Хроникалы сюжет деп сан алуан оқиғаларды хроникалық реттiлiкпен, яғни уақыт жағынан бiрiнен бiрiн өрбiте бейнелейтiн сюжеттердi айтамыз. Бiр орталыққа шоғырланған сюжеттерде оқиғалар уақыт тұрғысынан ғана ұштасумен шектелмейдi, сол оқиғалардың өзара байланыстылығы, олардың болуының түпкi себептерi тереңнен дәлелдене көрiнедi.
Романға тән тұтастық қасиет ондағы суреттелген оқиғалар мен құбылыстардың, бейнелердiң сюжеттiк бiрлiгiнен ғана танылмайды, сонымен қатар автордың ақиқат өмiрге деген көзқарасы мен көркемдiк бейнелеу тәсiлдерiнiң бiрлiгiнен де көрiнедi. Мысалы, “Абай жолы” романындағы алуан тағдырлар, тұрмыс суреттерi, қақтығыс-тартыстар, тарихи оқиғалар көрiнiсi, философиялық ой-толғамдардың қай-қайсы да автордың дүниетанымы, өмiр заңдылықтары мен адам болмысының мәнi жайындағы қаламгер түсiнiгi арқылы өзара байланысып, тұтасып жатады. Романның шын мәнiнде өркендеуi XIX ғасыр еншiсiнде. Осы кезеңнен бастап романның түрлi жанрлары, яғни әлеуметтiк, саяси, тарихи, философиялық, психологиялық, тұрмыстық, фантастикалық, детектив, т.с.с. романдар кеңiнен қанат жайды. XIX ғасырда роман әдебиеттiң өзге жанрларының жетiстiктерiн өз бойына дарыта отырып, кемелдене түстi. Өмiрдiң алуан жақтарын қамти көрсетуге, адам болмысының әлеуметтiк қырларына сыншылдықпен үңiлуге, қаһарманның iшкi әлемiне тереңдей бойлауға бет бұрды. Әсiресе, психологиялық роман бұрын-соңды болмаған жетiстiктерге жеттi. Роман-эпопея туды. Қазiргi таңда да роман өзiнiң тарихи маңызын жоймаған әдеби түрлердiң бiрi екенi белгiлi. Повестiң романға бiршама жақын келетiн тұстары бар екенi рас. Повесте де романдағы сияқты, қаһарманның сипаты, қоршаған орта, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынас эпикалық тұрғыдан кеңiнен суреттеледi. Дегенмен роман мен повесть арасында айырмашылық бар. Бұл айырмашылық олардың ақиқат өмiрдi бейнелеудегi идеялық-эстетикалық даралығынан танылады.
Романға қарағанда, повесте қамтылатын материал көлемi шағын болып келедi. Алайда, повесте қамтылған мәселе барлық қырынан дерлiк мұқият қарастырылып, мейлiнше айқын суреттеледi. Сонымен бiрге, повесте автордың өзi бейнелеп отырған құбылыстарға, адамдар бейнесiне деген көзқарасы анағұрлым күштi сезiледi. Яғни повесте субьективтiлiк элемент басым танылады. Повесте, әңгiмедегi сияқты, ауызша баяндауға тән белгiлердiң де сақталатыны бар. Сонымен бiрге кейiпкердiң дамуы, ортаның адамгершiлiк, әлеуметтiк,экономикалық жағдайы, жеке адам мен қоғамның өзара байланысы да бейнеленедi. “Әңгiме” терминi әдебиеттануда әдеби түр және әдеби жанр ретiнде екi мағынада қолданылады. Әңгiменi осы екi мағынаға байланысты қарастырып көрелiк. Бiрiншiден, әңгiме – бiртұтас көркем оқиғаны баяндай бейнелеуге арналған, мәтiн көлемi шағын әдеби түр. Демек, әңгiмеге тән негiзгi белгiлер – оқиға бiрлiгi мен шағын көлем. Көлем дегенде, мәселе әңгiме жазылған парақ санына емес, қаламгердiң бейнелеу тәсiлдерiне қатысты. Қаламгер әңгiме жазу барысында бейнелеу құралдарының ең ықшам түрлерiн үнемдi қолдануға ұмытлады. Мысалы, повесть пен әңгiме өзегiне алынған бiр ғана фабула көркем сюжетке айналған кезде повесте кең ауқымда, әңгiмеде мейлiнше шағын көлемде көрiнiс табады. Себебi повесте оқиға түрлi қырынан жан-жақты бейнеленедi де, әңгiмеде қаламгер оқушы зейiнiнiң ең маңызды мәселеден ауытқымауы үшiн оқиға тұастығын сақтауға ұмтылады. Әңгiмедегi оқиға тұтастығы қаламгер мақсатының бiрлiгiнен туындайды. Нәтижесiнде шығармадағы оқиға мен қаламгер ойының бiрлiгi әңгiме әсерiнiң тұтастығына ықпал етедi.
Әдеби түр ретiндегi әңгiменiң тарихи қалыптасқан екi жанры бар: бiрiншiсi – әңгiме (жанр мағынасында), екiншiсi – новелла. ерекшелiктерге тоқталып өтелiк. Новеллаға өткiр тартыс, драматизмге толы сюжет тән болып келедi де, көбiнесе оқыс шешiммен аяқталып отырады. Бұған мысал ретiнде Дж.Боккаччо, Ф.Саккетти, Маргарита Наваррская, Э.Т.А.Гофман, Э.А.По, П.Мериме туындыларын атауға болады.
Новелладағы әрекет драматизмi автордың ой ағымындағы драматизммен, тартыс өткiрлiгi шығарманың өне бойында бiрiн-бiрi жоққа шығарып жататын көзқарастардың алуан түрлiлiгiмен байланысты. Ал жанр мағынасындағы әңгiмеде сюжет те, ой да мүлде басқаша сипатта көрiнедi. Әңгiмедегi оқиға тұтастығы арқылы өмiрлiк мәңгiлiк заңдылықтар бейнеленедi. Новеллаға драматизм тән болса, әңгiмеге көбiнесе лиризм етене болып келедi. Қалай болғанда да әдеби түр ретiнде әңгiме дүниенi драмалық қайшылықтар мен лирикалық тұтастыққа бейiмдей отырып, көркем бейнелеуге ұмтылады. Соған орай, новелла мен әңгiме жанры өзара тең дәрежеде бiрiн-бiрi толықтырып отыратын өмiрлiк шындықты бейнелеу тәсiлдерi, бiр әдеби түрдiң екi жанры болып табылады. Лирика мен эпос – әдеби тек, поэма – әдеби түр. Түр тектен өрбидi. Ал поэма әдеби түр ретiнде эпосқа тән. Себебi – поэма (грек тiлiнде poiema, түбiрi poieo – “жасаймын, туындатамын”) – өлең сөзбен жазылған сюжеттiк желiсiнде әңгiмелеу сипаты басым көлемдi туынды. Эпикалық сюжетпен қатар таза лирикалық сюжетке құрылатын поэмалар да кездеседi. Бұл орайда оның романмен белгiлi бiр дәрежеде ұқсастығы бар. Айырмашылық – көбiнесе романның проза тiлiнде, поэманың поэзия тiлiнде жазылуында. Ал поэзия тiлi мен проза тiлiнiң шығарма сипатына әсер ететiнi жайында “Өлең және өлең сөз” жайындағы әңгiмемiзде азды-көптi әңгiмелеп өткенбiз. Поэманың өлең сөзбен жазылатынына қарап оны лирикаға тели салуға болмайды. Шығармаға лирикалық сипат тән болса ғана, ол шығарма лирикалық поэма болып есептеледi. Поэмада көтерiлген проблемалар, тақырып пен идея, сюжет пен композиция, қаһармандар жүйесi, т.с.с. барлығы да эпикалық кең тынысқа негiзделедi. Сондай-ақ, қара сөзбен жазылған поэмалар бар екенiн де ескерген жөн. Мысалы, Ғ.Мүсiреповтiң “Кездеспей кеткен бiр бейне” поэмасы. Әрине, эпосқа тән әдеби түрлер жоғарыда сөз болған эпопея, роман, повесть, әңгiмелермен ғана шектелмейдi, сонымен қоса олардың қатарына очерк, мысал, аңыз, ертегi, мифтер де енедi. Лирикалық түрлерге ода, сатира, элегия, баллада, идиллия, мадригал, сонет, т.с.с., драмалық түрлерге трагедия, комедия, драма жатады. Бұл түрлер жайында белгiлi зерттеушiлердiң әдебиет теориясына арналған еңбектерiнде жан-жақты мағлұмат берiлгендiктен, сол еңбектердi оқуға кеңес беремiз. “Жанр” сөзi француз тiлiнен аударғанда “тек” деген мағына бередi. Қазiргi таңда тек категорияларына жатқызылып жүрген эпос, лирика, драмаларды бұрынғы кезеңдерде жанр деп атаған. Бұдан “жанр” ұғымының ”түр” ұғымымен бiршама мәндес екендiгi байқалады. Шындығында әр жанр
– ұдайы жетiлiп, даму үстiнде болатын жанды құбылыс. Барлық әдеби жанрлар бiрлесе келiп, ақиқат өмiрдi шығармашылықпен жаңғырта жасаудағы көркем сөздiң мол мүмкiндiгiн танытатын тұтас жүйенi құрайды. Бұл жүйеде әрбiр буынның өз орны бар. Сол себептi бiр жанрды екiншiсiнен жоғары қоюға болмайды. “Жанр” терминi кейде әдеби түр терминiмен бiрдей қолданылып, ”түр” ретiнде шығармалардың ең iрi топтары (мысалы, роман) аталады; алайда керiсiнше қолдану да жиi кездеседi. Мысалы, роман – жанр, тарихи роман – түр. Әдеби шығармаларды жанрларға бөлу тұтастай бiр ұстанымдар жүйесiне негiзделедi. Бiрiншiден, әдеби шығармалар әдеби тектер бойынша, яғни эпикалық, лирикалық, драмалық болып топтастырылады. Одан кейiн бiр тек аясындағы шығармалар тобы өздерiнiң негiзгi эстетикалық сапа- қасиеттерi бойынша комедиялық, трагедиялық, элегиялық, сатиралық, т.с.с. болып сараланады. Алайда бұлай бөлу, кейбiр дәуiрлерде (мысалы, антикалық дәуiрде) оңай болғанымен, кейiнгi кезеңдерде едәуiр күрделi мәселеге айналды. Себебi кейiнгi әдеби даму процесiнде жанрлардың тоғысуы дәстүрге айналды. Мысалы, эпикалық поэмалармен қатар лирикалық поэма немесе, керiсiнше, эпикалық сатира (мысалы, Дж. Свифт, Вольтер, М.Е.Салтыков-Щедрин шығармашылығы) да дамыды. Сонымен бiрге сан алуан лиро-эпикалық жанрлар пайда болды. Мәселен, романтизм дәуiрiнiң поэмалары, очерк пен эссенiң түрлi үлгiлерi, қазiргi әртүрлi өлең жанрлары. Екiншi жағынан, Қайта өрлеу дәуiрiнен бастап әдебиетте тұтастай жанрлық желi – новелла, роман, сәл кейiнiрек түр мәнiндегi драма сияқты үлгiдегi “орта” жанрлар жаңадан пайда болды. Классицизм әдебиетiндегi “жоғары”, ”төмен” және ”аралас” жанрларға қарағанда, бұл жанрларда өмiр күнделiктi қалпындағы сан алуан қырымен игерiледi. Және де бұлардың қалыптасқан табиғи сыртқы формасы – проза болып табылады, сол себептi де олардың эстетикалық сапа-белгiсiн негiзiнен прозалық сипат айқындайды. Ал бұрынғы дәуiрлердiң бәрiнде де туындының сыртқы формасы өлең болғанын бiлемiз.
Сонымен, жанрларды жiктеудегi басты белгiлер негiзiне – шығарманың белгiлi бiр әдеби текке тән болуы, сондай-ақ басым көрiнетiн эстетикалық сапа-белгiсi алынады. Бiрақ бұл да аздық ететiндiктен, үшiншi ұстаным, яғни шығарманың көлемi мен соған сәйкес жалпы құрылымын тану ұстанымы қажет. Көлем көбiнесе негiзгi екi жағдайға – тек пен эстетикалық “үндестiк” (тональность) мәселесiне тiкелей қатысты. Лирика көлемi қашанда шақтаулы, драмада сахна талаптарына сәйкес қалыптасқан өлшем бар; екiншi жағынан, қаһармандық пен трагедиялық кең тынысты қажетсiнетiнi және бар, ал асқақ патетика немесе элегиялық сарындардың мейлiнше “кең құлаш жазуға” мүмкiндiгi жоқ. Сонымен қатар, жанрлық өлшемдердiң автор ойына байланысты өзiнше даралық негiздемелерi болады да, сол ой-жоспарға сәйкес прозалық эпостың үлкен (роман), орта (повесть) және кiшi үлгiлерi (әңгiме) жасалады. Әдебиеттану қырынан қарағанда, стиль – жазу машығы, яғни жазушының, жеке шығарманың, әдеби бағыттың, ұлт әдебиетiнiң өзiндiк сипатын танытатын образдар жүйесiнiң, көркемдеу құралдарының тұрақты жиынтығы. Стильдiң өзге поэтикалық категориялардан, әсiресе, көркемдiк әдiстен басты айырмашылығы – оның нақты жүзеге асқан үлгiде көрiнуiнде. Стильдiк ерекшелiктер көркем шығарманың сыртқы пiшiнiнен бастап, бүкiл болмысында көзге ұрып тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |