғау, конференция, семинар, семинар-сабақ, т.б. сабақтардың орны зор.

Практикалық сабақтар тіл дамыту жұмыстарына қолайлы болып келеді. Мысалы, І. Жансүгіров шығармашылығын оқытып болған соң, қорытынды сабақты ақын поэзиясының тіл көркемдігі, поэтикалық, эстетикалық нәрі, табысы айналасында өтуге болады. Мұндай жұмыстар тек бала білімін тереңдетіп қана қоймай, тілін дамытуға қазақтың бай тілін меңгертуге, оны бейнелі, образды, көркем түрде пайдалана білуге де жетелейді.

Тіл дамыту жұмыстарын сондай-ақ тарих, биология, т.б. сабақтармен де байланыстыра жүргізуге болады.

Әдебиет сабағының басым көп уақыты оқушылардың да, мұғалімдердің де ауызекі сөйлеу тіліне кетеді. Оқыған әңгімелерін не басқа көркем туындыларын мәнерлеп оқу, мазмұндау - әдебиетті оқытудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері.

Мұғалім 5-7 сыныптар оқушыларының көркем тілін, ауызекі сөйлеу мәдениетін дамытуда жауаптарының жоспарын жасап үйретулері керек. Ол жоспарды тиімді пайдалануға дағдыландыру – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Жоспар, нұсқау немесе тезис құрылысы мынадай бөлімдерден тұрады:


  1. Кіріспе сөз.

  2. Негізгі ойлар. Ой мен кіріспе арасындағы байланыс.

  3. Негізгі ойды баяндау.

  4. Негізгі ойдың шарықтау шегі.

  5. Ойды аяқтау.

  6. Қорытынды пікір.


3. Тіл тарихы – халық тарихы. Тіл халық тарихымен бірге дамиды, өзгереді, халықтың рухани дүниесінің жетістіктерін бойына сіңіреді. Ұлттық сананың дамуын сөз төркіндерінен іздеп, олардың сөз шежіресін келешекке жеткізіп, жаңа мағына беру, оларды ғылымиландырып, жаңа сапаға көтеру – мәдениетті, өркениетті елдердің ғылымы мен мәдениетін қалыптастырудың сара жолы. Б. Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту», - дейді. Тіл – сан сөздердің жиынтығы. Көркем әдебиеттің негізгі құралы тіл.

Сөйлеу тілі – адамның ой-сезімін басқаларға білдіру үшін көркем сөйлеуге әрекеттенеді. Тіл – қатынас құралы ретінде қызмет етеді.

Тіл дамыту жұмыстарының негіздері: тіл дамыту жұмысы оқушының әдебиеттен, қоршаған ортадан алған әсері негізінде жүргізіледі. Неше түрлі тақырыпта жазылған туынды, шытырман оқиға, кейіпкер әрекеттері шәкіртке әсер етеді. Сол әсер ойлануға әкеліп, ой қозғап, бейнелі сөз тілге оралады. Мұғалім әрбір оқушыға жаңадан танылған бейнелі сөздің мән-мағынасын ашып, толық меңгертуге жол, әдіс іздейді; тіл мәдениеті бір күнде жасалмайды. Оқыту үрдісін де жүйелілікті, дағдыландыруды қажет етеді. Ауызекі сөйлеу тілі, әдеби тіл бар.
Бақылау сұрақтары:


  1. Оқушыларды тіл мәдениетіне баулу.

  2. Ауызша тіл шеберлігіне баулу.

  3. Жазбаша тіл дамыту.

  4. Тіл дамыту жұмыстары

  5. Тіл – қатынас құралы

  6. Тіл тарихы – халық тарихы

  7. Әдебиетті оқытудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері

  8. Жазбаша тіл дамытуда реферат қорғау, конференция, семинар, семинар-сабақ, т.б. сабақтардың орны

  9. жоспарды тиімді пайдалануға дағдыландыру



26- лекция. Тақырыбы: Жазба жұмыстар арқылы тіл дамыту
Жоспары:

  1. Мазмұндама – жазба жұмыстарының ең ауқымдысы.

  2. Шығарма, оған қойылатын талаптар.

  3. Шығарманың негізгі түрлері.

  4. Шығарма жұмысын бағалау жолдары.


Лекция мақсаты: Мазмұндама – жазба жұмыстарының ең ауқымдысы екендігін көрсету. Шығарма, оған қойылатын талаптар жайлы мәліметтер қарастыру. Шығарманың негізгі түрлеріне тоқталу. Шығарма жұмысын бағалау жолдарымен студенттерге түсіндіру.
Лекция мәтіні: Жалпы жазба жұмыстары тіл дамытумен қатар, балаларды ойлай білуге, ізденіске жетелейді. 5-7 сыныптардағы жазба жұмыстарының ең ауқымдысы – мазмұндама. Мазмұндама мынадай бірнеше түрге бөлінеді:

а) Мәтінге жуық жазылатын мазмұндама. Мұнда оқиға эпизод, диалог, монолог, баяндау, суреттеу сияқты элементтер сақталынып жазылады.

ә) Ең басты оқиғаларды ғана теріп жазатын мазмұндама.

б) Бір оқиғаның айналасында ғана жазылатын мазмұндама.

в) шығармашылық бағыттағы мазмұндама.
Мазмұндаманың түрлері мұғалімнің оқу-тәрбие мақсатына байланысты өзгеріп отырады.

Шығармашылық бағыттағы мазмұндамаларды 8-9-сыныптарда да жүргізу тиімді. Әсіресе, шешендік қақтығыстар. Сырым, Қазыбек би, жыраулар мұраларына байланысты мазмұндама оқушыларды шешендікке, көркем сөйлеуге баулиды. Осы тақырыптарға жаздыратын мазмұндама оқушыларды шешендікке, көркем сөйлеуге баулиды. Осы тақырыптарға жаздыратын мазмұндама күрделі болып келеді, себебі, олардан шешендік сөздердің дәнін сақтау, сұлбасын нақты беру талап етіледі.

Жоспар жасауға дағдыландыру, әсіресе, 5-7 сыныптарда күрделі де маңызды мәселе. Оған үйретудің тиімді деген әдіс-тәсілдерінен мұғалім де үзбей үйренуі керек. Көркем мәтінді оқу, мазмұнын меңгерту кезінде мұғалім ең басты мәселелерді бөліп алып, оқушы назарын үнемі соған аудартып отыру керек. Оған қысқа, тұжырымды тақырып қойып, тақтаға, не дәптерлеріне қолма-қол жаздырып отырады.

2. Негізгі, маңызды мәселелер баяндалатын абзацтарға көңіл бөліп, оған ат қойғызады.

3. Эпизодтарға бөлгізеді. Композициялық құрылысын анықтатады (байланыс, шарықтау шегі деген сияқты).

4. Оқиғаларды рет-ретімен жүйелеп, сол бойынша сұрақтар қойып, мазмұндатады.

5. Шығарманы оқу, талдау алдында оның ең негізгі түйінді дәні жазылған («Нені білу керек?» деген атпен жазуға болады) көмекші-нұсқауды кесте-плакатқа іліп қою тиімді. Себебі, жоспар жасауда оқушы оны басшылыққа алады.

Шығарма жазба жұмыстарының ең күрделісі. Шығармаға дайындық тіл дамыту жұмыстарында жүргізіледі. 5 сыныптан бастап шығарма жаздыруға дағдыландырады. Жазу дағдыларын қалыптастыру біртінділік әдісі бойынша дамып, күрделеніп отырады. 5-7 сыныптарда жай, 8-9 сыныптарда күрделі, 10-11 сыныптарда сыр, ой-толғау проблемалы шығармаларды жаздырады.

Шығармаға қойылатын негізгі талаптар: Өмірден көргенін көкірекке түйе біліп, қорытынды жасау; көркем туындыдан алған өнегесін өмірмен, өз ой-пікірімен ұштастыра білу; тақырыптың идеясын ашу, дәйектемелерді (қанатты сөздер, мақал-мәтелдер) орынды үйлестіру; шәкірттердің жазба жұмыстарына психологиялық әзірлігі.

Шығарма мазмұнына қарай: әдеби тақырыпқа байланысты; шығармашылық әңгіме; пейзаждық ой-толғау; инсценировка; поэзия негізінде; прозалық жанрға жазылатын шығармалар болып бөлінеді.

Шығарманың түріне байланысты ақындардың шумақтарын; эпиграфтарды орынды пайдалану; жоспарын жасай білу; сол жоспарға сай баяндау, хабарлау, суреттеу, мінездеу әдістерін үйрену; халықтық педагогикалық тәрбие мәнін ашу; шығарманың кіріспесі мен негізгі, қорытынды бөлімдерінің арасындағы байланысты қиюластыру; тақырыпқа, идеяға өз көзқарасын, пайымын ашық үйлесімді жазу.

Шығарма тақырыбы өтілген материалдарды қорытындылап, талдап бере алатындай дәрежеде алынады. Шығарманың мәтіні, тақырыптың тарихы, теориясы, даналық көзқарасы – тақырыпты ашуда, оны талдауда оқушының саналы түсінуіне жол ашады. Шығарманың жоспары тақырыптан нені жазу керек екеніне жол көрсетеді. К. Медеубаеваның «шығарма тақырыптарына жоспар құру үлгісі» мақаласында: Даналық мәйегі (мақал-мәтелдер).



  1. Кіріспе бөлімі.

Мақал-мәтелдер – халықтық мұра, ұлттық өнеге мектебі.

  1. Негізгі бөлімі:

а) Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас.

ә) Мақал-мәтелдегі еңбек туралы өзекті ой.

б) Ерлікті дәріптеу, батырлықты марапаттау жайлы халық даналығы.

в) Өнер, оқу-білімнің халық педагогикасындағы көрінісі.



  1. Қорытынды бөлімі.

Мақал-мәтелдердің сөйлеу мәдениетіндегі маңызы.

Мақал – сөздің мәйегі, ойдың дәйегі, халық даналығы.


Жамбыл Жабаев шығармаларындағы патриотизм

  1. Кіріспе бөлімі.

... Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай...

  1. Негізгі бөлімі:

а) Жамбыл қазақ жырының алып бәйтерегі.

ә) Жамбыл Жабаевтың тарихи дастандарындағы патриотизм.

б) Ұлт-азаттық тақырыбы жырларындағы азаматтық сарын.

в) Отанды сүю, Жамбыл өлеңдеріндегі негізгі идея.



  1. Қорытынды бөлімі.

Өлең сөздің Жамбылы. М. Әуезов. (149)
Мазмұндама мәтіні оқытудың білімдік, тәрбиелік міндеттеріне сай, мазмұны мен тілі оқушыларға түсінікті болуы тиіс. Мазмұндамаға әдебиет бағдарламасында көрсетілген көркем шығармалардан да, бағдарламадан тыс текстер де алынады. Мазмұндама мәтінін мына көлемде алады: 5 с. – 150-200 с., 6 с. – 200-250 с., 7 с. – 250-350 с., 8 с. – 350-450 сөзден аспауы тиіс.

Мазмұндаманы бағалау нормативі: «5» деген баға: а) мәтіні толық, желісі сақталып баяндалған, мазмұны дұрыс ұғынылған, нақты материалды баяндауында қате жоқ; «4» деген баға: а) мазмұны дұрыс ашылған, оқиғаның желісі сақталған; ә) тілі жатық, сөйлем құруы мен сөз қолданысында бір-екі олақтығы бар; «3» деген баға: а) мазмұны негізінде дұрыс берілген, оқиғаны баяндауында 1-2 дәлелсіздік бар; емле қатесі бестен, тыныс белгісі қатесі алтыдан аспаған, үш емле қатесі, сегіз тыныс белгісі қатесі бар. «2» деген баға: а) мазмұны жеткілікті толық берілмеген, мәтіннен ауытқыған, нақты материалды баяндау желісінде кемшіліктері бар; б) емле мен тыныс белгі қателері он төртке жетеді. «1» деген баға: мазмұнын баяндап бере алмаған, сөздерді талдап қолдануы мен сөйлемдерді құрастырып жазуында алтыдан артық қатесі бар, орфографиялық, пунктуациялық қатесі 14-тен асқанда қойылады.

Шығарма жұмыстарының көлемі шамамен төмендегідей болады: 4-с. 1-1,5; 5-с. 1,5-5; 6-с. 2-2,5; 7-с. 2,5-3; 8-с. 4-5; 9-с; 4-5; 10-с. 5-7 дәптер беті (2 сағат ішінде). Қандай шығарма болмасын 4-7 с. бір апта ішінде, 8-10 с. 10 күн ішінде тексеріледі. Шығармаға екі баға қойылады: мазмұны мен тіліне, сауаттылығына.

Шығарманың сауаттылығын бағалағанда, қазақ тілінен диктантқа қойылатын бағалау нормасы басшылыққа алынады. «5» деген баға: түгелдей толық, дұрыс орындалған жұмысқа қойылады; «4» деген баға: тапсырманың кем дегенде ¾ бөлігі дұрыс орындалған жұмысқа қойылады. «3» деген баға: тапсырманың 2/1 бөлігі дұрыс орындалған жұмысқа қойылады. «1» деген баға: түгелдей дұрыс орындалмаған жұмысқа қойылады.

Оқушылардың тілін ұстартуға арналған жазбаша жұмыстардың түрі көп. Жазбаша жұмыстар сауаттылық үшін де, алған білімдерін тексеруде де қолайлы болып келеді. Жазбаша жұмыстар оқушыларды ойлау еңбегін дағдыландырады, қосымша материалдарды пайдалану машықтарын жетілдіреді. Себебі, балалардың жазбаша жұмыстарды орындау кезінде асықпай ойлауға, ойланып жазуға уақыты, мүмкіндігі көп болады, ауызекі сөйлеуде ондай жағдайлар бола бермейді.

Мектептегі ең көп тараған, тәжірибеде жиі пайдаланатын жазба жұмыстардың ішінде күрделісі де, ең маңыздысы да шығарма жұмыстары болып табылады. Шығарма жаздырудың ең басты мақсаттары мыналар:


  1. Бала біліміне бақылау, білім деңгейін тексеру.

  2. Жазбаша көркем тілін дамыту, теориялық білімдерін практикалық жұмыстарда пайдалана білу.

  3. Ойлау еңбегіне өз беттерімен іздендіру, өз пікірлерін салыстыру, қорытынды жасай білуге дағдыландыру.

  4. Оқушылардың қабілеті, дарынына әсер ету, шығармашылық жұмыстарға баулу.

«Шығарма» деген сөздің негізінде «шығару» деген ұғым жатады (яғни, ойдан шығару, ойлап шығару). Көркем туындыны «көркем шығарма» дейміз. Шығарманың күрделігі сол, бұл – оқу процесіндегі бірден-бір жеке-дара орындалатын жұмыстың түрі. Қарастырылатын мәселе, жазатын тақырып біреу болса да, әр оқушы оны өзінше жеткізеді, яғни тілі, пікірі, қорытындысы сол көркем туынды, не кейіпкерді қабылдау дәрежесіне байланысты.

Шығарма жазуда басшылыққа ал:

Таңдаған тақырыбыңды әбден ойла.

Жоспардың тақырыбына байланысты нақты жасалсын.

Эпиграф ал. Ол тақырып пен негізгі идеяны ашуға сәйкес алынсын.

Пікірлердің, ойдың, жазатын негізгі мәселелердің реті мен жүйесін сақта:

а) Тақырыптан ауытқыма;

ә) Кіріспең тұжырымды, бірақ шығарманың қалған бөлімдерінің де дұрыс, нақты жазылуына бағыт, бағдар беретіндей болсын;

б) Пайымдауың, дәйексөзің, салыстыруың негізгі пікірге байланысты алынсын;

в) Қосымша материалдарды, ғылыми еңбектерді пайдаланғанда, авторы, кітаптың аты, беті айқын жазылсын;

г) Негізгі бөлімнің толық, әрі дәлелді келуімен қатар, шығарманың ең басты пікірлері осында болатындығын есте сақта;

д) Қорытындың негізгі пікіріңнің төңірегінде жазылсын.

Қате жібермей жазуға талаптан. Емлелік сөздіктер жаныңда болсын, сауаттылық – шығарма үшін ең маңызды мәселе.

Жазу мәдениетіне де ерекше ден қой: таза, ұқыпты жаз әрі әрбір айқын, еркін оқуға жарайтындай болсын, әрі жазуың көркем түссін.

5-6 сыныптарда, әсіресе, шағын шығарма-суреттеме, шығарма-сипаттама, шығарма-кескіндеме, шығарма-мүсіндеме, шығарма-бейнелеме т.б. жаздыруға болады. Бұлар көркемөнер туындылары бойынша жазылатын шығармашылық бағыттағы жұмыстар.

Ғалым-әдіскерлер, ізденімпаз мұғалімдер іс-тәжірибесі бойынша шығармаларды мынадай түрлерге бөлуге болады:



  1. Публицистикалық шығармалар. Оған очерк, фельетон, мақалалар, пікірлер жаздыру жатады. Мысалы, «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Жариялылық – бақыттың басы».

  2. Шығармашылық бағыттағы шығармаларға әңгіме, инсценировка, өлеңдер жаздыру жатады (Әдеби жанрларды басшылыққа алады).

  3. Ғылыми зерттеу сипатындағы шығармалар. Оған реферат, ғылыми сипаттағы мақала, аннотация, әдеби шолулар, пікірлер жатады. Мысалы, «Бейімбет әңгімелеріндегі деталь, штрихтың маңызы».

  4. Әдеби тақырыптарды қамтыған, білім дәрежесін, тіл байлығын тексеруге арналған шығармалар.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, шығарма жаздыру – балаға білім беру ісінің ең күрделі, маңызды жұмыстарының бірі. Шығарманы үйде де, сыныпта да жаздырады. Бағдарламада қанша шығарма жаздыру керек, сағаты беріледі. Тақырыптың ауыр-жеңілі, оқушылардың жас ерекшелігі, сыныбы, дайындығына байланысты шығарма жазудың уақыты белгіленеді. Мысалы, сыныпта 2-3 сағат, үйде бір апта, 10 күнге дейінгі мерзімде.

Шығарма жазуда жоспардың жай, күрделі түрі пайдаланылады. Бірақ, бір ескертетін мәселе, егер оқушы шығармасы мазмұны, тілі, стилі, сауаттылығы жағынан талапқа сай жазылса, жоспар бар ма, жоқ па (эпиграф та солай) – оны негізге алмау керек.

Мысалы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры бойынша (9-сынып) «Махаббаттың қос шынары» немесе Қозы, Баян бейнелеріне мынадай жоспар құруға болады (күрделі, әрі шығармашылық бағыттағы жоспар үлгісі):

Кіріспе:


  1. «Қозы Көрпеш, Баяндай бір молада өлсем-ай» (жырдың негізгі тақырыбы, идеясы).

Негізгі бөлім:



  1. «Қыпша бел, алма мойын, сұлу Баян» (Баян бейнесі).

  2. «Сенен басқа хор қызы болса да, көз салмаспын» (Қозының бейнесі)

Қорытынды бөлім:

а) Қозы мен Баян бейнесінің маңызы.

ә) Көркем-поэтикалық тілі.

Күрделі жоспар осындай басты-басты үш бөлімнен тұрады. Үш бөлім де ең негізгі тақырыпты, негізгі мәселені қамтиды. Жай жоспарды да дәйексөзбен, шығармашылық бағытта құруға болады.
Бақылау сұрақтары:


  1. Мазмұндама – жазба жұмыстарының ең ауқымдысы.

  2. Шығарма, оған қойылатын талаптар.

  3. Шығарманың негізгі түрлері.

  4. Шығарма жұмысын бағалау жолдары.

  5. Мәтінге жуық жазылатын мазмұндама.

  6. Мұнда оқиға эпизод, диалог, монолог, баяндау, суреттеу сияқты элементтер сақталынып жазылуы.

  7. Ең басты оқиғаларды ғана теріп жазатын мазмұндама.

  8. Бір оқиғаның айналасында ғана жазылатын мазмұндама.

  9. Шығармашылық бағыттағы мазмұндама.



27- лекция. Тақырыбы: Оқушы білімін есепке алу мен бағалау
Жоспары:

  1. Үй тапсырмасын беру жолдары.

  2. Үй тапсырмаларының түрлері.

  3. Бағалау нормативі, оған қойылатын талаптар.


Лекция мақсаты: Оқушыларға үй тапсырмасын беру жолдары. Үй тапсырмаларының түрлеріне сипаттама хберу. Бағалау нормативі, оған қойылатын талаптар жайлы студенттерге мәліметтер беру.
Лекция мәтіні: Үй тапсырмасын беру және бала білімін есепке алу жолдары

Үй тапсырмалары бірнеше мақсатта беріледі:

а) сыныпта алған білімдерін бекіту;

ә) сыныпта алған білімдерін қосымша материалдар арқылы байыту, молайту;

б) шығармашылық бағыттағы тапсырмалар арқылы қабілеті, дарыны, талантын дамыту, оған әсер ету;

в) алдын ала берілетін тапсырмалар арқылы оқушыларды жаңа сабаққа дайындау.

Үй тапсырмасының қандай түрі болмасын, мұғалім даралап (дифференциалдап) оқыту принциптерін басшылыққа алуы тиіс.

Үй тапсырмасын беру оқылып жатқан тақырыптың ауыр, жеңілдігіне де байланысты болады. Мұғалім оған кететін уақытты мөлшерлейді, сондай-ақ басқа пәндердің тапсырмасын да ескеріп отырғаны жөн.

Үй тапсырмасын түсіндіріп беру, үлгі, көмек көрсету оның жемісті орындалуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, қабілеті «орташадан төмен» оқушыға мұғалім үнемі көмек көрсетіп, «көмек-нұсқау» беріп отыруы керек.

Үй тапсырмаларының түрлері



  1. Оқулық бойынша берілетін тапсырмаларға мыналар жатады:

а) Тақырып бойынша сұрақтарға жауап.

ә) Тақырыптарды оқу, мазмұндау.

б) Тақырыптардың ең негізгі, түйінді дәнін бөліп ала білу.

в) Тезис конспекті жасау.

г) Өз беттерімен тақырып материалдарына сұрақтар әзірлеу.


  1. Көркем мәтін, көркем туынды бойынша:

а) Сюжеттік, композициялық жоспар жасау.

ә) Аннотация жазу.

б) Поэтикалық талдау жасау (көркем компоненттеріне).

в) Жазушы тілі, стиліне талдау

г) Кейіпкерлердің сөйлеу тілі, іс-әрекетінен мысалдар алу, оны жауаптарында, не шығармаларында пайдалану.

д) Негізгі оқиғаларды сұрыптап ала білу, сол бойынша мазмұндау, не образдардың іс-әрекетін ашу.

Бұл тәсіл, әсіресе, көлемді шығармаларды оқуда пайдалы. Мысалы, 4 томдық «Абай жолын», оның барлық оқиғаларын есте ұстау - өте қиын. Сондықтан әр кітаптың ең негізгі, басты оқиғаларын сұрыптап ала білудің маңызы зор.

Бағалау нормативі, оған қойылатын талаптар бағдарламада да берілген. Соны басшылыққа алу керек. Бағалау міндетті түрде түсіндірмелі талдау әдісімен беріледі. Бұл, әсіресе, бала білімін ауызша талдауда іске асырылады. Шығарма, мазмұндама сияқты жазба жұмыстардың аяғында пікір беріледі. Қателері жинақталып көрсетіледі. Талдау әдісімен бағалауда оқушылар оқушылар пікірімен, сыныптың пікірімен есептесіп отырған да жөн. Оқушы өзіне қойылатын бағаға келісе ме, оны да білудің артықтығы жоқ. Кейде оқушыларға өз білімін өзіне бағалатудың да маңызы зор. Бұл тәсіл оларды әділдікке тәрбиелейді. Өз-өзіне сын көзбен қарауға баулиды. Онда да оқушы бағаны талдау, түсіндіру арқылы қояды. Өз бағасына келіспеген оқушы егер қайта дайындалып келіп, айтайын десе, оған да мүмкіндік беру керек. Баға қоюдағы басты мақсат оқушыға білім берудің негізінен туындамай ма? Баға қоюда мұғалім ерекше әділ болғаны жөн. Қатал талап та, терең талдау да, көрегендік пен мейірім де, тіпті кешірім де бағалау кезінде өте керекті мәселелер. Әсіресе, «орташа», «төмен» оқитын, денсаулығы нашар немесе жетім балалар білімін бағалауда мұғалімге педагогикалық әдеп, ерекше ілтипат керек. Әділ, қатал болам деп, үнемі «2» немесе «3» қоя беру мұғалімді де, оқушыны да жетістіктерге жеткізбейді. Тамаша ұстаздар «екілікті» баланы жазалау түрі деп, әлдененің әлсізге жасаған қысастығы деп түсініп, оны қоя беруден бас тартады. Оның орнына нашар оқу себебін анықтайды, көмектеседі, қосымша сабақ өткізеді, өз сабағын барлық оқушыға қызықты етіп өтетін дәрежеде ойластырады. Қазір балаларды қабілеті, ынтасы, икеміне қарай оқыту тәжірибеге молынан енуде. Бұл – аса құптайтын мәселе. Мұғалім алдында математикадан қабілетті оқушы отырса немесе әнші, өнерпаз бала отырса, қолы шебер, ісмер бала отырса, оған кешіріммен қарап, үлгерімді жақсарту үшін, ізденген жөн. Баға – тек бала білімінің анықтаушысы емес, ол мұғалім еңбегінің де жемісі, анықтаушысы болып табылады.


Бақылау сұрақтары:

  1. Үй тапсырмасын беру жолдары.

  2. Үй тапсырмаларының түрлері.

  3. Бағалау нормативі, оған қойылатын талаптар.

  4. Мұғалімнің бағалау тәсілі

  5. Үй тапсырмаларының түрлері

  6. Өз беттерімен тақырып материалдарына сұрақтар әзірлеу.

  7. Көркем мәтін, көркем туынды бойынша:

  8. Сюжеттік, композициялық жоспар жасау.

  9. Аннотация жазу.

28- лекция. Тақырыбы: Әдебиет сабағының көрнекілігі
Жоспары:

  1. Көрнекіліктің маңызы, тиімділігі.

  2. Көрнекілік түрлері.

  3. Көрнекілікті пайдаланудың тиімді жолдары, әдіс-тәсілдері.


Лекция мақсаты: Сабақ өту барысында көрнекіліктің маңызы, тиімділігі. Көрнекілік түрлеріне сипаттама беру. Көрнекілікті пайдаланудың тиімді жолдары, әдіс-тәсілдеріне тоқталу.
Лекция мәтіні: Оқытудың көрнекілік ұстанымы сабақ үрдісінде басты роль атқарады. «Көрнекілікпен оқытудағы басты мақсат – оқушыны байқағыштыққа, оймен топшылауға жаттықтыру. Өзінің байқағандарын сөзбен айтып бере білуге, одан логикалық қорытынды шығаруға үйрету». Көрнекілікті оқу үрдісінің барлық кезеңінде пайдалануға болады, бірақ оны жиі қолдануға да болмайды. Көрнекілікті белгілі тақырып мақсатында пайдаланғанда ғана тиімді болмақ. Сабаққа қажетті дидактикалық көрнекі құралдардың түрлері: заттық, образдық, графикалық, синтетикалық, синхроникалық кестелер; буклеттер, альбомдар; техникалық оқу құралдары; тірек сигналдары; кеспе, үлестірмелі қағаздар.

Заттық, образдық, графикалық. Көрнекіліктер көркемсөз шеберлерінің өмір жолын, шығармашылығын оқыту үстінде қолданылатын заттар, бейнелі суреттер (портреттер) шығармашылығы, өмір жолының сандық тізбектері.

Синтетикалық, синхроникалық кестелер. Олар арнайы ақын – жазушылардың шығармаларына тақырыптық бейнеде, образды бейнеде берілетін кестелер.

Буклеттер, альбомдар: ақын-жазушылардың өмір жолына арналып жасалатын бейнелі суреттер.

Тірек сигналдары: тірек плакаты, тірек конспекті. Тірек конспектісі – негізгі материалдан ең негізгілерін бөліп алу керек. Тірек плакаты – ақын-жазушылардың даталы, тарихи оқиғалары мен шығармаларының аты қай жылы жазылған анықтамасының көрсеткіші.

Кеспе, үлестірмелі қағаздар: жеке ақын-жазушылардың көркем шығармалары бойынша жасалады. Көрнекіліктің бұл түрі оқушының өзіндік, шығармашылық жұмыстарды орындау мақсатында пайдаланады.

Техникалық оқу құралдары екіге бөлінеді: экрандық техникалық құралдар, дыбыстық техникалық құралдар.

Экрандық техникалық құралдар. Бұған: киноаппарат, эпидиаскоп, кодоскоп, ЛЭТИ, «Протоп», «Свитязь», «Фильмоскоп» т.б. жатады. Бұлар шағын көрнекі материалдарды (суреттерді, кесте) экранға түсіріп, сабақ мазмұнына байланысты қажетті қосалқы материалдарды көрсетуге арналған.

Иллюстрациялық кестені қолдануда көркем өнердің, көркем шығармалардың туындыларын салыстыра талдап түсіндіруге, олардың өзара жақындығын, өнер туындысы ретіндегі өзіндік даралық ерекшелігін, өзара қатынасын, бірлігін көрсету, байқату көзделеді.

Диапозитив – экрандық техникалық құрал. Диапозитив арқылы сериялы материалдарды бөлшектеп, жеке-жеке кадрларға бөліп береді.

Диафильм. Диафильм жазушы өмірін, жеке шығарманың мазмұнын ашып беруге арналған. Диафильмнің ерекшелігі – көріністің, құбылыстың логикалық байланысын сақтап, қимыл үстінде көрсетеді.

Кинофильм мен теледидар. Оқушы өзі оқыған шығармаларын кинофильм арқылы көрсе, білімнің берік болуына мүмкіндік туады. Сол мүмкіндікті теледидар жүзеге асырып отыр.

Дыбыстық техникалық құралдар. Дыбыстық құралдар оқу үрдісінде екі міндетті шешуге көмектеседі: арнайы жазбаларды, диктордың көркем сөз шеберлерінің, қоғам қайраткерлерінің сөздерін тыңдауға; оқушылардың, мұғалімнің өз сөздерін жазуға, талдауға мүмкіндік жасайды.

Радиохабарлар. Радиохабарлар көркем сөзді оқу арқылы, оқушыға талданып берілетін жаңа мәлімет. Тыңдау арқылы танымдық қызығушылығын арттырып, сабақты жандандырып, шығарманың мазмұндау дәрежесінің эмоционалдық қатысын арттырады.

Күйтабақтағы жазба. Күйтабақты мұғалім сабақ үрдісінің ең тиімді жерінде пайдаланады. Күйтабақты пайдалану сабақтың мақсатына, мұғалімнің жеткізбек идеясына, нені ойластыруына тікелей байланысты.

Магниттік жазба. Бұл магнитафон арқылы жүзеге асырылады. Сабақ мақсатына қарай мұғалім магнитафонға жазып алып, сабақтың түрі мен дидактикалық ұстанымына сай байланыстыра пайдаланады.

Көрнекілік – оқу материалын оқушы көңіліне оңай да әсерлі жолмен жеткізуші көмекші құрал. Ол бүтіннің бөлшегі секілді сабақтың бойында оның белгілі бір құрылымдық структуралық бөлшегіндей басқа құрамдас бөлімдерімен қабат-қабат қабысып жатуы қажет. Сонда ғана көрнекілік шәкірт білімінің тұтастығын арттырып, сабақ үрдісінің тиімділігін жүзеге асырады.
Бақылау сұрақтары:


  1. Көрнекіліктің маңызы, тиімділігі.

  2. Көрнекілік түрлері.

  3. Көрнекілікті пайдаланудың тиімді жолдары, әдіс-тәсілдері.

  4. Дыбыстық техникалық құралдар

  5. Радиохабарлар.

  6. Магниттік жазба.



29- лекция. Тақырыбы: Сыныптан тыс жұмыстар
Жоспары:

  1. Сыныптан тыс жұмыстардың мақсаты, маңызы

  2. Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері

  3. Сыныптан тыс оқулар.


Лекция мақсаты: Сыныптан тыс жұмыстардың мақсаты, маңызы міндетімен студенттерді таныстыру. Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері жайлы мәліметтер беру. Сыныптан тыс оқуларға анықтама беру.
Лекция мәтіні:

1. Мектепте әдебиетті оқыту барысында сыныптан тыс жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Оқушыларды сөз өнеріне тарту, көркем шығармаларға деген қызығушылығын арттыру, эстетикалық талғамын, сезімін дамыту сияқты білім мен тәрбие берудің басты-басты мәселелері сыныптан тыс жұмыстарды тиімді ұйымдастыру арқылы жүргізіледі.

а) Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың қабілеті, икемі, дарыны, жеке ынтасы негізінде ұйымдастырылады және бірнеше салаға бөлінеді. Үйірме жұмыстары – сыныптан тыс жұмыстардың күре тамыры.

ә) Әдеби-шығармашылық үйірмелердің сонымен қатар «Шешендік өнер», «Айтыс», «Термеші» сияқты фольклорға негізделген түрлері, әсіресе, соңғы кездерде тәжірибеге көптеп енгізілуде.

Үйірме жұмыстарының арнаулы органы – қолжазба журналы, газеті болады. Жұмыс жоспары жасалынады. Мұндай істерге кейде жергілікті ақын-жазушылар да (өз тілегімен) көмектесіп, белгілі бір секцияны басқарады.



б) Әдеби үйірмелердің бір түріне «Кітап достары» немесе «Кітап – білім бұлағы» деген үйірмені жатқызуға болады. Әсіресе, 5-8 сыныптарда мұны мектеп кітапханасымен бірігіпжүргізудің маңызы ерекше.

2. 5-8 сыныптар бойынша әдебиет үйірмелерімен бірлесе отырып, «Алтын сақа» немесе «Ер Төстік елінде» атты драма үйірмесін жүргізуге болады. Сыныптан тыс жұмыстардың бір түрі – клубтар. Үйірмеге қарағанда клубтардың ауқымы кең. Үйірмеге қабілетті соған икемді ғана балалар тартылса, клубқа қатысам деушілерге ондай шек қойылмайды. Бір сыныпты түгелімен бір клубқа қатыстыруға болады. Мысалы, «Аққу», не «Әлди, әлди, ақ бөпем» клубына қыздар тартылады. Әдеби біліммен қатар, эстетикалық тәрбие беру, сұлулық, әдемілікті сезінуге баулу, ұлттық тәрбиені жүзеге асыруда мектепте өтілетін әдеби кештің атқаратын жұмысы ерекше болып келеді. Клубта әдебиеттегі қыздар бейнесі, ақын-жазушы қыздардың өлеңін оқып-талдау, өнерпаз, білімпаз қыз-келіншектер туралы, сондай-ақ қыздарға өзін-өзі күту, болашақта үй тұрмысын қалай жүргізу, дастархан мәзірінің жайы, бала тәрбиесі, сән т.б. туралы қызықты, маңызды әңгімелер өткізіліп, әр саладағы мамандармен кездесу ұйымдастырылады. «Алтыбақан», «Мұрагер» клубтарын құрып, халықтың өнерін, әдет-ғұрпын, әдебиетін, шешендік өнерін кеңінен насихаттауға болады.
Ақын-жазушыларға байланысты мынадай кештер өткізуге болады:

  1. «... Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп...» (Ш. Уәлиханов туралы).

  2. «Жүрегімнің түбіне терең бойла...» (Абай).

  3. «Адамзаттың Айтматовы» (Ш. Айтматов).

  4. «Кінәны жүрекке қой, қойма маған» (М. Жұмабаев).

  5. «Мен кетермін, артта жазған сөзім қалар...» (Шәкәрім туралы).

  6. «Оқыған азаматтың ардағы, бетке ұстар көсемі» (Ахмет Байтұрсынов).

  7. «Өлсе де денем, мен өлмен...» (Ж. Аймауытов туралы).

  8. «Оян, қазақ!» (Міржақып Дулатов).


Әдеби конференциялар

3. Әдеби конференцияларды үлкен бір проблемалар, тақырыптар бойынша жүйелі өткізіп тұру тиімді. «Қайта оралған есімдер» шығармашылығы бойынша мынадай тақырыптарды қамтуға болады:

  1. Мағжан поэзиясындағы нышан, романтика, миф.

  2. а) Шәкәрім – Шығыс поэзиясындағы жарқын тұлға. ә) Шәкәрім поэзиясындағы Абай үлгісі, Абай әсері.

  3. Ана тілін түрлеген Ахаң.

  4. Жүсіпбек прозасындағы шеберлік пен шешендік.

  5. Міржақып – алғашқы қазақ романының авторы.

Әдебиет сабағы, сабақ процесіндегі жұмыстар мен сыныптан тыс жұмыстар тонның ішкі бауындай қабысып, бірлікте жүріп отыруы керек. Оқу бағдарламасындағы оқып, талдауға ұсынылатын шығармалардың барлығын сабақ процесіндегі игеріп біту мүмкін нәрсе емес. Көркем шығарманы оқудың басты-басты кезеңдері сыныптан тыс мезгілде жүзеге асырылады. Сыныптан тыс оқулардың басты мақсаттарының бірі – кітаппен жұмыспен істеуге үйрету, өз беттерімен оны тыңдай білу, оқығандарының ішінен ең негізгі, басты мәселелерді еске ұстау дағдыларын қалыптастыру. Сыныптан тыс оқу сабақтарын ізденіспен өткізетін мұғалімдер кабинетте, кітапханада арнайы «Сыныптан тыс оқу» бұрышын ұйымдастырады. Ол мынадай бөлімдерден тұрады. Мұғалім еркіне қарай: 1. Оқу бағдарламасында ұсынылатын кітаптар тізімін сынып бойынша көркем етіп жазып қою:
Үлгі (5-сынып)


1. Авторы

Кітаптың, шығармалардың аты

Баспасы, шыққан жылы

Кітапты қайдан алуға болады

1 тоқсан:

М. Әуезов

Ғ. Мүсірепов

2 тоқсан:


«Жетім»


«Жапон балладалары»

Таңдамалы, 1-т.


Мектеп кітапханасы


Кітап оқығанда, мына мәселелерді есте ұстау:

Кітапты жазып оқыма, денеңді тік ұстап, дұрыс отырып оқы.

Басты кейіпкерлер, негізгі оқиғалар есіңде қалу үшін, арнайы күнделік-дәптер ашып қой.


Мына үлгіні пайдалануыңа болады:


Автор

Кітаптың аты

Қашан оқыдым

Басты оқиғалар

Негізгі кейіпкер

Өзіме ұнағандары

Ең басты мәселе, мұғалім оқушылардың сыныптан тыс оқуын, сыныптан тыс оқу сабақтарын ғылыми түрде, тиімді, қызықты ұйымдастыра білуі керек.


Мектепішілік конкурстар, жарыстар, әдеби ойындар, кітап оқу мәдениеті, маңызы т.б. тақырыптарға тәрбие сағаттарын жүргізу, оқырмандар конференциясын өткізудің маңызы ерекше. Мұндай әр түрлі жұмыстарды бір маңызды тақырып айналасында өткізуге болады. Мысалы, М. Әуезов шығармаларына байланысты мынадай жұмыстар жүргізіледі:


  1. Бәйге-жарыстар (конкурстар)

  1. М. Әуезов шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу;

  2. М. Әуезовті ең көп оқыған бала;

  3. «Жеке меншігінде М. Әуезов шығармалары көп», «Әуезов мұрагері» т.с.с.




  1. Әдеби викториналар

Викториналық сұрақтар «Мектеп тынысы» стендісіне ілініп қойылады, балалар жауабы арнайы жәшікке хат үлгісінде жазбаша салынады. Қорытындысы жиналыс, отырыста хабарланады.
Викторина сұрақтары (жоғары сыныптар үшін):
Үлгі:

  1. «М.Әуезов – заманымыздың ұлы жазушыларының бірі». Кімнің сөзі?

  2. «Сіз «Абайды» оқыдыңыз ба? Оқымасаңыз, сіз еш нәрсе білмейсіз! Бұл – таңғажайып, бұл – керемет!» Кімнің сөзі? Кімге айтылған?




  1. Әдеби ойындар

Әдеби ойындар, әсіресе, 5-8 сыныптарда қызықты болмақ. «Жаңылтпаштың жаңылмас шебері», «Жұмбақ, жұмбақ, жұтылдым», «Алдар қудың басынан кешкендері», «Қожанасыр қоржыны», «Жиреншенің тапқырлығы», «Тазшаның тапқырлығы», «Төрт түлік малдың айтысы», т.б. тақырыптарға қызықты ойындар өткізуге болады. Бұл ойындардың көпшілігі сахналық көрініспен жүргізіледі, юмор, тапқырлық, әр түрлі күлдіргі жағдайлар оны әрлендіре түседі.


  1. Оқырмандар конференциясы

5-8 сыныптарда «Мен сүйетін ертегі», «Мысалдар әлемінде», «Туған жер әуені» тақырыптарды алуға болады.

4-6 сыныптарда «Шыңғыс Айтматов шығармаларындағы азаматтық проблемалар. «Екінші дүниежүзілік соғыс Қасым жырларында», «Шәкәрім шығармаларындағы Шығыс сазы», «Шәкәрім және Абай», «Қазақ әдебиетіндегі суырыпсалмалық өнер», т.б.


Бақылау сұрақтары:

  1. Сыныптан тыс жұмыстардың мақсаты, маңызы

  2. Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері

  3. Сыныптан тыс оқулар.

  4. Студенттер еңбегін ғылыми түрде ұйымдастыру

  5. Өздігінен ізденіп оқуды тиімді өткізу

  6. Көркем шығармада деген қызығушылықты ардттыру эстетикалық сезім, талғамды қалыптастыру

  7. Аудиториядан тыс жұмыс түрлері

  8. Әдеби шығармашылық үйірмелер

  9. Әдеби конференциялар

  10. Поэзия кештері

  11. Кездесулер

  12. Әдеби газеттер шығару

  13. Әдеби басылымдарға мақала, өлең, әңгіме жариялау



30- лекция. Тақырыбы: Мұғалім даярлау жүйесіндегі педагогикалық практика. Студенттердің педагогикалық практикасы
Жоспары:

  1. Педагогикалық практиканың мақсаты мен міндеті.

  2. Студенттердің педагогикалық практикасы.

  3. Педагогикалық практикада тапсырылатын негізгі құжаттар.


Лекция мақсаты: Педагогикалық практиканың мақсаты мен міндетіне тоқталу. Студенттердің педагогикалық практикасы жөнінде мәлімет беру. Педагогикалық практикада тапсырылатын негізгі құжаттар. Мұғалім даярлауда педагогикалық практиканың орны маңызды екендігіне көз жеткізу.
Лекция мәтіні: Студенттердің кәсіптік білім беру жүйесінде педагогикалық практиканың алатын орны ерекше. Ол жоғары оқу орнындағы оқу-тәрбие процесінің құрамдас бөлімі болып саналады, сондықтан болашақ мұғалімдердің теориялық дайындығын олардың оқу-тәрбие мекемелеріндегі практикалық қызметпен ұштастыру міндетке алынады.

Педагогикалық практика оқыту мен тәрбиенің принциптерін, заңдылықтарын толық түсінуге, кәсіби шеберлік пен дағдыны меңгеруге педагогикалық колллективтің тәжірибесін үйренуге, мұғалім жұмысының ғылыми-теориялық негізін сапалы түрде меңгеруге ықпалын тигізеді.

Педагогикалық практиканың маңызды міндеттері – оқу-тәрбие әдістерін, мұғалімдер мен оқушылар әрекетін бақылауды үйрету, олардың өзара әрекетінің мәні мен логикасын түсіну болып табылады.

Педагогикалық практика процесіндегі болашақ мұғалімнің педагогикалық іскерлігі мен өзіне тән кәсіптік сапаларын қалыптастыру міндеті шешіледі, ал оған мыналар жатады:



  1. Қоғамдық-саяси, педагогикалық және арнайы білімдерді орнықтыру, тереңдету әрі байыту, оларды нақтылы оқу-тәрбие міндеттерінде шешуге қолдау.

  2. Мұғалім мамандығына деген ықыласы мен сүйіспеншілігін, өзінің кәсіптік-педагогикалық тәжірибесі мен біліміне қажеттілігін, педагогикалық қызметке творчестволық тұрғыда қарауды ұдайы тәрбиелеу.

  3. Мектептегі орта кәсіптік-техникалық гимназиялардағы оқу-тәрбие жұмысының қазіргі жағдайымен, педагогикалық озат тәжірибесімен танысу, балалар мен жеткіншектерге тәрбие беру міндеттерін шешуде оқу-тәрбие мекемелеріне қолдан көмек көрсету.

  4. Мектептегі оқу-тәрбие процесінің міндеттерімен және мазмұнымен танысу:

  • оқушылар коллективін, олардың жас және дара ерекшелігін зерттеп білу;

  • педагогика, психология, жас ерекшелігі физиологиясы және мектеп гигиенасы пәндері бойынша берілген практикалық тапсырмаларды орындау;

  • сабақтас тыс жекелеген тәрбие жұмыстарын дербес дайындап өту;

Қорыта айтқанда, педагогикалық практика студенттердің педагогика және психология курсы бойынша теориялық білімдерін баянды етеді, кәсіби шеберлігін шыңдайды, нағыз маман дәрежесін ұғынуға, өз таңдаған мамандыққа қатынасын анықтауға мүмкіндік береді.

Педагогикалық практиканың қорытындысы бойынша студент-практиканттың тапсыратын іс-қағаздарының тізімі



  1. Практиканттың бағдарламасының барлық бөлімдері көрсетілген жеке жоспары.

  2. Сынып жетекшісінің тәрбие жұмысы жөніндегі жоспары.

  3. Сынақ тәрбиелік шараның разработкасы.

  4. Тәрбиелік іс-шараға педагогикалық талдау жасау.

  5. Шығармашылық және ғылыми зерттеу жұмысы бойынша есеп.

  6. Практиканттың педагогикалық практика барысындағы орындаған жұмысы бойынша нақтылы тұжырымдары мен ұсыныстары көрсетілген есебі.


Бақылау сұрақтары:

  1. Педагогикалық практиканың мақсаты мен міндеті.

  2. Студенттердің педагогикалық практикасы.

  3. Педагогикалық практикада тапсырылатын негізгі құжаттар.

  4. Студенттің университет қабырғасында алған білімдерін практикамен ұштастыру.

  5. Әрбір парктикант студженттің мемлекеттік практикадан өту кезеңінде атқаруға міндетті оқу-тәрбиелік шаралары

  6. Мектеп тәжірибесінде қалыптасқан әдіс-тәсілдерін оқытудың жаңа технологиясымен тиімді ұштастыру

  7. Алынған нәтижелерді сабақ процесінде, сыныптан тыс жұмыстар кезінде пайдалана білу.



1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет