Жин-уей – мұнда Алтай тауы айтылып отыр.
Каңгу – этноним. Мұны қазіргі қытай тілінде Каңчюй, Каңжюй деп оқуға болады.
Біз осыған қатысты зерттеулерге сай Каңгу деп алдық. Оны Кеңеріс, кенгер, көнгөр,
кегерлу, кангар, қаңқ елі, қаңлы этнонимдерімен байланысты дейтін көзқарастар да
айтылады.
Қаңға – этноним. Бұл жөнінде «Уейнамада: “Қаңға – ежелгі Қызыл тиектің
жұрнағы. Басында олар “Деглек” деген атпен айтады. Солтүстікте оларды теглек,
хуашялықтар “қаңға”, “деңлең” деп атайды. Олардың тілі азырақ айырмашылығы
болғанымен, ғұндарға ұқсайды” деп анықтама берген. Ескі түркі тілінде арбаның
үлкені қаңға, кішісі қаңлы деп аталады. Қытай авторлары үлкен арба деген мағынадағы
“қаңға” сөзін əрі дыбыстық, əрі мағыналық тұрғыдан түсініп транскрипциялаған
болар. Мажар тіліндегі kocsi (арба) сөзімен байланыстыра зерттейтіндер де бар.
Бұрынғы зерттеулерде көбінесе Н.Я. Бичурин заманынан келе жатқан үрдіс бойынша
Гаугюй деп транскрипцияланған. Қаңғалардың батысқа көшкен топтарын қазақтың
қаңлы тайпасымен қатысты деген көзқарастар да айтылады.
Тортасы айырылған сармай – мұны шірне, кілегей деп аударушылар да кезігеді.
Ежелгі қытай тілінің сөздігі «Цы-юандағы» анықтамаға сай «тортасы айырылған
сарымай» деп алдым. Буддашылар басты сарымаймен майлау адамға парасат
бағыштайды, миды сергітеді деп санайды.
Жанартау– тау аты. «Солтүстік əулеттер тарихының» түпнұсқасын да “үлкен тау”
деп хатталған. Алайда «Жұңхуа шужюй» баспасының редакциясы «Уейнама», «Жалпы
жарғының» 193-бумасы, «Тұңжы» деген кітаптың 196-бумаларына сай Жанартау деп
өзгерткендігін ескерткен. Юй Таудың Күшардың солтүстігінде екендігі анықталған.
Демек, Йұрпан елі Үйсін қонысына көшіп барғанымен, алайда ата қоныстарынан түп
қотарыла көшіп кетпеген.
Шаш елі – елдің аты. Қытай жылнамаларында («Тас елі» немесе «Ташкент») деп
жазылған. Бұлардың барлығы да шаш сөзінің дыбыстық аудармасы. Арабшада – Shash,
парсышада – Chach деген атаулар тас деген мағынада. Бұл елдің аты Түркі заманында-
ақ Ташкент аталды.
Абдал – ел аты. «Жоунамада» бұл туралы: «Абдал елі Ұлы нүкіспен нəсілдес,
Ұдұнның батысында, шығысынан Чаң-əнға дейін 10100 ли. Ханы Падиян қаласында
отырады, Ражагрха осы болар. Қала аумағы 10 шақты ли келеді. Жаза заңдары мен
əдет-ғұрпы түркілердікімен қарайлас. Бұлардың əдет-ғұрпында ағайынды адамдар
бір əйел алады. Күйеуі жалқы жігіт болса, əйелі басына бір мүйізшелі бөрік киеді.
Егер ағайынды бірнешеу болса, əйелі бөркіндегі мүйізшені солардың санына
туралайды. Адамдары жауыз, жауынгер келеді. Ұдұн, Парфия секілді үлкенді-кішілі
20 шақты ел түгелімен бұларға қарайды. Датұңның 12 жылы (546) сарайға елші
салып, жергілікті өнімдерінен таралғы тартты. Уей Фейди патшаның 2 жылы (553)
жəне Миңди патшаның 2 жылында (558) тарту-таралғымен елші келді. Кейінірек
түркілер тарапынан талқандалды да, ұлысы тарыдай шашылды, тарту-таралғы əкелуін
доғарды», – деп жазылса, «Жаңа таңнаманың» батыс өңір баянында: «Абдал елі – Хəн
əулеті тұсындағы ұлы нүкістердің нəсілінен. Ұлы нүкістер өз жерлерін үйсіндер басып
алғанда Дад-уанға қарай батысқа ауып, Бактрияны бағындырды да, Бакра қаласына
орда тікті. Бактрияның тағы бір аты – Тохара, Абдал (Ефталит) – олардың ханының
əулет есімі. Кейінгі ұрпақтары осы əулет есімін мемлекет аты етті. «Ефталит», яғни
«Абдал» түрінде де кездеседі. Олардың əдет-ғұрпы түркілермен бірдей. Тянбау
жылдарында сарайға зиярат етіп елшілігі келді» деген дерек айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |