52. Кеңес дәуіріндегі қазақ мәдениетінің тағдыры. Тоталитарлық-әкімшілдік жүйе және ұлттық мәдениет.
Қазақ кеңес мәдениеті туралы әңгіме еткенде оның тарихи ерекшеліктері мен өзіндік белгілеріне тоқталып өткен жөн. Егер бұрынғы қазақ мәдениетін дәстүрлік өркениет деп бағаласақ, онда тоталитарлық жүйеде ұлттық негіздерді жойып жіберуге бағытталған болышевиктік шараларды ескеру керек. «Тағдыры ортақ жаңа қауым», «тарихта бұрын болмаған адамдардың жоғары бірлестігі — кеңес халқы», сондай-ақ, «мазмұны пролетарлық және түрі ұлттық социалистік мәдениет» ұрандарын басшылыққа алған идеологтар мен саясатшылар рухани мәдениеттің тамырына балта шапты. Ерте заманның өзінде атақты Аристотель мазмұн мен форманың бірлігін дәлелдесе, революционер марксистер мәдениеттегі ұлттық мазмұнды бекерге шығарды. Шын мәнінде, ең алдымен, мәдени туындының мазмұны ұлттық болып табылады. Өйткені мәдени қайраткерлер өз шығармашылығында нақтылы ұлттық көкейкесті мәселелерді көтереді; қаңдай абстрактылы шығарма болғанымен, оның тамыры этностық фольклордан, халықтық педагогика, этика, дүниетанымнан нәр алады. Жоғарыдағы «социалистік» мазмұнды көмкерген ұлттық форманы Сталин тек тілге әкеп тіреген. Олай болса, өз ұлтының тарих-талғамын орыс тілінде жазған Ш. Айтматов пен О. Сүлейменовты қалайша ұлттық мәдениеттен аластаймыз. Әдеби тілден басқа әр этностың өзіндік рәміздері, таңбалары, музыка, театр, көркемөнер тілі бар. Әр этностың төлтума мәдениетіне үлкен нұқсан келтірген большевиктік «тәжірибелердің» бірі — ұлтаралық некелесуді дәріптеу. Әрине, табиғи-тарихи жағдайларда бұл — прогрессивті процесс, дүниежүзілік мәдени сұхбаттасу ағынының бір бұлағы. Әр түрлі этностардың, тіпті нәсілдердің араласуы нәтижесінде қазіргі әлемде көрнекті рөл атқаратын американдар, бразилиялықтар, мексикандар, үнділер сияқты халықтар қалыптасты. Этнобиологиялық және этноинтеграциялық тұтастануды оқшаулану деп түсінудің ауылы ақиқаттан алыс. Алайда Кеңес Одағында бұл процесс өктемділікпен жүргізіліп, империядағы басқа халықтарды орыстандыру саясатында өтті. Саяси-идеологиялық ұрандардың желеуімен 200-ден астам этностар араластырылып жіберілді. «Нәтижесінде жүзге тарта төлтума мәдениет мәңгілік жоқ болып, жұмыр жердің мәдени-рухани болмысы солғын тартты. Осынау жойқын да жойдасыз қасіреттің орнында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан төлтума мәдениетін әбден таптап, химералық күйге жеткен 300 миллион тобыр қалды; басқа ұлтпен некелескен 60 миллион дүбара қалды; 60 мың тірі жетім балалар қалды (тіркеуге алынғаны ғана); абақтының тұрақты тұрғындарының саны 20 миллионға
жетті». (Тарақты А. Ауызша тарихнама — Қазақ, 36-бет). Шын мәнінде, Кеңес Одағы маргиналдар қоғамына айналды.
Әр ұлттың мәдени архетиптерін шайқалту Кеңес Одағында мемлекеттік саясат дәрежесінде нысаналы түрде жүргізілді. Мысалы, 1951 жылы Орталық мұсылман халықтарының «Деде Қорқыт», «Алпамыс», «Манас». «Ер Сайын», «Шора Батыр», «Қобыланды» сияқты эпостарын діншіл және ақсүйектік деп жариялап, оларға тыйым салды. Халықтық мәдениетті қудалаудың сорақы бір көрінісі — домбыраны феодализмге апарып тіркеу. Тоталитарлық жүйенің мәдениет саласында жүргізген саясаты тек кеңестік ұлттарды «тазалаумен» шектелген жоқ. «Жаңа коммунистік мәдениетті қалыптастыру» дегенді басшылыққа алған партократия дүниежүзілік озық мәдениет үлгілеріне тосқауыл жасады. Белгілі «темір пердемен» қоршалып қойылған КСРО-да таза пролетарлық мәдениет дәріптелді; бүкіл Батыс — буржуазиялық, ал Шығыс — ескішіл феодалдық деп жарияланды. Мұның бір дәлелі — Отан соғысынан кейін сталинизмнің жүргізген шаралары. «Космополиттік мәдениет», «империализм ықпалдарына түскен» ғылымдар қатарына кибернетика, генетика, тілтану т.б. қойылды.
Тоталитарлы саясаттық жүйе - мемлекеттің қоғамға және жеке адамға толықтай, тұтас бақылау орнатуымен сипатталатын саяси жүйенің бір түрі. Оған тән ерекше белгілер: азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының барынша бұзылуы; барлық деңгейдегі биліктің жоғарыдан тағайындалуы; билік бөлінісі принципінің жойылуы, яғни, биліктің барлық - атқарушы, заңшығарушы, сот тармақтарының тұтасып кетуі; басында көсемі бар бір ғана билеуші партияның болуы және оның мемлекетпен тұтасып кетуі; басқа партиялардың және ұйымдардың қызметінің ресми "қозғалыс" қызметімен алмастырылуы; қоғамның барлық мүшелеріне бір ресми идеологиялық доктринаның таңылуы; тек қана мемлекеттік нысандағы бұқаралық ақпарат құралдарының болуы, қандай да болмасын ақпараттың қатаң "сүзгіден" өткізілуі; үздіксіз әрі тұтастай зорлыққа негізделген мемлекеттік ұйымдасқан лаңкестік.
Достарыңызбен бөлісу: |