Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романындағы Еламан мен Ақбала образдары
Еламанның бүтін бітімді тұлғасы оның жалпы һәм жалқы қасиеттерінің бірлігінен тұрады. Осы екеуінің жұптаса дамуына сай характері толысады, байиды. Трилогияның бастапқы кітабы «Ымыртта» Еламан – қарапайым балықшы. Туа біткен мінезіне өршілдік, қайраттылық тән. Намысқой жігіт. Жұрт Қаратаз деп атайтын Құдайменде байдың қорлығына шыдамай, айбат шеккен, сес көрсетіп, балықшылар арасына кетіп қалған. Бір-екі сөзінен ой түйғіш, көкірегі ояу жан екені байқалып қалады. Жетпей жатқан тұсы әзірше былайғы дүниемен ісі жоқ. Жазушы міне, осындай бұйығы, патриархалдық қапастағы тұңғиық тұлғаның ішіне бірте-бірте әлеуметтік сәуле түсіреді.
Трилогияның екінші кітабы «Сергелдеңде» Еламанның жеке басының қайғысын ел қайғысы басып кетеді. Екінші кітап халық кенішіне бойлай түседі. Қазақ даласында әлеуметтік қайшылықтардың өршуін тереңнен қопарып көрсетеді.
Ақ патша тағынан құлап, орнына келген Уақытша үкімет те ел тізгініне ие бола алмай, Қос үкімет дейтіннің орнаған кезі. Ел іші дағдарыста. Соғыс ауыртпалығы ес жиғызбай езіп, жаншып әкетіп барады. Бұрынғы майлы, жайлы орнынан тапжыла қоймаған ескілік Петербор жақтан шыққан дүрбелеңнен шошынғанымен, әлі айылын жияр емес. Түрмеге қамалған, айдауда жүрген, одан түріктермен соғысқа қатысқан, майданнан оралғанда Шалқарға келіп теміржол бойына жұмысқа орналасқан Еламан, ендігі жүріс-тұрысында біраз дүниені бағдарлап, байыздайтын өреге көтерілген. Бірақ кейіпкердің әлі де «бір қайнауы ішінде». Әлі де ол оң мен солын айырып жетпеген сергелдең пішінде, әуре-сарсаңда.
Еламанның ел-жұртының тағдыры хақында ендігі түйгендерінің бәр-бәрі мінсіз емес. Келісетін де, келіспейтін де жерлері бар. Қазақ халқының өткен күнін, бұрынғы бетке шығарларын түгін қалдырмай сынап-мінеуі сыңаржақтау. Роман жазылған уақыттағы, яки кеңес кезіндегі үстем көзқарастың – социалистік реализмнің салқыны тигендей. Ел тарихын тым кемсітіп жібергенімен келіспейміз. Келісетініміз – Еламанның ел ішінің бірлігі хақындағы түйгендері.
Біріншіден, тарихи шындықты қозғап отыр. Екіншіден, заманалық мағынасы бар. Қазақ елінің күн тәртібінен әлмисақтан бері түспсй келе жатқан ел бірлігі проблемасын қозғайды. Ұлттық идеямызбен үйлесім табады. Еламан жер дауы хақында да көп толғанады. Бұл да – ежелгі дерт.
Көріп отырғаныімыздай, ішкі монолог енді кейіпкердің өзін-өзі қазбалаудан (самоанализ) үлкен өріске, ел жағдайына ауысқан. Еламан көрген-білгенін гүрілдеген жан көрігінде пісіреді. Біреуден шала естігенін малданбайды. Бәрін жүрегінен өткізеді. Трилогияның соңындағы Күйреуде Еламан – өскен, есейген, шыныққан көргенді адам. Қоғам хақындағы ойларында нақтылылық та, пәлсапа да бар. Кейіпкердің идеялық һәм рухани эволюциясы, жаңғырып өзгеруі шырқау биігіне көтерілген. Мұндағы ішкі монолог қайсыбірде ішкі диалогке ауысып, монолог-талқыға айналады. Жас Федоровтың қылышынан қаза болар алдындағы Еламан монологі өзгеше сипатты. Оны монолог-өсиет, монолог-арман десең де сиымды.
Ал романдағы Ақбала образы басында Анна Каренина секілді, бірде «Тынық Дондағы» Аксинья секілді бірден оқушы назарын аударды. Өзінің сүйкімді қасиеттерімен, сұлу, таза сезімімен сүйсіндірген ол ақыры оқушының көңілінен шықпай, кірбің түсіреді. Әрине, ол жиреніш емес, аяныш тудыратын хал – деп М±ќаметжан Ќаратаев пікір білдірген екен. Йә, оқушы қанша тілектес болса да, Ақбала жүрек әмірімен қоғам заңының арасындағы шытырман қайшылықтан шыға алмады, қате үстіне қате жасады, оны өзі бір мезет Еламан алдында мойындады. Бірақ оның Еламан жоқта Тәңірбергенге тайып тұруы тек «махаббат» әмірімен ақталмаса керек. Бұл тұс Ақбаланың бастан алғау-талғау сүйіспеншілігінен адамгершілігі үстем болуға тиіс тұс еді. Ақыры ол осының тауқыметін тартып күйкі күйге душар болды. Сонымен, баста жақсы образ бара-бара солғын тартты. Ақбала тағдыры аянышты болғанымен, трагедиялы қалып ала алмады. Ақбаланың Еламан алдында өз қылығына өкінуі, ұзын сары Әнуарға тиіп, оның жетім балаларын асырауы әйел бақытсыздығын аз да болса жұқартқандай.
Достарыңызбен бөлісу: |