3.2.3.3. Микроконтроллердің үзілістер модулі
Микроконтроллерлерде үзілістер өңделуі микропроцессорлық жүйелердегі үзілістер өңделуінің жалпы принциптеріне сәйкесті жүргізіледі. Үзіліс модулдері үзіліс сұраныстарын қабылдап, олардың сәйкесті қосалқы бағдарламаларына ауысуды ұйымдастырады. Үзіліс сұраныстары сыртқы құрылғылардан да, микроконтроллердің ішкі модулдерінен де түсуі мүмкін. Сыртқы құрылғылардың сұраныстарын қабылдауға, көбіне, микроконтроллердің параллель енгізу/шығару порттарының (кезектеме қызмет атқаратын) шықпалары пайдаланылады.
Ішкі үзіліс сұраныстары келесі оқиғаларға байланысты тууы мүмкін:
таймер/санауыштардың асып түсуі;
таймер/санауыштардың кіріс ұсталымының және шығыс салыстырымының арналарынан сигнал түсуі;
EEPROM жадысының дайын болуы;
микроконтроллердің қосымша модулдерінен үзіліс сигналдарының (мысалы, тізбекті порттардың біреуі арқылы информация жіберілуінің немесе қабылдануының біткендігі туралы сигналдардың және т.б) түсуі.
Кез келген үзіліс сұранысының өңдеуге жіберілуі үшін микроконтроллердің жалпы үзіліс рұқсаты және онымен қатар, сұранысы түскен нақтылы үзіліске байланысты, алдын ала қойылған, рұқсат болу керек.
Бірнеше үзіліс сұранысының қатар түскен жағдайындағы мәртебе мәселесінің шешілу тәртібіне байланысты микроконтроллердің үзілістер жүйесінің бірнеше құралым түрі болады, олардың негізгілері:
бірдеңгейлі мәртебелі жүйе;
бекітілген мәртебелі көпдеңгейлі жүйе;
бағдарламалы мәртебелі көпдеңгейлі жүйе.
3.2.3.4. Микроконтроллердің қосымша модулдері
Жоғарыда суреттелген модулдер микроконтроллерлердің түпнегіздік жинамын құрады және олар қазіргі заманғы кез келген микроконтроллердің құрамына кіреді. Көптеген жағдайда микроконтроллер құрамына, ішкі құрамы мен жұмыс мүмкіншіліктері нақтылы шешілетін мәселеге байланысты анықталған, қосымша модулдер енгізілуі қажет болады. Бұндай қосымша модулдердің жиі пайдаланылатын түрлері:
тізбекті енгізу/шығару модулдері;
аналогты енгізу/шығару модулдері.
Достарыңызбен бөлісу: |