Лекция өткізуге арналған Әдістемелік нұСҚау шымкент 2021 Кіріспе



бет24/35
Дата25.03.2022
өлшемі1.09 Mb.
#456454
түріЛекция
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   35
Лекция Публ шығ нег

Оқытудың техникалық құралдары: интерактивті тақта немесе ноутбук, проектор, тақырыпқа байланысты презентациялар, бейнематериалдар, сызба-кестелер, газет тігінділері
Оқытудың әдістері мен түрлері: баяндау, сұрақ-жауап, түсіндіру, кіріспе лекция.
Деңгейлік тапсырмалар:
1-ші деңгейдің сұрақтары:
Проспекция, ретроспекция, ретардация
Редакцияны басқару дегенді қалай түсінесіз.
Репортаж композициясы
2-ші деңгейдің сұрақтары:
Репортаж туралы не білесіз?
Репортаж үшін материал жинау
Репотаждың гибридті формалары дегенді қалай түсінесіз?
3-ші деңгейдің сұрақтары:
Сауалнама моделі
Сұхбат алуға әзірлік жасау
Сұхбат алуда «қақтығыс тудыру» тәсілі
СӨЖ тапсырмалары:
Жанр және жанр пішіндері.
Баспасөз жанрларының түрленуі.
ОБСӨЖ тапсырмалары:
Шындықты танудың әдістері.
Баспасөз тектерін жүйелеу, жанрларға бөлу.


Дәріс №22.«Қазақ» газетіндегі публицистика.
XX ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси ойдың ілгерілеп, ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа сипатта, жаңа қарқында өрістеуіне бірден-бір себепкер болған, ұлттық көркем публицистиканың жаңа мазмұн мен жаңа үрдісте дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, көсемсөз өнерінің жаңа жанрларының қалыптасуына жол ашып, әдеби сынның тыңнан өріс алуына үлкен ықпал еткен, М.Әуезов сөзімен айтсақ: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп, елін ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширыктырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын»[35,64].
Әлихан Бөкейханов маңына топтасқан ұлт зиялылары, ең алдымен Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов өздері ойластырып, бағыт-жоспарын жасаған жалпы ұлттық-демократиялық мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда, халықтық мән-маңызы үлкен саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени мәселелерді көтеріп шешуде ұлт-азаттық күрес идеясын жұртшылыққа таратып, үгітнасихат жұмысын жүргізеді, ел санасын оятудағы баспасөздің рөлін жете түсініп, шын мағынасындағы жалпы ұлттық газет шығаруға көп күш жұмсады. Сөйтіп, «Әлихан Бөкейхановтың бағыт беруімен, Ахмет Байтұрсынұлының басшылығымен, Міржақып Дулатовтың қосшылығымен, озық ойлы, халық қамын ойлаған, жекелеген дәулетті адамдардың демеушілігімен 1913 жылдан бастап Орынборда жалпы ұлттық биресми «Қазақ» газеті шыға бастады»[36,5].
«Қазақ» газетінің негізгі авторлары болған, шын мәніндегі жаңа сипаттағы қазақ көркем публицистикасын қалыптастырып, әдеби сынның ұлттық әдебиеттің жетекші бір жанрына айналуына қалам қайратымен зор үлес қосқан Алаш басшылары, әрі көсемсөзші, әрі жазушы, әрі журналист һәм әдебиет сыншысы болған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқа да көрнекті ұлт зиялылары «өздерінің әдеби шығармаларының беттерінде демократиялық мәндегі ұлттық тең құқықтылық, халықтың мәдениетін көтеру, отаршылдардың жер мен суды тартып алуына наразылық білдіру сияқты әлеуметтік-саяси мәні бар мәселелерді көтерді. Осы арқылы олар халық арасында отарлық езгіге қарсы саяси хал-ахуалды қалыптастыруға қызмет етті»[36,4]. Халқының қамын ойлап, ұлт тәуелсіздігін көксеген алаш қайраткерлерінің көркем-публицистикалық мақалаларының басым бөлігі және әдеби сынға байланысты пікірлері мен ой-тұжырымдары «Қазақ» газеті бетінде жарияланвш, сол арқылы «Қазақ» газеті қалың жұртшылыққа тарады.
«Қазақ» газеті өзі өмір сүрген бес жыл ішінде, яғни 1913— 1918 жылдар аралығында көптеген ірі тарихи оқиғалар мен қоғамдық сілкіністердің, қазақ халқының әлеуметтік-саяси өміріндегі үлкен өзгерістердің куәсі болып, Бірінші Дүние жүзілік соғыс пен азамат соғысы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс пен 1917 жылғы Ақпан және Қазан қоғамдық төңкерістері сияқты күрделі құбылыстарды бастан кешірді, тіпті патша үкіметі, уақытша үкімет, Алашорда үкіметі және кеңес өкіметі сияқты саяси билік тұтқаларының ащы дәмін татты. 5 жыл мерзімде өткен осы тарихи өзгерістердің барлығы «Қазақ» газетінде жарияланған шынайы ақиқатқа толы көркем-публицистикалық мақалалардың өзегі болып, сол кездегі елім деп еңіреп, ұлт қамын жеген зиялыларды толғандырған: елдің елдігін, ұлттың бірлігін, жердің тұтастығын сақтау, қалың үйқы құшағында селт етпей жатқан бұқара халықты серпілтіп, оқуға, өнер-білімге үндеу арқылы қазақтарды алдыңғы қатарлы елдер қатарына іліндіру, ең негізгі мақсат – қазақтың ұлттық тәуелсіз мемлекетін құру жолында жан аямай еңбек етіп, күрес жүргізу мәселелері күн тәртібінен түспеген басты тақырыптарға айналды.
Сайып келгенде, «Қазақ» газеті алаш публицистерінің XX ғасыр басында халық басына үйірілген қысылтаяң қиындықтарды жеңіп, кесапаттардан құтылу жолын нұсқаған, ұлт-азаттық идеясын нақтылы жүзеге асыру жолындағы ой-пікірлері мен тұжырымдарын белгілеп отырған мінбері, бүкіл халыққа жететін үні қызметін атқарды. Газеттің 1913 жылғы 2 ақпанда шыққан №1 санынан бастап 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін 265 нөмірі жарық көрген екен. Осы уақыт аралығында «газет ел тілегінін өзектісін, жұрт қамының ең керектісін тауып сөйлеуге тырысты. Бас жазушысы А.Байтұрсыновтың көрегендігі мен саяси көзқарасының тұрақтылығы нәтижесінде қазақ жерін келімсектерден арашалауға, елінің еркіндігін қорғап, ұлт тілінің өркен жаюына жол іздеп, ұлт әдебиетінің дамуына үлес қосып, ұлттық мектеп ісінің жандануына жолбасшы болып, патша әкімшілігінің отаршылдық саясатын әшкерелеп отырды»[37,93].
Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына батыл қарсылық білдірген қазақ зиялылары ұлт болып ұйысып, тәуелсіз мемлекет құру жолындағы ашық күресінде көркем публицистиканы негізгі қару ретінде пайдаланса, осы көсемсөз күшін жұртшылық кәдесіне асыруда олар жалынды да жігерлі публицист-жазушы ретінде өздерінің шығармашылық шабытын тудырып, талант қырларын аша түсуге бірден-бір себепкер болған, өз ішінен елге танымал көркемсөз шебері ретінде қалыптасып, ұлт әдебиетін жаңа биікке көтерген классиктердің тәрбиеленіп шығуына өнегелі орта жасаған, рухани жансерік, дем беруші, қоғамдық ой-пікірге игі ықпал етіп, халық көкейін тескен заман мәселелерін қозғаған «Қазақ» газетіне арқа сүйеді, «Қазақ» газетімен саяси майданда сапқа тұрып, қалың жұртшылықты оқу-білімге, алдыңғы қатарлы ел болуға үндеді, халық пен демократиялық зиялы қауым арасындағы байланыс құралы болып, неғайбыл жағдайда бейшара күй кешіп отырған бұқараға дұрыс бағыт беруге тырысты.
