3.2.2.4 Микроконтроллер стегі
Микроконтроллердің дерек жадысы қосалқы бағдарламалар шақырылуын және үзіліс өңделуін ұйымдастыру үшін де пайдаланылады. Бұл операцияларда бағдарлама санауышының және негізгі регистрлердің (аккумулятордың, ахуал регистрі және т.б.) мәндері стекте сақталады да, одан кейін негізгі бағдарламаға қайтқан кезде бұл регистрлер қалпына келтіріледі.
Фон-Нейман архитектурасында тұтас жады аймағы стекті жүзеге асыруға да пайдаланылады. Бұл кезде, жадының бірнеше түріне қатар байланысу мүмкіндігінің болмауынан, микроконтроллердің жұмыс жылдамдығы кемиді. Мысалы, қосалқы бағдарламаның шақырылуы кезінде келесі команда стекке бағдарлама санауышының мәнінің орналастырылғанынан кейін шығарылады.
Гарвард архитектурасында стек операциялары жадының оған бөлінген арнайы аймағында жүргізіледі, демек, бұнда қосалқы бағдарламаның шақырылуы кезінде бірнеше әрекет қатар жүргізіледі.
Микроконтроллердің екі архитектурасында да дерек сақтауға арналған жады сиымдылығының шектелгендігін есте ұстау керек. Егер процессорда жеке стек болса және оған жазылған деректердің көлемі оның сиымдылығынан асып кетсе, онда стек көрсеткішінің мәні айналымды өзгеріске түсіп, ол стектің бұрын жазылған ұяшығына сілтей бастайды. Демек, аса көп қосалқы бағдарлама шақырылған жағдайда олардан қайту адресі шатысады. Микроконтроллердің ортақ жадысының дерек орналастырылуына және стекке пайдаланылу жағдайында, стектің асып кетуінен оған жазылатын информация дерек аймағына шығып кетеді немесе ол тұрақты жады аймағына жазылуға тырысады.
3.2.2.5 Сыртқы жады
Микроконтроллерлердің жабық архитектуралы қалыптамасына қарамай, кейбір жағдайда оларға қосымша сыртқы жады (бағдарлама жадысын да, дерек жадысын да) қосу қажеттігі туады.
Микроконтроллердің сыртқы жады қосуға арналған аппараттық мүмкіндіктері болған жағдайда, ол, әрине, қалыпты тәсілмен жүргізіледі. Ал, бұндай мүмкіндік болмаған жағдайда, сыртқы жады қосуға енгізу/шығару порттары пайдаланылады да, оған байланысу бағдарламалы жолмен жүзеге асырылады. Бұл тәсіл айтылған мақсатқа күрделі интерфейстерді қолданбай-ақ, қарапайым енгізу/шығару құрылғыларын пайдалануға мүмкіндік береді, бірақ жүйенің сыртқы құрылғыларға байланысы кезінде, оның тезәрекеттілігі кемитінін ескеру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |