Етістіктерден сын есім тудыратын өнімсіз жұрнақтар 1. -ыс, -іс, -с жұрнақтары кейбір етістіктерден нақтылы лексикалық мазмұнына орай туынды есім жасайды. Мысалы: ұқсас, таныс, талас, жалғас, тіркес, келіс, кетіс т. б.
2. -қыр, -ғыр, -кір, -гірқосымшалары өнімсіз болса да әрі туынды етістік (ысқыр, пысқыр, осқыр, түшкір,
үшкір, қышқыр) әрі туынды сын есім (ұшқыр, өткір, білгір) жасайтын омоним жұрнақтар.
-қыр, -ғыр, -кір, -гір жұрнақтары арқылы етістіктерден туатын сын есімдердің мағыналары жалғанатын сөзінің лексикалық мазмұнына орай, белгілі бір іс-әрекетке бейімділікті, қабілеттілікті, жеткілікті білдіреді. Бұл жағдайда -қыр жұрнағының мағынасы -қыш жұрнағымен синонимдес болып келеді. Мысалы: алғыр, білгір, өткір, ұшқыр дегендерді алғыш, білгіш, ұшқыш деп те айтуға болады.
Сонымен қатар, бұл жұрнақ әрі экспрессивті, әрі эмоциялы я тілек, я қарғыс ренін білдіретін жалаң және күрделі формалар да тудырады. Мысалы: құрғыр, өртенгір, қадалғыр, арам қатқыр, сеспей қатқыр, көсегең көгергір, өркенің өскір т. б.
3. -мыс (-мыш)формасы кейбір етістіктерден сындық ұғым тудыратын көне форма есебінде қызмет етеді. Мысалы: жасамыс, айтылмыш, тарамыс, жазылмыш, жаралмыш т. б.
4. -ымтал (-імтал) формасы. Бастапқы жалаң -ым және -тал қосымшаларынан құралған күрделі жұрнақ.
Оның сөз тудыру қабілеті тіпті аз, өзі жалғанған етістіктерден, олардың мағыналарына орай, белгілі бір әрекетке бейімділікті, қабілеттілікті білдіретін туынды сын есім жасайды. Мысалы: ұғымтал, өсімтал, сезімтал т. б.
5. -қы (-кі, -ғы, -гі)жұрнағы кейбір етістіктерге жалғанып, олардан сол сөздердің мағыналарына байланысты туған сындық ұғымның атауларын жасайды. Мысалы: бұралқы, оралғы, жинақы, күлдіргі т. б.
6. -ыр, -ір, -ар, -ер. 1) -ыр (-ір, -р…) формасы кейбір негіздерге жалғанып, олардың лексикалық мағынасына қатысты туған сындық ұғымның атауларын білдіреді. Мысалы: жұмыр, иір, обыр, қыңыр, тықыр, шымыр, құзар, былжыр т. б.
2) -ыр (-ір, -ар, -ер…) қосымшасы кейбір еліктеу сөздерден де туынды сын есім жасайды. Мысалы: жалтыр, жылтыр, сылбыр, былбыр т. т.
7. -у жұрнағы кейбір етістіктерге жалғанып, лексикалық мағынасына қатысты сын есімдер жасайды. Мысалы: жарау, қызу, тақау, жадау, жабырқау, түзу, таяу, бітеу, баяу, көлбеу, қату т. б.