Лекция: 30 Семинар: 8 СӨЖ: 97 Барлық сағат саны: 135 Аралық бақылау (АБ): 60



бет6/11
Дата17.06.2016
өлшемі1.07 Mb.
#141229
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

6. Тәжірибеде кеңінен тараған, әрі тиімділігімен, нәтижелілігімен көпшілік ұстаздар еңбегіне мол кірген талдаудың түрі – проблемалық талдау. Проблемалық талдау оқушылардың танымын арттыру, ойлау белсенділігін жетілдіруде үлкен роль атқарады және өзіндік ізденістеріне мол мүмкіндік ашады, әрі дамыта оқытудың негізгі бір жолы ретінде де пайдалы болып келеді. Проблемалық талдау сол көркем шығарма негізіндегі проблеманы дәл тауып, нақты проблемалық сұрақтар әзірлеуді талап етеді. Ол үшін проблемалық жағдаят тууы керек. Кез келген «Неге?» деген сұрақтарды проблемалық сұрақтармен шатыстыру мектеп тәжірибесінде кездесіп жатады. Проблемалық сұрақ негізінде оқушыға «бейтаныс», шешуді керек ететін мәселе, проблема болады. Мысалы, жай сұрақтар мен проблемалық сұрақтар арасындағы айырмашылықты төмендегі баған арқылы көруге болады (М. Әуезов «Қараш-қараш оқиғасы», Бақтығұл бейнесі бойынша).




Жай сұрақтар

Проблемалық сипаттағы сұрақтар

1

Бақтығұл қандай кейіпкер? Ол неге Жарасбайды барып паналайды? Осы іс-әрекеті дұрыс па?

Қалай ойлайсыңдар, Бақтығұл кім? Ол Сәлмен мен Жарасбайдың «құрбаны» ма әлде кек алушы күрескер ме? Немесе қорғансыз сорлы ма?

2

Бақтығұл Жарасбайды неге өлтіреді?

Бақтығұлдың Жарасбайды өлтіруінде қылмыстық іс-әрекет бар ма?

3

Ұрлыққа, барымтаға бару себебін түсіндіріңдер. Оны мұндай әрекетке кім жұмсайды?

Жаратылысында ары таза Бақтығұл соншама азғындап, ұрлық жолына неге түседі? Кінәлі кім?

4

Бақтығұлдың іс-әрекетін түсіндіріңдер. Ұрлық жасауы, кісі өлтіруі дұрыс па?

Бақтығұлдың іс-әрекеті, мақсатты саналы іс-әрекет пе, әлде кектен, өш алудан туған іс-әрекет пе?

5

Бақтығұлдың Сәлменнен кетіп, Жарасбайдан пана іздеуі дұрыс па?

Қалай ойлайсыңдар, Бақтығұлдың ең басты қателігі, адасуы деп, нені айтар едіңдер?

6

Бақтығұл арқылы жазушы не айтпақ болған? Ол Бақтығұлды жақтай ма, жоқ па?

Бақтығұл бейнесінің негізінде жатқан проблема туралы не айтар едің? Автордың оған көзқарасы туралы қандай ойдасың?

Проблемалық талдауда мұғалім оқушыларға шығармашылық жұмыстар істетеді, шағын пікірталас, танымдық-іздендіруші, зерттеу бағытындағы тапсырмаларды орындатады, қорыта айтқанда, білім берудің тиімді әдіс-тәсілдерінің бәрін де пайдаланады. Бұдан шығатын қорытынды: біз сөз ететін талдау түрлерін мүлде бір-бірінен ажыратып тастауға болмайды. Кей жағдайда ол талдаулар араласып та жатады.


Бақылау сұрақтары:

  1. Жан-жақты толық талдау.

  2. Шолу бағытындағы талдау.

  3. Автор ізімен талдау.

  4. Сұрыптап талдау.

  5. Образдар жүйесіне талдау.

  6. Проблемалық талдау.

  7. Талдау түрлері

  8. Талдау барысында әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалану әдеби тапсырмалардың көптүрлілігі

  9. Көркем шығарманың құрастырушы негіздері

  10. Шығарманың сюжеттік-композициялықжелісіне талдау жасау



15- лекция. Тақырыбы: Эпикалық шығармаларды оқыту
Жоспары:

  1. Эпикалық шығармалардың өзіне тән ерекшеліктері.

  2. «Абай жолы» эпопеясын оқыту.

  3. Әңгіме жанрын оқыту.

  4. Мысал жанрын оқыту.

  5. Ертегілерді оқыту.

  6. Батырлар жырын оқыту.


Лекция мақсаты: Студенттерге эпикалық шығармалардың өзіне тән ерекшеліктеріне сипаттама беру. Сабақта «Абай жолы» эпопеясын оқытудың жолдары. Әңгіме жанрын оқыту және оны оқытуда қолданылатын тәсілдер. Мысал жанрын оқыту, Ертегілерді оқыту, Батырлар жырын оқыту. Осы эпикалық шығармаларды оқытуда қолданылатын тәсіл, оқыту принцптері және өзіндік ерекшеліктері жайында барынша мәлімет беру.
Лекция мәтіні:

1. Эпикалық шығармаларға әңгіме, роман, эпопея, мысал, хикаят (повесть) жатады. Эпикалық шығармалардың өзіне тән ерекшеліктері – олардың негізгі бір мазмұнға құрылуы, сюжет, композициясы, тақырыбы, көркем бейнелері, яғни көркем компоненттерінің барлығы. Сондықтан оларды талдау барысында, ең алдымен, әдебиет теориясынан білім беріледі. Мысалы, әңгіме жанры деген не, оның хикаяттан немесе романнан айырмашылығы не? дегендей. Эпикалық шығармаларды оқытуда, талдауда міндетті түрде мына мәселелер басшылыққа алынады:

  1. Көркем шығарманың сюжеті, көтерген тақырыбы, проблематикасы.

  2. Көркем образдары, образдар галереясы.

  3. Автор – көркем туындыны жасаушы, көркем туындыны жазушы. Автор және көркем туынды.

2. Көркем шығарманы талдау оны оқудан басталады. Көркем туындыны толық оқымай, мазмұнын жете меңгермей тұрып, оны талдау мүмкін емес. Әңгіме, мысал сияқты шағын жанрларды талдау (барлық көркем компоненттерін қосып) роман, эпопеяларға қарағанда әрі қолайлы, әрі жеңіл болады. Әңгіме мен мысалды талдауда мұғалімнің олардың көркем табиғатын таныту, барлық бітім-болмысын сөз етуге мүмкіндігі мол. Ал роман, эпопеяны бағдарламада көрсетілген аздаған сағаттарда толық дәрежесінде талдау мүмкін емес. Сондықтан әсіресе, осындай көлемді шығармаларды оқыту үшін, мұғалім айрықша еңбектенеді. Көлемді шығармаларды талдауда да мұғалім көркем мәтінмен жұмысқа ерекше ден қоюы керек. Әрі оны тұтастай қарастыруды ойластырғаны жөн. Эпикалық шығармаларды талдау әр буында өзіндік ерекшеліктерімен даралана талданады (сыныбы, жасына қарай). Мысалы, бастауыш буында (5-7) сюжеті, композициясы, кейіпкерлеріне назар аударылса, 8-9 сыныптарда ол тереңдей түседі, авторлық тұрғыға, оның негізінде жатқан проблематикаға көңіл бөлінеді, ал жоғары сыныптарда әдебиеттану ғылымының басты талаптарымен талдау, әдеби-теориялық негізде тереңірек талдау жүзеге асуы тиіс.

3. Эпизодтармен жұмыста мына мәселелерге ерекше көңіл бөлу керек:

  1. Қай буында болмасын, оқушылар өздері оқыған шығармалардың мазмұнына, оқиғасына ерекше көңіл бөледі. Ал оқиғалар бір-бірінен туындап жатады, оқиғаның басталуы, дамуы, шарттары, шешімдері бар. Олардың барлығы оқиға құрылысына жатады. Талдауда ең алдымен оқиға, композиция назарға алынады.

Басты оқиғаларды мазмұндату, оған жоспар жасату сюжет-композициялық талдаудың ең негізгі әдіс-тәсілі болады.

М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқыту. Мектепте 4-томдық эпопеяны оқытудың ерекше маңызды, әрі қиын мәселе екендігі түсінікті. Ең алдымен, эпопеяның өзін оқытуды ұйымдастыра білу керек.

Эпопеяның әр кітабындағы негізгі оқиғаларды теріп жазып, пайдалану. Оның тиімділігі: төрт кітаптың негізгі-негізгі оқиғаларынан хабардар ету, естеріне түсіру, әріресе, кейіпкерді талдау барысында оның көмегі зор болмақ.

4. Әңгіме жанрын оқыту

Әңгімені оқытуда тек мазмұны ғана емес, ең бастысы, оның негізгі проблематикасы, жазушының идеялық-эстетикалық мұраты, сол жолдағы табысы сөз етілуі керек. Сюжет, композиция тұтастығы, тіл көркемдігі, характерлердің жасалу жолдары айналасындағы еңбекте ең негізгі мәселелер. Әдеби-теориялық ұғымдарын тереңдету, хикая, прототип, кейіпкерлерді психологиялық күй-жайы, сюжет, композиция, суреттеу, портреттеу, баяндаулар туралы да түсінік беру сабақтың басты мақсаттарының бірі болып табылады. Повесті талдау ең алдымен мазмұнын меңгеруден басталмақ. Сондықтан мұғалім ең тиімді деген әдіс-тәсілдер іздеуі керек. Мазмұнын сыныпта, әрі үйде меңгерту жөн. Шығарманың ұзақтығын ескеріп, әрі оқушының тез оқуы, қызығуын ұйымдастыру мақсатында, тарауларына тақырып қойып, ол талдаулардағы басты оқиғаларды көрсетіп, үлгіде көрнекі етіп жазып, пайдаланып отырудың маңызы зор.

Мысал жанрын оқыту

5. Мысал – аллегориялық жанр. Айтылатын ой ашық берілмейді. Астармен, меңзеумен беріледі. Ең алдымен, мысал жанры, оның өзіндік ерекшелігі туралы әдеби-теориялық ұғымнан мағлұмат, түсінік берген жөн. Мысалдарды оқу, талдау барысында бұл түсініктерге қайта оралып, осы ұғымдарды оқушылардың өзіне аңдатып, түйіндетіп отыру керек.

Ертегілерді оқыту

Оқулықтарда ертегідердің қара сөзбен жазылған түрлерімен қатар, өлеңмен жазылған түрлері де берілген. Ертегілер 5-9 сыныптарда оқытылады. Қай жанрда жазылған ертегі болмасын, балалар оны ерекше қызығушылықпен оқиды. Ертегілерді оқытуда ең басты мына мәселелерге көңіл бөлу керек.


  • Ертегілердің жанрлық ерекшелігін таныту. Яғни әдеби-теориялық ұғымдар беру;

  • Сюжет пен композициясындағы жымдастық, тұтастық, өзіндік ерекшеліктерді білдіру;

  • Тіл құрылысы ұйқаспен, тақпақпен келуі, баяндау, суреттеу, портреттеу шеберлігі, бейнелі сөздердің мол келуі, оқиғаларының қызықтығы, жатықтығы. Ертегінің бай тілі – халқымыздың ғасырдан-ғасырға келе жатқан байырғы, тарихи тілі екендігі.

  • Ертегі негізінде халқымыздың асыл арманы, ұшқыр қиялы, гуманизмі, адамдық биік мінез-құлқының, тыныс-тіршілігінің айнымай көрінуі.

Ең алдымен, оқушыларға ертегіні оқыту, мазмұнын толық меңгерту мәселесін ойластыру керек. Мазмұнын меңгертуде мәнерлеп оқу, әңгімелеу, баяндау, мазмұны тұтас сақталынған толық жоспар, ең басты оқиғаларға негізделген тұжырымды жоспар, эпизодтарға бөлу, әр эпизодқа ат қою, сұрақтар, тапсырмалар жүйесін ойластыру, оқушылардың қабілеті, икем-дағдысын арттыруға, байланысты жұмыс түрлерін жүргізу, соның ішінде өтілгелі отырған ертегіге сәйкес ертегілер құрастыруға баулу, пікір айта білу, өз беттерімен талдауға дағдыландыру, мәтінге жуық мазмұндату, басты оқиғаларды ғана қамтып, мазмұндату мәселелерін ойластыру.

Батырлар жырын оқыту.



6. Батырлар жыры – ауыз әдебиетінің маңызды да күрделі жанры. Оның оқытуға қиындығы – ұзақтығы, өзінің бүгінгі балалар үшін сонылығы, поэтикалық ерекшелігінде. Әсіресе, оны оқыту 5-8 сыныптар арасында мұғалімге көп еңбек сіңіруді қажет етеді. Батырлар жырын оқытуда мұғалім басты-басты мына мәселелерге көңіл бөлу керек (5-8 сыныптарда):

Кіріспе жұмыстар



  • «Батырлар жыры» туралы (эпостық жырлар) алғашқы әдеби-теориялық ұғым беру.

  • Батырлар жырындағы халық арманы, оның негізінде халық тарихының жататыны.

Жырға әдеби талдау жасау

а) Жырдың идеясын тақырыбын ашу.
Бақылау сұрақтары:


  1. Эпикалық шығармалардың өзіне тән ерекшеліктері.

  2. «Абай жолы» эпопеясын оқыту.

  3. Әңгіме жанрын оқыту.

  4. Мысал жанрын оқыту.

  5. Ертегілерді оқыту.

  6. Батырлар жырын оқыту.

  7. Проблемалық оқытудың эпикалық шығармаларды меңгертудегі тиімділігі

  8. Проблемалық сұрақтардың қызметі.

  9. Проблемалық ситуацияны шешудегі ой белсенділігі

  10. Әр түрлі болжамдарды ғылыми негізде саралау

  11. Көркем мәтінмен жүргізілетін кіріспе жұмыстар



16- лекция. Тақырыбы: Драмалық шығармаларды оқыту
Жоспары:

  1. Драмалық шығармалардың өзіндік ерекшелігі.

  2. Драмалық шығармаларды талдау әдістемелері.

  3. Драмалық шығармаларды оқытудың жолдары.


Лекция мақсаты: Драмалық шығармалардың өзіндік ерекшелігіне тоқталу. Драмалық шығармаларды талдау әдістемелері жайында жан-жақты қарастыру. Драмалық шығармаларды оқытудың жолдары және әдіс-тәсілдері жайлы деректерді студеттерге жеткізу.
Лекция мәтіні:

1. а) Драмалық шығармалардың өзіндік ерекшелігі:

Әдебиеттің басқа жанрына қарағанда драмалық шығармаларды оқытудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол ерекшелік драмалық туындылардың жанрлық табиғатына тікелей байланысты болып келеді. «Пьеса-драма, комедия-әдебиеттің ең қиын формасы»,-дейді М. Горький. Себебі, әдебиеттің проза, лирика жанрларында айтатын ой, кейіпкерлер іс-әрекеті, көрініс, сахна бірінші кезекте болады. Орыс жазушысы Гоголь: «Пьеса тек сахнада ғана өмір сүреді» деуі осыған дәлел. Драмалық шығармаларда оқиғалар оқырман көз алдында жаңа өтіп жатқандай әсер қалдыруы керек. Күшті сюжет, ең бастысы, өткір, шиеленісті тартыс, өмірдегі қарама-қарсылықтар – драманың өзегі, негізгі арнасы. Драмада қаһарман белгілі бір мақсат үшін күреседі, сол себепті оның күші зорайып, іс-әрекет, қимыл арқылы көрінеді. Драмадағы тағы бір ерекшелік, қаһармандар іс-әрекеті әр жаққа шашырамай, бәрі бір жүйе, бір арнада өрбіп, дамиды.



2. ә) Драмалық шығармаларды талдау әдістемелері:

1. Талдауды бастамас бұрын, балаларға өтілгелі отырған драмалық шығармаларды алдын ала оқыту керек. Балаларға оқу барысында ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беру міндетті түрде жүзеге асырылады. Әсіресе, ең негізгі, басты тартыстар, шиеленістерді көрсететін акт, суреттерге ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Оны мұғалім үлестірме-нұсқау арқылы да жүргізеді. Мысалы, Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш -Баян сұлу» трагедиясын оқу барысында мынадай нұсқау ұсынуға болады:

- Трагедиядағы басты тартыстар, оқиғалар, соған назар аудар:

2. Трагедияда өзіңе, әсіресе, не ұнады, не ұнамады? Ойыңды, пікіріңді дәлелді айтуға тырыс, т.б.

Талдау алдында оқушыларға әдеби-теориялық ұғым берудің маңызы зор.

3. Талдауды драмалық шығармаларды күйтабақтан талдау, немесе, содан көрініс көрсетуден бастаудың маңызы зор.

4. Талдауда мәтінге сүйену, үнемі соған арқа сүйеу, әсіресе, драмалық шығармаларды оқытудың алтын арқауы болып табылады. Мұғалім ең негізгі көрініс, актілерді, монолог, диалогтерді бөліп ала отырып, сол бойынша жұмыс істеуі керек.

5. Мәнерлеп оқу, түсіндірмелі оқу, рөлге бөліп оқуға ерекше назар аударылады.

6. Талдау барысында жиі-жиі оқушыларды қозғау салып, олардың қиялы, ойына ерік беріп отыру да драмалық шығармаларды оқытудың тиімді жолдарының бірі.

3. Драмалық шығармаларды оқытудың жолдары көп. Ол - әр мұғалімнің ізденісі, шеберлігіне де байланысты шығармашылық жұмыс. Дегенмен, оның өзіне тән оқыту әдістері, сабақ түрлері болады. Концерт-сабақтар, композициялық сабақтар түрі – драманы өтудегі тиімді сабақ түрлеріне жатады.
Бақылау сұрақтары:


  1. Драмалық шығармалардың өзіндік ерекшелігі.

  2. Драмалық шығармаларды талдау әдістемелері.

  3. Драмалық шығармаларды оқытудың жолдары.

  4. Драммалық шығармалардың жанрлық ерекшеліктері және заңдылықтары танысу

  5. Драммалық туындылдардың жанрлық табиғатына сай мәтінмен жүргізілетін жұмыстар

  6. Драммалық шығармаларға тікелей қатысты әдеби-теориялық ұғымдар қызметі.

  7. Драммалық образ

  8. Драммалық қойылымдардағы деккорация

  9. Драммалық шығармаларды оқытудағы әдістемелік тәжірибелер

  10. Драмма кейіпкерінің табиғатына сай көрсете білу.



17- лекция. Тақырыбы: Лириканы оқыту
Жоспары:

  1. Лирикалық шығармаларды 5-8 сыныптарда оқыту.

  2. Лирикалық шығармаларды өтуде оқушылардың шығармашылық жұмыстарына көңіл бөлу.

  3. Лирикалық шығармаларды көркемөнер туындыларымен байланыстыра өту.


Лекция мақсаты: Мектепте лирикалық шығармаларды 5-8 сыныптарда оқыту жолдары. Лирикалық шығармаларды өтуде оқушылардың шығармашылық жұмыстарына көңіл бөлу. Лирикалық шығармаларды көркемөнер туындыларымен байланыстыра өту тәсілдерін суденттерге түсіндіру.
Лекция мәтіні:

1. Лириканы оқыту күрделілігі оның жанрлық ерекшелігінде ғана емес, ең бастысы, оқушылардың оған деген көзқарасы, қарым-қатынасында. Әсіресе, 5-8 сыныптар оқушыларының көбі поэзиядан гөрі, қызықты мазмұны бар, айтайын деген ойының бәрі бадырайып тұратын прозалық шығармаларды ұнатады. Лирикалық шығармаларда ақын өз ойы, өз сезімі, өз күйін тікелей кейіптеу арқылы жеткізсе, лириканың сол өзіндік қасиеттерін түсіну үшін, баланың да ақынжанды жүрегі, нәзік сезімі, ұшқыр ойы болуы керек қой. Лирикалық шығармаларды құлақпен емес, жүрекпен, сезіммен қабылдау керек десек, ол шығармаларды бала қалай меңгерді, нені сезді, неге тебіренді, қандай көңіл күйде болды, оны тексеру де мұғалімге оңайға соқпайтын мәселелер. Міне, сондықтан да лириканы оқытудың күрделілігі осында жатыр.

Әсіресе, 5-8 сыныптарда сабақ басталмас бұрын, көңілді, сазды, назды музыка қойып қою, өтілгелі отырған лирикалық шығарманың әні болса, әнімен қойып қоюдың, күйлерді тыңдаудың оқушыларды сабаққа әзірлеуде маңызы зор.

Лирикалық шығармаларды 5-8 сыныптарда оқытуда мына мәселелерге көңіл бөлу керек:

а) лирика туралы әдеби-теориялық бастапқы ұғым беру, оны, біріншіден тереңдете беру.

ә) өлеңді үйде алдын ала оқып, танысуға беру.

б) мұғалім өлеңнің поэтикалық көркем тіліне, құрылымына міндетті түрде назар аударуы, өзі талдамас бұрын, оқушылармен жұмыс жүргізуі керек.

в) өлеңді әуенмен, сазымен мәнерлеп оқуға, жатқа оқуға ерекше көңіл бөлу.

г) өлеңдегі ақынның көңіл-күйін бағдарлату, оқушылардың өз сезімі, өлеңнің әсеріне де назар аударту.

д) тақырыпқа сай музыканы, бейнелеу өнерін, басқа да өнер туындыларын, көрнекілікті, үйлесімді, тиімді пайдалану.

ж) тиімді, көңілді оқу жағдайын туғызу. Жағымды ахуал жасау (балаларға ұрыспау, т.б.).

з) қабілеттерін, шабыттарын ояту, белсенділіктерін арттыру мақсатында шығармашылық сипаттағы әдіс-тәсілдер пайдалану.

и) әр түрлі сабақ үлгілерін іздену.



2. Лирикалық шығармаларды өтуде оқушылардың шығармашылық жұмыстарына да ерекше көңіл бөлу керек. Осы сабаққа қабілеттеріне қарай өлең жаздыру, сурет салдыру немесе шағын шығарма-суреттеме жаздырудың маңызы зор болмақ.

Лирикалық шығармаларды көркемөнер туындыларымен байланыстыра өтудің маңызы зор. Мысалы Жұмағали Саиннің «Есімде Айдар өзені», сондай-ақ Қ. Аманжоловтың «Туған жер», «Домбыра» (8-сынып) өлеңдерін өту кезінде музыкамен байланыстырудың маңызы зор болмақ.

«Есімде Айдар өзені» - майдан, жорық, айқас лирикасы. Сабақ басталар алдында «Қасиетті соғыс» өлеңін немесе «Кестелі орамал», «Қараңғы түн» әндерін күйтабақтан тыңдауға болады. Музыка аяқтала бергенде, өлең мәнермен оқылуға тиіс. Оқушыларға осылай эмоциялық жағдай туғыза отырып, талдау – лирикалық туындыларды өтудің тиімді әдіс-тәсілдерінің бірі. Кейде музыка біткен соң, мұғалім өлеңді екі түрлі дауыс ырғағымен оқиды. Біреуін екпінді, шабытты, жігерлі үнмен, екіншісін мұңды, сазды, ойлы, тебіреністі, баяу үнмен. Міне, осы оқу мәнері арқылы да проблема туғызуға болады. Өлеңді талдау алдында: «Балалар, бір сәт ойға кетейікші, ақын осы өлеңді жорық, соғыс үстінде жазған ба, жоқ, соғыстан соң жазған ба?» - деген сұрақ қою керек. Осындай «Көңілашар» әңгімелесуден кейін, талдау жұмыстарын бастауға болады.

Поэманы оқыту



3. Поэмаларды оқыту әдістері олардың жанрлық ерекшелігінен туындайды. Поэмалардың басым көпшілігі сюжет пен композиция, образдар жүйесінен тұрып, күрделі ауқымды проблемаларды көтереді. Мұндай поэмаларға С. Сейфуллиннің «Көкшетауы», І. Жансүгіровтың «Құлагер» т.б. поэмалары жатады. Поэмалардың тағы бір түрі – лиро-эпикалық, лирикалық поэмалар. Сәкеннің «Альбатросы», С. Торайғыровтың «Кедейі», Ілиястың «Даласы» осындай поэмаларға жатады. Лиро-эпикалық поэмаларда шиеленіскен оқиғалар болмайды, дегенмен, поэманың басынан аяғына дейін әңгімеші ролін атқаратын лирикалық кейіпкер, оның сезімі үлкен рөл атқарады. Лиро-эпикалық поэмаларды оқытуда мәнерлеп оқуды, поэма көтерген проблеманы меңгерту үшін, мәтіндік талдауды, автор ізімен талдауды қолдану тиімді болып келеді. Мысалы, Ілиястың «Даласын» оқытудың жемісті жолы – алдымен мәтінді меңгерту. Ол үшін мәнерлеп оқи отырып, әр бөлімге аннотация беру керек. Аннотацияны оқушылар үйден жазып келіп, сыныптағы талдау жұмыстарында пайдаланады.

І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы - өзінің көтерген проблемасы, тақырыбы, мазмұны жағынан роман тектес шығарма. Поэмаға әдеби талдау алдында оның мазмұнын түгелдей оқыту, меңгерту айналасында еңбек ету керек. Осы мақсатта мұғалім үйге алдына ала тапсырмалар береді.

Жалпы сыныптық тапсырма:

1. Поэманы түгелдей оқып, мазмұнымен танысу.



2. Әр бөлімге қысқаша аннотация жазу.
Бақылау сұрақтары:

  1. Лирикалық шығармаларды 5-8 сыныптарда оқыту.

  2. Лирикалық шығармаларды өтуде оқушылардың шығармашылық жұмыстарына көңіл бөлу.

  3. Лирикалық шығармаларды көркемөнер туындыларымен байланыстыра өту.

  4. Мәнерлеп оқытудың лириканы оқып-үйренудегі қызметі.

  5. Лириканың табиғаты

  6. Лириканың сипаты

  7. Лириканың түрлері

  8. Лириканы оқытудағы мазмұн мен форма бірлігі

  9. Лирикалық қаһарман

  10. Лирикадағы әсемдік идея, тақырып

  11. Лирикадағы сюжет мәселсінің өзіндік ерекшеліктері

  12. Мәтінді оқыту түрлері

  13. Лирикалық өлеңнің ақын шығармашылығымен тығыз бірлікте жан-жақты талданатындығы



18- лекция. Тақырыбы: Көркем шығармамен жұмыстың негізгі кезеңдері, басты бағыттары
Жоспары:

  1. Кіріспе жұмыстары.

  2. Көркем туындыны оқыту.

  3. Көркем мәтінді талдау.


Лекция мақсаты: Көркем шығарманы оқып меңгеруге байланысты жұмыс түрлері: Кіріспе жұмыстары, көркем туындыны оқыту, көркем мәтінді талдау. Осы түрлеріне байланысты ерекшеліктеріне тоқталу және сабақ процесіндегі алатын орны жайлы студенттерге түсіндіру.
Лекция мәтіні:

1. Кіріспе жұмыстар. Мұғалімнің алдына қойған оқу-тәрбие мақсаты, көркем шығарманың өзіне тән ерекшелігіне қарай кіріспе жұмыстары әр түрлі болып келеді. Оған кеткен уақыт мөлшері де соған байланысты болады. Кіріспе жұмыстары өтілгелі отырған тақырыпқа оқушыны қызықтыру, эмоцияларына әсер ету мақсатында жүргізіледі. Оны әңгімелеу, сол тақырыпқа байланысты қызықты қосымша материалдарды, көрнекіліктерді пайдалану арқылы немесе кинофрагменттерді көрсету, күйтабақ тыңдау т.б. жұмыстар негізінде ұйымдастыруға болады. Мысалы, М. Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» бойынша кіріспе жұмыстарда мұғалім оның жазылу тарихы, бас кейіпкер Бақтығұл тағдыры, атақты қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесі – Рысқұл тағдырынан алынғаны, жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы туралы шағын әңгіме, Рысқұлдың, Тұрардың суреттері, қырғыз фильмі туралы деректер пайдалануға болады. Бұндай эпизодтар, сөз жоқ, оқушыны елең еткізіп, өтіліп отырған шығармаға деген қызығушылықты, ынтаны туғызады. Көркем туынды, оның авторы арқылы да осындай жұмыс жүргізудің маңызы зор. Автор туралы өлеңдер, оған берілген бағалар, өтілгелі отырған шығарманың әдебиет тарихындағы алатын орны жөнінде де көптеген жұмыстар жүргізудің тиімділігі зор болады.

2. 7 сыныпта Қ. Аманжоловтың «Көкшетау» өлеңі беріледі. Кіріспеде мұғалім Көкшетауға сырттай саяхат өткізуге болады. Эпипроектордан Көкше баурайының түрлі түсті суреттерін (открытка, картина т.б.) көрсету. Сәкеннің атақты «Көкшетау» поэмасындағы Бурабай, Оқжетпес, Жұмбақтас, Көкше бейнелерін суреттейтін жерлерді мәнерлеп оқу, оқу үстінде суреттерін көрсетіп, түсінік берудің тиімділігі сол, бұл тәсіл әрі балалардың сезіміне әсер етеді. Бұл кіріспе жұмыс тіпті артынан өлеңді талдап болғаннан кейін де (Қасымның) іздендіру бағытындағы салыстыру жұмыстарын жүргізуде нәтижелі болып келеді. («Көкшені жырлаған қай ақын Көкшенің бейнесін нағыз суреткер ақын ретінде дәп басып бейнелеп берген?» немесе «Өзіңе қай ақынның Көкшесі ұнады?» деген сұрақтар арқылы).

3. Табиғат лирикаларын өтпес бұрын, оқушыларға суреттер (пейзаж) беріп, сол арқылы немесе өздерінің білім тануы, бақылауы бойынша табиғат көріністеріне алдын ала шағын шығарма-суреттеме беру де пайдалы. Жоғары сыныптардағы кіріспе жұмыстар оқушылардың сезімі, қызығушылығын арттыру мақсатында ғана емес, ең бастысы, өтілгелі отырған тақырып, көркем туынды жайындағы білімдерін кеңейту, дүниетанымын арттыру мақсатында да жүргізіледі.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет