Аймақтық лексикадағы монғол тілінен енген сөздер. Түркі тілдерінде
кездесетін монғол кірме сөздері мен түркі және монғол тілдерінің туыстығы –
екі үлкен мәселе [114,321-б.], ал кірме сөздер туыстық байланысы жоқ
тілдердің арасында да болатындығы белгілі. Ш.Сарыбаев монғол және қазақ
халқының мәдениетін, тарихын, әдебиеті мен тілін салыстырып, жан-жақты
зерттей түскен сайын олардың арсындағы бір-біріне ұқсастық, ортақ жайттар
молынан табылып отырғанын айтады [33,537-б.]. Түркі тілдері мен монғол
тілдері бір тектілден тарайды дейтін ойды ұстанушы ғалымдар бұл тілдердің
арасындағы ортақтық белгілерге сүйенеді, ортақтық тілдің үш деңгейінде:
фонетика, грамматика, лексикада көрінеді. Ш.Сарыбаев «тілдердің туыстығын
құр лексикалық элементтердің ортақтығымен дәлелдеу мүмкін емес, мысалы,
тіліміздегі қазақ пен араб-иран тілдеріне ортақ жүздеген сөздер болса да, қазақ
пен араб тілдерін генетикалық жағынан туыс деп жүрген бірде-бір ғалым жоқ»
[33,538-б.],-деп түйіндейді. Ғ.Мұсабаев монғол және түркі тілдерін туыс, заман
өзгеруіне, қоныстың алыстап, қарым-қатынастың сиреуі әсерінен о бастағы
түбірлес тілдер бір-бірінен алшақтаған деп есептейді. Ғалымның қазақ пен
монғол тілдеріне ортақ сөздердің салыстырмалы кестесінде берілген сөздердің
97
ішінен сөйленістерге тән: абдыра, адақ, дүлей, елек, албар, азар, сүру, суал
сөздерін атауға болады [109, 98-103-б.]. Ә.Болғанбаев қазақ тілі мен монғол
тілдерінің қарым-қатынасының екі түрлі қалпын:
а) қазақ тіліне монғол тілінен сөз ауысуына екі халықтың ғасырлар бойы
көршілестік жағдайда бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасауы себеп болған,
сонымен қатар, тарихтан белгілі шапқыншылық жорықтардың нәтижесі,
жаугершілік үстемдікке байланысты енсе;
ә) қазақ тіліне монғол тілінен ауысты деуге келмейтін екі тілге ортақ
сөздер барын көрсетеді. Мұндай қарым-қатынастардың нәтижесінде сөз алмасу
үдерісі жүреді. Ол сөздер, негізінен, әкімшілік, ел билеуге байланысты және
жер-су атауларына қатысты болып келеді. Ал бір тілден екінші тілге ауысты
деуге келмейтін сөздерді мағынасы, түр-тұрпаты ортақ, зат есім, сын есім,
етістік сөз табында кездесетінін, оларды ұғымдық мәніне қарай малға, аңға,
шаруашылыққа, туыстық атаулар тәрізді тақырыптық топтарға жатқызуға
болады деп есептейді [48,146-147-бб.]. Осы көрсетілген сөздердің арасында
әбдіре (абдар) сөйленістер жүйесінде ұшырасады. Ш.Сарыбаев қазақ пен
монғол тілдеріне ортақ сөздердің он үш мағыналық тобын көрсетеді: адамның
дене мүшелеріне байланысты; тағам атаулары; туыстық атаулар; киім-кешек;
үй жануарлары атаулары; жабайы аңдар; құс атаулары; құрал-жабдық; өсімдік,
жеміс атаулары; ыдыс-аяқ; өлі, тірі табиғат; шен, әкімшілік; ер-тұрман,
ұсталыққа байланысты атаулар [33,148-153-бб.]. Сонымен қатар, Ш.Сарыбаев
монғол және қазақ тілі арасындағы жақындықтың тек әдеби тіл төңірегінде ғана
сөз болып жүргенін, шын мәнінде, кей сөздердің біреуінің тек әдеби тілінде,
екіншісінің тек сөйленістерінде сақталғанын көрсетеді. Монғол тіліндегі
бытықана (Орал, Чап., Жымп.;Гур.,Инд.), дарбыз (тарвас) (Оңт.), адақ/адақтау
(Рес., Орын.; Қ.орда, Қарм); биялай (Орал, Чап., Жымп.), там – үй мағынасында
(Оңтүстік сөйленістері). Бұлардан басқа көрсетілген мағыналық топтардан:
шақай, дақа, шыби, қалбыр, тегене, тегеш, абдыра, дағара, қаша, жолым үй, үме
тәрізді сөйленістер қатарында тіркелген сөздерді атауға болады [33,155-156-б.].
Осындай мағыналық топтарға бөлу Ә.Қайдар еңбегінде де бар, мұнда авторлар
этимологиялық түсінік береді, көрсетілген сөздерден батыс қазақтарында
кездесетін ақа сөзіне тоқталуға болады. Балам, ақаңның атын алып кел (Орал,
Жән.). Ақа, бұл сөзіңіздің жаны бар екен (Түрікм., Краснов.). Монғол
тілдерінде ах – «жасы үлкен адам», көне монғол тілінде «жасы үлкен құрметті
адам» (Монғ.-қаз.сөзд.1954, 359) мағынасында қолданылады. Қазіргі бурят
тілінде ахай – жасы үлкен аға, мырза, диалектілерінде «әке, апа, жеңге»
мағыналарында және аға (ака) сөздері тұңғыс-маньчжур тілдерінде де түркі
тілдерімен мағыналас [110,114-б.]. Э.В.Севортян аға, әке сөздерін бір негізден
ақ «қартаю» етістігінен таратады, одан кейінгі буын қосымша деген тұжырым
жасайды, мұнда ол якут тіліндегі ағый – қартая бастау, ағам – кәрі, егде
мағынасын беретін тұлғаларға табан [101,122-б.] тірейді деп есептейді.
Ә.Қайдар «егер ақ түбірінің көне түркі тілінде шынымен-ақ «қартаю»,«жас
ұлғаю», «қарт», «ересек» деген синкретикалық мағынасы болса, онда қазақ
тіліндегі «қосағыңмен қоса ағар» деген алғыстың ағар сөзі де ақ түбірімен
98
төркіндес болуы ықтимал» – деп топшылайды. Бұл сөз аздаған фонетикалық
айырмашылықпен түркі тілдерінің бәрінде кездеседі. Көкшетауда ағатай
формасында – тай жұрнағы арқылы жасы үлкен сыйлау мәнінде жұмсалады.
Сөздің түркі және монғол тілдеріне ортақ екені дау тудырмайды, ол – қай тілде
пайда болды, қай тілге ауысты дейтін дерек жоқ, сондықтан сөз жалпытүркілік
кезеңнің өте терең қабатынан жалпытүркілік тектілден дерек беретін сөз екенін
байқау қиын емес, ал мағынасында аталған этимологиялардың бәрінің де үлесі
бар. Аталған еңбектерде монғол және түркі тілдеріне ортақ саналатын енді бір
сөздер қандық туыстыққа жататын нағашы ұғымының варианттары: таға, дайы,
(тайы, тайеке).
Сөйтіп, Ә.Қайдар айтқандай, ортақ атаулардың көп болуы, олардың бәрі
кірме сөз деген ұғым тудырмайды әрі ол атаулар халық өмірінің ең етене
тұстарын, туыстық, жан-жануар, табиғат құбылыстарын т.б. салаларында және
де олардың көпшілігінде бөтен вариант жоқ, тек дыбыстық алмасуларда
ұшырасады. Осындай көзқарастар монғол және қазақ тілінің ұзақ дәуірлерден
келе жатқан қарым-қатынас нәтижесінің параллель қолданыстарда көрініс
тапқанын байқатады. Ш.Сарыбаев: «Все эти примеры приведены на те случаи,
когда монгольские слова, не имея себе параллелей в казахском литературном
языке, находят их в казахских говорах. Но бывает и наоборот. Казахские слова
из литературного языка, не имея себе параллелей в монгольских литературных
языках, имеют их в монгольских говорах» [33,157-б.],-деп сипаттайды.
Ш.Сарыбаев монғол және қазақ тілдері арасындағы өте жақын ортақ параллель
құбылыстар бола тұра, типологиясы жағынан екі топқа жататын бұл тілдердің
өкілдері бірін-бірі мүлдем түсінбейтінін айтады: «К этому привело, по-
видимому, то обстоятельство, что тюркские и монгольские языки после
выделения их из одного языка-основы, в силу длительного разобщения
настолько отдалились друг от друга, что восстановление первоначального
единства становится нелегким» [33,169-б.].
Қазақ сөйленістері бойынша аталған топтардан абдыра, албаты, түлей,
ежегей, қайлық, сарлық, меке, мекерлік, қапық, мелей т.б. сөздер кездеседі.
Абдыра сөзі қазақ сөйленістерідегі а-ә алмасуларына сәйкес абдыра-әбдіре
түрінде Алматы, Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Қарақалпақ қазақтары тілінде
“үлкен ағаш сандық” мағынасын білдіреді, В.И.Рассадин де аталған тілдерде
“сандық, қобдиша” мәнді сөз екенін айтады, монғол тілінде авдар – кебеже
сандық (Монғ.-қаз. сөзд., 1954, 13) қырғызда абдыра – үлкен жәшік, сандық
(Юдахин, 1965, 18) тува аптара, хакас тілінде абдыра «қобдиша кішкене
сандық» (Хак.-рус. сл., 1953,13), қалмақ. авдр – сандық, жәшік (Рус.-калм. сл.
1964,693]. Бұл сөздің таралу шегінің көлеміне қарағанда, түркі тілдеріне өте
ерте жалпытүркілік дәуірде енген, көшпелі тұрмыста қолайлы зат сол
халықтардың бәрінде ортақ қолданылған да, көненің көзіндей сақталған.
Жамбылдың кей аудандарында абдырия – жастықтың астына қоятын ағаш
дегенді білдіреді [ҚТДС, 1, 11].
Эжегей – тува тіліне монғолдың ээзгий (творог) сөзінен ауысқан. Қазақ
сөйленістерінде ежігей-ежегей алмасуларымен «құрт, жас сүзбеге ірімшік
99
қосып жасалған майлы, дәмді құрт» мағынасында қолданылады. Жарма құрт
ежігейден жасалады (Сем., Ақс.) Ә.Нұрмағамбетов ежегей-ежігейдің төркінін
«қышқыл, ащы» ұғымдарынан іздейді, ғалымның пікірінше, қазақ тіліндегі ащы
сөзі якут тілінде – аһыы (Рус.-як сл., 1968, 115); тува тілінде ажығ (Рус.-
тув.сл.,1980,120). Ә.Нұрмағамбетов «ежегей» сөзінің даму сатысын:
эсек>ежех>ежег>ежегей+ей (жұрнақ) ежегей түрінде таратады.
Меке – монғол тілінде алдау дегенді білдіреді, Сібір түркілерінде меге
(тува), меке (алтай), мике (хакас), мекке (шор) сияқты формаларда осы
мағынада жұмсалады. Қостанай қазақтары (Жанк.) айлакер ұғымын мекер
сөзімен атайды. Осы сөз Түрікмен қазақтарында -лік жұрнағы арқылы
залымдық, арамдық мағынасындағы абстракт зат есімге айналады, мекрь – араб
тілінде қулық, залымдық ұғымын атайтын сөз екенін Л.Будагов көрсеткен
(Будагов 2, 250).
«Немере» мағынасын білдіретін ақтық сөзі Түрікменстан, Қарақалпақ
қазақтарында қолданылады. Түркі халықтары арасында бұл сөздің таралу
аймағы кең: түрікмен тілінде – агтик (Рус.-туркм.см., 1956,73), қарақалпақ
тілінде ақылық (Рус.-карак.сл., 1977,33), С.Е.Малов оның сары ұйғыр тілінде
аты – «немере, кішкентай» мағыналарын білдіретінін айтқан (Малов, ЯЖУ,
1957,19). Л. Будаговта – ақтуқ «немере (Будагов, 1, 68).
Сөйленістердегі монғол тілдерінен енген: лоңқа – бөтелке, дөңсе – шылым,
бақчы – ұстаз, үзік – тұтқа, домбы -шәйнек, малақай – бас киім, сарлық – таулы
жерде өсетін сиыр, қапшағай – шатқал, себет – ауыз үй, там – үй, тас –
күйдірілмеген кірпіш, мошқау – тергеу, анықтау, әйдік – үлкен, жолым үй – 3-4
қанатты шағын үй, зорман – тышқан, ойдай – көп, оданы – ерсі, дөрекі, терме
үй киіз үй т.б. сөздерді атауға болады.
Монғол тілінен енгені айқын кірме сөздер Монғол жеріндегі қазақтар
тілінде көбірек кездесуі – дағдылы құбылыс. Бұл мәселе жөнінде Б.Базылхан
еңбегінде [116] сөз болады, еңбекте монғол кірмелерін он төрт тақырыптық
топқа бөліп алфавиттік сөздігін де береді, онда бес жүзге тарта сөз қамтылған,
олардың ішінде қазақ тілінің басқа сөйленістерінде, басқа түркі тілдерінде
кездесетін дарғы (бастық), дақы (сырт киім), зәңгі (кіші шен), кәйнек (будан
мал), малақай (тымақ, бас киім), сарлық (қодас), чыжым (жіп, арқан),
чыжымдау (жуан, сым арқан тарту) тәрізді сөздермен қатар бүрткіл (тізбе, есеп
кітапшасы), кілтіс (бөлім), сәнгі (қазна), чүйкі (сот), чорын (түрме), забыр
(нұсқау), бәйсақчы (нұсқаушы), орлықчы (орынбасар), екемчі (аға дәрігер),
зұрықчы (суретші), сәкілған (электр, ток), бекілге (тіркеу), ұрқай (шахта) т.б.
сияқты қазіргі кезеңде аймақ тұрғындарының қарым-қатынас құралы болатын
сөздерді атауға болады. Олар сол аймақтағы халықтың тұрмыстық, қоғамдық
өмірін қамтиды; сондықтан оларды Б.Базылхан әкімшілік ұйымдарына, заңға
байланысты қимылдық атау сөздер деп жеке топтайды. Бұлардан басқа
лауазым, кәсіпке, мәдениет, ғылымға, техникаға, құрылысқа, әскери атауларға,
спортқа қатысты кірме сөздер тобын да бөледі. Осы топтарда кірме сөздер
қатары мол. Олардың актив қолданылатыны көрінеді, себебі сөздер монғолдың
100
әдеби тілі нормасына параллель қызметте жұмсалады. Сонымен қатар
сөйленісте мал, сауда, үй, тұрмысқа қатысты кірме сөздердің де мөлшері біраз.
Г.Сағидолдақызы түркі-монғол халықтарының тарихи-мәдени байланысы
және оның топонимияда бейнеленуі туралы зерттеуінде: «Қазіргі қазақ тіліндегі
сан-ондаған сөздердің түп-төркіні түркі-монғол ортақтығына барып
саятындығы, қайсыбіреулері қазақ халқымен қоян-қолтық аралас-құраласта,
қарым-қатынаста (саяси, әлеуметтік, жаугершілік т.б.) болған әр қилы халықтар
тілінен енген сөздер болып келетіндігі белгілі. Бұл құбылыс қазақ тілінің
лексикалық жүйесінде сөздердің нақты категориясы ретінде орын алатын
географиялық атауларға да қатысты болып келеді» [117, 3-б.],-дейді.
Аймақтық лексикада түркі-монғол тілдеріне қатысты сөздерді алдымен
түркі-монғол тілдеріне ортақ сөздер деп бөлуге болады, олар қолданылуына
қарай екі түрлі сипатта: жалпыхалықтық әдеби тіл нормасы дәрежесіндегі
сөздер және сөйленіс дәрежесіндегі сөздер тобына жіктеледі, екіншісі монғол
тілінен ауысқан кірме элементтер, олар да әдеби тіл дәрежесінде және сөйленіс
аумағындағы сөздер тобын құрайды. Қазақ сөйленістерінде монғол кірме
сөздерінің көлемі әртүрлі, ол сөйленістердің ареалына географиялық
орналасуына байланысты, батыс аймағында қалмақ тілінің азды-көпті әсері бар,
ал кірме элементтердің мол ұшырасатын жері – Баянөлгий қазақтарының
сөйленісі.
Достарыңызбен бөлісу: |