3.Соттық зерттеу жорамалы
Соттық зерттеу тәжірибеде жорамалдар (версиялар) деп аталады. Алайда «версия» термині (латын тілінен «түр өзгерту», «айналдыру» деп аударылады) тек айрықша термин емес, оны танымның басқа салаларында да қолданады.
Соттық зерттеуде жорамал деп, қылмыстық істі тұтас немесе оның бір жеке жағдайын түсіндіретін, мүмкін болжаулардың біреуін атайды.
Жорамалды құрастыру үдерісі қылмысты іске, не оны жасаған адамға қатысты деректерді табудан және оларды айқындаудан басталады. Кылмыстық іс бойынша жорамалды ұсыну үшін қылмысқа байланысты деректердің қажетті мөлшерін білу керек. Тергеуші деректер негізінде жорамал ұсына отырып, оларды әртүрлі әдістермен жинақтайды: оқиға болған жерді жан-жақты қарау, куәгерлерді, зардап шеккендерді, айыпталушыларды тергеу және басқа да әрекеттер арқылы тергеу жүргізеді.
Іс бойынша жорамалдар негіздері ретінде жиылған деректерден басқа да негіздер (дәйектер) пайдаланылады: құқықтық ілім қағидалары, соның ішінде бірінші кезекте, криминалистиканың қылмыстық құқық пен қылмыстық істің және басқа ғалымдардың қағидалары, жеке тәжірибе, соттық практиканың жалпыланған қорытындылары мен ұсыныстары және т.б. Деректік материалдарды логикалық өңдеу нәтижесінде, болған қылмысты және оның жеке жағдайларын түсіндіретін бірнеше жорамалдар айқындалады.
Қылмыстық оқиғаны тұтас түсіндіретін жорамалдарды жалпы жорамалдар (версиялар) деп атайды. Жалпы жорамал қалай жасалды, шындықта қандай қылмыстық іс орын алды және оны кім жасады тәрізді сұрақтарға жауап берілуі керек. Қылмыстық істің жеке жағдайларын түсіндіру үшін ұсынылған жорамалдарды жеке жорамалдар дейді.
Жорамалдар тергеудің басынан бастап немесе сот ісінің кез келген уақытында ұсынылуы мүмкін. Жорамалды айқындаған кезде әртүрлі логикалық құралдар пайдаланылады.
Жорамалдар аналогия бойынша «индуктивті» немесе «дедуктивті» шығарылуы мүмкін.
Деректерді талқылауға құрал болатын ой тұжырымдарының түрлері тек осы деректер табиғаты мен сыртқы жағдайлардан емес, сонымен бірге бұрыннан жинақталған білімдер сипатына қатысты айқындалады. Егер тергеуші жалпы білімдерді қолданатын болса, онда қорытындылар түрінде шығарылады. Осындайда силлогизмдердің үлкен алғышарттары ретінде не тексерілген ғылыми қағидалар, не соттық тергеу тәжірибесінен алынған шамалық жалпылау әрекет етеді.
Көптеген жағдайларда жорамал индуктивтік ой тұжырымдарының қорытындысы болып табылады, сонымен бірге деректерді логикалық өңдеу және жорамал ұсыну үшін индукцияның әр түрлері пайдаланылады. Мысалы: бірнеше қолы қойылмаған жала хаттардағы ұқсас қолтаңба ерекшеліктерін салыстыра отырып, тергеуші оның барлығын бір адам жазуы мүмкін деген жалпылама қорытындыға келеді.
Ұсынылған жорамал тексерілуі тиіс. Тексеру және жорамалдың дұрыстығын (ақиқаттығын) дәлелдеу жорамалдарды құрастырудағы және негіздеудегі маңызды кезең.
Жорамалдарды тексеру мынадай бөліктерден тұрады:
1. Ұсынылған жорамалдан шығатын салдарды дедукция арқылы ой елегінен өткізу.
2. Бұл салдардың шындықпен сәйкестігін айқындау, оларды практикада тексеру.
3. Жорамалдардың ақиқаттығын немесе жалғандығын логикалық дәлелдеу.
Жорамалдарды тексеруді, олардан шығатын салдарды тексеруден бастайды. Жорамалды ұсынғанда, егер ықтимал себебі болса, онда шындық өмір сүретін салдар туралы қорытынды шығарылады. Логикалық жағынан бұл ой операциясы дедуктивтік ой тұжырымы формасында өтеді. Осындай түжырымның үлкен алғышартында нақтылы бір себеп тудыратын белгілер саналып өтеді. Кіші алғышартта бұл себептің бар екендігі туралы айтылады. Қорытындыда үлкен алғышартта көрсетілген белгілердің болмысы туралы тұжырым жасалады. Осындай ой-тұжырымын былай жазуға болады: Үлкен алғышарт. А себебі ВС салдарынан басқа ДЕ салдарын да туғызады. Кіші алғышарт. Бұл жағдайда А — себебі бар қорытынды. Сондықтан, бұл жағдайда ВС себебінен басқа ДЕ деректері де байқалады.
Ықтимал себептен (ұсынылған жорамалдан) логикалық жолмен қандай салдарды (деректерді) шығаруға болатындығы туралы мәселе маңызды әрі күрделі болып табылады. Ол әр жағдайда нақтылы, осы қылмыс категориясы жөніндегі ғылымның жалпы қағидаларына байланысты, соттық практика мен тергеушінің тәжірибесіне қатысты шешілетін болады. Осы тәжірибе неғұрлым бай болса, тергеуші теория мен сот практикасын тереңірек білсе, онда ұсынылған жорамалдан шығарылатын деректер де соғұрлым толығырақ болады.
Тұтас алғанда, жорамалдарды ұсыну және одан салдарды шығару сұлбасын былай келтіруге болады:
1) Жорамалды ұсыну (топшылау). Осы жағдайда АВС деректері табылады. АВС деректері — Н. қылмысының белгілері.
Сондықтан осы жағдайда Н. қылмысының жасалуы мүмкін.
2) Жоғарыдағы топшылаудан салдарды шығару.
Н. қылмысы АВС белгілерінен басқа, ДЕК сияқты белгілермен (деректерімен) байқалады.
Сондықтан бұл жағдайда АВС деректерінен басқа, ДЕК деректері де орын алады.
Жорамалдан шығарылған салдарды (деректерді) анықтау және жинақтау қажетті. Кейін бұл деректер жорамалдың ақиқаттығын немесе жалғандығын дәлелдейтін дәйектерге айналады. Деректерді айқындаудың және жинақтаудың негізгі тәсілдеріне мыналар жатады: оқиға болған жерді қарау, куәгерлерді сұрау, айыпталушылар мен зардап шеккендерден жауап алу, тінту, тергеулік және сараптық эксперимент және т.б.
Жорамалдан шығарылған салдарды шындықты анықталған деректермен салыстыру, жорамалдың не ақиқат екендігін дәлелдеуге, не оны бекерлеуге мүмкіндік береді. Жорамалды бекерлеу үшін, одан шығатын салдар істің деректік жағдайларына тек сәйкессіздікті көрсетпей, сонымен бірге жалған болуы қажет (фальсификацияланған). Тек осы жағдайда ғана жорамал толық бекерленген болып шығады.
Жорамалды бекерлеуге тергеуші әртүрлі әдістер мен тәсілдерді қолданады. Олардың ішіндегі маңыздысы — сот пен тергеуді мүдделендіретін жағдайларды эксперименталдық түрде тексеру (соттық және тергеулік эксперимент).
Тергеу тәжірибесі оқиғаны қайтадан қалпына келтіру кезінде, куәгер айтып отырған жерден оны байқау мүмкін еместігі, есіктің сыртынан, не қабырғаның ар жағынан әңгімені тындай алу мүмкіндігі жоқтығы туралы көптеген мысалдар келтіреді. Бұл жағдайларда куәгердің, не айыпталушының берген куәліктері жалған екені және осыған негізделген жорамалдың ақиқаттан алыс екендігі дәлелденеді.
Алдын ала ұсынылған, бірақ кейін бекерленген жорамалдарды тексеру кезінде дәйекті түрде теріске шығару ажыратушы — кесімді тұжырымның терістеуші — құптаушы модусы формасын жүзеге асырады.
Үлкен алғышарт. Егер А себебі болса, онда а, в, с, д деректері орын алады.
Кіші алғышарт. А, в, с, д деректері жоқ.
Қорытынды. Сондықтан, А себебі болған жоқ.
Жалған жорамалды алып тастау тәсілін қолдана отырып, мүмкін түсіндірмелердің шеңбері азайтылады, соның нәтижесінде қылмыстың нағыз себебі анықтала түседі. Жорамалдарды бекерлеу үдерісінде, жорамалдан логикалық шығарылған деректерді қылмыскердің, не басқа адамдардың жойып жібере алатындығын, не олардың белгілі бір себептермен жоғалып кететіндігін, яғни салдардың мүлдем байқалмай қалу мүмкіндігі бар екендігін ескеру қажет.
Сондықтан салдардың жоқ екендігі жорамалды жалған деп тауып, оларды істен шығаруға негіз бола алмайды. Жорамалдарды терістеу үшін оларға сәйкес келмейтін, қайшы деректерді табу керек. Бұл істі тергеу барысында бір емес, бірнеше жорамалдар ұсынылған кезде осылай болады және олардың бәрі қатар тексеріледі.
Соттық зерттеуде жалпы жорамалдың ақиқаттығын (дұрыстығын) дәлелдеуіне қажетті нәрселерді тікелей тауып алу арқылы, не жорамалды логикалық түрде дәлелдеу арқылы жүзеге асады. Қажетті нәрселерді тікелей табу. Ғылымдағы жеке гипотезалар және соттық тергеудегі жорамалдар көп жағдайда өзінің мақсаты мен құбылыстардың белгілі бір уақыт пен белгілі бір жерде болмыстық деректілігін айқындайды және осы нәрселердің қасиеттері мен белгілерін тікелей анықтайды. Осындай жорамалдардың шын білімге айналуының маңызды бір кепілі — алдын ала оймен болжанған нәрселерді нақтылы бір уақытта және белгіленген кеңістік аумағында тауып алу. Мысалы, ұрлық туралы қылмыс іс бойынша, бандылық, тонаушылық т.б. осы сияқты қылмыстарды қарастырғанда тергеу ұйымдарының басты мақсаттарының бірі — қылмыстық жолмен жинаған құнды заттарды, валютаны, ақшаны тауып алу. Бұл құндылықтар мен заттарды, әдетте қылмыскер жасыруға не жойып жіберуге тырысады. Сол себепті олардың қайда және қандай жағдайда екендігі туралы жорамалдар туады. Ықтимал себепті тікелей табуға бағытталған жорамалдар әр уақытта жеке версиялар болып табылады. Олардың көмегімен, әдетте істің тек жеке жағдайлары, қылмыстық оқиғаның жеке бөліктері ашылады.
Жорамалды логикалық дәлелдеу. Қарастырылып жатқан істің мәнді жағдайлары, логикалық негіздеу арқылы расталған білімге айналатын жорамалды дәлелдеу нәтижесінде ашылады. Олар өткенде болған немесе қазір бар, бірақ тікелей байқалмайтын оқиғалармен істес болғандықтан, жанама түрде дәлелденеді. Мысалы, жасалған қылмыс тәсілі жөнінде, кінә туралы, қылмыс жасау уәждері туралы, іс істелгендегі объективті жағдайлар жөніндегі жорамалдар осылай негізделеді.
Болжамды логикалық дәлелдеу негіздеу тәсіліне байланысты және ол тікелей немесе жанама дәлелдеу түрлерінде өтеді.
Жорамалды тікелей дәлелдеу версиялардан салдарды шығару және оларды, шындықты тексеру арқылы жүргізіледі. Ұсынылған жорамалдың дұрыстығына көз жеткізу үшін, алдымен одан шығарылған салдардың дұрыстығын тексеру қажет. Егер жорамалдан шығатын деректер шындығында бар болса және практикада тексерілсе, онда жорамалдың өзінің дұрыстығы туралы қорытындыға келуге болады. Логикалық түрде бұл қорытынды мына сұлба бойынша көрсетіледі:
Егер А, онда В
А → В
2 ______В_____немесе _____В______В
Сондықтан А А
Салдардың барлығынан (ақиқаттығынан) ықтимал себептің барлығы (ақиқаттығы) туралы қорытынды жасалады.
Осындай ой тұжырымдарының дұрыс болатын себебі, оларда үлкен алғышарт ретінде, жеке салыстырмалы пайымдауларды алуға қатысты. Соттық танымда ықтимал себептен (жорамалдан) кез келген жалпы салдар емес, өзіндік қайталанбас ерекшеліктері барлар ғана шығарылады. Мұндай салдарды шындықтан табу, одан логикалық жолмен шығарылған себеп (жорамал) туралы жеткілікті қорытындыға келудің дәлелді негізі болып табылады.
Жорамалды жанама дәлелдеу, тек жалғыз өзі дұрыс деп есептелгеннен басқа, барша жалған жорамалды бекерлеу және шығарып тастау арқылы жүзеге асады. Мұнда қорытынды ажыратушы кесімді тұжырымның терістеуші-құптаушы модусы формасында шығарылады. Ол былай жүзеге асады: қарастырылып отырған іс бойынша бірнеше жорамалдар — А, В, С, ұсынылады. Әр жорамалдан салдар шығарылып, олар практикада тексеріледі. Егер тексеру кезінде В және С жорамалдарының жалғандығы анықталса, онда ажыратушы — кесімді силлогизм ережелері бойынша А жорамалының дұрыстығы туралы қорытындыға келуге болады. Бұл силлогизмді былай жазуға болады:
X (түсіндірілетін құбылыс) дегеніміз не А, не В, не С.
X дегеніміз В да, С да емес.
Сондықтан X дегеніміз А.
«X дегеніміз А» атты қорытынды, тек үлкен алғышартта барлық жағдайлар, барлық мүмкін жорамалдар аталып шыққанда ғана, ақиқат болып табылады.
Соттық тәжірибеде әр іс бойынша жалғыз емес, бірнеше жорамал ұсынылады. Олардың барлығы қатар тексеріледі. Жорамалдарды тікелей дәлелдеу, оларды жанама дәлелдеумен толықтырылады: белгілі бір жорамалды дұрыс деп табу үшін, оны дәлелдейтін деректерді айқындап қою ғана емес, сонымен бірге басқа жорамалдарды да бекерлеу (алып тастау) керек. Нақтылы бір жорамалды жанама түрде, басқа жорамалдарды бекерлей отырып дәлелдегенде, онымен бірге оның дұрыстығын тікелей дәлелдейтін кажетті деректерді де айқыңдау керек.
Достарыңызбен бөлісу: |