Бақылау сұрақтары:
«Әдіс» және «Тәсіл» ұғымдарына түсінік беріңіздер.
Не себепті оқыту және оқу әдістері деп ажырату дұрыс деп қарастырылады?
Логикалық тәсілдердің оқытуда жүзеге асырылуын сипаттаңыздар.
Технологиялық тәсілдер мазмұнын айтып беріңіздер.
Технологиялық үдерістерді құрылымы бойынша түсіндіріңіздер.
Қозғалыс түрлері құрылымының көрнекілік әдісімен байланысының жүзеге асырылу сәттерін түсіндіріңіздер.
Оқыту әдістерінің әрбіріне түсінік беріңіздер.
Нұсқау дегеніміз не? Нұсқаудың кешенді әдіс ретінде қарастырылуын айтып беріңіздер.
Нұсқау түрлерінің жүзеге асырылуына түсінік беріңіздер.
8-лекция. Тақырыбы: Кәсіптік оқыту әдістері, құралдары, педагогикалық тапсырмалар
Жоспары:
1. Кәсіптік оқытудағы құралдар түсінігі.
2. Кәсіптік оқытудағы құралдар жүйесі
3. Құралдар жүйесін функцияларына байланысты ажырату.
4. Педагогикалық тапсырма түрлері: сұрақ, жаттығу, т.б.
Лекция мақсаты: Оқытудың нәтижелі болуына қатысты құралдар жүйесі мен педагогикалық тапсырмалар жөніндегі түсініктер беру және оларды практикада пайдалана алуға бағдарлау
Лекция мәтіні:
Педагогикалық үдерістің нәтижелі болуы оның құрылымдық элементтеріне тәуелді, оның ішінде құралдарға. Құрал – адам іс-әрекетінің құрылымындағы ойластырылған, болжамды және анықталған мақсатты жүзеге асырудағы орталық буын (Философиялық сөздік). Құрал - адамның қандай да бір нәтижеге жетудегі әрекет әдістері мен тәсілдері (С.И.Ожегов). Еңбек заты мен оның мақсатына сәйкес өзара әрекеттесуде адамға мүмкіндік беретін кез келген іске асатындықты психологияда еңбек құралы деп санауға болады (Е.А.Климов).
Құралдарды оқу материалдарының және еңбек іс-әрекеттерінің мәні мен мазмұнын ашатын және оны теория мен практикада жүзеге асыратын құралдар жүйесі, педагогикалық қарым-қатынас құралы, дидактикалық құралдар, т.б. деп бөлу педагогикалық еңбектерде орын алады.
«Технология» пәнінің мазмұны қазіргі өндірістің техника-технологиялық және ұйымдастыру-экономикалық ұғымдарын қамтиды. Оқу материалдары-ның мазмұнын күшейтуде оқытудың дидактикалық құралдары қолданылады. Жалпы білім беретін мектептің 5-7-сыныптарында технология пәнін оқытудың политехникалық бағыттылығын күшейтудің дидактикалық құралдарының негізгілерінің бірі - пәнаралық байланыстар болып табылады.
Пәнаралық байланыстар жөнінде, оның әртүрлі аспектілерін қарастырған зерттеушілердің еңбектері қазіргі жағдайда оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруда, оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруда рөлі жоғары.
Жаңа жағдайда ақыл-ой қызметін оқушы тасымалдай алуды игеретін болса, онда политехникалық білім жеткілікті қалыптасқан деп саналады. Мұндайда өте қажеттісі тасымалдаудың кеңдігі болып табылады. Тәсілдердің кеңінен тасымалдауын қамтамасыз ету үшін білімді талдап қорытудың жоғары дәрежесін оқушылар игеруі қажет.
Оқытудағы пәнаралық байланыстар оқушы игеруі қажет зерделейтін іс-әрекет түрлерінің болмыстағы нақты байланыстарын көрсетеді. Оқу жоспарындағы пәнаралық байланыстар пәндік құрылымы басқа пәндерді зерделеу кезінде қалыптастырылатын дағды мен ептілік ерекшеліктерінен, бір оқу пәні беретін білім, ептілік және дағдының оқушының білім санасында оқшаулану қаупінен сақтандырады. Сондықтан білім беру мазмұны құрамындағы пәнаралық байланыстар міндетті элемент болып табылады.
Оқу және еңбек іс-әрекеттерінің мәні мен мазмұнын (оның ішінде политехникалық, т.б.) ашатын және оны теория мен практикада жүзеге асыратын құралдың бірі - пәнаралық байланыстар.
И.П.Петрова пәнаралық байланыстардың әдебиеттерде сипатталу негізінде әр түрлі жіктемелік түрлерге: уақыт критерийіне негізделген (алдын-ала, сәйкес, кейінгі); жекелеген пәндердегі жалпы ақпараттық мәні бар (фактілі, ұғымдық, теориялық); білім түрі мен іс-әрекеттер түрі бойынша; жалпыланған түрдегі (мазмұндық-ақпараттық, операциялық-іс-әрекеттік, ұйымдастыру-әдістемелік) және т.б. бөлуге болатынын көрсетеді.
Технология пәнінің ғылым негіздерімен пәнаралық байланыстары:
еңбек құралдарының және еңбек операцияларының ғылыми негіздерін, сондай-ақ еңбек іс-әрекетінің ұйымдастыру-экономикалық принциптерін және қоғамдық мәнін ашады;
зерделенетін тақырыпты тереңдетеді және байытады, оның басқа ғылыми білімдермен көпжақты байланысы мен қатынасын бөліп алады;
ғылым негіздері бойынша оқушылардың алған білімдерін жұмыс жасайтын етеді, нақтылайды;
еңбектік тапсырмаларға саналы шығармашылық қатынасты қалыптастырады;
объективті болмыстық құбылыс себептерін толығымен ашады;
мектеп оқушыларына ғылыми дүниетанымды қалыптастыруға қабілетті етеді.
Сондай-ақ технология пәнінің ғылым негіздерімен байланыстары әртүрлі функцияны орындайды және үлкен педагогикалық мәнге ие. Оның біріншісі, пәнаралық байланыстардың политехникалық функциясы. Бұл функция еңбек үдерістерінің жалпы ғылыми негіздерін, бірыңғай ұйымдастыру-экономикалық принциптерін ашуға көмектеседі.
Екіншісі, технология пәнінің ғылым негіздерімен пәнаралық байланысының дидактикалық функциясы. Ол еңбек операцияларын саналы игеруде, еңбек құралдарының жұмыс жасау принциптерінің ғылыми негіздерін түсіндіруде, ғылым негіздері бойынша сабақтарда алған теориялық білімдерін нақтылаумен шектеледі. Бірақ бұл функция ғылым негіздерімен еңбекке баулуға байланысты дене және ой еңбегін ұштастырады, әрі терең нәтижеге қол жеткізеді.
Оқу материалдарының және еңбек іс-әрекеттерінің мәні мен мазмұнын (оның ішінде политехникалық, т.б.) ашатын және оны теория мен практикада жүзеге асыратын құралдың бірі - теориялық білімдердің практикалық іс-әрекеттермен байланыс бағыттары.
Олардың жүзеге асырылуы төмендегідей болып келеді:
1. Практикалық іс-әрекет үшін теориялық білімдерді қолдану.
2. Практикалық іс-әрекет барысында теорияны тексеру.
3. Теориялық білімдерді бекіту, кеңейту, тереңдету
Бастауыш сынып оқушыларының графикалық сауаттылықтарына (білімі мен іскерліктеріне) сүйене отырып, технология пән сабақтарында технологиялық, нұсқау карталарымен жұмыс жасауды үйретуді кеңінен қолға алады. Атап айтқанда,
Технологиялық картаның мазмұнын оқушылар 5-6 сыныпта оқи алуды меңгерсе, онда 7 – сыныпта жасалатын бұйым, бөлшектің екі-үш технологиялық картасын жасауға мүмкіндігі болады.
Оқушылар технологиялық картаны оқи алу мен оны түзу барысында математикалық объектінің пішін түзу мен мазмұнының нақтылы өмір жағдайындағы материалдық объектілердің өзгеруін салыстыра алатын болады.
Оқушылар технологиялық, нұсқау карталарымен жұмыс жасау барысын-да қажетті еңбек құралдарын таңдай және іріктей алуға мүмкіндік алады.
Оқу материалдарының және еңбек іс-әрекеттерінің мәні мен мазмұнын ашатын және оны теория мен практикада жүзеге асыратын құралдың бірі - ізденушілік іс-әрекеттерді ұйымдастыру.
Бұл негізінен оқушылар тарапынан жүзеге асырылуды мақсат етеді және ондай құралдарды төмендегідей етіп көрсетуге болады:
- сәйкестік пен айырмашылықты табу, т.б.;
- фактілерді, дәлелдеулерді табу, жаңа байланыстар мен заңдылықтарды анықтау;
- соған сәйкес әрекеттер жүйесін негіздеу, талдап қорыту, т.б.
Аталған құрал оқушылардың оқу әдісі мен логикалық тәсілге байланысты.
Оқу материалдарының және еңбек іс-әрекеттерінің мәні мен мазмұнын ашатын және оны теория мен практикада жүзеге асыратын келесі құралдың бірі - іс-әрекет (еңбек) түрлерін педагогикалық талаптар негізінде таңдау.
Оның мазмұны төмендегідей болып келеді:
1. Еңбек объектілерінің, іс-әрекеттердің бағдарламаға сәйкестілігі.
2. Еңбек объектілері мен іс-әрекеттердің тәрбиелеу және дамыту функциясын қамтамасыз етуі.
3. Еңбек объектілерін дайындау мен іс-әрекеттердің сабақтастығы (сабақтағы, сабақ пен сабақтан тыс оқу жұмысының түрлеріндегі: үйірме, факультатив, т.б.).
4. Орындалатын іс-әрекеттердің шамаға лайықтылық пен қажетті күрделіліктегі үйлесімділігі
5. Еңбек объектісі мен іс-әрекеттердің педагогикалық мақсаттылық пен пайдаға асудағы үйлесімділігі
6. Еңбек іс-әрекеті барысында шығармашыл бастаманы дамытуға ықпалы
Бұл құралдың жүзеге асырылуы пән мұғалімінің педагогикалық қызметі арқылы орындалады.
Келесі құралдың бірі - еңбекті ғылыми тұрғыда ұйымдастыру. Оның мазмұны төмендегідей негізгі құраушылар болып келеді:
Жоспарлау (іс-әрекетті жоспарлау: іс-әрекетті жобалау, ұйымдастыру бағдарламасын түзу.)
Мөлшерлеу.
Есепке алу.
4. Бақылау. т.б.
Бұлардың әрбірі мұғалімнің сабаққа дайындалуында және сабақта оқушылардың ұйымдастырылған оқу және еңбек іс-әрекетінде жүзеге асырылады.
Оқу материалдарының және еңбек іс-әрекеттерінің мәні мен мазмұнын ашатын және оны теория мен практикада жүзеге асыратын келесі құралдың бірі - іс-әрекеттің эргономикалық негіздері.
Бұл құрал негізінен дидактикалық принциптерді, оқушылардың еңбектік іс-әрекетін ұйымдастыруда педагогикалық талаптарды басшылыққа алу мен жүзеге асыруға бағытталады және мұғалім тарапынан орындалады. Олар:
1. Гигиеналық.
2. Антропометриялық.
3. Физиологиялық және психофизиологиялық.
4. Психологиялық.
5. Қауіпсіз еңбек ету талаптары
Технология пән сабағындағы тақырыптарды оқытудағы келесі құралдың бірі - ғылым негіздерімен және технология пән мазмұнымен байланысы. Олар негізінен мұғалім мен оқушының оқыту және оқу әдістердің, логикалық және техникалық тәсілдердің жүзеге асырылуымен орындалады:
1. Иллюстративті-түсіндірме байланыс.
2. Конструктивтік-өзгертуші байланыс.
3. Проблемалық-зерттеушілік байланыс.
Сондай-ақ технология пән сабағында дидактикалық материалдар кеңінен қолданылады. Дидактикалық материал – оқушыларға өз бетімен жұмыс істеу үшін таратылатын құралдар (карталар, кестелер, мәтіндік, сандық немесе суретті карточкалар жиыны, реактивтер, өсімдіктер, хайуанаттар және т.б.). Дидактикалық материалдар өзінің мазмұны, безендірілуі және даярлану технологиясы бойынша қарапайым болып табылуы және мұғалімнің тапсыруымен оқушылардың өздері дайындауы мүмкін. Кейбір педагогтар бағдарлама материалдарын оқушыларға зерделеу үшін беретін графикалық тапсырмаларды, модельдерді, бөлшектерді, көрнекі құралдарды дидактикалық материалдарға жатқызады.
Дидактикалық материалдардың мектеп қабырғасындағы, мектептен тыс оқушылардың шұғылданыстарындағы технология пән сабақтарында және кәсіпке баулу үдерісінде пайдаланатын негізгі түрлерін төмендегідей етіп көрсетуге болады:
1. Сабақтардың даярламасы.
2. Өндірістік бұйым үлгілері.
3. Өндірістік бұйымдардың операциялық өңделуінің үлгілері (сызба бойынша).
4. Сабаққа керекті стендтер (операциялық өңдеу үлгілерінің картонда, қағазда орындалғаны).
5. Сабаққа керекті оқу жабдықтарын дайындау картотекасы.
6. Өндірістік бұйымдардың үлгілерін дайындау бойынша құралдар.
7. Өндірістік бұйымды өңдеу технологиясы бойынша нұсқау карталар.
8. Пайдаланылатын материалдардың жинағы.
9. Оқу үдерісіне ұсынылған экрандық құралдар.
10. Материалдарды өңдеу және құрастыру жұмыстары бойынша кестелері.
11. Қауіпсіздік еңбек ету ережелері бойынша кестелер.
12. Ғылыми-әдістемелік әдебиеттер: анықтамалар, МЕСТ-тер, оқу құралдары, техникалық құжаттар, автомобильге арналған журналдар.
Педагогикалық әдебиеттерде дидактикалық және оқыту құралдары пайдаланылады. Оқыту құралдарының төмендегідей түрлері оқу-тәрбие үдерісінде қолданылады (П.Р.Атутов):
а) баспа негізіндегі оқу құралдары (кестелер, картиналар, баспа карточка түріндегі үлестірме материалдары және т.б.);
б) приборлар (өлшеу, бақылау, есептеу, қорғау, басқару, реттеу және т.б.);
в) көлемді құралдар (заттық-техникалық модельдер, муляждар, нақты объектілер);
г) аудиовизуальды құралдар (оқу кинофильмдері, диафильмдер, диапозитивтер, магнитті таспалар, грампластинкалар);
д) оқу радиохабарлар, телехабарлар;
е) бағдарламалық оқытудың оқыту қондырғылары.
Педагогикалық әдебиеттерді талдау «дидактикалық құралдар», «дидактикалық материалдар» немесе «оқыту құралдары» оқушыны оқытудағы орталық буын және оқушының өзіндік жұмысын ұйымдастыру, белсенді ету құралы ретінде қарастырылатынын көрсетеді.
Оқыту құралдары оқушылардың танымдық іс-әрекетін дамытуға, білім негізін қалауға арналған түрлі ақпарат көздері. Оның көмегімен оқытушы мен оқушы белгілі бір мақсатқа жету жолында бірлескен әрекет жасайды (К.Өстеміров). Оқыту құралдарына жататын материалды объектілер табиғи және адам қолымен жасалған заттар деп екіге бөлінеді. Оқыту құралдарына педагогтің сөйлеу мәнерін, көзқарастарын (түр, ым, көзқарас, бет құбылысы, т.б.) және оқулық, оқу-жабдықтары, аспаптар және көрнекі құралдарды жатқызуға болады. Оқыту құралдарының түрлері сан алуан, олар соңғы ғылым мен техника, ақпараттық технологияның дамуына байланысты жетілдіріліп отырады. Қазіргі кезде оқыту құралдарының кеңінен пайдаланатын түрлерінің ішінен баспа материалдарын атап көрсетуге болады. Баспа материалдарының ішінде: оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар, дидактикалық материалдар, түрлі картотекалар, нұсқаулар, оқу алгоритмдері, т.б. кеңінен қолданылады.
Оқушылардың техникалық тапсырмаларды орындауын технология пән сабақтарында ғана емес, сондай-ақ ғылым негіздерін зерделеу кезінде де талап етіледі. Оқушылардың еңбек тапсырмаларын шығармашылық негізде орындау: тапсырманың мақсат, міндеттерін сезіну; затқа қойылатын талаптарды талдау; бұйымның конструкциясын ойлау, талдау, оны бар конструкциямен салыстыру, олардың бәріне ортақтарын және айырмашылықтарын бөліп алу сияқты құрылымдық элементтерді айқындауды қажет етеді.
Дидактикалық материалдар мен құралдар көмегімен іскерлік пен дағдыларды нәтижелі қалыптастырудың алғы шарттары төмендегідей:
оқушының алға қойылған мақсатының анықтылығы, оларды мақсатты түсінуі және оған жетудің тәсілдерін дұрыс таңдауы;
оқушыларда қажетті білімдердің болуы;
нұсқаудың тиімділігі;
тапсырманы орындаудағы оқу әдістерінің сәйкестілігі;
оқушы іс-әрекетінің өз уақытында орындалуы және іс-әрекетінің белсенділігі.
Дидактикалық материалдар мен құралдарды жүйелі түрде оқу-тәрбие үдерісінде қолдану, әсіресе оқушыларды еңбекке дайындауда іс-әрекеттің политехникалық мазмұнын ашады және бағыттылықты жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |