2. ЛЕКЦИЯ МАЗМҰНЫ
Дәріс мақсаты мен міндеттері:
Болашақ журналистер мен қоғаммен байланыс мамандарын қазіргі заманғы журналистиканың менеджмент жүйесімен таныстыру, Қазақстанның қазіргі медиа нарығы, түрлі БАҚ-та жұмыс істеу ерекшеліктері мен үлгілері, журналистердің кейбір кәсіби «құпиялары», PR және жарнама негіздері ұсынылған. Болашақ журналист өз мамандығының құқықтық жағын міндетті түрде білуі тиіс. Сондықтан да пәнді журналистік қызметтің құқықтық аспектілері де қарастырылған. Пән барысында публицистика мен журналистика жанрлары, оларды күнделікті жұмыста қолданудың қыр-сыры түсінікті тілмен баяндалады. Жас журналистерге ақыл-кеңестер мен ұсыныстар беріледі. Журналистік жолын енді бастаймын деген болашақ журналистерге медиа саласының бел ортасында жүрген практик журналистердің неден бастап, қалай жазу қажет екендігін және алдын ала қандай қателіктерді жіберіп алмау турасындағы материалдары мен кеңестері әбден пайдалы болады деп сенеміз.
Дәріс №1. Публицистиканың табиғаты. Публицистиканың пайда болуы.
Публицистиканың тууының өзі көне дәуірлердегі адамдардың бір – бірімен ақпарат алмасуынан бастау алады. Адамзат қоғамында қарым – қатынас құралы тілдің пайда болуы – публицистикаға дейінгі алғашқы құбылстардың біріеді.
Шешендік өнердің пайда болуы – публицистикаға негіз болған екінші бір құрылыс болып саналады. Адамзат дамуында жазудың пайда болуы мен дамуы – қазіргі публицистиканың пайда болуына ықпал ететін үшінші құбылыс болып саналады. Қоғамдық маңызыды мәселелерді қозғайтын публицистика – бірнеше ғасырлардағы адамзат ақыл – ойының жемісі екендігіне дәріс кезінде көз жеткізіледі.
Сөз өнерінің теориялық және әдістемелік мәселері жағынан аз зерттеліп, толық бағасын ала алмай келе жатқан бір саласы – публицистика. Ол туралы отандық және шетел ғалымдарының пікірлері алуан түрлі. Әлі-әзір ортақ бір шешімге тоқтай алмай келеді.
Публицистика терминінің төркіні латынның publicus деген сөзіне барып тіреледі. Қазақша мағынасы қоғамдық дегенді білдіреді. Төл тіліміздегі баламасын алғаш ғылыми айналымға енгізген – ардақты алаш арысы Ахмет Байтұрснұлы. Ол өзінің «Әдебиет танытқыш» атты атақта еңбегінде көсем сөз ұғымын публицистика баламасы ретінде қолданады: «Көсем сөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсем сөз деп аталдады». Ұлттық рух ұстыны Ахмет Байтұрсынұлы ұйғарымын тарата талдамас бұрын көсемсөз туралы тағы қай ғалымның қандай көзқарасы бар екеніне тоқталмай болмайды.
Өткен ғасырдың 70 жылдарында Кеңес елінде көсемсөз туралы пікірталас қызу өрбіді. «Вопросы литературы» журналының 1970 жылғы жетінші санында «Публицистика - әдебиеттің алғы шебі» деген тақырыпта пікірталасқа қатысушылар ой-тұжырымдары оқырман талқысына салынған. Бұл мәселеге аталған басылым 1973 жылғы 10-санында «Публицистика және қазіргі заман» деген тақырыппен қайта айналып соқты. Екі санында да, тоқ етерін айтсақ, басылым жарияланымдарының ортақ тұжырымы публицистика әдебиеттің жауынгер жанры дегенге келіп саяды.
Еліміздің егемендік алып, нарықтық экономикаға негізделген демократиялық қоғам орнату бағытындағы даму жолымызды айқындаған бүгінгі заманда публицистикаға объективті тұрғыдан толлықанды зерттеу жүргізуге мүмкіндік тууда.
Публицистиканың қоғамдағы рөлі орасан зор. Ол кез келген мәселеге қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы қоғамдық санаға ықпал жасайды. әрине қоғамдық санаға публицистикадан өзге де өнер түрлері, атап айтқанда, театр өнері, кино өнері, айтыс өнері т.б., сонымен бірге тәлім-тәрбие ошақтары, әлеуметтік орта, табиғат құбылыстары т.б. әсер ететнін жоққа шығармаймыз. Дегенмен қалың бұқараға қаратып айтылатын, көтерілген мәселе туралы пікірді иландырып, ұйытып, әсерлі жеткізетін публицистиканың орны ерекше екенін айрықша еске саламыз. Ал өз кезегінде қоғамдық сана сол замандағы қоғам субъектілерін ырқында ұстайтынын өмір дәлелдеумен келеді.
Алысқа бармай-ақ, оған бір ғана мысалмен көз жеткізуге болады. ХХ ғасыр басындағы Алаш публицистерінің қазақ қамы үшін жанұшыра еткен ерен еңбектері көсемсөз арқылы көрініс тапты. Сол кездегі баспасөз жарияланымдарының қаймана қазақ санасына әсер еткені соншалық қалың ұйқыдан жұлқып оятып, көкірек көзін ашып, тұла бойын тоқ соққандай сілкіндіріп, қоғамдық өмірде үлкен серпіліс туғызды. Дана Абай жолын жалғастырған Алаш азаматтарының еңбегі еш кеткен жоқ. Жастар ағалар ісін іліп әкетіп, білім-ғылым, өнер жолына лап қойды. өшуге айналған қазақ рухы қайта жанданды. Ой-сана сілкінісі мұның алдында бір мезет мызғып кеткен қазақ қоғамының тұла бойына қан жүгіртіп, кемінде елу жыл ілгері озуына себепші болды. Бұл сәтіне қарай айтыла салған лепті, лепірме сөз емес, көп жылдардан бері Алаш публицистикасын зерттеп, зерделеу барысында көз жеткен, көкіректе түйген мәйекті ой.
Сонымен, ойымызды қорыта келе, мына мәселеге ерекше назар аудартқымыз келеді. Публицистика теориясы уақыт талабына сай қайта қарауды, терең талдауы қажет етеді. Егер оны «әдеби жанр» немесе «журналистиканың саласы», я болмаса «саяси проза» дейтін болсақ, онда мынадай сұрақтарға жауап беруге тура келеді. Публицистиканың өзіне тиесілі өз жанрлар жүйесі бар, сонда олар жанрдың жанрлары болып шыға ма? Егер публицистика журналистиканың саласы болса, онда ол тек журналистерге ғана тиесілі деген ұғым туады ма? Біздің білуімше, публицистикаға араласпайтын сала мамандары кемде-кем, оны қалай түсіндіреміз? Публицистика тек саясатты ғана қайзай ма екен, ол әлеуметке қатысты кез келген тақырыпты көтере береді емес пе?
Осы орайда, публицистикаға көсемсөз деген балама тауы оған қазақ тілінде тұңғыш анықтама берген алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы теориясы өміршеңдігімен тәнті етеді. Сөз өнерін тарата талдай келе ұлы ұстаз мынадай тұжырым жасайды: «Көсемсөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан да көсем сөз деп аталады. Көсемсөз кезіндегі әлеуметке керек ісіне мұрындық болып істеу ыждағатымен айтылады.
Әлеумет, шаруашылық, қазыналық, мектептік, соттық, саясаттық тағысын тағы сондай қоғамшылық істерін түзеу, жаңалау, өзгерту керек болған кезде халықты соған мәселе жайын сөйлейтін сөз болған соң, кезіндегі шығып тұрған газет-журнал жүзіне шығады. Көсемсөз әлеуметтік басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан жұрт ісіне мәні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді, теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады. Солай болған соң көсем сөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білім адам боларға керек. Әйтпесе дүмше молда сияқты көбі көсемдік қыламын деп әлеуметті адастырып, пайда орнына зиян келтірмек».
Алаш ардақтасының көсемсөз туралы теориялық іліміне қосып, аларымыз жоқ. Ендігі жерде осы анықтаманы негізге алып, көсемсөздің әдістемесі мен тәжірибесі туралы зерттеу жүргізіп, ой олжалау уақыт талабы деп түсінуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |