2. Тура және жанама дәлелдеу
Дәлелдеу амалына қарай оны тура және жанама дәлелдеу деп бөледі.
Тура дәлелдеу. Ол дәлелдері тезистің жалған немесе ақиқат екенін тура негіздейтін пікірді білдіреді. Мысалы, қайтыс болған адам денесінің ауыр жарақаттануы, зақымдануы зорлық өлімнің тура дәлелі болады.
Жанама дәлелдеу.
Мұндағы дәлелдер қандай да бір тезистің ақиқаттығын, басқасының жалғандығын негіздеу арқылы жанама негіздеумен ерекшеленеді.
Жанама дәлелдеу әртүрлі болады. Олар: апагогикалық және ажыратушы дәлелдеулер.
Апагогикалық дәлелдеу (грекше apagogos — басқа жаққа әкетуші, бұрып кетуші), не қарсымен дәлелдеу, мұнда алдымен бастапқы тезиске қайшы тезис дәлелдеуі қабылданады да, тезис әбден танытуға дейін жеткізіледі немесе қайшылық сол не басқа да ақиқаты анықталған және осыдан соң ондай тезистің жалғандығынан, оған қайшы тезистің ақиқаттығы туралы тұжырым жасалады.
Мектеп қабырғасындағы түзулер параллельдігін дәлелдеуді естеріңе түсіріп көріңдер. Ажыратушы дәлелдеуде бірнеше мүмкін тезистерден жоққа шығару әдісімен, тек біреуі ғана дәлелденеді. Мысалы, дәл осы қылмысты А не В немесе С (басқа бірде-біреу емес) жасағаны белгілі. Содан соң бірте-бірте осы қылмысты А-ның, В-ның да жасамағаны дәлелденеді. Осылайша қылмысты С-ның жасағаны дәлелденеді.
Мұнда барлық мүмкін варианттардың толық қамтылуы маңызды, яғни дизъюнкция «жабық», толық болуы керек.
Тура және жанама дәлелдеулер арасындағы айырмашылық та салыстырмалы: тура дәлелдеу жанамаға, ал жанама — тураға айнала алады.
Түсініспеушілік тумас үшін логикалық операция түрлері ретінде, тура және жанама дәлелдеулер, заң тәжірибесінің негізі болатын тура және жанама дәлелдеулерден ерекшеленетініне көңіл бөлу керек. Соңғы жағдайда тура дәлелдеу — сол немесе өзге деректі тура растайтындай болады. Жанама дәлелдеу оның көмегімен басқа дәлелдеулерді мақұлдайды. Сондай-ақ, олар айғақ деп те аталады. Мысалы, дәл осы адамнан ұрланған зат шықты. Яғни, бұл, затты осы адам ұрлады деп болжауға мүмкіндік беретін оған қарсы айғақ. Мұндай жанама дәлелдеулер, тек басқамен тіркес келгенде ғана айрықша мәнге ие болады.
Кейде дәлелдеу түрлерін дәлелдеу негізі сияқты, тәжірибелі мәліметтер рөлі бойынша да айырады. Мұндай байланыста тәжірибелі мәліметтер деп тура өзгертуді талап етпейтін, математикалық және осындай мәліметтер азды-көпті кең пайдаланылатын бірқатар ғылымдарда эмпирикалық дәлелдеулерді меңзейді. Шындығында, бұлар дәлелдеудің дербес түрлері емес, бұған дейін айтылған дедукция мен индукцияны жүзеге асырудың түрлі амалдары.
Дәлелдеу түрлерін зерделеу тек теориялық қана емес, практикалық та мәнге ие. Ол сіздерге дәлелдеудің сол немесе басқа түрін жеке немесе тіркестіре, неғұрлым тиімді әрі саналы пайдалануға, яғни оның ақиқаттығына өздеріңіздің көздеріңіз жетіп, сосын басқалардікін жеткізуге мүмкіндік береді.
Дәлелдеу ережелері және кездесетін қателіктер
Логика дәлелдеу мен бекерлеу бағынатын тезистің ақиқат не жалғандығын негіздеу немесе оның негізсіз екенін анықтау сияқты, өз міндеттерін орындау үшін қажет ережелер құрады.
Мұндай ереже дәлелдеудің әр құраласыүшін жеке құрылады.
Тезиске қатысты ереже.
1. Тезис анық және дәл құрылған болуы тиіс.
Бұл ереже бізді дәлелдеудегі басты ойдың бұлыңғыр және екі ұшты болмауынан сақтайды. Тезистің анықтылығы, онда пайдаланылатын пайымдау типімен байланысты.
Тезисті анықтау рәсімі де осы ережемен тығыз байланысты болып келеді. Тезисті анықтау үшін, осы тезиске қатысты үш сұраққа жауап беру жеткілікті болмақ:
а) Тезистегі барлық сөздер мен сөйлемдер толық түсінікті ме? Егер түсініксіз болса, онда айқын емес ойларға анықтама беруге тырысу керек.
ә) Тезисті білдіріп тұрған пайымдау анық құрылған ба? Егер тезисті қарапайым пайымдау формасында беруге болса, онда ең дұрысы бұл үшін кесімді пайымдауды пайдаланған жөн. Өйткені онда сан мен сапа анағұрлым дәл көрсетілген.
б) Тезис нанымды ақиқат пайымдау болып есептеле ме немесе ақиқат болуы тек ықтимал ма? Егер ықтимал болса, онда қандай дәрежеде: өте ықтимал, жай ықтимал немесе ықтималдығы шамалы ма? Бұдан біздің дәлелдеуде қандай құралдар пайдаланатынымыз тәуелді болады: тек дедукцияны ма, не сондай-ақ индукция және аналогияны қоса ма?
2. Тезис дәлелдеу барысында тұрақты болып қалуы тиіс.
Бұл талап тепе-тендік заңының дәлелдеуде қолданылуының жеке жағдайы болып табылады.
Тезиске қатысты туатын қателіктер
1. Тезиске қатысты басты қателік ретінде екінші ереженің бұзылуына байланысты туатын қателік есептеледі. Бұл қателік тезисті ауыстыру деп аталады.
Тезисті ауыстыру — бұл дәлелдеу барысында, тезисті оп-оңай дәлелденетін және дәлелі бастапқы тезис дәлелденуінің орнына кететін, басқа ұқсас пайымдауға саналы түрде ауыстырудан шығатын логикалық қателік.
Еріксіз жіберілген аналогиялық қате тезисті жоғалту деп аталады.
Тезисті ауыстыру — софизмге, ал тезисті жоғалту — паралогизмге жатады.
2. «Басқа текке өту».
Егер тезисті ауыстыру тереңге кетіп, басқа аумаққа бұрып кетсе, онда бұл қателік «басқа текке өту» деп аталады.
Мысалы, дәлелдеу заң саласынан моральдыққа ауыстырылады да, заңсыздық, адамгершілікке жат әрекет деу орнына, кенет оның моральға қарсылығын негіздей бастайды.
3. «Өте аз дәлелденеді».
«Өте аз дәлелденеді» қателігі тезистің қандай да бір бөлігі дәлелденбей қалғанда немесе тезистің ақиқаттығын мойындау үшін қажет дәйектері жеткілікті негізделмегенде кездеседі.
Мысалы, сіз қорғаушы есебінде қорғауыңыздағы адам — рақымшыл адам деп дәлелдегіңіз келеді. Егер Сіз, сонымен қоса, ол туралы қандай да бір жамандықтың белгісіз екенін дәлелдесеңіз және тезисті дәлелдеуге сол жеткілікті деп есептесеңіз, онда Сіз жоғарыдағы қателікті жасайсыз.
4. «Өте көп дәлелденеді».
«Өте көп дөлелденеді» қателігі дәйектерден тек тезис қана емес, тағы қандай да жалған қағида шыққанда пайда болады.
Мысалы, «Өзін-өзі өлтіруге рұқсат жоқ» тезисін дәлелдеуде, біз дәйек ретінде «адам өзіне-өзі бермеген нәрсені, өзінен-өзі ала алмайды» деген пайымдауды келтіреміз. Онда өте көп нәрсені дәлелдер едік. Осы дәлелдеуден бір мезгілде адамның шашын қырқуға құқы жоқ, өйткені ол шашты өзіне-өзі берген жоқ. Сол сияқты мирас етілген немесе сыйға тартылған нәрсені сатуға және т.б. құқы жоқ деген қорытындылар шығар еді.
Аргументтерге (дәйектерге) қатысты ереже
1. Дәйектер ақиқат пайымдаулар болуы тиіс.
2. Дәйектер тезистің ақиқаттығын мойындау үшін, жеткілікті негіз болуы қажет.
3. Дәйектер ақиқаттығы тезистен тәуелсіз негізделетін пайымдаулардан тұруы керек.
4. Дәйектер бір-біріне қайшы келмеуі тиіс.
Дәйектерге қатысты кездесетін қателіктер
Дәстүрлі логикада дәйектерді асі rem (затқа, іс мәніне) дәйегі және асі һоminem (адамға) дәйегіне бөлу қабылданған. Бірінші тектегі дәйектер талқыланатын сұраққа қатысты және дәлелденетін жағдайдың ақиқаттығын негіздеуге бағытталған. Аргумент түрлері туралы айтқанда, міне осындай дәйектерді ойлаған жөн.
Адамға қатысты дәйектер талқылау нәрсесіне, тезиске жатпайды. Олардың дәлелденгенін көрсету үшін дау-дамайда жеңіске жету көзделгенде пайдаланылады.
Логикада олар орынсыз дәйектер немесе логикалық қателіктер деп аталады. Аd hominem дәйектерінің неғұрлым кең тараған түрлері мыналар:
а) Беделге сүйену дәйегі.
Беделге сүйену дәйегі — қандай да бір саладағы мамандар, ұлы және атақты адамдар талқылау дәйегі ретінде пайдаланылады.
Негіздеудің толық заңды амалы болып табылатын бұл дәйекті жеке жағдайда оны қысқарту үшін пайдаланады. Оны оп-оңай теріс пайдалануға болады. Беделді адамның айтқанының бәрі, тіпті өз саласында да ақиқат емес. Ал басқа сала бойынша айтқаны, тіптен ақиқат болмайды.
Мысалы, беделмен айтылған пікірді қандай да бір келісіп алынған пікірмен, шектеумен не мұндай келісусіз немесе шектеусіз пайымдау ретінде беру оп-оңай.
ә) Жұртқа сүйену дәйегі.
Жұртқа сүйену дәйегі — бұл тезистің ақиқаттық туралы сұрағын сезімге, психологиялық ұстанымға және аудитория мүддесіне сәйкестігі туралы сұраққа ауыстыруға бағытталған пікір.
б) Тұлғаға бұру дәйегі.
Бұл — дәйектерге қатысты қателіктердің ішіндегі ең көп тарағаны. Тұлғаға бұру дәйегі — тезистің ақиқат немесе жалғандығын дәлелдеуді, осы тезисті айтқан адамның тұлғасын талдаумен ауыстыруға бағытталған пікір.
Мысалы, саяси пікірталастарда қарсыласының пікірін бекерлеу орнына, көбінесе осы пікір авторының жағымсыз саяси бағытқа жататындығын дәлелдеуге тырысады. Күнделікті өмірде адамдар өзара дауда, таласта бір нәрсені дәлелдеу кезінде: «Әй, сен өзің кімсің?» — деуі жиі кездеседі.
в) Күшке салу дәйегі немесе «таяқтық дәйек».
Күшке салу дәйегі — бұл пікірде адам дәлелдеуге арналған дәйектердің ақиқаттығына сенбегенде — қоқан-лоқы көрсету, зорлық жасау немесе мәжбүр етудің басқа формаларын пайдалану.
г) Надандыққа сүйену дәйегі.
Надандыққа сүйену дәйегі дегеніміз — бұл дәлелдеуде ақиқаттық негіз ретінде дәлелдеу арналған адамға белгісіз пайымдауды әдейі пайдалану.
Ол, әдетте жалпыға белгілі дерек пен зандар ғой-мыс деп аудитория білмейтін, білмегендері үшін қорқатын шығармаға сілтеме жасау болуы мүмкін.
Дәйектерге қатысты логикалық және деректік қателіктер
Логикалық және деректік қателіктер дәйектерге қатысты ережелерді бұзумен байланысты туады.
1. Негізгі қателік — пайдаланылатын дәйектің жалғандығы — бірінші ереженің бұзылуын көрсетеді.
Пайдаланатын дәйектің жалғандығы — дәлелдейтін тезистің негізсіздігіне әкелетін деректік қателік.
2. Негізге алдын ала тамсану — бұл екінші ереженің бұзылуы.
Негізге алдын ала тамсану (латынша реtito principii) — дәлелдеуде өзі негіздеуді қажетсінетін пайымдауды дәйек ретінде келтіру қателігі.
Мысалы, егер «Барлық студенттер рақымшыл адамға ұмтылады» тезисінің негізі ретінде, «Барлық адамдар рақымшыл адамға ұмтылады» деген пайымдауды келтірсе, онда «негізге алдын ала тамсану» қателігі туады. Өйткені ретінде келтірілген пайымдаудың өзі негіздеуді қажетсініп тұр.
Егер сіз қандай да бір мәселені қарастыруда өз көзқарасыңызды бекіту үшін беделді адамдардың пікірін келтірсеңіз, ал олардың бұл мәселе туралы не ойлайтынын дәл анықтауға өзіңіздің шамаңыз жетпесе, онда сіз реtito principii қателігін жасайсыз, өйткені сіздің дәйектеріңізді әлі тексеру қажет.
3. «Дәлелдеудегі шеңбер» (circulos in dem onstrando) қателігі — бұл үшінші ереженің бұзылуы.
Дәлелдеудегі шеңбер — бұл тезистің ақиқаттығы, осы тезистің өзінің көмегімен ақиқаттығы анықталатын дәйек арқылы негіздеуден тұратын логикалық қателік.
Мысалы, «Тарихты оқу пайдалы, себебі Ежелгі Грекия тарихын оқудың маған пайдасы тиді» дәлелдеуінде «Тарихты оқудың маған пайдасы тиді» дәйегі, кейбір дәуірдің тарихын оқу, тек жалпы тарихты оқу пайдалы болғанда ғана, пайдалы тезисінің ақиқаттығын болжайды.
4. «Дәйектердегі қайшылық» — төртінші ереженің бұзылуы.
Дәйектердегі қайшылық — тезис дәлелдеуінде келтірілген дәйек бір-біріне қайшы болғанда шығатын логикалық қателік.
Сот тіліндегі дәйектер түрінің бірі — куәлердің берген мәліметтері. Мұндай жағдайда дәйектердегі қайшылықтар әртүрлі болады. Бір ғана оқиға туралы куәлар мәліметтерінің үйлеспеуі кездеседі.
Мысалы, кінәлі өз мүддесіне мұрагерлікті ашу үшін, жалған жеделхатты пайдаланды. Процесте ол осы жеделхатқа шын пейілімен сенгенін растайды. Қорғау бұл мәліметті құптайтын екі куәгер әкелді.
Бірінші куәгер жеделхаттың жасанды екенін білгенде, кінәлінің қатты қапаланғанын суреттейді.
Одан кейін келген екінші куәгер жеделхаттың жасанды екенін білгенде, кінәлінің есінен танып кұлағанының куәсі болғанын растайды.
Бірақ сот заседательдері бір ғана оқиғаға байланысты, екі түрлі күйге бір адам екі қайтара түсе алмайды деп, олардың айтқандарына сенбеді.
Достарыңызбен бөлісу: |