Сын есімнің шырай тұлғасында келген сапалық сын есімдер
Салыстырмалы шырай тұлғасының –ырақ, -ірек жұрнақтары арқылы: Абай тіккізген үйлер қазірде бұл өлкедегі қонаққа арналған үйдің бәрінен оқшауырақ. Түменде оқу орындары бұдан артығырақ. Көбінің сүйетіні тымақ ішік болса керек, сол көбірек.
–дау, -деу, –тау, -теу жұрнақтары: Қаратай болса, бұлардың барлығына алыстау. Кей жерлері Пушкинше емес, қатаңдау. Барлық қалың елдің ішінде екі-үш ауылдың көші ала бөтендеу. Қырыс қабақ, қою қастың астында көзі еті де қалыңда, томпақтау. Осы жұрнақтармен жасалған сын есімді сөйлемдер жиі кездеседі деп айтуға болады.
-шыл, -шіл, -ғылт, -ғыш жұрнақтары арқылы: Көзінің жүзі ақшыл, не қызғылт сарғыш.
Күшейтпелі шырай тұлғасында келген сын есімді есімді сөйлемдер: Отты сұлу көздерінің ақ, қарасы әлі де тап- таза. Дене күші бітсе де, түрі сап-сау.
Құнанбай қоршауында ол екеуі қажып талған түрлерімен, ашаң, жүдеу жүздерімен өзгеше сұп-сұр.
Асырмалы шырай тұлғасында кездескен сын есімді есімді сөйлемдер: Биылғы күз аса салқын. Ол Кәмшат кеткелі қатты жүдеу. Торғай руының ең жуаны. Жоғарыда аталған сөйлемдерде көбіне мекендік, мезгілдік қасиеттерді, табиғи қасиетін айқындайды. Сын есімдер есімді сөйлемдердің баяндауышы қызметінде сапалық, қатыстық түрінде жұмсалып қоймай, түрлі жалғауларда тұрып та сөйлемді тиянақтауы баршылық.
Сын есімдердің жіктік жалғауда келуі сөйлемді тиянақтайды: Айтқаным айтқан, жазықтысың, арамсың...
Сын есімдердің тәуелденіп келуі арқылы: Құнанбай - өз басы шешеден жалғы, бәйбішенің жалғызы. Парақорлық – кітап айтатын күнәнің үлкені... Торғай руының ең жуаны.
Қатыстық сын есім арқылы жасалған сөйлемдер: Қатыстық сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы басқа есімдер мен етістіктерден жасалады да, заттың сыртқы түрі мен түсіне, кескіні мен келбетіне, сыры мен сынына, ішкі қасиеті мен сипатына, мекен мен мезгілге және басқа да сол сияқты белгілеріне қатысты сындық ұғымдарды білдіреді. Қатыстық сын есімдердің ішінде сөйлемнің соңында сөйлемді тиянақты етуде келесі жұрнақтар арқылы жасалған сөйлемдерді көрсетсек.
Есімдерден сын есім тудыратын өнімді жұрнақтар арқылы жасалған сөйлемдер:
-лы,-лі: Көкшіл түсті үлкен көздері әрі салқын, әрі сыр берместей сабырлы. Ол Құнанбайға өкпелі. Әсіресе Ырғызбай іші аман Қыстаулық жері сайлы.
-ды, -ді,-ты,-ті жұрнақты: Ендеше, өлімнен ұят күшті. Даусы соншалық зілді, сөзі сондай салмақты. Жылтырай таралған қалың шашы, қызғылт реңді.
-дай, -дей, -тай, -тей. Мысалы: Бұл көріністегі Оспан Тобықтының бүгінгі ортасында ешкімге ұқсамаған, алып батырдай. Олардың қасында ақтарылып, ағылып отырған кең сабадай. Самғап ұшар жанның жеңіл әсем қанатындай. Олар, анау көрініп тұрған екі Ақшоқы биігіндей ...Қайнауы жеткен ашу қызуы жеткен құрттай. Бұл күндерде Құнанбай мен жаңа болыстың мінезі, - тырнағына тышқан ілінген мысықтай.
-сыз,-сіз жұрнақты. Шыңғыстың қара желі өзге уақыттың барінде жақсы болғанмен, дәл күздігүні жайсыз-ақ. Бұл сөйлемдегі жайсыз сын есіміне ақ күшейткіш демеулігінің тіркесуі арқылы жасалған. Сонда бұл сөйлемнің, біріншіден, тиянақтылығы алдыңғы сөйлемдерге қарағанда нақтылау, өйткені ондай тұлғалы сын есімдер сөйлемнің ішінде келіп, ешбір сөзбен анықтауыштық қатынаста жұмсалмайтыны белгілі. Сондықтан бұл тұлғалы сын есімдер тек сөйлемнің соңында ғана келуі керек. Екіншіден, семантикалық жағынан да бұл сөйлем алдыңғы сөйлемдерге қарағанда нақтылық басым.
Қазірде Абай көңілі қандай салқын болса, Ділдә да сондай жалынсыз. Желісі бір түрлі қатты, мазасыз. Қонақ үйі шешелер үйіндей емес, сыртынан да салқын, үнсіз. Бірақ олардың айтуы Абайдай емес, дәмсіз, үстірт.
–шаң, -шең жұрнақтары арқылы: Жас балалар, жас қыздар да бойшаң, денелері кесектеу, қол-аяқтарының бітістері де балғын, сом келгендей. Екі көзі ашушаң, ойнақы келіп, үнемі шатақ іздеп тұрғандай.
–дас, -дес. Мысалы: Айғыздан туған Смағұл Оспанмен түйдей құрдас.
Есімдерден сын есім тудыратын өнімсіз жұрнақтар арқылы жасалған сөйлемдер: -ыл, -іл: Бірақ, үні зор, лебі екпінді, батыл. -қой жұрнағы арқылы: Соның бәрі шетінен қалжыңқой, ашық.
Етістіктерден сын есім тудыратын өнімді жұрнақтар арқылы жасалған сөйлемдер:
-ыңқы, -ңқы- жұрнақтары: Ақсұр жүзі жабыңқы. Өңшең тон, шекпен киген сұрғылт топтың пішіні де, қазіргі күздің сұрғылт, жабырқау аспаны сияқты күңгірт, салбыраңқы. Олар жаңағы интернаттың төрт баласынан сәл қалқыңқы.
–уық, -уік. Мысалы: Оспан әкесі ұрғанда жыламаса да, шешесі ұрған уақытта тіпті жылауық .
–шақ,-шек жұрнақтары: Тартысуға да қорғаншақ, шабуға да мүгедек болып қалды. Бірақ байқап қараса Тоғжан тіпті ұялшақ. Соңғы сөйлемнң баяндауышы тіпті ұялшақ асырмалы шырай тұлғасында келген. Олар әрі қызғаншақ, әрі жорымтал, аңдығыш. –ғыш, -гіш, -қыш, -кіш: Көргісі келмейді, әсіресе танығанын айтқыш емес.
Етістіктерден сын есім тудыратын өнімсіз жұрнақтар арқылы жасалған сөйлемдер:
–ғы, -гі жұрнақтары: Өзі күлдіргі.
–ғыр, -гір жұрнақтары арқылы: Сөзге жүйрік мінезбенен іске де алғыр. Сын есімдердің есімді баяндауыш қызметінде сөйлемді тиянақтауы роман-эпопеяда мол.
Достарыңызбен бөлісу: |