Заңдарды жүйелеудің негізгі үш түрі бар: 1) инкорпорациялау; 2) консолидациялау; 3) кодификациялау.
Инкорпорациялау – бұл белгілі тәртіппен нормативті материалдарды біртұтас жинаққа біріктіру және жинау. Ол алфавиттік, хронологиялық, субъектілер бойынша болуы мүмкін.
Инкорпорацияда нормативті материал толық немесе жеке бөлімдері бойынша әртүрлі жинақтарға енгізіледі. Бұл жағдайда актілердің мазмұны сол күйінде қалып, тек сыртқы көрінісі ғана өзгеріледі. Мұнда құқықтық нормалар одан алынып қайта қарауға жатпайды.
Инкорпорация – ресми, одан хронологиялық және тақырыптық және бейресми болып бөлінеді. Олардың әр қайсысының өз ерекшіліктері бар.
Ресми инкорпорацияның қайнар көзі мемлекет органдарынан шығатын ресми заң актілері. Бұл хронологиялық және пәндік болып бөлінеді. Бұлар ресми түрде жарияланған нормативті құқықтық актілердің арнайы тәртіпке келтірілуі. Пәндік ресми инкорпорация – жүйелеудің күрделі түрі. Ол мемлекеттік билік және басқарудың жоғарғы органдарының іс-әрекетіндегі нормативті актілерінің жинағы. Бұл қатал принциппен жинақталған тақырыптық бағыттағы жинақ.
Бейресми инкорпорацияға ведомстваларда, ғылыми мекемелерде басылатын, құқық шығармашылық орган тарапынан арнайы өкілеттілікке ие болмаған, бірақ өз ұсыныстары бойынша жүргізіліп, басылған жинақ жатады. Бұл жинақтар құқықтың қайнар бастауы ретінде саналмайды.
Консолидациялау – бұл қабылданған актілерді, олардың мазмұнын өзгертпей бір жүйеге біріктіру. Мұнда әрбір енгізілген акті өз маңызын жоғалтады. Бұл енгізілген нормативті актілердің қызмет түрінің белгілеріне қарай жинақталады. Мысалы, табиғатты қорғау, білім беру, денсаулық т.б.
Кодификациялау – бұл нормативті құқықтық актілердің мазмұнының өзгеріліп, біртұтас жүйеге біріктірілуі. Кодекстеу процесі кезінде ескірген нормалар, қайшы келетін материалдар алынылып тасталынып, жаңа нормативті акті жасалынады. Дәстүрлі ірі жинақталған акті кодекс болып табылады. Ол біртекті қоғамдық қатынастарды жан-жақты реттеуге арналады. Кодекстеу салалық және арнаулы болып екіге бөлінеді. Мысалы, салалыққа Қазақстан Республикасы азаматтық кодексі, Қазақстан Республикасы әкімшілік кодексі, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексі т.б. жатады.
Арнаулы кодекстерге Қазақстан Республикасы Су кодексі, Қазақстан Республикасы Орман кодексі т.б. жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |