Байланыс – шығармадағы әрекеттердiң дамуының басталуын, қарама- қайшылықтардың туындауын бейнелеу. Қарама-қайшылықтардың туындауын ашу арқылы байланыс оқырманды шығарма тақырыбын дұрыс түсiнуге бағыттайды.
Әрекет дамуы шығарма мазмұнында аса үлкен мәнге ие. Оқиғаның басталуы байланыста негiзделетiнiн жоғарыда айтып өттiк, ал әрекет дамуында қаламгер суреттеп отырған адамдар арасындағы байланыстар мен қарама-қайшылықтар анықталады, адам мiнезiнiң түрлi қырлары ашылады, кейiпкерлердiң қалыптасуы мен өсу тарихы берiледi. Яғни байланыс оқырманды шығармадағы проблеманы түсiнуге бағыттаса, әрекет дамуы сол проблеманың шешiлуiндегi мүмкiн жолдарды аңғартады.
Шығармада суреттелген әрекет дамуының ең жоғарғы шиеленiс биiгiне жеткен тұсы шарықтау шегi деп аталады. Шарықтау шегiнiң мазмұндық мәнi шығармадағы проблеманың ең жоғарғы ұшығына келiп тiрелуiнде жатыр. Өмiрдегi қандай да бiр проблеманың шешiмiн табатыны сияқты, шығармадағы шарықтау шегiне жеткен проблемалар да көркемдiк тұрғыдан шешiмiн табуды керек етедi. Сюжеттiң келесi бiр бөлшегi –шешiлу шығармада бейнеленген тартыстарды тарқатады немесе оның алдағы шешiмiнiң түрлi ықтимал жолдарын аңғартады. Сюжеттiң құрамдас бөлшектерi қатарында жоғарыда пролог пен эпилог та аталды. Шығарма өзегiндегi әрекеттiң басталуы мен шешiлуi, сондай-ақ негiзгi әрекет алдындағы жағдайлар қандай бөлшектер екенiн таныдық. Сонда пролог пен эпилог басы артық бөлшектер емес пе? Бұлар – кейбiр шығармаларда ұшырасатын бөлшектер. Пролог – шығармадағы негiзгi сюжет дамуына өзiнше кiрiспе iспеттi. Алдағы әрекет дамуынан алдын-ала хабардар ете отырып, пролог шығармадағы әрекет, оқиғалардың алғашқы себептерiн ашып көрсетедi. Бұл себептер кейде уақыт жағынан тым ертеде болуы да ықтимал. Қалай болғанда да, прологта баяндалған себептер белгiлi бiр дәрежеде шығармада өрiстейтiн оқиғалар мен жағдайлардың басты мәнiн ашуға бағытталады.
Эпилог – шығармада көрiнген әрекет, оқиғалардың ең ақырғы шешiмiнiң бейнеленуi. Эпилогты қаламгер шығарма шешiмi кейiпкерлер әрекеттерiнiң даму бағытын, олардың кейiнгi тағдырларын түпкiлiктi толық аңғарта алмады деп есептеген кезде көбiрек пайдаланады. Сонымен қоса,
эпилог арқылы жазушы өзi бейнелеген жағдай туралы авторлық үкiмiн ерекше айқын сездiре алады.
Мiне, сюжеттiң аса маңызды элементтерi осындай. Алайда бұлардың бәрi бiрдей барлық шығармада болуы шарт емес. Бiрi болған жағдайда бiрiнiң болмауы әбден мүмкiн. Қаламгер өз шығармасында суреттелуге тиiстi оқиғаның немесе құбылыстың жалпы жобасын, яғни ненi (тақырып) жазатынын, не үшiн (идея) жазатынын белгiлеп алды делiк. Сонда ол шығарманы неден бастау керек? Немен аяқтау керек? Ол қандай бөлiктерден тұрады? Оқырманға ең алдымен және содан кейiн ненi айту керек? Баяндауды нешiншi жақтан қолданған оңтайлы? Бұлар – жазушы алдында композицияға қатысты туындайтын сауалдар. Олай болса, композиция дегенiмiз не? Соған жауап берiп көрелiк.
Анықтамадан бастар болсақ, латын тiлiнде “орналастыру, құрастыру, бiрiктiру” деген мағына беретiн “compositio” сөзiнен шыққан композиция– көркемдiк түрлердiң орналасуы және ара қатынасы, яғни шығарманың мазмұны мен жанрынан өрбитiн туынды құрылысы. Композиция шығарманы бiртұтас дүниеге айналдыруға ықпал етедi.
Композиция пiшiндiк (формалық) бөлшектердi тұтастырып, идеяға бағындырады. Композиция қағидалары – эстетикалық таным қорытындысы; олар ақиқаттың тереңде жатқан өзара байланысын танытады. Композиция өзiндiк мазмұнға ие, оның құралдары мен тәсiлдерi суреттелген құбылысты қайта жаңғыртып, мәнiн тереңдетедi.
Бұларды және жеке-жеке емес, бiртұтас композициялық ұстаным негiзiнде шешуге тура келедi. Кейбiр ғалымдар мұндай ұстанымды “архитектоника” деп атайды. Бұл сөз гректiң “архитектура – сәулет өнерi” деген сөзiнен туындайды. Көркем шығармаға сәулет өнерiнiң қандай қатысы бар? Белгiлi бiр дәрежеде жазушылар да сәулетшiлер сияқты, олар да болашақ туындысының жоба-жоспарын алдын-ала белгiлейдi. Сәулетшiден айырмашылығы – сол жобаны жүзеге асыратын да өзi. Сол себептi шығармашылық жұмыс үрдiсiнде алдын-ала жоспарланған жоба өзгерiске ұшырауы да мүмкiн. Мысалы, А.С.Пушкиннiң “Евгений Онегин” поэмасындағы Татьянаға байланысты жоспарлағаны мен шығармадағы өзгерiс. Бұл тұста архитектоника мен композицияға қатысты тағы бiр мәселенi аңғара аламыз. Архитектоника алдын-ала түйсiну арқылы пайда болса, ең жақсы композициялық шешiмнiң өзi алдын-ала жасалған “есеп- қисапқа” көне берместен, шығармашылық үрдiсте ғана толық шешiмiн табады.
Себебi жазу үстiнде қаламгер алдында түрлi мүмкiндiктер ашылады. Ең алғашқы мүмкiндiк баяндау үлгiсiн таңдауға қатысты. Оған конфликт iрiктеу қосылады. Конфликт түзуге қатысты қалыптасқан үлгi ретiнде экспозиция, байланыс, әрекет дамуы, шарықтау шегi және шешiлуi сияқты бөлiктердi атайтынымыз белгiлi. Алайда қандай да бiр көркем шығарманы аталған бес
бөлшекке мүшелеп тастауға болмайды. Композицияны талдап тану одан әлдеқайда күрделi де қызықты. Өйткенi аталған бөлшектер өзара алмасып келуi де, ара-жiгi бiлiнбей, тұтасып келуi де мүмкiн. Шығармадағы әрекет дамуы түрлi композициялық ырғақта (баяу, жедел) көрiнiс тауып, шарықтау шегi бiрнеше тұста ұшырасуы да ықтимал. Тiптi шарықтау шегi мен шешiм ұштасып кетуi де мүмкiн. Мысалы, “Ревизордағы” мылқау сахна.
Композиция – шығарманың сюжеттiк-баяндаушылық жағымен қоса, оның образдық бiтiмiн, характерлер сипатын да қамтитын ұғым. Әдеби қаһарман белгiлi бiр дәрежеде өзге кейiпкерлермен композициялық салыстырулар жасау арқылы да ашылады.
Әдебиеттiң түрлi тектерi мен түрлерiне қатысты композиция заңдарының айырмашылықтары болуы да тосын жәйт емес. Мәселен, поэзиялық шығармаларда композиция бөлшектерiнiң қатарына өлең, шумақ та жатады. Драматургияда басты роль диалогқа тиесiлi болады да, сипаттау мен мiнездеулер қысқа ремаркаларға сыйғызылады. Сондай-ақ романның фабулалық желiсi әңгiмеден әлдеқайда күрделi болатыны түсiнiктi. Бiрақ, қалай болғанда да, кез келген жанрдағы туындыда шынайы көркемдiк тереңдiк композиция құрылымына сөз араласқанда ғана игерiлмек. Ал көркем шығармадағы сөз дегенiмiз – автордың дара тiлi, өзiндiк стиль машығы. Көркемдiк талаптың ең маңызды шарттарының бiрi – композициялық тәсiлдердiң тiлдiк тәсiлдермен тығыз ұштасуы.
Композицияның iшкi мiндетiне көркем ой мен сезiмнiң үздiксiз қозғалысын реттеу жатады. Ол үшiн композицияның әрбiр бөлшегi бiр- бiрiмен тығыз байланыста болуы шарт. Композициялық тұтастық пен сол тұтастықты құрайтын бөлшектер арасындағы байланыс қана көркем композиция кемелдiгiнiң белгiсi. Композициялық бөлшектер дегенiмiз қандай бөлшектер? Әрқайсына жекелей сипаттама берiп өту де артық болмас едi. Эпикалық шығармалардың құрылымында жиi кездесетiн композициялық бөлшектiң бiрi – лирикалық шегiнiс. Лирикалық шегiнiстiң эпикалық дүниеге тән болуының себебi неде дейтiн болсақ, драмалық шығармаларда автор сөзiне орын жоқ, ал лирика дегенiмiздiң өзi автордың көңiл-күйiнiң саналуан көрiнiсi.
Достарыңызбен бөлісу: |