Осы тарапта қазақ зиялылары «Қазақ» газетінің бетінде жарияланған сан алуан көркем-публицистикалық мақалалары мен. арнауларында ұйқыда жатқан халықты жай ғана оятып қоймай, басын бір арнаға тоғыстырып, келелі істерге бастады, ел болашағаның қам-қарекетін астарлы сөзбен де, ұғынықты қарапайым тілмен де нығарлап жеткізіп, бағдарламалық тұжырымды ойлар білдірді. Алғашқы санында жарияланған «Құрметті оқушылар!» көркем-публицистикалық арнауда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі" ретінде қажеттігін оқырмандарға жүйелі сөз орамдарымен түсіндіріп, газет мәнісі «жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады» деп бір пайдасын айтса, газеттің халыққа білім таратушы ретіндегі жетекші рөлін «газеттен жүрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші» деп ойлы пікір түйеді, келесі бір тұсында газеттің халықтың даушысы, яғни қорғаушысы, төрелігін айтушы тұрғысындағы үлкен бір қасиетін «жұртым» деп халықты арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» деп газеттің пайдалы қызметтерін атап көрсетеді[38,10].
«Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі» деген уәжін Америка мен Ресейде 1907, 1909 жылдары шыққан газет-журналдар мысалдарында дәлелдеп көрсетеді, Ресейде орыс тілінен басқа тілдерде шыққан 867 газет ішінде туысқан татар халқының отызға жуық газет-журналы болғандығын сөз қылып. ұлттық зиялы қауымының намысын қайрай түседі. «Айқап» журналынан басқа ілгерілеудің жоқтығына қынжылыс білдіріп: «Есікте қалмай, төрге тырмысалық, басқалар төрге қарай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік» деп патетикалық рухта үндеу тастайды.
Алаш азаматтарына арнау соңы: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенінше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік. Милләт халын ойымызға алып, қызмет етуді мойнымызға алып, арнаған бір ісіміз. Құдай сәтін салсын «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік» деген халық үшін қызмет қылу жолындағы сарқылмас жігерлі ойлармен аяқталады[38,11].
«Қазақ» газетінің халық санасын оятып, елге еткен еңбегін айтып жеткізу қиын. Ұлттық көркем публицистиканың мүлдем жаңа сипатта дамып, жаңа, демократиялық бағыт арнасына ойысуында, ұлт зиялылары арасынан көркем публицистердің талантты бір шоғырының тәрбиеленіп шығуында «Қазақ» газетінің сіңірген еңбегі орасан зор. «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілмен тұстас» деп сонау 1922 ж. «Қоңыр» деген бүркеншік атпен жарияланған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты зерттеуінде ерекше атап өткен М.Әуезов «Қазақ» газетінің бетіндегі «...мақалалардың бәрі де қазақты ұйқыдан ояту, сергіту, күшін біріктіру, оқығандарын түзу жолға салу, соларға басшы болу, қазақ ісіне көз-құлақ болуға арналған. Бұл тұтынған жолда «Қазақ» газеті өз міндетін атқарды» деп[39,84] газеттің ұлтшылдық идеясымен ауырып, бұл мәселе-өз мақсатына жете алғандығына көз жеткізеді.
Шынында, «Қазақ» газеті өз алдына қойған мақсатына жетіп, халық үні, өмір айнасы бола алды. «Қазақ» бетінде көркем публицистиканың барлық дерлік жанрлары әр нөмір сайын жарқ етіп көрініп, бас мақала, арнау, үндеу, оқшау сөз (фельетон) болып жұртшылыққа үн қатты. Көсемсөз мақалаларының басты тақырыптарының бірі ағартушылық, өнер, білім жайынан болып, алғаш жарық көрген көркем-публицистикалық туындыларда оқудың мән-жайы, маңызы жете түсіндіріліп, көпшілікті білім нәрімен сусындауға, алдыңғы қатарлы жұрттармен теңелуге шақырды. Газеттің келесі бір маңызды тақырыбы - сол кездегі қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең көкейкесті мәселелеріне, атап айтқанда, жер мәселесіне, ел болу жайына арналды. «Құрметті оқушылар!» атты көсемсөз арнауынан бастау алған «Қазақтың тарихы», «Дін таласы», «Жер іздеген қазақтар», «Қазақ жайы», «Сайлау», «Орысша оқушылар», «Ұры тыю», «Дума маңайында», «Қазақ һәм жер мәселесі», «Сайлау саясаты» және басқа көптеген мақалалар көркем публицистика жанрында жазылып, оқырман жүрегінен орын тапты, бұған қоса газет бетінде жарияланған көптеген көркем-публицистикалық «Қазақ жастарына», «Алаш азаматтарына» сияқты арнаулар мен үндеулер, хат түріндегі көркем-публицистикалық мақалалар, көркем публицистиканың айшықты бір жанры — оқшау сөздер халық санасын оятып, оқу-білімге ұмтылуына себепкер болды.
«Қазақ» газеті алғашқы санынан бастап тоқтатылған соңғы санына дейін көркем-публицистикалық тілмен жазылған мақалаларға толы болды. Алаш басшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржакып Дулатов қазақ көркем публицистикасының асқан шеберлері болып, «Қазақ» газетін көсемсөз шеберханасына айналдырды. Ә.Бокейханов «газетте басылған екі жүзге жуық мақала мен аудармада қазақ елінің ең түйінді деген мәселелеріне төқталған. Қазақ елінің жер мәселесі, отырықшы болуы, патша үкіметінің қазақ жеріне жүргізіп отырған аграрлық саясаты туралы пікірлерін жазады» деп Ү.Сұбханбердина атап көрсеткендей[38,448] өзінің көркем-публицистикалық мақалаларын жоғарыда аталған бас мақала, арнау, үндеу, хатпен сырласу, оқшау сөз түрінде жаза біліп, шеберлік танытты.
«Ғасыр басында үркердей алып топ — Әлихан, Ахмет, Міржақып қазақтың демократиялық либералдық бағыттағы зиялыларының басын қосып, Еуропалық өркениеттік дәрежедегі қозғалысты қалыптастырды» деп академик, тарихшы-ғалым М.Қозыбаев айт қандай[40,200] Алаштың осы үш көсемі бастаған лек, ұлттық әдебиеттің XX ғасыр басындағы көрнекті өкілдері Шәкәрім Құдайбердиев, Ғұмар Қарашев, Сұлтанмахмұт Торайғыров. қоғам қайраткерлері Райымжан Мәрсеков, Көлбай Төгісов және басқа талант иелері «Қазақ» газетінде жарияланған публицистикалық мақалалары арқылы ұлттық көркем көсемсөз өнерін жаңа сатыға көтеріп, түр, тақырып, мазмұн, идея жағынан байытты. Олардың қай-қайсысы болсын, талантты көсемсөзші ретінде ұлттық көркем публицистиканың хас шеберлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов пен М.Дулатов сияқты Алаш басшыларының публицистикалық туындыларынан үлгі ала отырып, осы сарындағы өз мақалаларында, мейлі ол арнау, публицистикалық мақала немесе тілдесу хат, оқшау сөз түрінде жазылсын, ұлт мүддесіне тікелей байланысты: елдің саяси билігін тұтастай уысында ұстап, ендігі кезекте қазақты кіндік қаны тамған ата-баба жерінен күштеп қуа бастаған патша ұлықтарының зорлық-зомбылығы, басына үйірілген зұлматты еш сезбей, қаннен-қаперсіз ұйқы құшағында жатқан «қайран елі — қазағының» қайғылы жай-күйі, билік басында жүрген жергілікті әкімсымақтардың опасыз пұшайман халі, екі салтсананың жиренішті әдеттері, әлеуметтік дамудағы мешеулік пен парықсыздық мәселелерін көркем әдеби тілмен батыл көтеріп, халық көкейіне жеткізе алды.
«Қазақ» газеті алаш көсемсөзшілерінің мінбері қызметін атқарғандығымен қымбат. «Қазақ» газеті XX ғасыр басындағы ұлт әдебиетіндегі көркем публицистиканың шеберлік мектебі болып қана қоймай, әдеби сынның да жаңа сипатта, жаңа үрдісте дамуына үлкен үлес қосты. Бұл тұста тағы да Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған алаш зиялыларві белсенділік танытып, сол кезде шыққан қазақ тіліндегі кітаптарға пікірлер, әдеби сын мақалаларын жазды, қазақ ақындары туралы соны ой-толғам, тегеурінді тұжырымға құрылған зерттеу мақалалар жариялады. «Қазақ» газетінің әдеби сыны толысып, одан кейінгі даму сатысында өркендей түсуіне игі ықпал етті. Сөйтіп, «Қазақ» бетінде көркем публицистика мен әдеби сын қатар дамып, бірін-бірі толықтырды, әдебиеттің екі үлкен жанры да осы газет арқылы көркемдік шеберлігін ұштап, тілдік, стильдік ерекшеліктерін байыта түсті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет