4. Банк жүйесі. Кез-келген мемлекеттің ақша-несие саясатының негізгі мақсаты – іскерлік белсенділікті көтеру, инфляцияны төмендету және елдің төлем балансын сақтау. Бұл саясат банк жүйесі арқылы жүргізіледі.
Банк жүйесі қазіргі кезде екі деңгейден тұрады: Орталық Банк пен коммерциялық банктерден. Орталық Банк айналысқа ұлттық валютаны шығарады, елдің алтын валюталық қорын сақтайды және банкаралық есептесу орталығы қызметін атқарады. Орталық Банк үкіметтің қаржылық агенті болып табылады. Ол халықаралық ақша нарығында сатушы және сатып алушы ролін атқарады, жеке банктердің шетелдегі қызметтерін үйлестіреді. Орталық Банк коммерциялық банктердің қызметін бақылап отырады.
Елдегі ақша-несие саясатын жүргізудің құралдары төмендегідей:
- несиелеу лимиті, пайыздық ставканы тікелей реттеу
- міндетті резервтеу нормасын өзгерту
- есептік ставканы өзгерту
- ашық нарықтағы операциялар
Міндетті резервтер дегеніміз – коммерциялық банктердің Орталық Банкте пайызсыз салым ретінде сақтауға тиісті депозитінің бөлігі.
Міндетті резервтер нормасы – коммерциялық Банктің депозитінің көлемінен алынатын соманың пайыздық көрінісі. Коммерциялық банктер артық резервтерді де сақтайды. Ол – міндетті резервтерден артық, белгілі бір жағдайға қажетті қаражаттар. Бұл банктерді ақшаны айналысқа жіберуден түсетін табыстан айырады. Сол себепті пайыздық ставка өскен сайын артық резервтер деңгейі төмендейді.
Есептік ставка – Орталық Банктің коммерциялық банктерге несие беруі кезіндегі белгілеген ставкасы.
Ашық нарықтағы операциялар – бұл бағалы қағаздар нарығы дамыған елдерде кең қолданылады. Бұл құрал бойынша Орталық Банк мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алады (көбіне қысқа мерзімдік мемлекеттік облигацияларды алады).
Орталық Банктің жүргізетін монетарлық саясаттары қатаң және икемді монетарлық саясаттар болып бөлінеді. Қатаң монетарлық саясат ақша массасын белгілі бір деңгейде ұстап тұру мақсатында жүргізіледі. Ал икемді монетарлық саясат – пайыздық ставканы белгілі бір деңгейде ұстап тұру мақсатында жүргізіледі. Инфляция кезіндегі ақшаға деген сұраныстың өсуі тұсында қатаң монетарлық саясат қолданылады. Ақша айналысы жылдамдығының аяқ астынан өзгеруінен сақтану үшін икемді монетарлық саясат қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |