Көркем тіл. «Көркем сөз» дегенiмiз әдеби шығарма құрылымында өз орнын тауып қолданылып, бейнеленген өмiрлiк шындықтың мәнiн ашуға қызмет ететiн сөз” десек те, қателеспейміз. Алайда, бұл қаламгердiң өз қолданысындағы сөздерге ғана қатысты болып шықпай ма? Өйткенi, көркем шығармада автор тiлiнен басқа кейiпкерлердiң сөйлеу тiлi де бар емес пе? сөз – адам жанының айнасы. Көркем шығармадағы кейiпкерлер сөзi де осындай маңыз иеленедi. Әрине, әр адамның даралығын оның әр сөзi немесе сөйлемi анықтай алмайтыны да аян. Дегенмен, әркiмнiң өзiндiк тiлi, жиi қолданатын “сүйiктi” сөздерi болатыны да шындық. Қалай болғанда да, қандай да бiр тiлдiк бөлшектiң адамды тануға септiгi тиетiнiн жоққа шығаруға болмайды. Қаламгерлер өз кейiпкерiн бейнелеу барысында сол кейiпкердiң өзiне ғана тән даралығын айқындайтын сөздердi немесе сөйлемдердi пайдаланып отырады. Алайда бұл жағдайлардың өзiнде қаламгер өз кейiпкерiнiң “сүйiктi” тiлдiк қолданыстарын мұқият пайдалануға ұмтылады. Өйткенi, қандай сөз болса да, ол кейiпкердiң көркем бейнесiн жасауға қызмет етуi шарт. Хас қаламгерлер өз кейiпкерлерiнiң “сүйiктi” тiлдiк қолдаыстарын өте шектеулi деңгейде ғана пайдаланатындықтан, ондай үлгiдегi сөйлеу ерекшелiктерiнiң барлық кейiпкерден бiрдей кездесе бермейтiн сирек жағдай екендiгiн де есте тұту қажет. Себебi ақиқат өмiрде де барлық адамның “сүйiктi” сөздерi болмайтыны белгiлi. Демек, кейiпкердi даралауда “сүйiктi” тiлдiк қолданыстардан басқа да тәсiлдер жиi пайдаланылады. Ондай тәсiлдердiң қатарына оқырман назарына бiрден түсе бермейтiн тiлдк ерекшелiктердi, яғни кейiпкердiң сөйлеу тiлiнiң синтаксистiк құрылымы, оның сөздiк құрамы, интонациясы, сондай-ақ мазмұн сияқты даралық белгiлерiн қоса аламыз. Кейiпкердiң сөйлеу тiлндегi даралықты неғұрлым айқындай түсу мақсатында қаламгер өз кейiпкерiнiң бойындағы ең негiзгi қасиетiн ашатын тiлдiк ерекшелiктерге баса назар аударады. ұл тұста шығарма кейiпкерiне тән өзге сипаттар кейiнге ысырылуы немесе мүлдем көрсетiлмеуi де ықтимал. кейiпкер тiлiнiң даралаушылық сипатына назар аударсақ, ендi оның жинақтаушылық мәнiне де үңiле түскен орынды. Кейiпкерлер тiлiн даралау, бiр жағынан, тiлдiк жинақтау құралы болып табылады. Себебi, жекелеген кейiпкерлер тiлi белгiлi бiр әлеуметтiк топқа, мәдени, қоғамдық ортаға жататын адамдардың тiлiне тән ерекшелiктердi де сипаттайды. Әрине, бұл пiкiрдi қаз-қалпында қабылдауға болмайтыны түсiнiктi болса керек. Бұл жерде бiздiң сүйенерiмiз қандай да бiр тiлдiк қолданыстың әлде бiр әлеуметтiк топ мүшелерiнiң барлығында бiрдей қайталанып ұшырауы емес; олардың сөйлеу тiлi құрылымындағы, лексикалық қорындағы, сөйлеу машығындағы жалпыға ортақ белгiлер екендiгiн ескерген жөн. Кейiпкерлер тiлiне тән жинақтаушылық және даралаушылық сипаттардың ара салмағын дұрыс тани бiлу қажет. Өйткенi тiл, көркем сөз әдебиет туындыларындағы көркем образ жасау құралы және бейнелеу түрi болып табылады. Образ бойындағы даралық және жинақылық белгiлерiнiң деңгейi нақ осы тiл арқылы танылатыны да сондықтан. Шығармада автор сөзi де айрықша орын иеленедi. Қаламгердiң iшкi ой- ниетiне, дiттеген мақсатына орай шығарманың бүкiл бiтiмiнен аңдалып тұратын авторлық интонация кейiпкерлер тiлiне де әсер етедi. Өйткенi қаламгердiң iшкi ой-сезiмi араласпаған жағдайда кейiпкер сөзiнде де оқырманға әсер ететiн қуат болмас едi. Қалай болғанда да, кейiпкер сөзi қаламгер ойымен орайласып жатады. Алайда, бұған қарап, шығарма кейiпкерлерiнiң бәрi автор сөзiмен сөйлеп, автордың көзқарасын тiкелей жақтап тұрады деген түйiн жасауға болмайды. Қаламгер ойының кейiпкер тiлiнде көрiнуi түрлi тәсiлдермен iске асады. Қаламгердiң қандай да бiр кейiпкерге қарым-қатынасы автор ойы мен кейiпкер ойының ара қатынасы арқылы анықталады. Автор мен кейiпкер ойлары бiр арнада тоғысар болса, кейiпкер сөзi қаламгер ойының көрiнiсiндей болып жататын тұстары да, сондай-ақ, кей тұстарда кейiпкер сөзi авторлық негiзгi идеяға қарсы мәнде қолданылатыны да бар. Келесi бiр сәттерде, әсiресе, бейнеленген құбылысқа авторлық көзқарасын тiкелей бiлдiру мақсатында қаламгердiң өзi де әңгiмелеушi ретiнде кейiпкерлердiң бiрiне айналып кетiп жатады. Осыған ұқсас жағдайлардың бiрi – автордың шығармада суреттелетiн құбылыстарға қарым-қатынасын бiлдiретiн әңгiмешi кейiпкердi саналы түрде енгiзуi. Бұл арқылы автор өз ойын мейлiнше айқын сездiре алады. Демек, әңгiмелеушi кейiпкерлер – қаламгердiң көркем шығармадағы сенiмдi өкiлi деуге болады ғой?.. Кейбiр шығармаларда солай болғанымен, барлық уақытта бiрдей осы үлгiде қолданылады деуге болмайды. Себебi шығармадағы әңгiмелеушi кейiпкердiң көзқарасы, әлеуметтiк кейпi, мәдени деңгейi, психологиялық ойлау жүйесi қаламгермен мүлдем қабыспай тұратыны да жиi ұшырасады. Әңгiмелеушi кейiпкерлердi ондай үлгiде алғанда қаламгер шығармадағы бейнеленген құбылыстарға басқа қырынан да қарап, баға беру мақсатын көздейдi. Осы тұста кейiпкер тiлiнiң тағы бiр ерекшелiгi айта кеткен де орынды болар. Ол – кейiпкер тiлiнiң көркемдiк бейнелеудiң ерекше нысаны болып табылатындығы. Бұл орайда М.М.Бахтин “роман жанрындағы” туындыларға сүйене отырып, төмендегiдей пiкiр түйiндейдi: “Романдағы сөйлеушi адам мен оның сөзi – сөздiк және көркемдiк бейнелеушi нысан. Романдағы сөйлеушi адамның сөзi тек қана ойды жеткiзiп немесе суреттеп қоймайды, сонымен бiрге көркемдiк тұрғыдан бейнелейдi, және де – оның драмадан айырмашылығы – (авторлық) сөзбен бейнелейдi”. Сөз iрiктеуде қаламгер ненi басшылыққа алады? Әдеби шығарма тiлi немесе көркем сөз ерекше поэтикалық сөздерден құрылмайтынын, халықтың әдеби және сөйлеу тiлiндегi сөздердiң барлығы да көркем шығармадан орын алуға толық құқылы. Ал халықтың тiлдiк қорындағы сөз байлығын шығармада ұтымды пайдалану қаламгерден үлкен жауапкершiлiк талап етедi. Себебi шығармадағы сөз әлдебiр оқиға, құбылысты баяндауға ғана емес, оқырманды ойландырып, толғандыратын, дүниетанымын байытатын және адамгершiлiк iзгiлiкке баулитын көркем образдар жасауға қызмет етуi шарт. Бұл мақсатқа жеткiзетiн сөздi тауып қолдану – қиынның қиыны. Ендi көркем дүниелерде жиi орын алатын әр алуан тiлдiк құбылыстардың кейбiрiне назар аудара отырып, олардың шығармадағы мәнiне, мазмұндық қызметiне зер салып көрелiк. Қаламгердiң образ жасауға қажеттi сөздi iрiктеудегi тiлдiк iзденiсi, әсiресе, синоним сөздер мен қолданыстарды сұрыптауынан айқын байқалады. Синонимдер өз ара мәндес ұғымдар мен құбылыстарды бiлдiретiндiктен, олардың қатарынан көркем шығармада бейнеленген ойды, сезiмдi, дерек, құбылысты мейлiнше дәл беретiн сөздi дұрыс тауып қолдану шығарма тiлiнiң де әрi айқын, әрi әсерлi, әрi бейнелi шығуына ықпал етедi. Сонымен бiрге синоним сөздердi қолдану шығарма тiлiн байытуға, қажетсiз қайталаулардан алшақтауға мүмкiндiк бередi. Қаламгердiң поэтикалық тiлiнде антонимдер де қолданысқа түсiп жатады. Мағыналық жағынан қарама-қарсы сөздер болып табылатын антонимдер, көбiнесе, шығармада бiрiне-бiрi кереғар құбылыстарды көрсету, контрастылық әсердi ұлғайту мақсатында қолданылады. Сонымен қатар антонимдердi бiр ғана құбылыстың өз iшiндегi қарама-қайшылықтарды бейнелеу мақсатында қолдану тәсiлi де әдеби шығармаларда ұдайы ұшырасады. Әрине, синонимдер мен антонимдердi қолданумен қаламгердiң тiлдегi сөздердi өз шығармасының әсерлiлiк қуатын арттырудағы мүмкiндiгi шектелiп қалмайды. Өйткенi, тiлдегi әр сөздiң қандай да бiр контекстiк мағынаға байланысты сан алуан реңктер иелену қабiлетi де мол екендiгi аян. Қаламгерлер ақиқат өмiр шындығын образды тұрғыдан бейнелеу құралдары ретiнде тiлдiң лексикалық ерекше қорларына да ұдайы назар аударып отырады. Тiлдiң лексикалық ерекше қорлары дегенде ненi түсiну керек? Бұл тұста көркем шығармаларда қаламгер мақсатына сәйкес түрлi дәрежеде қолданылатын архаизм, неологизм, диалектизм, варваризм, т.с.с. сөздердi түсiнген жөн. Аталған үлгiдегi сөздерге тiл теориясына, әдебиет теориясына қатысты еңбектерде жан-жақты сипаттама берiлгендiктен, оларды қаламгер өз шығармасында қандай жағдайда, не үшiн қолданатындығына ғана қысқаша тоқталайық. Архаизмдер, негiзiнен, көне дәуiрлер оқиғаларын өзек еткен туындыларда сол кезеңнiң тарихи тыныс-тiршiлiгiн неғұрлым сенiмдi бейнелеу мақсатында қолданылады. Хас қаламгерлер архаизмдердi көркем туындыда пайдалануға өте мұқият қарайды. Себебi оларды шектен тыс қолдану шығарма тiлiн ауырлатып, бейнеленген құбылысты оқырманның түсiнуiне қиындық келтiредi. Сондықтанда қаламгерлер қалың жұртшылыққа түсiнiктi архаизмдердi ғана қолдануға ұмтылады. Сондай-ақ, қаламгерлер архаизмдердi өз шығармасының поэтикалық тiлiне айрықша салтанаттылық сипат дарыту мақсатында немесе жекелеген кейiпкерлердi бейнелеу кезiнде тiлге ирониялық реңк үстеу мақсатында да пайдаланатын сәттерi бар. Шығармада көркемдiк мән иеленетiн сөздердiң бiр тобы – неологизмдер. Бұл тұста көркем шығармада неологизмдердiң екi түрi, яғни 1) жалпыхалықтық тiлдiң сөздiк құрамына енiп үлгерген және 2) қаламгердiң өзi туындатқан неологизмдер, кездесуi мүмкiн екендiгiн ескеру қажет. Бiрiншi жағдайда неологизмдер ұлттық тiл қорындағы өзге де сөздермен бiрдей қолданылады да, айрықша бiр көркемдеу құралына айнала бермейдi. Ал қаламгердiң бейнелеп отырған құбылысты дәл айқындай алатын сөздi тiлден таба алмай, өз ойынша сол құбылысты бейнелеуге мейлiнше дәл келетiн қажеттi сөздi жаңадан жасауы басқа әңгiме. Мұндай жағдайда қаламгер неологизмi поэтикалық тiлге тән көркемдiк-бейнелеушi құралдардың бiрi болып табылады. Халықтық тiл қазынасынан қажеттi сөздiң табылмауы сирек жәйт болғандықтан, жеке қаламгерлерге ғана тән неологизмдердiң поэтикалық тiлдегi үлесi де шектеулi болып келедi. Өйткенi, аса қажеттiлiк тумаған жағдайда жаңа сөздер жасауға немесе танымал сөздердiң өңiн өзгертуге әсiре құмарлық еш уақытта да оң нәтиже бермейдi. Диалектизмдер мен варваризмдер де көркем шығармада шектеулi шеңберде пайдаланылады. Көбiнесе олар кейiпкер тiлiнде ғана ұшырасып, сөйлеушiнiң бейнесiн ашуға қызмет етедi. Осы тұста варваризмдерге қатысты бiрер жағдайға тоқтала кетуге болады. Варваризм сөздердiң түрлерi мен көркем шығармада қолданылу мүмкiндiгi әр қилы болып келедi. Мәселен, варваризмдер авторлық қолданыста өте қажеттiлiктен ғана кездесуi мүмкiн. Өйткенi қаламгер өзi бейнелемек құбылысты дәл сипаттайтын сөздi ана тiлiнiң қорынан таба алмаған жағдайда ғана бөгде тiлдiң сөзiне ден қояды. Әдебиет тiлiндегi көркемдiк бейнелеу құралдарына эпитет, теңеу, метафора, гипербола, кейiптеу, аллегория, синекдоха, ирония, сарказм, перифраз сияқты тәсiлдер жатады. Олар жайында әдебиеттану және тiлтану теорияларына арналған еңбектерде кеңiнен мағлұмат берiлген. Бұл құралдарды көркем шығармада бейнеленiп отырған заттың яки құбылыстың қандай да бiр ерекше қасиетiн нақты бiр тұстарда даралап көрсету үшiн қаламгер шығармашылық тұрғыдан мақсатты түрде пайдаланады. Тiлдiң баюына жаңа сөздердiң пайда болуы мен көне сөздердiң жаңғыруы ғана әсер етпейдi. Сонымен бiрге қолданыстағы сөздердiң түрлi мән иеленуi де қомақты үлес қосады. Бұл орайда тiлiмiзде ауыспалы мағынада қолданылатын сөздер – құбылтулар (троптар) маңызды роль атқарады. Қаламгердiң өз шығармасында алуан үлгiдегi троптарды пайдалануы – “әшекейлiк” мақсаттан емес, нақты шығармашылық қажеттiлiктен туындайтын жағдай. Себебi – шығармадағы қандай да бiр троп түрi көркемдiк тұрғыдан өзiн-өзi ақтауы шарт. Үлкен қаламгерлердiң қай- қайсы да тропты өзi бейнелемек құбылыстың аса мәндi қасиетiн айқын да көркем жеткiзу үшiн қолданады. Троптар әр түрлi құбылыстарға тән сипат- белгiлердiң ұқсастық-жақындықтарына негiзделгенiмен, бұл жақындықтардың өзi түрлi деңгейде болатыны түсiнiктi. Соған сәйкес троптар да бiрнеше түрге бөлiнедi. Олардың қатарында метафора, кейiптеу, аллегория, метонимия, синекдоха, гипербола, литота, ирония, сарказм, перифраз сияқты көркемдеу құралдары бар. Көркемдеу-бейнелеу құралдарының барлығы да шығармадағы өзге сөздермен, сөз тiркестерiмен тығыз байланыста тұрып, қаламгердiң өзi бейнелеп отырған құбылыстың аса маңызды жақтарын неғұрлым әсерлi көрсетуiне, сан қырлы ой-сезiмдердiң реңктерiн ашуға, автордың позициясын танытуға септiгiн тигiзедi. “Қаламгердiң поэтикалық синтаксисi” деген мәселені де аңғарып жүрген дұрыс. Шығарманы жазу барысында қаламгер қолданатын тiлдiк құралдар, тәсiлдер аз емес. Ал поэтикалық синтаксис туралы сөз еткенде поэтикалық тiлге тән айшықтаулар жайына, қысқаша болса да, тоқтала кеткен орынды. Поэтикалық тiл айшықтауларына риторикалық сауал, риторикалық жарлау мен лептеу, анафора, эпифора, түйiсу, үстемелеу, параллелизм, шендестiру, эллипсис, инверсия сияқты көркемдеу тәсiлдер енедi. Риторикалық сауал қандай да бiр құбылысқа немесе проблемаға оқырман зейiнiн аудару мақсатында пайдаланылады. Риторикалық сауалға жауап беру шарт емес. Риторикалық жарлау мен лептеу осы үлгiдегi қызмет атқарады. Қаламгер шығарманы баяндап келе жатып кенеттен оқырманға, кейiпкерге, заттар мен құбылыстарға қарата тiл қатуы ықтимал. Бұл әрекет те нақты бiр жауапты қажетсiнбей, тек оқырман назарын сауал арналған нысанаға ерекше аудару мақсатында қолданылады. Ал нақты бiр затқа баса назар аударып, оған деген айрықша қатынас, көзқарас қалыптастыру риторикалық лептеу арқылы жүзеге асады. Кейде олар риторикалық обращениемен ұштаса келiп, ақын бейнелеген ой-сезiмдердiң әсерiн одан әрi күшейте түседi. Тiлдiк айшықтаулар қатарына негiзгi мағыналық ойды арқалаушы жекелеген сөздердiң қайталанып отыруына негiзделген синтаксистiк құрылымдарды да қосуға болады. Ондай қайталаулардың қатарына сөйлемде, өлеңде немесе тармақта бастапқы сөздер мен сөз тiркестерiнiң қайталануын бiлдiретiн анафораны, бұған керiсiнше қолданылатын эпифораны қосқан орынды. Сондай-ақ, бiр тармақтың яки өлеңнiң соңындағы сөздiң немесе тiркестiң келесi тармақтың яки өлеңнiң басында қайталануын бiлдiретiн түйiсу де осы қатардан орын алуы заңдылық. Үстемелеу (градация) деп бiрiнен соң бiрi келетiн сөздердiң, тiркестердiң кейiнгiсiнiң алдындағы мағынаны дамыта, тереңдете, кеңейте орналасуы айтылады. Поэтикалық үстемелеу де, қайталаулар сияқты, нақты бiр ой- сезiмге, құбылысқа баса назар аударып, оған ерекше серпiн, қуаттылық, әсерлiлiк дарыту масатында қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |