Лекция тақырыбы: «Сын есім. Сын есімнің лексика-семантикалық сипаты»



бет4/11
Дата04.05.2024
өлшемі2.58 Mb.
#500507
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
1301-63 оқу тобы

СЫН ЕСІМНІҢ МОРФЕМАЛЫҚ ҚҰРАМДАРЫ
Ақ, қара, сары, көк, сұр, биік, үлкен, аласа, жылы, жұқа, қалың, тік, ірі, кіші сияқты сапалық сын есімдерді алсақ, қазіргі кезде олардың қай-қайсысы болса да, тиісті морфемаларға бөлшектенбейтін түбір сөздер есебінде қабылданып, ежелден келе жатқан негізгі сын есімдер ретінде түсініледі. Ал, бойшаң, алғыр, білгір, өткір, ашпалы, жаппалы, қалалық, ауылдық, жазғы, күзгі, ұшқалақ, ұшқыр, ұйымшыл, уайымшыл, ұққыш, көнбісті, көнтерлі, басқы, бастапқы, сөзшең, сөзуар, сияқты қатыстық сын есімдерді алсақ, олардың бәрі де тиісті түбірлер мен жұрнақтарға мүшеленетін туынды сөздер есебінде қабылданып, белгілі қосымшалар арқылы жасалған туынды сын есімдер екені аңғарылып тұрады.
Сөйтіп, сын есімдерді морфемалық құрамдарына қарай, негізгі сын есімдер және туынды сын есімдер деп бөлуге болады. Бірақ оларды осылайша жіктеу шартты нәрсе екенін есте ұстау қажет, өйткені қазіргі кезде негізгі сын деп жүрген сөздердің көпшілігінің төркінін талдап қарағанымызда, туынды сындар болып келеді. Мысалы: тұнық, суық, сұйық, сирек, жазық, толық, ашық, жабық, иік, жетік, тілік, сергек сияқты сындар бастапқы тұн, суы, ары, сұйы, сире, жаз, тол, аш, жап, жет, тіл, сергі деген етістіктерден туған. Сондай-ақ, ащы, тұщы сияқты сындардың әуелгі формасы ашты, тұшты дегендер болған да, кейін белгілі дыбыстық өзгерістерге ұшырап, бөлінбейтін түбір сөздерге айналып кеткен. Ал, толы, пісі, кіші сындары да бастапқы толық, пісік, кішік деген формалардан ықшамдалған, кебу (отын) сияқты сындар да кеп, кебік деген етістіктерден туған. Әрине, мұның бәрі бір күнде емес, замандар бойы тілдің грамматикалық құрылысы мен негізгі сөздік қорының қарым-қатынасынан туып, тілдің даму заңына лайық бірте-бірте қалыптасқан және сол заң бойынша орныққан.
СЫН ЕСІМДЕРДІҢ ЖАСАЛУЫ
Сын есімдер морфологиялық (синтетикалық), синтаксистік (аналитикалық), морфологиялық-синтаксистік (семантикалық) тәсілдер арқылы жасалады.
Морфологиялық (синтетикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы жасалады.
Синтаксистік (аналитикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер жалаң сын есімдердің бір-бірімен тіркесуі арқылы (ақ сары, қызыл сары; қара көк, ал қара көк; ақ құба, ақ сұр, ақ шабдар, ақ шұбар, ақ көк т. б.), негізгі сындар мен туынды сындардың бір-бірімен тіркесуі арқылы (ақ көйлекті, қара пальтолы т. б.), зат есім мен туынды сын есімнің бір-бірімен тіркесуі арқылы (көп балалы, ауыз жолды, жібек көйлекті), негізгі және туынды сын есімдердің қайталануы, қосарлануы арқылы (үлкен-үлкен, үлкен-кіші, таулы-таусыз, елді-күнді) жасалады.
Морфологиялық-синтаксистік (семантикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер белгілі бір синтаксистік формадағы сөздің семантикалық жағынан бірте-бірте дами отырып, адъективтенуі арқылы (мысалы: басқа, өзге, шала-жансар т. б.) жасалады.
Бұл тәсілдің ең негізгісі, әрине, синтетикалық және аналитикалық тәсілдер, ал семантикалық тәсіл тіпті өнімсіз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет