Не журналистика кафедрасы


Пайдаланылатын әдебиеттер



бет36/69
Дата12.12.2023
өлшемі0.98 Mb.
#486228
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   69
ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ. КЕШЕН

Пайдаланылатын әдебиеттер:




  • 1.Ривкин Д., Райан М.Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 1-том / ауд. М.Ибрайымова, О.Кенжебаев, Ж.Қожабекова, "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 568 б




    2.Ривкин Д.,Райан М.Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 2-том / ауд. А.Исембердиева, Н.Құдайберген, Ә.Құранбек [ж.т.б.]; "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 372 б.
    3.Ривкин Д.,Райан М..Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 3-том / ауд. Ж.Жұмашева, Ә.Исембердиева, М.Төлеген [ж.т.б.]; "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 440 б

  • 4. Ривкин Д.,Райан М.Әдебиет теориясы: Антология [Мәтін]: 4-том / ауд. А.Шәріп; "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры.- Алматы, 2019.- 452 б.

  • 5.А.Қалшабек. Әдебиеттану ғылымына кіріспе. - Астана, Фолиант, 2016

  • 6.Ғазиз Райыс. Сөз өнері теориясы. ­-Алматы, Таңбалы баспасы, 2010.

  • 7.Г.Пірәлиева. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеттануы. –Алматы, 2010

  • 8.Ж.Камалқызы. Қазақ әдебиетінің теориялық және әдістемелік мәселелері. – Алматы, 2017

  • 9.С.Мақпыров. Адамтану өнері. – Алматы,Арыс, 2009

  • 10.А.Ісмақова Асыл сөздің теориясы.- Алматы, Таңбалы баспасы,2009

  • 11. Т.О.Есембеков. Көркем мәтін теориясы:оқу құралы.-Алматы: Қазақ университеті, 2015.-186 б.

  • 12.Т.У. Есембеков. Көркем мәтін поэтикасы Оқу құралы. -228 б. 2012; 2020 А. Қазақ университеті

    Көркем әдебиеттiң бiрде өрлеп, бiрде тоқыраған көптеген ғасырлық тарихы бар. Әдебиет дамуы тарихында өрлеу мен тоқыраудың алма-кезек ауысып келiп отыруының сыры түрлi қоғамдық дәуiрдегi әрқилы жағдайларға байланысты. Ал өнердiң кеңiнен қанат жаюы үшiн шынайы адамдық қасиеттердiң қалыптасып, дамуына оң ықпал тигiзетiн әлеуметтiк- тарихи негiз керек. Өнердiң өркендеуiне қолайлы жалпы қажеттiлiктердi ескере отырып, әдебиет дамуының заңдылықтарына қатысты кейбiр мәселелердi зерделеп көрелiк. Бұл орайда өнер туындыларының тарихи нақты даралықтары мен олардың тұрақты мәнi туралы мәселеге соқпай кету мүмкiн емес. Сондықтан әңгiме арнасын осы мәселе төңiрегiнде өрбiтелiк.


    Ұлттық дамудың әрқилы қоғамдық қарым-қатынастары мен ерекшелiктерi, қалай болғанда да, өнер туындыларының мазмұны мен нақты тарихын белгiлейдi. Мысалы, хандық дәуiр – жыраулар поэзиясы, Абылай – Бұқар, қоғамы мен Абай, т.с.с. Демек, тарихи дамудың түрлi кезеңдерiндегi қоғамдық таным аясының ұлғаюы әдебиетке өз iзiн, сәулесiн түсiредi. Бұл тұрғыда, яғни даму процесiндегi сабақтастық мәселесiне байланысты қарастырсақ, ғылыми-техникалық шығармашылық пен көркем шығармашылық арасында елеулi айырмашылық барын байқаймыз. Таным дамуы барысында ғылыми-техникалық өнiмдер бiртiндеп өз мәнiнен айырылуы немесе жаңадан пайда болған өнiмнiң жекелеген бөлшектерiне айналуы мүмкiн. Ал шынайы өнер туындылары қай кезеңде жасалса да, қатар жасай бермек.
    Өнер туындыларының озық үлгiлерiнiң мәңгiлiк маңызын жоғалтпауының бiрнеше шарты (мәнi) бар. Бiрiншiден, белгiлi бiр кезеңдегi ақиқат өмiрдiң және сол кезеңдегi нақты бiр көркем туындыда көрiнiс тапқан адам санасы деңгейiнiң өзiндiк ерекшелiгi; екiншiден, уақыт жағынан айырмасына қарамастан, адам дамуының ортақтығы, яғни төменнен жоғарыға қарай өсу ерекшелiгi.
    Әрбiр тарихи дәуiрдiң қайталанбас өзiндiк ерекшелiгi болатыны сияқты, белгiлi бiр кезеңге тән адамдардың ой-сезiмдерi де тура сол сипатта, сол қалпында ешқашанда қайталанбайды. Жеке адам болмысы да сондай. Сондықтан да әрбiр саналы адам баласы адамзаттың тарихынан маңызды орын алған барлық рухани игiлiктердi өз бойына сiңiруге ұмтылады.
    Әр ұрпақ өзiнен бұрынғы бiлiмдi, тәжiрибенi игеру арқылы дамиды. Әдеби дамудағы сабақтастық дегенде, ескеретiн жәйттер бар. Мәселен, әдебиеттегi идеялардың, көркем бейне типтер мен бейнелеу құралдарының сабақтастығына қатысты сөз қозғағанда, олардың өзiндiк ерекшелiктерiн айыра бiлу қажет. Нақтылай айтқанда, идея сабақтастығын көзқарастары жағынан бiр-бiрiне жақын қаламгерлерден байқасақ, бейнелеу құралдарының сабақтастығын түрлi идеялық бағыттағы қаламгерлерден де аңғаруға болады. Оның сыры әдеби суреттеу құралдары мен тәсiлдерiнiң дамуындағы iшкi заңдылықтарға байланысты. Себебi – көркемдiк құрал- тәсiлдер (мысалы, тiл) түрлi идеялық мақсаттарға бiрдей қызмет ете бередi. Идея сабақтастығы әлеуметтiк күштердiң дамуындағы жалғастық көрiнiсi болып табылады. Бұл дегенiмiз жаңа дәуiрде бұрынғы ой- идеялардың қаз-қалпында қайталануы емес, жаңа жағдайға байланысты жаңа түр иеленiп, бұрынғы идеяны тереңдете, толықтыра түсу екенi түсiнiктi болса керек. Қаһармандардың белгiлi бiр типi қоршаған дүниедегi шындықтан келiп шығады. Бiр-бiрiмен тығыз байланысып, бiр-бiрiнен туындап, өрбiп жататын әдеби типтердi кез келген ұлт әдебиетiнен көре аламыз. Мысал ретiнде барлық халықтың әдебиетiнде кездесетiн күрескер қаһармандар немесе түрлi кейiптегi ұнамсыз бейнелердi айтуға болады. Қандай сипатта болса да, әдеби қаһарманның жаңа типi өзiнен бұрын жасалған бейнелердiң бойындағы маңызды белгiлердi, қоғамдық мәндi қасиеттердi өз бойына дарыту, дамыту арқылы туады. Бұл көп жағдайда әдебиет дамуына ықпал еттi. Идея сабақтастығы үздiксiз жалғасатын болса, әдеби типтер сабақтастығы кей тұстарда үзiлiп қалып, араға уақыт салып жалғасуы да мүмкiн. Белгiлi бiр тарихи жағдайда туған көптеген типтер қоғамдық өмiр өзгерген тұстарда көркемдiк сахнадан ығысуы немесе мүлдем кетуi ықтимал. Көркемдiк бейнелеу құралдары сабақтастығының дамуында да өзiндiк ерекшелiктер бар. Әр қаламгер өз туындысының мазмұнын ашу мақсатында сан алуан тiлдiк тәсiлдердi қолданады. Олардың идеядан басты бiр айырмашылығы түрлi қоғамдық позиция ұстанған қаламгерлер туындыларында бiрдей қолданыла беруiне шығады. Мыс., Абай– Шортанбай, Сәкен – Мағжан, т.с.с. Қалай болғанда да, кез келген жаңашыл ақынның өзi өзiнен бұрынғы қаламгерлер қол жеткiзген тәсiлдердi игеру арқылы дамиды. Шығарманың көркемдiк бөлшектерiне де осы сипат ортақ. Идеялық алшақтығына қарамастан, қаламгерлер поэтикалық құралдарды бiрде пайдаланады. Оның мәнiсi ұлттық мәдениеттiң ортақтығына байланысты. Оған дәлел ретiнде барлық халықтың өлең үлгiсiн алуға болады. Сонымен, өнер мен әдебиет дамуындағы сабақтастық мәселесi әрбiр қаламгердiң қоғамдық қажеттiлiктер арасынан өзi аса мәндi, маңызды, дәуiрмен үндес деп таныған жағдайларына қатысты өрбидi. Нағыз өнер туындыларында бұрын қолданылған көркемдiк бейнелеу құралдары өткенге оралу мақсатында емес, өз дәуiрiне, келешек игiлiгiне пайдалану үшiн қызмет етедi.
    Әдебиет дамуындағы дәстүр сабақтастығына баса назар аудару жаңашылдықты жоққа шығару болып табылмайды. Себебi, ұлы қаламгерлер көркемдiк даму тәжiрибесiне сүйене отырып, осы тәжiрибенiң қажеттi тұстарын пайдалана отырып, өз туындыларында өздерiнiң жаңа пiкiрлерiн жеткiзедi. Өнердегi жаңашылдық жайын сөз еткенде, ғылыми ой дамуындағы тәрiздi, өткен күндердiң тәжiрибелерi жан-жақты игерiлiп, сын сүзгiсiнен өтiп, толығып, байып, жаңа түрге енiп, жаңа көркемдiк деңгейге көтерiлiп отыратынын ұдайы есте сақтау қажет. Соған орай өткеннiң озық дәстүрiн жалғастырушылар көркемдiк дамуға өзiнiң айрықша үлесiн қосқан жаңашылдар болып табылады. Мысалы, Абайдың және М.Әуезовтiң сыншыл реализмi. Қаламгердiң жаңашылдығы мен оның өз алдындағы iзашарлармен арасындағы сабақтастық байланысын танып-бiлудiң маңызы зор. Мұны танып-бiлмейiнше, қандай да бiр қаламгердiң әдебиет тарихындағы орны мен әдеби үрдiстегi ролiн айқындау мүмкiн емес. Әдеби үрдiс мәселесiн қарастыру көптеген күрделi проблемаларды шешуге ықпал етедi. Бұлардың негiзгiлерi ретiнде поэтикалық идеялар мен түрлердiң бiр-бiрiне ауысу (ұласу) заңдылықтарын, ескiнiң жаңаға орын беруiн, соның әсерiнен әдеби стильдердiң, бағыттардың, ағымдар мен әдiстердiң, мектептердiң, т.с.с. өзгеруiн атауға болады. Қаламгерлер адам мен дүниенi танып-бiлу ұстанымдарын өзгертуге ықпалды жаңа көркемдiк жаңалықтарымен әдеби үрдiске араласады. Бұл жаңалықтар тақыр жерде жасалмайтыны да түсiнiктi. Әр қаламгер адамзаттың көркемдiк дамуында жинақталған дәстүрлерге, өз халқының және әлемнiң әдебиетiн қамтитын әдеби үрдiске қатысушылардың, уақыт жағынан замандас немесе мүлдем алшақ тұрған iзашарлардың тәжiрибелерiне сүйенедi. Осыған орай әдеби үрдiстi көркемдiк идеялар күресi, нақтылай айтқанда, өз бойына өзi тақтан тайдырған ескiнiң жақсылықтарын дарытқан жаңа мен ескiнiң тартысы деуге болады.
    Әдеби үрдiс қалайша көркемдiк идеялар күресi болады? Әрбiр әдеби бағыт (ағым) өзiнiң көшбастаушылары мен теоретиктерiн алға шығарып, солар арқылы әдебиет дамуындағы мәнiнен айрылған ескiнi ығыстырып, өздерiнiң жаңа шығармашылық ұстанымдарын ұсынады. Мәселен, XVII ғасырда Францияда барокко стилiн ығыстыру арқылы классицизм ұстанымдары көркемдiк сахнасына көтерiлiп, поэтика өнерiнде өзiнiң қағидаларын қалыптастырды. XIX ғасырдың бас кезiнде романтиктер классицизм қағидаларының қай-қайсын да жоққа шығарып, “көркем ойдың қасаң қалыпқа сыймайтындығын” жария еттi. Бұдан соң реалистер романтиктердiң субьективизмiн терiске шығарып, өмiрдi обьективтi тұрғыдан, шынайы көркемдiкпен бейнелеудi алға қойды. Бұл орайда бiр бағыттың (ағымның, әдiстiң) өзiнде де түрлi кезеңдер болып жататынын ескермеуге болмайды. Мысалы, бiр ғана реализм әдiсiнiң өзi ағартушы реализм, психологиялық реализм, сыншыл реализм, социалистiк реализм сияқты сатыларды бастан өткердi. Сонымен қоса, өнер мен әдебиет тарихындағы көркемдiк жаңалықтардың өзiнен бұрынғыны мүлдем сызып тастамайтынын да есте тұту керек. Бiрiншiден, адамтанудың “ескi” ұстанымдары негiзiнде жасалған ұлы туындылар оқырмандардың жаңа буынына әсер-ықпалын жоғалтпастан, рухани қажетiн өтей бередi. Екiншiден, осы “ескi” ұстанымдардың өзi жаңа дәуiрлерде де көркемдiк заңды жалғасын тауып жатады. Мысалы: қазiргi поэзиядағы жыраулық дәстүр үлгiсi немесе прозадағы мифтiк, фольклорлық желiлер, т.с.с. Үшiншiден, өзiнен бұрынғылардың тәжiрибесiн қаншалықты сынға алғанымен, қаламгер олардың шығармашылығының қандай да бiр жақтарын пайдаланып отырады. Мысалы, XIX ғасырдағы психологиялық реализм (Стендаль, Достоевский) жеңiсiне жол ашқандар жеке адамның жан әлемiне тереңдей үңiлген романтиктер екенi анық. Қысқасы, жоғарыда айтып өткенiмiздей, жаңалық дегенiмiз – өз бойына соны сипат жинақтаған ескiнiң өзi. Әдеби үрдiстi дұрыс түсiнуде әлем әдебиетiнiң ұлттық әдеби үрдiске, ұлттық әдеби үрдiстiң әлемдiк әдебиетке әсерiн пайымдау да маңызды роль атқарады. Әдеби үрдiс, әсiресе, әдеби жанрлар тарихынан айрықша байқалады. Мәселен, роман дамуын қарастыратын болсақ, сол арқылы көркемдiк әдiстер мен бағыттардың (ағымдардың) алмасуын да байқай алар едiк. Мысалы: М.Сервантестiң “Дон Кихоты” Қайта өрлеу дәуiрiне, Д.Дефоның ”Робинзон Крузосы” Ағарту кезеңiне, В.Гюгоның ”Париж Тәңiриясының Соборы” романтизм дәуiрiне, О.де Бальзак, Ч.Диккенс, И.С.Тургенев, Ф.М.Достоевский романдары сыншыл реализм кезеңiне Социализм дәуiрi М.Шолоховтың ”Тынық Донын”, М.Әуезовтiң ”Абай жолын” тудырды. Бұл тұста баса назар аударатын мәселенiң бiрi – әдеби үрдiстiң түрлi елдерде ұқсас кезеңдердi бастан өткерiп, жанр, әдiс, стильдер дамуы сол кезеңдердi бейнелейтiндiгi. Әдеби үрдiске ғылыми тұрғыдан берiлетiн анықтама қандай? “Әдеби үрдiс” – XX ғасырдың 20 – 30-жылдары шенiнде пайда болса да, тек 60-жылдардан бастап қана кеңiнен қолданысқа енген термин. Бұл ұғымның өзi XIX – XX ғасырлар бойында әдебиеттi түсiну дәрежесiне қарай өзгермелi тарихи тұтастық ретiнде қалыптаса бастады. Мәселен, XIX ғасырда “әдеби даму”, ”дәуiрдiң әдеби өмiрi” деген үлгiде терминдiк сипат алды. Бiздiң дәуiрiмiзде әдеби үрдiс терминi алғашында сында, әсiресе, әдеби шолуларда көрiнiс тапты. XX ғасырда ағымдағы әдеби үрдiстi сараптау, сонымен қатар оған ықпал ету мәселелерi баспасөздегi пiкiрталастардың, жазушылар жиындарының өзегiне айналды. Қазiргi таңда әдеби үрдiс дегенде ненi түсiнемiз дегенге келер болсақ, әдеби үрдiс әдебиеттiң әлемдiк, аймақтық, ұлттық көлемдегi белгiлi бiр кезеңiн, сондай-ақ тұтастай тарихын қамтитын туу, қалыптасу және дамуынан тұратын тарихи қозғалыстағы ағымы. Әдеби үрдiс өз бойына әрбiр тарихи кезеңге тән әлеуметтiк, идеологиялық, эстетикалық тұрғыдан түрлi деңгейдегi (яғни көркемдiк құндылығы өте жоғары туындылардан бастап, қарабайыр әдеби шығармаларға дейiн) көркем туындыларды, соған орай олардың қоғамдық өмiрде тiршiлiк ету түрлерiн де (форма бытования), яғни жарияланымдар, басылымдар, әдеби сын, оқырмандар хаты, т.с.с. тоғыстырады. Әдеби үрдiс, бiр жағынан, эстетикалық, рухани-адамгершiлiк құндылықтардың жиынтығы, айнымас гуманистiк концепциялардың ұлғаюы болып табылады. Әдеби үрдiс кейде белгiлi бiр кезең аралығында өзiмен-өзi тұйықталған ұлттық немесе аймақтық сипатта болуы мүмкiн. Мысалы, социалистiк реализм. Әдеби үрдiстiң маңызды жақтарының бiрi – көркем әдебиеттiң өзге өнер салаларымен, сондай-ақ мәдени, тiлдiк, идеологиялық, қоғамдық құбылыстармен өзара тығыз байланыстылығы. Әсiресе, XIX ғасырдың өне бойында әдеби шығармашылық қоғамдық-саяси қозғалыстармен қоян-қолтық байланыста болды. Мысалы, Декабристер әдебиетi,, Париж Коммунасы (1871) әдебиетi, Чартистiк әдебиет, т.с.с. Әдеби үрдiс қоғамдық-саяси көзқарастармен бiрге, философиялық концепцияларды өзiнше қабылдап, өзiнше тұжырымдауға да қабiлеттi. Бұған мысал ретiнде немiс романтиктерiндегi фихтешiлдiк пен шеллингшiлдiк сипаттарды келтiруге болады. Соңғы ғасырлардағы әдеби үрдiске тән басты сипаттар ретiнде дәуiрдi әдеби тұрғыдан “танып-бағалауға ұмтылушылық” (әдеби шығармашылық бағдарламалар, әдеби манифестер) пен түрлi идеялық-көркемдiк бағыттар мен ағымдардың күресiн (романтиктердiң классицистермен, реалистердiң романтиктермен, т.с.с.) атауға болады.
    Жанр туралы айту үшiн “әдеби тектер” мен “әдеби түрлер” жайында айқын түсiнiк болуы керек. Өйткенi, әдебиеттегi “тек”, “түр”, “жанр” ұғымдары бiрiмен-бiрi тығыз байланысты мәселелердi белгiлейдi. Алайда, қазiргi таңға дейiн осы ұғымдардың жалпыға ортақ қалыптасқан анықтама, шекарасы жоқ. Бiреулер, сөздiң түпкi мәнiне сүйене отырып, “әдебиеттегi тек” дегеннiң орнына ”жанрды” пайдаланып, оның түрлi қолданыстағы үлгiлерiн түр және сол түрлердiң алуан түрлiлiгi деп таниды. Келесi бiреулердiң пiкiрiнше, “тек” ұғымы ретiнде бейнелеу тәсiлдерi, яғни эпикалық, лирикалық, драмалық тәсiлдер түсiнiлiп, ”түр” мағынасында эпикалық, лирикалық, драмалық әдебиеттiң алуан формалары (роман, ода, комедия) қолданылады да, “жанр” ұғымы әдебиеттегi түрлердiң әрқилы үлгiлерi (тарихи роман, сатиралық комедия, саяси ода) ретiнде көрiнедi. Мұндай әр қилы пiкiрлердiң болуының себебi әдебиеттiң дамуы, бiр жағынан, әдеби туындылардың көбейiп, күрделенiп жататын түрлiк және жанрлық формаларымен, екiншi жағынан, әдеби әдiстердiң туып, алмасуымен де тығыз байланысты. Адамзаттың әдебиетке жүктеген мiндеттерiнiң шешiлу жолдарын айқындайтын, қазiргi уақытта пайдаланылып жүрген әдеби бейнелеу тәсiлдерi немесе эпикалық, лирикалық, драмалық тектерi тым ерте дәуiрлерде жасалған. Эпикалық тәсiл қаламгердiң өзiн қоршаған дүниенi көркемдiкпен жаңғыртуына негiзделген. Лирикалық тәсiл өмiрдiң түрлi құбылыстарынан туындаған ой-сезiмдердi ақынның тiкелей бейнелеуiне бағытталады. Драмалық тәсiл алғашқы екеуiнiң мүмкiндiктерiн өз бойына бiрiктiредi, яғни пьесадағы түрлi кейiпкерлердiң мiнездерi өздерiн-өздерi тiкелей көрсетуi арқылы ашылады. Аталған үш тәсiлдiң әдебиет тәжiрибесiнде өзара байланыстылығына және қаламгердiң нақты қолданысындағы формалардың сан түрлiлiгiне қарамастан, аталмыш үш тектiң негiзгi ұстанымдары өзгерiссiз қалпында ғасырлар бойына әдебиет туындысының сипатын айқындап келедi. Әдебиет тектерiнiң бұл тұрақтылығын оңай түсiндiруге болады. Адам нақты бiр қоғамдық жағдайларда дамиды, белгiлi бiр әрекеттер, ойлар мен толғаныстар арқылы өзiн-өзi танытады; табиғатқа, бiр-бiрiне, өзiне-өзi түрлi қарым- қатынаста болады. Эпос, лирика, драма өзара ұштаса отырып, халықтар өмiрiнiң тұтастай дәуiрiн қамтитын (мысалы, Гомердiң “Илиадасы”, Шекспирдiң ”Гамлетi”, М.Әуезовтiң ”Абай жолы”) аса күрделi қоғамдық үрдiстердi бейнелеуден бастап, бiр ғана адамның толғаныс-толқыныстарын көрсетуге дейiнгi (мысалы, Абай өлеңдерi) адам санасы мен өмiрдi терең де жан-жақты суреттеуге шексiз мүмкiндiктер ашады. Әдебиеттiң тектерi немесе тәсiлдерi жеке-дара тұрып әдеби шығарманың формасы бола алмайды, олар тек бейнелеудiң ортақ ұстанымдарын танытады. Бұл ұстанымдар әдеби даму процесiнде туып- қалыптасып жататын эпикалық, лирикалық, драмалық формалар арқылы жүзеге асады. Эпикалық бейнелеу эпопеяда, мысалда, поэмада, балладада, әңгiмеде, повесте, романда, очеркте, көркем мемуарларда iске асса, лирикалық тәсiл ода, элегия, сатира, эпиграммаларда қолданыс табады. Драманың жалпы ұстанымдары трагедия, комедия, драмада орын алды. Соған қоса, даму үрдiсiнде әдебиет тектерiне тән түрлi формалардың өзi iштей бөлiнiп кетедi. Мәселен, романның өзiн әлеуметтiк-психологиялық, философиялық, сатиралық, ғылыми-фантастикалық, тарихи, т.с.с. романдар деп қарастыруға болады. Осы жағдайларға сүйене отырып, әдебиет теориясы тек, түр, жанр деген үш ұғымға назар аударады. Ұдайы даму үстiндегi әдебиеттiң тектерi мен түрлерiн бөлудiң ортақ ұстанымын ажырату оңай емес. Эпикалық, лирикалық, драмалық туындылардағы түрлердiң алуан сипаттылығы адамдардың ұдайы дамып отыратын идеялық-танымдық талап- тiлектерiне сәйкес келедi. Десек те, қандай да бiр түр мен жанрды жасауда шешушi рольдi бейнелеу нысанына алынған нәрсенiң сипаты белгiлейдi. Мәселен, қаһармандық және сатиралық поэмаларды алайық. Қаһармандық поэма халық өмiрiндегi аса маңызды оқиғалардың бiрiн бейнелеп, сол халықтың өкiлiнiң қуаты мен ерлiк қасиеттерiн ашуға мақсат ұстанады. Мысалы, М.Жұмабаевтың “Батыр Баян” поэмасы. Сатиралық поэма, керiсiнше, өмiрдегi келеңсiз құбылысты алып, оның сырын әшкерелеуге бағыт алады. Басқа да көркемдiк түр элементтерi сияқты, түр немесе жанр да мазмұнды ашу құралдарының бiрi болып табылады. Алайда бұл мәселенiң салмағын жеңiлдетiп жiберуге әсте болмайды. Түр таңдау көп жағдайда қаламгердiң қабiлет-дарынына байланысты. Кейбiр қаламгерлер әдеби шығармашылықтың барлық түрiне де бiрдей қабiлеттi болып, өз туындысы үшiн қажеттi түрдi еркiн таңдауы мүмкiн. Мысалы, l.Жансүгiров шығармашылығында поэма да, роман да, фельетон да, өлең де кездеседi. Дегенмен көп жағдайда қаламгер дарыны бiр ғана немесе жекелеген әдеби түрлер арқылы ғана жарқырай танылады. Б.Майлин шеберлiгi прозалық және драмалық түрлерде жарқырай көрiнедi. Әдеби түрлердiң әрқайсының өзiне ғана тән мазмұны болуы мүмкiн бе? Әдеби түрдiң шығарма мазмұнына сәйкес келуiне қарап, қандай да бiр түр белгiлi бiр мазмұнға ғана тән деуге болмайды. Бiрдей жанрлар мен түрлердi әр түрлi идеялық бағыттағы қаламгерлер өзiнiң мақсатына орай әрқилы идеялық мақсаттарды шешу үшiн қолдана бередi. Мысалы, М.Жұмабаевтың “Батыр Баян”, С.Сейфуллиннiң ”Көкшетау” поэмаларындағы Абылай хан бейнесi. Әлбетте, қандай да бiр қаламгердiң идеялық-көркемдiк ерекшелiгi оның туындысының түрi мен жанрына тән өзiндiк сипатын белгiлейдi. Бiрақ бұл ерекшелiк қаламгер пайдаланған түр мен жанрға тән ортақ белгiлердi мейлiнше қоюландыра түседi. Себебi – жанрда әдеби құбылыстың құрылымдық-танымдық ерекшелiктерiне тiкелей қатысы бар белгiлер айқындалады. Шын мәнiнде, ода, элегия, лирикалық поэма, тұрмыстық комедия, роман-эпопея, т.с.с. жанрларды айтқанда, бiз әдеби туындының белгiлi бiр құрылым үлгiсiн ғана түсiнбей, сонымен бiрге ондағы өмiрлiк құбылысты бейнелеу сипатына тән ерекшелiктердi де түсiнгенiмiз орынды. Мәселен, тұрмыстық комедия мен элегияда, лирикалық поэма мен роман- эпопеяда бейнеленетiн өмiрлiк шындықтардың ауқым-аясы да, суреттелу мүмкiндiгi де түрлi деңгейде болатыны сөзсiз түсiнiктi. Өнер түрлерiнiң даралануы, сондай-ақ әдебиеттiң өзiнiң үш текке бөлiнуi – ұзақ тарихи даму нәтижесi. Көркем шығармашылықтың алғашқы сатысына синкреттiк сипат, яғни тұтастық сипат тән. Бұл кезеңде әдебиеттiң болашақ тектерi бiр-бiрiмен тұтасып, тығыз бiрлiкте ұшырасады. Мысалы, ауыз әдебиетiнiң үлгiлерi. Даму барысында синкреттiк сипат мәнiнен айырылып, өнердiң жекелеген салаларына бөлiнедi де, олардың өзi iштей тармақтала бастайды. Әдебиет те өзiмiзге белгiлi үш текке бөлiнiп, уақыт өте келе сол тектерден алуан үлгiдегi түрлер мен жанрлар даралана бастайды. Әрине, барлық халықтарда көркем шығармашылық бiрыңғай ретпен, бiрдей жүйемен дамымайтыны түсiнiктi. Қоғамдық қатынастардың өзiндiк сипаты, өмiр деңгейiнiң алуан түрлiлiгi әр халықтың ұлттық көркемдiк дамуын айқындағаны анық. Жекелеген ұлттар әдебиетiнде белгiлi бiр түрлер мен жанрлардың басым болып келуi қай кезде де ұлттық дамудың нақты қажеттiлiгiнен өрбидi. Қандай да бiр халықтың қоғамдық дамуындағы ұлттық-тарихи ерекшелiк әдебиеттiң тектерi мен жанрлық сипаттарына да әсер етедi. Мысалы, қазақ әдебиетi тарихындағы жыраулық поэзия, шешендiк өнер, XX ғасыр басындағы ағартушылық және ағартушылық-демократтық бағыт, т.с.с. Әдеби тектер, түрлер, жанрлар бiрiнен-бiрi өрбiп жататын ұғымдар. Әдеби тектердiң бөлiнiп шығуы алғашқы қауымдық құрылысқа тән көпшiлiк бiрлесе орындайтын ырым-жоралғылық синкреттiк әрекеттерден (мысалы, бәдiк), яғни көпшiлiк арасынан даралық сипаттардың айқындала бастаған тұсынан басталады да, эпоста халық өмiрi, лирикада iшкi толғаныс- толқыныстар, драмада адам болмысынан тыс құдiрет иесi – жазмышпен тартыс арқылы көрiне бастайды. Әрине, өнердiң алғашқы жалпылық сипаты мен даралық белгiсi бiрден ара-жiгiн ажыратып әкетпегенi де аян. Оған дәлел – көне грек трагедияларындағы кейiпкерлер мен хордың пiкiр алмасуы, кезектесе көрiнуiн атауға болады. Әдеби тектердiң әрi қарай даму үрдiсi бiрiне-бiрi жалғасып жататын жанрлардың өзгерiстерi арқылы жүзеге асады (мысалы, эпос эпопея, идиллия, мысалдан роман, повесть, әңгiмеге ұласты), сондай-ақ белгiлi бiр жанрдың нақты бiр бағытпен байланысы (мысалы, классицизмде лириканың маңызы төмен болса, романтизмде ол өз мәнiне толық ие болады) нәтижесiнде, белгiлi бiр текке тән байырғы белгiлердiң сiңiсуi (мысалы, лиро-эпостық дастандар, лирикалық және эпикалық драма пайда болды; эпос пен эпикалық, лирика мен лирикалық, драма мен драмалық сипаттардың тектiк түр және тектiк мазмұн ретiнде саралануы көкейкестi бола бастады; бұл жағдай аталмыш ұғымдардың бiр-бiрiмен бiржақты тәуелдiлiктен құтылып, алуан үлгiде өзара үндестiкте дамуына жол ашты). Әңгiмелеу құрылымына қарай диалог, авторлық баяндау, төл сөз бен аңыздық желiлердi бiрдей тоғыстырған роман – қазiргi таңдағы эпикалық негiздегi көркемдiк-эпикалық синтез көрiнiсi. Осыған ұқсас үлгi ретiнде драмалық негiздегi кино-телесценарийдi атауға болады. Iлкi синкретизммен ұласа келген әдеби тектердiң ара-жiгiнiң айырылуы мен даралануының ұзаққа созылған кезеңiнен соң, ХХ ғасырдағы әдебиетте әдеби тектердiң өзара жақындасуға ұмтылысы байқалды. Эпос, лирика, драманың әрқайсына жеке- жеке телiнiп келген ерекшелiктер ендiгi жерде сөздiк құрылымның жаңа үлгiлерiне орын бере бастады. Яғни көркем ой-пiкiрдiң субьектiсi мен обьектiсi арасындағы шарттылық шекарасы бұзылды. Мұның нышандары iшкi монологқа, аңыз-мифтерге, фольклорлық синкретизм дәстүрлерiне, ой- қиял мен шындық арасындағы шекараны жоққа шығаруға бейiм “ой ағымына”, т.с.с. құштарлықтан айқын көрiндi. Әдебиеттi тектерге саралай қарастыру мәселесi қалай дүниеге келген? Әдебиеттi текке жiктеу дәстүрi Аристотельдiң “Поэзия өнерi туралы” трактатынан басталып, әдеби тектердi қалыпты поэтика (нормативная поэтика) рухына негiздей отырып саралауды ұстанған француз классицизмiнде, сондай-ақ И.В.Гетеден Г.Гегельге дейiн қамтитын немiс классикалық эстетикасында жалғасын тапты. Әдеби тектер ұғымына Ресейде В.Г.Белинский философиялық-логикалық және гносеологиялық тұрғыдан жаңа мазмұнда қарастырды. Ең алғаш рет ежелгi грек философы Аристотельдiң “Поэзия өнерi жайында” атты трактатында (б.д.д. IV ғ.) белгiленген әдеби тектер теориясы дамудың ұзақ жолынан өтiп, сан қырлы ғылыми және философиялық тұрғыдан қарастырылды. Кей тұстарда бұл теория көркем шығарманың шын
    мәнiндегi алуан түрлiлiгiн ашып көрсетуге қабiлетсiз, тым бiр жақты деп те сынға ұшырады. Алайда әдебиеттi тектерге (топтастыру) бөлу идеясы күмән мен терiске шығарудың қатал сынағынан сүрiнбей өттi. Себебi бұл мәселе Аристотельдiң ойынан шығарған нәрсе емес, көне грек әдебиетiндегi көркемдiк тәжiрибелердi жинақтаудан келiп шыққан болатын. Көне грек әдебиетiнде шығарманың үш типi өзiнiң ерекшелiктерi мен өркендеуiнiң аса маңызды кезеңiн айқын танытты.
    Немiс философы Г.Гегель еңбектерiнде үш тек идеясы философиялық- логикалық жағынан негiзделдi. Гегель пiкiрi бойынша, эпос шығармашылықтың обьективтi бастауына сәйкес келедi, лирика субьективтiлiкке, драма өз бойына обьективтiлiк пен субьективтiлiктi бiрдей тоғыстырады. Басқаша айтқанда, эпикалық туындыларда оқиға, лирикада әсер, драмада әрекет басым болады. Сәл кейiнiрек Гегель тағы бiр үштаған үлгiсiн ұсынады, яғни “лирика – грамматикалық I жақ пен “мен”, драма – II жақ пен “сен”, эпос – III жақ пен “ол” дегенге сәйкес келедi. Егерде аталмыш “үштаған” мәселесiн қаз-қалпында, тура мағынасында қабылдамай, iшкi мәнiне көз жүгiртер болсақ, тек айырмашылықтарын дұрыс танып-бiлуге мүмкiндiк берерi анық. Яғни лирикада қаламгер дүниенi өзiнiң жан- дүниесiнен өткере отырып бейнелейдi; эпоста адамдар мен қоршаған ортаны бiршама арақашықтықтан сырттай бақылағандай баяндайды; драмада дүниенi түрлi адамдардың пiкiрлесуi, сөз қақтығысы арқылы танытады. Гегель түсiндiруiнде, үш тек идеясы даму мен танымның жалпы диалектикалық заңдарымен бiрлiкте алынып, кең ауқымдағы түсiндiрушiлiк мән иелендi. Кейiнгi әдебиет теоретиктерi бұл мәселеге шығармашылық тұрғыдан келдi. Мәселен, В.Г.Белинский XIX ғасырдағы Ресей әдебиетiнде көрiне бастаған түрлi әдеби тектердiң өзара сабақтастығының себебiн дәл танып, түрлi тектердiң бiр-бiрiмен ұштасып жатуынан классикалық үлгiлердiң бұзылуын емес, керiсiнше, заңды түрдегi даму үрдiсiн көре бiлдi. Әдеби тектер теориясы тарихи поэтика саласында да өзiнiң негiзгi мәнiнде қабылданып, тереңдей зерттеу нысаны болды. Мәселен, А.Н.Веселовский фольклордан жеке шығармашылықтың бөлiнiп шығу заңдылықтарын зерттеу барысында эпикалық баяндаулар мен лирикалық үлгiлердiң ең ежелгi синкреттiк (яғни сөздiк-әуездiк) поэзиядан, драманың халықтық әдет-ғұрыптардан басталғанын аңдап, олардың бөлiнiп шығу процесiн байыптайды. ХХ ғасырда әдеби тектердi экзистенциалдық-психологиялық және формальды-құрылымдық тұрғыда түсiндiрумен қатар (Швейцарияда – Э.Штайгер, АҚШ-та – К.Берк, т.б.), батыс сынында аталмыш категорияға (әдеби тек) терiс көзқарас та туды. Бұл көзқарас бойынша әдеби тек ұғымы эстетикаға догмалық рационализмнiң сырттан таңған нәрсесi және бұл бiрегей көркем дүниелерге қол жеткiзуге жарамсыз деп саналды. Сонымен бiрге кейбiр бағыттарда, мысалы, Чикаголық “жаңа сын” мектебiне тән “неоаристотельшiлдерде” (неоаристотелианцы) әдеби тек категориясы бiртуар туындының әдеби тек пен жанрдың ортақ заңдарымен ара қатысын белгiлеуге (онсыз ешқандай сыни баға болуы мүмкiн емес) мүмкiндiк беретiн эстетикалық пiкiрдi жинақтаушы критерий кеңiнен қолданылады. Қазiргi эстетикада да әдеби тектердiң маңыздылығы мен тарихи өзгермелiлiгi проблемасы, олардың өнер жүйесiндегi орны жан-жақты жете зерттелуде.
    Дәстүрлi түрде әдеби тектер үшке бөлiнiп, әрқайсысы сөздiң белгiлi бiр қызметiне (яғни репрезентативтiк, эмотивтiк, коммуникативтiк) сай келедi де, оның эстетикалық ерекшелiгiн белгiлейдi: 1) эпос, болмысты белгiлi бiр ауқымда (көлемде), уақыт пен кеңiстiк аясында және оқиғалар шеңберiнде (сюжеттiлiк) қамтиды; 2) лирика, жеке адамның iшкi дүниесiн албырттығымен, әсершiл сезiмiнiң қалыптасып, өзгеруiмен, мұң-қиялымен, көңiл ауанымен, қайғы-қуанышымен, т.б. ашып көрсетедi; 3) драма, сөздiк әрекеттердi эмоционалды-ерiктi ұмтылысымен, әлеуметтiк-психологиялық сипатымен, iшкi еркiндiгiмен және сыртқы шектеулiлiгiмен, қысқасы, екi жақты экспрессивтi-сюжеттiк қатынастарымен танытады. әдеби түр әдеби тек аясындағы поэтикалық құрылымның тұрақты типi. Әрбiр әдеби тектiң өзiне тән әдеби түрлерi бар. Мысалы, эпостың негiзгi түрлерiне – эпопея, роман, повесть, әңгiме, поэма, лирикаға – лирикалық өлең, лирикалық поэма, жыр, драмаға – трагедия, драма, комедия жатады. Эпостың негiзгi түрлерiнің бірі– тарихи тамыры әрiден басталатын эпопея. Ұлыстар мен халықтардың ең алғаш қалыптаса бастаған көне дәуiрiнде бiрқатар елдерде сол халықтардың тарихынан алынған елеулi де даңқты оқиғалар жайында баяндайтын қаһармандық жырлар жасала бастады. Бұл кезеңде халықтардың өмiрi мен санасы белгiлi бiр дәрежеде оның өкiлдерiнiң мүдде ортақтығымен сипатталып, халық шығармашылығының туындыларында көрiнiс тапты. Қаһармандық жырлардың басты өзегiне жалпыхалықтық маңызға ие оқиғалар мен құбылыстар алынды. Осындай жырлардың дамып, бiр жүйеге түсуi негiзiнде ежелгi Грекияда“Илиада”, ”Одиссея” тәрiздi ұлы эпопеялар жасалды. Классикалық эпопея адамзат тарихының белгiлi бiр кезеңiнде ғана туып, өмiр сүруi мүмкiн болды. Оның мазмұны “адамзат қоғамының сәби кезеңiне” тән адамдардың мифологиялық танымымен ұштасып, сол кезеңдегi қоғамдық қарапайым қатынастардан өрбiп жатады. Эпопея өзегi – барша халық өмiрi үшiн аса маңызды өткен күндер оқиғасы. Қажетсiз тәптiштеулерден аулақ хикая түрiнде ол болған оқиғалардың қаһармандық сипатын мейлiнше таза бейнеде көрсеттi. Өткендi баяндай отырып, бұл оқиға, бiр жағынан, өзiнiң сол тұстағы мәнiн де жоғалтпады; оқиғаның ақиқат екендiгi тұтас күйiнде де, жекелеген бөлшектер бейнесiнде де күмән тудырмады, әңгiмелеушi де, оның тыңдаушылары да оқиғаның ақиқаттығына да, оған деген өздерiнiң көзқарасының дұрыстығына да шәк келтiрмедi.
    Бейнелеу өзегiне алынған оқиға ауқымы аса кең шеңбердi қамтитын. Халық өмiрiнiң бүкiл қыры орасан ұлыдан мейлiнше кiшкентайға шейiн оқиғаны бейнелеу барысында ашылды; халықтың ой-санасы әрбiр оқиғадан, қаһарманнан, деректерден айқын байқалады.
    Эпопея өз аясына кейiпкерлердi молынан қамтыды. Бұл халық өмiрiн мейлiнше мол қамтуға деген қажеттiлiктен туды. Эпопеяның бас қаһармандарына әрекет еркiндiгi мен әрбiр әрекетi үшiн халық алдындағы жауапкершiлiк тән болады.
    Классикалық эпопеяны жоғарыдағы үлгiдегi мазмұнына сәйкес, метафораға, күрделi эпитеттер мен теңеулерге бай тiлi де даралап тұрады. Ежелгi грек жерiнде туған классикалық эпопея үлгiлерi (”Илиада”, ”Одиссея”) өнер дамуының барлық дәуiрлерiнде өзiнiң байырғы қалпын сақтап қалды. Басқа халықтарда да дамудың балаң кезiнде классикалық эпопея үлгiлерi дүниеге келдi. Бұл орайда, әсiресе, үндi халқының “Махабхарата”, ”Рамаяна” эпостарын атап өткен дұрыс.
    Классикалық эпопея үрдiсiн жалғастыруға ұмтылыс кейiнгi дәуiрлерде де кездестi. Мысалы, б.д.д. Вергилийдiң “Энеида”, португал ақыны Камоэнстiң ”Лузиада” (XVI ғ.), итальян ақыны Торквато Тассоның ”Азат болған Иерусалим” (XVI ғ.), немiс ақыны Клопштоктың ”Мессиада” (XVIII ғ.), т.б. атауға болады. Алайда бұлар классикалық эпопеяны қайта оралта алмағаны белгiлi.
    Әрине, классикалық эпопея әдебиеттiң дамуына үлес қоса алмады, оның көптеген сипаттары жаңа негiзде, жаңа үлгiде дамымады деуге, әсте, болмайды. Классикалық эпопеяға тән түрлi белгiлер қазiр де кәдеге асуда. Эпопеяның жекелеген белгiлерi қандай да бiр халық өмiрiнен аса маңызды орын алатын оқиғаны бейнелейтiн және сол оқиғаға халық көзiмен қарайтын ұлы жазушылардың шығармаларында жиi орын алып отырады. Бұған дәлел ретiнде Л.Толстойдың “Соғыс және бейбiтшiлiк”, М.Әуезовтiң ”Абай жолы”, т.с.с. шығармаларды атай аламыз. Бiрақ бұл жағдайларда оның өткенге жалаң елiктеу емес, керiсiнше, дамудың белгiлi бiр кезеңiндегi халық өмiрiн жаңарта, жаңғырта бейнелеу екендiгiн есте сақтау керек. Алғашында орта ғасырларда роман тiлдерiнде жазылған шығармалардың барлығы да “роман” деп аталған. Француз және немiс тiлдерiндегi “roman” сөзiнен бастау алатын “роман” сөзiнiң әдеби түр атауына ұласуы әдеби дамуға байланысты. Қазiргi таңда роман деп үлкен көлемдегi және прозалық үлгiде жазылған эпикалық туындыны айтамыз. Бүгiнгi әдебиетте повесть, әңгiмелермен қатар роман да маңызды орын иеленедi. Романда негiзгi роль атқаратын жағдай оқиғаны жүйе-жүйесiмен суреттеу де, яки әңгiмелеу машығы да емес, сюжет болып табылады. Романда уақыт жағынан неғұрлым ұзақ мерзiмдi қамтитын оқиғаларды арқау ете отырып, адам өмiрiн ағымдағы сан алуан құбылыстармен тұтастықта, мейлiнше жан-жақты көрсетуге мүмкiндiк бар. Роман мүмкiндiгiнiң ауқымы, әсiресе, әңгiмемен салыстырғанда ерекше байқалады. Роман ерекшелiктерiнiң бiрi – оның адам мен қоғам қарым-қатынасын, адамның дүниедегi орнын алуан қырынан қарастырып, барынша толық көрсетуге қабiлеттiлiгi. Ақиқат өмiрдi кең ауқымда бейнелейтiн роман үшiн хроникалы желiдегi сюжеттер де, сондай-ақ, бiр орталыққа шоғырланған (концентрические) сюжеттер де жат емес.


    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   69




    ©dereksiz.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет