Көркем бейне. Әдебиет жайын сөз еткен тұста образға “нақты өмiрлiк шындықтан алынып, суреткер санасында танымдық және шығармашылық үрдiстер нәтижесiнде жан-жақты екшелген және бейнелi сөз арқылы қайта жасалған әсерлi де көркем өмiрлiк шындық” деп сипаттама берiлдi.
“көркем образ – өмiрлiк шындықты игеру мен қайтадан қорытып, жаңадан жасап шығарудың өнерге ғана тән ерекше тәсiлiн сипаттайтын эстетикалық категория. Сонымен бiрге көркем шығармада жасалған алуан құбылыстарды да, көбiнесе кейiпкерлер мен әдеби қаһарманды, “образ” деп атаймыз” деген де түсiнiк берiлген болатын. Демек, “образ” ұғымын екi мәнде қарастыруға болады. Яғни, “образ” ұғымы 1) кең ауқымда алып қарасақ, шығармадағы көркем өмiрлiк шындық; 2) одан гөрi тарлау аяда алар болсақ, әдеби қаһарман деген мағынада қолданылады. Образдың екiншi мәнi қолданыста ұдайы жүретiндiктен, образ – көркем шығармадағы адам бейнесi ретiнде көпшiлiк түсiнiгiне жақын тұрады.
Бiз де бұл тұста образдың екiншi мәнiне, яғни шығармадағы көркем бейне, әдеби қаһарман ұғымындағы ерекшелiктерiне назар аударғалы отырмыз. Соған орай осыған дейiн айтылған кейбiр мәселелердi қысқаша еске түсiрiп өтелiк:
Әдебиеттiң ең басты өлшемi – көркемдiк. Әдебиеттегi өмiр қаламгердiң ой сүзгiсiнен екшелiп шыққан көркемдiк әлемi, әдебиеттегi адам – көркем бейне.
Көркемдiк шарттарының ең қарапайым, әрi ең негiзгiсi – көркемдiк шындық. Көркемдiк шындық – қаламгер санасында екшелiп, әдеби туындыда көркем суретке айналған өмiр шындығының бейнелi көрiнiсi. Көркемдiк шындық көркем образ арқылы жасалады. Шынайы өмiрде әрбiр адам қандай маңызға ие болса, көркемдiк әлемiнде көркем бейне де, нақтылай айтқанда, әдеби қаһарман да сондай роль атқарады.
Олай болса, “әдеби қаһарман” дегенiмiздiң өзi ненi бiлдiредi? Әдеби қаһарман – сөз өнерiндегi адамның жан-жақты кейiпте көрiну шарттарының бiрi болып табылатын көркем бейне. “Әдеби қаһарман” терминi екi мәнде қолданылады. 1.Шығарма кейiпкерiнiң айрықша жағдайын баса көрсетедi; яғни өзге персонаждармен салыстырғанда, ол бас кейiпкер болып есептеледi де, сол себептi де ол туындыдағы проблемалық-тематикалық салмақты көтередi. Қосалқы кейiпкерлердi бейнелеу барысында көбiнесе дәстүрлi арнада қалатын қаламгер бас кейiпкер бойына өзiнiң көркемдiк-жаңашылдық iзденiс-талаптарын да жинақтап көрсетуге ұмтылады. Сондай-ақ, кей жағдайларда “әдеби қаһарман” ұғымы шығарманың барлық кейiпкерлерiне қатысты да қолданылады. 2.“Әдеби қаһарман” ұғымы дегенде, адамның бiртұтас бейнесi, яғни кескiн-кейпi,ой-сезiмi, әрекетi мен рухани әлемi жинақтала түсiндiрiледi. Бұл орайда “әдеби қаһарман” ұғымы “характер” терминiне жақын келедi. Егер “әдеби қаһарман” ұғымын тарлау мағынада қарастырар болсақ, ол жеке адамның табиғи болмыс-бiтiмiн, оның iшкi психологиялық күйiнiң бiр бөлшегiн бiлдiредi. Кейде оқырман күнделiктi өмiрдегi адам мен әдеби қаһарманды бiрдей ұғым ретiнде қабылдайтыны бар. Бұл жағдай, әсiресе, әдеби қаһарманның өмiрдегi прототипi болғанда ерекше байқалады. Алайда, прототип пен әдеби қаһарман бiр ұғым емес. Мәселен, М.Әуезовтiң “Абай жолы” романындағы Құнанбайды тарихтан белгiлi Құнанбайдың таза көшiрмесi деп түсiнуге болмайды. Өйткенi, әдеби қаһарманда қаламгер концепциясы жинақталады да, соған орай көркем бейне жасалады. Әдеби қаһарманның бiрегей бiтiмi мен мән-маңызы тек қана аталмыш туындының жалпы жүйесiнде айқындалады. Әдеби қаһарманның мән-маңызы мен ерекшелiгi “қаһарман – қаламгер” мәселесi аясында мейлiнше толық танылады. Әдебиет теоретигi М.М.Бахтин пiкiрi бойынша, қаһарман мен қаламгер ара қатынасын екi жағдай белгiлейдi: 1) Автордың өз қаһарманына қатысты ұстанған позициясы. Бұл тұста авторлық позицияның анық көрiнуi де, жасырын тұруы да мүмкiн болатынын ұмытпау қажет. Авторлық позицияға байланысты кейiпкер халықтық қаһарманға айналуы да, керiсiнше, келемеж-кекесiн нысанасына айналуы да мүмкiн. 2) Шығарманың жанрлық табиғаты кейiпкер сипатына ықпал етедi. Мәселен, сатирада автордың өз қаһарманына көзқарасы психологиялық прозадағыдан басқаша болары түсiнiктi болса керек.Шығарма қаһарманының әрекет еркiндiгi де қаламгердiң көркемдiк жүйесiне байланысты болатыны және бар. шығармадағы кейiпкер де өмiрдегi адам сияқты алуан қырымен көрiнуi шарт қой. Алайда көркем шығарманы талдау барысында әдеби кейiпкерлер трагедиялық, юморлық, реалистiк, комедиялық, сатиралық, фантастикалық, романтикалық, лирикалық, драмалық, т.с.с. бейнелер деп жiктей қарастырылып жатады. Көркем бейнелердi бұлайша жiктегенде қандай ұстанымдарға сүйену керек? Алайда бұл тұста олардың бiр-бiрiмен байланысы, арақатынасы, кей тұстарда бiрiнен-бiрi өрбiп жататыны ескерiлмей қалды. Мәселен, бiр ғана кейiпкерге әрi драмалық, әрi комедиялық, әрi сатиралық
бейне ретiнде қарауға болады. Оның себебi аталмыш бейнеге қай тұрғыдан келуге байланысты. Өйткенi, образ түрлерiн 1) көркемдiк әдiс жағынан романтикалық, реалистiк; 2) әдеби тек тұрғысынан эпикалық, лирикалық, драмалық; 3) жасалу тәсiлдерi жағынан юморлық, сатиралық, фантастикалық, трагедиялық, комедиялық, қаһармандық, т.с.с. бейнелер деп бiрнеше тұрғыдан жiктеуге болады. Көркемдiк әдiс, әдеби тек, көркемдiк тәсiлдер мәселесiн алдағы әңгiмелерiмiзде арнайы сөз етемiз. Образдардың әрқайсына жекелей тоқталып, әуелi романтикалық және реалистiк бейнелердiң өзiндiк ерекшелiктерiне назар аударып өткен дұрыс. Образдар көркемдiк әдiс тұрғысынан реалистiк және романтикалық болып екiге бөлiнедi. Романтикалық образ – ұлы мұраттарға құштар халықтың арман- аңсарынан нәр алған қанатты қиялға негiзделiп жасалған адам бейнесiнiң көнеден келе жатқан түрлерiнiң бiрi. Мысалы, ертегiлердегi Таусоғар, Көлтауысар, аңыздағы Асан қайғы, мифтегi Прометей, прозадағы Данко, т.с.с. Ал образдың анықтауышына негiз болып тұрған сөзге зер салар болсақ, романтика – өмiрге көзқарастың бiр түрi. Романтика негiзiнде күнделiктi күйкi тiрлiкке қанағаттанбай, мүлде жаңа тұрпаттағы ғажап өмiрдi аңсаудан туған, терең мәндi асқақ идеалға құштарлық жатады. Аталмыш образдардың екiншi түрiне анықтауыш болған реалистiк сөзi латын тiлiнде “заттық” деген мағына беретiн “realis” сөзiнен туындайды. Бұлармен өзектес “реалия” деген де ұғым бар. Реалия – тура мағынасында “белгiлi бiр халықтың, елдiң ғана тарихына, әдет-ғұрпына, тұрмыс- тiршiлiгiне, мәдениетiне тән, өзге халықтарда ұшыраспайтын нәрсе, ұғым, құбылыс” деген түсiнiк бередi. Реалия сөзiнен туындайтын “реализм, реалистiк” деген ұғымдардың мәнi кең ауқымда қолданылады. Олардың қатарында “шындық, шыншыл, шынайы, ақиқат” деген сияқты мағыналар да бар. Демек, өнер түрлерiне қатысты қалыптасқан реалистiк образ ұғымы өмiрлiк шындыққа негiзделген; эстетикалық-тәрбиелiк мәнi зор; қоғамдық сипаты айқын; өз бойына жалпылық және жалқылық белгiлердi қатар дарытқан, сонымен бiрге қоғамдық, көркемдiк дамуға байланысты ұдайы өзгеру, жетiлу үстiнде көрiнетiн шыншыл бейне деген түсiнiктi бiлдiредi.
Достарыңызбен бөлісу: |