Тапсырма: Ш.Мұртаза «Қызыл жебе» эпопеясының сюжеті мен композициясы, Т.Рысқұлов бейнесінің жасалуы
Дәріс 6. Тақырыбы: Өлең және өлең сөз
1. Өлеңнiң прозадан айырмашылығы қандай?
2.Бiр тiлге немесе бiр дәуiрге тән өлеңнiң басқа тiлге немесе дәуiрге тән өлеңнен айырмашылығы қандай?
3. Бiр өлеңнiң екiншi өлеңнен айырмашылығы қандай?
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1.Ривкин Д., Райан М.Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 1-том / ауд. М.Ибрайымова, О.Кенжебаев, Ж.Қожабекова, "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 568 б
|
2.Ривкин Д.,Райан М.Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 2-том / ауд. А.Исембердиева, Н.Құдайберген, Ә.Құранбек [ж.т.б.]; "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 372 б.
3.Ривкин Д.,Райан М..Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 3-том / ауд. Ж.Жұмашева, Ә.Исембердиева, М.Төлеген [ж.т.б.]; "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 440 б
|
4. Ривкин Д.,Райан М.Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 4-том / ауд. А.Шәріп; "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 452 б.
5.А.Қалшабек. Әдебиеттану ғылымына кіріспе. - Астана, Фолиант, 2016
6.Ғазиз Райыс. Сөз өнері теориясы. -Алматы, Таңбалы баспасы, 2010.
7.Г.Пірәлиева. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттануы. –Алматы, 2010
8.Ж.Камалқызы. Қазақ әдебиетінің теориялық және әдістемелік мәселелері. – Алматы, 2017
9.С.Мақпыров. Адамтану өнері. – Алматы,Арыс, 2009
10.А.Ісмақова Асыл сөздің теориясы.- Алматы, Таңбалы баспасы,2009
11. Т.О.Есембеков. Көркем мәтін теориясы:оқу құралы.-Алматы: Қазақ университеті, 2015.-186 б.
12.Т.У. Есембеков. Көркем мәтін поэтикасы Оқу құралы. -228 б. 2012; 2020 А. Қазақ университеті
Қай халықтың әдебиетiнде де поэзиялық туындылардың алар орны айрықша. Поэзия дегенде ойымыз өлеңге ойысатыны да түсiнiктi. Сонда, өлең дегенiмiздiң өзi не? Бұл сұраққа жауап беру үшiн төмендегiдей сұрақтарға жауап iздеуге тура келедi: 1) Өлеңнiң прозадан айырмашылығы қандай? 2) Бiр тiлге немесе бiр дәуiрге тән өлеңнiң басқа тiлге немесе дәуiрге тән өлеңнен айырмашылығы қандай? 3) Бiр өлеңнiң екiншi өлеңнен айырмашылығы қандай? Бiр қызығы осылардың iшiндегi ең қиыны – алғашқы сұрақ. Егер оны түрлi жастағы адамдарға қояр болсақ, мектеп жасына жетпеген балдырған: “Өлең қысқа-қысқа жолдармен жазылады”, оқушы: “Өлеңде ырғақ пен ұйқас болады”, студент: “Өлең – лирикалық қаһарманның сан қилы көңiл күйiн танытатын ой-сезiмдердi бейнелеген поэтикалық тiлдiң ерекше құрылымы” деп жауап берер едi. Айтылған үш пiкiр де дұрыс, ал соның iшiнде өлең анықтамасына мейлiнше жақын келетiнi балдырғанның жауабы болып шығады. Қызық болса да шындық. Өйткенi бiздiң түсiнiгiмiзде қалыптасқан “өлең” ұғымының түп мағынасы грек тiлiнде “қатар, жол” деген мағына беретiн “stichos” латынның “бұрылыс” мағынасындағы “versus” сөздерiмен өзектес. Ендi “өлең дегенiмiз не?” деген сұраққа жауап қарастыралық. Белгiлi әдебиет теоретигi, академик З.Қабдолов: “… өлең - еркiн сөйленетiн жай сөздер тiркесi емес, ырғағы мен ұйқасы белгiлi қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейiн белгiлi тәртiпке бағынған нақысты сөздер тiзбегi” деп тұжырым жасайды, және бiр тұста “… поэзия дейтiнiмiз – өлеңдi шығармалар”(Сөз өнерi. 254-255, 1982.) деген ой айтады. 1998 жылы жарық көрген “Әдебиеттану. Терминдер сөздiгiнде” “өлең” терминiнiң бiрнеше мағыналық қолданысы көрсетiлген. “Бiрiншiсi - ән өлең, ән салып, ән шырқап айтатын өлең, яғни музыкалық өнер мен сөз өнерiне ортақ туынды. … Екiншiсi – көбiнесе жеңiл, ықшамды ғана әуенмен, мақаммен термелеп айтылатын өлеңдер, жырлар, яғни ауызша поэзияның туындысы. Үшiншiсi – оқылатын, сөйлеп айтылатын өлең, яғни жазба поэзияның туындысы, әр алуан лирикалық шығармалар. Сонымен қатар, өлең деген сөздi кең мағынада алып, көлемi қысқалау келетiн поэзиялық шығармалардың бәрiне ортақ жалпылама атау ретiнде қолдану да жиi кездеседi” (249-бет). Осы еңбектiң “Өлеңшi” терминiне анықтама берiлген тұсында: “Өлең деп қазақ поэзиясында әнмен айтылатын өлеңдi де (песня), белгiлi бiр әуеннiң сүйемелiмен айтылатын өлең-жырларды, тақпақтап айтылатын, оқылатын өлең сөздi де (стих) атай бередi” (255) деген пiкiр кездеседi. “өлең” терминiне байланысты нақтылай түсер жәйттер бар. Бiрiншiден, анықтамаларға негiз болып тұрған “өлең” сөзi “поэзиялық туынды” деген мағынада алынғанын аңғарамыз. Бұл тұрғыда ол орыс тiлiндегi “стихотворение” деген түсiнiкпен мәндес келедi. Ал осы “стихотворение” сөзiне сөзжасам тұрғысынан талдай қарасақ, оның “стих” және “творение” деген сөздердiң бiрiгуi арқылы жасалып, “өлең туынды” немесе “өлеңмен жазылған туынды” деген мағына беретiнiн байқаймыз. Бұл “өлең” терминiнiң жоғарыда көрсетiлген мағыналардан басқа тағы бiр мағыналық қолданыс иеленетiнiн аңғартады. “Ол қандай мағына?” деген сұраққа жауап iздер болсақ, гректiң “stichos” сөзiнен өрбитiн “стих” мәнiндегi терминдiк мағынасы болып шығады. Ал “стих” дегенiмiз өлең емес, өлеңнiң құрамдас бөлшегi. “Өлең дегенiмiз не?” деген сұрақтың жауабын да, ең алдымен, осы мағыналық қолданысқа қатысты қарастырып, өлеңге негiз болатын бөлшекке назар аудару қажет. Ал өлең негiзi өлең сөз (стих) болып табылады. Өлең сөз – өз ара байланысты, әрi шамалас бөлiктерге бөлшектеуге келетiн жүйелi көркем сөз. Шартты түрде алар болсақ, өлеңге қарсы мәндегi әдеби құбылыс проза екенi түсiнiктi. Проза тiлi де iштей бөлшектерге бөлiнедi. Прозадағы дыбыстық-ырғақтық бөлшектердi колон деймiз. Ал өлең сөзге тән дыбыстық бөлшектерге шумақ, тармақ, бунақ, ырғақ жататыны белгiлi. Прозамен салыстырғанда өлеңдегi дыбыстық бөлшектеудiң екi түрлi ерекшелiгi бар: 1) прозалық мәтiндi мүшелеуде синтаксистiк паузалар басты роль атқарса, өлеңдегi бөлшектеушi паузалардың синтаксистiк паузалармен ұдайы сәйкес келуi шарт емес; 2) прозада бөлшектеушi паузалар белгiлi бiр дәрежеде еркiндiкке мүмкiндiк берсе, өлең сөздегi паузаларда жүйелiлiк қатаң сақталады. Аталмыш жүйелiлiкке тәуелдi өлең бөлшектерiн мәтiннiң қағазға түскен көрiнiсiнен де айқын көре аламыз. Осы тұста мәтiндегi синтаксистiк және поэтикалық бөлшектеушi паузалардың сәйкессiздiгiн бiлдiретiн жеке термин бар екенiн де ескерте кеткен орынды. Ол – француз тiлiнде “тасымал” деген мағына бiлдiретiн “enjambement” (“анжамбман”) деген термин сөз. Проза тiлiне байланысты айтылып кеткен “колон” дегенiмiз ненi бiлдiредi? Колон – грек тiлiнде “тән бөлшегi” деген мағына беретiн “kolon” сөзiнен пайда болған ұғым; яғни сөйлеу тiлiндегi ырғақтық- интонациялық бiрлiк. Сәл басқаша айтқанда, колон – логикалық екпiн бiрiктiрген мәтiн құрамындағы сөздердiң тұтастығын пауза арқылы белгiлейтiн сөйлеу тактысы. Артикуляциялық тұрғыдан алғанда “тыныстау мүшелерiмен” байланысты, яғни бiр деммен айтылатын сөздер тобы. Мағыналық тұрғыдан алсақ, синтагма ұғымына жақын. Сөйлеу кезiнде мәтiндi колондарға дұрыс бөлшектей пайдалану, әсiресе, шешендiк өнерiнде аса маңызды роль атқарады. Колон жайын осылайша қысқаша қайыра тұрып, негiзгi әңгiмемiзге оралайық. Әдебиеттануда “өлең құрылысы” немесе “версификация” деген де түсiнiк бар. “Versus” сөзiнен өрбитiн “версификацияның” мағынасы “өлең құрастырушылық” дегенге саяды. Қалай болғанда да, өлең құрылысы дегенде өлең тiлiндегi дыбыстық құрамды үйлестiру тәсiлiн түсiнемiз. Жоғарыда өлеңге берiлген анықтаманы жiктей қарастырар болсақ, бiрiншiден, өлең сөз – өз ара байланысты бөлiктерге бөлшектеуге келетiн жүйелi көркем сөз екендiгiн; екiншiден, өлең сөз – шамалас бөлiктерге бөлшектеуге келетiн жүйелi көркем сөз екендiгiн байқаймыз. Олай болса, “өз ара байланысты бөлiктер” деген тiркестiң мәнiн қалай түсiнген абзал? Прозалық мәтiндi оқу кезiнде негiзгi мағыналық желiнi қуалай оқу дағдысы басым болып тұратындықтан, сөйлем құрамындағы сөздердiң бәрi бiрдей қаз-қалпында жадымызда қала бермейдi. Ал өлең оқығанда, әсiресе, ұйқасқа құрылған өлең оқу кезiнде, әрбiр тармақ соңында алдыңғы тармақтың соңғы сөзiне мiндеттi түрде оралып отырамыз. Басқаша айтқанда, прозадағы сөздер бiрiмен-бiрi тiзбектеле байланысса, өлең мәтiнiндегi сөздер “тiзбектiк” байланыспен қатар “сатылы” байланыс та жасап тұрады. Бұл жағдай прозаға қарағанда, өлең сөздегi әр сөздiң өзара байланыстылық жүйесiн ұлғайтады да, соған сәйкес өлеңдегi әр сөздiң мағыналық жүгi де салмақтана түседi. Анықтамадағы екiншi сыңардың, яғни “өзара шамалас бөлiктер” деген тiркестiң мәнi неде? Бөлiктердiң өзара шамалас екендiгiн тану үшiн қандай өлшемдерге сүйену қажет? Бұл сұрақтарға жауап беру әңгiмемiздiң бастауында өзiмiзге өзiмiз қойған сауалдардың екiншiсiне де жауап болып шығады. Яғни “бiр тiлге немесе дәуiрге тән өлеңнiң басқа тiлдегi немесе дәуiрдегi өлеңнен айырмашылығы қандай?” деген сауал ғой… Бiр тiлдегi (дәуiрдегi) өлеңнiң екiншi тiлдегi (дәуiрдегi) өлеңнен ең басты айырмашылығы – тармақ өлшемiнде. Көркем мәтiннiң белгiлi бiр өлшемге негiзделген тармақтарға бөлiнуiнiң өзi, яғни синтаксистiк мағынаға тәуелсiз паузалардың тармақ басында көтерiлiп, соңына қарай бәсеңдейтiн дауыс ырғағын туғызуы, оған өлеңге тән интонация дарытады. Сонымен бiрге әр тармақ өзара шамалас қалыпты сақтау үшiн қандай да бiр реттiлiкке бағынады. Бұл реттiлiк дыбыс бөлшектерi арқылы жүзеге асады. Өлең құрылысының қай жүйеге тән екендiгi тармақ өлшемiнiң бiрлiгi ретiнде қандай дыбыстық бөлшектiң алынуына байланысты анықталады.Тармақ өлшемiнiң бiрлiгiне қандай дыбыстық бөлшектер алынуы мүмкiн? Тармақ сөзбен, бунақпен, буынмен өлшенедi. Барлық тiлдегi өлең тармағының негiзгi өлшем бiрлiгi – буын. Буынның фонетикалық негiзгi сипаттарына әуез, сан, екпiн сияқты белгiлерi алынады да, соған орай өлең жүйелерi метрикалық (квантитативтi), силлабикалық, тоникалық, силлабо- тоникалық болып сараланады. Ендi осы өлең жүйелерiнiң ерекшелiктерiне назар салайық. Метрикалық немесе квантитативтi жүйе – өлең жолдарының айтылу уақытының сәйкестiгiне (изохронизм) негiзделiп, тармақтағы дыбыстық өлшемдер буындардың созылыңқы немесе қысқа қайырылуы арқылы реттелетiн өлең құрылысы. Бұл жүйе буындағы дауыстылардың созылыңқы немесе қысқа айтылуы сөз мағынасын өзгертуге ықпалды тiлдерге тән. Метрикалық өлең жүйесiнiң мейлiнше жарқын үлгiлерi антикалық өлең құрылысынан, араб және парсы поэзиясындағы аруздан, санскрит тiлiндегi джатидан, сондай-ақ, фин және классикалық қытай өлеңi құрылысынан жақсы байқалады. Метрикалық өлең құрылысының негiзiне алынатын өлшем –мора. Латын тiлiнде “уақыт аралығы, пауза” деген мағына беретiн “мора” сөзi бұл жерде дыбысты айтуға кететiн уақыттың ең кiшi бiрлiгi болып табылады. Сондай- ақ, әдебиеттануда мора ұғымымен мәндес хронос протос деген де термин бар. Грек тiлiнде “chronos protos” бастапқы уақыт дегендi бiлдiредi. Екi терминнiң де түп мағынасы антикалық өлең құрылысындағы қысқа буынның қалыптасқан айтылу ұзақтығын бiлдiредi, яғни өлеңдегi уақыт өлшемiнiң ең кiшi бiрлiгiн белгiлейдi. Сол себептi метрикалық өлең жүйесiндегi өзге өлшемдерге мора негiз болады. Мысалы, ұзақ буын – екi мораға, ямб – үш мораға, т.с.с. тең болады. Аталмыш өлең жүйесiнiң өзi таза метрикалық және силлабо-метрикалық болып, екi түрге бөлiнетiнiн де ескеру керек. Таза метрикалық жүйеде негiзгi өлшем такт болып табылады. Такт – моралар бiрiгуiнен пайда болатын өлшем. Ал силлабо-метрикалық жүйеде такт құрамындағы буындардың позициясы ықпалды роль атқарады. Метрикалық өлең жүйесi алғаш б.д.д. VIII ғасырда ежелгi Грекияда пайда болып, б.д.д. III ғасырдан бастап латын әдебиетiнде кеңiнен дамығаны әдебиет тарихынан таныс. Бұл жүйе ежелгi үндi, қазiргi араб, парсы поэзиясында ұшырасады. Метрикалық өлең жүйесiнде буын құрамындағы дауыстылардың айтылу уақытына байланысты айырмашылық маңызды роль атқаратынын таныдық. Ал, “метрика” дегенiмiздiң өзi не? Сөзбе-сөз алар болсақ, грек тiлiндегi “metron” сөзiнен шыққан “metrike” – “өлшем” деген мағына бередi. Әдебиеттануда “метрика” терминi түрлi мәнде қолданылады: Бiрiншiден, өлең құрылысы, яғни өлең құрылысына тән қағидалар деген мағынада алынып, көбiнесе, метрикалық өлең жүйесiне қатысты, ал кең тұрғыдан өлең жүйелерiнiң барлығына қатысты қолданыла бередi. Екiншiден, өлең құрылысының заңдылықтары жайындағы iлiм, яғни өлеңтану; Бұл жағдайда “метрика” терминi, негiзiнен, өлеңтанудың алғашқы дәуiрлерiне, яғни өлең құрылысын қалыптасқан қағидалар жинағына (мысалы, антикалық, араб, үндi метрикасы) телитiн дәуiрлерге қатысты; ал кеңiнен алсақ, барлық дәуiрлерге қатысты да қолданылады. Үшiншiден, “метрика” терминi өлеңтанудың бiр саласы болып табылатын өлең тармақтарының құрылысына ғана қатысты түсiндiрiледi. Бұл жағдайда дыбыстар үндестiгi мен ұйқас мәселелерi де өзге өлең өлшемдерiмен қатар алына бередi. Аталмыш мәндегi “метрика” терминi қалыпты метрика, тарихи метрика, салыстырмалы метрика болып та жiктеледi.
Төртiншiден, белгiлi бiр дәуiрге, халыққа немесе ақынға тән поэзиялық өлең формаларының жүйесi деген мағынада қолданылады. Сөз арнасын силлабикалық өлең жүйесiне бағыттайық… Әр тiлге тән өлеңдердiң бiр-бiрiнен айырмашылығы – тармақ өлшемiне байланысты болатынын, тармақ өлшемiнiң негiзгi бiрлiгi – буын болып табылатынын жоғарыда айттық. Метрикалық өлең жүйесiндегi тармақты құрайтын буындардың бiр-бiрiнен өзгешелiгi буын құрамындағы дауыстылардың айтылуына (созылыңқы немесе қысқа) байланысты екенiне де тоқталып өттiк. Грек тiлiнде “буын” деген мағына беретiн “sillabe” сөзiнен бастау алатын силлабикалық өлең жүйесi де тармақтар құрамындағы буынға байланысты дараланады. Аталмыш екi жүйеге тән айырмашылықтың мәнi мынада: метрикалық жүйедегi буын ерекшелiгi дауыстылардың айтылуына қатысты болса, силлабикалық жүйеде өлең құрылысын буын саны (изосиллабизм) белгiлейдi. Соған сәйкес силлабикалық өлеңдер төрт буынды, бес буынды, т.с.с. болып ажыратылады. Сегiз буыннан асқан тармақтарда тармақты қысқа бөлiктерге бөлетiн цезура пайда болады. Латын тiлiнде “кесiндi” деген мағынаны бiлдiретiн цезура – қазақ өлеңiндегi бунақ ұғымына жақын. Силлабикалық өлең жүйесi, негiзiнен, сөзге түсiрiлетiн екпiнi тұрақты тiлдерге тән болып келедi. Өлең құрылысы силлабикалық жүйеге негiзделетiн тiлдер қатарына ведий, авеста, балтық жағалауы халықтарының тiлдерi және славян (әсiресе, серб, хорват, чех, болгар) тiлдерiн қамтитын үндi-европалық тiлдердiң шығыс тобын жатқызуға болады. Роман тiлдерiнде силлабикалық өлең жүйесiнiң пайда болуы латын тiлiндегi қысқа және созылыңқы буындар арасындағы айырмашылық жоғалған тұстан басталады. Қазақ өлеңi де силлабикалық өлең жүйесiне жатады. Осы тұста айта кеткен жөн, бiздiң көздеген мақсатымыз әдебиеттануға байланысты негiзгi ұғымдар жайында жалпы түсiнiк беру ғана болғандықтан, қазақ өлеңiнiң ерекшелiгi жайында арнайы сөз етпеймiз. Қазақ өлеңi жайында кеңiнен мағлұмат алуға құштар талапкерлерге осы мәселе кең ауқымда, арнайы қарастырылатын еңбектердi, яғни З.Ахметов, З.Қабдолов, М.Базарбаев, т.б. да белгiлi ғалым-әдебиетшiлердiң өлең теориясына арналған зерттеулерiн оқуға кеңес беремiз. Өлең өлшемiнiң негiзi болып табылатын буынның айтылуы жағынан, сандық есебi жағынан өлең жүйесiне әсерiн қарастырып өттiк. Ал тоникалық өлең жүйесiне буынның қай қыры ықпал етедi? Жауап. Тоникалық өлең жүйесiндегi тармақ өлшемi екпiн түсетiн буын санымен есептеледi, ал тармақ құрамындағы екпiн түспейтiн буындар саны есепке алынбайды. Яғни тоникалық жүйедегi өлшем – екпiн саны (изотонизм) болып табылады. Тоникалық өлең тармақтарындағы жалпы буын саны әр түрлi болғанымен, екпiндi буын саны бiрдей болуы шарт. Силлабикалық өлеңге қарағанда, аталмыш жүйедегi өлеңдi прозадан ажырату едәуiр қиындық келтiредi. Сол себептi де тоникалық өлеңдегi тармақтарды ажыратуда аллитерация мен ұйқас үлгiсiндегi дыбыстар үйлесiмi жиi пайдаланылады. Ал ұйқассыз тоникалық өлеңде тармақтардағы екпiндi буын саны (изотонизм) қатаң сақталады да, ұйқасқа негiзделген тоникалық өлеңде изотонизм заңдылығынан ауытқушылық кездесе бередi. Егер екпiндi буындар арасындағы екпiнсiз буындар саны ала-құла болып келсе, онда тоникалық және силлабо-тоникалық өлең жүйелерiнiң ортасындағы өтпелi өлең түрлерi пайда болады да, екпiн түскен буындар иктiлер сияқты, ал екпiнсiз буындар икт аралық интервалдар сияқты әсер етiп, өлеңде ырғаққа негiзделген метр өлшемi көрiнiс бередi. “Икт” деген сөздiң мағынасы қандай? Тоникалық және силлабо-тоникалық өлең жүйесiне қатысты “икт”, “икт аралық интервал”, “арсис”, “тезис” деген де терминдер ұшырасып тұрады. Тура мағынасында алар болсақ, латын тiлiнде “ictus” – “соққы, екпiн”, грек тiлiнде “arsis” – “көтерiлу”, “thesis” – “аяқтың төмен түсуi” деп аударылар едi. Өлең құрылысына қатысты алсақ, икт немесе арсис – өлеңде ырғақ екпiнi түсетiн күштi буынды; тезис өлең ырғағындағы әлсiз буынды бiлдiретiн терминдер. “Икт аралық интервал” дегенiмiз де тезиспен мәндес термин. Екпiн мен буынға байланысты тоникалық өлең жүйесiнiң өз iшiнен тағы бiр түр бөлiнiп шығады, яғни екпiндi және екпiнсiз буындардың белгiлi бiр тәртiппен кезектесе келуiне негiзделетiн силлабо-тоникалық жүйе пайда болады. Бұл өлең жүйесiнде арсис пен тезис арасы анық көрiнiп, басыңқы мәндi екпiн түсетiн буын, бағыныңқы мәндi екпiнсiз буын атқарады. Әлсiз буынға екпiннiң түсуi өте сирек кездесетiн жағдай болса, күштi буынға екпiн түсуiне қатысты ешбiр шектеу болмайды. Аталмыш жүйеге тән белгiлi өлең түрлерi бар да, әр өлең түрiнiң өзiндiк өлшемi және бар. Осыған байланысты бiрер сөз. Иктiлер мен икт аралық интервалдардың бiркелкi қайталанып келуi бунақ деп аталады. Осы бунақ тұрғысынан силлабо-тоникалық өлеңдер қос буынды және үш буынды өлшемдегi топтарға бөлiнедi. Қос буынды өлшемдiк өлеңдерге хорей, ямб; үш буындыларға дактиль, амфибрахий, анапест жатады. Ал буын саны бiрдей аталмыш өлең түрлерi бiр-бiрiнен екпiн түскен буын арқылы ажыратылады. Мысалы, қос буынды ямб мен хорейдi алайық. Ямб үлгiсiнде екпiн екiншi буынға, хорейде бiрiншi буынға түсiп отырады. Ал үш буынды өлең түрлерiне тоқталсақ, дактильдегi екпiн – бiрiншi, амфибрахийда – екiншi, анапесте үшiншi буынға түсiп отырады. Силлабо-тоникалық өлең құрылысы көптеген тiлдерде тоникалық және силлабикалық жүйелер аралығында тұрғандай қабылданатын өтпелi өлең түрлерiнiң жасалуына да жол ашты. Бұл орайда логаэд, дольник, тактовик, ерiктi өлең, т.с.с. түрлердi атауға болады. Өлең – өлең сөзбен жазылған және лирикалық сипаты басым шағын көлемдi әдеби туынды. Осы мағынасында өлең әр халықтың әдебиетiнде түрлi жанрларда көрiнiс тапқан. Мысалы, сонет, ода, элегия, ғазал, бәйiт, рубаи, т.с.с. “Өлең” ұғымы XIX – XX ғасырларда нақты мазмұн иелене бастады. Яғни өлең сөз лириканың аса маңызды пiшiнi (форма) ретiнде қабылданып үлгердi. Оның сыры өлең сөздiң адамның ой-сезiмiндегi сан алуан құбылыстарды бейнелеуге мейлiнше бейiмдiлiгiнде жатыр. Өлең сөз бен лиризм арасындағы байланыс тым әрiден басталады. Белгiлi бiр ырғақ арқылы дыбыстық бөлшектерге бөлiнiп айтылатын өлең сөздiң әсерi тура сол үлгiдегi сөйлемнiң қара сөзбен айтылған сәттегi әсерiнен мүлдем басқаша болатынын аңғару қиын емес. Мысалы, “Мен көрдiм ұзын қайың құлағанын…” Өлең сөздiң лирикалық құбылыстарды бейнелеуге бейiмдiгi нәтижесiнде уақыт өте келе, “өлең” ұғымы лириканың әмбебап түрi ретiнде санада қалыптасып кеттi. Қазiргi таңда өлең мен лириканы бiр ұғым деп түсiнуiмiздiң сыры осында. Шынында да өлең мен лирика бiр ұғым ба? Лирика – әдеби тектiң бiр түрiн бiлдiретiн сөз. Өлең – көркем сөз құрылымының белгiлi бiр тiлдiк-дыбыстық жүйесiне негiзделген әдеби туынды. Бұл пiкiрiмiзге дәлел ретiнде “лирикалық проза” немесе “прозадағы өлең” мәселесiн алуға болады. Мұндай шығармаларға құрылымында өлеңге тән басты сипаттар, яғни көлемнiң шағындығы, оқиғаға қарағанда сезiмнiң басымдығы, бейнелеу тәсiлдерiнде обьективтiлiктен гөрi субьективтiлiктiң үстем болуы сияқты белгiлер айрықша байқалатын әдеби туындылар жатады. Бұл шығармаларда өлшем, ырғақ, ұйқастардың сақталуы шарт емес. Әрине, өлең – ұзақ әңгiмелеуге болатын мәселе. Әдебиеттануда өлең мәселесiн әдеби туындының дыбыстық құрылымы тұрғысынан арнайы қарастыратын “Өлеңтану” деген сала да бар. Яғни өлеңтану әдеби туындыны өлең сөз (стих) тұрғысынан зерттеп, сөздер құрамындағы дыбыстар құрылымына баса назар аударады. Соған сәйкес, өлеңтанудың өзi iштей үш арнаға таралады да, 1) фоника дыбыстар үйлесiмiн, 2) метрика өлең тармақтары құрылымын және 3) строфика тармақтар үйлесiмiн қарастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |